Табан астында тауып айту – ойы ұшқырлықтың, сөзге шеберліктің нышаны. Кез келген жағдайларға байланысты бірден сөз тауып, жеңіл әзіл, ащы мысқыл, уытты сатира арқылы екінші жақтағы қаржысып сұхбаттасқа немесе айтар сөздің сөз орайы келіп қалған адамына бетің-жүзің демей, жүйелі сөзді қапысыз сарт еткізер ұтқырлық қазақ халқына тән. Қазақтардың мұндай ерекше қабілетін бас игендердің бірі Адольф Янушкевич былай деген жоқ па:
«Далалық шешендермен салыстырғанда Демосфен, Цицерондарыңыз түкке тұрмайды. Ал бүгін менің алдыма келген оқи да алмайтын, жаза да білмейтін ақындар өздерінің дарындылықтарымен таңғалдырды. Олардың айтқан жүйелі сөздері менің жаным мен жүрегімнен орын алды..».
Жүйелі сөзді түйдектей боратып шешен сөйлеу мен жағдаятқа байланысты табан астында жауап қату – екеуі де тамаша қасиет. Мұндай қабілет, Ұлы Даланың төл баласы қазаққа ғана тән емес. Әлемнің әр түкпіріндегі халықтар өкілдеріне тән. Соның ішінде қолына қалам ұстаған жазушы қауым тауып айтар тапқырлыққа бейім тұрмақ. Төменде осыға бірер мысал келтірмекпіз.
Түркменнің әйгілі ақыны Кеминенің (шын есімі Мәмедәлі) шендескенді шенеп түсер өткір әзілдері халық жадында сақталыпты. Солардың бірі мынадай: Бір күні Кемине ақынның құлағы тоңғаннан қызарып, делдие ісіп кетеді. Мұны көрген ишан ұстазы шәкіртіне былай дейді:
- Есектің құлағын жапсырып алғансың ба? Мынау құлағыңа не болған?
Сонда ишанның өзін орайын тауып әжуалап тұрғанын аңғарған Кемине жұлып алғандай былай деп жауап беріпті:
- Дұрыс айтасыз, тақсыр. Есекті бөліске салғанда сізге басы бұйырыпты да, маған құлағы тигені осы ғой!
Ұрымтал жерден тиген соққы сөзге жығылған ишан ештеңе дей алмаған екен.
Тағы бірде Кемине жау жол жүріп келе жатады. Жүре-жүре табаны ауырып, әбден шаршайды. Болдырып келе жатқанда соңынан қуып жеткен бір молла ақынды есегіне мінгестіріп алады. Есектің арқасында аяғын суытып, ес жинаған ақын моллалардың айтатын уағызын ишаралап:
- Жұмақ дегеніңіз соншалықты алыс емес, бар болғаны есектің бойындай ғана биіктікке орналасқан екен ғой! – деген екен.
Әдетте, шығармашылық әлемінен тыс мамандық иелері үшін ақындар мен жазушылардың өмір сүру қалпы, нәсіп-нәпақа табуы мүлде түсініксіз ғой. Осындайдан туған жағдаяттың бірі мынадай: Француз классигі Виктор Гюго көрші ел Пруссияға сапарлап барады. Шекара өткелегіндегі жандарм жазушының анкетасын толтырып жатады да мынадай сұрақ қояды:
- Немен шұғылданасыз?
- Жазамын, - деп жауап береді жазушы.
- Мен сізден күнкөріс үшін қаражатты қалай табасыз деп сұрап тұрмын, - деп қабағын шытады шекара қызметкері. Сонда Гюго:
- Қаламмен, - деп қысқа әрі сабырлы түрде жауап береді.
Сонда жандарм жазушының анкетасына «Виктор Гюго, қалам сатушы» деп толтырған екен.
Жазушылардың көбісі жас шағында газет-журналдар редакцияларында, баспаханада қызмет атқарып, өзгелердің жолдаған туындыларын түзеп-күзеумен шұғылданғанғаны белгілі. Адамды қажытатын жұмыс, әрине. Авторға түзетушінің жолдаған жауап хаттарындағы ұтымды қыжыртпалардың топаны да біршама. Солардың бірі ағылшын жазушысы Артур Конан Дойльге тиесілі: Жұртқа танылмаған белгісіз жас жазушы роман жазып, қолжазбасын Конан Дойльге жолдайды да, баға беруін өтінеді. Біраз күннен кейін автор қолжазбасымен қоса мынадай хат алған екен. «Тамаш кітап! Қылмыскердің жан дүниесін толық ашуы жағынан ғана емес, өзгелерден сюжет ұрлау жағынан да автордың таланты таңқаларлық екен!».
Немістің көрнекті жазушысы Теодор Фонтане де газетте редактор болып қызмет атқарып жүріпті. Бір күні авторлардың бірінен өлең келіп түседі. Өркөкіректеу біреу болса керек, өлеңге жазылған түсініктеме хатында автор былай деп жазған екен: «Өлеңге қажет болса да үтір қойғаным жоқ. Үтірді қажет деген жерлеріңізге өзіңіз қоярсыз».
Мұндай кісімсінген авторға деген өзінің реніші мен мысқылын Фонтаже өлеңді авторға қайтара, отырып, хат арқылы былайша жазып жіберіпті:
- Келесі жолы ылғи үтірлер жіберіңіз. Өлеңді мен өзім де жазамын.
Қаламгер қауымының өмірінде кез келген күрделі жағдайды да, адам тағдырындағы бұралаң бұрылыстарды да астарлы әзілге шабыстырып кететін жағдайлар аз болмайды. Солардың бірі – Оноре де Бальзак. Бір күні француздың ұлы жазушысы үйінің сыртқы есігін бекітуді ұмытып кеткен екен. Төсегіне жатып, көзі енді іліне бергенде, үйіне ұры кіріп келеді. Бөлменің қай тұсында не барын білетін біреу болса керек, қараңғыда төсктегі жазушыны көрмейді, сандыққа барып қармалана бастайды. Сандықты ашып, ішін ақтара жөнелгенде, жазушы жайбарақат былай деген екен: «Достым, сіз ғой ешқандай жарықсыз, түн ішінде ақша іздеп келдіңіз. Ал мен ол жерден күн сәулесін төгіп тұрған уақытта да ештеңе таппағанмын».
Бальзакқа бірде таныс жесір әйел жолығып, осыменен үшінші рет күйеуге шыққалы жатқанын айтып, жаңалығымен бөліседі.
- Иә, құтты болсын! Сонда сізбен қосылайын деп маңдайы жарқырап тұрған ол адам кім болып жұмыс істейді? – деп сұрайды жазушы.
- Шарап жасайтын зауыттың қожайыны.
- О, онда мәселе айқын болды. Ол ескі шараптардың мән-жайын жақсы білетін адам ғой – деген екен. Анау әйел түсінді ме, жоқ па, ол жағы беймәлім.
Шығармашылық, өнер адамдарының рухани әлемі – көбінесе, былайғы жұртқа жұмбақ қой. Олар болмаса, адамзат қоғамының тыныс-тіршілігі бірөңкей сұрғылт реңкте күй кешкен болар еді. Ашық көңілден жарқын әзіл. «Әзілі жоқтың қойнында балтасы бар» демекші, әзілді айта білу де, түсініп, көтере білу де – адамзаттың асыл қасиеті ғой.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.