Абай қара сөздеріндегі ең көп назарға алынатыны - жиырма бесінші сөз десек артық айтпағандық болар еді…
«Абай – қазақ ақыл-ойының шыңы» дейміз. Мұнымен келіспейтіндер де бар шығар. «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» (Асқар Сүлейменов) деген де айтылым бар. Абайдың немесе Асқар эстеттің заманымен салыстырғанда, бүгінгі қазақтың ақыл-есі (ділдік, тілдік діңі, ұлттық, жалпыадамзаттық ойлауы мен дүниетанымы т.б.) қаншалықты деңгейде екенін тап басып өлшеу де қиын болар. Білетініміз – бүгінгі қазақтың бойында кешегі Абай сынаған мінез-құлық, әдеттердің көбі-ақ бар екендігі. Демек Абай ескіретін заман әлі жетпеген, тіпті ешқашан ескірмейтін де болса керек.
Абай қара сөздерінде айтылған ойлар замандар өткен сайын қазақ қоғамымен бірге өмір сүріп, талқыға түсіп, оны әркім өз мақсатына қарай әрқалай тәпсірлеп жататыны да – өмірдің өз ақиқаты.
Біз Абайдың жиырма бесінші сөзі туралы өз ойлам-түсінігіміз тұрғысында аз-кем тоқталмақпыз.
Абайдың жиырма бесінші сөзі бұдан аттай 131 жыл бұрын, 1894 жылы жазылған екен. Жиырма бесінші сөздің жалпы мағыналық түйіні – баланы жаңаша оқытудың маңызды екендігін ұғындыруда жатыр.
Әрбір сөздің жазылуына өз заманының толғақты мәселелері түрткі болғаны анық десек, сол жылдардағы Ресей империясы құрамындағы қазақ ұлтының рухани, саяси-әлеуметтік жағдайы қандай еді?
ХІХ ғасырдың басқы ширегінен хандық билікті біртіндеп жойған Патшалық Ресей үкіметі қазақ даласында 1867-1868 және 1891 жылдары жүргізген әкімшілік-басқару реформасы бойынша Қазақстан аумағы генерал-губернаторлыққа, ол уездтерге, уездер болыстыққа бөлініп, елді рухани-экономикалық отарлау барынша артып, қазақ халқы бодандыққа толықтай түскен еді. Бұл кезеңде сол реформада көрсетілген: «Дала тұрғындарына бастапқы білім беру үшін алғашқы кезде уездік басқарма орналасқан жердің бәрінде ұлт айырмашылығына қарамастан ортақ мектеп ашу керек» деген талап бойынша уездік қалаларда орысша-қазақша бастауыш школдар ашыла бастады.
Уездер мен болыстық аумақтардағы орысша мектептермен қатар, дәстүрлі медреселік білім беру жүйесі де қызмет етті. Абайдың өзі де Семейдегі Ахмет-Риза медресесінде оқығаны белгілі.
Ендігі жерде оқу-тоқусыз күннің қараң екенін сезінген қазақ көптеген игі-жақсылары балаларын жаңаша оқытуға бұдан да ертеден кіріскен болатын. Абай, Шоқан, Ыбырайлар – осы толқынның өкілдері.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, -
деуіне қарағанда, Абайдың өз жастық шағында жаңаша жүйелі білім ала алмағанын өкініш санағанын көреміз. Сондықтан да болар, Абай өлеңдері мен қарасөздерінде білім-ғылым игеру турасындағы ойлар көп кездеседі.
Абайдың жиырма бесінші қара сөзі жазылған уақытта қазақ даласында жаңаша білім алушылардың қуатты шоғыры қалыптасып жатты. 1894 жылы болашақ ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Орынбордағы төрт жылдық мектепке түскен болса, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов Санкт-Петербург Орман-Технологиялық институтын бітіріп жатқан болатын.
Абай қара сөзі – өзі өмір сүрген сол замандағы қазақ даласындағы білім алу мүмкіндігінің айнасы. Абай былай дейді:
«Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады. Оның үшін бұл жер дарулхарап. Мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек.»
Бұл ежедегі (абзац) басты ой: арабша, парсыша оқуды құлшылық деңгейінде ғана меңгерген дұрыс. Одан әрі тереңдеп, уақыт сарп етудің дарулхарап елде мәні жоқ екендігін айтады. Мұндағы дарулхарап (арабша – дар ул хараб) – ислам діні салтанат құрмаған, жат дінділер билеген ел деген мағынаны беріп тұр. Араб, парсыны терең білгеннен, баршаға бірдей мал табу оңай емес дегенді меңзейді.
«Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап-ішімге малдың тапшылығы да ағайынның араздығына уә әртүрлі пәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң, білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі.»
Расымен де атар таң мен батар күндегі уайымы аш қарынын жұбату болған адамнан, жүдеу-жұтаң қоғамнан өрелі іс, өркенді қадам күту бекер емес пе?
Жан-жақты дамыған, халқы алаңсыз, бақуатты өмір сүретін мемлекеттерден әлемдік ғылым мен әдебиетке, мәдениетке үлкен үлес қосқан тұлғалар көп шығатыны, ал экономикасы мешеу немесе нашар, халқының әл-ауқаты төмен елдерде мұндай адамдар сирек болатыны рас қой. Абайдың білім-ғылымға алаңсыз кірісу үшін адам қамтамасыз болуы керек дегені – бүгінгі күні де өз күшінде. Өз елімізден мысал алатын болсақ, кешегі тоқсаныншы жылдардың қиыншылығында жүздеген-мыңдаған білім, мәдениет ошақтары жабылып қалған жоқ па?
«…Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі: олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды.»
Жиырма бесінші сөздегі дәл осы ежеге қатысты әр түрлі ой-пікірлер қазақ қоғамында бүгінгі күні айтылып жатады. Басты уәж: Абай – орысшыл. Тағы да 1894 жылды еске алғанымыз жөн. Хикмет те, байлық та, өнер мен ғылым да Петерборда, ал империяның мешеу түкпірі болушы қазақ даласына білім-ғылым нұрын шашатын қуатты ақпарат көзі түгілі, патша билігінің органы «Дала уәлаятының газеті» тарала бастағалы алты-ақ жыл болған еді. «Зарарынан қашық болу» дегенді Абай сол заманда бекер айтқан жоқ. Метрополия тарапынан жасалатын түрлі әрекеттердің, шығарылған жарлық, қаулы-қарарлардың ел-жерге тигізетін залал-зиянын аңдап отыру үшін тіл қажет. Ресей мемлекеті игеріп жатқан жаңа технологиялар мен заң-закондардың игілігін өзге жұрттармен қатар көру үшін оқу мен ғылым – әрине қажет. «Олар дүниенің тілін білді» деген сөйлемді «әлем халықтарының озық білім-ғылымын игерді» деп те, «математика, физика, химия, биология т.б. ғылымдарды игеру арқылы жердің асты-үстін игере білді» деп те ұғынуымызға болады. Абай қазақты орыс тілі арқылы осыған шақырып отыр. Шындығын айту керек, ғылым-білім игеруге Абай заманымен салыстырғанда қазақ шексіздік деңгейіндегі мүмкіндікке ие қазіргі дәуірде де көбіміз-ақ әлемдік ақпарат кеңістігіне шығу үшін орыс тілінің әлеуетіне жүгініп отырған жоқпыз ба? Кез келген ұлттың тілін білген адам оның ділін де түсіне отырып, тең сөйлесе алатыны – күнделікті өмірдің көрінісі емес пе?
«– Түу, коп мақан, барашка, шампан керек! - деді...
– Макан кошат болады, садис, - деді Бұзаубақ...
– Ай, көп мақан, кусать болады. Спать коп болады! - деді Иван.»
Бұлар – жиырма бесінші қара сөз жазылғаннан отыз жылдан кейін Көкшетау даласында сөйлесіп отырған қазақ пен орыс. Ескерерлігі – ол заманда қазақ даласында өмір сүрген орыстың бәрінің ең кемі Бұзаубақтың Иваны тәрізді «шай ішерлік» қазақшасы болған екен.
«Дінге де жақсы білгендік керек. Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жауырынынан бір қаққанға сатады. Тек майордың күлгені керек деп, к...і ашылса да, қам жемейді.»
Абай қара сөзінде дінге қатысты ойын нақтылай түседі. Оқығаны таяз, адамгершілігі саяз екені аңғарылатын кейбір дін қызметшілерінің ұстамсыз, орынсыз ләппайшыл қылықтарын көргенде, Абайдың осы сөздері еріксіз еске түспей ме?
«Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік. Мұны көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек.»
РФ-нің мемлекет басшысынан қарапайым халыққа дейін таныс «дүниенің кілті» туралы ойымызды жоғарыда айттық. Өзгені айтпағанда Орта Азияда медицина, биология, химия т.б. бойынша алғашқы мамандар мен ғылыми дәрежелі әйел заты қазақтан шыққаны, т.б. білім, ғылым, өнер, техника, өзге де салаларда қол жеткізген толайым жетістіктерімізге баспалдақ – орыстың ғылымы мен өнері екенін жоққа шығарып көріңіз. Ол – ақиқат дүние. Мәселе: оқыған қазақтың бойында Абай айтып отырғанындай, білім-ғылым игерудегі мақсат – еліме, жеріме, туған халқыма қайтсем пайдам тиеді деген жанашырлық сезімі болуында ғой.
«Қазір де орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр. Себебі: ата-анасы, ағайын-туғаны, бір жағынан, бұзып жатыр. Сүйтсе де, осы оқыған балалар – ана оқымаған қазақ балаларынан үздік, озық. Не қылса да сөзді ұқтырса болады оларға.»
Жиырма бесінші сөздегі бұл жолдар – алдыңғы ежедегі айтылған ойлардың жалғасы. Дегенмен «білімдінің күні жарық, білімсіздің күні ғаріп» демекші, қалай болғанда да білім алған адамның тіршілік ауаны алмағаннан көш ілгері екендігін айтады. Бүгін болмаса, ертең айтқан сөзді осылар ұғады деп сенім білдіреді.
«Жақсы атаның балалары да көп оқыған жоқ, қайта, кедейдің балаларын орысқа қорлап берді. Олар осыдан артық қайда барсын?»
Мұнда да сол дәуірдегі өмірдің шындығы жатыр. Орыс школдарына әр болыстықтан оқушы алатын болғанда, көзі ашық, көкірегі ояу кейбір ел ағалары болмаса, көбі-ақ «шоқыншы, кәпір болып кетеді» деген дақпырт-түсінікпен кедей-кепшіктің балаларын немесе сұрауы жоқ жетімдерді ұстап берген. Абайдың «орысқа қорлап берді» деп отыруының мәні осы.
Абай өз заманындағы кейбір қазақтың өз туысымен араздасқандағы тірлігіне еріксіз бас шайқайды.
«Және де кейбір қазақтар ағайынымен араздасқанда: «Сенің осы қорлығыңа көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!» - деуші еді. Осындай жаман сөзді, құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай айтқан қазақтардың баласы оқығанменен не бола қойсын?»
Иә, «көңілсіз құлақ – ойға олақ» деп Абайдың өзі айтқанындай, мұндай құлықсыз отбасының тәрбиесін көрген бала оқығанмен жарыта қоймас деген ойды айтады.
«Сонда да өзге қазақ балаларынан артық үйренгені немене, қай көп үйреніпті? Кірді, шықты, ілді, қайтты, түбегейлеп оқыған бала да жоқ. Әкесі ел ақшасымен оқығанға әрең оқытады, өз малын не қылып шығарсын?»
Жоғарыда айтқанымыздай, ол заманда әрбір болыстық школға тартылған кедейдің баласын оқыту қаражатын халықтан жиылған алым-салықтан түзілген қазынаның ақшасынан бөлдіретін болған. Бір ауылдың үміті емес, бала беру міндетінің құрбаны ретінде, олардың түсінігінде «кәпір болып шаш қоюға» еріксіз ұсталып кеткен баланың қайсыбірінде оқуға деген ынта-ықылас болсын.
«Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рақат көрсете ме, өзі рақат көре ме, я жұртқа рақат көрсете ме?»
Жиырма бесінші сөздің нақты түйіні, Абайдың тыңдар құлаққа түсіндіріп айтайын деген ойы осы. «Баланың болашағына құйылған ең табысты инвестиция – білім» деген қағиданы негізге ала отырып, бүгінгі қазақ өз ұрпағын берісі – көршілес елдерде, арысы – мұхиттың арғы жағындағы АҚШ пен Канадада оқытып жатыр. Мемлекеттің ақшасымен «Болашақ» бағдарламасымен қаншама мың талаптанған білімгер оқып келді. Оқып келгені жақсы десек те, нәтижесі Абай айтқандайын «кірді, шықты, ілді, қайтты» болмаса болғаны...
Түйіндей айтқанда: «Орыстың ғылымын үйрет», - деп 1894 жылы жазып отырғанда Абайда бүгінгі замандағыдай: «Баламды қайда оқытсам екен?» - деп бас қатырар таңдау бар ма еді? Әрине, жоқ. Абай ұғымында орыстың ғылымы – еуропалық білім-ғылымға терезе. Солай болғанын, болып та келгенін, әлі де ауқымды деңгейде солай болып отырғанын жоққа шығара алмайтынымызды мойындаңқырай отырып, ұлтымыздың ұлы мұратын – тіл мен ділді әспеттеуді ұмытпасақ болғаны. Әзірге санның сапаға жетелейтінінен үмітті халықпыз. Ұлы Уақыт соған жұмыс істеп жатыр...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.