ӘДЕБИЕТТЕГІ КӨРКЕМ КЕҢІСТІК ЖӘНЕ Ә. БАЙБОЛДЫҢ «МҰТЫЛҒАН» РОМАНЫНДАҒЫ СИМУЛЯКР МЕН ГИПЕРШЫНДЫҚ

Жас ғалым Сымбат Армановна Сарсембаева «Әдебиет порталына» қазіргі қазақ прозасындағы жаңа көркемдік ізденістерді саралаған зерттеу жұмысын ұсынды. Мақалада Әлібек Байболдың «Мұтылған» романы негізінде көркем кеңістік, симулякр мен гипершындық ұғымдары талданып, шығарманың постмодернистік сипаты, ұлттық тарихи жад пен фольклорлық бейнелердің жаңа көркемдік кеңістікте қайта жаңғыруы сөз болады. Жас зерттеушінің мақаласын оқырман назарына ұсынамыз.

49

ӘДЕБИЕТТЕГІ КӨРКЕМ КЕҢІСТІК ЖӘНЕ Ә. БАЙБОЛДЫҢ «МҰТЫЛҒАН» РОМАНЫНДАҒЫ СИМУЛЯКР МЕН ГИПЕРШЫНДЫҚ - adebiportal.kz

Әлібек Байболдың «Мұтылған» романы – қазіргі қазақ прозасындағы көркемдік ізденістер мен эксперименттік тәсілдердің айқын көрінісі. Автор туындысын «метароман» деп атау арқылы оның құрылымы мен жанрында қалыптан тыс, соны тәсілдердің қолданылғанын меңзейді [1]. Шығарма атауы да кездейсоқ таңдалмаған. «Мұтылған» сөзі Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұтылғанның өмірі» шығармасына тікелей сілтеме жасайды. Автор роман эпиграфы ретінде осы поэмадан үзінді келтіреді. Деталь оқырманды бірден символдық әрі көпқабатты мазмұнмен өрілген философиялық-аллегориялық кеңістікке енгізеді. 

Әдебиеттану теориясында кеңінен зерттелетін «көркем кеңістік» ұғымы – жазушының шығармашылық қиялы негізінде жасалатын эстетикалық шындықтың ерекше формасы. М.М. Бахтин алғашқылардың бірі болып көркем кеңістік пен уақыттың бірлігін «хронотоп» ұғымы арқылы енгізіп, әдеби шығармадағы кеңістіктік-уақыттық ұйымдасу формаларын терең талдады. Оның пікірінше, хронотоп – нақты тарихи және философиялық идеялар мен құндылықтардың көркем түрде өрістеу алаңы [2]. 

Ю.М. Лотман мен Тарту-Мәскеу семиотикалық мектебінің өкілдері көркем кеңістікті семиотикалық жүйе ретінде қарап, мәтіндегі кеңістіктің таңбалық құрылымына, мәдени кодтарына назар аударады. Лотманның айтуынша, көркем кеңістік – мәтіннің ішкі әлемін ұйымдастыратын және қабылдаушы санада бейнеленетін құрылым [3]. 

Б.Успенский [4] мен Г.Д. Гачев [5] сияқты ғалымдар көркем кеңістікті ұлттық дүниетаным мен менталитеттің көрінісі ретінде сипаттайды. Олар кеңістік құрылымының авторлық көзқарас пен мәдени контекстке тәуелді екенін атап өтеді. Ғалымдардың пікірінше, көркем кеңістік – шынайы өмірдегі географиялық не әлеуметтік кеңістіктерге сүйене отырып, авторлық қиялмен қайта өңделіп, субъективті бейнеге ие болатын көпқабатты құрылым. Сонымен қатар, ол уақытпен тығыз байланысты болып, туындының тұтас хронотопын құрайды. 

Осы теориялық тұжырымдар «Мұтылған» романының көркемдік кеңістігін талдауда маңызды әдіснамалық негіз бола алады. Ә. Байболдың романы кеңістік пен уақыттың бірлігін қамтитын күрделі хронотоптық құрылым ретінде көрінеді. Романда кеңістік тек өмір шындығын жеткізумен шектелмей, авторлық таным мен дүниетанымды айқындайтын көркемдік өріске айналады. Әсіресе, Жан Бодрийярдың симулякр мен гипершындық туралы идеялары бұл кеңістіктің мәнін тереңірек ұғынуға мүмкіндік береді. 

Ж. Бодрийяр постмодерн дәуірін шынайылықтың жойылып, белгілер мен бейнелер үстемдік ететін кезең ретінде сипаттайды. Оның пайымдауынша, қазіргі адам нақты болмыстан ажырап, таңбалар мен бейнелер әлемінде өмір сүреді. Мұндай жағдайда шынайы болмыс көмескіленіп, адамның ақиқат пен жалған арасын ажырату қабілеті әлсірей түседі [6]. Осы тұрғыдан алғанда, «Мұтылған» романындағы көркем кеңістік – тек өмір шындығының көркем көрінісі ғана емес, сонымен бірге гипершындық заңдылықтары бойынша құрылатын, көпқабатты көркем әлем ретінде танылады. Ж. Бодрийяр симулякрларды төрт деңгейге бөліп қарастырады: 

1. бірінші деңгей – шынайы болмыстың тура көшірмесі, 

2. екінші – шынайы болмыстың бұрмаланған көшірмесі, 

3. үшінші – шынайы болмыстың жоқтығын жасыратын бейне, 

4. төртінші – түпнұсқасыз бейне, яғни гипершындық [6, 78 б.]. 

«Мұтылған» романы кеңістігі осы деңгейлердің бірнешеуін қатар қамтиды. Ә. Байбол романдағы кеңістікті тек шынайы өмірдің көрінісі ретінде емес, мағынасы көп қабатты, постмодернистік сипаттағы күрделі гиперкеңістік ретінде құрастырады. Гиперкеңістікте өмір мен қиял, ақиқат пен елес арасындағы шекара жойылып, бір-біріне сіңісіп кеткен. Әсіресе, шығарманың негізгі оқиғалары өтетін «Т. ауылы» дәстүрлі елді мекеннен гөрі қазіргі қазақ қоғамының гипершындық моделі іспетті ерекше көркем кеңістікке айналады.

«Т. ауылының жұртының мінезі қызық, әпенделеу десек дөп түсеміз. Олардың қытығына тимесең мінезі жайлы, қонақжай, ашуландырып алсаң, қырсық, қыңыр, кертақыс, керісигіш. Т ның өз белдеуі, өз сағаты бар. Олар әр кез көңілді жүреді, мұңаятындар некен саяқ. Ауылдың толық атауы жоқ, жай ғана Т. «Қобыланды батыр» жырындағы «жоғары ерні көк тіреп, төменгі ерні жер тіреп...» деген әсірелеу «Т» әрпіне де келіңкірейтін секілді [1, 13 б.]». 

Романның бастапқы тарауларынан-ақ ауыл кеңістігі шынайы өмірге жақын көрініс береді. Мұрат есімді кейіпкер Kaspi банкінде жұмыс істейді, клиенттеріне телефон шалып, қарыздарын өтеуін талап етеді. Бұл көрініс қазіргі Қазақстан қоғамы үшін жақсы таныс, күнделікті өмірде жиі кездесетін жағдай. Алайда осындай тұрмыстық нақтылық біртіндеп символдық белгілермен, интертекстуалдық сілтемелермен қабаттаса келе, кеңістік көркемдік тұрғыда түрленіп, постреалистік сипатқа ие болады. Т. ауылының көркемдік бейнесі романда тек әлеуметтік-тұрмыстық кеңістік ретінде ғана емес, ақпараттық дәуірдің шындығын бейнелейтін ерекше мәдени орта ретінде көрініс табады. 

Ә. Байбол романда бүгінгі күннің цифрлық мәдениеті мен медиа кеңістігін шебер кіріктіреді. Мысалы, Kaspi банкімен байланысты жұмыс, қарыз туралы хабарламалар, ауыл ішіндегі жаңалықтардың чаттар арқылы таралуы – барлығы қазіргі ауыл өмірінің күнделікті шындығына айналған құбылыстар. Ауыл адамдардың өмірі мен қарым-қатынасының қалай өзгергенін, дәстүрлі ауызекі мәдениет пен цифрлық коммуникацияның қатар өмір сүріп жатқанын дәл көрсетеді. Қазіргі қазақ прозасындағы көркем кеңістіктің көпқабатты құрылымы – яғни, қазіргі заман кеңістігінің мифологиялық, фольклорлық және тарихи қабаттармен астасуы әдебиеттанушылардың назарын аударып отырған маңызды құбылыс. Аталған ерекшеліктер кеңістікті көп деңгейлі мағыналық өріске айналдырады. Ғалымдар бұл құбылысты әртүрлі қырынан зерттеп, өз пікірлерін білдірген. Әлібек Байболдың да «Мұтылған» романындағы кеңістіктің ең күрделі және маңызды ерекшеліктерінің бірі – оның көпқабатты құрылымы. Бұл құрылымды Юлия Кристева интермәтін теориясы арқылы кеңейтсе [7], Жерар Женетт мәтін ішіндегі мәтіндер (трансмәтіндік қатынас) ұғымы арқылы толықтырады [8]. Роман кеңістігі де осындай көпқабатты құрылыммен сипатталады. Мұнда қазіргі қоғам болмысы архетиптік бейнелермен, фольклор кейіпкерлерімен және ұлттық тарихи сана элементтерімен қатар өмір сүреді. Романда оқырманға бұрыннан таныс эпикалық кейіпкерлер - Алпамыс, Ер Төстік, Асан Қайғы, Ақжүніс, Қобыланды, Қарашаш, Гүлбаршын, Толағай, Шойынқұлақ бүгінгі ауыл өмірінде мүлде басқа қырынан көрінеді. Кейіпкерлер ұлттық фольклор мен эпостың тарихи-мәдени архетиптері ретінде танылса да, қазіргі ауыл кеңістігінде олар өздерінің түпнұсқалық болмысынан ажырап, жаңа мағыналық деңгейде қайта жасалады. Алпамыс – аға лейтенантқа, Ер Төстік – тергеуші, капитанға, Қарлыға мен Гүлбаршын– кәрі кейуананың тұлғасына айналған. Аталған трансформациялар Жан Бодрийяр сипаттаған симулякрлар жүйесіне толық сәйкес келеді. Бастапқы мазмұнынан айырылған, бірақ сыртқы бейнесі сақталған кейіпкерлер постмодернге тән таңбалық көшірмелерге айналады. 

Осы көркемдік өзгерісті Г. Гачевтің ұлттық кеңістік пен жад туралы пайымымен байланыстыруға болады. Зерттеуші былай деп жазады: «Халық – ең алдымен тірі тәндерден құралған қауым. Ол бір жерден екінші жерге көшіп-қонуы, қуғынға ұшырауы, тіпті бытырап кетуі мүмкін. Алайда соның өзінде ол – мәңгілік біртұтас болмыс ретінде сақталып, сол күйінде сезіледі» (Народ - это прежде всего тела людей… Народ может перемещаться, 161 изгоняться, рассеиваться - и все же быть и ощущаться как бессмертная целостность) [5, 22 б.]. Тұжырым романдағы эпикалық кейіпкерлердің өзгерген бейнесін түсіндірудің кілтіне айналады. Халықтың рухы мен тарихи жадынан қалған бұл кейіпкерлер тек сыртқы бейнелері мен белгілері арқылы ғана сақталған. Негізгі мағынасы көмескіленсе де, олар мәдени санадан жоғалған жоқ. Осылайша, романдағы эпикалық бейнелер – халықтың көркем жадында сақталған мәңгілік елес ретінде көрініс табады, бірақ осы елестер – символдық денеде ғана өмір сүретін, мазмұнынан ажыраған симулякрлар. 

Романдағы кеңістіктің маңызды қабаттарының бірі – ұлттық тарихи жадымен өрілген көркемдік өріс. Ә. Байбол шығармасында Алаш арыстарының бейнесі арқылы ұлттық сана мен рухани жалғастықты көркем түрде жаңғыртады. Мәтінге енгізілген Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұстафа Шоқай, Райымжан Мәрсеков, Барлыбек Сыртанов, Жаһанша Досмұхамедов сынды Алаш қайраткерлердің есімдері кездейсоқ алынбаған. Олар қазіргі кеңістікте рухани тұрғыдан жаңғырып, қайта үн қатуға мүмкіндік алған тарихи-мәдени тұлғалар ретінде бейнеленеді. Бір эпизодта басты кейіпкер автобусқа кірген сәтте жолаушылар кезек-кезек: 

«- Мен Әлиханмын! Мен Әлиханмын! Мен Әлиханмын! – деген еңселі еркектің зор дауысы анық естілді. 

- Əлихан көп қой, қайсысы? – деді əлгі төрдегі ақсақал галстугын түзеп. 

- Бөкейхан! Тура сол сәтте автобус іші жаңғырықтан жарыла жаздады, адамдар жан жақтан жамырады: 

- Мен Міржақыппын! 

- Мен Ахметпін! 

- Мен Жүсіпбекпін! 

- Мен Мұстафамын! 

- Мен Райымжанмын! 

- Мен Барлыбекпін! 

- Мен Жаһаншамын!» – деп, бірінен соң бірі Алаш арыстарының есімдерін атап шығады [1, 75 б.]. 

Шынайы және тарихи кеңістіктің арасындағы шекараның жойылуы көркемдік тәсіл арқылы беріледі. Алаш арыстарының есімдері қазіргі жолаушылар арқылы айтылғанымен, олар шынайы кейіпкерлер ретінде емес, тарихи жадтың көркем көрінісі ретінде беріледі. Автор осылайша көркем кеңістіктің символдық әлеуетін арттыра отырып, тарихты қазіргі болмыстың маңызды құрамдас бөлігіне айналдырады. Ұлттық жадының көркем тілмен қайта жандануын ғана емес, ұлт үшін маңызды рухани бағдарлардың бүгінгі өмірмен тығыз байланыста өмір сүріп жатқанын көрсететін эстетикалық амалға ұласады. Сонымен қатар, роман соңында Шәкәрім Құдайбердіұлы есімінің, сондай-ақ Саят қора мен Құрқұдық сынды нақты тарихи-географиялық орындардың аталуы да кездейсоқ емес. Бұл атаулар Мұтылған бейнесіне тарихи трагедия мен рухани тереңдік дарытады. «Бұл қай Мұтылған? Мұрат па? Шәкәрім бе? Т. ауылы ма? Саят қора ма? Құрқұдық па?» [1, 227 б.] деген риторикалық сұрақ кеңістіктің нақты шекарадан шығып, метафизикалық, философиялық хронотопқа айналғанын аңғартады. 

Көркем кеңістіктің берілу тәсілі оқырманды оны физикалық шеңберден тыс, ұлттық рух пен тарихи жадтың тоғысқан кеңістігі ретінде тануға жетелейді. Автобус ішіндегі эпизод жолаушылардың Алаш арыстарының есімдерін тізбектей айтуы көркем кеңістіктегі уақыт пен тарих, шынайы мен символдық әлемнің шекарасы жойылатын сәтті бейнелейді. Үзіндіде Алаш арыстары физикалық тұлға ретінде емес, ұлттық жадының мәдени кодына айналған символдар ретінде көрінеді. Яғни, әрбір есім естелігі бар құрылым. Ол оқырман санасында ұжымдық тарихи жадты іске қосады, ұлттық болмыс пен рухани жалғастықтың белсенді семиотикалық элементі ретінде қызмет етеді. Мұндай тәсілдің семиотикалық табиғатын Ю. М. Лотман дәл сипаттайды: «Мәтіннің әрбір жаңа бөлігі бұрыннан таныс кодтарды санада қайта жаңғыртып, соларға проекциялануы, осы арақатынас нәтижесінде жаңа мағына алуы және өз кезегінде бұрынғы таныс мағыналарға да жаңа реңк беруі тиіс...» [3, 15 б.]. Осы тұрғыдан алғанда, роман мәтініндегі әрбір есім, әрбір кеңістік атауы (мысалы, Құрқұдық, Саят қора, Шәкәрім) – мәдени-тарихи кодтардың қайта іске қосылуына алып келеді, ал оқырман оларды жаңа мағыналық мән ретінде қабылдайды. 

Романның тағы бір ерекшелігі – бас кейіпкер бейнесіндегі қарама-қарсы сипаттардың қатар берілуі. Бір жағынан – ол банк қызметкері Мұрат болса, екінші жағынан – шындықты іздеуші, Шәкәрімнің рухани ілімін жалғастырушы Мұтылғанның символдық кейпі ретінде көрінеді. Кейіпкердің қосарлы болмысы мен Шәкәрім шығармашылығының тығыз байланысы романның философиялық тереңдігін арттырады. 

Мұрат – бес баласы бар, банкте жұмыс істейтін, қарапайым ауыл тұрғыны. Ол – әрекетке бара алмайтын, үнемі ішкі күйзеліс пен ой арпалысына түсетін бейне. «Ой мен қиялдың адамы» [1, 12 б.] ретінде ол нақты өмірде дәрменсіз, бірақ елес әлемінде толыққанды тұлға ретінде көрінеді. Оның осы ішкі дүниесінің екінші қыры – Мұтылған. Мұтылған – әділет үшін күресетін, зиянды әдеттен ада, шешен әрі рухани биік тұлға. Екі бейне бірде бір-біріне қарсы қойылып, бір адамның екі түрлі болмысын бейнелейтін сипатта суреттеледі. Мұтылған көбіне Мұраттың санасында өмір сүретін, арман мен арұжданның көрінісіндей бейнеленеді. Бірақ ол тек елес қана емесМұраттың ішкі күшінің, өзгеруге деген ұмтылысының да символы. Осы жағынан Мұтылған – шындықтан тыс орналасқанымен, нақты болмысқа әсер ететін бейне. Бұл Жан Бодрийярдың симулякр туралы теориясымен үндес: яғни  Мұтылған – нақты түпнұсқасы жоқ, бірақ шындықтың орнына жүрген, өмірге ықпал ететін симулякр тұлға. 

Мұрат пен Мұтылған бейнелері арасындағы ішкі қайшылық қазіргі қазақ қоғамының да рухани бөлінісін айғақтайды. Бір жағында – күйбең тіршілікке батып, үнсіз қалған пенде, екінші жағында – ұлт рухын сақтағысы келетін биік арман иесі. «Екі болмыстың» бір денеде қатар өмір сүруі – шынайы мен шарттының, материалдық пен рухани, ішкі және сыртқы кеңістіктің бір-біріне қабаттасып жатқанын көрсетеді. 

Романда қазіргі қазақ қоғамының өзекті мәселелерінің бірі – жастардың жаппай шетелге көшу үдерісі көркемдік тұрғыда терең әрі бейнелі түрде суреттеледі. Бас кейіпкердің таныстарының Дубай, Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары секілді елдерге қоныс аударуы – бүгінгі көші-қон құбылысының шынайы әлеуметтік көрінісін бейнелейді. Алайда автор бұл құбылысты тек нақты деректермен шектелмей, оны символдық және философиялық деңгейде пайымдайды. Осы тұрғыда Асан Қайғы бейнесінің енгізілуі – көркемдік жағынан ұтымды әрі мазмұндық жағынан терең шешім. Асан Қайғы – қазақ әдебиетінде әділетті қоғам мен үйлесімді тіршілікті аңсаудың символына айналған тұлға. Романда оның аузымен айтылатын: «Мен Жерұйықты іздеп жүрмін. Ол мекен туралы көп естігем... Қылмыс, ауру-сырқау, ұрлық-қарлық, өтірік-өсек деген атымен жоқ» [1, 193 б.] – деген жолдар бүгінгі жастардың арман-үмітімен үндеседі. Яғни, Жерұйық бейнесі утопия ретінде ғана емес, нақты өмірдегі теңдікке, тыныштық пен қауіпсіздікке ұмтылудың көркем метафорасы ретінде көрініс табады. Жастардың әлеуметтік әділетсіздік, теңсіздік, болашаққа деген сенімсіздік сияқты себептермен өзге елдерге кетуі – Асан Қайғының Жерұйықты іздеуімен мазмұндық жағынан параллель құбылыс ретінде беріледі. 

Бүгінгі жастар да өз Жерұйығын нақты географиялық кеңістіктен емес, әділет, мүмкіндіктер мен еркіндікке негізделген қоғамнан іздейді. Осы тұрғыда «Жерұйық» төртінші деңгейлі симулякрге айналған. Ол бастапқы түпнұсқалық мағынасынан ажырағанымен, адамдар санасында сақталған идеал ретінде өмір сүріп келеді. Жастардың бұл бейнеге ұмтылысы – бос қиялдың жетегіне ерген әрекет емес, қайта шынайы өмірде әділеттілік пен еркіндікке қол жеткізуге бағытталған саналы талпыныс. 

Романда интермәтінділік тәсілі де кеңінен қолданылған. Құран аяттары мен сүрелерінен бастап, Махамбет, Абай, Шәкәрім, Мұқағали Мақатаев, Әбіш Кекілбай, Есенғали Раушанов, Бақыт Беделхан, Әділ Ботпан, Тұрысбек Сәукетай, Айнұр Төлеу сынды ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінділер беру – мәтіннің мағыналық көпқабаттылығын арттыратын символдық тәсіл. Интермәтіндерді кіріктіру арқылы автор ұлттық тарихи, мәдени жадыны жаңғыртуды мақсат етеді және қазіргі қазақ қоғамының рухани ахуалын философиялық тұрғыдан пайымдауға талпынады. 

Ю. Кристеваның пайымдауынша, «Кез келген мәтін - цитаталар мозаикасы; ол басқа мәтінді сіңіріп, түрлендіреді», яғни жаңа мәтін бұрынғы мәтіндермен байланыса отырып, өзіндік мағына қалыптастырады. Сонымен қатар зерттеуші: «Басқа бір шығарманың поэтикасын көркемдік құрылымға ашық (эксплицитті) немесе жасырын (имплицитті) түрде енгізіп, өз мақсатына сай қайта кодта» - авторлық интерпретация мен шығармашылық еркіндіктің көрінісі» екенін атап өтеді [7, 314 б.]. Мұндай тәсіл фольклор мен классикалық мәтіндердің элементтерін қазіргі әдеби кеңістікпен сабақтастыра отырып, оларды жаңа мазмұнмен қайта тірілтуге жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда, интермәтіндер арқылы ұсынылатын бейнелер мен поэтикалық формалар өздерінің бастапқы тарихи-когнитивтік негізінен алыстап, жаңа контексте симулякр сипатында көрініс табуы мүмкін. Яғни, фольклорлық немесе діни мәтіндердің репрезентациясы шынайы түпнұсқаның көркем көшірмесіне айналып, өз болмысынан гөрі оның таңбалық елесін бейнелейді. 

Қорытындылай келе, «Мұтылған» романындағы көркем кеңістік – фольклор, миф, ұлттық тарих және қазіргі ауыл болмысы қатар өріліп, бірбірімен қабаттасатын күрделі палимпсестік құрылымға айналады. Роман кеңістіктігіндегі мазмұн көбіне нақты тарихи немесе шынайы болмысты тікелей көрсетуге емес, солардың көркемдік белгілері мен бейнелері арқылы жанама түрде ұсынылуына негізделеді. Нәтижесінде кеңістіктің өзі де симулякрлық сипат алады: мұндағы оқиғалар мен кейіпкерлер бейнесі өз түпнұсқасынан алшақтап, көркемдік тұрғыда өңделген, шартты көшірме ретінде өмір сүреді. Мұндай тәсіл – қазіргі қазақ прозасындағы эстетикалық трансформацияның айғағы әрі симулякрлар арқылы жаңа көркем әлем құруға деген ұмтылыстың нақты көрінісі. 

*Мақала ҚРҒЖБМ Ғылым комитеті қаржыландыратын AP25796591 «Қазақ прозасындағы симулякр (тәуелсіздік кезеңі бойынша)» ғылыми жобасы аясында жазылды. 

 

Әдебиеттер тізімі

1. Байбол Ə. Мұтылған. Метароман. – Алматы: Alqa Publishing, 2024. -232 бет 

2. Бахтин М. М. Формы времени и хронотопа в романе: Опыты исторической поэтики // Бахтин М. М. Вопросы литературы и эстетики. – М.: Художественная литература, 1975. – С. 234–407. 

3. Лотман Ю. М. Структура художественного текста. – М.: Искусство, 1970. – 384 с. 

4. Успенский Б. А. Поэтика композиции: структура художественного текста и типология композиционных форм. – М.: Высшая школа, 1983. – 159 с. 

5. Гачев Г. Д. Национальные образы мира. – М.: Советский писатель, 1988. – 400 с. 

6. Бодрийяр Ж. Симулякры и симуляции / Ж. Бодрийяр ; [пер. с фр. А. Качалова]. — М.: Издательский дом «ПОСТУМ», 2015. — 240 с. 

7. Женетт Ж. Палимпсесты: литература во второй степени / Ж. Женетт. - М. : Наука, 1982. - С. 213 

8. Кристева Ю. Семиотика. Поэтика. — М.: Академический проект, 2004. — С. 428

 

Сарсембаева Сымбат Армановна,

PhD, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия 

ұлттық университеті

қазақ әдебиеті кафедрасының 

постдокторанты

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan