Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ауылға қонған тікұшақ. (Әңгіме)...

30.12.2022 2929

Ауылға қонған тікұшақ. (Әңгіме) 14+

Ауылға қонған тікұшақ. (Әңгіме) - adebiportal.kz

Нағыз қазақылықтың белгісі қойшының тер сіңген қара шапанында қалып бара жатқандай… Біздің ауылда Тәкен деген азамат болды. Етігін сырөкшесінен басып,екі аяғы екі жаққа қисайып жүретініне қарап ел оны «тойтық» Тәкен деп атайтын.Балалар кетік кемпірдің кескінсіз ұлына күле қарап әжуалайтынбыз. Оған шамданып жатқан Тәкен жоқ,жалғанды жалпағынан басып қотыр торысына мініп қойын жайып кете баратын.Қараборша үйлері елден оқшау ауылдың шет жағында отырса да,балалар үшін базар болатын. Ауылдың сотанақтары сол үйге жиылып,құрым киіздерінің тоз-тозын шығаратынбыз. Кетіңдер дейтін кетік кемпір емес керісінше айланып-толғанып отыратын. Тым еркінсіп кетіп, төсектерінің үстіне секіріп шығып шаша бастағанымызда ғана: “бәтшағарлар түсіңдер болды” деп тісі ақсиып күлетін-ді. Қой ауызынан шөп алмайтын момындығын пайдаланып еркінситініміз соншама қостың аз-ақ алдындағы еңсесі аласа киіз үйінің шаңырағынан шөкімдей бұлтсыз күні шөмішпен су шашатындымыз.                                                                                            

“Әу,Әтен,Бәтен қайсың барсың? Жаңбыр құйып кетті түңілікті еңкейтіңдерші” деген кемпірдің үні естілісімен түңілікті жауып алып,ойынның көкесіне кірісіп үй ішінде соқыртеке ойнайтынбыз.Кейін білдік түңілікті “жап” демей еңкейтіңдер дейтіні Жабық деген қайынағасының аты екен ғой.  Тәкен қойдан келгенде тап бір өзіміз жайып келгендей қасына топырлап шықпай қаламыз. Бар тәтті дәмдісін жалғыз ұлынан аясын ба,апасы барын алдына тосатын.Тәкен тойтық үйге келіп шешінгенде аттың теріне ұқсас бір иіс шығып тұратын.Үлкен етігін отыра қалып шешкенде шуаштың исі мүңкіп қоя беретін.          

“Бәтірет аяғыңды жу” дейтін апасы ұлына жас баланы еркелеткендей. Біз мұрынымызды басып,таза кісімісініп далаға шыға бастайтынбыз. Ондайды елең қылатын Тәкен бе, өй боқұмырындар қайда барасыңдар, су құйып беріңдер” деп жейде жекпітін шешіп тастап, сыртқа бір құман суын көтере шығатын.  “Мен құйам,мен құйамын” деп таласып, тармасып құманның тұтқасына жабысқан бізге: “кім жүйрік, сол құйып берсін” деп өңкілдей күлер еді. Бірінші келгеніңе “камфит” беремін дейтін кетік кемпір ұлын қостап. Бізге бұнан артық не керек бір екі жүз қадам жерге барып,құсша ұшатынбыз. Құсша ұшқан қайда,сол кезде өзімізге солай көрінетін-ді.Алдымен жеткен бала бақытты сезілетін. Тәкеннің бұжыр-бұжыр,шүйделі тықыр басымен түйенің табанындай,күс-күс тарбиған жалпақ аяғына су құюдан асқан бақыт жоқ еді ғой,шіркін!
 

