Достығы дарынменен тоғысқан

«Абай жолы» романының әлемдік даңқы 1945 жылдан басталды, себебі оның бірінші кітабын көрнекті кеңес жазушысы, публицист Леонид Соболев қазақ тілінің білгір мамандары Анна Никольская, Темірғали Нұртазинмен бірігіп орыс тіліне тәржімалады, мұның арты дүние тілдеріне аударылуға ұласты. Бұған дейін Әуезов пен Соболевтің «Абай» драмасын, «Эпос и фольклор казахского народа» еңбегін бірге қолға алғандары аян. Сол Соболевтер секілді Гринько «Абай жолын» украин оқырманына таныстырмай тұрып, Әуезовтің кеңес оқырманы қауымы үшін жай әшейін адам еместігін ескере білген.

27

Достығы дарынменен тоғысқан - adebiportal.kz

Мұхтар Әуезов туралы бүгінгі берілер естеліктің авторы — украин жазушысы Дмитро Гринько. Ол М. О. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын украин тіліне алғаш болып аударғандардың бірі.

«Абай жолы» романының әлемдік даңқы 1945 жылдан басталды, себебі оның бірінші кітабын көрнекті кеңес жазушысы, публицист Леонид Соболев қазақ тілінің білгір мамандары Анна Никольская, Темірғали Нұртазинмен бірігіп орыс тіліне тәржімалады, мұның арты дүние тілдеріне аударылуға ұласты. Бұған дейін Әуезов пен Соболевтің «Абай» драмасын, «Эпос и фольклор казахского народа» еңбегін бірге қолға алғандары аян. Сол Соболевтер секілді Гринько «Абай жолын» украин оқырманына таныстырмай тұрып, Әуезовтің кеңес оқырманы қауымы үшін жай әшейін адам еместігін ескере білген.

Оның Мұхтар Омарханұлымен жазысқан хат мұраларының бір парасы төмендегідей, соларды зер салып оқып көрелікші:

«Дорогой Мухтар Омарханович! По поручению Гослитиздата Украины я работаю над переводом Вашего романа «Путь Абая» на украинский язык. Убедительно прошу сообщить какое издание на русском языке Вы считаете наиболее удачным, на которое следует и мне равняться.

С товарищеским приветом Дм. Гринько» (хат 1954 жылы 8 маусымда жазылды; М. О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі. Алматы, «Ғылым», 1997, 485-бет)

1957 жылы 8-17 наурыз аралығында жазған хаттарынан үзінді:

«Уважаемый Мухтар Омарханович! Поскольку на Украине уже вышли в переводе Ваши две книги об Абае, желательно было бы издать и последнюю — третью — «Конец Абая». По моему предложению, Гослитиздат планирует издание Вашего труда…» (сонда, 569-б.)

Мұқаңның қашан әрі қандай мазмұндағы хат жібергенін төмендегі мына бір хаттан (1957 жылы 3 сәуірде жазылған) долбарлай аламыз:

«Многоуважаемый Мухтар Омарханович! Спасибо за ответ. Однако у меня к Вам большущая просьба: по мере готовности перевода, присылайте мне рукопись частями. Это значительно ускорит процесс производства и выпуск книги. Желательно, чтобы мы издали на украинском языке параллельно с Москвой, которая будет печатать роман в журнале. И еще один вопрос. До сих пор я полагал, что Вы написали об Абае трилогию. Но вот на днях «Литературная газета» сообщила, что Ваш роман имеет четыре части. Не сочтете ли Вы за труд разъяснить мне истину.

Был бы очень благодарен Вам за присылку мне «Конца Абая», вышедшем, по сообщениям печати, на родном языке — казахском. А как обстоят дела с изданием на русском языке отдельной книжкой?

Еще раз прошу извинить за беспокойство. Крепко жму руку.

Дм. Гринько» (сонда, 573-б.).

1958 жылы 26 қаңтарда “Абай” романы кітабын алғандағы хаты:

«Многоуважаемый Мухтар Омарханович! Наконец я получил рукопись Вашей новой книги об Абае. Усердно начал работать над ней, так как Гослитиздат Украины «нажимает», учитывая, что договором обусловлен Срок, истекший в прошлом году. Чтобы не ущемить Ваши авторские права, я убедительно прошу Вас завизировать посылаемые Вам странички. При желании я могу познакомить Вас со всей рукописью...

Жду с нетерпением Вашего письма.

С коммунистическим приветом Дм. Гринько»(сонда, 620-б.)

Бұндағы хаттардан «Абай жолының» жалпы құрылымының ғана емес, тілдік, мазмұндық ерекшеліктерін аса ескере отырып, автормен хат түрінде кеңескенін, әріптес ретінде ақыл сұрағанын және де Әуезовтің украин інісіне деген ағалық қамқорлығын айқын аңғара аламыз.

Хаттар жазылғаннан кейін де Д. Гринько М. Әуезовпен кездесіп, ұзақ әңгімелескен. «Літературна Украіна» газетінің 1977 жылғы 27 қыркүйекте шыққан №77 (3499) санының 2-бетіндегі түпнұсқа тілінен қазақ тілінде тұңғыш ұсынылатын естелік осыны қысқа-нұсқа да болсын, егжей-тегжейлі баяндамақшы.

Мұндағы жазылған жолдар — көрнекті кеңес қаламгері, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Омарханұлы Әуезов туралы ойлап-толғап әрі жазуға тұрарлық нәрселердің тек шағын бір парасы ғана.

Әрқайсымыз ұлы суреткерлермен алғаш жүз көрістік. Кез-келген осы жүздесулер өмір бойына есімізде қалады. Маған Қазақстан жазушыларының IV және V съездеріне қатысу мүмкіндігі бұйырды. Олардың алғашқысына М. Әуезовтің өзі қатысты (бұл жерде ол 1959 жылдың 9-11 наурыз күндерін меңзеп отыр — аудармашы). Сол шақта оның әйгілі романының украин тіліндегі аударма нұсқасы жарияланған, әлбетте, мен “автор не ойлайды екен” деп алаңдап та жүрдім. Мен оның аудармашыларға деген әсте талапшылдығымен таныспын. Оларды тек сөзбе-сөз аудармашылар көрмей, баспа тапсырысын орындаушылар есепті көретін.

Орыс тіліне аудару уағында Әуезовтің аудармашыны өз қалауымен алмастыруға мәжбүр жағдайы болған-тын...

Біздің кездесуімізден бері өткен он сегіз жылдық аралықта Әуезов есімде магний жарқылындай жаңғырып жатыр. Міне, ол менің алдымда тірі, көрнекі келбетті, тартымды жан бейнесінде. Биік те ойшыл біткен басы бар және әдемі, әнтек толықтау келген ерінді.

Ол өзін қарапайым қалыпта ұстайтын... Және бәлкім, бұл шынайы ұлылықтың ерекшелігі — осы асылзадалық, осы қарапайымдылық болар!

Қонаққа пейілі өте кең Мұхтар Омарханұлы мені үйіне қонаққа келуге шақырды. Міне, мен оның Абай даңғылындағы тарау-тарау еңселі теректері бой түзеген №157 үйдегі кабинетіндемін. Үлкен терезелерде мол жайылған күн сәулесі шағыл қаққан. Жазу үстелінің кең жиегінде — дарқан дала азаттығының нышаны — бүркіттің мүсіні. Дәл осы үстелде латыш тілшісі Жан Легздинь бізді суретке түсірді.

Мұхтар Әуезовтің айналасына қызықты, дарынды, жаны сұлу сан алуан адам топтаса жиналды. Оларды қалай табуды білетұғын.

Әуезовті Ш. Айтматов, Ә. Нұрпейісов, Ә. Әлімжанов, О. Сүлейменов ұстаз тұтып, ризашылықпен еске алады...

Тек олар ғана емес, бүкіл Орталық Азияда да Әуезовті құрметпен «Мұхтар аға» деп атайды. Әуезов абайтану және қазақ фольклоры курсынан сабақ берген студенттер жыл сайын Әуезовтің дәстүрлі күнін 24 желтоқсанда атап өтеді. 1960 жылдың дәл осы күнінде олар жазушымен — сүйікті профессорларымен соңғы рет кездесті.

М. Әуезовтің қонақжай үйіне ғалымдар, актерлер және партия қызметкерлері келетін. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде ол сайлаушыларымен байланысып тұратын, адамдар Әуезовке жеке сөйлесу менен хат арқылы, кейде әдебиет төркініндегі өткір мәселелер бойынша жүгінісетін. Әуезов шығармашылық және өзге де істермен айналысып, достары мен жолдастарының ортасында өмір сүрді, әртүрлі комиссиялар мен талқылауларға қатынастық білдірді.

Әдебиетте тек ұлы жазушының көркемдік шеберлігін ғана емес, шынайы адамның да бар екенін білу бәр-бәрі үшін қуанышты. Өйткені, талант тек оның нақты, көркемдік көрінісі ғана емес. Талант — бұл үлкен адамгершілік, ақыл-ой және адамдармен қарым-қатынастың саф тазалығы.

Әуезов шынымен де ақылды еді, бірақ бар қарапайымдылығына қарамастан, ол әдепсіздік дегенді білмейтін. Оның достыққа деген таңғажайып таланты болатын. Онымен бірге болу жағымды және қызықты боп қалатын. М. Әуезовпен кездесуім жылы да шынайы өтетін, біз бір-бірімізді көптен біліскендей едік. Менің кітапқа деген құштарлығымды білген ол маған кітап сөрелерін көрсетті, кітапханасымен таныстырды, содан кейін бір сөрені аша, «Абай» романының екі томдық нұсқасын алды да, достық қолтаңба жазып қалдырып, маған тапсырып бергенде, оны басқа қонақтарға көрсетпеуімді ескерте айтқан бойында, 60 жасында енді оның артық даналары жоқ дейді...

Әуезов сан алуан оқырман санасында, санұлтты әдебиетіміздің мүддесін көздеушілер есінде әрдайым сақталмақ.

Бекжан Бектенбай

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan