«Жошы хан» – толымды туынды

Драма әрине күрделі жанр. Аристотелдің де әдебиет теориясын алдымен драмадан бастауы тегін емес. Ал, тарихи драма драматургтан жазушылық шеберлікпен қатар зор ізденісті талап етеді. Драматург драмалық шығармаға қалам терберде  тарих қойнауына сүңгіп, сол тақырыпқа жазылған тарихи шығармаларды қайта-қайта зерделеп, архивтерде айлап отырып зерттейді. 

78

«Жошы хан» – толымды туынды - adebiportal.kz
Фото: Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театры

Содан барып тарихи шындық пен көркем шындықты беттестіре отырып өзін мехнаткерлік азапқа тастайды. Драма жазғанда баяндау тәсілі немесе сана ағымы сияқты көптеген әдіс-тәсілдер жарай қоймайды. Өйткені – сахнада бір жарым сағат жүретін шығарма қақтығысқа (қақтығыс болғанда шартпа-шұрт ашық қақтығыс емес, кейіпкерлері бір қарағанда сабырлы, салиқалы түрмен маслихаттасып отырған сияқты көрінетін, аласапыраны тереңде жататын) жасырын қақтығысқа құра білу шеберлігін талап етеді. Басы артық бір сөйлем, сөз болмайды. Бүгінгі драма көпсөзділікті көтермейді. Әр сөзің түйе байлағандай құнды болуы тиіс. Сығылған ақпаратқа толы болуы тиіс. Және де, драманың негізгі заңы – әрекетке құрылуы тиіс. Шебер драматург сахнада қолына балға алып, тоқылдатып етіктің нәлін шегелеп отыратын штамқа құрылған емес, әр шығармасында жаңа әрекет ойлап табуы тиіс. Ол әрекет пьесаның идеясымен астарласып, айтар ойдан хабар беріп тұруы керек.

 Думен Рамазанның «Жошы Хан» тарихи драмасы осы талаптар биігінен көріне білген шығарма. Драма Үргеніш шаһарын Жошы, Шағатай әскері қоршап тұрған сахнадан басталуы драманың оиғасы ширыққан шиеленісті, көрерменнің назарын бірден аударып, оқиғалардың түйдек-түйдек туып отыруына серпін береді. Ағасымен бақталас Шағатай: «Қамалды қоршап тұрғанымызға бір ай болды, елші жіберейік деп қоймадың» деп Жошының қолбасшылық дарынына әдейі күмән келтіре сөйлеп, қалың қолдың бір ай бойы қаңтарылып тұрғанына кіналайды. Автор «Қамалды алу жолын таппай тұрып бостан босқа шабуыл жасай бергеннен не таптың, сарбаздарды қырып аламыз» деген Жошы уәжіне Шағатай қарсы шығып, қылышын ала жүгіруін суреттеу арқылы пьесаны әп дегенде конфликтіге құрады. Үгедей әкелген Шыңғыс ханның хатында қаһарлы Қағанның Үргенішті ала алмай тұрған екеуіне қатты ашулы екені айтылып, шығарма арқауы тіпті ширыға береді. Қаһанның хатынан кейін Шағатай ащы тілін Жошыға сұға түседі... Автор Үргеніш шаһарын алудың әскери стратегиясын нанымды келтіреді – Үгедей Жейхун-дарияның арнасын бұрып, қамалға тасқын жіберуді, алынбас қамалдың қабырғаларын су шайғанда ғана барып әскер қаптатуды ұсынады. Шағатай мен Үгедейдің қала халқын қырып тастауға бағытталған іс-әрекеттерін, аяусыз жауыздықтарын суреттеу арқылы автор жазықсыз жандарды жаппай жазалауға қарсы болған тарихи драманың бас кейіпкері Жошының образын жан-жақты ашып, адамгершілік қырын көрсетеді. Осы сәттерде Шағатай, Үгедей және Жошының адами бет-бейнелері кейіпкерлердің нақтылы іс-әрекеттері арқылы ашыла түседі – Шағатай мен Үгедей әке бұйрығын орындамау қылмыс, Ұлы Жасақ Ережесін бұзуға болмайды деп тиран-әке алдында өздерінің жеке пікірлері жоқ, жазықсыз қала халқының тағдырынан гөрі жаны аман қалуын ғана ойлайтын орындаушы-қасапшылар дәрежесінде болса, Жошының: «Әкеміз «Әр істің өз шешімі бар, соған сай әрекет етіңдер» деген сөзін алға тартуы арқылы бас кейіпкердің тұлғалық болмысын аша түсіп, ақылды, көреген, әділетті адам екенін бейнелейді... Ақыры қамал алынады, жауыздардың дегені болады, қала халқы жас-кәрісіне қарамай түгел қырылады. Бұл жауыздық Жошы жүрегіне шемен боп қатады... 

Жошының анасы меркіттердің қолына түскенін, Бектомыштың атасы Тоғырыл хан Жақамбыны аттандырырып анасы екеуінің әулетімен табысқанын, Бектомыштың жетігенмен салған әнін естігенде Қыпшақтың кең сахарасы есіне түсуі сахналарын автор шебер суреттей отырып, Жошының ішкі күйзелісін, Үргенішті алғанда Үгедей мен Шағатайдың қала халқын қынадай қырғаны, жазықсыз елдің трагедиясы жанына батқан Жошының жандүниелік иірімдерін, психологиясын дәп басып, күрделі образ сомдаған. Жошы образы бәйбшесімен әңгімесінде ашылып, күрделене түседі. Қан шеңгелдеп туған Шыңғыс әмірін Тәңірдің бұйрығындай орындатуға дағдыланған тиран екенін, бұл жолда алдында туған баласы тұрса да басын алар қатігез екенін біле тұра Жошы өз идеясы – әділдік идеясы жолында өз жанын құрбан етуге баратын адам екені Бектомыш екеуінің сахнасында нақтылана, шегелене түседі.

Драмалық шығарманың басты қағидасының бірі – оқиғаны интригаға құра білу. Интрига көрерменді алдағы болар оқиғаларға ынтықтыра түседі, бұның аяғы немен тынар екен деп тағатсыздандыра күттіріп қояды. Осы тұрғыдан келгенде қойылымда Құлан қатын образы өзінің күрделілігімен, тереңдігімен ерекшеленеді. Құлан қатын алғаш көрінгеннен-ақ сарай интригасының басты кейіпкері боларына сендіреді. Автор Құлан қатын мен Көкеш бақсы образдарын шебер тапқан. Құлан қатын тақ таласы жолында Құлқан ұлын Шыңғыс ханның орынын басар мұрагері ретінде көреді. Ал Көкеш бақсының зымияндығы тіпті тереңде – ол Есугейдің ұрқында кеткен атасы мен әкесінің кегін алуды, Темужиннің мойынындағы жеті атасының қанына қан қайтаруды жатпай-тұрмай ойлап жүрген жан. Тақ таласы, бақ таласы жолындағы осы жанкештілік екі кейіпкердің бойында тоғысып, шығарма шырғалаңын ширата түседі. Әрі, бір-біріне аса сене қоймайтын осы екі кейіпкердің диалогтары да пьесаның тартыс атмосферасын күрделендіре түседі.     

Меркіттердің соңғы ханзадасы Қолтуғанның тұтқынға түсіп, Шыңғыс ханның құзырына келтірілген сахналарда Жошының образы айшықтала түседі. Ерді ер таниды – Жошы Қолтуғанның ерлігін бағалай біледі, садақ тартудан асқан мергендігін бағалай біледі, Шыңғыс ханнан сауға сұрап Қолтуғанды өзіне серік етуіне рұқсат сұрайды. Құлан қатынның шыңғырып Шыңғыс ханнан «Қолтуған елімнің соңғы ханзадасы, тектісі еді» деп араша түсуі спектаклдің темпо-ритмін шыңылдата бұрай түседі. Қолтуғанның Шыңғыс хан алдында бас имеуі, жауының қанжарын жұлып алып, өзін-өзі тамақтан орып жіберуі де «жаным – арымның садағасы» дейтін дала батырларының мінезін көрсетеді...                   

Шыңғыс ханның қас-жауларының бірі, иен далада құйындай ұйытқып, жауларын сан мәрте сан соқтырып кеткен Жалаладдиннің ұлы, он үш жастағы қыршын жасқа да Жошының араша түсуі, Шыңғыс ханның немересі Батудың қолына қанжар беріп, Жалаладдинің баласын жарып өлтір деуі де әр сахнада оқиғалар шиеленіскен үстіне шиеленісе түсіп, сахна атмосферасы қыза түсуіне қызмет етіп отырады.                                       

Автор кейіпкердерін ірі, кесек мінезді, батыр болмысты ете сомдаған – Шыңғыс хан өзі шығарған заңды орындамаған Жошыны өлім жазасына кесер тұста Төле, Үгедей, Жебе-ноян, Отшығын баһадүрдің, Сүбедейдің араша түсуі жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан әулетінің шын мінезін, мәрттігін көрсетеді. Кейін, Шыңғыс хан мен Құлан қатын сахнасында автор Шыңғыс ханның ауызымен «Ұлдарымның ақиқатты айтқанан қорықпаймын. Шындықтан қашқан күні жүрер жолымыздан адасармыз...» – деуі арқылы Шыңғыс ханның Жошының шыншыл мінезін жақтайтынын, өзінің Шағатай мен Үгедей жағында емес, «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ...» – дей алатын Жошы жағында екенін сездіріп өтеді...                                                                 

Шыңғыс хан мен Жошының арасындағы соғыс, қырғын, билік туралы пікір қайшылығы салмақты ой толғанысына толы. Автор кейіпкерлер диалогі арқылы адам баласы пайда болғалы тоқтамай келе жатқан соғыс, қанға тоймас қылмысты билік табиғаты туралы ой тастайды. Жошы қаһарлы әкеге әлемді қылышпен бағындырамын, жекедара билік жүргіземін деу астамшылық екенін, қанды биліктің дәуірі қысқа боларын қаймықпай білдірсе, Шыңғыс хан өзінің, ұрпағының Көк Тәңірінің қалауымен құдіретті сәуледен жаралып, адамзат баласын билеуге бұйырылған ерекше жаратылыс екенін айтып, ал артық туған Шыңғыс хан үшін билікке жету жолында адам қанын төгу тышқан мұрынын қанатқанмен бірдей екеніне сенімділігін жеткізеді. Кетбұға жыраумен сахнасында да Жошының қантөгіске қарсылығы, Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегіннің заманын еске алып, түркі жұртының «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» дәуірін аңсауы пьеса кеңістігінің көкжиеген кеңейте түседі.                                                                                     

Автор Көкеш бақсы мен Құлан қатынның Шыңғыс ханның бір заманда Шілгер көсемнің Бөртеге жасаған зорлығы ішіне шемен болып қатқанын ұтымды пайдалана отырып, Қаһан мен Бөрте балаларының арасына от тастап, әсіресе Жошының көзін құрту үшін жасаған айлакерліктерін орынды қоса отырып, қойылым оқиғасын шиеленістіре түседі.                     

Бөрте туралы өсек таратып жүрген Көкеш бақсының: «Ей, Темужин! Сен мені өлтіре алмайсың! Мен Көк Тәңірінің жердегі көлеңкесімін. ...Мені өлтірсең, Көктің қаһарына ұшырайсың!» – дегеніне Шыңғыс хан пысқырмай, Отшығын баһадүрге өлтіртуі, қаһанның әр ісін Құдай қолдайтынына, өзінің Көктің таңдауы түскен бір туар жан екеніне сенімді екенін білдіру арқылы автор, Шыңғыс хан образының бояуын қанық қылып, әр қырынан ашып отырады.                             

Автор, тарихи драманың финалын да, заманында ұлы империя құрған, қайшылығы мен даналығы мол тұлғалардың бір-біріне ұқсамайтын образдар галереясын жасауымен, оқиғалар легін тарихи фактілерге сүйене отырып қисынды құру, тіл байлығын, бейнелі сөздерді орынды жеріне пайдалану арқылы шебер түйіндей білген. Автордың «Жошы хан» пьесасын жазарда шет ел тарихшылары мен Қазақстан тарихшыларының еңбектерін мұқият зерттеп, жазушылық көркемдік призмасынан өткізе зерделегені көрініп тұр. Мол дерек, дәйектерді қорытып, сығымдап, ұзыннан-ұзақ тарихи фактілердің жетегінде кетпей ең маңызды дегендерін іріктеп алып, бір жарым сағаттық қойылымға сыйғыза білген. Осының арқасында көрермен Шыңғыс ханның төрт баласына қайқы қылышымен өзіне қаратқан ұланғайыр жерді бөліп беруін; Каспий теңізі мен Арал теңізіне, Ертіс өзенінен Орал тауына, Сырдария аймағы, Қойлық пен Сақасынның Бұлғардың жеріне дейінгі аймақ Жошының иелігіне берілуін, оның Ұлытауға Орда тігуін, өзі басқарған елді білімге, қазба байлықтарды игеріп, шет елмен сауда-саттық жасауға, ел басқаруда әділетті ту етуіне қанық болады. 

    «Жошы хан» тарихи драмасын Астананың Қалыбек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық драма театрының белді режиссері Болат Ұзақов өте сәтті сахналап, спектакль көрермендердің зор ықыласына ие болды. Премьераны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келіп көріп, спектакль аяқталғанда сахнаға көтеріліп, Думан Рамазан мен Болат Ұзақовқа, актерларға, жалпы шығармашылық ұжымға ризашылығын білдірді. 

Суреткердің бұл шығармасы классика­лық үлгіде жазылған, тілі шұрайлы, қысқа берілетін монологтарға мол мағына сый­ғызған, диалогтары шебер туынды.                                           

      Қорыта айтқанда, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театры сахналаған «Жошы хан» тарихи драма қойылымы Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына әбден лайық. 

Асылбек Ихсанов,     

жазушы-драматург 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan