Аймүйіздің «азап вагоны»
Жазушы Мереке Құлкеновтың «Аймүйіз» әңгімесі хақында
« – Тұр, оян, тұра ғой, мал қораға барайық, – деді әжем, жып-жылы демімен құлағымның түбінен иіскеп, – желіндеп тұрған саулықтарды қарайық, таң атып қалды.»
Шығарманың атмосферасын туғызу шеберлігі әдебиет пен өнердің қай жанрында да автордың қабілетіне сын. Талантты автор оқырманын өзінің көркемдік әлемі арқылы жетелеп әкеліп, оқиғаның ауан-күйіне сүңгітіп жібереді.
Мереке Құлкенов қол-аяғы шілмиген кішкене кейіпкерінің іс-әрекетін қапысыз суреттей отырып шығармасының есігін әңгіменің басты кейіпкері Мұратына ашқызады. Сіз қой қораның табалдырығынан аттаған бойда бес сезіміңіз қосылады – «Мен тәтті ұйқымды қимай оң көзімді әрең ашып, мұрыным тыржиып, қараңғыда киімдерімді қармалай тауып алып, созбалақтай киінген болып, әжемнің соңынан ілестім»... «Қораның іші қараңғы, көң иісі мүңкіген қапырық, жатқан малдың күйіс қайырғаны мен пысылы ғана естіледі».
Классик жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Менің кейіпкерлерімнің прототипі өз ауылымның адамдары...» дегеніндей Мереке аға әңгімесінің кейіпкерлері де өзі туып-өскен ауылының адамдары екені көрініп тұрады. Әңгімеде Мұраттың әжесі бейнеленетін тұстарды оқып отырып менің де өз нағашы әжем көз алдыма келді – көкшіл мақпал камзолының жан қалтасындағы мүскат жаңғағы мен қалампыр иісі мұрынымды қытықтап, тіпті ақырын ғана анық сөйлеп, құлаққа жылы құйылып тұратын дауысын да естігендей боламын...
Қазақ тәрбиесі балаға ата-әжесіне еріп жүріп өнеге көру арқылы беріледі. Бала той-томалақ, асқа ата-әжесіне еріп барып құйма құлақ болса әдет-ғұрып, үлкендердің даналығын құлағына құйып алады, «көрсем, білсем» деген ондай бала ертең ұлттың рухани мұрасын жадына сақтаушы жазушы не бір үлкен өнер адамы болуы мүмкін, ал екі көзі тек дастарханда болып, бауырсаққа тойғанына мәз баланың кейін кім боларын бір Құдай біеді... Ал, Мереке Құлкеновтың Мұраты характері күрделі образ. Қазақ тәрбиесіне қанған Мұрат баламыз аймүйіз қошақанын соншама жақсы көре тұра өкінішке орай, сүйікті қошақанына ара түсіп, Махамбеттерше «Ақырып теңдік сұрай алмайды.» Неге?.. Біз осы сұрақтың жауабын өзімізше табуға тырыстық.
«Әжем қораның түбінде екі бүйірі солқылдап ентіге дем алып, көлбеп жатқан ақ тұсақтың жанында тұр екен, мен жеткенше аппақ кішкене шарананы «биссімилла, жаратқан ием» – деп суырып алды да көзін жұмып, шырыш шуға оралып жатқан кіп-кішкентай тіршілік иесінің аяқ-қолындағы орамасын қолымен сыпырып тастап, ұртына ауа толтырып алып, қошақанның кіп-кішкентай ауызын ашып, бірнеше қайтара үріп еді, ол «м-ә-ә» деп әлсіз маңырады.»
Құлкеновтың Мұраты үлкендердің тәрбиесін көрген, жыр-дастан, ертегі тыңдап, қаһарман кейіпкерлеріне ұқсағысы келіп өсіп келе жатқан көкірегі сәулелі бала – «Қораның ішіне «Керқұла атты Кендебай» ертегісіндегі алтын құйрықты, құндыз жүнді арғымақ құлыны туғандағыдай бір алтын сәуле алып кеткендей болды».
Алайда... Мұрат неге Керқұла атты Кендебайдай бола алмады?.. Неге қошақанының мойынынан құшақтап алып, пышақтан сақтап қала алмады?.. Атасы мен әжесінің баласы деген таудай дәрежесі, беделі бар еді ғой. Тілін жұтып қойған мақау емес, ерегіссе үлкеннің өзін сөзден жығар тілінің қотыры да бар... Неге?! Жазушы осы жерде өте күрделі мәселені көтереді...
« – Қарағым, Мұратжан, «ауызын үріп, аяғын сыпырған ақ-адал мал» деген осындай болады. Сен келесі жылы он үшке толасың, қазақта «он үште отау иесі» деген мағыналы сөз бар, мына ақ қошақан сенің алғашқы ақ-адал малың болсын, деді әжем ақ тұсақтың жанында күйбеңдеп отырып.
– Ақ-адал мал деген не сөз әже? – дедім мен түсінбей.
– Өзің бағып, қағып өсірген жануарың ақ-адал малың болады, балам. Сен біліп жүр, төрт түлік мал адам баласына Алланың берген сыйы. Есіңде болсын Алла Тағала Ибраһим иіне «туған ұлың Исмайылды құрбандыққа шал» деп әмірін бергенде ол айтқанын бұлжытпай орындап, баласын құрбандыққа шалуға алып келгеніне риза болып, Исмайылдың жанын кешіп, оның орнына құрбандыққа шалуға Алла тағала биіктен жуан қой түсіреді ғой. Сондықтан да қой төрт түліктің ішінде ең қасиеттісі, – деді әжем қан аралас ауыр нәрсені тұсақтың жанынан бері алып жатып. Әжемнің білмейтін әңгімесі жоқ, қашан, кімнен естігені белгісіз, көкірегі алтын қазына сияқты аңыз әңгіме, ертегі, жыр ағылады да тұрады, құдды өмірі таусылмайтын жұмақтың зәмзәм суы тәрізді».
Иә, о заманда қазақтың қариялары қойыны-қонышы толы қазына, дала академиктері еді ғой. Қазақта бала әуелі ата-әжесінің қолында болады, солардың даналық мектебінен өтеді.
– «Қолыңа күректі ал, мынаны апарып көміп тасталық, – деді әжем жаңағы малдың ішек-қарынына ұқсайтын нәрсені шылапшынға салып жатып, – мына қошақанның шуы ғой, кейбір қойлар туғаннан кейін біртүрлі әсерде болып төлінің шуын жеп қояды...
Әжем екеуміз қораға қайтып келсек ақ тұсақ қасында жатқан қозысын емірене жалап-жұқтап тұр екен. Ақ қошақан да үсті-басы шырыш-шырыш болып орнынан тәлтіректей тұрып, тілерсегі дір-дір етіп енесінің бауырына ұмтылды.
– Қарашы, деді әжем маған күле сөйлеп, – тірі жан деген осы, сәл шыдасаң енесінің желінін соруға кіріседі, енді бір айналғанда шапқылай бастайды.
Кешке ақ тұсақтың сүтінен жасалған тіл үйіретін уыз көже ішіп отырғанда әжем, дастарқан басындағы әке-шешем мен аға-апаларыма ақ қошақанды маған деп атағанын айтты».
Әңгіменің идеясына қармақ осы жерден салынады, қазығы қадалады. Ақ қошақанды ұлт дәстүрімен немересіне әжесі атады. Енді Ақ қошақанның тағдыры Мұраттың қолында десе де болады. Жазушы Мұраттың адами болмысына сын болар детальді осы жерде елеусіздеу ғана айтып отырып, алдағы оқиға арқауын алтын шегемен шегелей кетеді. Мереке Құлкенов «Автор өлді...» деген жазушылық мехнаттың жазу тәсіліндегі өте қымбат тәсілді өзі бейтарап жағдайда, «үй сыртында...» тұрып қолдана біледі.
– «Ақ қошақан маған, мен оған әбден бауыр басып алдық. ...Ол да мені ерекше жақсы көреді. Мектептен келе жатқанда алыстан көреді де тұра шабады, келдің бе дегендей «мә, мә» деп қоңыраулата маңырайды. Төрт аяғын дік-дік еткізіп секіріп-секіріп қояды.»
Табиғатпен жалғасқан кіндігі әлі күнге үзіле қоймаған Жапон халқында (біздің ол кіндік бүгінде қуарып, кеуіп қалған...) Сакура гүлдегенде әкесі баласын ертіп барып, тамашалау дәстүрі бар. Мысалы мен, «Балам жүр, тауда шие гүлдепті, барып тамашалап келейік...» десем оны естіген жұрт «мына байғұстың басы кетіп қалыпты-ау...» деп мүсіркеуі анық. Бірақ та, қазақта табиғатпен тілдесу, одан энергия алу баяғыдан бар, тек жолы өзгелеу, ол – мал ұстап отырған, көгенге қозы байлап, қолындағы тәттісін бұзау, ботасына беретін қазақ баласының күнделікті тұрмысында тұр...
Қазақтың «Бұл дүние біртұтас» деп адамның бар жаратылыспен туысқандық қарым-қатынаста өмір сүріп, ғарыштық масштапта ойлай білген даналығы осы шағын әңгімеде де көрніс табады.
«Алдымнан ойнақшып, шапқылай шыққанда «Қошақаным» әнін жәмән дауысыммен беріле айтсам болды, мойнын едірейтіп, көзін бақырайтып, құлағын кекшейтіп тұра қалып тыңдайды. Мен әнді айтқан сайын сөйтеді. Меніңше бар ғой, қазақтың ақылсыз, надан адамдарды, «әй мынау қой сияқты иіс алмас» немесе «қой аузынан шөп алмас» дейтіндері ең алдымен қой малын кемсітуі деп ойлаймын».
Бұл жерде де жазушымен келісесіз. Шынында да өзге халық «Ей, баран!» деп қой малын шошқадан төмен санағанына «Бұлар білгіш халық қой, онысы рас шығар...» деп өзіміз келісіп те жүрдік... 80-дегі әжем бір күні жорнал қарап отырып түйенің суретін көріп «Осы суретшілер түйенің суретін сала алмайды...» дегенінің сырын мен есейдім-ау деген шағымда түсіндім. (Өйткені, жаңағы біздің «көзімізді ашқан» халық түйемізді де «Самодовольное, тупое животное...» дейтіні бәрімізге мәлім). Олардың бұл сөзі, қасиетті Құранда аты аталатын түйеміздің мына тіршіліктің күйкі күйбеңінен биік, маңғаз даналығының маңына да бара алмайтын өресіздігінің белгісі еді.
Мал бағып, ауылда өскен баланың малдың төлімен достығы оның жанына мейірім силаса керек. Түбіміз, тамырымыз бір, Алтайдан шықты делінетін жапонмен салыстыра келтірген мысалымыз да психологияда айтылатын нұрмен бөлісу деген, табиғатты аялап, төрт түлік малды қадіріне жетіп, он сегіз мың ғаламмен гармонияда тіршілік кеше білетін халқымыздың мыңдаған жылдар бойы сақтаған, қалыптасқан Дала Академиясы мектебі еді ғой. Жазушы Құлкенов те халқымыздың осы әулиелік болмысын алтын жіпке жауһар моншақ тізгендей, қадіріне жете, әспеттей жеткізіп отырады. Табиғат экологиясы мен адам жаны экологиясы бір-бірімен үйлесімде болса ғана қасиетті көк нұрын төгіп, Жер Ана иіп, адамзат мамыражай тіршілік кешерін, тонның ішкі бауындай бір-бірімен кіндігі бір деп жүрген осы түсінігімізден бүгінде ажыраңқырап қалғанымызды да абайлап еске салып қояды...
Жазушы қорадағы қошқарын, мифологиялық кейіпкерге жақындатыңқырап, ертегі кейіпкерлерінің тұлпарына балап, аспандағы аймен шендестіре отырып ай мүйіз деп ат қойып, мифологиялық сана көрнісінен бір хабар беріп қояды.
Әңгіменің атауы әдемі, идеясын ашардай дәл қойылған. «Ай мүйіз» атауы – трагипоэтикалық образ тудырады. Автор, мистикалық көңіл-күй беретін, тылсымы мол аспан денесі – айды ақ қошқарының басына қондыру арқылы ұлттың тотемдік түсінігіне жүгіне отырып, әңгіме кейіпкерін басқа қошқарлардан ерекшелеп аспан әлеміне апарып қояды. Әйтпесе, мүйізге байланысты қазақта атау көп қой – қушық мүйіз, айыр мүйіз, саң мүйіз дегендей.
Қай халық та ежелгі түсінігінде кей жануар, хаюанды кие иесі деп санап, оны ерекше қадірлеп отырған. Қой қазақта біле білсек – әлемдік гармонияның, бейбіт өмірдің қабырғалы белгісі. Қазақтың «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман» дегенінде әлем философтары айта алмаған даналық жатыр. Қой – қара жердің символы. Бозторғай – шекара дегенді білмейтін, бүкіл әлемді шарлап жүретін еркіндік символы. Қазақ сол бозторғайға ұясын қойдың үстіне салғызып, ұлы үйлесім символын тудырады. Аспан символы мен қара жер символын қосып, шебер ой тудырады. Ғажап па?.. Ғажап!.. Осыдан артық қалай айтасыз.
Жазушы Ай мүйіз қошақанын осындай әлемдік тепе-теңдіктің таразысына сала отырып шағын әңгімеге терең ой салады...
Қазақта мал отбасында бір адамға бітеді деп түсінеді. Ол рас та. Ол адам дүниеден өткен күннен бастап қара-қора малдан қараптан қарап берекет қашып, үйдегілер бір күні бас жібін ұстап қалады. Малдың ішінде де өз Иесі болады. Мал бағудың мәнісін білетін адам малдың Иесін сатпайды, пышаққа жықпайды. Жазушы Мереке Құлкенов осы жерде әңгімесінің идеясының жамылғысының бір шетін көтеріп қояды. Оны байқаған адам байқайды. Автор бірақ та, айтар ойымның темірқазығы осы жерге қағып едім деп идеясын тықпаламайды. Қаламының ұшымен бір түртіп өтеді... Ай мүйіз деп атауына тотемдік кие беруімен алда індетке пара-пар бір өзгеріс келе жатқанын, ата кәсіп, құндылықтардан оңай ажырап, ұлттық бірегейліктің көбесі сөгілер уақыты таяп қалғанын ауылдың мал дәрігері Елеусіз сияқтылардың ауызымен білдіріп отырады.
«– Шеше, – дейді ол әжеме сүзіле қарап. – Өзіңіз де көріп жүрсіз ғой, ауылда мал ұстамайтындар көбейіп барады. Әсіресе жас отбасылары малға қарауды қойды. Күйеулері он бес күндік вахталық жұмысқа кетеді, әйелдері күні бойы ақақу-сәкәку. Күн сайын порошок сүтті, қаймақты, айранды тіпті етті дүкеннен сатып алады. Өздері сиыр сауғысы келмейді, май шайқап, құрт қайнатпайды. Менің түсінігімде ауылдағы малсыз үй – жансыз үй. Бүйте берсе қазақтың ауылына зауал келеді. Орысша айтқанда кранты. Менің жүрегім осыған қатты ауырады, құрдас! Ол алдындағы рөмкені тағы тастап жібереді»...
...«Бір күні әжем сөз бастады:
– Мына Мұратжанның ақ қошқарын, ақтап жібермесе болмас, зәрі бойына тарап, етінің дәмі кетіп қалар, – деді әлденеге мазасызданып. Ертең Елеусіздің қолы босаса шақырарсың. – Әкем шайын бір ұрттап басын изеді. «Ақтағаны» несі деп ештеңе түсінбей аңырып отыр едім. «Ақ қошқарың піштірілетін болды», – деп қасымдағы Медет ағам құлағыма сыбыр етті».
Ай мүйіз – асыл тұқым қошқар. Асыл тұқымды қошқардың тұқымы ірі, етті келеді. Бірақ, әңгіме қошқарда ғана емес. Отардың көркі, асыл текті малдың тұқымы түздай құрып, ұсақталуын жаза отырып, жазушы ірілік, көсек мінез мәселесін алға тастайды. Уақыт талабымен елу жыл өтіп ел жаңарып, қырық жыл өтіп қазан жаңғырғанда заман көші кері кетіп, адамның да мінезден айырылып, тарттырылған қошқардай ыбылжып, былжырап жүретін күйге түсетіні астармен беріледі. Қазір тұштаңдаған қызтекелердің бизнесі қыза бастағанына ешкім таң қалмайтын болды...
Айтпақшы, Сальвадор Дали картиналарында кездесетін бір мүйізі араланып, салбарап тұратын бұқа бейнесі – оның өгізге айналғанының белгісі. «Ай мүйізде» автор қошқарды тарттырып тастайды. Бұған кейінірек ораламыз...
«...малын ектіретін үй Елеусіз келерде дастарқанын жайып, бір шөлмегін қойып күтіп отырады. Содан қорадағы малға укол салып болған соң, Елеусіз қолын асықпай жуып, төрге дастарқан басына келіп отырады. Асықпай шай ішеді, тағамнан қарбыта асайды, бір-екі рөмкені тастап-тастап жібергеннен кейін:
– Қазақтың жаны мал, – деп әңгімені бастайды – Атам қазақ амандық-саулық сұрасқанда: «Мал-жан аман ба?» деп сұрайды. Өйткені біздің ата-бабамыз малдың қадірін білген ғой.
Содан Елеусіз ұзақ әңгімені үзбейді...
–...әжем сөзге араласады, – Құдайға шүкір, сенің арқаңда қолымыздағы оншақты жандық індет-ауру дегеннен аман.
– Біздің ауылдың халқы Асхат (ауыл фельдшері) екеуіңе құдайдай сыйынады ғой білемісің, – деп әкем құрдастығына салып әзілдейді.
Елеусіз әкеме қарап ыржия күліп:
– Кел құрдас, елдің амандығы үшін алып қоялық, – деп қолындағы рөмкені басына бір-ақ көтерді.»
Ай мүйіздің піштірілетін жерін суреттегенде жазушы ақ қошқардың таргедиясын (Ай мүйіздің трагедиясы мен Мұраттың трагедиясы астарлас...) мал пішетін қарапайым пенде Елеусіздің ауызымен айтқызады.
«Елеусіз ақ қошқарды ақтауға сәскеге жақын жетті. Қолында сырты ақжем болған қоңыр былғары сөмкесі бар. Әдеттегідей көңілді, үстінен дәрі мен спирттің иісі шығады. Әлдебір әуенді мұрынның астынан әндетіп қояды.
– Қане бала баста қораға, – деді ол үлкен аузын ыржита күліп, күрек тістері ақсиып, онсыз да ажарсыз жүзі тіпті үрейлі көрінеді. Әйтсе де Елеусіздің осы ыңғайсыз күлкісінде біртүрлі адал сүйкімділік бар сияқты.
Қорада жападан жалғыз тұрған ақ қошқарды көргенде:
– Па, па, мынауың ертегідегі ақ қошқар ғой! Мынауың қой емес тайынша ғой! Осы жасыма дейін мынадай ірі Шопан ата баласын көрмеппін. Обал болады ғой, мұны қалай тарттырамын! Қой қолым бармайды, қолым бармайды, – деп қолындағы сөмкесін жерге қойып, алға бір аттап еді ақ қошқар басын кекшитіп, ай мүйізін оңтайлап оған тұра шапты.
– Ойбай Мұрат, ұста мынауыңды, жазым қалып жүрер айдың-күннің аманында, – деп Елеусіз тұра қашты».
Қошқар түгіл жер тарпыған небір бұқаларды ақтап жүрген Елеусіз бұл жерде ақ қошқардан қорқып қашқан жоқ. Мал пішіп, қуырдақпен жүз грамын ішіп, қалтасына мың теңгесін салып төртқұбыласы түгелденетін Елеусіз Ай мүйіздің парқын таныды. Ақ қошқардың Алла тағала Ибрагим құлына (ғ.с.) көктен түсірген қошқарға пара-пар қасиетін таныды. Ай мүйізді тарттыру несібенің кемуі, нығыметті басқа тебумен бердей екенін түсінді. Әрине, Елеусіз пышағын қайрап қораға қайта кіреді. Өйткені, бұл – Ай мүйіздің болашақ тағдырына шабылған балтаның алғашқы сілтеуі ғана...
– «Қане бала, мойынынан мықтап ұста, – деп өзі қошқарды айнала берді.
Қанша дегенмен мал дәрігері емес пе, Елеусіз әп сәтте ақ қошқарды жығып үлгерді де, үстінен тізесімен басып отырып, төрт аяғын байлады да тастады. Сосын сөмкесінен целлофан жайма шығарып жерге жайып, асай-мүсейлерін ретімен орналастыра бастады.
– Скальпельді бірінші қоямыз, одан қысқыш кетеді, жіп пен ине мына жерде тұрсын, – деп ыңылдай әндете сөйлеп Елеусіз ретімен жатқан дүниелерін спиртпен асықпай сүртуге кірісті.
– ...Қане бала енді қошқарыңның барына назар аударалық, «бисімилла» деп ісімізді басталық. Сен, бар, қошқарыңның басына ие бол, мен жаққа қарама.
Кенет ақ қошқар басын кекжең еткізіп, қинала ышқынды. Бейқам отырған мені ұшырып жібере жаздады. Мен қайта ұмтылып бар күшіммен мүйізінен баса түстім. Құлағым шыңылдап, бойым дірілдеп, ішім алай-түлей. Пыс-пыс етіп, күйбеңдеп жатқан Елеусіздің:
– Па, па бар-ақ екен, дүние шіркін! – деген көңілді дауысы шыққанда ғана есімді жидым. Ақ қошқар да сұлық, қимылсыз жатыр.
... – Міне, жаңа ғана арқыраған қошқар еді, енді манаураған ісекке айналды, Мұрат, бері қара, анаған назар сал, – деді Елеусіз көңілді қалпын өзгертпей. Мен жұмып отырған көзімді жасқана ашып Елеусіз жаққа қарап едім, целлофан жайманың шетінде қаны сорғалап, буы бұрқырап түйетауықтың жұмыртқасындай екі жұмыртқа жатыр екен.
– Обал-ай! – деп ышқына айқайлап жібергенімді байқамадым, денем қайта дірілдеп кетті.»
Шығарма сізді – оқырманды ауыр бір ойға қалдырады. Мұрат досы алдындағы алғашқы сыннан өте алмады, сүйікті қошқарын қорғап қалуға жарамады. Ара түсе алмады, ең болмағанда қиғылық салып, аяғын босатып далаға қумады. Бәрібір үлкендердің айтқаны болады, қошқар ақталады, дегенмен Мұратта «Мен барымды салдым, қайтейін, ақ қошқарым, қолымнан келмеді, менен не кінә бар...» деп ақталар еді ғой. Жоқ, Мұраттан ондай ірілік шықпады. Әрекетсіздік танытты. Көз алдында қошқары қанға бөккенде, еш пайдасы жоқ, ішкі болымсыз қарсылықпен шектелді.
«...Мен жүрегім қобалжып үндей алмадым. Самбырлай сөйлеген Елеусізді іштей қатты жек көрдім, жаман сөздер айтып тастағым келіп оқталып-оқталып, тістенген күйімде тіл қатпадым. Тек сұлық жатқан ақ қошқарымның жұмсақ жүнін дәрменсіздікпен сипалай бердім.»
Еркек хаюан ұрғашыға таласқанда, үйірге көсем боларда өзара күш сынасады, алайда жеңілгенін жеңгені өлтірмейді, ешнәрсесін кесіп те алмайды, әлсізі күштісін мойындайды, күштісі күшін дәлелдегеннен кейін тоқтайды. Екеуі екі жаққа, жөндеріне кетеді. Табиғатта өшпенділік жоқ, кек сақтау жоқ. Ал, адам баласы ше? Ол туралы жазушы былайша пайымдайды:
«– Сен қалай ойлайсың, мен жұмыр жердің бетіндегі ең жыртқыш, ең қанішер мақұлық адам деп есептеймін. Қара, аң-құстың, ең қандыауыз жыртқыштың еркектерінде екі ат жоқ. Екі ат тек үй жануарларының еркектерінде ғана бар. Өйткені олардың еті дәмді болу үшін, қолдан жуасыту үшін, ілуде ең мықтыларына ғана тиіспей, қалғандарын мына сенің ісегің сияқты дер кезінде тарттырып жібереді. Адамнан сұмдық артқан ба, сонау есте жоқ ескі заманда патшалар мен ханзадалар әйелдеріне күтуші етіп жас жігіттерді дайындағанда олардың бәрін мына сенің қошқарың сияқты тарттырып жіберген де құлақкесті құл қылған. Қой, адамның жауыздығына шақ келетін ештеңе жоқ, әлі күнге дейін сол.»
Сонымен, Ай мүйіз мінезінен айырылды, тек ет пен май жинап, еті балдай соғым малы болуға ғана жарайтын күйге түсті... Сол жылы Мұраттың апайы Ұлдай мектеп бітіріп емтихан кезінде бір сабақтан төрт алып қалды да, алтын белгіге іліге алмайды. Мұраттың Ай мүйізі енді Ұлдайдың студент атануы жолында құрбандыққа шалынатын болады... Мұрат бұл жолы да «жүрегі дір етіп, денесі қалтырайды, тамағына өксік тығылып үндей алмайды»... Досын ажалға айдап жатқанда көрсеткен бар қайраты осы болады. Осы жерде жазушы аса қатал шешімге келеді – Мұрат жанындай жақсы көретін досын жүк поезына тиеп Мұқырдан екі жүз елу шақырым Атырауға өз қолымен өлімге апарады. Бала ғой үлкендердің жауапты іс тапсырып, сенім артқанына мәз болады. Балалық па, досын өз қолымен ажалға айдап келе жатқанын түсіне қоймайды.
Қапырық вагон ішінде ісегімен келе жатқан Мұраттың бойына түнде үрей ұялайды. Жазушы Мұраттың ісегін тиеп келе жатқан вагон мен Алаш көсемдерін өлімге тасыған кеңестің қызыл террорының «Ажал вагоны» арасын тонның ішкі бауындай іліп байлап, керегенің қайыс көгіндей түйіп отырып, әдіптеп тастайды.
«О, құдайдың құдіреті кенет құлағыма таныс-бейтаныс дауыстар естілгендей, біреулердің сұлбасы елестегендей болды. Иә, иә дәл солай вагонның үңірейген бұрышынан маған таныс адамның нұрлы жүзі көрінеді, қасы-көзі қиылған, қияқ мұртты, дөңгелек құндыз бөрікті сұлу адам Сәкен Сейфуллиннің өзі. Қолындағы домбырасын асықпай шертіп, «мен келем тау ішінде» деп ән салады. Дауысы қандай қою, қандай әсем. Тура азап вагонында келе жатқандай. Екінші бұрыштан тағы бір таныс адамның бейнесі елестеді. Ол қоңыр дауысымен «Мен жастарға сенемін!» – деп өлең оқып тұр. Үшінші адам көзіндегі көзілдірігін түзеп: «Жайықтың бойы майлы қиян», – деп жыр оқи жөнелді, ол Халел Досмұхамбетовтың өзі. Мен қорқуды қойып ауызымды ашып қараңғы бұрышқа еміне түсемін.»
Жазушы Мереке Құлкенов Мұрат пен Ісектің поезд сапары арқылы кішкентай кейіпкеріне ауыр айып тағады. Мұрат – күнаһар. Қол-аяғы шілмиген мектеп баласы Мұрат рухы сынған қазақ қоғамының символы. Отарсыздану процесі әлі аяқталмаған қазақ қоғамының өліара адамы. Тәуелсіздіктің еркін ұланы. Алайда, қаны ата-бабаларының құлдық санасы қасіретінен әлі арылмаған. Тізерлеген күйінен бойын жаза алмаған, езілген, жаншылған күйде. Бұл бүгінгі қазақ қоғамы дертінің дәл қойылған диагнозы. Жалтақ, «майырдан алып бұйрығын, ел пысығы жортады-ай...» деген заманның ызғары әлі алпыс екі тамырында, он екі мүшесінде сақталған қазақ.
Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхаметовтар да Мұраттың ісегі сияқты мал вагонға тиеліп ажал аранына аттанған еді. Ол кезде де арыстарына араша түсер жан баласы табылмады, қайта бір-бірін сатты, ит жеккеге айдатты.
Бүгінгі жемқор, ел байлығын, халқының несібесін тонаған қылмыскерлер кешегі Мұраттар. Өйткені, сатқындық синдромына ұшырағандарда Отаншылдық сезім болмайды. Олар құрған сатқындық қақпаны сәтін күтіп жатады да, орайы туған сәтте сарт қабады. Мұрат жолда поезд тоқтағанда ісегін түсіріп алып, түн ішінде айдалаға қашар ма екен деп есекдәмемен тыпыршып, күлбілте үміттің қоламтасын үрлейсің, ісектің аман қалуын, Мұраттың жанкештілік жасап, досын ажалдан құтқаруға тал қармардай болса да әрекет жасауын, сөйтіп ақталуын күтесің. Алайда, сіздің ол тілегіңізді Құдай бермейді, Мереке Құлкенов бергізбейді, өйткені бүгінгі шындық солай. Басымыздан кешкен тағдыр солай. Ащы. Күлбілтесіз. Өте ащы. Шығарма да өте ащы, аяусыз, қатігез аяқталады.
Қазақ біреуге берген малының бас жібін алып қалады, немесе сілекейін алып, өзінің үстіне жағады. Байлығым кетеді деп ырымдайды. Ата-әже тәрбиесін көрген Мұраттың ол ырымды білмеуі мүмкін емес. Біле тұра, Ұлдай апайына еріп, ісекті алып кетуге келген жігіттерге бас жіпті бере салады. Бұл да жазушының – тұрқы тай өгіздей ісектер тұқымы енді тұздай құрыды деген өкімі. Ірілік кетті, ұсақтар заманы орнады деген тұжырымы.
Әңгіменің финалы тіпті ауыр, аяусыз – ісекті орынынан қозғалта алмай тұрған жігіттерге Мұрат жалма-жан (назар аударыңыз – «жалма-жан») қалтасынан екі түйір қант шығарып, – мә, мынаны тұмсығына жақындатсаң өзі жүреді, – деп қант ұсынады. Қол-аяғы шілмиген, тілінің қотыры бар, еті тірі Мұратыңыз пысықтық көрсетпейді, ісегін аман алып қалудың ақырғы амалына жабыстпайды . Кесірленіп, ісекті айдап кете алмай тұрған жігіттерге кедергі болудың себебі табылғанына қуанып, сол сәтті барынша пайдаланып қалудың орынына Ақ мүйізін екі түйір қантпен алдап-сулап, пышаққа өз қолымен жығып береді.
Ақ ісек тиелген вагонда түнде пайда болған Алаш арыстырының елесі таң ата ғайып болады.
«Пойыз жүріп келе жатқан екпінін тежеп, салдыр-гүлдір етіп, кілт тоқтады да, маған көрінген елестер көзден ғайып болды.»
Елестер шын мәнінде ғайып болған жоқ.
Мінезді болғаны, ірі болғаны, ерек болғаны үшін құрбан болған Аймүйіз аспанға көтеріліп, Ажал вагоны шоқ жұлдызына айналады. Кие белгісі болып, айқара құшақ мүйізінен ақ нұр төгіліп, пендешілік теңізінде желкенін жел кернеген Мұраттардың күйкі тірлігіне жоғарыдан көз салады.
Мұраттар тіріде әлі де жазықсыз арыстар құрбан болады, олардың елесі қыр соңымыздан қалмайды.
Мұраттың Ай мүйіз қошқарының елесі де шілмиген қол-аяғы балғадай болған, костюм киіп, галстук тағып, қолына боқша ұстаған Мұраттардың соңынан қалмасы анық...
Ол күнадан – сатқындық синдромынан арылудың жолы қалай?..
«Аймүйіз» ешкімге жол сілтемейді. Тек, ол жолды іздеу әрқайсымыздың парызымыз екенін есімізге салады...
Асылбек Ихсан, жазушы, драматург, режиссер.
