Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Әлібек БАЙБОЛ, жазушы: Қазақ пен грузин ‒ географи...

Әлібек БАЙБОЛ, жазушы: Қазақ пен грузин ‒ географиялық, тарихи сана, тағдыр-талайы жағынан ұқсас жұрттар

57

Әлібек БАЙБОЛ, жазушы: Қазақ пен грузин ‒ географиялық, тарихи сана, тағдыр-талайы жағынан ұқсас жұрттар - adebiportal.kz

Белгілі жазушы, әдебиеттанушы-ғалым Әлібек Байбол Гүржістанға арнайы қонақ болып шақырылды. Шота Руставелидің елінде еңбегі еленіп, үлкен тарихи тұлға атындағы алтын медальмен марапатталды. 

‒ Гүржістаннан сүйінші хабар жеткен екен. Естіп қуанып жатырмыз. Сол жөнінде аз-кем айта өтсең...

‒ Иә, рақмет! Бұл тек біз үшін ғана емес, жалпы Алаш жұрты үшін абыройлы, керемет жаңалық болды деуіміз қажет. Қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ғалым ағам Жайлыбай екеуміз Гүржістандағы «Поэзия ‒ әлем жүрегі» атты халықаралық әдеби фестивальда Шота Руставели атындағы алтын медальмен марапатталдық. Ғалым Жайлыбайға Грузия Жазушылар одағының Төрайымы, Шота Руставели атындағы Грузия Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын, аудармашы, «Грузин жырының амазонкасы» атанған Маквала Гонашвилидің аудармасымен жарық көрген жыр жинағы және екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланыс орнатқаны үшін, ал маған «Тифлистегі қаламгерлер тағдыры» деген кітабым үшін табыстады. 6 мамыр күні Ғалым Жайлыбай жыр кітабының таныстырылымы әрі шығармашылық кеші Тбилисидегі Достық үйінде өте жоғары деңгейде өтті. 5-10 мамыр аралығындағы халықарлық әдеби форумға Италия, Израиль, Гүржістан, Армения, Түркия, Қазақстан, Латвия, Германия, т.б. жиырмаға тарта елдің белгілі ақын-жазушылары, әдебиетшілері қатысты. Тбилисиден бөлек, Мцхета, Кахети, Кварели, Цинандали, Телави, Рустави секілді қалаларды және тарихи жерлерді араладық, тұнған тарих. Сонымен қатар, Арменияның ұлттық ақыны Ованес Туманянның және биыл туғанына 240 жыл толып отырған гүржінің ұлы ақын-романтигі, орыс императорлық армиясының генерал-лейтенанты, мемлекет және қоғам қайраткері Александр Чавчавадзенің мұражай-үйін, Манави қамалын, Картли-Кахетия аймағын, Гүржістанның ұлы пашасы Ираклий II резиденциясын араладық. Қысқасы, ұйымдастырушылар бізді керемет қарсы алды, жақсы әдеби-мәдени байланыс орнатып қайттық.

‒ Басты шара Тбилисиде өткен секілді. Бұл қала жөнінде не айта аласыз?

‒ Әсілі, Тбилиси шартты түрде екіге бөлінеді екен: ескі қала және жаңа қала. Бір түсінгеніміз, ескі қала ертеректе құрылған, сонымен қатар онда қойны-қонышы тарихқа толы құрылыс көп ұқсайды. Қала кішкентай, шағын деп айта алмас ек. Әуежай қаланың шетінде орналасқан, ал таксилетіп орталығына жету үшін жарты сағаттан аса уақыт қажет. Тбилиси ‒ көне, ескі, бірақ мәдениетке бай қала. Күрделі жөндеуді, қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейінгі байырғы архитектура адамды өзіне баурай түседі. Грузин тілі һәм жазуы ешбір елдікіне ұқсамайтындықтан, оны түсіну, қорыту, әуелгіде қиындау, әлбетте. Сондықтан, ағылшын тілін білу аса қажет...

Былтыр, яғни 2025 жылы аталған шаһарда 10 күн болғам. Сонда өзі Эстонияда туған, бірақ Грузияда дипломат болып жұмыс жасайтын ғалым, филолог, PhD доктор Димитрий Мироновпен жолыққам. Ұстазымыз, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы-ғалым, поэтолог, мұқағалитанушы, Абай атындағы ҚазҰПУ орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Әбішева Сәуле Жүнісқызының аманаттап берген сәлемдемесін жеткіздік. Есесіне, Димитрий Тбилиси шаһарын аралатты, маңызды жерлерді көрсетті. Димитрий мырзаға 2024 жылы ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетіне қарасты гранттық жоба аясында жарық көрген «Қазақстанның ғаламтор-әдебиеті: негізгі көркемдік тенденциялар» (авторлары: Сабирова Д.А., Молдағали М.Б., Әдібаева Ш.Т., Нұрбаева А.М., Сәметова Ж.Ш., Байбол Ә.У., Омарова А.Б., Сабирова Р.С., Сусузова А.А.) атты ұжымдық монографияны сыйға тарттым. Осы аталған зерттеу еңбегін және профессор Сәуле Жүнісқызының «М. Мақатаевтың поэтикалық әлемі» кітабын Грузияның ұлттық архивіне өткіздік. Мұнымен қоса, театртанушы-ғалым, өнертану кандидаты, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, «Театр сыншылары бірлестігінің» Төрайымы Анар Еркебай театртанушы, өнертанушы, PhD доктор Лаша Чхартишвилидің нөмірін берген. Тбилисиге жеткен соң Лаша мырзаға жаздым, үлкен аманатпен келгенімді айттым. Лаша басқа қаладағы театр фестивалінде жүргенін ескертті, алайда көмегін аяған жоқ, Грузия театрының тарихын, Грузия әдебиетінің тарихын, Грузия өнерін зерттеп жүрген Тсира Барбакадзе, Мака Васадзе, Лаша Бугадзе, Бела Тсипурия, Давид Габуния секілді  мамандардың нөмірін жіберді. Хабарластық, ақыл-кеңес сұрадық. Сөйтіп, «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы аясындағы сапарымыз сәтті, ойдағыдай аяқталып, қазақ-грузин әдеби-мәдени байланыстарына қатысты біраз құжат, тарихи материалдар, суреттер таптық. Сол сапар кезінде қаланың тыныс-тіршілігімен, мәдениетімен, тарихымен, ғылыми әрі әлеуметтік әлеуетімен таныстық. 

Тбилисидің бұрнағы, тарихи атауы ‒ Тифлис. Мұнда халық саны көп емес, анау айтқандай, Алматыдағыдай кептеліс жоқ. Қаланың сұлулығына көз тоймайды. Аса заңғар болмаса да іркес-тіркес салынған жинақы үйлер, әсем архитектура, әркез күлімдеп жүретін адамдар, жоғары деңгейдегі қызмет, көшедегі жайқалып-найқалып өскен ағаштар, көз сүрінетін кафе, ресторан, дүкендер, бәрі-бәрі алғаш барған адамға – айтарлықтай таңсық. Тбилиси қаласы – туға, тарихи тұлғалардың ескерткішіне, суреттеріне толы. Тбилиси ауа-райы құбылмалы екен. Кейде ол – маңғаз, анау-мынауды көзге ілмейді! Бұл қала мен үшін ерекше көрінді. Түнгі шаһар тіптен әдемі, сондай бұйығы, сондай томағатұйық. Себебі, онда сезім бар, таным бар, арман бар, еркіндік бар, жақсы мағынасындағы бәсекелестік бар. Бақталастық емес, тақталастық емес, бәсекелестік! Ең ұнағаны – осы! Өйткені, жалпыға ортақ додаға түсу арқылы ғана өзіңді жалпақ Жаһанның қай бұрышында, қай нүктесінде, қай деңгейде екендігіңді түсінесің!.. Ғылым, білім, әдебиет, мәдениет, даму, ілгерілеу тұрғысынан алғанда, әрине...

‒ Жазып шыққан зерттеуіңді тілге тиек ете кетсең...

‒ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Қазақстан Жазушылар одағының «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты бірлескен жобасы аясында «тифлистегі қаламгерлер тағдыры (Қазақстан мен Грузияның әдеби-мәдени байланыстары хақындағы миниатюралық-хроникалық эсселер, 1930-1938 ж.) атты кітап жазып шыққанымды жақсы білесіз. Себебі, жазушы, әдебиеттанушы-ғалым, профессор Нұрдәулет Ақыш  жобаның координаторы болды.

Кітап 293 бет болды (соның ішіндегі 20 беті ‒ фотоқұжаттарға, фотоматериалдарға арналған). Мұнда Қазақстан мен Грузия арасындағы рухани, мәдени, әдеби, тарихи байланыс турасында сыр шертілген, қос елдің дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалары жайында жан-жақты жазылған-ды. Кітап Тбилиси архив, кітапханаларының құжаттары негізінде дайындалды. Еңбек екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ГРУЗИЯ: МӘДЕНИ-ТАРИХИ ДИАЛОГ» деп аталады. Оған: «Грузияға сапар. Ілияс пен Нодар», «Тбилиси. Алғашқы әсер ‒ I», «Тбилиси. Алғашқы әсер ‒ II», «Грузия театрлары», «Әулие патшайым Шушаник азабы». Фарнаваз. «Чакруло», «Генезис: Қыпшақтар. Грузия. Тарихи сана», «Театр. Өнер. Тағдыр», «Қазіргі қазақ театрының бағыт-бағдары», «Грузия мұрағаттары хақында», «Екі ел: музыкалық аспаптар, нәзік үн» деген бөлімдерден тұрады. Ал, екінші бөлім «ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ГРУЗИЯ: ӘДЕБИ-ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ДИАЛОГ» деп аталады. Оның ішіндегі тараушылар төмендегідей: «Абай һәм Шота», «Ахмет Байтұрсынұлы және Ілия Чавчавадзе», «Мағжан Жұмабай. Важа Пшавела. Григол Робакидзе», «Сұлтахмахмұт Торайғырұлы және Ладо Асатиани», «Бейімбет Майлы және Герцель (Герзель) Баазов», «Ілияс Жансүгірұлы және Паоло Яшвили (Иашвили)», «Төрт тұлғаның ұқсас тағдыры: Қ. Байғабылұлы, Н. Зомлетели, М. Джавахишвили, Б. Буачидзе». Сонымен қатар «Сөз соңы» және «Қосымшалар» деген бөлім бар. Кітаптағы басымдық берілген жанр, бұл ‒ эссе және тарихи миниатюра. Яғни, көргеніңді, сезінгеніңді толғаныс арқылы жеткізу, оймақтай етіп ойнатып беру. Мен «ТИФЛИСТЕГІ ҚАЛАМГЕРЛЕР ТАҒДЫРЫ (Қазақстан мен Грузияның әдеби-мәдени байланыстары хақындағы миниатюралық-хроникалық эсселер, 1930-1938 ж.) кітабымда грузин тілі, қазақ-грузин әдебиет, тарихи байланыстарын, грузин ұлтынан шыққан тарихи тұлғаларды, әдебиет алыптарын қазақ зиялыларымен салыстырдым. Әсіресе, бұл жерде 1930-1938 жылдар аралығына ерекше мән бердім. Себебі, қазақ пен грузин ‒ географиялық, тарихи сана, тағдыр-талайы жағынан ұқаса жұрттар.

‒ Демек, қазақ пен гүржі бір-біріне ұқсас ұлттар деуге болады ғой, иә?

‒ Иә, Қазақстан да, Гүржістан да ‒ халық ауыз әдебиетіне, әдеби-мәдени мұраға бай мемлекеттер. Қазақ дегенде сақтар, ғұндар, Көк түріктер, алуан-алуан қағанаттар тарихы, ортағасырдағы сопылық әдебиет, жыраулар поэзиясы, Шу бойында өз алдына отау тіккен Қазақ хандығы (егер одан тереңірек барсақ Шу бойындағы мәдениетке, Шу бойындағы өркениетке тірелеміз), «Зар заман ақындары», халық композиторлары, отаршылыққа қарсы күрескен хандар, би-шешендер, батырлар, саяси-қоғамдық мәні бар көтерілістер, сонан соң Алаш кезеңі, XX ғасыр әдебиеті, Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет секілді қилы-қилы культурологиялық қатпарлар көз алдымызға елестейтіні анық. Сол сықылды гүржі сөз өнері, гүржі этнонимі бір күнде я бір жылда қалыптаса салған жоқ, көп ғасырдан тұратын қалыптасу кезеңін басынан өткерді.

Грузин әдебиеті ‒ тарихы тереңде жатқан, көне әдебиеттердің бірі. Тек өз елінде ғана емес, алыс-жақын шетелге танымал қаламгерлері бар. Атап айтқанда, Иоанн Зосим (X ғ.), Георгий Мерчуле (X ғ.), Георгий Агиорит (1009-1065), Грузиялық Деметре I (1093-1156 ж.), Шота Руставели (XII-XIII ғ.), Чакрухадзе (XII ғасырдың аяғы, XIII ғасырдың басы), Парсадан Горгиджанидзе (1626-1696 ж.), Имеретиялық Арчил (1647-1713 ж.), Картлилік Вахтанг VI (1675-1737 ж.), Давид Орбелиани (1739-1769 ж.), Александр Чавчавадзе (1786-1846 ж.), Александр Орбелиани (1802-1869 ж.), Георгий Эристави (1813-1864 ж.), Николоз Бараташвили (1817-1845 ж.), Важа Пшавела (1861-1915 ж.), Григол Робакидзе (1880-1962 ж.), Галактион Табидзе (1892-1959 ж.), Константин Гамсахурдия (1893-1975 ж.), Леван Готуа (1905-1973 ж.), Ираклий Абашидзе (1909-1992 ж.), Елена Вирсаладзе (1911-1977 ж.), Ладо Асатиани (1917-1943 ж.), Нодар Думбадзе (1928-1984 ж.), Отия Иоселиани (1930-2011 ж.), Отар Чиладзе (1933-2009 ж.), т.б.

‒ Ал, грузин жазуы хақында не айтасыз?

‒ Грузин жазуы ‒ өте көне жазулардың бірі, соның фонемалық құрамын айқындайтын графика. Мұнда әр фонемаға нақтылы бір графема сәйкесіп, үйлесіп тұрады. Ескі грузин тілінде 37 [38] әріп болған, ал бүгінгі қолданыстағы тілінде 33 әріп бар. Соның ішінде 5-і дауысты, ал 28-і дауыссыз боп келеді. Жылнамаға сәйкес, ескі грузин жазуының негізін салған, бұл ‒ Фарнаваз I. Ол ‒ заманында Иберия аталған (Ежелгі Грузия) елдің ең алғашқы патшасы. Оған қатысты мәліметтер көненің көзі саналатын ‒ «Картлис цховреба» («Картли ғұмыры») атты тарихи жинаққа енген, VII ғасырға тән «Грузия үндеуі», сондай-ақ «Картли патшаларының өмірінде» жан-жақты баян етілген. Демек, ол ‒ Картлидің патшасы ‒ Азонның ізбасары және Фарнавазидтер әулетінің бастауында тұлған тарихи тұлға. Ортағасыр жылнамаларын қаперге алар болсақ, зерттеушілер Фарнаваз б.з.д. IV-III ғасырда билік құрған деп санайды. Дегенмен, аталған тұлғаның өміре қатысты деректер бірізді емес. Мәселен, тарихшы, географ, ханзада Вахушти Багратиони Фарнаваз б.з.д. 302-237 жылдары дәурен шекті десе, ал әдебиетші, тарихшы, меценат Павел Ингорокваның ойынша, ол билік құрған кез б.з.д. 284-219 жылдарға сай келеді екен. Әйгілі «Грузия үндеуі» жылнамасында Фарнаваз Дзурдзуки патшалығының ханшайымымен шаңырақ көтеріп, арада Саурмаг деген ұл дүниеге келген-ді.

Аңыздарда айтылғандай, жөн-жобамен біздің дәуірге дейінгі 300 жылдары Грузия жерін билікке ирандықтар я понтилер сайлаған Азон есімді адам билеп-төстеген. Оның басқару жүйесіне наразы болған саяси топтар көтерілісіп ұйымдастырып, тақтан тайдыруды көздейді. Арты соғысқа ұласады. Ал, Фарнаваздың орны тіптен бөлек. Ол патшалық құрған кезеңде көптеген ережелер енгізілді. Мәселенки, ол грузин жерін әкімшілік бірліктерге бөліп, басқаруға қатысты мәселелерді реттеп, саяси жүйені жаңартты. Аргвети мен Колхиданы жаулау арқылы елдің аймағын үлкейтті. Мұнымен қатар, асомтаврули әліпбиін жасақтады. Армази шаһарының негізін қалап, түрлі бекіністер салған. 234 жылы Фарнаваз патша дүние салған соң, оның орнына тақ мұрагері ретінде ұлы Саурмаг І сайланады. Ақсүйектерден құралған ниеті бұзық топ қастандық жасаған соң, жас билеуші анасымен қатар Мцхетаға қашады (Мцхета-Мтианети өлкесінің әкімшілік орталығы, Грузияның тарихи құрылысқа, қилы-қилы жәдігерлерге толы ең көне қаласы). Сол жақта тау-тастың арасында тығылып, артынша анасының туған жері ‒ Дзурдзукетиге бұйда түзейді. Жатын орын тауып, орнығып, ес жиып, етек жапқан соң Саурмаг жауынгерлерді жиып, дайындалып, сол тұста сарматтардың билеушісі атанған ағасынан көмек сұрайды, сөйтіп атты әскермен жасақталады. Ұзынқұлақтан жайсыз хабарды естіген кейбір ақсүйектер жағыну мақсатында патшаны қолдап-қолпаштап, оған көмек ретінде өз сардарларын аттандырады. Содан не керек, Дзурдзукетиге қалың қол жиылып, ол көп ұзамай бүлікшілерді талқандайды. Саурмаг тау халқын бағындырғаннан кейін реформалар жүргізе бастады. Әуелі, ол биліктегі ескі өкілдерді алып тастап, орнына жастарды отырғызды. Сөйтіп, ол ең сенімді, адал, отаншыл адамдардан тұратын саяси топ құрады. Жас патша шекарасын шегендеп, өзіне тиесілі жерлерге дарынды, қабілетті басшыларды қойды, «елдестірмек ‒ елшіден, жауластырмақ ‒ жаушыдан» демекші, көршілермен келісімшарт жасасып, тату-тәтті тіршілік кешті. Чичинадзе Захарий Игнатович, Бакрадзе Дмитрий Захарович секілді грузин тарихшылары, археологтары, этнографтары осы саланы жан-жақты зерттеп, көптеген тарихи еңбек арнаған-ды. Генетикалық, тарихи-мәдени тұрғыдан грузин жұртына сарматтар, үндіеуропалықтар ерекше әсер еткен. Бұл қоңсы қонудың, бір жағынан миграцияның, сондай-ақ жорық, соғыстың ықпалы деп білген орынды.

Ежелгі грузин жазуының арамей, грек, финикия, т.б. жазулармен байланысы турасында небір гипотеза-болжамдар бар. Мысалы, тілші-арабист, шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Грузин КСР ҒА академик Георгий Церетелидің айтуынша, грузин жазуының шығыс арамей жазуының бір түрімен тығыз жақындығы бар ұқсайды. Грузин жазуының үлгі-нұсқалары сонау IV-V ғасырларда толықтай жүйеленді. Уақыт озған сайын жазу да түрлене түсті. Сөйтіп, оның негізгі 3 түрі қалыптасады: 1.) Асомтаврули (III-V ғ.); 2.) Нусхури (IX ғ.); 3.) Мхедрули (XI ғ.). XVII ғасырда мхедрули ісқағаз жүргізу барысында кеңінен қолданылады. Сөйтіп, баспа ісінің дамуына байланысты біржолата орнығады. Бір қызықты ақпаратты қоса кетсем.

‒ Әрине!..

‒ Грузияда тұрақты еститін сөздің бірі, бұл ‒ «Гамарджоба!». Біз ‒ қазақтар: «Ассалаумағалейкүм!» ‒ деп амандасамыз, ал грузиндер манағыдай амандық-саулық сұрасады. Бұл сөз соғыс және әскери жорық тарихымен тығыз байланысты. Ел есінде сақталған мынандай бір аңыз бар, әйгілі грузин патшасы Дәуіт (Давид) IV Құрылысшы селжұқ түріктеріне қарсы кезекті қиян-кескі шайқасынан кейін Отанына оралғанда, оның алдынан шыққан халыққа: «Гамарджвеба! Гамарджвеба!» ‒ дейді. «Гамарджвеба» уақыт өте келе бүгінгі қолданыстағы «гамарджобаға» айналады. Ал, ол негізі «жеңіс» деген мағынаға ие екен. Дәуіт патша соғыста жеңіске жеткендігі жөнінде, сондай-ақ жеріне бейбітшілік, мамырстан орнатқандығын осылайша хабардар етіпті. Мінеки, содан бері грузиндер бір-бірін қарсы алғанда жеңіс һәм бейбітшілік тілейді. Бұл аңыз екендігін ескеруіміз керек. Десек те, әр әпсана-әңгіме түбінде бір шындық жататыны сөзсіз. Алғашында, «гамарджоба» әскери ортада пайда боп, кейіндері картвельдер (Грузияның байырғы тайпа атауы, көне тұрғындары, ең ескі және грузиндердің негізіне айналған жұрт) арасында кеңінен қолданысқа ие болды. Грузия ‒ көбіне-көп он ғасыр бойы соғысуға, жерін қорғауға, көршілеріне көмектесуге мәжбүр болған ел. Ертеректегі казақтар: «Мал-жан аман ба?», ал орыстар: «Здрав будь» я «здравствуй» деп амандасқан-ды. Ал, грузиндер бір-бірімен сәлемдескенде бітбітшілік тілеу ізгі дәстүрге айналған...

2020 жылы «OINET.KZ» ақпараттық-сараптамалық сайтында «Мегрель ұлысының лексикасындағы «казах» сөзі» деген танымдық әрі шағын материал көзіме оттай басылды, елең ете қалдым. Бұл неткен «казах» болды екен деген оймен оқи бастадым. Ең төменгі жағында «Нұрхан Хамзеұлы парақшасынан алынды» деп жазылған екен. Авторға ризашылығымызды білдіре отыра, осы ойлы һәм оймақтай материалдың мұртын бұзбай, тұтастай беруді жөн көрдік:

«Грузияның батыс қапталын мекен ететін мегрель (мингрель, маргал) деген ұлыстың лексикасында көнеден бері келе жатқан «казах» деген ләм бар. Ол «еркек» деген мағынаны береді. Егер осыған «субта» деген сын есімді қосса, ол «субта казах», яғни «нағыз (таза) еркек» болып шығады. Мұны мегрельдер біреуге аса риза болған кезде айтады. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарының басында мегрель жерінде «Казахиши газети» деген басылым жарық көріп тұрған. Бұл біздің тілге «Еркектер газеті» болып аударылады. Ол 1939 жылы мегрель мектептері жабылғанға дейін шығып тұрды.

Мегрельдер картвельдер (грузиндер) тілдер тобына жатқанымен, свандар сияқты олардан мүлде басқа этнос болып табылады. Олар картлилермен (грузиндермен) ауыз-екі тілде бір-бірлерін түсінісе бермейді. Мегрельдерге Түркияда тұратын мұсылман лаздар тілдік жағынан ең жақын туыс болып есептеледі. Жалпы, мегрельдер баяғы Хазар (Каспий) теңізінің солтүстігінде, қазіргі Атырау жерінде өмір сүрген хазарлардың ұрпағы деген ұғым бар. Сондығынан болар, олар иуда дінді еврейлерге де жақын саналады. Ал «мегрельдер арасында елге танымал кімдер бар» дегенге келсек, біздің есімізге ең алдымен кешегі Сталин билеген кеңес кезеңіндегі көсемдердің бірі Лаврентий Берия түсер еді. Содан кейін тәуелсіз Грузияның бірінші президенті Звиад Гамсахурдияны ауызға алар едік. Әдебиет пен өнер қайраткерлері арасынан жазушылар Дмитрий Хоштария, Константин Гамсахурдия (Звиадтың əкесі), Булат Окуджава, журналист Мэлор Стуруа, режиссер Роберт Стуруа, кинорежиссер Георгий Данелия ойға оралады. Бұлардан бөлек, спорт жанкүйерлері Владимир Баркая, Борис Сичинава, Георгий Сичинава, Муртаз Хурцилава, Давид Гогия, Отар Габелия, Теймураз Эсебуа, Рамаз Шенгелия, Виталий Дараселия, Тамаз Костава, Гоча Чилая, Сосо Чедия, Григорий Цаава, Темури Кецбая секілді футболшылардың, Роман Руруа, Георгий Цурцумия тәрізді палуандардың, Нана Александрия есімді шахматшының есімдерін жақсы білуге тиіс. Мегрельдер – осылар.

Айдалада жатқан сол мегрельдердің «казах», «субта казах» деген кәлималары «еркек», «нағыз еркек» деген түсініктерге телініп отырғандарының өзі бізге мақтаныш сезімін ұялатуы керек. Жай ұялатып қана қоймай, соған лайықты болуымызға жетелеуі тиіс. Шынында бізге қайда да нағыз еркек екенімізді көрсететін уақыт жетті, білем...».

‒ Гүржі мәдениетіне, әдебиетіне қатысты тағы қандай дерекпен бөліскің келеді...

‒ Гүржілер ‒ жауынгер, күрескер, рухты, намысшыл халық. Олардың халық ауыз әдебиетінде біздікіндей батырлар туралы эпос көп. Солардың бірі ‒ «Амираниани» тарихи эпосы. Мұнда Амирани атты батырдың күресі баяндалады. Ол Ежелгі Грекияның Прометей және абхаз қаһармандық эпосындағы Абрскил батырға ұқсас келеді. Эпостың әуелгі жазбалары Теймураз Багратионидің «Грузия тарихында» (1848 ж.) бар. Алайда, алғаш рет шығарманың сюжеті Тамара патшайым тұсында өмір сүрген жазушы Мосе Хонелидің (XII ғ., Хони қаласынан шыққан Мосе) «Амиран-Дареджаниани» хикаятында пайдаланылған. XIX ғасырдың аяғында және XX ғасырдың бірінші жартысында Амирани жөніндегі эпостың мәтіні жинастырыла бастайды. Бұл іске Илья Чавчавадзе, Акакий Церетели, Рафаэль Эристави, Важа Пшавела секілді қаламгерлер атсалысады. Бүгіндері оның 120, ал кейбір деректер бойынша 150-ге жуық нұсқасы бар. Амирани ‒ аңшының ұлы. Бала кезінде сиқырлы бұлаққа шомылып, соның әсерінен адамға тән емес қабілеттер бойына дариды. Бұл тұрғыдан ол Ежелгі Грек мифологиясындағы Ахиллеске ұқсайды (оны анасы ‒ Фетида өкшесінен ұстап, Стикс өзеніне малып-малып алған болатын). Сөйтіп, ол адамдарға көмектескісі келіп Прометей ұқсап от шығаруды, сондай-ақ темір өңдеуді үйретеді, Тәңірге мойынсынғысы келмейді. Тәңір оны жазалау үшін Қапқаз тауындағы үңгірлердің біріне шынжырлап тастайды. Әркез бүркіт ұшып келіп, оның бауырын шоқиды. Қапқаз аңыздарында осыған ұқсас сюжеттік желілер бар. Мәселен, типологиялық тұрғыдан алғанда Амирани баһадүр армяндардың Артавазд я имеретиялықтардың Рокапи секілді кейіпкерлеріне келіңкірейді. Ал, тереңірек сүңгісек, мұның бастауы шумер ертегілерінде жатқанын байқаймыз. Бұл ‒ мифологиялық қаһармандар. Сәйкесінше, оның прототипі өмірден алынатыны айқын.

‒ Қазақ топырағын шарпыған қызыл террор, репрессия оты, ұжымдастыру науқаны Гүржістанда да өткен екен. Солай ма?

‒ Иә. XX ғасыр әлемдегі көптеген саяси оқиғаға бай болды. Мәселенки, Ан Чунгын ‒ жапон басқыншылығына қарсы күрескен қайраткер, жүректі де білекті азамат. Ол 1910 жылы қамауға алынады, 144 күн азапталып, небәрі 30 жасында өлім жазасына кесіледі. Түрмеде жүріп 2 кітап жазады. 1962 жылы «Корея Республикасын құрғаны үшін» атағы беріліп, халық қаһарманына айналады. Ан Чунгын өлімінен кейін Жапония Кореяға қатысты аннексиясын аяқтайды. Өздеріңіз білетіндей, Корея ұзақ жыл бойына Жапонияның отары болған-ды. Яғни, XX ғасыр ‒ қазақ, гүржі жұрты үшін ғана емес, әлем үшін қоғамдық-саяси, рухани, тарихи оқиғаларға толы ғасыр болды.

Алаш ұлт-азаттық қозғалысы дегенде, әуелі, ойға Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараш, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышпайұлы, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Райымжан Марсекұлы, Нәзір Төреқұл, Барлыбек Сырттанұлы, Әлімхан Ермек, Смағұл Сәдуақасұлы, Санжар Асфендиярұлы, Сейдәзім Қадырбайұлы, Біләл Сүлейұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Асылбек Сейітұлы, Жақып Ақбайұлы, Телжан Шонанұлы, Сейітбаттал Мұстафаұлы, Мәннан Тұрғанбайұлы, Абдолла Байтасұлы, Біләл Малдыбайұлы, т.б. тұлғалар оралатыны сөзсіз. Сол сықылды Грузияда да Алаш ұлт-азаттық қозғалысына ұқсас саяси бірлестіктер, саяси мүдделес топтар болған-ды. Ол жақта да көптеген ақын, жазушы, қайраткер ату жазасына кесілген. Репрессия 1921 жылы ақпан айында басталып, 1924 жылға дейін жалғасады. Ғалымдар, қайраткерлер, әсіресе діни қызметкерлер қудаланып, абақтыға қамалады, шіркеу қысым көреді. Қызыл террор 1927 жылы қайта жанданып, 1934 жылға дейін өтеді. Грузиядағы отызыншы жылғы ойран Лаврентий Бериямен байланысты болды. Себебі, ол Бүкілодақтық Коммунистік партиясы Закавказье Аймағы Комитетінің екінші хатшысы әрі Грузия Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. 1932 жылы Берия Грузия Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін сақтай отыра, Бүкілодақтық Коммунистік партиясы Закавказье Аймағы комитетінің бірінші хатшылығын қатар атқарады. Ол репрессияны Мәскеу әзірлеген жоспар бойынша орындап отырды. Ел экономикасы құлдырады, әлеуметтік жағдай қиындады. Элита әлсіреді, серкелер бірінен соң бірі ату жазасына ұшырай бастады. Бұлардың қатарында Мамия Орахелашвили, Лаврентий Картвелишвили, Леван Гогоберидзе, Самсон Мамулия, Михаил Кахиани, Михаил Окуджава, Буду Мдивани, Шалва Элиава, Михаил Джавахишвили, Евгений Микеладзе, Александр (Сандро) Ахметели, Тициан Табидзе, Вахтанг Котетишвили, т.б. бар. Бірақ, Миха Цхакаиа, Филипе Махарадзе секілді Қызыл империяның қылышынан құтылып кетіп, ақ өліммен өлгендер де болды. Қуғын-сүргін мен орынсыз айыптауға шыдамаған грузин ақыны, қоғам қайраткері Паоло Яшвили өзіне-өзі қол жұмсайды. Ал, Иванэ Джавахишвили, Шалва Нуцубидзе, Вукол Беридзе, Симон Каухчишвили, Нико Лордкипанидзе, Константинэ (Константин) Гамсахурдиа секілді Грузия зиялылары аман қалса да, қатты азапталады, шеттетіледі, саяси қысым көреді.

‒ Гүржістанда Мұстафа Шоқай да, Жамбыл Жабаев та болған ғой...

Оның рас... Ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы аясындағы жарық көрген «Қазақтың саяси тұлғалары және қазақ ақын-жазушыларының Грузиямен әдеби-мәдени байланысы» кітабында былай деп жазады: «... Сондай-ақ ескі сарғайған газет беттерінен Тайыр Жароковтың бір сұхбатын оқыдым. Онда Қазақсан делегациясының Тбилисиге 1937 жылдың 25 желтоқсан күні жеткенін жазады. Өздерін Янка Купала, Н. Асеев, Аршаррухи және тағы басқа белгілі жазушылар қарсы алған. Тбилисиде Шота Руставели атындағы театрда өткен үлкен поэзия кешінде Жамбыл «Кавказға сәлем!» атты толғауын айтып, Т. Жароков күркіреп өлең оқыған. Оқылған өлеңдер неміс, француз, ағылшын тіліне шұғыл аударылған. Мұхаметжан Қаратаев сол пленумда сөз сөйлеген. Сосын 1937 жылдың 31 желтоқсан күні ақын-жазушылар Тбилисиден 70 шақырым жердегі Сталиннің туған қаласы ‒ Гориге барған. Биік таулармен қоршалған, табиғаты көркем Гори қаласында Сталиннің дүниеге келген саз балшықтан тұрғызылған екі бөлмелі шағын үйін көрдік дейді. Тайыр Жароков «Горидағы үй» деген өлең жазған екен. Делегация Кавказда 8 күн болған». Мінеки, өздеріңіз байқап отырғандай қазақтың табаны Грузия жеріне, оның ішінде Тбилисиге тұңғыш рет тиіп отырған жоқ. Қап тауының қаба сақал ерлері, асыл жігіттері, қаламгерлері, өнершілері қазақ туралы да, Қазақстан туралы да білетіні анық. Совет дәуірінде Лениндік сыйлықты иеленген көркем туындыға кең-молынан қолдау көрсетілетін болған-ды. Социализм орнаған одақтас ел үшін бұл Нобельге жетеғабыл дүние еді. Кітап барлық тілге аударылады, кино түсіріледі, театрда шығарманың инсценировкасы сахналанады, теледидардан насихатталады, қысқасы автор атақты боп шыға келеді, алған қаламақы тұрмысын түзеп, қамсыз жазуға мүмкіндік беретін-ді. КСРО Мемлекетік сыйлығы жылына үш-төрт қалам иесіне, ал Лениндік сыйлық екі жылда бір рет тағайындалады. Мемлекеттік сыйлықпен салыстырғанда ақшасы да қомақты. Мұхтар Әуез де, Шыңғыс Айтматов та сол мәртебелі марапатты қанжығасына байлаған...

‒ Нодар Думбадзе мен біздің Ілияс Есенберлин де осы сыйлыққа қатысты ғой...

‒ Дұрыс айтасың. Грузин жазушысы Нодар Думбадзе және қазақ қаламгері Ілияс Есенберлин Лениндік сыйлықтың финалында жолыққан. Егер Есенберлин ұтқанда, бәлкім «Оскар» сыйлығының лауреаты, КСРО Халық әртісі, «Соғыс пен бейбітшілік», «Адам тағдыры», «Борис Годунов», «Тынық Дон», «Дала», «Ватерлоо» секілді кесек фильмдердің режиссері Сергей Фëдорович Бондарчук «Көшпенділерді» көгілдір экраннан жарқыратып тұрып көрсетер ме еді, кім білсін?! Ақыры, Нодар Думбадзе 1980 жылы «Мәңгілік заңы» романымен Лениндік сыйлықың лауреаты атанып, Айды аспанға шығарды. 2018 жылы есімі елге таныс көсемсөзші Жексен Алпартегінің «Қазақ әдебиеті» газетінде «Есенберлиннің қолтаңбасы» делінген мақаласы жарық көрді. Сонда мына бір тамаша детальға көзіміз түсіп, көңіліміз бір көтеріліп қалды: «Жыл аяғына таман әдебиет сала­сында Лениндік сыйлыққа ұсы­нылған жазушылар белгілі болғанын естідік. Ілияс ағамыз сыйлыққа ілін­беп­ті. КСРО-ның ең үлкен сый­лы­ғын грузиндік Нодар Думбадзе «Мәңгілік заңы» деген кітабы үшін алыпты. Бір жолы КазГУ-дың бас кор­пусына барып, Үкімет үйі алдындағы саябақта қыдырып жүргенмін. «Аққу» кафесінің жанындағы тротуармен Панфилов көшесіне қарай бет алған едім, алдымнан Ілияс аға кезікті. Үстінде өзім көрген бозғылт плащ, еңсесі тік. Ағаның не күйде жүргенін білмедім, өзімді біртүрлі ыңғайсыз сезіндім. Айтулы сыйлық ол кісіге бұйырмағаны жаныма қат­ты батып жүрген. Қолын алып аман­дасып: «Аға, сыйлық бұйырмады, қамықпаңыз. Сіздің кітабыңыздың сан мыңдаған оқырманы бар, көп тіл­ге аударылды. Осының өзі үлкен сыйлық, жазарыңыз көбейсін. Сіздің шығармаларыңыз мәңгілік!» деп ойымды айттым. Аға, қолымды қысып тұрып: «Рақмет, айналайын! Мәскеуге бүкіл грузин көшіп барып, жазушысын қолдады. Қолдаудың арқасында қол жеткізді. Амал не, бәрі өзімізге байланысты ғой?..» ‒ де­ді. Мен үндемедім, екеуміз екі жақ­қа кеттік». Нодар да, Ілияс та ‒ мықты, қос жүйрік, қос дүлдүл.

Нодар Думбадзе біз сапар шеккен Тбилиси қаласында 1928 жылдың 14 шілдесінде дүниеге келген. Оның балалық шағы отызыншы жылдардың ойранымен, Грузиядағы саяси оқиғалармен, сонан соң соғыспен қатар келді. Нодардың ата-анасы «Халық жауы» деп нақақтан-нақақ айыпталып, тек 1956 жылы ғана ақталады. Бала Нодар туған-туысының қолында өседі, Батыс Грузияның Хидистави елді мекенінде ержетеді. Мектептен соң И.В. Сталин атындағы Тбилиси мемлекеттік университеті экономика факультетіне оқуға түсіп, оны 1950 жылы ойдағыдай аяқтайды. Университет қабырғасында жеті жыл лаборант боп жұмыс жасаған соң толықтай қаламды серік етеді, Тбилиси газет-журналдарында, баспаларында қызмет етеді, ал көркем шығармалары көптеген тілге аударылып, аты алыс-жақын шетелге танылады. Жоғарыда атап өткен «Мәңгілік заңы» ‒ жазушының соңғы романы. Ол 1984 жылы өмірден өтеді, Тбилисидегі Мтацминда пантеонында жерленеді. Қазақ үшін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қорым я Алматыдағы «Кеңсай», қырғыз үшін «Ата бейіт», француз үшін Пер-Лашез, түріктер үшін Сулеймание, орыстар үшін Дон, Новодевичье, Ваганьков зираты, итальяндар үшін Базилика Санта-Кроче қандай қастерлі болса, грузиндер үшін Мтацминда сонда қасиетті. Мұнда осы елдің небір атақты тұлғалары жерленген. Әйгілі Мтацминда ‒ Кура (Квари) өзені бойындағы, оң жағалау жағындағы, Триалет жотасының жалғасы, қаланың ең биік нүктесі ‒ 730 м. Мтацминда грузин тілінен аударғанда «Қасиетті тау» деген мағынаны білдіреді. VI ғасырда осы тауда әулие Дәуіт (Мамадавити) тұрған делінеді. Кейіндері оның құрметіне шіркеу тұрғызылған-ды. Сол шіркеудің айналасында Грузияның көрнекті тұлғалары жерленген пантеон орналасқан. Оның арғы жағында саябақ бар, сондай-ақ қаланы тамашалау үшін фуникулер іске қосылған еді. Ал, 1972 жылы тауда Тбилисидің ең әсем нысандарының бірі ‒ биіктігі 275 метрлік телемұнара бой көтерген. Нодардың замандасы, қанаттасы, грузин жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, КСРО Жазушылар одағының мүшесі Гиви Карбелашвилидің «Отансыз бақыт жоқ...» романында жебірейдің Италиядағы Генуя емханасында қалып қалса да Грузияны ұмыта алмай, қайта оралатыны бар. Сонда мынандай бір сөз айтады: «Қалай болғанда да Тбилисиді ұмыта алмай-ақ қойдым. Күні-түні ойымнан шықпайды, көз алдыма келе береді: біздің Майданды, біздің күкірт моншасын, біздің Нарикала мен Метехиді [ескі Тбилисидегі қамалдар] қалай ұмытарсың, айтшы, Отар?!». Расында да, қала шағын болса да жылы, жинақы, тартымды. «Тбили», «Тбилиси» грузин тілінен аударғанда «Жылы», «жылы бұлақ» дегенді білдіреді. Оның өзіндік тарихы бар. Айталық, Абанотубани ‒ Тбилисидің орталығындағы табиғи күкіртті қайнарларға, жып-жылы бұлақтарға негізделген моншалар кешенімен танылған тарихи аудан. Әрқилы уақытта бой көтерсе де, XVII-XIX ғасырларда аталған моншалар мәдениеттің, қала тіршілігінің бір бөлшегіне айналды...

Нодар Думбадзенің «Мен, Әжем, Илико және Илларион» атты романында мынандай тамаша жолдар бар: «Ауылдан өніп-өскен, ал кейіндері Тбилисиде оқыған жігіт үшін ең ұнамды, ең оңтайлы ай ‒ маусым. Емтиханды еш қиналмастан тапсырып, үш айдың стипендиясын қалтаға басып, еш алаңсыз ауылға тартуға болады...». Жалпы, грузин жұрты үшін расында да ең жайлы кезең ‒ маусым айы. Сөздің реті келгенде айта кетейік, қаламы жүйрік журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жексен Алпартегінің 2016 жылы «Жоржияның жұмбақ әлемі» атты кітабы жарық көрген еді. Онда автор Грузиядағы сапары жөнінде байыпты баяндайды. Сонымен қатар, көне құрылыс нысандары, тарихи ғибадатханалар, шіркеулер және мәдени ошақтардың жай-жапсарымен таныстырады. Кітаптың тұздығы мынада, әйгілі әнші, актер, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреты Вахтанг Кикабидзе әрі режиссер, драматург, сценарист, Грузия КСР Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Реваз (Резо) Габриадземен сұқбаттары енген.

‒ Тбилисиді кесіп өтіп жатқан Кура (Квари) өзені Түркиядан бастау алады екен...

‒ Рас, Түркиядан басталады. Кура (бұған қатысты деректер, оның ескі атауы грек тарихшысы, географ, философ Страбон еңбектерінде кездеседі) өзені жағасындағы тарихи қала V (кейбір деректерде IV деп көрсетілген) ғасырда құрылған-ды. Ол ‒ елдің аса өзекті өнеркәсіптік, қоғамдық-әлеуметтік, саяси, мәдени, трансұлттық, сауда һәм энергетикалық орталығы. Жобалауымызша, қала тұрғындарының саны 1.5 миллионға жетпейді, 1.200000-1.300000 миллион шамасында. Қала әкімі ‒ қоғам қайраткері, саясаткер, «Милан» футбол клубының бұрынғы қорғаушысы Каха (Кахабер) Карлович Каладзе. Тағы бір қызықты дерек, Грузияның қазіргі Президенті де (6-шы) ‒ Михаил Кавелашвили футболшы болған. Орайы келгенде айта кетейік, «Алтын доптың» иегері (1995 ж., Африка құрлығында осы марапатты иеленген әзірге жалғыз спортшы), атақты ала доп шебері Джордж Таулон Манне Оппонг Усман Веа немесе жай ғана Джордж Веа 2018-2024 жылдар аралығында Либерия Президенті (25-ші) қызметін атқарған...

Мемлекет басшысының бұрынғы Президент сарайы (М. Абдушелишвили, 1 көшесінде) Тбилисидің ең көне, тарихи ауданы ‒ Авлабариде (Авлабар) орналасқан. Оны грузин Г. Батиашвили және итальяндық Микеле де Лукки секілді құрылысшы-сәулетшілер салған. Ал, резиденцияның төменгі жағында ескі және жаңа Тбилисиді жалғап тұрған Достық Көпірі бар. Бұны да Микеле де Лукки салған екен. Михаил Кавелашвили резиденциясы Георгий Атонели, 25 көшесінде орналасқан-ды. Сондай-ақ, осы маңда «9 сәуір Саябағы», Г.Чубинашвили атындағы Грузин өнері тарихын және ескерткіштерін қорғау жөніндегі Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы, 1872 жылы іргесі қаланған, «Лондон» тарихи қонақ үй бар (Оны неміс архитекторы Отто Симонсон салған. Бұл жерде әр жылдары Нобель сыйлығының лауреаты (1920 ж.), норвегтік жазушы Кнут Гамсун, ұлы композитор Пëтр Чайковский, атақты драматург Александр Островскийдің інісі ‒ Ресей Мемлекеттік мүлік министрі, дипломат, қоғам қайраткері, статс-хатшы Михаил Островский тоқтаған-ды). 

Бұл резиденцияның тарихы тереңде жатыр. Себебі, мұның орнында, XVII ғасырдың екінші жартысында Вахтанг V «Горгасали» (Қазіргі Грузия астанасының негізін қалаған. Орталықты Мцхетадан Тбилисиге ауыстырған) бой көтергізген ғимарат болған-ды. Картли және Кахетия патшасы Теймураз II осы аймақтағы жерлерді князь Реваз Орбелианиге сыйлайды. Кейіндері бұл үй қайта салынады, сөйтіп онда князь Григол Орбелиани тұрады. 1880 жылы оның жиені ‒ князь Георгий Орбелиани аталған ғимаратты итальяндық рустика стилінде жасақтайды. Совет заманында әйгілі Орбелиани әулеті тұрған үй ‒ Жалпыодақтық шетелмен мәдени байланыс жөніндегі қоғамның Грузиядағы бөлімшесі (ВОКС) болған. Орыс тіліндегі түрлі деректерде 1936 жылға шейін «жылы бұлақ» ‒ «Тифлис» атауы қолданылып келді. Тек сол жылдың тамыз айында ғана Тбилиси деп өзгертілген болатын. Ақтың фонындағы қызыл кресі бар Грузия туы әр мекемеде, әр жерде ілулі тұр. Негізінен, Тбилиси 10-нан аса аудандарға, ал аудандар 33 шағын аудандарға, яғни убандарға бөлінген-ді.

Араб халифаты тұсындағы Тбилисиде (VII-XI ғ., Тбилиси әмірлігі) тұрғындардың дені әртүрлі болды: грузин, армян, кірме арабтар, т.б. Негізгі бөлігі ислам дінін қабылдаған еді. X ғасырда дүние есігін ашқан атақты араб тарихшысы, саяхатшы Ибн Хаукал бұлақтардың отсыз-ақ жылитынын тілге тиек етіп, былай депті: «Тифлис ‒ азық-түлікке бай жер, жеміс-жидек те көп өседі. Ауыл шаруашылығы да жолға қойылған. Шаһарда қос қабырғамен қоршалған үлкен қамал-қорған бар». Италия саяхатшысы, географ Марко Поло (1254-1324 ж.) бұл қаланы көргенде былайша сипаттайды: «Тифлис деген сұлу қала бар. Мұнда жібек әрі басқа да маталар шығарылады. Тұрғындар ұлы татар ханының бақылауында». XIV ғасырдың екінші жартысында Грузия, оның ішінде Тифлис, сондай-ақ Азияның көп қаласы Әмір Темір иелігінде болды. XVI ғасырда дейін арабтардың Тифлиске ықпалы аса күшті еді. IX-XVIII ғасырлар аралығында шаһар қарқынды өркендеді. XVIII ғасырдың екінші бөлігінде түрік әскері кентті талқандап, өртеп кетеді. 1801 жылы бұл қаланы орыстар басып алып, үстемдігін жүргізеді. Ал, 1803 жылы Тифлистің тоқсан пайыз халқын армяндар құрады. ХІХ-ХХ ғасыр аралығында бұл қалада армяндар үстемдік етті. 1829 жылы Тифлиске табан тіреген ақын (ол бұл қалада екі рет болған) Александр Пушкин «Арзрумға саяхат» (1829-1935 жылдары жазылған) делінген жолсапар очеркі сипатындағы туындысында былай деп жазады: «Тифлис жұртшылығының негізгі бөлігі ‒ армяндар. 1825 жылы бұл жақта екі мың бес жүзге тарта түтін болған. Бүгінгі соғыс жағдайында олардың саны әлі азайған жоқ. Ал, грузин шаңырағы мың бес жүзге шейін...». Арзуманов, Аветисян, Манташев, Кеворков, Аветисов, Питоев, Егиазаров, Бозарджянц, Энфиаджянц, т.б. сыйлы әулеттер уысында мұнай өнеркәсібі, былғарыдан жасалған бұйымдар орталығы, сауда ісі болды. Кент тұрғындарының конфессиялық құрамы да әрқилы. Десек те, басым бөлігі ‒ православие дінінде. Мұнда синагога, шіркеу мен «Жұма» атты мешіт (бұл ‒ сүнниттер мен шииттер [шейіттер] бірге құлшылық ете беретін әлемдегі санаулы ғана ғибадат орны) бар.

‒ Тбилиси ‒ Гүржістанның өзегі, рухани, мәдени, саяси ордасы. Бұл қалада небір атақты азаматтар, тұлғалар тұрған...

‒ Дұрыс. Мәселенки, «Кин-дза-дза!», «Мимино», «Афоня», «Мәскеуді алшаң баса аралағанда» секілді фильмдерді түсірген кинорежиссер, сценарист, қаламы жүйрік мемуарист, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, педагог Георгий Николаевич Данелияны танымайтын жан кемде-кем шығар деп ойлаймын. Ол да осы Тбилисиде туған (1930 ж., Тифлис кезі), жұмыс жасаған, жастық шағын өткізген. Әйгілі «Джентльмены удачи» кинотуындысының сценарийін жазған да осы ‒ Данелия. Ол ұзақ жасады, мәнді де сәнді өмір сүрді, 89-ға қараған шағында Москвада өмірден озды. Бір сұқбатында: «Бала кездегі ескі Тифлистің көркем көріністері көз алдымнан еш кетер емес. Әркез жадымда жаңғырып тұрады...», ‒ дегені бар.

Ақын, жазушы, әнші-бард, композитор, сценарист, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Булат Окуджава Мәскеуде туып, Кламарда (Франция) қайтыс болса да Грузияны, әсіресе Тбилисиді ұмыта қойған жоқ. XX ғасырдың жиырмасыншы жылдары елдегі саяси тұрақсыздық пен ауыр экономикалық жағдайға байланысты ата-анасы ‒ Шалва Окуджава мен Ашхен Налбандян Тифлистен Москваға көшкен еді. Дегенмен, Булат ақын Отанына бірнеше рет келіп, грузин табиғаты, грузин әдебиеті, грузин мәдениеті, грузин тарихы туралы үздіксіз сыр шертетін-ді. Қос ұлдың қайда жүрсе де тегін, елін ұмытпағаны ‒ көпке үлгі...

‒ Гүржістандағы «Поэзия ‒ әлем жүрегі» атты халықаралық әдеби фестивальға қайта оралсақ...

‒ Шартараптан ақын-жазушы жиылған аталған шара тамаша өтті. Небір мықты авторлармен таныстық. Бұл фестивальды ұйымдастырған Грузия Жазушылар одағының Төрайымы, Шота Руставели атындағы Грузия Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Маквала Гонашвили және мықты әдебиетші, фестиваль координаторы, әдеби менеджер Манана Горгишвилиге зор алғыс айтамыз. Ақтаңгер ақын, ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай Маквала ханымның өлеңдерін қазақ тіліне аударған еді. 2020 жылы (13.02.2020) «Қазақ әдебиеті» газетінде Ғал-ағаның бір топ жыры жарық көрген-ді. Оқып отырып, қаламдас-әріптесіне арнауын да көзіміз шалып қалды:

ГРУЗИННІҢ АҚЫН ҚЫЗЫ МАКВАЛА...

...Жырларымды мақтама!

біз көретін екі түс бар –

АҚ, ҚАРА.

Нұрсұлтанның шәріне кеп нұр іштік –

Грузиннің ақын қызы, Маквала!

 

Бұл ғұмырдың басы – арман да,

арты – елес,

ақын болып жарытпайды мәрт емес.

...түсінуге жүрек керек өлеңді –

тіл білу де шарт емес.

 

Керуеніңнің болсын, қарғам,

көші құт,

кездесуге қалдым ба, әлде, кешігіп?!

...Қара теңіз толқындарын толқыттың –

Есіл ақты есіліп...

 

Қазақия төрі ұсынған сый десін,

Өлеңінің өрнектейін күймесін.

титтей құсқа долы дауыл тимесін,

Қара көзің – қара өлеңдей үйлесім.

 

Грузиннің ақын қызы – Маквала,

Жалғыз жырын ауыстырмас таққа да.

Біз көретін екі түс бар –

АҚ, ҚАРА:

Бақыт сыйла ей, Нұрсұлтан, баққа ора!

Грузиннің ақын қызы, Маквала...

‒ Ендігіде қандай жоспарың бар?

‒ Жоспар көп қой. Алла қаласа, докторлық диссертациямды қорғасам деп отырмын. Тақырыбым ‒ әдебиеттегі ұлттық код, менталитет және айдентика (ID) мәселелері. Яғни, әдебиеттану, мәдениеттану, этнография, тарих, этнология, генетика секілді ғылыми бағыттардың басын қосқан, генеалогия (генезис), тарихи дискурс, постотарлық эстетика, мифопоэтика, семиология сияқты қатпар-пластарды аршуға негізделген зерттеу. Сонан соң «Бөлек» деген романымды аяқтап, ағылшын тіліне аудартып, әуелі, Қазақстанда, артынша Еуропада таныстырылымын өткізсем деймін. Осы ойды жүзеге асыру мақсатында қазірден бастап менеджерлік жұмыстарды бастап кеттік. Жаратушы Жаппар Хақ жар болғай! Ал, қалған жаңалықты шетінен ести жатарсыздар!

‒ Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңе рақмет!..

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan