Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
А.Есмағұлов: «Жақан ақын есімі лайықты ұлықталса и...

А.Есмағұлов: «Жақан ақын есімі лайықты ұлықталса игі еді.»

11.05.2026

36

А.Есмағұлов: «Жақан ақын есімі лайықты ұлықталса игі еді.» - adebiportal.kz

2026 жылдың 10 мамырында қазақтың көрнекті ақыны, аудармашы Жақан Сыздықовтың туғанына 125 жыл толды. 


Жақан Сыздықов (1901-1977) - соңында мол рухани мұра қалдырған қаламгер. Ақынның өмірі мен шығармашылығы жөнінде қалың оқырманға кеңінен тарқата таныстыру мақсатында Жақан Сыздықовтың әдеби мұрасын зерттеп, «Жақан Сыздықовтың ақындық әлемі» атты ғылыми еңбек жазған филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Есмағұловпен сұхбаттасқан едік.

– Аманжол Ыдырысұлы, кеңестік дәуір қазақ әдебиетінің ірі өкілі Жақан Сыздықовтың өмірі мен шығармашылығы туралы ұзақ жылдан бері ізденіс жасап келе жатқаныңызды білеміз. Бүгінгі сексеннің бесеуіне қараған шағыңызда да осы бір ізгі бағытыңыз жолында қажымай-талмай еңбектеніп келе жатқаныңыз – үлкен қажырлылықтың, әдебиет тарихындағы ұрпақтар сабақтастығын жалғастырудағы парызға адалдықтың белгісі болар. Сұхбатымызды Жақан ақынның шыққан ортасы, ата-тегі туралы таныстырып өтуден бастасақ.

– Иә, бұл турасында айтылар әңгіме көп қой. Белгілі ақын Сырбай Мәуленов Жақан ақынмен сырлас болған-ды. Сол кісі бірде: «Жәке, ақындық жолға қалай келдіңіз?» - деп сұрағанда Жақан былай жауап берген екен: «Бабам – ақын, анам – ақын, далам – ақын. Мен қалай ақын болмайымын!» Олай деп айтатыны: Жақанның ұлы атасы Төлеміс – би-шешен, айтқыр ақындығымен елге танылған әділетті кісі болған екен. Ал өз әкесі Сыздық Төлемісұлы да ақын, шешен, әділетті би болып, біраз жыл ел басқарып ауылнай, болыс болған. Қазақ әдебиетінің айтулы тұлғасы Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» трилогиясының екінші кітабында ақынның әкесі Сыздық туралы, оның бар болмысы жайында және Сыздықтың үлкен ұлы Жақанмен мақтанатыны жөнінде, екінші ұлы әнші сері, Қажыбай туралы, оның атақты «Гәкку» әнінің авторы Ыбырайдың (ел аузында Үкілі атанған) ең сүйікті шәкірті екендігі жөнінде айтылады. Оның саңлақ сері, ерекше дархан әншілігі туралы, оның кейінгі тағдыры жөнінде кеңінен толғаған. Қажыбай – белгілі ақын, жазушы, драматург, публицист, марқұм Төлеген Қажыбаевтің әкесі. Сыздықтың кейінгі әйелінен туған Қажымұрат та белгілі журналист, жазушы, аудармашы (Леон Фейхтвангердің романын аударған).

Жоғарыда ұлы атасы Төлемістің де ақын болғандығын айтқанбыз. Оның ағасы Бекен де, Бекеннің баласы Жүніс те, шешен, ақынжанды адамдар болса, оның баласы Елжас (Ілияс) Бекенов те (1892-1938) үлкен қаламгер, қазақ әдебиетінің прозасын қалыптастырған, Бейімбет Майлин қатарғы адам. 

Ақынның шешесі Сәми де ел ішінде беделді ақын болып, айт пен тойларда айтысқа қатысқан кісі екен. Жақанның нағашы жұрты – атақты Бекболат Қанайұлының ұрпағы Бапан бидің қызы. Жақанның өзі: 

«Арғы атам Қанай батыр – ту байлаған, 

Бауырын Зерендінің ен жайлаған», - 

деуі де осыдан. Мұндағы Қанай – Совет Одағының батыры, академик, филология ғылымдарының докторы Мәлік Ғабдуллиннің арғы бабасы. Сыздықтың Сәмиден туған қызы Бәди де ақын болған. Осындай ортадан шыққан Жақан әкесінен, ауылдың аузы дуалы қарттарынан есітген әңгімелерін, аңыздарды, батырлар жырын, әндер мен айтыстарды, шешендік сөздерді жаттап өскен. Жақан жеті жасқа жетпей-ақ ақын бала атаныпты.

Әкесі Сыздық төте оқу жүйесімен оқытатын татар молдасына оқуға берген соң жас талапкер Ғабдолла Тоқай шығармалары мен Абай туындыларын бір кезде оқып, тыңдады. Осыдан болар, ақын шығармаларында ауыз әдебиетінің, Абай үлгісінің әсерімен қатар, татар әдебиетінің мақамдары да айқын сезіліп тұрады.

Әжептәуір сауат ашқан баласын заман ағымына сай орысша оқытуды мақсат тұтқан Сыздық жалғыз бәйге атын сатып, Жақанды Көкшетау қаласындағы 4 кластық орыс-қазақ училищесіне оқуға беріпті. Ақынның араб, татар, қазақ және орыс тілдерін жетік білуіне туған әкесі бастау беріпті. Бұл оның шығыс, батыс және бай қазақ әдебиетін еркін меңгеріп, сол тілдердегі әдебиетті молынан игеріп, әрі мағыналы аударуына мүмкіндік бергені шындық.

Сонымен ұлы ақынның жан-жақты терең білім алуына әуелі өз әкесі жол ашты дейміз. Одан әрі жауапты әрі зерек, ұғымтал жас бар салада терең білім алды. Тіпті ұлы қаламгер Мұхтар Әуезовтің өзі араб, фарсы және татар тілдерінен кездескен күрделі жайларды Жақаннан сұрап білгендігін көптеген әуезовтанушылар растайтындығы шындық. Бұл жөнінде ақын туралы еңбек жазғанда ұстазым, терең білімді заңғар әдебиетші, академик Рымғали Нұрғалиевтен көп кеңес естіген едім.

Ал оның осы заңғарлығын әрі дамытқаны қазақ әдебиетінің бастауында тұрған Сәкен, Ілияс, Жақанның таланты шыңдалуына Бейімбет сынды алыптармен қатар, замандастары Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабидендермен достығы, қанаттас іні-аға әріптестері Қасым, Әбділдә, Асқар, Тайыр, Ғабдол, Хамит, Әбу сынды дүлдүл қаламдастармен жарқын араласқан достық қарым-қатынастары игі ықпал еткені шындық. Ақынның оларға арнап жазған туындылары көптеп саналады.

Ал басында айтқан «далам ақын» деуі, ол өмірге келген өлке – еліміздің солтүстігіндегі «Сарыарқаның сауыры», сал-серілер мекені болған, Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегіз сері, Иманжүсіптер мекендеген, Сәкен ағамыз жырлаған Арқаның кербез сұлу Көкшетауы еді. Сондықтан ақын болмасқа, Жақанның құқы да жоқ емес пе, оқырман!

– Жақан Сыздықов – өз шығармашылық ғұмырында өндіре, өнімді жазған ақындар қатарынан ғой. Оған соңындағы мол әдеби мұрасы дәлел бола алады. Ақынның алғашқы шығармашылық жолы  қалай басталған еді?

– Жақан қазақ поэзиясына қазақ кеңес әдебиетінің іргетасын қалаушылардың ізін шала, сонау 1924 жылы губерниялық «Бостандық туы» (кейіннен «Ленин туы», қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетінде жарияланған «Домбыра күйінде», «Сақанға» (жары Сақыпжамалды Сақан деп атайтын), «Атбасар суреттері» атты өлеңдерімен енген. Осыдан кейін ол тез арада қазақ поэзиясының көрнекті өкілі болып кеткен. Олай дейтініміз: 1937 жылы шыққан «Жыл құсы» альманағына Жақанның екі бірдей поэмасының енуі дәлел. Осы жинаққа басқа қатарластарының тек бір-бір поэмасы ғана енген екен. Жақанның ол поэмалары – «Әлі қарттың әңгімесі» және «Майкөл тамы». Алғашқысы 1921 жылғы аштық туралы, екіншісі бір-біріне ғашық болған екі жастың – тағдыры туралы еді. Міне содан бергі ұзақ жылғы ақындық жолында елуден аса жыр жинағын қалдырған Жақан Сыздықовтың өмірден өткенше қолынан қаламы түспеген. Ақынның шығармашылық жолы ерте басталды.

