"Төр" әдеби клубының келесі отырысында жас жазушы Нұрлан Қабдайдың "Екеу-үшеудің күйбеңі" және "Адам" әңгімелері талқыланбақ.
Екеу-үшеудің күйбеңі
Қылдырықтай белі қыз күнін сағындырмаған ақ келіншек күл төге шыққанда, көрші үйден екі көз ере шықты. Келіншектің бойын буған әуелгі секем ізім-ғайым...
Бастабында рас, қорықты. Күйеуіме айтсам ба деп бір оқталып... Бірақ жақ ашқан жоқ. Содан соң... Сыртта жүрсе болды қарадай екі беті дуылдап әкететінді тапты. Біртүрлі ләззатты үрку үйір болған жанына. Біреудің өзіне тесіле қарап тұрғанын анық сезгенде селк ете түсіп, жиырыла қалған алғашқы сәттей емес, қазір үні жоқ та, демі бар самалдай құшатын сүйкімді сұғанаққа бұның өзі де ыңғай бере бастаған. Ертелі-кеш етегімен ойнаған екі көздің қорлығын айтып ешкімге тіс жармағыны да оңды болған сынды. Иә-иә қазіргі күйбеңі мүлдем бөлек. Сыртқа шықса серуенге шыққандай сыланады. Бұрын шашы дудырап, шәркейі тырпылдап жүріп ақыры түгесе алмай кеш батыратын бықсық шаруа бүгінде көңілді ермекке айналған дерсің. От жақса – күл төгуге асығады, кір жуса – су тасуға. Бәрі де сол көрші үй жақтан күлімдеп тұратын екі көздің әлегі.
...Ақ жүзін жорта тәкаппарлық сәндеген келіншек те көршінің үйін көңілмен тінтіп бара жатты. Тінтіп бара жатып жымың қақты. Сөйтіп өзін ту сыртынан ішіп-жеген екі көзге бұл да бетінің ұяшығымен іңкәрлік танытқан.
Боранбайдың қиялы түтеп тұр. Аузы шайда, ақыл-есі көрші үйдегі Шараны төңіректеп кеткен. «Екеуі жаңа моншадан келе жатыр еді, соқыр Сәметтің тырнағын алып беріп отырған шығар!» Пыш-пыш етіп нан шайнап отырған өз келіншегіне аса жақтырмаған кейіппен көз қиығын тастады. «Қомағайланбай аз-аздан жесе қайтеді ей!..» Атам заманда беті ашылған бұл байғұстың сүйкімсіз біреу екені тап бүгін әшкере болғандай, Боранбай қолындағы кесесін дастархан шетіне дік еткізіп қоя салды да, тасыр-тұсыр шыға жөнелді. Әйел байғұс қайтушы еді? Қашан көрсең өзімен-өзі бұрқ-сарқ қайнап жүретін күйеуінің мұнысын әдепкі кепке жорыған да қала берген. Тіпті түнде төсекке келгенде төске салып, иіп-бүгіп аларына да сенімді еді. Қайдан білсін…
Боранбай қашаның басынан кеңірдегі қылқиып, көрші үй жаққа көз салып тұр. «Шара көрінбес пе екен...»
Боранбайдан ес кетті. Шараны бір көрмесе тұра алмайды. Ұяттың да ноқтасын сыпырып қоя берген бе дерсің. Тапайдың тал түсінде көршісінің келіншегін аңдитынды шығарды. Көреді – көйлектің етегінен сығалаған қылтаның қос жырасы мұның көкейін қытықтап кетіп бара жатады. Жүзіндегі тәкаппарлық көзіндегі күлкіге ие бола алмай қалып, жапсардан көз сүзіп тұрған бұны бетінің ұяшығымен арбап келе жатады.
...Шара екеуі ақ төсекте аймаласып жатар-ды. Ыстық дем, тәтті сөзге екеуі де мас. Ондайда – аппақ тәні айдың нұрына малынып, бақытты еркектің үстінде жұпарлы омырауынан өптіріп баяу ырғалған сұлу Шараны елестетсе болды, Боранбайдың тынысы жиілеп, жүрегі атқақтап кетеді... Сөйте тұра әйелін әйелше балбырап үлгертпей, арсы-гүрсі бел босатқан соң-ақ бағанағы қиялы сап тиылады. Тіпті ондай нәрсені ойлауға зауқы жоқ.
...Шара табалдырықтан аттай беріп Боранбай жаққа жалт қарады...
***
Шара Сәметке тигенде қыздың үйі қырық күн аза тұтты, жігіт жақтан көзі жіпсімеген кісі жоқ. Қуаныштан. Шара алақандай ауылдағы адамзаттың өңдісі еді. Талайдың аузының суын құртқан. Дәмелілер көп болатын. Сөз салуға дәттері жетпей жүргенде, жалғыз күнде көзден бұлбұл ұшты емес пе. «Бейшара-ау, аяғының астын таяғымен түртінектеген біреуге қор болғанша...» деп табалауға ғана мұршасы келді солардың көбінің.
Сәмет болса ер азаматтың сымбаттысы. Соры – соқырлығы. Ел оны осылай мүсіркейтін. «Бар міні – көзі ғана көрмейді!» Бұл әттееең... деп іштен тынған талай төмен етектінің батылы жетпегенді істеп, көркіне көз тоятын тағдырлы жігіттің жолына өзін жорта құрбандыққа шалған Шараның жұбануы еді. Әйтпесе тәңір сыртына ішін ұқсатпай жаратқан хас сұлудың ойы басқа: «Тордың аузы ашық тұрса да тоғай аңсап тайып тұрмайтын тоты құс тек менің ғана қолымда болуы керек. Қалауымша сүйем. Қаласам – сүйкімді жүзін ғана ермек қылам. Біреу күрсінер, біреу күлер. Бәрінен күншілдің саны басым шығады. Ал олардың ішіне сыймаған қызғаныштың қызыл иті мені екі есе ләззатқа бөлемек!»
Жаңа қосылған жұбайлар үйренісіп, тіршілік қалыпқа түскенше туыс-туған үйіріліп қастарынан шықпады. Жас отаудың бар шаруасы солардың мойнында. Өзі ешкімге кіріптар емес, өзіне жіпсіз байланған көрікті күйеуі бар Шараның бақыттан басы айналған.
Құдайдың да өз есебі бар екен. Шара шарасыз күйге түсті. Соқыр түйе жетектеп құмда адасқан бәдәуидің күні туды басына. Сәметтің босағасын бірге аттаған астам пиғыл бұны тастай қашқан жоқ. Дегені болмай көгенде қалды. Зағиптың етегінен ұстап қыз кеткенде, райынан қайтара алмай шашын жұлып қала берген шешесі тап қазір кіріп келсе, мына – адамы бар, иесі жоқ үйді талақ тастап, ере қашудан тайынбас еді.
Күйзеліп жүргенде көрші үй жақтан екі көз пайда болды...
***
Түн ауған шақ. Шара аяғының ұшымен басып келіп орнына жатты. Шәйі көрпенің сусылы осыншама қатты естілетінін бұрын қалай аңғармаған. Жүрегі аузына тығылды. «Ояу жатса ше?..» Ол күйеуінің жүзіне үңіліп қарамақшы болды, бірақ батылы жетпеді. Сосын... әлденені есіне алып күлімсірей беріп, оқыс селк ете түсті.
Сәмет ояу болатын. Ұрланып қойнына кірген келіншегінің аяғына аяғын тигізіп еді, құлпытастай суық екен. Анау сып еткізіп тартып ала қойды. Сол сәт мұның көңілін де көрдей түнек тұмшалаған…
Аспан биік, әлем кең, су мөлдір болатын. Апасы ерекше мейірімді, бұл шектен тыс ерке еді. Сол еркелік түбіне жеткен. Сүт. Мыстан кемпір. Жүзін жас жуған апасы. Жарық дүниеден тірідей айрыларда көзден көшіп, санасына таңба болып басылған соңғы суреттер. Мыстан кемпір – байы өлген, бала сүймеген, өмірден шер-нала арқалап белі бүгілген бір мүсәпір. Ел қыдырмайтын, кісі шақырмайтын. Көршілерден аулақ, көршілер де көрмегенсіп жүріп жатқан. Жалғыз сиыры бар еді. Бір күні онысын сауып, сүтін есік алдына қоя сала, қораға қайта кіріп-шықса, қаңғалақтап қайдан ғана бара қалғанын Құдай білсін, төрт жасар шолшаң ұл – Сәмет күс-күс аяғын шелектегі жылы сүтке малып ыржалақтап қарап тұр. Онсыз да бала көрсе безгегі ұстайтын кемпірдің ашуы құйын үйіріп, тас жаудырыпты. Кешкі тымықты тас-талқан еткен шаң-шұң дауыстан бір сұмдықтың болғанын сезіп, жүгіріп жеткен апасы бұны іле қашады. Алайда мыстан кемпірдің: «Сүттей жүзіңе тамсанғанды ботадай көзің көре алмай өтсін!» деген қарғысы бәрі бір қуып жетті... Содан бері саңылаусыз бір қараңғылықты қарманумен келеді.
Сәмет гүл өсіретін. Иә-иә, қағыс естіген жоқсыз, гүл өсіретін. Мына түпсіз түнектен тезірек құтылсам деп мағынасыз тыпырлап жүріп уақыт өлтіретін құрал емес. Көз көрмеген соң, сөзі де іште қалған бейбақтың жанын жүдетпеген ерекше ермек.
Бір ұшы үйден бақшаға шығатын есіктің жақтауына байланып, содан тура бақшаның төріне дейін екі қабат жіп тартылды. Белуардан келетіндей етіп. Тап осы қалыппен екінші қатар екінші жақтаудан керілді. Осыдан кейін бақшаның қос бүйірін жалғап, мыналарды қиып, екі қатар жіп және тартылды. Бір-бір қабат етіліп. Тік қатарлардың арасы жарты құлаштай, көлденең жатқаны – үш адым.
Төңіректеп өтіп бара жатқан кісі әуелі айқыш-ұйқыш жіпті көріп таңданар еді. Келер сәт есіктің жақтауын сәл сипап тұрып жіпті тауып, енді сол қарманған күйі кібіртіктей басып, керілген жіпті бойлай жүріп барып көлденең қатарға тірелгенде, иегін көтеріп аңырып тұрып қалған соқырдың әрекеті өрмекшінің торына түскен шыбынның жанталасын елестетеді. Алайда сырт көзге солай көрінгенімен, бағдар Сәметтің көңілінде сайрап тұр: көп бөгелмей қолындағы қос қабат жіптің еңкейіп астынан өте бере көлденең қатарға түскенде, кемтардан сауға бергісіз ептілік күтпеген кісінің іші-бауры қолқ ете түсер-ді.
Сәмет көлденең және тіке тартылған қос-қос қатар жіптің санадағы сызбасын көздеп ойша топырақ астау жасады. Жейдесін шешіп тастап, сол жақ жалаңаш мықынына тиіп тұрған жіпті бойлай шегініп отырып, қара топырағын қопсыта бастады. Ал көлденең тартылған жіп беліне тигенде кілт тоқтап, оңға жарты қадам жасап, бетін түстіктен терістікке бұрып алды да, тағы да шегіне жылжып отырып топырақ қопсытты. Міне, астаудың екінші басындағы көлденең жіп те беліне тиді. Енді керісінше солға қарай жарты қадам жылжып еді, сол бүйірімен қапталдағы керулі жіпті сезді. Бағытын терістіктен түстікке түзеп, оң бүйірімен жіпті бойлай шегіне отырып, бұл қатарды да қопсытып шыққан. Үнемі самай тұсында тұрған жіпті сол қолымен ұстаған күйі тізерлей жылжып, шағын, жеңіл тырмамен қопсыған топырақты тегістей тарап, айналдыра ернеу үйді. Шара тесік шелекпен сіркіретіп суарып берді.
Шара басында күйеуіндегі өзі аңдап-байқамаған құштарлыққа қайран қалған. Содан соң... жалыға бастады. Соңында – ұзыншақ, аласа жәшіктегі енді тамыр тарта бастаған ұсақ, нәзік гүлдерді әуелі аялай сипап көріп – тұрқын, тұсындағысы қай жерде екенін біліп алып, сосын саусақтарын тарбита бүгіп, жапырағының үстінен бүркей қорғаштап тұрып қалақшаны тура тырнақты жанай жүгіртіп, тамырын бір уыс топырағымен қоса қопсытып, қазулы жаңа орынды қалақша ұстаған қолдың шынашағымен түртінектеп отырып тауып алып, еппен отырғызып жатқан күйеуі әр жолы елбірей күлімсіреген сайын, Шараның бойында бір мағынасыз қызғаныш оянып келе жатқан... Бұдан ары қолғабыс қылуға көңілі шаппаған келіншек бір-екі түп өскін қалған соңғы жәшікті жүрелеп отырған күйеуінің жанына қарай аяғының ұшымен ысыра салып, тайып тұрды.
***
...Бақта өлі көздері көкжиекке ілініп қалып, әнтек діріл қаққан саусақтары күн сүйіп, самал тербеген әдемі гүлдердің мамық қауызына тиер-тимес қалықтап тұратын меңіреу кісі Шараның ғана күйігі емес еді. Мәшеннің де зығырданы қайнайтын. Мәшен Сәметтердің қабырғалас көршісі. Мәшеннің бақшасында үйректері мен балалары шалшыққа шомылып жатады. Үйректері көк-қызыл қауырсындары жалт-жұлт етіп, семіздіктен майпаң басады. Балалары – қара қайыс. Қатынына – анауысының да, мынауысының да үй маңынан ұзап кетпегені жақсы.
Мәшен бірде түс көреді. Түсінде Сәметтің гүлдері қауыз жара бастапты дейді. Қауыз ашылып, ішінен бармақ басындай алтындар домалап түсіп жатыр екен. Келіншегі Шара ел көреді-ау деп қымсынбай, етегін санына дейін түріп алып, жалма-жан алтын теруге кірісіпті. Мәшен тамсанып оянады. Тап сол – түн мен таң шарпысқан сәт кісәпірлігі бұйрық күтіп бас жағында тұрған. Мәшен жын қаққандай атып тұрды да, апыл-ғұпыл шалбарын киіп, ауын жүре түймелеп сыртқа шықты. Жүгіріп қораға барды. Жылы көңнің үстінде біріне-бірі бауырын сүйкеп жусап жатқан ақ ешкі мен қара ешкіні бақ етуге шамасын келтірмей шап беріп, мүйізден тартып алып шықты. Бақшаға қарай сүйрей жөнелді. Сосын қара ешкіге міне түсіп, мойнынан бұтына қысып тұрып, екі үйдің бақшасын бөліп жатқан ортаңғы қашаның бір шарбағын оңай жұлып алды да, кебенек келгірлерді ішке кіргізіп жіберіп барып «үһ!» деді.
***
...Сәмет ояу болатын. Ұрланып қойнына кірген келіншегінің аяғына аяғын тигізіп еді, құлпытастай суық екен. Анау сып еткізіп тартып ала қойды. Сол сәт мұның көңілін де көрдей түнек тұмшалаған. Көзі ілінбей, тынысы білінбей ұзааақ жатты. Қорғаншақ ұлын қолынан жетелеп жүріп... жалғыз күнде адастырып кете барған апасын ойлады. Неге екені, баяғының бай заманында сөніп болған бір құштарлық қайта тұтанып, Сәмет: «дүние көз алдымда жалғыз-ақ рет жарқ етсе ғой...» деп армандады. Гүлдерін көргісі келген.
Соқыр Сәмет қайтыс болыпты деген хабар алақандай ауылға тез тарады. Жұрт осы күнді зарыға тосқандай-ақ науқан қызу басталып кетті. Кісісі өлген үйдің бақшасында гүлдерді көгімен қоса отап жүрген ақ ешкі мен қара ешкіге ешкім мән берген жоқ. Тек кір жаятын жіптің ысырап болып текке тұрғанына қынжылғандар болды. Шара шашын жайып арысын жоқтап, ел кемтар кісінің ұзақ жасамайтынын күбірлесіп, басу айтқан болып, Боранбай мен Мәшендер көр қазысып, отын жарысып, қатындары бауырсақ пісірісіп... ауыл Сәметті ақтық сапарға аттандырды.
Адам
Бақыттылар жайлы басқалар жазар...
Автор
1
Адамды сезімдері тұтқындапты. Олар қоршап тұр, бұл қолы артына қайырылып, діңгекке байланған. Бұлқынуға құлықсыз. Тіпті, бос қойса да мыналардың қайсысының аяғын құша құламақ? Адам намысты таныды. Биік еді – шөгіп қалған. Жалқаулық – алақанның сыртымен ауызын басып, езуін кере есінеп алды да, сылқ етіп отыра кетті. Үрей болса жалтақтап намысқа бір, сатқындыққа бір қарайды. Құдай атқанда орын екеуінің дәл ортасынан бұйырыпты. Адам сол көзінің қиығымен нәпсіні шалды. Нәпсі – жан жаралғалы бергі қытықшыл кейіпте. Дүниенің қошын назарымен ұқтырып, арбап тұрды. Бұл енді әуестік жеңіп, нәпсіге мойын бұра беріп, селк ете түсті. Ар қарсы алдына қалай келіп қалғанын аңғармапты.
Ар – адаммен ұзақ достаса алмады. Жолы ауыр еді. Күндіз өзін пендауи арманына таяп қалғандай сезінетін Адам, түнде – арымен арпалысатын. Қиналатын. Ақыры... нәпсінің емі жүрекке байланған ардың дертін сылып түсті...
Адам қазір аһ ұрады!
Хош. Көз түйісіп, жүз шарпысқан сәтте ардың отты демінен Адамның жүрегі бүрісіп, беті дуылдап өртеніп бара жатты. Терісі күлдірей қабартып, еті ағып түсе бастады. Қас-кірпігі сытырлай үйтіліп, қарашығы сулана бозарып барып пырс етіп жарылған... Адам шошып оянды. Таңғы шапақ бетін жыбырлатып әкетіп барады. Атып тұрған. Сүмелек бүк түсіп іргесінде жатыр екен, ол да елең ете қалды. «Құтылу керек!» - деп ойлады. Адам сүйретіліп орнынан түрегеле беріп... шығысқа қарай тұра кеп қашты, сүмелек тұра қуды.
Қашып келеді.
Қос бүйірден қадалған шаншу тынысын тарылта бастады. Қара саны талығып, балтыры ұйып, қос аяқ қос томарға айналған. Көзіне құйылған азаптың ащы тері көкжиектен бауырын көтерген күннің сәулесімен шағылысып, дүние өзімен бірге шайқалатындай. Адам сүмелектен қашып емес, қайта қаңғалақтаған екі аяқтының өкшесінен өсіп шығатын барша сүмелекті жұмыр жермен қоса беліне байлап, сүйреп келе жатқандай. Ал сүмелек...
Күн арқан бойы көтерілгенде, сүмелек бұның қапталына ауған. Не өзі құсап ырсылдай ентіккен үн жоқ, не сүрінбейді, жер бауырлай жылжып қалмай келеді.
Күн тас төбеге көтерілгенде – сүмелек тап иегінің астынан шықты.
Бесіннің кезі – сүмелек қашқынның алдын орауға айналды.
Адам бейшара әбден қалжыраған. Ол енді ауыр қозғалып, бар денесімен құбылаға бұрылды. Жерге жабысып қалған табанын әрең сөгіп, бірер қадам жасауға ғана шамасы келген. Сосын маңдайымен жер сүзе құлады. Ал сүмелек зып беріп бауырына кірді. Адам самайы солқылдап аз жатты да талықсып кетті.
2
- Бауырым, көзіңді ашшы.
Адам кіртиген көзін әрең ашып, басын көтерді. Сүйегіне қарысқан біреу безек қағып жүр. Аяғы жерге тисе болды, табанының астынан далп етіп от шығады. Анау баж етіп табанын жерден жұлып алады. Сол сәтте жерге түскен екінші аяғының асты тұтана бастайды. Байғұс шоршып жүр.
- Бауырым-ау, болмағанда түрегеп отыршы.
Жыламсырай жалынған оны Адам аяп кетті. Арқасымен аунап түсіп, аяғын жиып, түрегеліп отырды. Сүмелек те иесінің іргесінен үшкілдене созылып жата кетті. Аруақ-кісінің күткені осы еді, тап бір құйрығының астына тулақ тастағандай, сүмелектің үстіне қонжиды. Сол-ақ екен самайы жіпсіп, жүзі балбырап сала берді.
- Үһ, жаным-ай!
- Кімсің?
- Мүсәпірмін.
Мүсәпір басын кекжитіп, Адамның желкесінен құбылаға сығырая қарап, еңкейген күннің иегіне сұқ саусағын қырынан төседі. Сосын көкжиек пен екі араға ортан қол мен атыжоқты да қатарлап:
- Үш елі. Енді үш-ақ елі шыдасам болды, - деді де сәл еңкейіп Адамның жүзіне үңілді. - Сені таңертең көргем. Қуанып кеттім. Бірақ көлеңкеңді паналайын деп енді жете бергенімде атып тұрып, қаша жөнелгенің. Әлде бір жаққа асықтың ба?
Адам бұдырсыз, шетсіз иенді шолып, нәумез тіл қатты:
- Қайда асыққандайсың...
- Кім біледі. Мен өзім түнге асығам.
Адам сұраулы жүзбен Мүсәпірдің бетіне қарады.
- Сүмелектен қайыр күтердей не басыңа күн туды?
Мүсәпір мырс етті:
- Көрер ем, тозақтың оты табаныңның астында жалаңдап жатса.
- Тозақтың өзі іздеп тапса, Құдайдың көлеңкесін бүркенсең де құтылмассың.
- Құдай дейсің бе? – Мүсәпір сүмелекті сипап көрді, - Құдайға да ермек керек екен.
«Мен бір қылышы жемтік талғамайтын қарақшы едім. Маған тап болған талай бейбақтың басы жырада қалды, қылышым жарқ еткенде өзім секілді талай мүсәпір бақ етуге шамасы келмей жайрап жататын. Иендегі талай құрқұдықтың түбінде мен жасырған алтын бар. Мен тіпті, сынық түйме үшін де кісі қанын жүктей салатынмын. Мен үшін ол бір шыбын қаққандай-ақ шаруа еді.
Жұрт бұрынғыша сейіл құрып, сапарлауды қойды. Өйткені әр ағаштың тасасында мен тұрғандаймын, әр таудың қуысында мен жатқандаймын. Әбден зеріктім. Зеріккенім сонша, бұрын сор айдап алдыма өз аяғымен келетін құрбанымды, енді адамдардың арасына өзім іздеп баратын болдым. Бірақ... мың асқанға – бір тосқан. Күндердің бір күні қаланың қарауылдары мені қолға түсірді. Байлап-матап тура билеушінің алдына алып барды. Біткен жерім осы шығар деп ойладым.
О, құдірет! Билеуші мені өлім жазасына кесудің орнына, қорғаныс саласына жауапты уәзір етіп сайласын. Халық әрине, билеушінің ол әрекетіне еш таңданған жоқ. Ал бұның қалай деп сұрауға батылдары жетпегені рас. Іштен тынды.
Уәзірлік менің жарықта алтын астау құшақтап ұзақ-ұзақ ұйқыға кетіп, ғажайып түстер көретін ермегім болды. Ал әділ билеушім жүктеген шын міндетім түнде басталатын. Қараңғы түсе жорыққа шығам. Кез келген үйдің есігін теуіп кіріп, шырт ұйқыда жатқан ақымақтарды ес жиюға мұршасын келтірмей сүйреп алып шығып, тозаңдай үрлеп жоқ қылып жіберем. Айтпақшы, ақымақтар дегенім, шын мәнінде елдегі ақылды, білімдар, іскер адамдар еді. Ал менің айбынды билеушім өзінен жарты бас биік тұрған естілерді есектер деп балағаттайтын. Ондайларды иттің етінен жек көрер еді. Менің ант-су ішкен парызым – соларды аулау.
Халықтың наласы патша сыйлаған кенеусіз мансаптан күшті болып шықты, ақыры. Ендігі түрім... ендігі... түрім...»
Мүсәпір сөзінің аяғын жұтып, сол бүк түсіп отырған қалпы тізесіне маңдайын сүйеп қалғып кетті. Адам өзін жарық пен қараңғының арасындағы көлеңке сезініп құлазып отыр.
***
Адам сүмелекті өкшесімен сүйреп келеді. Сүмелек Мүсәпірдің әр басқан ізіне кеудесін тосқан. Олар тағы да шығысты бетке алыпты.
- Неге сүмелек?
- Мен де бір кішкентай адамның үлкен көлеңкесі едім. Ол малғұн маған арқа сүйеп, Жаратқанның бар игілігіне шоқ шашты. Ал мен көрсем де, көрмеген, білмеген сыңай таныттым. Сондықтан жұрт мені сыртымнан сүмелек деп атайтын.
- Демек, өзімнен қашып жүрмін де?
- ...
- Сүмелектен қашқан сүмелек. – Мүсәпір миығынан күлді, - Көлеңкеден құтылудың жалғыз жолы бар...
- Сол жол саған да оңтайлы болар еді...
Адам сөзін аяқтай беріп, оқыс оң қапталға ыршып түскен, Мүсәпірдің күнге шығып қалған табанының астынан далп етіп от тұтанды. Анау баж етіп Адамның көлеңкесіне тығылды:
- Өй, өй, пақырыңды пісіріп жейін дедің бе?!
- Мен сүмелектен құтылсам, мына түріңмен сен де көпке бармассың...
- Қателесесің. Мен қазірдің өзінде сондамын.
Мүсәпірдің үні бұл жолы ызғарлы шықты.
3
- Жөн сұрасам бола ма?
Адам мен Мүсәпір дауыс шыққан жаққа жалт қараған. Таяқ тастам жерде қалт-құлт етіп біреу тұр.
- Кімсің?
- Көріп тұрсыңдар, Пендемін. Мен бұл жермен бұрын өтіп пе едім?
- Күндегі жолым осы, сені алғаш көруім.
- Қайдан шыққанымды, қайда бара жатқанымды да айта алмайсың ба?
- Әулиеге жарыған екенсің. Мүсәпір кекете сөйледі.
- Сені білмеймін, өзім бесін ауа осы ізіммен кері қайтамын – деді Адам.
- Қайтамыз... – деді Мүсәпір қосанжарланып.
- Сендерге ерсем бола ма?
- Ердің не, ермедің не, бізсіз де адасыпсың.
- Зияным тимейді. Қайта, не десең де бас изей беретін жағымды қасиетім бар.
- Алдымда жүріп отыр, пендем, - Мүсәпір иегімен Адамды нұсқады, - ...көлеңкенің қоюы жақсы. Соңғы сөзін күбірлеп қана айтқан.
Үшеуі ары қарай жылжыды.
- Иә, пендем, қарасам, ай орнында, аспан орнында, күндіз күн сүйіп… – Мүсәпір бұрылып өзінің ізіне қарады, - ...түнде жұлдыз жұбатады. Ал сонда сенің мына сықпытың не?
Мүсәпірдің бойына шақ келмейтін жалған абыздық аузынан да маржан болып төгілмегесін, Адам-Пенде оған жақтырмай қарады.
- Мен білгенде, адамдар не болса соған бас изей беретін. Ертелі-кеш кімді қоштап, нені құптап жататындары есімде жоқ. Бірақ қазір соны өзім де ермек қылатын болдым. Өйткені бас изеу менің өткен өмірімнен жадымда қалған жалғыз тарих…
...Рас. Пенде ол заманда Кісі еді. Қағаз мемлекеттің құдіретті Кісісі еді. Қағаз мемлекеттің қағаз үкіметі қара халқын қағаздағы реформалармен бағатын. Бас реформатор, әрине, мына Мүсәпір-Адамның қасында келе жатқан Пендеңіз. Тек Пенденің өткенде тындырдым деген бар ісі, жасадым деген тарихы сол, қағаз мемлекеттегі топан сөзбен бірге желге ұшыпты. Әрі артында қалған жұрты Кісісін ұмытайын деп ұмытқан. Иілген, изеңдеген бастардан басқаның бәрі Пенденің де есінде жоқ…
4
Намаздыгерде Мүсәпір-Адам-Пенде жердің шаңын аспанға көтеріп, топырақ үйіп жатқан біреуді көреді. Үшеуі әлгінің әрекетін үнсіз бақылап тұрды: анау әуелі башпайларымен жер тірей жылжып, жанасқан алақандарымен жан-жағындағы топырақты ысырып әкеліп ортаға үйді. Сосын бел жазып, төмпешікке қарап, бетін тыржитты. Аласа. Енді үйіндінің етегіне тоңқайып тұра қалды да, бұтының арасынан қос қолдап жоғары қарай боратты. Сөйтіп шеңберлей жылжып отырып бастапқы ізіне келгенде басын көтерді. Әжептәуір шошайған секілді. Оны да мына үшеу ананың жүзіндегі болмашы жымиыстан аңғарған. Анау енді, дағдылы әрекеті болса керек, лып етіп үйілген топырақтың төбесіне шықты да, үстіндегі жейдесін шешіп астына төсеп, қонжиып отыра кетті. Алайда борпылдақ құмға белуардан батып, аласарып қалған ол, құйрығымен сырғып етекке түсіп, қайтадан, бұдан да биік қылып үюге кірісті.
«Әкем етікші еді. Мен ес білгелі ыс басқан, ыбырсыған шеберханасынан аттап басқан емес. Қашан көрсең бізін ойнақшытып, елдің ескі-құсқысын жамап отыратын. Кейде күс-күс алақанымен қасында отырған мені басымнан сипап, маңдайымнан иіскейтін. Кейде біздің елдегі ең үлкен газет «Отар таңының» шетінен жыртып алып, жуандау қылып темекі орайды. Ондайда әлгі шиыршықталған қиындының шетін тілімен сілекейлеп жатып: «Осы кәзитті мен үшін шығарады» - деп мысқылдайтыны бар.
Есейе келе тап сол етік тігетін үйшікте туғандай, өзімнен өзім қорынатынды шығардым. Мен әкемнің кәсібі өзіме мұраға қалады екен деп қатты қорықтым. Әкем өмірді шеберхананың сатпақ терезесінен ғана көрген. Ал мен дүниенің төбесінен төнгім келді. Төбеден төнгіштер қос құлағы тікірейіп жер астынан шығады ғой. Ал мен… Ірілердің көзіне құйрық бұлғаңдатуды әкем маған үйретпеді. Өйтпес те еді. Соның кесірі – ішімдегі біреу көрінген құлыпқа кілт тарылта алмай аласұрып жатады. Ал сыртым – бар дейін десе, басқан ізім білінбес, жоқ дейін десе – ел жұтқан ауаға ортақтасқан біреумін.
Не керек, жаратқанға сүйкімсіз арманым өзіме жақты. Бірақ...
Мал табу үшін үлкен бір мекеменің кішкентай қызметкері болып жұмысқа тұрғам. Уақытша. Табысы мол, жолым да ашылатын жақсы кәсіп тапқанша істей тұрмаққа. Бұл кезде ата-анам шау тартқан. Әкем немере сүйгісі келеді, шешем келін жұмсасам дейді. Сөйтіп үйлендім. Әрі отбасылық өмір бір қалыпқа келгенше үйренген жерімде жүре берейін дедім.
Балалы болдық. «Тұңғышымыз емшектен шыққанша жылы орныңды суытпай тұра тұр. Сосын өзім де бір жағына шығысармын...» Бұл шашы ұзын әйелімнің қысқа қайырған ақылы еді. Көндім. Тіпті үлкен мекеменің кішкентай бір бұрышында ұмыт қалған мен, өзімді: «Осы жұмысты мен тындырмасам, басқа кім істейді?..» - деп алдарқататын болдым.
Әйелімнің құрсағы құтты болып шықты. Едел-жедел төрт-бес бала көрдік. Ол кезде жасым да біразға келген. Енді кеткім келсе де кете алмас едім. Қу тіршілік – ермегіме айналды. Және жолы болғыш жандарды жек көретін дертке шалдықтым...»
- Сендей дәрменсіздің жанында, мына мен арманы орындала бергеннен жалыққан жан екенмін ғой, тәйірі!
Мүсәпір шалқақтай сөйлеген.
- Сонда қай арманың ажарыңды ашыпты? – деді Адам, - Шелектеп қан төккенің бе?
- Сені де әуелде ізгі қасиеттеріңмен жаратпап па еді?
- Балаларың бар еді ғой? – деді Пенде топырақ үюшіге қарап міңгірлер, - Олар ғұмырыңа сәуле түсірмегендей...
Мүсәпір тағы киіп кетті:
- Сол сұрақты сенің өзіңе қойсам қайтеді?
- Мен... бәлкім... жақсы көрген шығармын...
- Өткеніңді ұмытып қалғаның мұндай абырой болар ма... Адам мырс етті.
Енді, міне, біреуі үнсіз қалып, үшеуі өзара дабырлап, ырғасып келеді.
Көз байланған. Бағанадан табанына тас батып келе жатқан топырақ үюшінің аяғының асты жұмсара бастағандай. Елегізіп тағы біраз жүріңкіреген. Иә-иә, құм! Бұлар құмға шығыпты. Ол енді есіне бірдеңе түскендей кілт іркілді:
- Тоқтаңдаршы!
Үшеуі қалт тұра қалған. Анау еңкейіп жер сипап жүрген секілді.
- Не екен, көрсетші? – деді Мүсәпір қараңғыда ауа қармап.
- Бағытымыздан жаңылдық па? Пенде жан-жағына алақтай қараған.
- Қайдағы бағыт?! – деп Адам ауыр күрсінді.
***
Ай жақыннан үңіледі. Төрт төмпешіктің үстінде төрт боз сұлба мүлгіп отыр.
Қаңтар, 2018
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.