«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы хақында
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы толғау» кітабы: «Әрбір саналы адам өткеніне ойша көз жіберіп, өмір жолындағы іс-әрекеттерін ата-анасының берген ақ батасымен салмақтап, таразылайды. Мен де солардың бірімін. Сондықтан көп жылдар бойғы ой-толғауларымды тұжырымдап, қағаз бетіне түсіріп, әке-шешем туралы әңгімелеп беруді жөн көрдім», - деп басталады. Бұл кітапта Мемлекет басшысы өзінің ата-анасы, өскен ортасы, жазушы Кемел Тоқаевтың шығармашылық жолы туралы баяндалады. Ескі альбомдағы суреттер сөйлейді. Яғни «Әке туралы толғау» – ғұмырбаяндық сипаттағы, естелік кітап. Қалың оқырман бұл кітапты жылы қабылдаған болатын.
Тамыз айының басында оқырманның қолына Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жаңа кітабы тиді.
Жаңа кітаптың аңдатпасында «Бұл жинаққа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әр жылдары саясат сахнасында қазақ және орыс тілдерінде айтқан таңдаулы сөздері енгізілді» деп жазылыпты. Иә, бұл да ертеден бар дәстүр. Әлем тарихында өзіндік орны бар данышпандар мен ел бастаған көсемдер мен қайраткер тұлғалардың таңдаулы сөздері жинақталып, басып шығарылып жатады. Мұндай туындылар әуелі өз мемлекеті халқының, одан соң жалпы адамзаттың игілігіне айналып жатады.
Бұл кітапта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың біздің мемлекетіміз өмірінің күллі тыныс-тіршілігіне қатысты сонау 1994 жылдан бергі мұқияттап тұжырымдап жүрген ойлары мен кеңестері, естеліктері мен ой-толғамдары айтылған, жазылған уақыты, орнына дейін көрсетіліп, жинақталып берілген.
Жиырма бір тақырыптық бөлімге бөлінген бұл кітапта қамтылған тақырыптардың барлығы туралы егжей-тегжейлі талдау-талқылау мүмкін де емес шығар. Дегенмен оны оқи отырып, өз-өзіміз ой қорытқанымыз дұрыс болмақ. Кітапта Мемлекет басшысы тоқталған кейбір ой-пікірлерді қарастырып өтелік.
Елдің ертеңі болушы бүгінгі ұрпақ тәрбиесі – қашан болмасын, алаң боларлық мәселе. Әсіресе үлкен-кіші бүгінгі телефонға телмірген заманда. «Бүгін саналы ұрпақты тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз.» Бұл – атам қазақтың «Не ексең, соны орасың» немесе «жақсы бала әкесінің басын төрге сүйрейді, жаман бала көрге сүйрейді» деген мақалдарымен үндесіп жатқаны анық. Бүгінгі ұрпағымыз оқу-білімге құштар, ізденімпаз, саналы болып өссе, әрине еліміздің ертеңі жарқын деген сөз.
Ол үшін жас ұрпақты кешегі аға ұрпақтың жарқын дәстүрімен тынымсыз білім алуға, еңбек етуге, қоғамға, дәуірге сай адам болуға баулығанымыз абзал. Мемлекет басшысы да: «Еңбек адамы – ел байлығы», - деп осыны меңзеп отыр. Өз мамандығының кәсібінің лайықты иесі, жауапты да білікті адам ғана елдің рухани-материалдық байлығын еселей алмақ.
Кітапта ұлтымыздың ұлы тұлғаларына қатысты ойлар да молынан жинақталған. Қазақтың бас ақыны, ойшылы Абай өз заманында жазған өлеңдері мен қарасөздерінде өз ұлтының бойындағы түрлі кемшіліктер мен қоғамды кері тартар келеңсіздіктерді ашына сынаған болса, мұның өзін біз қазақты жек көргені емес, жаны күйіп, жақсы болса екендігі деп білеміз. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы: «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты», -дейді.
Президенттің төмендегі ой-пікірінде кезінде Абай айтып-ескертіп өткен бес дұшпаннан қашық болуға үндеу жатыр: «Бізге, Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басып, әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптай білуіміз қажет. Тұрақтылық пен дамуымыздың кепілі болған татулық пен бірлікті бәрінен жоғары қойған абзал. Мемлекет мүддесін көздесек, әуелі сабақтастық сақталып, төгілген тер мен атқарған еңбектің далаға кетпеуін ойлайық».
Қазіргі жаһандану дәуірінде бір адамның, белгілі бір топтың немесе өңірдің, тіпті мемлекеттің томаға-тұйықтық, өзімен өзі өмір сүруі мүмкін емес. Батыс пен Шығыс, алыс пен жақын елдер бір-бірімен аралас-құраластықты барынша жолға қойғанда ғана дамудың даңғыл жолына түсе алатынын анық сезініп, осы жолда өзара бәсекеге түсуде. Мәдени, рухани, қаржылық ресурстар т.б. тұрғысындағы бұл бәсекелестікке төтеп беру, сол арқылы өз бет-бейнемізді, бағытымызды айқындау үшін байыпты сараптау, салқынқандылық, тұрақтылық пен татулық сақтауға деген ұмтылыс-ниет керек-ақ, әрине. Сонда ғана: «Халқы мықты ел ғана қуатты мемлекет құра алады». Халқымыздың басынан өткен қиын-қыстау замандарды еске алып, ұрпақ жадында жаңғырту дұрыс, әрине. Бірақ кешегі замандарда халықтың басынан өткен қаралы күндерді үнемі жадымызда жаңғырта берудің, өсер жасты жасытатын мұңлы дүниелерді айта берудің қажеті қанша деген ойды айтады: «Мұңды халық ешқашан бақытты, табысты болмайды. Бұл да – өмір заңы және ақиқат.» Әр нәрсенің өз шегі бар ғой, рас. Мемлекет басшысы: «Өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды», - деп тұжырымдайды. Расымен де осы біз сонау арғы дәуірлерде өткен тирандарды немесе рудың, тайпаның локальді жырын жырлайтын кейбір кейіпкерлерді кейіптеп кумирлендіруден не ұтамыз, осы заманда? Бұл – әрине, өткеннің бәрін ұмытуға болады деген сөз емес. Елдің тарихы, ұрпақтас сабақтастығы заманға сай насихатталуы, жалғасуы тиіс. Қазақ елінің тыныштығын бұзғысы келетіндер жоқ деуге де болмайды. Сол үшін де, Президентіміз айтқанындай: «Біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек». Өйткені: «Елдікті бұзу, бірлікті шайқалту, бұл – заң алдында қылмыс, Құдай алдында – күнә».
Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған – құл болмайды» деген тамаша сөзі бар ғой. Иә, біздің халқымыз – заңға, тәртіпке бағына білген халық. Мемлекет басшысы бұл туралы: «Қазақ халқы – қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет», - деп атап көрсетеді. заңға бағыну дегеніміз – тәртіп. «Заң үстемдігін орната алмаған ел түбінде құрдымға кетеді», - деп тұжырымдайды.
Біз қазіргі күні алға үлкен мақсат қойған, бәсекеге қабілеті зор, әлеуетті Қазақстанды құрудамыз. Осы жолда зор табыстарға жететінімізге сенімдіміз. Болашақ қоғамның даму бағытын айқындаушы индикаторлардың бірі ЖИ-ді меңгеру, игіліктену бойынша да көп істер атқарылып жатыр. Президентіміздің: «Жасанды интеллект заманына бейімделе білген, соған қарап тіршілігін түзген, тіпті жаңа үдерістерге нақты әрі белсене қатысқан елдер ғана табысқа жетпек» немесе «Бүгінгі заман – білектінің емес, білімдінің, яғни ақыл-ой бәсекесінің заманы» деген тұжырымдарын бүгінгі жас ұрпақ әрқашан есте ұстаса дейміз.
«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының жалпы мазмұндық сипатын филолог ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы былай деп тамаша сипаттаған екен: «Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағына енген ойлары төрт сипатымен ерекшеленеді. Біріншісі – қысқалығы мен нұсқалығы. Екіншісі – пайымының мұқият қалыптануы. Үшіншісі – тіліндегі және жеткізудегі айқындылық. Төртіншісі – салмақтылық пен байсалдылық.
Кітапта Президент қанатты сөздерінің ұлт сапасынан келешектегі даму міндеттеріне дейін, мемлекеттік құндылықтардан адами ұстанымға дейін жүйеленуі – оқырман олжасы.»
Президентіміздің кітабы туралы бұл қысқаша тоқталуымыз – оқырманды жаңа еңбекті оқуға үндеуге саяды. Біз – жауапты кезеңде өмір сүріп жатқан буындармыз. «Біз тарихқа қазақ халқының Қайта Өрлеу дәуірінің ұрпағы ретінде енуге тиіспіз». Басымыздағы бағымызды бағалай, әрі бүгінгі дәуірге лайықты өмір сүріп, азаттығымызды көзіміздің қарашығындай қорғай білейік. Себебі: «Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт».
Фотосурет ашық ғаламтор көзінен алынды.