Бірде ауылда қызық жағдай орын алды.Біз үшін ертегіде кездесетін самұрық құс ұшып келгендей-тін. Жаздың мамыражай шайдай ашық күндерінің бірі еді.Моңғол ғол» жайлауында алқақотан әр жерде шоғырлана төрттен,бестен отырған отыз шақты ақшаңқан киіз үйлердің дәл төбесімен бір тікұшақ ұшып өтті. Кітаптан суретін тамашалап, телеарнадан көргеніміз болмаса тікұшақты алғаш көруіміз. “Ойбай, бәтірет. Күн күркіреп кетті ме?” деген кетік кемпірдің сөзіне қарамастан аспанды қақ айырардай күрілдеген дауысқа елеңдесіп сыртқа жүгіріп шыққанбыз.Тікұшақты көргенде жерден желкем тапқандай қуанған ауыл балалары: ”Вертолёт-ау, Вертолёт, мені өзіңмен ала кет!” деп соңынан жүгіріп жүрміз. Біздің сөзімізді естігендей батысты бетке алып ұзап кеткен тікұшақ ауылға қарай қайта айланды. Бірлі жарым кішкентай қорқақ балалар дауысымызды есітіп ”вертолёт”шын алып кетуге келе жатыр деді ме, бақырып үйге қашты. Батырсып алған ересек балалар қалпағымызды бұлғап мәзбіз.Бұл жолы тікұшақ әлденені іліп әкетердей болып тым аласа ұшып келеді екен. Ересектер жағы да үйлерінен шығып дүрлігіп жатыр. Кетік кемпір есіктен шыға бере тікұшақты көрген замат “ойбай,қашыңдар,бомба тастайтын болды”деп басын басып інге тығылған суырша сүңгіді дерсің. Ауыл адамдарының кейісі бұл қылығына күлсе де,кейісі не болып кетті дегендей үдеріп тұр.


Тікұшақ  ауылды үш айланып ұшып,сүт пісірім уақыт өткенде барып ауылдың алдыңғы жағындағы көзкөрім белегірдің үстіне  барып қонды.Іркес-тіркес түсіп жатқан адамдардың сұлбасы бізге қызық көрінді.Ауылдың пысықайлары аттарына міне шауып алды тікұшаққа жетіпте үлгерді.Адамдар қарасы молая бастады.Ештеңе істемейтініне көзі жеткендей ауылдың кәрі-жасы аттылы,жаяулы шұбырып белең үстіндегі белгісіз тікұшаққа шұбырды.Үлкендерден қалатын емес тайымыз барымыз тайға мініп,тай,құнанымыз жоғымыз жалаңаяқ жүгіріп қызық көрмекке ұмтылдық.Табанымыз күс-күс,шөңге тілген қанаған аяғымызға қарап жатқан біз жоқ.Кейісіміз талды ат қылып мініп алып “шүу-шүу” деп қоямыз.Есігінің алдында “қарғаларым ай,Әтен,Бәтен,Игөк,Кигөк,бармай-ақ қойыңдаршы бәтіретке”деп шошына березеп болып,еркелеткен өтірік аттарымызды айтып шақырған кетік кемпірдің сөзін құлаққа да қыстырмадық.Біз үшін алдымызда таңғажайып ертегі әлемі күтіп тұрғандай еді!
Тікұшаққа жете бере байқағанымыз өңшең сарыала киген,сарыала түймелі әскери адамдардың бейнелері кинодан көргеніміздей тым қорқынышты,тым сұсты,тек қолдарында мылтықтары жоқ.Ауылдың әскерге барып келген үлкендері олармен қауқылдасып моңғолша сөйлесіп те кетіпті.Енді не болар екен деп тамашалап біз тұрмыз.Ауылда сөзге шешен,Көгергіде мал базасында орыстармен сауда жасасып орысша да сөйлесіп үйреніп алған қу Тілей атанған жігіт ағасы бар еді.Сол кісі әскерилердің иығында сызықша белгісі көп бастығымен сөйлесіп тұрған-ды. “Жігіттер бел буып,күреске шығатын мықты азамат бар ма,орталарың да?-деп дауысын көтеріңкілей жан жағына оқтала қарап:-Әр тараптан үш палуан шығарып,бәспен күресейік деп жатыр. 


Жұрт кеукілдесіп кетті.Бұлар қайдан шақ келтіреді»,жаттығудан өткен десе,енді біреуі бізде де әскерге барып келген жігіттер бар,онда тұрған не бар,күресіп көрсін деп қызуқандылыққа басты.Бәсті кім береді ендеше дегенде,мал ыстық ғой мен бере қояйын деп ешкім айта алмады.Бәс шарты екі ешкі екен.Ол ауылдың палуандары жығылса беретіні.Ал,тікұшақпен келген әскерилер жығылсақ береміз деп бір қобди тәтті тәбіз,су жаңа орыс «хром» етік және де қымбат арақтар алып кеп,тап ортаға қойды.Біздің көзіміз тәтті камфитте.Күрессе екен деп тұрмыз.Осы аралықта астындағы күреңқасқа аты ауыздықпен алысқан Темір деген малы көп,қарау бай атанған отыздың жуан ортасындағы бақырбас,жалпақ қарын,байбаламшыл адамға ұзынтұра,сіріңкенің шиіндей имиген бір моңғол әскері «атыңызды мініп көрейінші» деп қолқа салды.Темірдің атын ауылда өзінен басқа ешкім мініп көрмеген,алдына келсе тістеп,артына келсе тебетін батырлар жырында суреттелетін дәл Алпамыс батырдың тайшұбарындай тарпаң,шәркез ат болатын.Темір атын аяп,әрі жығылып қалса пәлесіне қалармын деп тартыншақтап еді,тұрғандар «бере сал» деп кеу кеулеген соң ақыры атын беріп тынды.Сіріңкенің шиіндей имиген қара желтақым екен,ат тік шапшып,жатырқағанына қарамай сулықтан тұқырта басып секіріп мінді де ен жазыққа қарай құйғыта жөнелді. Темір «бекер бергіздіңдер,атымды өлтіретін болды» деп жанындағыларды күстәналап,байбаламға салып,ол қалды.Қызып алған жұрт оны керек қылсын ба,шабандозды мақтап жігіт екен десіп жатыр.Күреңқасқаның шабысына көз сүйінердей.Темір текіректетіп,басын тартып жүрісін шығармай жүр  екен.Көз ұшында жұлдызша ақты.Шамамен қозыкөш жердегі иттұмсықтан ат басын бұрған шабандозға  қараған елдің назарынан манағы айтылған палуанның бәсі шығып кеткендей.Мәссаған,таяғанда көрдік,құйынша құйғытып,қарқыны қайтпаған күреңқасқаның үстінде қаққан қазықтай болып түрегеліп шауып келген моңғол әскерге қызыға қарап қалыппыз.Ол аттан секіріп түсті де:-“Атыңыз нағыз арғымақ екен,рақмет”-деді Темірге күлімсірей қарап шылбырын ұстатып жатып.


Ат десе делебесі қозбайтын қазақ баласы жоқ ғой:ал жігіттер,көрдіңдер емес пе» қоянды қамыс,жігітті намыс өлтіреді” деген. Ат емес,атан емес,тіпті балаларға айран шалап болады-ау деп қимайтындай зеңгібаба да емес,қонақ келсе соямын дейтін «бағлан» да емес,майы аузыңа қататын,қораның түбіне жататын кемелекті несін аяйсыңдар? Жығылсаңдар ешкіні мен берейін. Сендер туғанда аналарың қалжа жеді емес пе? Несіне қорғалап бүгежектейсіңдер!-деп таяғын тықылдатып белі бүкір Әбікен шал ақыра сөйлеп, жігіттердің намысын жанып жіберді. Тікұшақтағы моңғол әскерилері үш палуанын әлдеқашан сайлап қойыпты. Қасындағы екеуге қарағанда,дембелше келген,ортадан жоғары бойлы, бұлшық еті білемдей мұртты қараның бітімі ерек еді.Бір палуандары манағы шабандоз имиген қара екен. Енді бір палуандарының басында шашы жоқ,қасқабас алпысты алқымдаған кексе адам. Манағыдай емес, Әбікен шалдан ұрсылып,намыстары қайралған әрі ана екі палуанның тұрқы қорқынышты көрінбеген соң,'мен анамен күресейінші’ деушілер шыға бастады.Мұртты қараға ешкім батынар емес.Әбікен шал да,іштей бір қулыққа басқандай болды ма,алдыңғы екеуін жығып жіберсе,соңғысына жігіт табылып қалар деп «алдымен ана екі палуанды шығарыңдар» деп өз талабын айтты әскерилерге.


Имиген қарамен ауылда той томалақта күресіп,бірнеше рет ағалап жүрген жасы жаңадан жиырмаларға келген,дембелше сары Ерған деген жігіт күресетін болды.Қасқабас шалмен белдесуге отыздарға келген қаша қора жиған кезде тас көтеруден ауылда алдына жан салмайтын Тоқтыбадақ есімді қоңқақ мұрын шашын тықырайтып қырған,сұңғақ бойлы азаматты шығарды.Қасқабасқа тықырбас деп күліп жатты бірлі жарым әзілкештер.
Ерған мен күрескен манағы шабандоз моңғол әскері шалт қимылдайды екен,аяғының біресе ішінен біресе сыртынан қырқай шалып жүріп топ еткізді. «Ой, бар сенген палуанымыздың сыйқы мынау болса» деп күстәналай сөйлеген сөздерден ұялған Ерғанда үн жоқ.Ендігі үміт жібі Тоқтыбадақта.Қасқабас шалды бұрқ еткізер деп үлкен кіші үміттеніп тұрмыз.Алайда менсінбей тұрған қасқабас шалымыз әу бастан-ақ, басымдық танытып Тоқтыбадақты тықсыра жөнелді. Екі жақта айқай-шу. Құдды батырлардың жекпе- жегі болып жатқандай. Жүйрікке “шүу” дегенде демеу демекші,көпшіліктің айқайы әсер етті ме,болмаса ұзын аяғының пайдасы тиді ме,белден ұстап қайқайта басқанда жаңа туған ботадай тәлтіректеп барып бойын түзеген Тоқтыбадақ шалды үйірмекші болып сілкіледі- ау,келіп.Бірінің басы жалтырап,бірінің басы тазға ұқсап екеуі біршама уақыт жағаласты.’Тастан ауыр емес ғой көтерсеңші” деген әлдекімге “қалай көтерем” деп жалт қарағанда,қасқабас шал қарап тұрсын ба,іштей кіріп асаужамбасқа алып топ еткізді.


“Қап,әттеген-ай” деп ауыл адамдары сандарын соғып,ұнжырғалары түсіп кетті.Балалар да намыстан өлердей болып тұрмыз. Палуанның арнаулы киімін киген дембелше,мұртты қара маңғаздана ортаға шықты.Моңғол әскерилері мәз,жыққан палуандарына әлденелерді айтып қарқылдай күлуде. Тәкен тойтықтың құрдасы Құрмаш деген жігіт ағасы бар еді: ”Ей,мынаған не жоқ,тойтиып мынау да келе жатыр” дегенге жалт қарасақ расында қанен қаперсіз қойторысынан түсіп жатқан Тәкенді көріп күліп жібердік.   Әбікен шалда өң жоқ. ”Өңшең ез” деп таяғын жерге тық-тық ұрса да жуан қараға батынып ешкім шығар емес.


“Палуандарың жоқ болса бәсімізді беріңдер” деп моңғол әскери шенділері мәз болып,ауыл адамдарын тұқырта түсуде..Мән жайға қаныққан Тәкен тойтық ойламаған жерден ерлік бастамасы бар ма? “Мен күресіп көрейін,батаңызды беріңіз” деп Әбікен шалдың алдына тізерлей отыра кеткенде Тәкен тойтыққа күлмеген,әжуаламаған,адам қалмады. “Ей,байғұс тойтық аяғыңа зар боласың”,Бұлар саған “көйт” дейтін қой емес». “Қой жаятын қойшысыз қаламыз ғой”. Әбікен шал “тәйт,шуламаңдар,өңшең малдан басқаны білмейтін тоғышарлар” деп ессіз есіргендерді тыйып тастады да,бейнебір жорыққа аттандырғалы жатқандай алақанын жайып бата берді.Үстінде шоқпыт-шоқпыт жаман қара шапан,белінде күнге қурап өңі кеткен шүберек белбеу,аяғында жамау-жамау құрым етік,басында бір құлағы жоқ күләпарасы бар екі аяғы екі жаққа қисайып шыққан палуанға күлмеген жан баласы жоқ шығар.Ортадағы күрес алаңына беттеген тойтыққа'’тымағыңды шешсей''деп біреуісі ұрсып жатыр.Тәкен басындағы жаман тымағын жұлып алып,умаждай ұстаған қалпы Әбікен шалдың алдына қарай лақтырып жіберді.Тағы да қарқылдай күлген дауыстар.Моңғол палуанының билегенін көріп қызыққан ауыл адамдары Тәкенге де биле деп жатыр.Тәкеннің билегені де қызық болды,екі қолы ербең-ербең етеді.  «Қара қарға ғой мынау аха ха».
 

Қасына барғанда байқадық  киімі болмаса дене тұрқы мұртты қарадан қалыспайды екен.Мұртты қара Тәкен тойтыққа киімін көрсетіп бірдеңе айтты.Киіміңді шешіп таста,жыртылып қалады ғой деп аяушылық білдіргені екен,кейін білдік. Екі палуанда асығар емес,аңдысып біраз жүрді.Тәкеннің аңдысқаны да,біртүрлі екен,сиырдың мүйізінен ұстағалы жүргендей екі қолы ебедейсіз ербеңдеп,басына ұмтыла береді.Бірзаматта мұртты қара Тәкен тойтықтың белбеуінен шап беріп ұстай алып,қапсыра тартпақшы болғанда,әлденеше ораулы тозығы жеткен шүберек белбеу үзіліп кетті.Тағы да «жырқ» еткен парықсыз күлкілер естіліп жатты.Белбеу кетсе де бел кетпесін деген осы ма дерсің,әскерилердің біреуі су жаңа қайыс белбеуін берген соң,палуандар қайталай майданға шықты.Біз үшін,иә бұл майданнан кем емес-тін.Тойтықтың қолы мұрттының киіміне ілігер емес.Бір заматта Тәкеннің шапанының қолтығына қолы іліккен жуан бірнеше рет сілкілеп үлгерді.Етігінен бе,аяғы сәл бұраңдағаны болмаса Тәкенде мығым екен алдыра қоймады.Енді топ арасынан манағыдай емес,алқаған,таңырқаған үндер бой көтерсе де,әлде де сенімсіздік танытуда.


“Осы тойтықтың жуан бұқаны мойынын бұрап алып соққанын көріп едім”деп езуіндегі насыбайын түкіре алмай кекештене сөйлеген Құрмашқа «шын ба ей»дегендей көпшілік назары ауған.Екі палуан көп алысты.Мардымсып жүрген жуан қараның қарасорпасы шықты.Тәкенде алқынып,неше рет сүрініп жығыла жаздап зорға жүр.Ақыры екеуін қоянқолтық ұстастырды.Жуан қара көбінде аяққа ұмтылып,іліп қағуға ниетті.Тәкен болса...Көпшілік шу етті..Ет жүрегіміз үлпілдеп үлкендердің арасынан қыстырыла,қымтырыла кіріп байқағанымыз жуанды Тәкен шыр айландырып үйіріп жүр екен.”Көтер,таста” деп Әбікен шал да орынынан тұрып кетіпті.Қанша айландырғанын кім білсін,жуан қараны көтеріп әкеліп жерге шалқасынан дүрс еткізді.Біз алақанымызды соғып секіріп мәзбіз.Үлкендер жағы да,дүрлігіп рухтанып кетіпті.Әбікен шал “азаматым-ай”,деп көзін сығымдауда.


Жығылған моңғол палуанының мәртігіне сүйіндік.Орнынан тұрған соң,Тәкеннің маңдайынан искеп,арнайы тігілген палуан киімін сыйға ұсынды. Үлкендерден естідік “аймақтық арыстан”атағы бар,мықты палуан екен. Қарапайым тойтық қойшыдан жығылғанына намыстанбай “ерді кебенек ішінде таны” деп бағалауы ауылдағы оспадарларға ой салды. Әскерилер бас палуанымыз жығылды деп уәделерінде тұрып,бәске тіккен заттарын берді.Ауыл адамдары да,қалыс қалсын ба, екі ешкісін өңгеріп әкеліп,әскерилерге жолазыққа берді. Сол күннен бастап Тәкен тойтық, Тәкен палуан атанды. Біз Тәкен аға дейтін болдық. ''Баталы құл арымас” деген раста,Әбікен шалдан бата алып шыққаны дұрыс болды ма екен?!
Сол жылы күзде үйленген...


                                                                                                                  Алаш Кеңшілікұлы. 2022жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар