Ақын Өмірзақ Қожамұратовтың жыр жинағы жарық көрді
Қазақ әдебиетінде тағдыры күрделі, жырлары терең қаламгер аз емес. Солардың ішінде көзінің тірісінде аты көп аталмай, өмірден өткесін де көңілден көшкен қазақтың бір дарынды ақыны болса ол – Өмірзақ Қожамұратов болар.
Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ақынның туғанына 90 жыл толуына орай «Далама сыр» атты көлемді жыр жинағының таныстырылымы өтті. Әдеби кешті «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» ұйымдастырды.

Кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылық жолы сөз болып, оның қазақ поэзиясындағы өзіндік орны туралы пікірлер айтылды. Өмірзақ Қожамұратовтың әдеби мұрасын қайта жаңғыртып, кейінгі буынға таныстырудың маңызына да ерекше назар аударылды.
«Қожамұратов десе елеңдемейтін ақын жоқ»
Өмірзақ Қожамұратов – өткен ғасырдың орта тұсында Өзбекстан жерінде өмір сүріп, қазақ поэзиясына өзіндік үнімен келген ақын. 1936 жылы 6 наурызда Бұқара облысының Тамды ауданында дүниеге келген қаламгердің алғашқы өлеңдері 1950 жылдардың соңында мерзімді баспасөзде жариялана бастады.
Ол Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев сынды талантты ақындармен қатар әдебиетке келіп, өз өрнегін қалыптастырды. Ақынның «Жиделібайсын», «Таңғы дауыс», «Жол аяқталмайды», «Ой кешу», «Күн астында – құдірет» секілді жыр жинақтары жарық көрді.

Өз дәуірінде Өмірзақ Қожамұратовтың ақындығын аға буын да жоғары бағалаған. Белгілі ақын Әбділда Тәжібаев оның алғашқы жырларынан-ақ таланттың табиғатын танып, «Өмірзақ арналы да ойлы лирик болатын нышан білдіреді» деп пікір білдірген.
Ал Мұқағали Мақатаевтың ақын тағдырына алаңдап жазған сөзі бүгінде ерекше мәнге ие.
«Өмірзақ мықты ақын. Солай бола тұрса да осы пақыр әзірге пойызға билетсіз мінген жолаушы тәрізді... Өз құрбыларының қатарынан орын тимей-ақ қойды осыған, бірде біріміз оған кел деп те, кет деп те ниет білдіре алмадық. Мынау барың, мынау жоғың демедік. Бұған Өмірзақ тұрарлық еді.
Ақын да адам. Оның шығармашылық тағдырына да бір ауыз көңіл аударған жөн ғой дейміз. «Ақындарды аялау керек!» деген Маркс сөзі бар. Өмірзақ та аялауды қажет етеді… Ол Бұқардан қалған сынық қой…»

Өтежан Нұрғалиев те ақынның тағдырына тоқталып: «Ақынның қалай ұмытылатынын, қалай сұраусыз кететінін осы Өмірзақтың тағдырына қарап білуге болады. …Төлеген осы Қожамұратовтың бастаған жолымен жүрді. Ал қазіргі уақытта Айбергеновтен бұрын тағы бір «Айбергенов» шыққан деп ешкімге дәлелдей алмайсың. Державин болмаса Пушкин Пушкин болмас еді. Ауыз әдебиетінен өсіп шыққан ақындардың бір нұсқасы Қожамұратов еді. Ол да әдебиет әлемінен жоғаоған элемент, я болмаса жұлдыз сияқты ағып кетті. Бірақ Қожамұратов десе елеңдемейтін, оның аруағына бас имейтін ақын жоқ», – деген еді.
Бұл пікірлердің астарында бір өкініш бар. Ол – өз заманының талантты ақыны бола тұра, Өмірзақ Қожамұратовтың әдебиеттегі лайықты орнын толық ала алмауы.
Поэзияға өзгеше өрнек алып келген ақын
Өмірзақ Қожамұратовтың ақындық қуаты туралы сөз қозғаған сыншы, әдебиетші Амангелді Кеңшілікұлы оның поэзиясы өз қатарластары мен кейінгі буынға қалай әсер еткенне тоқталды.

Қазақ әдебиетінде ерекше өлең жазып қана қоймай, өз қатарластарына, кейінгі буынға әсер еткен ақындар бар. Алайда олар көп емес. Сол саусақпен санарлық санаулы ақынның арасында Өмірзақ Қожамұратовтың да есімін атауға болады. Ол тек сезім мен көңіл күй лирикасы, ұтқыр ой айту жағынан ғана емес, өлеңдегі форма тұрғысынан да поэзияға үлкен жаңалық әкелді. Осыдан біршама уақыт бұрын ақын Аманхан Әлімұлы бір әдеби жиында Өмірзақ Қожамұратовтың шығармашылығы туралы айта келіп, оның Мұқағали Мақатаевтың поэзиясына да әсер еткені жөнінде пікір білдірді. Сол кезде біраз қаламгер бұл пікірді қабылдай алмады. Тіпті ренжігендер де болды. Меніңше, әдебиетте ақындардың бір-біріне әсер етуі – табиғи құбылыс. Бірақ мәселе сол әсерді қабылдап қана қоюда емес, одан поэзияны биік деңгейге көтере алғанында. Әлем әдебиетіндегі ең мықты ақындардың өзіне әсер еткен қаламгерлер болған. Бірақ олардың есімдері уақыт өте елеусіз қалып жатады. Сондықтан Өмірзақ Қожамұратовтың ықпалы жалғыз Мұқағалиға ғана қатысты емес деп ойлаймын. Оның Жұмекенге де, Өтежанға да әсер еткені байқалады. Мәселен, Жұмекеннің туған жер тақырыбындағы жырларынан, ал Өтежанның кейде өткір жазып, сөзді тіліп түсетін тұстарынан Өмірзақтың ықпалын аңғаруға болады.
Ал Өмірзақ Қожамұратов сыршылдығы мен еркіндігі жағынан Төлеген Айбергенов сынды замандастарымен қатар тұратын ақын. Бірақ насихатының аздығынан ұмытылып, оқырман санасынан өшіп бара жатқан қаламгерлердің бірі. Сондықтан оның шығармашылығын насихаттауды тоқтатпау керек, - деді Амангелді Кеңшілікұлы.

– Өмірзақ Қожамұратовтың қазақ поэзиясында ерекше орны бар. Ол өзгеше өрнек алып келген ақын. Өлеңдерінен өзінің табиғаты, болмысы көрініп тұрады. Сөздері мөлдір бұлақ секілді атқылап жатады. Өз кезінде күллі әдебиет қауымын елең еткізген талант болды. Өкінішке қарай, әдеби ортаның мойындағанына қарамастан, Мұқағали ағамыз айтқандай, «пойызға билетсіз мінген жолаушы» секілді өз орнын ала алмады. Лайықты бағаланбады, дәріптелмеді. Әлі күнге дейін еңбегі дұрыс бағаланып, қоғамдық ортада кеңінен насихатталып келеді деп айта алмаймыз. Оның ұлы мұрасын дәріптеу – бүгінгі ұрпақтың борышы деп білемін, – деді Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы.
Ақын Тоқтарәлі Таңжарық Өмірзақ Қожамұратов есімімен студент кезінен таныс екенін айтты.

Алматыдағы студенттік кезімізде өз арамызда мықты ақындардың жоқ дегенде бір өлеңін жатқа оқитынбыз. Сондай кездердің бірінде бір жігіт керемет бір өлең оқыды.
Сен саудаңды мақтадың,
Біле білсең пайда деп.
Мен тауларды мақтадым.
Таудай болу қайда деп.
Сен ақшаңа қарадың,
Қолыңда бар алаң.
Мен бақшама қарадым.
Гүл шоғынан нәр алам.
Сен жұмыстан қудырам деп киліктің.
Биліктің барына сендің.
Ал, мен отты өлең тудырам деп күйліктім.
Өйткені арыма сендім.
Сен бастығыңды айттың,
Жағынып жалпаңдайтұғын.
Мен жастығымды айттым.
Тауларды талқандайтұғын.
Сен шыбындай жаның үшін
Сатылып кеттің.
Ал, мен аққудай арым үшін
Атылып кеттім.
Бірақ, сен ұмытпа.
Ақылдан адасқандардың
Ажалдан адаспайтынын.
Тақ үшін таласқандардың,
Табытқа таласпайтынын.
Маған ерекше ұнады. “Бұл – Өмірзақ Қожамұратов деген ақынның өлеңі” деді. Сол кезден бастап ағамыздың өлеңдерін іздеп жүріп оқитын болдым. Бірақ неге екенін қайдам, бір ақынның кітабын бірнеше мәрте басып шығарып жататын баспалардан дәл осы Өмірзақ Қожамұратовтың кітаптары шықпайтын. Бәлкім кітаптары жиі басылып, өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер, эсселер жазылу керек шығар, - дейді Тоқтарәлі Таңжарық.

Жинақты құрастырған Қали Жолдасов ақын шығармаларын студент кезінен жинағанын айтады.
«Ақынның өлеңдерін студент кезімнен жинадым. Тірі кезінде көлемді жинақтары жарық көрмеген еді. 2009 жылы ақынның 250-ге жуық өлеңін жинап, «Сезім сәттері» деген кітап шығардым. Ал биыл 90 жылдығына орай 400-ге жуық өлеңін жинап, «Далама сыр» деген атпен құрастырып, оқырман қауымға ұсынып отырмыз», – деді Қали Жолдасов.
Құрастырушының айтуынша, кітап сатылымға шығарылмайды. Жинақ еліміздің өңірлеріндегі кітапханаларға тегін таратылады.

«Далама сыр» – ақынның туған жерге, елге, табиғатқа, адамға деген сырлы сезімін, ішкі толғанысын тоғыстырған көлемді еңбек. Жинақтың жарық көруі – бір ақынның ғана мұрасын жаңғырту емес, әдебиет тарихында өз бағасын толық ала алмай кеткен талантты қайта танытуға жасалған қадам.

Жалпы, Өмірзақ атын асқақтатып айтуға болатын ерекше ақын. Сондықтан да оның шығармашылығын әлі де зерттеп, талдап, кең көлемде насихаттай жүруіміз керек.
ӨЛГЕНДЕР ҚАЙТЫП КЕЛЕДІ
Желбіреп жасыл желегі,
Балауса балдыр
Балғын көк.
Өлгендер қайтып келеді,
Орман боп,
Жасыл шалғын боп,
Қабылдап күннің ыстығын,
Өлгендер қайта жаңғырып,
Түсіне білсең, құс тілін,
Айтады жырын мәңгілік.
Шіріген дене, дүние-ай,
Топырақ болып айтады ән.
Жәндік боп,
Шөп боп,
Әйтеуір,
Жаратылуы рас қайтадан.
Адам ба, шөп пе, аңдар ма,
Сапарын жолда тауысқан.
Көз тігіп келер таңдарға,
Басқа бір күйге ауысқан.
Тіршілік қаулап құлпырып,
Күн сөнбей ешкім өлмейді.
Жүрегім – бұлбұл
бұлқынып,
Жыр етпей тыным көрмейді.
Жүрегім, миым шынында,
Нұрына Күннің байланып,
Көздердің қарашығында,
Тұрады әлем айналып.
