Алтынбек Елемесұлы. Жүрегіме үңілдім

70

Алтынбек Елемесұлы. Жүрегіме үңілдім - adebiportal.kz

Алтынбек Елемесұлы – 1989 жылы Екібастұз қаласында туған. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің түлегі. Мамандығы – журналист. Бірнеше республикалық, халықаралық жыр мүшәйрасының жүлдегері. Ақын. Өлеңдері «Бәйшешек», «Ертіс толқындары», «Махаббат жыры», «Жас ақындар антологиясы» ұжымдық жинақтарына енген.

 

Деизм

Көңілім тербелгенде көлдей тұнық,

Осы несі, иманға шөлдейтінім…

Өлмей тұрып Құдайды көру – бақыт!

Өлу – бақыт өзгесін көрмей тұрып.

 

Алар ма еді, қыл арқан өлшеп ұзын,

Айна алдында ажалым көрсе егізін.

Он сегіз мың ғаламның ішінде жүр,

Отыз үш пен от кешіп он сегізім.

 

Қалдығынан арманның қиып үміт,

Тағдырыма жүремін жиі ұрынып.

Бір аптаны азғырып, жұма күні,

Жұмақтағы жыландай жиырылып.

 

Өмір – керең, ән айтса, қарсы билеп…

Көңілді өлең үйреніп алсын, үйрет!

Тас төбемде шынымен Алып Біреу

Отырғандай болады балшық илеп…

 

Күндерімнен жүргенде ғасыр құрап,

Жасын құлап өртенді жасыл жұмақ.

Жасағанға жасаған күнәмді айтып,

Жылап алдым.

Тамбады жасым бірақ.

 

Құдай көріп тұрғанын ішім біліп,

Қиялыма қоямын құс ілдіріп.

Табынудың тіземде табы қалған,

Сағынудың бейнесін мүсін қылып.

 

Жылғаға ағып кеткені-ай, жылдардың көп,

Жар шетінде тұрғанмын жындандым деп.

Көзден Құдай таппадым, таппаған соң,

Жүрегіме үңілдім.

Кім бар? Кім жоқ?..

 

Бутырка

(Ақтаңдақтар рухына)

Жорғасын орға жығатын, жолдасын отқа,

Құдайы жоқ елдің, қалайша, молдасы жоқ па?

Бар болса дұға бағыштар, алдымызға алдыр,

Шығындалдың ақыры қорғасын оққа.

 

Құлпы ауыр неткен, кілтің-ай, темір түрменің,

Қарауылы да тым қарау, небір күлмеді.

Қарадан шыққан қарақшы көргені ме екен,

Көздерімен-ақ тірідей жегір тұр мені.

 

Қызыл жағалының қап-қара тізімі қалың,

Үкім шыққан күн кетеді-ау үзіліп әнім.

Арманды уатқан үмітке мың рет алданып,

Арланды қапқан қақпанға жүз ұрынамын.

 

Елім деп өтсең, алайда өлмейді атың да.

Ауылға апаратын, апыр-ай, жол қиратылған.

Қарқаралының қарт тауы зиярат етті,

Дөң болып қалған қазаққа Дон зиратында.

 

Қырдың қырағы, қалайда әр ұлы мықты,

Алып қоя алмайсың сен одан Алып үмітті.

Бутов полигонында бір ел бар, сол жақта мені

«Бауырластардың» кең құшақ «ауылы» күтті…

 

Мылтық даусынан есте тек құстың ұшқаны,

Сыртта ойнақ салды пенденің ішкі мыстаны.

Мұңайып өлер кім?

Құшақ жая Құдайға аттандым,

Құдайы жоқ елдің молдасы «үш бұрыштады»…

 

Макулатура

– Өл деп пе едің?!.

……………………………

Еске алып еңбектерің!

Тіл – шешен ғой, тигесін шөлмекке ерін!

Екеу кетіп барады… бірі үркітіп

Аялдаманың күзетші он кептерін!

 

Тағдырлары тұтастай талқандаулы,

Армандары бар бірақ, әрі таңдаулы!

Белі бүкір біреудің, біреуінің

Арқасына кітаптар арқандаулы!

 

Ақындардың төрт буып түнгі аятын,

Жазушы ма?..

Қызықсыз!

Кім? Қай ақын?!.

Екеу кетіп барады… қалың кітап

Жіңішке жіппен буылған кір жаятын!

 

Екеу кетіп барады…

Соңында мен…

Тәңірім-ай, тапқанда жолымды әрең,

Дүниеден домалап бара жатқан

Төртбұрышты көзіме көрінді Әлем!

 

Екеуі үшін бәрі оның бөтен дәуір,

Көңілі үшін көтерген көтенді ауыр!

Бір арқаға жайғасып, барады үнсіз

Томас Вульф!..

Есенин мен Шопенгауэр!

 

Арманым жоқ!

Өмірді енші етер ек,

Өн бойымнан өлген соң өнсе терек!

Есенин есен боса, хандар ұқсап

Қалай ішу керегін көрсетер ед!..

 

Қалың кітап – буылған арқанға араз,

Қалыңдықтар шуылдап балконда мәз…

Бір кітапта – мың адам тағдыры бар,

Екеуі үшін, алайда – картон қағаз!..

 

Өкпеңді айтпа Өмірге, өзек тала,

Өмір деген – өлетін кезек қана!

Сөресі жоқ кітапқа, өрені айтып

Қажет емес! – дейтіндей қажетхана!..

 

Датын тыңдар дүние дәті бардың,

Датың болса, жолыңа жатып алғын!

Мың адамның тағдырын…

Қанша дейсің?..

Мың теңгеге бар-жоғы сатып алдым…

 

Қуандым. Қиял ұшты көк қиырға!

Бір сұрақ бар – жауабы жоқ миымда!

Ал, менің ше?..

Жиғаным…

Жинағым…

Қанша тұрады?..

Көк тиын ба?

 

Соңғы кездесу

Кездестік.

Кеше.

Соңғы рет.

Білмеймін, бәлкім, бекер ме?..

Жалғыздығымызға жол күреп,

Қоштасайық деп кетерде.

 

Кездестік.

Бөлек отырдық.

Кафенің іші – кофе исі…

Өтіндік, енді…

Өкіндік,

Өткен күндерге өгейсіп.

 

Достасуға да тырыстық,

Жауласқанымыз жөн бе еді?!

Құлақ түбіндегі тыныштық

Тіл ұшына да көнбеді.

 

Отырдық үнсіз.

Қалды әзіл…

Мәзірді қалың парақтап.

Алыстап кеттім, ал қазір,

Жақындап қалсам, қанат қақ.

 

Қанат қақ!

Маған жоғал де,

Қасымда қалма… келіспе!

Махаббатыңнан жоқ, әлде,

Жеңілгенің де жеңіс пе?

 

Момақан шіркін, түр қандай!

Мінезіңде бірақ шатақ бар.

Даяшы да қорқып тұрғандай,

Көзқарасыңнан тәкаппар!

 

Сәл жібігеннен соң жүрек,

Қарашығыңа кеп түнейін.

Келгенім дейсің, соңғы рет,

Ойыңды білдім, бұл – ойын.

 

Ақында не бар, ақылдым,

Жазылған жырға жүлде бол!

Қайта кездесуге шақырдым,

Жеңілдім. Есеп 1:0.

 

Соңғы кездесу – 2

Кездестік.

Кеше.

Соңғы рет.

Бұл соңғы кездесу нешінші?

Басымызға бақыт қонды деп,

Асығыс айтсақ, кешірші.

 

Кездестік.

Бөлек отырдық.

Бейтаныс жандай бейнебір.

Ойын ойнайды, о, тірлік,

Ақылдаспайды кейде өмір.

 

Кел, онда бермен ойнайық –

Кездесу үшін қоштасу…

Отбасы деген – ой ғайып,

Біздікі – ойнап от басу.

 

Отырмыз үнсіз…

Тыныштық.

Өңімде жаттым түс көріп…

Тіл қатпай ғана ұрыстық,

Сөздердің бәрі іште өліп.

 

Оятып дала гүлдерін,

Ән шырқап жібер, музыкант.

Әттең, әлемін білмедім,

Тұздың да, шіркін, жүзі – қант.

 

Алданып маған қалдың ба?

Кетемін десең, жол міне.

Тек қана жүрек алдында

Осы кездесу соңғы де.

 

Жалындап едік.

Кім сөнді?

Үмітті қиын мәңгі үзу.

Кездесу болсын шын, соңғы,

Менде де, қалқам, қан қызу.

 

Ал айтшы маған, ақылдым,

Құлпы жоқ неткен түрме бұл!

Қайта кездесуге шақырдың,

Есеп теңесті: 1:1.

 

Соңғы кездесу – 3

Кездестік.

Кеше.

Соңғы рет.

Жоқ, бұл кездесу алғашқы.

Өзге адам боп келдің, ал жүрек

Өзіңді күтті…

Бәрі жақсы.

 

Кездестік.

Бөлек отырдық.

Көзбен сөйлесіп, қабақпен.

Жараны жазып, қотыр ғып,

Алғанымызды-ай, қап, әттең.

 

Күзгі дауылдан жаз – бейғам,

Көңілде мұң бар бір ыстық.

Айнала ән сап, мәз-мейрам,

Бізде – баяғы тыныштық.

 

Аузынан айдың түскен қыз,

Бір ауыз сөзің – бір бақыт.

Уыстап тұрып ішкенбіз,

Көзіңнің жасын құрғатып…

 

Болды енді, жетер, қоя сал,

Махаббат жайлы қозғама.

Жүрегім – жуас, ой – асау,

Сүйемін деу де сөз ғана.

 

Күнәға баттым, кінәла,

Жеңілдеп, бәлкім, қаларсың.

Себебін іздеп сұрама,

Өзіңді тауып аларсың.

 

Санамыздағы мың күпті ой

Қос жүрегімізді кемірді.

Сезімді ойын қылдық қой,

Жеңген адамы – жеңілді…

 

Түңіле бермей, күлімде,

Қайғыны езбей мендегі.

Таңғалма осы түбінде,

Мың қоштасамыз ең кемі.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan