Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
Абай және Әлихан шығармаларындағы иманигүлдің кейб...

Абай және Әлихан шығармаларындағы иманигүлдің кейбір мәселелері (Ә.Бөкейханның «Жас еріксіз» повесі негізінде)

01.11.2025

3471

Абай және Әлихан шығармаларындағы иманигүлдің кейбір мәселелері  (Ә.Бөкейханның «Жас еріксіз» повесі негізінде) - adebiportal.kz

Жас ғалым Анар Абдуллинаның «Абай және Әлихан шығармаларындағы иманигүлдің кейбір мәселелері» (Ә.Бөкейханның «Жас еріксіз» повесі негізінде) атты эссе-мақаласын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Абайдың діні – күрделі дін. Ол шариғат заңына бағынған қатал әрі жұрт шошытарлық таным емес, яки нұрлы ақылмен, ыстық қайрат, жылы жүрекпен түсіндірілетін аксиологиялық мәндегі когнициялық бірлік. Яки сыртқы пішіннен гөрі, ішкі мазмұнға, терең түпсанаға негізделген ілім. Алдымен Абайдағы «үш сүюге» (имани гүл) тоқталайық. Хакім шығармаларындағы ислам дінінің ұранына айналған «Махаббатпен жаратқан адамзатты» атты өлеңі дейтін болсақ, осы өлеңнің барлық өзегі, түп тамыры мұсылмандықтың барлық иірімдерінен хабардар етеді. Алдымен Алланы, одан кейін адамды, сосын әділеттілікті сүюді барлық өлеңдері мен қара сөздерінде дәлелдей түседі. Абайдағы «сүю» - махаббат, жүрекпен астасып жатқан метафоралық контекст, себебі барлық имани гүлдің астарына «жан», «жүрек» символикасын жатқызады. «Сүюді» диалектикалық мән деп қарастыра келе, барлық идеяларында «жүрек» идеясын алдыға шығарады. Ислами шығыс әлемінде жүректік және ақылдық культ сарынының дәріптелетіні белгілі. Сонау ислам шығыс поэзиясы өкілдері әл-Фарабиден бастау алған «жүрек» мәселесін алға қойып, адамдық, имандық, көркем мінездік, рахымдық, адалдық идеяларын Абай атамыз басты өзек етіп алған бұл дәстүр қазіргі күнде де өзекті деп есептейміз.

Жас зерттеуші И.Қабулов Абайдағы имани гүл тақырыбын зерделей келе, алғашқы «сүюі» «тума» пікірі болмағандықтан, яки «сократтық ілімді» насихаттап, тек екі өлеңінде ғана жаратқанды сүю идеясын айтқанын, соңғы өз «тума» екі сүюіне қарағанда азырақ тоқталғанын алдыға тартады [1]. Осылайша Абайда «адамды сүю», «ғаділетті» сүю кеңінен насихатталып, тереңірек қаузалған деген идеяны тастайды. Шындығында келгенде, Алланы сүюді Абай тікелей айтпағанмен, реминисцениялық, аллюзиялық, түрлі интермәтінділік әдіс-тәсілдерімен ерекше келтіреді. Мәселен оның «Сәулең болса кеудеңде» өлеңіндегі:

Единица – жақсысы,

Ерген елі бейне нөл. 

...Единица кеткенде 

Не болады өңкей нөл? 

Берекеңді қашырма,

...Рас сөзге таласып,

Ақжем болма, жаным, кел! [2, 82], - 

деген жолдардағы «единица» ұғымы аллюзиялық (тұспал) мәнде келгенмен, өлең бойындағы «кемел», «единица» ұғымдары жаратушы, құдай символикасымен астарланып беріліп тұр. Себебі жүрегінде иманы бар, сәулесі бар кез келген тірі пенденің табынар жалғыз ғана иесіне ілтипаты мен рахметі болуы тиіс деген идея байқалады. Абайдың өлеңдерінде кездесетін «махаббат», «ғашықтық» идеялары да құдайға деген махаббатты меңзейтін секілді де тұрады. Сондай-ақ «Сағаттың шықылдағы емес ермек», «Лай суға май бітпес өткенге», «Әбдірахманға» өлеңдерінде де аллегориялық сипатпен «алланы сүю» идеяларын айтып өткен. Абай қоғамда қалыптасқан «құдайдың ісі», «құдайдың мінезі» деген түсініктерге қарсы шығып, жоққа шығарады. Осылайша ол қара сөздерінде мінез, ғылым, ақыл, қайрат, нәпсі, қалау, арман, әдет, құлық секілді әрекеттер жаратушылықтан тыс адамның өзіне, ортасына, досына, ата-анасына, ұстазына, айналасына байланысты екенін деистік-философиялық тұрғыда түсіндіреді. «Көзінен басқа ойы жоқ» өлеңінде Абай «иемнің әділ пендесі» деп, жаратқанның барлық пендесіне бірдей әділ екенін де «махабатпен сүю» идеясымен ұштастырады. 

Абайда да, Әлиханда да «нұрлы ақыл» идеясы «кемел адам» болмысының бір бөлшегі ретінде қаралады. Абайдағы «толық адам» болмысы имандылық, ибалылықтың барлық шартына сай келетін жүрек, ақыл, қайрат – кез келген істің ең маңызды да басты фигуранттары болмақ. Бұл идеяны ұлт көсемі Әлихан да былай жалғастырады: «Адам баласы қылып жүрген іс ақыл-ой болып басталады, адамды бала тапқан қатындай қинап, сөз болып сөйлетеді, я жазылады, ақыл-сөз сонан соң іске айналады. Не жұмыс қылсақ осы үш: ақыл, сөз, іс – сырат көпірінен өтпей жұмысқа айналмайды» [3,203]. Ә.Бөкейхан кез келген істегі басты қағидат ретінде адамның ниеті, ықыласы, бір іске деген ауаны мен сөзінің бір жерден шығуында дегенді айтады. Көсем жазбаларынан көптеген діни ұғымдар мен түсініктерді байқаймыз, хаттар, күнделіктер, мақалалар, сыни еңбектерінде діни түсініктерді салыстыра отырып бейнелеуінен оның ислами негізді көсемдігімен ұштастырғанын бағамдаймыз. «Білімнен мақсат шықпайды. Әзәзіл ұжмақтан надандықпен шыққан жоқ. Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден. Адам баласын өзіңдей жақсы көр, сүй деген мінез айтылғалы екі мың жыл болған» [3,205], - дейді көсем. Ақыл-білім, ғылымнан жүректі биік қоятыны да осында. Абай да «ақылмен ойлап білген сөз, бойыңа жұқпас сырғанар» деуші еді, себебі ақылмен небір қулық, сұмдық, қатігездікті де ойлауы мүмкін адам баласы. Немесе ендігі бір өлеңде:

Ғаділетті жүректің,

Әділетін бұзыппын.

Ақыл менен білімнен

Әбден үміт үзіппін.

Айла менен амалды

Меруерттей тізіппін [2, 272], - 

деп, ақыл мен білімнің адамзатқа тіпті қауіп әкелер «тажал» ретінде қарайды. Әлихан да «ақылдылықпен» жұмақтан қуылған адамзат ұрпағын меңзей отырып, «жүрек» ұғымын алдыңғы шепке шығарады. Әлихандағы «жүрек» - ұлтты сүю. Көсем еңбектеріндегі басты кредо – Абайдағыдай «адамзатты сүйе» отырып ұлтқа біліммен емес, мінезбен қызмет ету. Бұл жерде ақыл-білімді жоққа шығарып, білімсіздік идеясын көксеп отыр деуден аулақпыз. Абайша айтсақ: «ынталы жүрекпен сезіне отырып», «бар тамырды қуалату».

Абай да Әлихан да шын мұсылмандықты дәріптеді. Еңбектерінде сыншыл реализм әдісі арқылы дүмше де надан молдаларды, сауатсыз діндарларды сынады, сынай отырып күйінді. Мәселен Ә.Бөкейхан «Роман не нәрсе?» атты мақаласында қазақтың тұңғыш «Бақытсыз Жамал» атты романын таныстыра келе, көтерілген көп мәселелердің ішінен шала мұсылманшылықты атап өтеді: «Мұнда бар: шала сауатты молла да, жаңа мұғалім де; бар мұнда ақсақал да, би де, болыс та, тілмаш та, орыс та, өтірікке куәлік бергіш указни молла да»  [3, 255]. Яки қазақ қоғамындағы заман көрінісі ХХ ғасырдың басында да әлі де сол күйде тұрғанын бағамдаймыз. Абай дәуіріндегі «сәлдесі дағарадай болып», «кітапты молда теріс оқыған», «мал құмар көңілі – бек соқыр» жандардың да әлі ел арасында іріткі салу, халықтың санасын бұзу секілді ойлары Ә.Бөкейханның жазбаларында да көй айтылды. Бір мысал ретінде бірнеше этаптан тұратын оның «Мұсылман сиезі» атты еңбектерінде дін, тіл, діл, иман, тазалық (медицина), неке, ұлттық намыс тақырыбын жан-жақты айтып, мұсылмандар рухани ісін тура жолға қоюға көмек қолын созуға оқыған азаматтар тарапынан даяр екендіктерін жан ұшыра айтады. «Тағы да би һәм билік» атты мақаласында көсем құқықтық басқару саласындағы орыстық сотты да, шариғаттық қатаң тәртіпті де қолдамай, қазақтың «би» статусын құқықтандыруды ұсынады. Шынында ел арасындағы шариғаттық жолды әрі қарай насихаттайын десе, біреудің өзі жақсы, біреудің сөзі жақсы деп тағы да көзбояушылықтардың да орын алатыны белгілі. Оның жауабын былайша түсіндіреді: «Жұрт шын мұсылманшылық жолына таза кірсе, өтірік құран алып жан бере ме? «Соқырмен жолдас болсаң, көзіңді қысып жүр» деген мағынасы жақсы-жаман болсын кісі мінезі жұрт пікіріне сүйеніп атқарылады емес пе? Халық шариғат жолынан қисық жатса, шариғатпен айтамын деген билік құры босқа қалмай ма?» [3, 278]. Яғни ел арасындағы әлі сауатсыздық пен надандық кесірінен шариғаттың атын жамылып, көптеген ақылға қонымсыз, келеңсіз жайттардың орын алып жатқаны жанына батқандықтан, Абайша сынайды. Абайша күйінеді. Айқай салады. Осы ретте көп талдана қоймаған Ә.Бөкейханның «Жас еріксіз» («Молодая невольница») атты шағын повесін талдап көрелік. Бұл шығарманы қоғам қайраткері «Изъ казахской жизни» деген тақырыпшамен «Мұсылмандық газеті» редакциясына жолдайды («Мусульманская газета»). Шағын ғана түсіндірмесінде осы повесті іші қан жылай отырып жазып отырғанын, қазақтың осындай қайсар қызының да, өздерінің де әлі де әділеттік жолында күресіп, зорлық-зомбылыққа қарсы бағытта жұмыс жасап жатқандарын айта келе, мұсылман жастарын ескі салттан, көне танымнан, шала мұсылмандықтан арылып ғаділетті өмірге аяқ басуды сұрайды. «Ал Кочевникь» деген бүркеншік есімімен «Мусульманская газетаның» 1914 жылғы № 4 санына жариялайды. Шығарма шынайы өмірден алынған, себебі бас кейіпкер Рәбиғаны өзінің көршісі, алайда қолынан ештеңе келмей отырғанын, оның қазіргі таңда сол ауылдағы Иргар Н. атты байдың заңды, некелі әйелі екенін, алайда әділеттілік жолында әлі де арызданып, өтініш түсіріп, қарсылық білдірілініп жатқанын тілге тиек етеді. Шығарма сюжеті бойынша екі жастағы Рәбиғаның анасы қайтыс болып, кедей әрі кәрі әкенің қолында жетім қалады. Өзінен үлкен тұрмыстағы Залиха апасы да бай шаруа Иргардың әйелі болса да, баласыз күй кешеді. Сорлы әке де кедейліктен, дәрменсіздіктен бұрын намыссыздық пен надандықтан күйеу баласының қол астын қызы екеуі паналап, өмір кешіп жатады. “Жезденің жақсысы әкедей” деп, Иргар да Рәбиға әкедей қамқорсып, баласындай қарап, еркелетіп өмір сүріп жатқандары сол еді, аяқ астынан қыз он төртке келгенде Залиха өмірден өтеді. Осы кезеңнен бастап Рәбиғаның барлық арманы мен мақсаты көкке ұшып, қанаты кесіліп, басына қара бұлт үйіріледі. Әйелі өле сала қызындай болған Рәбиғаға көз салып, екінші әйелдікке алуды мақсат еткен Иргар күшпен көндіруді мақсат етеді. Бұл жайттың бәрін бақылап, біліп отырған сорлы да бейшара әкенің қызының тағдырына бей-жай қараған намыссыз күйін көреміз. Тамағы мен жағдайы, баспанасы мен тек жай күйі үшін жүрген бір шіріген жұмыртқа тәрізді “әкесымақтардың” бейнесі қазақ әдебиетінде көп жасалды. Тіпті саналы тұрғыда Итбай, Сәрсенбай, Омардан “асып” кеткен бассыз әкенің бейнесі бұдан ауыр болар ма?! Шарасыздық пен амалсыздық ұғымы тіптен ойында жоқ әкеден бұрын жазушы бұл шығармада “молда” бейнесіне акцент қоя отырып, сол кезеңдегі мұсылмандықтың атын жамылған қазақ қызының аянышты тағдырын сипаттайды. Шығарма шағын, тілі жеңіл (ескі орыс тілінде жазылған), сюжеттік-композициялық желісі ширақ болса да, шығармадағы идея басқа әйел теңсіздігіне арналған шығармалардан бөлек. Әсіресе феминдік дискурс негізіндегі қазақ қызы тағдырын әділеттілік, хақ жолындағы күрескерлік, жасампаздық идеясымен негіздейді. Ә.Бөкейхан Рәбиғаның жан толқыныстары мен ішкі монологына, жүрек түкпіріндегі шеріне ерекше тоқталып, Аллаға жақындау, Алладан медет сұрау, бір хақ тағаладан көмек күту идеясын ашық көрсетеді. Шығарма орыс тілінде жазылса да, Рәбиға монологтарындағы “Аллаға жалбарыну” идеясы айқын көрініп, оған пародоксальды гротесктік мысқылмен “молда” архетипінің “кеңестік” бейнесі жасалады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы “молда” бейнесінде “көлеңке” архетипі басымырақ. Себебі колониалды идеологиядан бөлек, халықтың сауатсыздығы мен надандығы анық екені белгілі. Шағын ғана бөлмедегі Рәбиға мен Иргарды некелестіру сәтіндегі намыссыз әкенің, шарасыз ауыл байларының, дүмше молданың мінез-құлықтары, әрекеттері, портреттері көз алдымызда кинодай есіп өтеді, сол кезеңнің дискурстық сипатын да сездіреді. 

Рәбиғаның бөлме ішіндегілерге ойын ашық айта отырып, диалогтық қатынасқа түсуі – қазақ қыздарының бір табан хақ пен әділеттілікке бастаған сара жолы болды. “ – Справедливый Аллахъ, Ты видишб этих зверей? Да, зверей! Они меня хотятъ съесть... они и законъ твой продали за халаты и бараны... Нужели Ты потерпишь и не убьешь их?! Убей их Аллахъ! [3, 294], - деген секілді Рәбиғаның монологтарында Алладан көмек сұрау идеясы бірнеше жерде бірнеше дискурстық негізде қайталанады. Рәбиғаның бәрінен бұрын ашынғаны – басқаға емес, өз әкесіндей болған Иргарға тұрмысқа шығуы еді. Осылайша бір бөлмеде орын алған оқиғада бірнеше бейненің сыры мен сипаты көрінеді. Еш рұқсатсыз, келісімсіз неке қиған молданың да «сұмдық» келбетін көреміз. Шығарма шешіміндегі мына бір сөйлемнен сол мезеттегі қазақ қызының тағдыры көрінеді: «Совершилось великое предательство, ничемъ не оправдаемое насиліе – дочь степи взятъ  въ постыдную неволю» [3, 295]. Осы ретте Абайдың «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» өлеңін айта кетсек болады. Екі шығармадағы басты идея – әйел тағдыры, қыз бостандығы, жеке шекарасы ғана емес, жалпы «махаббат» идеясы. Жарға деген, хаққа, әділеттілікке, бостандыққа, тыныштыққа, жан бақытына деген махаббат. Екі автор да «қыз» тағдырын «махаббат» тақырыбы арқылы «аллаға жақындау» мәнін де түсіндіруді бір объекті идея деп санаса керек. Абай «кәрі» мен «жас» бинарлық-оппозициялық символиканы қатар қолдана отырып, қыс пен жаз, қурай мен шыбық сынды диалектикалық ұғымдардағы жарастық, бірлік, сәйкестік, үйлесімдік секілді категорияларды негізге алады. Абайдағы қыз тағдыры – «епке көнер ет-жүрек сату емес» деген принципті ұстанған абыройы мен адалдығын биік қойған көңіл байлығы дегенге келсе, Әлихандағы қыз мәселесі – «тағдырдың жазуымен» болған деген стереотипті бұзуға бағытталған, ескі салт-дәстүрді жаңғырту деген желеуді қиратуға негізделген, шариғат заңы деп басу айтқан бай-молдалардың көлденең сөздерін талқандауға бағытталған әділеттілік жолындағы шынайы исламды шамшырақ етіп ұстанған және солдағы жеңіс үшін жанын салған азаттық философиясы. 

Сайып келгенде, Әлихан Бөкейхан шығармашылығындағы иманигүлдің алғашқы «алланы сүю» философиясы да Абайдан бастау алған, тірі адам баласының «ең аяулы жері – жүректің» нұрына, тыныштығына бағытталған ойы еді. Әлиханның көптомдық еңбектер жинағында оның қаншама сыни мақалалары, хаттары, күнделіктері, жазбалары, аудармалары, жеке көркем шығармаларында ұлттық мінез, ислам, имандылық, таза мұсылмандық тақырыбын қозғаған еңбектері көп және алдағы уақытта зерттеуді қажет етеді, себебі әрқайсысы бір қаралық дүние. Қазіргі таңда тек әдебиет тарихы, философия, тарих аясында зерделеу тенденцияға айналған, алайда әр еңбегінің ішіне бойлап, теориялық тұрғыда қарастыру, мәтіндік негізде талдау жасау көп қажет етеді деп есептейміз. Біз бұл жазбамызда Әлиханның «Жас еріксіз» повесін негізге ала отырып, ой-толғам ұсынуды жөн көрдік. Алдағы уақытта, Әлихан еңбектеріне әдеби-филологиялық талдау жасау теориялық негізде жүзеге асса, соның ішінде Абай шығармашылығымен үндестік қатар зерделенсе, қос алыптың ғана емес, тұтас бір ХІХ ғасырдағы классикалық қазақ әдебиеті мен ХХ ғасырдағы қазақ ояну дәуірінің толық идеялық болмысы зерделенеді деп ойлаймыз. Абай – қазақ руханиятының бастаушысы дейтін болсақ, Әлихан – сол руханиятты қазақ жұртына паш етуші мәдени қаһарман. Ең алғаш болып 1904 жылы Абай туралы қазанама жазып, күллі қазақ жұртына алаштықтар арқылы насихат жүргізіп, Кәкітай арқылы барлық өлеңдерін бір арнаға жинап, кітап етіп бастырып, ұлт ағартушысы ретінде танытуының өзі – тек идеялас, тағдырлас, мұңдас екенін білдірмейді, соның ішінде ел, халық, ұлт, қазақ халқының «надандықтың көзін қойып, көңілін ашу», жүректің әмірімен «тәңірі үшін махаббат қылу», «хақ жолы осы деп – әділетті сүю» философиясы.

Әдебиеттер

  1. Қабулұлы И. Абай танымындағы үш сүю // Абай танымындағы үш сүю

  2. Абай. Шығармалары. – Алматы: Brand Books, 2021. – 380 б. 

  3. Бөкейхан Ә.Н. Жеті томдық шығармалар жинағы. – Астана: Сарыарқа, 2010. – 560 б. Ү т. 

  4. Абдуллина Анар Боранқызы,

    Әлихан Бөкейхан университетінің 3-курс докторанты. Семей қаласы.

     

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan