Белгілі жазушы, мәдениеттанушы, көсемсөзші, аудармашы, философия ғылымдарының кандидаты, халықаралық «Алаш» және Н.В. Гоголь атындағы «Триумф» сыйлықтарының иегері Әуезхан Қодардың қазақ руханиятына сіңірген еңбегі зор. Оның қазақ тілінде «Қанағат қағанаты», «Оралу» атты екі кітабы, орыс тілінде шыққан «Крылатый узор», «Абай (Ибрагим) Кунанбаев, «Круги забвения», «Очерки по истории казахской литературы», «Степное знание: очерки по культурологии», «Зов бытия» және қазақ поэзиясының бес ғасырын қамтыған «Антология казахской поэзии в переводах Ауэзхана Кодара» атты кітаптары автордың эстетикалық құнды дүниелері болып қалды. «Цветы руин» кітабы ағылшын тіліне аударылса, өлеңдері ағылшын, кәріс, украин тілдеріне тәржімаланған. Әсіресе, Әуезхан ағамыздың Абайдың, Мағжанның, Жұматай Жақыпбаевтың шығармаларын аударуда көп еңбектеніп, қазақтың бас ақыны Абайдың философиясын жаңа қырынан танытудағы еңбектері мүлде ерек еді. «Шынында, біздің кейбір зиялыларымыз Абайды білмей тұрып мақтайды, Абайдан ескерткіш, ғибадатхана жасайды. Расында мақсат - Абайды қолпаштау емес, меңгеру, оны түсіну, ұлы ойшылдың әлеміне, дүниетанымына ену болу керек. Әрі Абай әлеміне идеологиясыз бару қажет» деген де, «Мен Абайды аударып, өзімді тапқандай болдым» деген де ағамыз болатын. Қаламгердің дүниеден озғаны да қазақ руханияты үшін орны толмас қаза болып қалды.
Жуырда артына мол мұра қалдырған қаламгер ағамыздың қызы Айман Қодарқызымен сұхбаттасудың сәті түсті. Әкесінің шығармашылығын насихаттауды өзіне мақсат етіп алған бойжеткен қыз анасымен бірге көптеген әдеби кездесулер мен кештерді өткізуге мұрындық болып жүр. Енді осы жылы алдағы 25 тамызда Алматы қаласындағы Ұлттық Кітапханада Жұматай Жақыпбаевтың кешін ұйымдастырғалы жатыр екен. Біздің әңгімеміз де осыдан басталды.
- Айман, Ұлттық Кітапханада өтетін Жұматай Жақыпбаевтің кешін ұйымдастыру туралы ой қайдан туды? Бұл кештің ерекшелігі неде?
- Жұматай Жақыпбаев – өзінен кейінгі ұрпақтарға ерекше әсер еткен, XX ғасырдың ең талантты ақындарының бірі. Ол менім әкемнің ең жақын досы болды. Жақында біз анамыз екеуміз Әуезхан Қодардың мұрағатымен айналысып жатып, Жұматай Жақыпбаевтың өлеңдерінің аудармаларын тауып алдық,қызыға оқыдык. Былтыр біз Ұлттық кітапханада қазақ қоғамын шығармашылық интеллигенция тұлғаларымен таныстыратын Әуезхан Қодардың интеллектуалды клубың аштық. Бүгінгі күнге дейін 10 кездесу өткіздік. Атап айтсақ, Берік Жылқыбаевтың, Аслан Жақсылықовтың, Бекет Нұржановтың және тағы да басқа өнердегі, әдебиеттегі жандардың шығармашылығын насихаттауды мақсат еттік. Осы жолы біз Жұматай Жақыпбаевты еске алу кешінде ЖАҢА БУЫН жас ақындарымен өткізуді мақсат етіп отырмыз. Олар Жұматай Жақыпбаевтың қазақ тіліндегі өлеңдерін, Жұматайдың Әуезхан Қодар аударған өлеңдерін орыс тіліне оқыса, сонымен қатар жиналған ақындар қоса өз өлеңдерін де оқиды. Қазақ ақындарының шығармалары орыстілді аудитория түсінікті болсын деп, біз жолақты аударма жасадық. Осы кешті біз Жұматай Жақыпбаевтың шығармашылығын таныстыру мақсатында, осындай өз буынында көшбасшы бола білген талантты ақын ұмыт қалмасын деген мақсатта ұйымдастырып жатырмыз. Кешке Жұматай тірі кезіндегі қағанатының құрамында болған қаламгерлер мен бүгінгі жас ақын-жазушылар қатысады деп жоспарлап отырмыз.
