Адамды құм емес, сана тұсайды
Дүниеге тек құм күреу үшін ғана келетін, құм күреу үшін ғана өмір сүретін, мәнсіз, мақсатсыз өмірден мән табуға да тырыспайтын Жапонияның бір ауылындағы тіршілік туралы аз-кем баяндау…
Кобо Абэнің «Құм құрсауындағы әйел» романын оқып, дүниені құмның көзімен көріп, өзімнің де қалай құмға айналып бара жатқанымды сезбей де қалыппын. Есімді зорға жиып алдым. Романда Ники Дзюмпэй есімді жәндіктерді зерттеумен айналысатын ғалым түк өспейтін, бедеу топырақ тәрізді құмды ауылға тап болады. Бұл жақтың құмы – Оралханның құмындай емес. Бәрін иелік еткісі келетін, қомағай, бір ауыл тұрғындарының өмірін талан-таражға салған, бас кейіпкер әйелдің баласы мен күйеуін жұтқанымен қоймай, үйін де, жанын да кежеп жатқан тажал құм. Бір түн ғана түнеп шығамын деген алғаусыз ойда болған Ники арқан сатымен түсетін қазаншұңқырдағы үйде мәңгілік қаларын білмеген еді…
Тағдыр айдап барды ма, әлде бұл жерде де өмір сүрудің мәні бар екенін түсінуі керек болды ма, ол жағы белгісіз. Айтпақшы, Ники түскен үйде жылдар бойы жалғызілікті, дүниеге тек құм күреу үшін ғана келгендей өмір сүретін әйел күн кешіп жатады. Ники келесі күні қазаншұңқырда арқан сатының жоқ екенін байқайды. Яғни сыртқы әлемге жол жоқ. Дәл сол сәттен бастап желдің тат дәмі ауызға келетін, сансыз көшіп жатқан, тамақтың, ыдыстың, киімнің арасынан ертелі-кеш табыла беретін құмды шұңқырда мәңгілікке қалатынын сезбеген де еді…
Бұл шығармада тығырыққа тірелген пенде баласының жанұшырған күресі суреттеледі. Романның өн бойында адам табиғаты екіге бөлінетіні айтылады: біреулері мүмкіндікті үнемі іздейді, ал кейбіреулері мүмкіндікті күтіп жүреді.
Мәселен, әйел тумысынан сыртқы өмірге енжар адам болғанға ұқсайды. Тіпті қыдырып далаға шығудың өзін уақытты бос өткізу деп есептейді. Сыртқы әлемнің бар екенін біле тұра, құмға толы жаман лашығын місе тұтады. Егер ол сыртқа шықса, бәрібір Төлен Әбдіктің Роберті секілді «өз жындыханасына» қайтып барар еді…
Бірақ шығарма барысында біз әйелдің сыртқа шыққанын, жадырап, жайнап жүргенін жан-тәнімізбен қалап тұрдық. Біз кейде адамдарды өзіміз секілді болмағаны үшін кінәлаймыз. Сондай мақұлықпыз. Бірақ ол сыртқы әлемге ұмтылмаса да, бізден мейірімді, бізден ақкөңіл, бізден адамгершілігі мол адам болуы мүмкін ғой.
Жалпы, жапонның жаны қазақтың жанына ұқсас келеді. Тіпті әйелдердің табиғаты да ұқсас. Бұл әйел де қазақ әйелдері секілді еңбекқор әрі мейірімді әйел, төзімді әйел. Құптағанын бас шайқап, қарсылығын үнсіздігімен ғана білдіреді. Барлығын еңбек сіңірумен (заслужить) ғана алғысы келеді. Тынымсыз құмды күреу арқылы – қажеттіліктерін алады. Еркекті жуындырып, тамағын беру арқылы – назарына шомылады. «Еңбек сіңірмей ешкім, ештеңе бермейді» деген түсінікте. Жай ғана өмірде бар болғаны үшін бағаланамын-ау деген ой санасына кіріп те шықпайды. Расымен, оның таңдауы да жоқ еді. Әлсіз әрі бақытсыз болып жаралған әйел заты… Бірақ сонда да Никимен бақытты болғысы келді.
Ең қызығы, әйелден құмды лашықта күштеп ұстап отырған адамдарға деген іштей бір алғысты да аңғаруға болады. Әйелдің, ауылдағылардың таңып (навязывать) берген ойлары – ақыры еркектің жеңілуіне әкелді. Әйел бірнеше рет «бұл жерден ешкім құтылып кете алмаған» деген ақпаратты айтады. Бұл ақпарат санаға орныққан соң, өз дегенін жасамай қоймайды. Жалпы, ақпарат деген өте ұлы күш қой. Жаныңдағы етене жақын адамың жылдар бойы саған «әлсіз екеніңді» айта берсе, сен оған түбі берілесің. Сондықтан бізге өз дегенімізбен жүрген тиімді. Түптің түбінде өзіңе өзіңнен артық ешкімнің жаны ашымайды.
Ал еркек – ұдайы жан дүниесінде жалғыздықпен арпалысып жүрген жан еді. Әу баста жанында әріптестері де, жақыны да, тіпті жары да болды. Бірақ бүкіл әлемге сыймай жүріп, соңында қуықтай ғана шұңқырда қалды. Өзі де «жалғыздық деген – арманның қанбаған шөлі екен ғой» дейді. Әйелдің жанында өзін өте ащы, жаныңды ойып өтетін умен уланып қалғандай сезінді. Махаббаттың уыты емес, жиренудің уы еді.
Және шығармада «Үш күн жарлы өмір – бақи жарлы» деген ой айтылады. Еркек те осы өмірге үйреніп қалған соң, әйел жанында қалуға шешім қабылдады. Түптің түбінде құм оны жеңді. Қанша жерден күрескер азамат болса да, адам табиғаты ұзаққа шыдай алмайды екен… Құм, әйел, тағы қапаста ұстап отырған бірнеше адам – бәрі еркектің күрескерлік қасиетін жеп тастаған сыңайлы.
Еркектің жан дүниесі салдырлап, бос қалды. Соңында күресуге әл-дәрмені жетпеді. Бәлкім, құм басқан шөл даладан су шығаруды – табиғатты зерттеудің бастауы деп түсінген болар… Кім біледі?! Әйтеуір, талай рет басын қатерге тігіп, шықпақ болған Ники соңында өз қалауымен құм құрсауында қалады.
Расында, әрбіреуіміз өз құмымыздың құрсауында өмір сүріп жатырмыз. Шығуға әрекет етіп, талпынсақ та, қолдан келмейтін сыңайлы… Әлде соңына дейін күрессек пе екен?
Дүниеге тек құм күреу үшін ғана келетін, құм күреу үшін ғана өмір сүретін, мәнсіз, мақсатсыз өмірден мән табуға да тырыспайтын Жапонияның бір ауылындағы тіршілік туралы аз-кем баяндауым осы. Келесіде тағы да шығарма талдағанымды қалайсыз ба?
Ақгүл Айдарбекқызы,
әдебиеттанушы
