Бүгін Сарыарқаның сайын даласында бой көтеріп, тарих пен болашақты тоғыстырған елордамыздың туған күніне орай, Астана қаласының мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен «ASTANA LEGASY: Тарих. Жады. Болашақ» атты үлкен форум өтті.

Қазақ әдебиеті мен тарихына елеулі еңбек сіңіріп жүрген Дихан Қамзабекұлы, Құдайберген Тұрсын, Амантай Шәріп, Әлихан Баймен сынды зиялы қауым өкілдері жиналған форумда Астананың тарихи дамуы, қала болып қалыптасу жолындағы алаш мұрасы, архив ісі және ұлттық жады тақырыптарында бірқатар келелі ой ортаға салынып, салиқалы сөз сөйленді.

Бүгінгі басқосудың шымылдығын Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры Бимолдин Жангелді Бержанұлы өзі ашып берді. Архив басшысы алғысөзінде: «Бүгін біз елорданың тарихына архив құжаттары арқылы жаңаша көз жүгірту үшін бас қосып отырмыз. Архив – өткеннің мұрасын сақтап, тарихи сананы қалыптастыруда ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын маңызды рухани институт. Мысалы, Есіл бойындағы ғасырлар куәсі болған Қараөткел – Астананың тарихи негізі. Алып шаһардың бүгінгі келбетін түсіну үшін оның өткеніне үңілу қажет», - деп қазіргі астанамыздың тарихына қысқаша шолу жасап өтті.

Архив – өткеннің үнін бүгінге жеткізетін тарихи жадының алтын қоры екені рас. Әрбір сақталған құжат – уақыттың үнсіз куәсі десек, әрбір парақта ел тарихының бір бөлшегі жатыр. Астана тарихы – соның айқын дәлелі. Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Зиябекұлы Есіркеп сөз алды. Сәкен Зиябекұлы жиналған көпшілікті алдағы келе жатқан қала күні мерекесімен құттықтай отырып: «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ дейді дана халқымыз. Бүгінгі айтулы шараға хәл-қадірінше бас шаһарымыздың дамуына қызмет етіп жүрген игі жақсылар жиналып отыр екен. Өткенімізді сақтап, бүгінмен байланыстырып, ел мұрасын келешек ұрпаққа жеткізетін архив ісінің ұйымдастырып отырған конференция-форумына қош келдіңіздер демекпін. Бұл басқосуды қаламыздың өткеніне көз жүгірту арқылы бүгініміздің бағасын дұрыс бағамдайтын маңызды шаралардың бірі деп есептеймін. Қала тарихы мен қалыптасу жолы жайлы мазмұнды ақпараттарды бірге тыңдайық» - деп ойын қорытындылады.
Келесі сөздің кезегі Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Мирас Абдрахманға берілді. Көпшілік алдына шығып, микрофон тізгінін қолына алған Мирас Зікірияұлы Астананың бүгінгі қарқынды дамуына ерекше тоқталып өтті. Нақтырақ айтар болсақ, қалаға арналған смарт сити жобасы мен әлеуметтік және жол-көлік инфоқұрылымдары жайлы сөз қозғап, «Астана жасыл шаһарға айналуы керек» деген елордамызға арналаған жоспарлармен де бөлісті. «Қала халқының саны жыл сайын тұрақты түрде артып, елордамыз үлкен мегаполиске айналғаны аса қуантады», - деді басқарма басшысы. Сондай-ақ, басқарма басшысы елорда ақындары мен жазушыларына арнап: «Өскелең ұрпаққа арналған кітап шығарсаңыздар, қаламыздың бүгінгі керемет келбеті туралы да кеңінен насихатталып, атқарылып жатқан істер жайлы көбірек жазылса екен», - деген тілегін де жеткізді. «Және де биыл Астана қаласы халықаралық Numbeo рейтингінде әлем бойынша «ең қауіпсіз 100 қала» тізіміне енген, өмір сүруге қолайлы шаһарлардың біріне айналып отыр. Қала бір жыл ішінде жүз бесінші орыннан сексен бірінші орынға тұрақтағандығы қуантады», - деп жиналған көпшілікке қазіргі Астананың көркем келбеті жайлы кеңінен баяндап берді.

Форум ары қарай әсем әнмен өрілді. Көпшілік алдында сөз алған зиялы қауымның келесі бір өкілі – 1997-1999 жылдары Үкімет аппаратының және Президент әкімшілігінің жетекшісі болған, мемлекет және қоғам қайраткері, бүгінгі күні Астана қызмет хабы Басқару комитетінің төрағасы Әлихан Мұхамедияұлы Баймен болды. Қайраткер Астананың тарихы мен ұлттық жады жайлы, Алаш мұрасы мен елораданың рухани-мәдени дамуы жайында келелі ой өрбітті.

Екі сағатқа жуықтаған форумды елорданың тарихи бастауы Есіл өзенінің сол алқабында IX-X ғасырларда бой көтерген Бозоқ қаласы мен ұлы даланың көне өткелі тарих пен тағдыр тоғысқан қасиетті Қараөткел жайында тағылым мол бейнеролик тәмамдады.

Бүгінгі Астана – тәуелсіз Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы екендігі баршамызға мәлім. Бірақ бұл қаланың шежіресі елорда мәртебесінен әлдеқайда бұрын басталғанын адамдардың бірі білсе, бірі білмес. Оның бастауы – Есіл жағасындағы сонау ежелгі Қараөткел мен көне Бозоқ қалашығында жатыр. Сан ғасырлық терең тарихы бар еңселі елордамыздың туған күні құтты болсын, оқырман!
Фотосуреттерді Астана қаласы Мемлекеттік архивінің баспасөз қызметі ұсынды
