1. Волховтағы шайқастарда туған жырлар
1940-жылдың жазы. Сырбайдың он сегізге толған шағы. Бұйра шашы желге желбіреген, аққұба, денелі, көзге түсіп жүрген келісті жігіт болды. Орайы келіп, Қызылорданың педагогикалық институтына түскен. Кейін белгілі жазушы сатирик болған Садықбек Адамбековпен курстас болды, бірге оқыды. Әрі жұбы жазылмайтын дос еді. Күзде оқу басталып кеткен.
Студенттік шақ пен жастықтың қызығы таусылмайтын шақ. Сырбайдың аудандық, облыстық газеттерге өлеңдері шығып, жас ақын атанып жүрген -ді.Ойда жоқ жерден әскери комиссариаттан шақыру қағаз келіп, көп ұзамай қатарына міндетін өтеу үшін бір топ жастармен эшелонға отырып, алыс сапарға аттанып кеткен. Содан әскери борышын өтеп жүрген басқалармен бірге Дондағы Ростовта қатардағы жауынгер болды...
«Он сегізде жүрдім Дон алабында,
Үлкенмін бе, әлде жас баламын ба.
Қара жаңбыр, қара түн, қара жел де,
Қақпа алдында тұрамын қарауылда...»
деген өлең жолдарын жазғаны сол жолы.
Бір жылға толмайтын уақыт ішінде денсаулығы сыр беріп, әскер қызметке жарамсыз болып, елге қайтарылған.
Баласының қауызы ашылмай жатып әскерге алынғанынан қорқып қалған анасы Алмагүл Сырбай елге келген бетінде Шиеліден арнайы келіп, оның үйленуіне келісімін алды. Содан туған жері Аққөлге бірге барып, өзінің аталас туысы , үмбетей, Ахмет Байтұрсыновтың інісі Әмірдің қызы Күлжамалға құда түсті. Күлжамал он жетіден жаңа асқан, тұлымшағы желбіреген сары қыз еді. Ұялшақ екен. Сырбайды көргенде, анадайдан қашып, пештің түбіне, не қораның тасасына тығылып қалады екен. Көп ұзамай, сол ауылда шағын той жасап, екеуін қосқан.Жас жұбайлардың қызығы көпке созылмады,1941-жылдың жазында соғыстың басталғаны туралы хабар жұртты бір есеңгіреткенде, күзде Сырбай өз тілегімен соғысқа аттанатын болды. 1941-жылы жазылған мына өлеңнің:
«Тыңда, жолдас комиссар,
Жібер мені майданға.
Қан жорықта жүрейін,
Қайырламай қайранға...»
дейтін жолдары сол жылдардың куәсі.
Сөйтіп, алапат соғысқа баратын болған балауса жігіт әкесін, шешесі мен жас жұбайын күйзеліске түсіріп еді. Содан Сырбай майданға аттанып кетті.
Бұл кез Ленинградты фашист армиялары қоршауға алып, Мәскеуге таяп келе жатқан мезгіл- тін. Ресей табанын аттағасын, оны жаяу атқыштар мектебіне оқуға жіберуге шешті.
Мұндағы қысқа мерзімді дайындықтан өткеннен кейін, Сырбайға кіші лейтенант дәрежесін беріп, оны Ленинград маңындағы Волхов майданына жіберді. Қараша айы болатын. Бұл кезде Ленинград немістердің қоршауында қалған. Волховта неміс әскерінің шебін бұзып, қоршаудағыларға азық- түлік жеткізу дайындығы жүріп жатқан. 42- жылы С.Мәуленов рота комиссарының орынбасарлығына жоғарылатылды.
Оның:
«...Жау тылында қаһарлы күз
Қан жорықта танысқанбыз.
Шетімізден командирміз,
Шетімізден комиссармыз...»
дейтіні де сол кез еді -ау.Осы жылдың ішінде Волхов майданының әскерлері немістердің шебін бірнеше рет бұзып, қоршаудағыларға азық -түлік жеткізді. 43-жылы Волхов майданы бойынша Ленинград бағытына жойқын шабуыл жасалды.
«Жауыр болды жауырын,
Зеңбірекке жегілдік.
Астында оқ дауылдың ,
Тірілей біз көмілдік.
Жер де, су да, аспан да,
Көрінбеді жер түбі,
Соқты бізді тастанға,
Ауаның от толқыны...»
дейтін, немесе:
«Дүрілдеген күні түн,
Ормандардың от іші.
Болды сонда үмітім,
Синявино шоқысы.
Ысқырып оқ жалындап,
Түсіп жатты төбеңе.
Тұрдың жалғыз алаулап,
Ұқсап жанған кемеге...» делінетін Сырағаңның өлеңінің жолдары сол Ленинград қоршауындағы жау шебін бұзу кезіндегі үлкен шайқастарды шынайы бейнелейді.
(Мақала авторы салған С. Мәуленовтің портреті)
Сондағы комиссар Калмыковтың: «Ленинградтықтар бізді тағат таппай күтіп отыр, оларға біздің қазақстандықтар қолымен өсіріп дайындаған нанын жеткізіңдер» деген сөзі Сырбай Мәуленовтің есінде қалған. Отанын қорғау үшін жанын қиған Волхов майданының ержүрек жауынгерлері сол жолы шойын құрсаулы танктермен, ауыр артиллериялармен бекінген фашистер шебіне жойқын шабуыл жасады. Айқас бірнеше айға созылды.
«Пулеметтен лапылдап от демінен,
Юнкерстен жарқылдап оқ төгілген.
Жау танкісі келеді қырдан құлап,
Сауыт киген сом болат көк темірден.
Жер сілкінген айнала жарылыстан,
Дауыл тұрып, жалпылдап жалын ұшқан.
Батальонды біржола жою үшін,
Жанын салып, жұмсаған барын дұшпан...»
дейді Сырбай тағыда.
Сол шайқаста жүздеген жауынгерлер ерлікпен қаза тапты. «1943- жылы Ленинградты қоршаған жау шебін бұзу үшін үлкен шабуыл кезінде комиссардың орынбасары, лейтенант,ақын Сырбай Мәуленов снярад жарқыншағынан ауыр жарақат алды» деп жазып еді кезінде аудармашы, ақын Михайл Львов.
«Таң атты ала сәулелі
Бұлттардың бояп ақ жүзін.
Өлтірмек болды жау мені,
Бір атаның жалғызын...»
дейтіні де сол жолы.
43-жылы Кеңес әскері Ленинградты қоршаған жау шебін толық бұзып, қала халқын аштықтан қырылудан сақтап қалып, азат етті.
«Қорғасын оқ құйылып қолқасына,
Жау жеңілді қат қабат соққылардан.
Кірді полк қаланың ортасына,
Ал қаладан қарсы алған жоқ бір адам...»
Міне, соғыс драмасы деген осы!
Лейтенант, комиссардың орынбасары Сырбай Мәуленов Волхов бағытындағы шайқастарда көрсеткен жауынгерлік ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, кейін «Ленинградты қорғаушы» медальімен марапатталған.
2. Майдан әсерлері.
Сырбай Мәуленовтың Қызылорда педагогикалық институтында оқып жүрген кезінде-ақ өлеңдерімен оқырмандарға таныс болғанын жоғарыда айтып кеттім. Он тоғызға толмай жатып соғысқа аттанған жас жауынгер сол кезде де жүрегінен қан ағызғып отырып, майдан тақырыбына жалынды жырларын арнаған.
«Қып -қызыл боп тұтылып,
Бұлтқа кірді азалы ай.
Қара аспанда қанжардай
Жарқылдады нажағай.
Жауынгерлер аттанды
Түнде алуға көпірді.
Жалын шашты зеңбірек,
Сол нажағай секілді.»
дейтін өлеңі 42-жылы Волховтағы кезекті бір шайқас кезінде өмірге келген өлең.Рота комиссарының орынбасары ретінде лейтенант Сырбай Мәуленов жауынгерлердің намысын қайрап, оларды Отанын ерлікпен қорғауға, жаудың екпінінен орынсыз тайсалмауға жиі шақырушы еді.
«Жарылып жартас қақырап,
Темірмен темір сайысар.
Көк аспан сынып шатынап,
Қара жер белі қайысар.
Қайыспай сонда тұрып қал
Қалқан ғып намыс -арыңды.
Оқ дарымас бойыңы
Жау ала алмас жаныңды»
дейтін өлеңі 42-жылы сол мақсатта жазылып еді.
Сырбай Мәуленовтың шығармашылығының негізгі бір тобы соғыс тақырыбына арналған, ол заңды да. Өйткені жастық шағының елеулі бір кезеңін ұрыс даласында өткізген майдангер ақын жүрегінің лүпілі ақ қағазға түсірілген өлең жолдарына айналуы табиғи құбылыс. Бүкіл адамзатқа зардап шектірген бұл соғыс кезеңіне арналған С. Мәуленов өлеңдерін оқып отырып толғанасың, күйінесің, күрсінесің. Сырбай Мәуленовтің поэзиясы соғыс құрбандарына мәңгі тұрғызылған ескерткіш тәрізді. Сырағаңның өлеңдері сонгдықтан көздің ұясынан жаңа шығып, жерге тамбай мәңгі қалған көз жасының бір түйір тамшысы сияқты әсер қалдырады қашанда.
Белгілі сыншы, академик Серік Қирабаев «Сырбай -классик» деген мақаласында: «Сырбайдың көзін аша көргені әскери өмір, Ұлы Отан соғысының қанды қырғыны екені белгілі. «Әскери өмір менің өмірімнің мектебі болды» деп оны өзі де айтқан. Сондықтан да өмір тануды халық тарихының ең бір қиын да күрделі жағдайында бастаған ақын санасын тез жетілдіріп, дүниеге ойлы көзбен қарай алды. Соғыста ол өлім мен өмірдің жекпе -жегін көрді, өлімнің өзімен жалғасып туындап жатқан өмірді таныды, шындықтың қоғамдық, адамдық мән мағынасын терең пайымдады, адам сырына үңілді. Бұл жайлар алғашқы күннен ақ ақынның соғыстың ауырлығын жеңілдетпей, шынайы күйінде бейнелей алуына жол ашты» дейді де, сыншы Сырағаңның «Құлын» деген өлеңінің мәні мен сырын терең аша түседі. Академик С.Қирабаев байқағандай, «Құлын» өлеңінің соншалықты шағындығына қарамастан, миллиондаған адамның қанын судай ағызған сұрапыл соғыстың зардабы мен сұмдығын көзбен шұқып емес, жүрекпен сездіретіндігінде еді. Өлеңнің философиясы –алланың бұйрығымен болған немесе тағдырдың жазуымен болған өлім болсада, өмір жалғаса береді дегенге саяды ғой:
«...Шашыраған көк жалын бүркіп темір,
Орманның іші үрейлі.
Ал, оттың ортасында-
Шіркін өмір ,
Құлын боп кісінейді.»
Сырбай Мәуленов қазақ поэзиясын өлеңнің жаңаша түрлерімен байытқан, жаңалық әкелген ақын екені бүгінде даусыз. Небәрі онбес жолдан тұратын «Түбірлер» өлеңі – соғыс тақырыбына арналған суреткердің мәңгі өшпейтін бейнелі полотносы тәрізді. Бұл алапат соғыстың не екенін сізге бүкіл тұла бойыңызбен, жүрегіңізбен сезінуге мәжбүр етеді. Өлеңнің мәні де, маңызы да сонда.
1943-жылы комиссар, лейтенант Сырбай Мәуленов Волхов майданындағы кезекті шабуыл кезінде қолынан ауыр жарақат алып, майдан даласында жатып қалады. Содан кешке шағын денелі санитарка қыз келіп, өзіміздің әскер шебіне, окопқа қарай сүйреп, таң ата әрең жеткізеді. Сырбай санитар қыздың күшімен ажалдан аман қалады. Сол бір батыр қызға арналған Сырағаңның мынандай бір поэтикалық сыры керемет өлеңі бар:
«Менімен бір кірпік қақпай,
Түндер бойы көз ілмедің.
Кіп кішкентай болсаң да өзің,
Шіркін қандай төзімді едің.
Өрт ішінен алып шықтың,
Қансырап мен жатыр едім.
Кіп кішкентай болсаңда өзің
Шіркін қандай батыр едің...»
Әрине, ақын Сырбай Мәуленовтің майдан тақырыбына арналған отты да сырлы жырларын талдай берсек бір емес, бірнеше мақалаға жүк болар еді. Сондықтан, Сырбай Мәуленовтің шығармашылығын зерттеген жазушы Әди Шәріповтің мына бір сөзін мысалға келтіре кетсек, сөзімізге жан бере түсер еді: «Сырбайдың «Сәлем, Волхов орманы», «Назияда күн ашық», «Синявино шайқасы» тағы басқа өлеңдерінде ақын Ленинград жеріне ыстық сезімін, сүйіспеншілік көңілін суреттейді» дейді. Тағы бірде « Сырбайдың Ұлы Отан соғысы тақырыптарына жазған өлеңдерінің оптимистік терең ойы, философиялық түйіндері тұтасып, көркемдік өрнегі жиі болып келеді» деп жазады.
«Мың қолдар сау болсын деп,
Мен бір қолымды бердім.
Мың жолдар жалғансын деп,
Мен бір жолымды бердім...»
деп бейбіт өмірде де ірілік танытқан Ақын, соғыстан кейін әдебиет саласында да еселі еңбек етті. Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері болды. «Халықтар достығы» орденімен лайықты марапатталды.
Ақын туралы 1996-жылы абыз ақын Мұзафар Әлімбаевтың құрастыруымен «Жыр тұлпары, сыр сұңқары Сырағаң» атты естеліктер жинағы шықса. 2012-жылы Жыр сұңқары Сырбай Мәуленовтің 90 жылдығына орай бес томдық жинағы баспадан жарық көрді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.