- Әуезхан Қодардың интеллектуалды клубы жайлы айтып өтсең. Клубтың мүшелері, алдағы жоспарлары туралы
- Әуезхан Қодардың интеллектуалды клубы - ашық клуб. Біздің алдағы жоспарымыз "Тамыр" журналының презентациясын жасау және жас ақындардың кештерін ұйымдастыру. Сонымен қатар, мен өзімнің поэтикалық клубымның жұмысын жалғастырамын.
- Әуезхан Қодардың қызы ретінде айтсаң, ол кісі қандай әке болды? Шығармашылыққа, кітапқа қандай уақыттарды бөлетін?
- Әуезхан Қодар әлемдегі ең күшті әке болды, әрқашан менімен мәдениет, әдебиет туралы сөйлесетін. Менің ізденістерімді қатты қолдап, жылы сөздерімен еркелетіп отыратын. Шығармашылық режимі әр түрлі болды. Ол шығарманың көлеміне, тақырыбына байланысты еді. Жедел жазылу тиіс дүние болса, ол тез және тек онымен айналысып, егер көлемді, ауқымды дүниены жазуға отырса, саяжайда, таза ауада отырып, асықпай, ойланып-толғанып жазатын еді. Бірақ жұмыс, аударма, шығармашылық үшін әкеміз бар уақытын бөлетін.
- Ағаның соңғы жылдары қандай еңбекпен айналысқаны туралы айтып берсең, аяқталмай қалған дүниелері бар ма?
- Соңғы жылдары әкеміз Батыс философиясын көп оқып, М. Хайдеггердің "Уақыт пен Болмыс" кітабына көп деңдеді. Ол өзінің көптомдық жинақтың бірінші - поэзия томын жинақтаған. Әлі көп жұмыс бар, өйткені біз оның архивымен айналысып, көп жарияланбаған жас кезіңдегі өлендерін таптық. Қазақ философиясы туралы лекциялық курс жазған. Дүниеден озарында "Тамыр" журналының жаңа нөмірін құрастырған, ол жақында жарық көрді.
- Әкеңіз ретінде жиі айтатын өсиеті қандай еді?
- "Ешқашан ешкімден тәуелді болма, өз жолынды табуға тырыс, өз мәдениетің басқа мәдениеттермен саластырмасаң білмейсін, сондықтан әлемге ашық бол" деген сөздерді жиі-жиі айтатын.
- Ағаның ең жақын достары кімдер болды?
- Атақты ақын Бахыт Кенжеев, Алексей Грякалов - орыс философы, Санкт-Петербургта турады, Алексей Давыдов – орыс мәдениеттанушы, Мәскеуде турады, Аслан Жаксылыков, Бекет Нұржанов - философ, Жанат Баймұхаметов, Берік Жылқыбаев, Еркін Мергенов, Тауке Алтынбеков, Сәкен Нарынов, Қайрат Жанабаев. Негізгі өнермен, әдебиетпен, философиямен айналысатын адамдармен дос болған.
- Жиі қайталап оқитын кітабы қандай еді?
- Жоғарыда айтқанымдай, Мартин Хайдеггердің "Уақыт пен Болмыс", Ницшенің «Так говорил Заратустра» кітаптарын жиі қайталап оқитын. Жұматай Жақыпбаевтің "Көктемгі хаттарын" жақсы көретін.
- Келер жылы Әуезхан Қодар ағамызға 60 жыл толғалы отыр. Оған қандай жоспарлар бар?
- Әкеміздің 60 жылдығына орай алдағы уақытта әлі де жоспарлайтын боламыз. Қазіргі уақытта анамыз екеуміз оның көптомдық шығармасын дайындап жатырмыз.
- Істеріңізге сәттілік тілейміз!
Cұхбаттасқан: Наурыз САРША
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.