– «Әлі қарттың әңгімесі» поэмасы – Жақан Сыздықов шығармашылығындағы ерекше орны бар, тағдырлы туынды. Бұл туынды алғаш қашан жарық көрді? Поэманың мазмұны мен идеясы автордың келешек шығармашылық ғұмырына қалай әсер етті? 

– «Әлі қарттың әңгімесі» поэмасы 1927 жылы жазылған. Біздің елімізде кешегі өткен кеңес заманында үш бірдей ірі аштық болды ғой. Яғни 1921 жылы, одан соң 1932 жылы және 1938-39 жылдары болды Осының ең ірісі, 1932 жылғы аштық және оның зардаптары туралы «жылымық жылдарынан» кейін көбірек айтылып жүр де, соңғысы туралы әлі де көп айтыла қойған жоқ. Ол 1937-38 жылдардағы жаппай қудалау мен жазықсыз айыптаулар салдарынан болған соң көп айтылмады. Ал, алғашқы 1921 жылғы аштық туралы Жақанның «Әлі қарттың әңгімесі» поэмасы, 1932 жылғы аштық туралы Нұрқан Ахмебековтің «Күләндам» поэмасы ғана жарық көрді. Екеуі де «Шындық дауысы» жинағында қайта басылды. Бұл жинаққа бұрын атауға да тыйым салынған шығармалар енген еді. Жинаққа тағы екі ақын – бірі 1937 жылдың қуғынына түскен Шахан Мусин мен 1951 жылдың қуғынына түскен Бүркіт Ысқақовтың Кольма лагерінде жазған азапты жырлары да енген болатын.

«Әлі қарттың әңгімесі» – Ырғыз жерінде болған алапат аштық туралы «Бостандық туы» газетінің редакторы Жиенғали Тілепбергеновтің әңгімесі негізінде жазылған (ол өз шығармаларына «Әли» деп қол қоятын). 1921 жылғы алапат аштық алаш қайраткерлеріне жасалған қуғынға да себеп болған еді. Әлихан Бөкейханов Семей облысы жұртшылығынан аштыққа көмекке мал жинап, оны Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов Ырғыз, Торғай жеріне жеткізіп таратып, елді аштықтан құтқарды, бірақ сол игі әрекеттері үшін айыпталды. «Елге азаттық әкелген Совет үкіметінде аштық болуы мүмкін емес» дегендіктен, олар жөнінде тыйым салынған Голощекин кезіндегі нұсқаулық салдарынан.

Содан да бұл поэма басында Жақанның ақындық шеберлігін танытып, беделін арттырғанымен, кейінгі өміріне құрсау болып жабысты.

– Отыз жетінің ойраны Жақан ақывн өміріне де үлкен із салғаны анық қой. Соғыс жылдары Жақан ақын шығармашылығының ең өнімді кезең болған сияқты. 

Күллі әлемнің ашу-кегі,

Орна менің кеудеме кеп!

Жау жолына атам сені,

Бомба бол да, жарыл жүрек! – 

деп Қасым Аманжолов жырлағанындай, Жақан ақын да майдандағы жауынгерлерді жігерлендіруге өзінің отты жырларын молынан төккен екен...

– Иә, Жақан ақын бұл жылдары өндірте жазды. Тағы бір ескерерлігі, 1937 жылдардағы қаламгерлерге келген қуғындалу жылдары қазақ әдебиетінің алыптары Сәкен, Ілияс, Бейімбет тағдырлары, оларға түскен қасірет басқаларға да қиындық туғызды. Мұхтар Әуезов айыпталып, Жазушылар одағы басшылығынан айырылды, түрмеге қамалды. Тұңғыштарының атын Арыстан қойғаны үшін Сәбит пен Жақан «троцкийшіл» деп айыпталып, Жақан карцерге қамалды. Бұл айыптан олар басшылыққа Левон Мирзоян келгеннен кейін ғана айықты. Жақан «сәкеншіл», «бейімбетшіл» болғаны үшін де күнәге ұшырады, шығармалары басылмады. Бүкіл халыққа ауыртпалық түсірген Ұлы Отан соғысы Жақан шығармашылығын қайта өрлетті де, ол осы жылдары 300-ден артық өлеңдер жазды. Соғыстың алғашқы сәтінде «Қанжар» деген жалынды жырын радиода оқып, тыңдаушыларын кескілескен күреске шақырды.

Сол жылдардағы өлеңдері мамандық газеттерде, республикалық мерзімді баспасөзде үзбай жарияланып тұрды. Ол жылдары жазған өлеңдері ақынды жауынгерлер сапында көрсете алды. Олардың тақырыбына қарап-ақ айтылатын ойды сездіретін «Найзағай», «Жорыққа», «Қарақшыларға», «Жеңіске», «Рейн», «Ызалы сөз», «Роза», «Семсер», «Найза», «Теңізде», «Жауынгерлік сөздер», «Фашизм кескіні», «Сексен батыр туралы толғау», «Тазартқанша жер бетін», «Құрметті екі қарындас» және басқа жырларында жауынгерлерді ерлікке шақырды, жауға тойтарыс беру керектігін жырға қосты. «Қос қыран», «Көкше күмбезі», «Покрышкин» сынды өлеңдері солдаттармен бірге шабуылға шығып, солдат жанын жылытты. Сондықтан да майдандағы жауынгерлер 1944 жылдың қазанында Жақанның қаламгерлік өмірінің 20 жылдығын атап өтіп, онда майдангер ақын Тайыр Жароковтың арнайы шығарылған «Жүрек сыйы – Атыраудың» (Тайыр ақын Атырау өлкесінде туған) өлеңі мен «Жеңістер жаршысы» деген мақаласы басылды. Бұл – шығармашыл тұлаға деген үлкен ілтипат еді.

Тағы бір дерек: Белград қаласын азат еткенде ауыр жараланған Құндызбай мергеннің төс қалтасынан «Совет жауынгері» газетінің Жақан творчествосына арналған саны табылыпты. Демек ақын жырлары солдат жүрегіне жол тауып, майдандағы жауынгерлер қатарында фашизмге қарсы шығып, жеңіс жолында белсене майданға қатысқан.

Жақан Сыздықовтың Ұлы Отан соғысы тақырыбына арнаған өлеңдерінің шағын бір тобы – 1948 жылы «Қос қыран» жинағы жарыққа шықты. Жинақ майданда қаза болған ақынның туған інісі Қажыбайға арналып, оған 16 өлеңі мен «Қос жүрек» (кейіннен «Қос қыран») аталған поэмасы енген. Поэма шабуылға шыққан жауынгерлерге бөгет болған дзотты кеудесімен жапқан қос жауынгер – Сталинград түбінде ерлік жасаған башқұрт Александр Матросов пен Ленинград түбінде осындай батырлыққа барған қазақ Сұлтан Баймағамбетовке арналған. Алдында орыс делінген, Матросовтың Салауат Юлаев бабасының ерлігін ту қылып ұстағандығын жырға қосқан. Кейін кеңінен ашық айтылғандай, Александр Матросов деп аталған жауынгер шындығында башқұрт Шәкіржан Мұхамедзиянов екендігі кейін анықталып, ол туралы 2006 жылы 28 қарашада «Жас алаш» газетінде жазылды. 

Жинақтағы басқа жырларда да соғыс жауынгерлердің нақты ерлігі айтылады да, оларды шыңдаған туған жері – қазақ елі екендігі ашық көрсетіледі. «Толқы, толқы, Тобылым» өлеңінде ержүрек батыр Естай, «Көкшенің күмбезі», «Қаһарман тұлға, батыр ұлға» өлеңдерінде Мәліктің, «Жауынгер жолдас» деген өлеңде ақын Әбу Сәрсенбаев айтылады. Ақын соғыстың қан майданында болған қаламгерлер Қасым Аманжолов, Тайыр Жароков, Жұмағали Саин, Абдолла Жұмағалиевтерге де жыр арнаған.

– Жақан Сыздықов – қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің негізін қалаушылар атанған алыптармен қатар өмір сүрді. Солардың ішінде Сәбит Мұқановпен етене араласқанын білеміз. Осы екі шығармашыл тұлға арасындағы рухани байланыс туралы айтып өтсеңіз? 

– Жақан қазақ ақын-жазушыларының көбімен араласты. Өзінің алдыңғы ағалары Сәкен, Ілияс, Бейімбетке деген ілтипаты олар үшін талай азап шеккеніне қарамастан, өмір бойы сақталып өтті. Содан да өмірінің соңына дейін «Досым еді Би аға» деп мақтанса, «Сәкен ауылға келгендегі шаттықты есінде ұстап, елдегі ол ашқан Аймақ ауылындағы мектепке соқпай кетпейтін. Сәкен ағасының келісті келбетін, оның өрнекті де ойлы сөздерін мәңгі естен шығармайтын. Өз өлеңдерін Ілиястай маржандап кестелеуге тырысатын. Ал өз замандастарынан Сәбит пен Ғабитті, Ғабиденді дос тұтып, пікірлес болса, Мұхтарға ағасындай еркелейтін. Ол Әбу Сәрсенбаев, Ғабдол Сланов, Әбділдә Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов, Тайыр Жароковтарды ерекше жақсы көріп, хабарласып, ерекше шүйіркелесетін. Оның ілтипатына бөленбеген іні-бауырлары жоқ еді.

Сәбит Мұқанов пен Жақан Сыздықовтың жақындығы ертеден, «Бостандық туы» газетінен басталған. Жақан туралы ақынның әкесі Сыздықтан естігенін Сәбит Мұқанов «Өмір мектебі» романында жазған жоғарыда айттық.

Сәбит Мұқанов өзінің ақын досы Жақанға деген шын көңілін ашық айтып, ерекше достық қатынаста болған, Жақанның еркелігін де кешірген, өмірінің қиын сәттерінде үнемі көмек жасаған.

Отыз жетінші жылдары Жақан жалған жаламен қуғынға түсіп, алты ай түрме азабын кешкенде Сәбит құтқарған. Ақынның шығармашылығы туралы үнемі ізгі тілектер айтып, алғаш Жақанның жиырма жылдығын өткізуге бастау болған да Сәбит Мұқанов болатын. Соның бір дәлелі, Сәбең «Социалистік Қазақстан» газетінің 1944 жылғы 20 тамызында «Жақанның жазғанына жиырма жыл» деген мақаласын жазған екен. Елуінші жылдары қазақ қаламгерлері қайта қуғынға ұшырағанда тағы да Жақанды құтқарып, жинағын шығаруға көмек берген. Екеуі бір жылдың төлі ретінде өте жақын достықтан арымаған, бір-бірінің әзіл-қалжыңын көтерген. 

Елуінші жылдардың қиыншылығынан қажыған ақын «ащы суға» беріле бастағанда Жазушылар одағының басшысы Сәбит оны шақырып алып, оңашада ұрысқан. Сонда ақылға түсінгендей болған Жақан бөлмеден шығарып салған Сәбеңнің майлы жерінен бір теуіп қашқан. Үйіне келгенде, жаңағы әрекетінен қорыққан ақын жары Қатираға: «Мен енді құрыдым», - деп үйден шықпай жатып қалған. Апта соңында Сәбит телефон шалып:

– Әй, саңырау, сен неге көрінбейсің, саған Мәриям қой сойып, шақырып жатыр! - деп үйіне шақырып, қонақасы беріп, достығын ары қарай жалғаған екен.

Жақан Сәбитті жазушы ретінде өте жоғары санап, құрметтесе, Сәбит Жақанды ақын ретінде, сөзге шешендігі, білімдарлығы үшін, шығыс әдебиеті мен араб тілін жете білетін зеректігі үшін, аңқылдаған адалдығы үшін құрметтеген. Араб тіліндегі зеректігін бүкіл жазушылар қауымы құрметтеген. Тіпті білгір Мұхтардың өзі қадимше арабшадан қиналғанда Жақанмен пікірлесіп отырғандығын айтып өткен болатынбыз.

– Жақан ақының шығармашылық қырларының бірі – аудармашылық қой. Осы бағытта ол қандай дүниелерді қазақ тіліне аударды? Татардың көрнекті қаламгерлері туындыларын қазақ тіліне аударуға үлкен үлес қосқандығынан болар, татар қаламгері Қауа Нәжмидің Жақан досына: «Қазаққа арзан, татарға қымбат Жақан» деп хат жазатыны өмір шындығы ма?

– Солай десек болады. 1966 жылы Жақан 65 жасқа толғанда өз елінде еленбеген ақынды Татар АКСР Жоғарғы Советінің Төралқасы татар әдебиетін насихаттаудағы зор еңбегін ескеріп, әрі туғанына 65 жыл толуына байланысты Құрмет грамотасымен марапаттапты.

Жақанның досы Қауа Нәжмидің әр хатында айтылатын «Қазаққа арзан, татарға қымбат Жақан» деуінің шындығы осында.

Өз елінде 65 жылдығы еш еленбей «Асулар» атты жинағы ғана шыққан. 70 жасқа келгенде де еленбей, бір жинағы жарық көрді де, өзінің ақын достары Сәду Машақов, Сырбай Мәуленов, Әбу Сәрсенбаев пен тілеулес қаламгер інісі Жайық Бектұровтың газет бетіндегі мақалаларынан басқа ештеңе бола қойған жоқ. Қолынан қаламын тастамаған ақын жетпіс беске де жетті.

Тағы да сол аздаған тілеулес жандардың дәстүрлі мақалалары қайталанды. Бұл жолы тіпті кезекті жинағы да шықпады. Ақын өмірден өткен соң, 1978 жылы Қалижан Бекқожиннің алғысөзімен жарық көрген таңдамалысы жарияланды.

Өзі өмірден өткенше аудармаларымен қосқанда, 60-тан аса кітап шығарған тұлғаға бұл тым аз еді.

Иә, Жақан аударма саласында да жемісті еңбек етті. Ол, әсіресе, орыс, татар, башқұрт, өзбек әдебиеті классиктерінің шығармаларын ана тілімізге аудару ісіне де сүбелі үлес қосты. Л.Н.Толстойдың «Арылу» романын, Демьян Бедныйдың «Шойын арба» (Түрксиб құрылысы жайлы) поэмасын қазақ тіліне аударды. 

Татар әдебиетінің классик ақыны Ғабдолла Тоқайдың шығармаларын қазақ тіліне аударумен көп жылдар бойы айналысты. Тілі мен дәстүрі жақын болғандықтан, біздің әдебиетімізде Тоқайды аударушылар көп-ақ. Бірақ Жақан аудармалары ерекше тартымды да, әсерлі. Сүйсініп оқисың. Тоқай шығармаларын аударып, ол туралы мақалалар жазып, халық арасына насихаттауға сіңірген еңбегі үшін Татар АКСР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен екі рет марапатталған еді. Жақан Ғабдолла Тоқайдан өзге, Ғалымжан Ибрагимовтің «Қазақ қызы» романын, Мирхайдар Файзидің «Ғалиябану» драмасын, атақты «Ләйлі-Мәжнүн», «Көрұғлы» дастандарын, татардың батыр ақыны Мұса Жәлелдің шығармаларын қазақшаға аударып, кезінде оқырмандар алғысына ие болған еді. Ол сонымен қатар Қауа Нәжми поэзиясымен, башқұрт, ұйғыр, иран, тәжік, араб поэзиясының көрнекті өкілдері Әбілқасым Лахути, Қадыр Хасанов, Әдхам Ахтямов, Садыр Палуан, Нұтфолла Мүталип, Сайфи Құдаш және басқаларымен де біз Жақан аудармасы арқылы таныспыз. 

Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында бірнеше кезеңде сәтті қойылған Мирхайдар Файзидің «Ғалиябануын», Абай атындағы опера және балет театрында қойылған «Башлығым» музыкалық комедиясының Тәжи Ғиззат жазған либреттосын аударған да Жақан Сыздықов еді. 

Ол сондай-ақ әр тілдегі шығармаларға сыни пікірлер жазып, дарынды қаламгер өміріне, шығармашылығына тереңдеп барып, құнды сыни пікірлер жазған білікті әдебиетші бола білді.

– Ақын шығармашылығы – өз дәуірінің үні ғой. Әр тақырыпты игеруімен де ақынның өзіндік ерекшелігі айқындалады. Жақан ақынның тұстастарына тән бір тақырып болса, ол – әйел теңдігі мәселесі. Бұған бүгінгі күн тұрғысынан сын, төрелік айтудың да қажеті жоқ болар. Жақан өлеңдерінде осы тақырып қалай көтерілді?

– Әйел теңдігі – тек советтік әдебиетке ғана емес, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы күллі әлемге ортақ мәселе ғой. Оның терең мәні бар. Жақан өлеңдерінде әйел теңдігі мәселесіне ерекше мән берілді. Ол мұндай шынайылық танытты. «Майкөл тамы» поэмасына сүйгеніне қосыла алмай иесіз далада қалған Айсұлудың тағдыры арқау болса, «Лақтырылған бөбек», «Түркия түнегінде» өлеңінде шетелдегі бақытсыз аналардың шарасыздығын тілге тиек етеді. «Долорес» поэмасында әлем халықтарының бақытты болашағы үшін аянбай күрескен Долорес Ибарруридің ерлігі жайлы жыр шертсе, «Ана аттанды» деген өлеңінде ел шетіне келіп, бейбіт елімізге тұтқиылдан тиіскен жауға деген бүкіл халықтың өшпенділік пен кек қайнаған жігермен аттанысын, оның ішінде ұрпақ қамы үшін әрдайым отқа түсетін аналар аттанысын әсем өрнектеген, көркем кестелей білген. 

Ызалы қайрат кернеген,

Жалынды жігер тербеген.

Тербеген сайын өрлеген,

Қарсыласып майданда,

Қарулы қолын сермеген,

Қайратты ана аттанды.

...Топ-тобымен күнбе-күн,

Жоқ қылмасқа күндерін.

Төбеттердің үргенін,

Фашистердің, зұлымның,

Өшірмекке үндерін,

Кетті ана майданға,

Кекті ана аттанды! – 

деп жырлайды, ақын. Жақан Сыздықов шығармашылғындағы әйел теңдігі – саясаттың шеңберінен тыс, шынайы өмірдің өзінен ойып алынған тақырып болды деуге негіз бар.

– Жақан ақынның әулетінен шыққан белгілі адамдар туралы жоғарыда аз-кем тоқталып өттіңіз. Ақынның өз кіндігінен өрбіген ұрпақтары бар ма?

– Иә, баршылық. Өзі сүйген Сақаны қайтқан соң баласы Арыстанмен тығыз байланыста болды. Ажырасып кетсе де әйелі Насима мен ұлы Дастанмен жиі араласты. Тек алыстағы Ленинградтағы қызымен аралары салқындау болды. Кейінгі әйелі Қатирамен ұзақ жылдай тату-тәтті өмір сүріп, қызы Гүлбаданды еркелетті. Ол да еркін өсіп, мықты спорт шебері болып, үлкен жарыстардан жүлделі бола білді. «Медеу» айдынында үнемі үздіктер қатарында болып, талай рет жеңістерге жетіп, чемпион атанды.

– Жақан Сыздықұлы еңбектерін насихаттаудың бүгінгі барысы қалай деп білесіз? Биыл ақынның 125 жылдығы ғой. Біршама істер жоспарланып жатқан болар? Осы жағынан қандай хабарыңыз бар?

– Осы ретте Жақан шығармашылығымен таныстығым туралы айтып өтейін. Мен Жақан Сыздықов шығармашылығымен мектепте жүргенде-ақ таныстым. Сыныптас досым Төлеген мен атасы Сыздықтың әңгімелерін талай тыңдадым.

Бұл мені университетті бітіріп, ұстаздық құрған жылдарымда нығая түсті де, Жақан шығармашылығы, оның қилы тағдыры қызықтыра түсті. Төлегенмен бірге ақынның үйінде де болып, оның шығармашылық лаброаториясымен таныстым, суырып салмалық ақындығына таңданып, шешендігі мен білімділігіне тамсандым. Мұның барлығы келіп, Шоқан атындағы Көкшетау педагогикалық институтына ұстаз болып келгеннен бастап ғылыми жұмысқа айналды. Оған ғылыми жетекшім, белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішевтіңтің талап қойғыштығы да себеп болып, талай сын-пікірлерді елемеуге үйрендім. Тіпті кезінде Жақан Сыздықов шығармашылығы туралы он атышулы қаламгердің қатарында «Қазақ әдебиеті тарихының очеркі» кітабында жазылған. Очерктің авторы, белгілі ғалым, өзімнің ұстазым Белгібай Шалабаевтың «Жақан да ғылыми зерттеуге леккен бе?» - деген мысқылына қарамастан, жетекшімнің қатаң талабымен тақырыптың қиындығына, зерттеу материалдарын табу қиындығына қарамастан, талмай зерттеудің арқасында «Жақан Сыздықовтың ақындық әлемі» атты диссертациямды қорғап шықтым да, ол жұмысты орыс тіліне аударып, Мәскеуде бекітілді. Одан кейін Шоқан Уәлиханов атындағы университет басшылығының қолдауымен жеке кітап болып басылды. Әр кез Жақан шығармашылығы туралы конференцияларда баяндамалар жасап келемін, Жақан оқуларына қатысамын. «Көкшетау» журналында «Әлі қарттың әңгімесі» поэмасының 1927 жылғы толық түпнұсқасының көшірмесі басылды да, «Шынайы жырдың шебері» деген зерттеу еңбегім жарияланды. Бұл көшірме ақынның туған інісі Қажымұратта сақталған. Бүгінде ақынның туғанына 125 жылға арналған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Оның орындалуына ақынның туған ауылы Қарағаштың Солтүстік Қазақстан әкімдігіне қарауы біраз бөгеу болар деп ойлаймын. Жуыр күндерде «Көкше» арнасынан сұхбат бермекпіз. Ақынның туған күндерін салтанатпен өтуінің 90, 100, 110 жылдықтарының өтуіне жауапты адамдардың арасында болдық.

Жақантанушы ғалым Аманжол Ыдырысұлы Есмағұловпен

Бұрындары Жақан Сыздықұлы өз еңбегінің лайықты бағасын ала алмады да, барлық марпаттардан шет қалып келді. Тіпті ақын өмірден өткеннен кейін оның таңдамалысы Қалижан Бекхожиннің алғысөзімен 1978 жылы «Жазушы» баспасынан шықты да, оның шығармалары кейде тек мезгілді баспасөзде басылды да, жоғарыда атап өткенімдей, 1990 жылы шыққан кезінде қуғындалған төрт ақынның – Жақан Сыздықов, Нұрқан Ахметбеков, Бүркіт Ысқақов пен Шахан Мусиннің шығармалары «Шындық дауысы» жинағында басылып шықты. Содан бері осы марғаулық әлі жөнделмей, ақын қағыс қалып келеді.

Егеменді еліміздің отыз бес жылдығы салтанатпен марапатталып жатқанда бүгінгі күнімізді жақындатқан, қазақ жұртының дарынын әлемге танытқан біртуар ұлдарымыздың абзал да өнегелі өмірін еске алмай тұра алмаймыз. Шынында да туған халқының тәлкекті тағдырын бірге кешкен, елінің жарқын болашағын армандап, сол жылдарда өзінің дарынын да, ерекше бітім-болмысын да ақырғы сәтіне дейін сарқа жұмсаған біртуар азаматтар баршылық. Ол әрине, жер шоқтығы атанған Сарыарқаның әсем өлкесі Көкшеде де мол екені белгілі. Осындай біртурар азаматтарымыздың дарындысы да, шоқтықтысы да, ардақтысы да үстіміздегі жылдың 10 мамырында туғанына 125 жыл толған ақын – Жақан Сыздықов.

Қазақ поэзиясына жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінен бастап, жарты ғасырдан астам атсалысқан, артына шексіз сезімге бөленген асқақ лирика мен отызға жуық эпикалық мұра қалдырған, туған халқына шығыстың сөз құдіретін, түрлі сырға толы батыс әдебиетін, туысқан татар халқының абзал ұлдары Ғабдолла Тоқай мен Ғалымжан Ибрагимовтің, асқақ үнді Мұса Жәлелдің барша көркемдік тұлғасында, шығармашылық мұрасын да толық жеткізген Жақан өз өмірінде еңбегіне мықты бағасын ала алмай кеткен-ді. Алайда оған мойымаған ақын, өзін танымаған, өзін мойындамаған елінің адал азаматы бола білді. Қазақ совет поэзиясына алғашқылардың ізін шала, сонау 1924 жылдың тамызында келген Жақан, өзінің сырлы да өткір өлеңдерімен мазмұны қызықты поэмаларымен оқырман қауымының сүйктісіне айналған болатын. Ол, әрине, барша марапатқа лайық. 

Алайда ақынның 125 жылдығы алдағы жылдардағыдай немқұрайдылыққа кезіге ме деп ойлаймын. Оның үстіне ақын туған өлке 1996 жылдан бастап Көкшетау жері облыс болудан қалып, екі облысқа бөлінген шақтан бастап, ақын есімі мүлде ұмыт болуға айналды. Содан да ақынның 125 жылдығы өз дәрежесінде өте алмайды деп күдіктенеміз. Алайда ел басшылары ұлы дарынға лайықты көзқарас танытар деп үміттенеміз.

- Аманжол Ыдырысұлы, көрнекті ақын Жақан Сыздықовтың шығармашылық ғұмыры туралы сұхбат бергеніңізге рақмет! «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деген Ілияс Жансүгіровтің сөзін жиі қайталап жататынымыз бар ғой. Өзінің шығармашылық ғұмырын туған халқының рухани қазынасын молайтуға арнаған арынды ақын, дарынды аудармашы Жақан Сыздықовтың есімін даталы 125 жылдығына орай ел-жұрты лайықты еске алып, елеулі іс-шаралар өтеді деп сенеміз. Жақан ақынның өмірі мен шығармашылығын танытып, насихаттаудағы еңбегіңіз жемісті әрі ұзағынан болсын!
Фотосуреттер Жақан Сыздықовтың немере туысы Аян Қажыбайдың жеке мұрағатынан алынды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan