(Отаншылдық туралы ойлы ертек)
Бастыны идірдім, тізеліні бүктірдім...
Көктүріктерден қалған сөз
Кейіпкерлер:
Ертоңға
Апасы
Жалмауыз кемпір
Дию
Жезтырнақ
Жалғызкөз
***
Ертоңғаның апасы көңілсіздік басып, жападан жалғыз отыр. Бала соны көріп, жанына жүгіріп барады.
Ертоңға: Апа, апа, апатай! Сізге не болды? Көңілсізсіз ғой...
Апасы: Бәрі орынша, құлыным. Алаңдайтын дүние емес.
Ертоңға: (Қасына отырып) Жоқ, апа, Сіз бір нәрсеге қатты қамыққанда, оныңызды жасыра алмайсыз. Айтыңыз. Бәлки... маған ренжулі шығарсыз, а?
Апасы: Несіне ренжиін?! Сенің барыңа Аллаға сансыз шүкір. Үй тіршілігін де тындырасың, менің де сөзімді екі етпейсің, елге көмектесу жағынан да ептісің. Бұдан басқа не қажет?
Ертоңға: Қолдан келген көмекті аяғым жоқ. Елім-жерім үшін жанымды беруге даярмын.
Апасы: Осы сөзіңнің өзі маған демеу ғой жарқыным.
Ертоңға: Бірақ, неге көңілсіз екеніңізді айтпадыңыз ғой. Әлде, мұныңыз әлі немере сүймедім, келін әкелмедің деген реніш пе екен, а?
Апасы: Ақылы көркіне сай қыз болса, ерік өзіңде ғой, Ертоңға-ау! Сенде бәрі бар, күш те, ақыл да, айла да. Сұрап қоймадың ғой, айтайын. Мазамды қашырған нәрсе отбасының емес, Отанның мәселесі боп тұр.
Ертоңға: (Орнынан атып тұрып) Не болды?
Апасы: Жалғызкөз деген пәле пайда бопты. Өзі дәу, өзі қорқынышты екен дейді, көргендер. Кеудесінде жаны бардың бәрін жалмап жатқанға ұқсайды. Ел ішінен соны жеңер ер табылсашы, Құдай-ай!
Ертоңға: Мен ше?
Апасы: Сен?..
Ертоңға: Иә, мен. Есейдік, ер болдық дегендей.
Апасы: Жоқ, Ертоңға, жоқ, жоқ.
Ертоңға: Ез ұқсап үйде тығылғанша елімді, жерімді қорғап, жау қолынан ажал құшқаным артық.
Апасы: Жаратқанға жалбарынып, күнде амандық-саулығыңды тілеп отырған жалғыз ұлсың, Ертоңға!
Ертоңға: Бәрін түсініп тұрмын, апатай. Бірақ амал жоқ.
Апасы: О, Құдай... О, Құдай...
Ертоңға: Қабырғам қатты, бұғанам бекіді! Қас-дұспанға ұрыс салуға сақадай саймын!
Апасы: Жалғызкөзді қайдан таппақсың?
Ертоңға: Жан-жақтан сұрастырам. Жолға жиналайын! Қоржынға тапа нан мен су, бір кесек ет сала салыңыз...
Нажағай ойнайды.
Апасы: Астапырылла! Күннің ерекше күркірегені несі екен-ей? Жақсылық болса жарар еді, Жаратқан Жалғыз Ием...
Ертоңға: Бұл ‒ «созбаққа салма, жауды жең» деген белгі.
Апасы: Жарайды құлыным, Алда жар, жортқанда жолың болсын, Отаныңа аман орал.
Ертоңға: Әмин апатайым!
Апасы: Жалғызкөзбен жалаң қолмен ұрыспайтын боларсың?
Ертоңға: Алмас қылышым бар ғой, алаңдамаңыз.
Апасы: Сақ бол...
Ертоңға: (Қылышын алып келеді) Оның ажалы мына алдаспаннан болмаса, Ертоңға болмай кетейін.
Апасы: Мына бір айнаны жаныңда ұста, қажет болар. Абайлап жүр, қатты қуанба да, қатты қайғырма. Жүрегіңді тыңда, ақылыңа сен...
Ертоңға: Рақмет, Сізге!
Апасы: (Мойнына бойтұмар тағады) Мына тұмарды тастама.
***
Ертоңға: Қанша жол жүргенімді білмеймін, бірақ дұспанды әлі кезіктірмедім. Көпшіліктен сұрасам: «Көрмедік», – дейді. Қайдан табам, оны? Кеш те батты. (Үйді көріп) Бұл неткен жапандағы жалғыз үй? (Жақындап) Ей, кім бар, мұнда? (Үнсіздік) Ей, кім бар деймін?
Жалмауыз кемпір: Кім керек?
Ертоңға: О, қарай гөр, мына қызықты. Сен кәдімгі ертектегі Жалмауыз кемпірмісің?
Жалмауыз кемпір: Үлкенге Сіз деп сөйлеу керектігін үйдегілер үйретпеп пе еді?
Ертоңға: Істейтінің жамандық, сондықтан кісі сыйлайтын қылығың жоқ.
Жалмауыз кемпір: Оны кім айтты?
Ертоңға: Бесікте жатып-ақ ертекті жадымызға тоқып өскенбіз. Сол себепті, кім айтты дегенің орынсыз. Сен туралы да, сенің досың туралы да білем.
Жалмауыз кемпір: (Ойланып) Ол кім болды екен, тұқымың құрғыр?
Ертоңға: Жалғызкөз деген пәлекет те...
Жалмауыз кемпір: Оны досым деп кім айтты?
Ертоңға: Кім айтты, кім айтты? Нең бар?! Білем ғой, сұрама.
Жалмауыз кемпір: Қайтеді-ей мынау?! Жалғызкөзбен қастасқанымызға қанша уақыт болғанын білемісің, өзі?! Бірақ, жассың ғой, память жоқ... Так, бір, екі, үш, төрт... төрт жүз жыл бопты. Ондай «кидаланы» жаныма жолатпаспын, ендігіде. Беттен алып, төстен шаппай, қайта адамның көңілін табуға тырыссаңшы, түге.
Ертоңға: Қалай?
Жалмауыз кемпір: Сұлуым, аппағым деп...
Ертоңға: Сен бе сұлу, сен бе аппақ? Ха-ха-ха... Бүйтіп өмірі күлмеп ем.
Жалмауыз кемпір: Балалар, мен не красавица емеспін бе, сонда?
Ертоңға: Соңғы рет айнаға қашан қарап ең?
Жалмауыз кемпір: Айна? Ол не, тағы?
Ертоңға: (Қоржынынан айнаны алып шығып) Міне, қарай ғой.
Жалмауыз кемпір: (Айнаға қарап) Мына сүйкімсіз кім-ей? Шашы алба-жұлба, беті әжім, тістен жұрдай...
Ертоңға: Бұл сен ғой, сұлуым. Әлем аруы!
Жалмауыз кемпір: Айнаң адамды хайуан ғып көрсетеді екен. Өтірік, бәрі.
Ертоңға: Түр-түсің сондай болса, қайтем?!
Жалмауыз кемпір: Қандай?
Ертоңға: Сондай, енді. Көріп тұрсың ғой.
Жалмауыз кемпір: Әжеңмен жасты адаммын.
Ертоңға: Әжем сендей жаман болған жоқ.
Жалмауыз кемпір: Жақсыны ат көрме...
Ертоңға: Е-е-е, сені де біреу апам бар деп жүр ғой. Елден жырақтап, қазақтың мақал-мәтелін ұмытып та қалыпсың ғой. «Жақсыны ат көрме» емес, «жақсыны жат көрме» шығар...
Жалмауыз кемпір: Маңғазданбай, кішіпейіл болуға тырыссаңшы. Жұрт мені: «Жалмауыз кемпір» деп кемсітеді. Бірақ мен де жабырқап жүрген жанмын. Сыпайылық танытсаң, осы үйге де сыйысып кетерміз. Егер дандайсысаң, далада қаласың, үйге кіргізбеймін.
Ертоңға: Артық кетсем кешірім сұраймын. Кірсем бола ма екен?
Жалмауыз кемпір: «Кісідегінің кілті ‒ аспанда» деген. Көңілімді аула. Жаман болмассың. Қазір саған бақа-шаянның сорпасын ысытып берейін. Әңгімелесетін адам таппай жүргем...
Ертоңға: Уақыт жоқ. Кету керек.
Жалмауыз кемпір: Қайда?
Ертоңға: Не қыласың?
Жалмауыз кемпір: Егер жасырсаң, онда жағымсыз нәрсе болғаны ғой?!
Ертоңға: Жоқ, олай емес. Жалғызкөзді іздеп жүрмін. Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ, таппадым.
Жалмауыз кемпір: Сен онда дәл кепсің. Жалғызкөз менің байырғы бақталасым. Не үшін іздеп жүргеніңді айт, алдымен?
Ертоңға: Еліме тыныштық берер емес.
Жалмауыз кемпір: Енді?
Ертоңға: Ендігі мақсатым – құбыжықтың басын алып, Отаныма оралу.
Жалмауыз кемпір: Ел қамын ойлаған Едігем-ай! Асықпа! Жолдан шаршап-шалдығып келіпсің, байқадым. Албастының тырнағынан жасалған шайдан ішейік. Сөйтіп, шаршағаның басылып, керемет бір күйге енесің. (Шайды оқытып береді) Ақылынан алжастыр, ақылынан алжастыр. Міне, ала ғой батыр-екем.
Ертоңға: Не деп сыбырлап жатырсың-ей?
Жалмауыз кемпір: Мен бе? Ештеңе, құлағың шалыс естіген болар. Іш, іше ғой. (Ертоңға ішіп, бірден ұйқыға кетеді) Айттым ғой. Енді ұзақ ұйықтайды. (Қоржынынан айнаны алып шығады) Мынау деген қажет зат екен, менде қалсын. (Ертоңға арлы-берлі қозғалақтайды) Ұйықта Ертоңға, ұйықтай ғой. Ал, мен оған дейін батырымның жолын байлап тастайын. Суф, суф, жол байлан, суф, суф, жол байлан. (Ол ән айтып, кетіп қалады)
Апасының дауысы: Абайлап жүр, Ертоңға, қатты қуанба да, қатты қайғырма. Жүрегіңді тыңда, ақылыңа сен...
Ертоңға: (Оянып) Қайда жүрмін, а? Әлгі Жалмауыз кемпір мені алдап кетті-ау. Шайға бір нәрсе қосып жіберген ғой. Жетсем желкесін үзем. Айнам қайда екен, қазір, қазір! (Қоржынын ақтарады) Ұрлап кетіпті. Бірақ, тапа нан мен суға тиіспепті. (Тапа нанды үзіп жеп, су ішіп, жан-жағына қарайды) Түсінсем бұйырмасын! Жол үшке бөлінген бе, қалай? Енді не істесем екен? (Ағаштың түбінде отырған кейуананы көреді. Бұл ‒ Жалмауыз кемпір еді) Кейуана, мұнда не істеп жүрсіз? Адасып кеткен боларсыз!
Кейуана: Жоқ! Тұрағым ‒ осы орман! Ана бір жерде үйім бар. От жағайын десем, ағаш таппай қиналып...
Ертоңға: Жасыңыз қаншада?
Кейуана: Уақыт дегенің өтіп, жас дегенің қосылып жатыр, қайдан білейін! Үйге кіре алмай жүргеніме екі күн болды. Әбден әл-дәрменім құрыды...
Ертоңға: Неге?
Кейуана: Алдында дауыл соғып, есігім тарс жабылды. Ауыр, аша алмадым! Көмектесе аламысың көкебас?
Ертоңға: Көмектесуін көмектесем ғой. (Кейуананы айналып) Сізді бір жерден көрген секілдімін! Даусыңыз да таныс.
Кейуана: Жоқ, қайдам. Жүр үйге барайық, есігімді ашып берсең, алғыс айтар ем...
Апасының даусы: Абайлап жүр, Ертоңға, қатты қуанба да, қатты қайғырма. Жүрегіңді тыңда, ақылыңа сен...
Кейуана: Кім ол? Біреу сөйлегендей болды ғой, а?..
Ертоңға: Бұл жерде екеумізден басқа ешкім жоқ. Жарайды, мен кетейін, онда жолдан қаламын. Асығып тұрмын.
Кейуана: «Қуыс үйден құр шықпа» деген. Астан ауыз тисеңші.
Ертоңға: Ас деймісіз?!. (Қоржынын ашып, ішінен нан алып шығады) Қарныңыз ашса, мінеки. Наннан үлкен ештеңе жоқ. (Үзіп береді де өзі де жейді) Апам салып берген. Қажай тұрыңыз, қайтар жолда міндетті түрде жәрдемдесем. (Кетеді)
Кейуана: (Үстіндегі киімін шешіп) Бәлесін қарай гөр, мұның. Мені танып қойды. «Қажай тұрыңыз!» – дейді ғой, боқмұрын. Әп, бәлем! Жол ұзақ, әлі жолығамыз. Көмекшілерімді шақырайын. (Ағашты соққылап) Ей, алапат күштің иесі – Жезтырнақ, ей, мықты да мығым – Дию, қайдасыңдар?
Жезтырнақ пен Дию келеді.
Жезтырнақ: Не болды? Оятып жібердің ғой. (Керіліп-созылып) А-а-а...
Жалмауыз кемпір: Сендерге ұйқы мен күлкі арман болатын түрі бар. Ертоңға деген батыр орманды арлы-берлі аралап, Жалғызкөзді іздеп жүр. Тапса әкесін танытпақ.
Дию: Іздесе іздесін, тапса тапсын.
Жезтырнақ: Жалғызкөз өзімшіл боп алған.
Дию: Енді, жалғыз ғана көзбен көру қиын ғой, хе-хе-хе.
Жезтырнақ: Табуына тілектеспін.
Дию: Жезкеңмен келісем. Қарсы келсең қақ маңдайдан ғана ұруды біледі. Дүние-байлық бітіп еді, бәрімізді ұмытты.
Жалмауыз кемпір: Сендерді маңдайдан ғана емес, тұтас бастарыңнан тоңқылдатса ғой, шіркін. Тауықтың миындай да миларың жоқ, түге. Ей, егер Ертоңға Жалғызкөзді басын шапса, артынша бізге де тықыр таянады.
Жезтырнақ: Оған ешқандай жаманшылық жасаған жоқпыз ғой.
Жалмауыз кемпір: Ол өзі өте ақылды әрі шымыр екен. Менің өзімді алдап соқты. Ей, Ертоңға ертелі-кеш сазайымызды береді, сонда сазға отырамыз, соны түсінемісіңдер?! Көмектесесіңдер ме, жоқ па?
Жезтырнақ: Құр қолға бата жүрмейді.
Жалмауыз кемпір: Жақсылықты тез ұмытады екенсің, Жезтырнақ. Жалғызкөз сені Диюдан қорғап қалғаны есіңнен шығып кетті ме?
Дию: Сол ғой, бұны қайта тәубесіне түсіру керек секілді.
Жезтырнақ: Қалай десең, олай де, көмектеспеймін, болды.
Жалмауыз кемпір: Ал, егер бір зат көрсетсем ше?
Жезтырнақ: Алдымен бер, одан кейін ойлана жатармыз.
Жалмауыз кемпір: (Айна береді) Міне, қара.
Жезтырнақ: Не, бұл? (Айнаға қарап) Не, не керек боп тұр саған?
Дию: Кім ол?
Жезтырнақ: Маған біреу қарап тұр. Түрі қорқынышты, тура.
Жалмауыз кемпір: Бұны айна дейді, ал айнадағы қорқынышты бейне бұл ‒ сен.
Жезтырнақ: Мен бе? Өзімді өңдімін деп айта алман, бірақ тым ұсқынсыз да емеспін.
Дию: Қане, біз де көрейікші.
Жезтырнақ: Армандапсың. Айна ‒ менікі... олай болса айнадағы бейне де ‒ менікі.
Дию: Берші, енді. Сені де дос дейді ғой.
Жезтырнақ: Ренжіп қалды, ренжіп қалды. Жарайды, мә, көр.
Дию: Ойбай, мынау кім-ей, тағы?
Жезтырнақ: Кім екен?
Дию: Адам қызығарлық сұрқы жоқ қой, мынаның, а?..
Жезтырнақ: Бұл өзің ғой, ақымақ.
Дию: Жоқ мен емес.
Жезтырнақ: Жоқ, сен.
Дию: Мен емес бұл, мен емес. Мен ‒ жігіттің төресімін. Ал, мынауың болса...
Жезтырнақ: Сонда өзіңді қыз қызығарлықтай деп тұрсың ба? Ха-ха-ха...
Дию: Қазір мен сені таяқтаймын, бері келші...
Жезтырнақ: (Қашады) Болды кешір, айып ‒ менен, айып ‒ менен.
Жалмауыз кемпір: Ертоңғаны жеңуге жәрдемдесесіңдер ме, жоқ па? А-а-а? Олай болса, айнаны қайтарыңдар.
Жезтырнақ: Жарайды, жарайды, келістік.
Дию: Иә, келісеміз. Не істеу керек?
Жалмауыз кемпір: Ойлану керек, ойлану керек. М-м-м... А-а-а, таптым. (Құлағына сыбырлайды)
Жезтырнақ пен Дию: Мәссаған! Ғажап! Қой-е. Міне, қызық. Ха-ха-ха!
Жалмауыз кемпір: Алға! Жандарыңда жүрем, алаңдамаңдар. Артқа қарамаңдар. Жарай ма?
Ертоңға: (Келеді) Басқа жолмен жүрген секілдімін ғой. Әлгі кейуана... Даусын бір жерден естігем. Міне, жолайрыққа да жеттім...
Біреулердің даусы естіледі: Қай жолмен барамыз? Қайсысымен? Мынау ма? Жоқ, ол емес. Енді? Ізде. Іздеп жатырмын ғой. Мынаған бұрылған сияқты едік. Осы жолмен жүрейік деп айтқан сен емес пе ең?! Сен ғой? Жоқ, сен! Маған жала жаппа...
Ертоңға: (Дию мен Жезтырнақ шал мен кемпір боп киініп алған) Аманбысыздар?
Жезтырнақ: Аманбыз, балам.
Ертоңға: Бұнда не істеп жүрсіздер?
Дию: Біз Жал...
Жезтырнақ: Үніңді өшір, ақымақ. Кемпірім: «Біз жалғыз жолды іздеп жүрміз», – дегенді айтқысы келген.
Ертоңға: Жалғыз жол?
Жезтырнақ: Иә, жалғыз жол. Үйге бара жатыр ек, адасып кеттік.
Дию: Иә, адастық.
Ертоңға: Болды, жыламаңыз.
Дию: Жалма...
Ертоңға: Не дейсіз?
Жезтырнақ: Тыныш. Тыңдама, оны. Кемпірім алжып қалған, өзі. Кейде бір сөзді қайталай береді, қайталай береді.
Дию: Мен бе, алжыған?
Жезтырнақ: Иә, сен.
Дию: Кеттім, онда. Өзің қал.
Жезтырнақ: (Жылағандай боп) Мен ше? Мен байқұсқа кім көмектеседі? Келе жатып, албасты басып адастық та кеттік. Енді не істейміз?
Ертоңға: Мен-ақ көмектесейін, ата.
Дию: А?..
Ертоңға: Негізі қалай қарай бара жатыр едіңіздер?
Жезтырнақ: (Қараңғы жерді нұсқап) Былай қарай.
Ертоңға: Қалай?
Жезтырнақ пен Дию: (Бірге) Былай қарай, былай!
Апасының даусы: Абайлап жүр, Ертоңға, қатты қуанба да, қатты қайғырма. Жүрегіңді тыңда, ақылыңа сен...
Ертоңға: Біресе ана жер, біресе мына жер дейсіздер. Енді келіп, қараңғы жақты көрсетіп тұрсыздар. Бармаймын.
Жезтырнақ Диюдың құлағына сыбырлайды.
Дию: Ойбай, көмектесе гөр, балам, көмектесе гөр. (Басын ұстаған күйі жалынып-жалбарынып жерге отыра кетеді)
Жезтырнақ: Не болды, саған кемпір?
Дию: Осылай істе деп өзің айттың емес пе?!
Жезтырнақ: Үніңді өшір, нақұрыс. (Басынан салып қалады)
Дию талып қалады.
Ертоңға: Не істедіңіз?
Жезтырнақ: Талып қалды ғой деймін.
Ертоңаға: Талып қалды?
Жезтырнақ: Ештеңе жоқ, есін жияды.
Дию: (Ыңырсып) Су, су...
Жезтырнақ: Қара, есін жиды. Не дейсің?
Дию: Су ішем, су.
Жезтырнақ: Ну орман ішінен суды қайдан тауып берем, саған?!
Ертоңға: Менде бар. Қазір, берем. (Қоржынынан алып береді)
Жезтырнақ: Өзіңе ше?
Ертоңға: Бір амалын табармыз, ішіңіз.
Дию: (Бәрін ішіп болып) Болды, бітті, рақмет.
Апасының даусы естіледі: Абайлап жүр, Ертоңға, қатты қуанба, қатты қайғырма. Жүрегіңді тыңда, ақылыңа сен...
Ертоңға: Ал, тұрыңыз. Жөн болды. Мен кеттім.
Дию мен Жезтырнақ: Тоқта, көместесем дегенің қайда?
Ертоңға қолын сілтеп, ары қарай кетеді.
Жезтырнақ: Кетті, әне. Сенің кесірің, бәрі. «Жал-жал... жал-жал»...
Дию: Енді дұрыс қой, Жалмауыз ке...
Жезтырнақ: Үніңді өшір, онда ұшықтап жіберем. Енді не істедік?
Дию: Өтірік айта салайық та...
Жалмауыз кемпір: Өтіріктен басқаны білме, сен.
Дию: Оның суын түгесе іштім. Енді шөл қысатын болады.
Жезтырнақ: Сені ішіп-жеуге қойса ғой. Кеттік, жүр. (Кетеді)
Ертоңға: Қаншама уақыт жоғалттым. Бірақ адамдарға көмектестім. Өзі бір қызық кісілер екен. Кеш те батты. Шөлдей бастағанымды, қарашы. Су болса ғой, шіркін. (Қоржынынан торсықты алып шығады) Бос, түк жоқ. Тапа нан да таусылды. Жарайды, онда тоқтамай жүре берейін...
Жалғызкөз: (Қолында үлкен санамағы бар. Бір нәрсені санауда) Жанболат, Есболат, Анар, Жанар, Жанат, Ерлан, Нұрлан, Берік, Серік, Ерік... Он күнде он адам... Жақсы! Бірақ, несі жақсы? Бәрібір сытылып шықты, тфу! Еңбегім еш кетті. Еш... Жамандық жасаймын, жақсылық жеңіп кетеді. Тағы да жамандық жасаймын, тағы да жеңіп кетеді. Түсінбеймін, не құдіреті бар екенін!
Жалмауыз кемпір: (Басында даусы естіледі де кейін өзі де көрінеді) Жалғызкөз! Жалғызкөз! Ей, Жалғызкөз! Құлағың ауыр еститін болған ғой деймін, иә? Әлде ұйықтап жатырмысың? Ей, Жалғызкөз.
Жалғызкөз: Қазір ұйықтайтын кез бе? Жан-жағымды шолмасам несіне Жалғызкөзбін?!
Жалмауыз кемпір: Өңешім жыртылғанша атыңды айтып әлекпін. Неге жауап қатпайсың?
Жалғызкөз: Қолым бос емес!
Жалмауыз кемпір: Бар байлығыңды санап отырсың, байқаймын. Бірақ, жағдайың қиын. Сені Ертоңға деген батыр іздеп жүр. Басыңды алмақшы.
Жалғызкөз: Хе-хе-хе, жақсы жаңалығыңмен бір қуанттың, рақмет! Ертөстік, Алпамыс, Қобыландылардың атына қанықпын. Алайда, Ертоңға дегенді алғаш естуім. Ол қайдан жүрген батыр?
Жалмауыз кемпір: Сен еліне тыныштық бермеген соң, алты қыр асып артыңнан келе жатыр.
Жалғызкөз: Солай де. Мен одан қорқады деп кім айтты? Келсін, әуелі! Көрейік, әуселесін!
Жалмауыз кемпір: Шегінер түрі жоқ. Үш басты айдаһар да емессің. Жалғыз басың, жалғыз көзің ғана бар. Неменеңе сеніп отырсың?
Жалғызкөз: Мені жеңу оңай емес қой, Жалмауызым.
Жалмауыз кемпір: Екі сөзіңнің бірі өтірік, сенбеймін.
Жалғызкөз: Сен, сенбе, ерік ‒ өзіңде. Қандай, ол?
Жалмауыз кемпір: Өзі алып, өзі мығым, өзі мықты. Ешкімге дес бермейді.
Жалғызкөз: Қайда жүр?
Дию мен Жезтырнақ жүгіріп кіреді.
Жезтырнақ: Анау келе жатыр?
Жалғызкөз: Кім?
Дию: Анау! Өзі алып, өзі мығым, өзі мықты.
Жалғызкөз: Қорқып кеттім ғой, тегі. Ал, батырым шықшы бермен!
Ертоңға: (Келеді) Бәрің жиналып қалыпсыңдар. Бірақ, маған Жалғызкөз керек. Ұрысқа дайынбысың?
Жалғызкөз: Жер-көкке сыйдырмай мақтаған батырларың осы ма? Мен оны мыжа салам ғой.
Ертоңға: Мыжа салатын шыбын-шіркей емеспін. Анадан алып боп туған адаммын! Отанымды қорғау үшін туған ермін – Ертоңғамын!
Жалғызкөз: О-о-о! Келе ғой, онда. (Екеуі қылыштаса бастайды)
Жалмауыз кемпір, Дию мен Жезтырнақ үшеуі басында Жалғызкөз жаққа өтіп: «Аяма, осылай-осылай, жарайсың, тағы ұра түс!» – дейді де, ол жеңіліп бара жатқанын көріп Ертоңға жағына өтеді де: «Ұр оны, тағы ұр, тағы да, міне солай», – дейді. Дию Жалғызкөзді аяғынан шалады, ол құлайды. Ертоңға оны жіппен байлап тастайды.
Жалғызкөз: Солай істедіңдер ғой, иә, көреміз әлі.
Дию: Менің еш кінәм жоқ!
Жалмауыз кемпір: Дұрыс істедің Ертоңға, жарайсың! Түбі жақсылық жеңетінін білгем.
Жезтырнақ: Мен де білгем.
Дию: Қаттырақ байла, қашып кетпесін.
Жезтырнақ: Шаруаң бітті, Жалғызкөз.
Жалғызкөз: Мен ‒ Жалғызкөзбін! Мені құрту оңай емес!
Жалмауыз кемпір: Оның сыры маған белгілі Ертоңға.
Жалғызкөз: Аузыңды жап, қақпас.
Жалмауыз кемпір: Мен бе қақпас?
Жалғызкөз: Мен бе, енді?!
Жалмауыз кемпір: Өзіңе қарап ал, алдымен.
Ертоңға: Болды жетер, қойыңдар. Не істеу керек екенін өзімде білем. Ей, Жезтырнақ, ана ағаштың артында жатқан қоржынды алып келші.
Жезтырнақ: Қазір... (Пауза) міне. (Қоржынды алып келеді. Жалмауыз кемпір мен Дию көмектесіп әлек)
Жалмауыз кемпір: Берші маған.
Дию: Жоқ, маған бер.
Жалмауыз кемпір: Тиіспе, өзім-ақ жеткізем.
Дию: Тарт, қолыңды.
Жалмауыз кемпір Жезтырнақтан қоржынды тартып алады.
Жалмауыз кемпір: Міне, Ертоңға, ұстағын.
Дию: Біткен жерің осы, Жалғызкөз.
Жезтырнақ: Қақ маңдайдан ғана ұруды білуші ең, енді, міне, мүсәпір күйге түстің.
Ертоңға: Доғарыңдар, болды.
Бәрі: Біздің еш кінәміз жоқ, мынау ғой: «Жамандық жасаңдар!» – деп күштеген.
Ертоңға: Болды Жалғызкөз, қош-сау тұр! (Алдаспанын шығарып, Көкке көтереді. Нажағай ойнайды. Жарық сөніп, қайта жанады)
Жезтырнақ: Мына құдіретті қараңдар, оның орны да қалмапты.
Дию: Әлемде қаншама жамандық бар. Бір жерде көп, бір жерде аз дегендей. Бірақ, әркез әділдік орнайды!
Дию: Енді, біз ‒ азатпыз!
Жалмауыз кемпір: Осы орманды өзім басқарам.
Жезтырнақ: Не дейді?
Жалмауыз кемпір: Мен Жалғызкөз сияқты зұлым емес, өте жақсы болатын шығармын.
Дию: Қайдам.
Жезтырнақ: Бәріне Уақыт төреші.
Апасының даусы: Абайлап жүр, Ертоңға, қатты қуанба, қатты қайғырма. Жүрегіңді тыңда, ақылыңа сен...
Ертоңға: Егер бір-біріңе қастық қылсаңдар аямаймын. Естеріңде болсын! Ал, жақсы, онда. Қайтар жолда кейуанаға соғуым керек...
Дию, Жезтырнақ пен Жалмауыз кемпір үшеуі ақылдасады.
Жезтырнақ: Ертоңға, тоқта.
Дию: Тоқтағын. Бір әңгіме бар.
Ертоңға: Не әңгіме?
Жалмауыз кемпір: Кімге барасың?
Ертоңға: Бір кейуанаға. Дауыл соғып, есігі жабылып қалыпты. Қайтар жолда көмектесем деп уәде бергем. Екі күн тамақ ішпепті. Одан кейін шал мен кемпірге жол көрсетуім керек.
Жезтырнақ: (Жалмауызға) Бұның бәрі сенің тірлігің ғой, айтсаңшы, енді.
Жалмауыз кемпір: Жалғыз менің ғана ма?
Дию: Орманды басқарам дейді, тағы. Өтірік өрге баспайды.
Жалмауыз кемпір: Жарайды, айтайын. Ертоңға, бізді кешір.
Ертоңға: Неге?
Жалмауыз кемпір: Саған жол бойы қиындық туғызғанымыз үшін...
Дию: Кешірші бізді.
Жезтырнақ: Кешір бізді, Ертоңға.
Ертоңға: «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген.
Дию: Мына бір суды алып ал, шөлдегенде ішерсің.
Ертоңға: Рақмет, сендерге!
Жалмауыз кемпір: Мына бір нанды да ал.
Ертоңға: Рақмет!
Дию: Ертоңға!
Ертоңға: Не болды?
Жалмауыз кемпір: Айнаңды ұмытып барасың. (Береді)
Ертоңға: О, мынау бір керемет жаңалық болды ғой!
Бәрі: Жолың болсын, Ертоңға! (Қол бұлғайды)
Шымылдық
