Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Бальзак не себепті жазармандық «жезөкшелікке» дейі...

10.03.2023 2835

Бальзак не себепті жазармандық «жезөкшелікке» дейін барды? 14+

Бальзак не себепті жазармандық «жезөкшелікке» дейін барды? - adebiportal.kz

Шығармашылықтағы шексіз қиял қуаттың пайдасы мен зияны 

Жаңалық ашу үшін алдымен айналадағы құбылыстарға таңғала да таңырқай білу керек дейтін зерттеуші мен өнер иесіне, қаламгерге тән қасиет түсінігі әрбір дәріскер мен оқулықтың алғашқы сөйлеміне айналғаны белгілі. Жаңалық айналаға таңырқаудан басталады екен. Бір мезетте келген ой, әлденеден алған әсер немесе жылдар бойғы ізденіс адам өміріне парасат пен мән-мазмұн дарытып, еңбек эстетикасымен әрлендіретін сәттер шығармашылық адамында жиі кездеседі. Бүгінгі жазбамызда отандық аударма саласындағы елеулі прогреске қысқаша шолу жасап, әлем әдебиетінің көрнекті өкілі Оноре де Бальзак жайлы жазылған аударма еңбек аясында адам бойындағы шексіз қиялдау, үздіксіз ізденіс, толассыз еңбектенудің адам өміріндегі маңызы мен артықшылығына тоқталмақпыз. Бальзак туралы жазылған С. Цвейгтың «Бальзак» деп аталатын кітабын оқырманның көп бөлігі мен аға буын авторлар оқып, артық-кемшілік тұсын саралағанына күмәніміз жоқ. Алайда бұл кітапты қолға алып үлгермеген кейінгі кейбір жас буынға, әсіресе, шығармашылығына дендеп кіре алмай немесе айналысуға уақыт таппай жүрген кейбір қаламгерлерге Бальзактың шығармашылықтағы тәжірибелері септігін тигізуі ықтимал деген мақсатпен мақаламызды ұсынып отырмыз. 

Қазіргі уақытта Қазақстанның мәдени саласында екі үдеріс қатар жүріп жатқанын байқауға болады. Оның бірі, төл әдебиет үлгілері шет тілдеріне аударылса; екіншісі, әлем әдебиеті де қазақ тіліне тәржімаланып жатыр. Оқырманның да қалау-тілегі әртүрлі: бірде әлемдік мәдени жауһарларды өз тілінде оқысығы келсе, тағы бірде жалпы жазушы мен шығарма болмысын түпнұсқа тілде танығанды әрі сол арқылы тіл сындырғанды да артық санайды. Жаһандық мәдени кеңістікке интеграциялану мен оқырман талап-тілегін қанағаттандыру үшін аталған екі мәдени үдеріс қазіргі қазақ қоғамына аса қажет екені даусыз. Оған қоса, аудармашыларға, әсіресе, шет тілдерінен қазақ тіліне сапалы туынды аударатын тәржімашыларға сұраныс арта түсті. Бүгінде қазақтілді оқырманға таңдаулы кітаптарды жоғары сапамен аударып ұсынып жүрген білікті, тәжірибелі аудармашының бірі Кенжебай Ахметов қаламынан «Ежелгі Шығыс әдебиеті» (проза, поэзия), Дж. Боккаччоның «Декамерон», Дантенің «Құдіретті комедия», М. Булгаковтың «Ит жүрегі», Ю. Казаковтың «Тэдди», Л. Толстойдың «Арылу», «Өмір жайында» және С. Цвейгтің «Бальзак», т.б. туындылары туғанын атап өтуге болады. 

Мақаламызда жеткізбек болған ойымыздың басым бөлігін қамтитын Австрия жазушысы Стефан Цвейгтің «Бальзак» деп аталатын өмірбаяндық кітабын қазақшалаудың бүгінгі қаламгерлерге, әдеби үдеріс өкілдеріне, жалпы ақыл-ой қызметі арқылы қайталанбайтын жаңалық тудырумен (өнер мен ғылыми жаңалық жеке туындыгер(лер) жарататындықтан, оның қайталанбайтын құндылығы маңызды саналады) айналысатын туындыгерлерге тигізетін артықшылығы көп. Бальзак табиғатындағы қиял қабілетінің артықшылығын баяндаудан бұрын бала Бальзак пен отбасының алғашқыдағы қарым-қатынасына қысқаша тоқталғымыз келеді. 

Адамды өмір бойы бақытсыз ететін әрі армандарын құрдымға кетіретін де отбасының жұпыны тіршілігі емес, ондағы өзара мейірім, қамқорлық пен махаббаттың жоқтығы екен. Баланың өзіне сенім қалыптастырып, өмірге кірпіш болып қалануы үшін бірінші кезекте әке-шеше қолдауы аса қажеттігі сөзсіз. Әдебиет әлеміндегі образдардан бұған қайшы бір мысал келтірер болсақ, қазақ жазушысы Дулат Исабековтің «Гауһартас» повесіндегі Ыбыш образы осыған дәлел. Әке тәрбиесімен Ыбыш мінезіне сіңген қаталдық кейін әйелі Салтанаттың өліміне себеп болған еді. Ал әлем әдебиетінде туындылары ғасырдан ғасырға аяқ басқан сайын оқырман қолынан түспей келе жатқан Бальзак көпшілікке еңбекқорлығымен танылса да, отбасында бақытты күй кешпеген-ді. Ыбыш әкесінің қаталдығының зардабын тартса, Бальзактың өмір бойғы бақытсыздығының түп тамырын анасының ызақорлық мінезінен іздеуге болатындай көрінеді. 

Құдайдан дарыған бойдағы мейірім мен қайырым, махаббат сезімін айналаға, отбасына бере алмау, сездіре алмау – адам комплексі саналады. Ата-анадан қолдау көрмеу, бойына олардың махаббатын сіңіре алмау, мейірімін сезінбеу, оның орнына ананың ызақорлығы мен отбасының буржуалық атақ-абырой үстемдігінде ержету жазушы Бальзактың басынан өтті. Бұл жағдай Бальзакты жазушылық пен махаббатта да бақытсыздыққа ұрындырды. Тіпті, отбасының атақ-даңқ пен беделді қызметке құмарлығы, буржуалық менмендігі, ең бастысы, бала, жасөспірім, кейіннен жігіт Бальзакты отбасы тұтқынында ұстап, еркіндіктен ада етуі – Бальзактың шығармашылықты сәтсіз бастауына себеп болады. Бальзак отбасының тұзағынан құтылу мен шығармашылық еркіндікке жету үшін жазармандық «жезөкшелікке» дейін барды. Атақ пен ақшаға құмартқан графоманмен бірге әлдебір кітаптардың мазмұнын өзгертіп қайта жазып немесе қарабайыр, вулгарлық әдебиет тудырған Бальзак Романдар фабрикасын құрады. Екі-үш жылдың ішінде еркіндікке жету жолындағы болашақ жазушы арманы ақша тапқан сайын құныға түсіп, көл-көсір табыс пен жалған атақ-абырой иеленуге деген құмарлыққа ұласады. Отбасы тұзағы Бальзак бойындағы асқан қиял қуаты мен жазуға деген құштарлығын теріс жолға жұмсауына түрткі болды. Жазушы болу жолындағы бастапқы құлшыныс, ізденіс, қиял, таңырқау деген қабілеттер табысқа тойымсыздық пен атақ-абыройға ұмтылыс жолына қызмет етті. Бальзактың әу бастағы арманы таза шығармашылықпен айналысуға деген ниеттен, бастамадан туған-ды. Отбасы мен онда ұстанатын құндылықтар балаға, оның армандары мен болашағына қалай әсер ететінін байқаған шығарсыз?.. 

Жасалған ұсыныстан әп-сәтте ғаламат табыс пен нәтижені елестетіп үлгеретін Бальзактың балаң, шексіз қиял қуаты жылдар бойы романдар жазу мен баспахана ісінде де сәтсіздікке ұрындырады. Әке-шешенің буржуалық өктемдігі мен талабы шығармашылықта он жылын өткізсе де Бальзакты шығармашылық еркіндік пен жеке тәуелсіздікке жеткізбеді. Тау қопаратын ерік-жігері мен қиялы Бальзакты әр саланың басын бір шалып, еңбегін зая кетіргенімен, жылдар бойы тартқан азабы, жұмсалған шексіз күш-қуаты мен қаржысы, өтемсіз уақыты қоғамның саудагер, несие беруші қаржыгері сынды әлеуметтік қабаттарының қулық-сұмдығын, өмірдің реалды қырын танып-білуіне септесті. Өмірдің шынайылығын көру мен оған араласу үшін қиын жолды таңдап алуы Бальзакты бос қиялдан арылтып, «Шегірен былғары», «Адамзат комедиясы», «Дінсіздің ғибадаты», «Ғайып болған қиялдар», т.б. танымал туындыларын жазуға жол ашты. С. Цвейгтің баяндауынша, шегі мен деңгейін өлшеуге келмейтін орасан сәтсіздіктер Бальзактың ерік-жігерін ешқашан мұқалтқан емес. 

Он жылда шығармашылықтың әртүрлі әуре-сарсаңына түскен Бальзак жиырма тоғыз жасында ғана нағыз сапалы туындылар жазу арқылы ғана әлемді жаулай алатынын түсінеді. Бойындағы тасқындаған күш-қайратты нақты бір іске, мақсатқа бағыттау қажетін жете ұғынады. Осындай ұйғарымның арқасында өз атынан (бұрын графоман болған кезде көбіне лақап атпен жариялап келген еді) 1830-1831 жылдары оқырман қауым жылы қабылдаған «Қызыл мейманхана», «Беймәлім шедевр», «Әйелдер туралы этюд», «Шегірен былғары», т.б. шығармаларын жариялайды. 1830 жылдардан кейін бірнеше туындыларымен таныла бастайды, тіпті Гете де назар аударған уақыттарда Бальзак әлі де өзінің жазушылығына күмәнмен қараудан арыла алмаған-ды. Бұны «Бальзак» кітабында келтірілген кейбір сыншылар пікірі мен Бальзактың хаттары растайды. Тіпті, сыншылар әдебиетпен айналысу Бальзак үшін табыс пен атаққа жетудің бір құралы болды деген мазмұнда пікірлер келтірген. С. Цвейг әдебиетте танылған алғашқы жылдардың өзінде саясатқа араласып, байып кету жолын қарастырған әрі соны ұзақ күткен Бальзакқа жазу Жазмыштан берілген екен деген пайымға тоқтайды. «Адамзат комедиясын» жазардың алдында Бальзактың суреткерлік қыры мен ластанған қоғам көрінісін әр қырынан тани алатын перцепциялық қабілеттері жетіле түседі. 

Бальзак алғашқыда әдеби салондар мен әртүрлі қабаттардан тұратын қоғамына адамгершілігі, шығармашылық тұлғасы, мінез-құлқы түзу, орнықты қалыбынан гөрі барынша талғамсыз киім киісімен, атақ-байлыққа, ақсүйектік дәрежеге ұмтылысымен, оғаш кейпімен танылды. «Замандастары ақымаққа балаған бұл адам, шын мәнінде, өз дәуірінің шығармашылықта өзін тәртіпке бағындыра білген ақыл-ойы болатын. Олар шашпа-төк даңғойға балаған бұл адам өз жолына кәміл сенімді тақуа, барлық әдебиеттің тарихындағы жанкешті еңбекқор еді. Өздерін салиқалы жанға балайтын әлгілер дарақы, даңғой деп әжуалайтын осы бір сілтеуші адамның миынан жаралған дүние Париждегі әріптестерінің жабыла жасағанынан әлдеқайда басым болатын. Алып-қоспай-ақ айтсақ, өле-өлгенше еңбектеніп өткен жалғыз адам сол ғана еді» (Цвейг С. Балзак. 2021 : 212). 

Бальзак кітап коммерциясы, баспахана ісі, қарабайыр немесе жалған әдебиет тудыру сынды істермен айналысқан жастық шағынан бастап, жазушы ретінде танылған сәттерде де қарыздан көз ашпайды. Тек атауы қойылған романдары немесе кез келген жанрдағы туындысы үшін баспалардан алдын ала қаламақысын алу дағдыға айналып кетеді. Өйткені ол әрқашан «ойында жүргенді қолымда тұр деп ойлауға әдеттенген» еді. Бальзакқа өзі жасап алған уақыт пен кеңістікте өмір сүру арқылы орасан, тіпті, сөзбен баяндап жеткізуге келмейтін еңбекқорлық болуына қаржы табу мен қарыз мәселесі түрткі болуы мүмкін. Несие, әртүрлі деңгейдегі қарыз берушілер мен жалға үй берген қожайындардан тығылу үшін әйгілі жазушы болған кезде де талай рет мекен жайын ауыстырып, сот орындаушыларынан қашып жүреді. Оның үстіне әке-шешеден алған қарыз да еркін шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік бермейді. 

Бальзак жазу үстелінен бірнеше күнге алыстай кетсе, қарызға белшесінен бататын. Бұған басты себептің бірі де Бальзактың әдеби ортада, жалпы өз ортасында өзін ақсүйек әрі беделді жазушы ретінде көрсету үшін алтыннан соғылған таяқ ұстап жүруге дейін баруы еді. Қаржы жетіспеушілігі Бальзакты алқымынан алып, күн мен түнге тәуелсіз еңбектенуге мәжбүр етеді. Күніне он алты сағат отырып, қырық беттен артық жазатын кездері сирек болмаған. 42 жасында Бальзак 100 том жазып үлгереді. 

Қарыздан құтылу мен барлықта өмір сүру үшін Бальзак әрқашан ататегі ақсүйектен тарайтын қалталы маркиза, графиньяға үйленуді мақсат етті. Әйелдер туралы бірнеше шығарма жазған тұста Бальзактың әйел-оқырмандары Франциядан тыс басқа елдерде де арта бастайды. Украинаның Верховня деген жерінен ақсүйектекті, бай қазынаның иесі Эвелина Ганская ханымнан хат алады. Хат иесі көл-көсір бай Ганский мырзаның ерке әйелі екені де белгілі болады. Бальзак әдебиет оқуға құштар, көзі ашық, ең бастысы, арғы атасы ақсүйектен тарайтын Ганская ханым болашақта өзінің әйелі болатынын да ойша елестетіп, Ганский мырза өлгеннен кейін артында қалатын шексіз қазына мен миллиондарға иеленетінін де ойлап үлгереді. Осындай мақсаттан туған романтикалық қарым-қатынас Ганская ханым мен Бальзактың кездесеуіне де жол салады. Мұның барлығы шығармашылық еркіндікке жету жолындағы Бальзак арманы мен ұстанымы болатын. Әрбір істің оң нәтижесін ойлап үлгеретін шалқар қиял қарқыны Бальзактың алдында алмайтын асу қалдырмайтын. 

1938 жылы өзіне көп көмегі тиген әрі рухани қолдаушысына айналған Зюльма Карроға жазған хатында: «Сізге ашығын айтайын, мен өзімнің барлық үміттерімнен, шалқып-тасып өмір сүруге құмарлығымнан, атақ-даңқ аңсаған армандарымның бәрінен бас тарттым. Ештеңе ойламастан, ауыл тірлігіне бейімделе, шағын қалашықтағы пірәдар тәрізді өмір сүргім келеді. Отыздар шамасындағы әйелге қуана-қуана үйленер едім, мінезі момын, келбеті келісті болса, місе тұтар едім. Ол менің қарыздарымды жауып берсе, бес жылдай еңбек етіп, ақшасын қайтарып берер едім» (501 б.). Бальзакқа уақыт өткен сайын өсімі де артып бара жатқан қарыздан құтылудың бірден бір жолы – қалталы әйелге үйлену соңғы мүмкіндіктей көрінеді. 

19-20 жасынан бастап жазу үстеліне сағаттап таңылған Бальзакты ұдайы жазуға мәжбүрлеген біріншіден отбасынан тәуелсіз – шығармашылық еркіндікте өмір сүруге ұмтылыс болса, екіншіден өмір бойы екі иығынан қысып келген баспагерлерден, несие берушілерден алған қарыз еді. Алайда қаншалықты көп еңбектенген сайын соншалықты қарыздарын қайтару ықтималдығы азайып, қарыз мөлшері көбейе беретін. Ұдайы еңбек ету мен жеткіліксіз қаржы Бальзакты әбден діңкелетіп, 37 жасында алғаш рет үш ай жазу үстеліне отырмай, шет елдерге саяхаттап әрі басқа шаруалармен шұғылданады. Жоқтық пен жетіспеушілік қаламгердің үздіксіз еңбекпен айналысуына себеп болғанын тағы да қайталап өткіміз келеді. 

Жоғарыда болашақта жазылатын туындылары үшін Бальзак баспагерлерден алдын ала қаламақысын алып қоятын әдетін баяндаған айтқан болатынбыз. Үй жалдайтын ақы мен басқа да қарыздары әбден діңкелеткен Бальзак өзіне бау-бақшалы үй салуды да көздейді. Францияда бұрын ешкім өсіріп көрмеген жеміс-жидектер егіп, дәлірегі, ананас плантациясымен айналысып, пайда табу жағын да асқан жылдам қарқынмен ойлап үлгерген Бальзактың жоспары сәтсіз шығып, қарызына қарыз жамайды. Бальзак ендігі кезекте театрларға пьеса жазып беріп, соның қыруар қаламқысына мүшкіл жағдайын түзетуді ойластырады. Әдеттегідей ойындағы шығарма нобайын қолдағы меншігіне балап үйренген Бальзак пьесасын жазбай тұрып, бір айдан астам уақыт театр актерлеріне болашақ драмалық кейіпкерлерінің рөлін бөліп беріп, қойылымға дайындық жүргізеді. Бальзактың ойынша бір түнде пьеса жазып шығуға болады. Алайда пьеса бастарда бір күнде жазып шығатынына сенімсіз болып, бес актілі пьесаны бір-бір актіден бес адамға бөліп беріп, жазып шығуды ұсынады. Пьесаның қорытынды бөлімін жазуды өзіне қалдырады. Бальзактың шығармашылық зертханасында мұндай да қызықты жайттар кездесіп отырған. Бес адам француз театры тарихында болмаған «Вотрен» атты сапасыз пьеса құрастырады. Жақсырақ жазылған кейбір драмалық шығармаларына қармастан, Бальзак бұл жанрда сәтсіздікке ұшырайды. Алайда Бальзактың әдеби мұрасының ішінде өзі қайтыс болғаннан кейін сахналанған «Меркаде» (алғашқы атауы: «Пысық адам») комедиясы театр сахнасындағы үздік туындысына айналады. 

Бальзак жазушылығымен қоса, заманындағы кейбір туындыларға сыни пікір де жазған. Драмалық туынды жазудағы сәтсіздіктен кейін Бальзак саяси журнал шығарып, бес адамның жұмысын жалғыз өзі атқарады. Алайда бұл журнал көпшіліктің назарын аудара алмай, бұған дейінгі бірнеше сәтсіз істерінің қатарын толықтырады. Бұған дейін Бальзак өзінің әртүрлі көзқарастары мен туындыларын жариялап тұру үшін газет те шығарған болатын. Цвейгтің кітабын оқып отырып, Бальзак әдебиеттен басқа саланың бәрінде жолы болмағанын байқаймыз. Журналдың бір артықшылығы, Бальзак заманында әдебиет сыншыларының сынына ұшыраған Стендальдің жазушылық шеберлігін танып, оның «Парма тақуажайы» шығармасына рецензия жазады. Заманында қаламдасының жазушылық қуатын мойындай білген де Бальзак еді. 

Ширек ғасырға жуық жазу үстелінен ажырамаған Бальзактың өмір ауыртпалықтарынан қажитын уақыты да келеді. Бальзак та шаршайды. 1881-1882 жылдары өнімді еңбек еткенімен, одан кейінгі үш жылды жазудан басқа – әртүрлі заттар жинаумен – хоббиімен айналысады, жеке өміріне арнайды. Осы тұста Бальзакқа қатысты жоғарыдағы баяндауымыздың жалғасы ретінде мына жайтты айтып өткеніміз жөн. Бұған дейін Бальзактың ойға алған ісінің бірі – қалталы әрі ақсүйек Ганская ханымның қартайған күйеуінің көз жұмған сәтін күте тұрып, ақыры оған үйлену еді. Мұндағы басты мақсаты – миллионер әйелге үйленіп, қарыздарынан құтылу болса, екінші жағынан парасатты ақсүйек ханыммен бас қосу Бальзактың қалауы болатын. Ақсүйек атануға аңсары ауған Бальзак тегіне «де» қосымшасын да жалғап алады. Алайда Цвейгтің айтуынша, Бальзактың ақсүйек тегін дәлелдейтін құжаттар кездеспейді. 

Жоғарыда Бальзак ойға алған ісінің ұшығына жетуге бар күшін салатынын айтқан болатынбыз. Бальзак Ганская ханыммен кездескеннен кейін арада он жылдай уақыт өткенде күйеуінің қайтыс болғаны туралы хат алады. Некелеспесе де, Бальзак бұл әйелмен бір шаңырақ астында өмір сүріп, толықтай болмаса да қаржылық тұрғыда қолдау табады. Бальзак көбіне ақылға сыйымды жоспарлар құратын. Алайда іске кіріскенде оның бойындағы шыдамсыздық, асығыстық, шектен асқан қиялы шындық шекарасынан өтіп кетіп, көп кедергіге ұшырататын. Өміріндегі барлық сәтсіздікке Бальзак бойындағы осындай мінездері себеп болғанға ұқсайды. 

Бальзактың өлімі де оңай соқпайды. Жүрек ауруы, өкпе асқынуы, безгек қысуы сынды аурулар меңдеген Бальзак 1850 жылы тамызда өмірден өтеді. Табытын Виктор Гюго, Александр Дюма және Сент Бев сынды әйгілі қаламгерлер көтереді. Өлерінен бір жыл бұрын Бальзак өмір бойы армандаған ақсүйек Ганская ханымға үйленеді. Көп жылдар бойы Бальзакқа тұрмысқа шығуға Ганская ханым батылы бармағанымен, бірінші күйеуі өлгеннен кейін Бальзакпен бірге тұрады. Өмірінің соңғы жылдарында Бальзак Ганская ханым мекендеген Украинадағы Верховня деген жерде де өмір сүреді. Ханымның бойында күйеуінен мұраға қалған байлықты Бальзак иеленіп кетеді деген күмәні әрі ақсүйекке тән паңдығы, өзімшілдігі, әрқашан тұрмыс құрған қызымен бірге тұруға деген құштарлығы Бальзакпен некелесуіне көп кедергі келтірген болатын.

Қорыта келгенде, қысқа ғұмырында бірдеңе ойлап табудан әлде жасап шығарудан үмітті адам баласына таңғалу, таңырқау, ең бастысы қиялдай білу қабілеті аса қажет екенін байқадық. Бальзакқа зер салсақ, әрбір туындысының жалпы нобайын, құрылымын, финалын, тіпті жазылып болғаннан кейінгі оның қабылдаушы орта арасына қалай тарайтынына дейін елестете білу, қиялдау қабілеті туындыгер когнициясының құнды қабаты саналады екен. Алайда қиялдау қуатын барынша күтіп-баптап, оңды пайдалана білмеген шығармашылық адамы Бальзак сынды жылдар бойы зардабын тартып, әуре-сарсаңға түсуі де ғажап емес. Қай жағынан алып қарасақ та Бальзактың адамдық, шығармашылық тұлғасы белгілі бір ұстанымдарға, ой-түсініктер межесіне сыймайтын күрделі тұлға болғанын көреміз. Ең бастысы, оның сипаттауға келмейтін оғаш табиғаты ойға алған, жоспарын бекем құрған туындыларының көп бөлігін жазып қалдыруына түрткі болды. Бальзак өз заманының Сизифіне айналды. 

С. Цвейгтің «Бальзак» өмірбаяндық туындысын оқып отырып, Бальзак сынды шығармашылық жолдың әртүрлі бұралаңынан өткен қаламгерлер туралы кітаптар жазылса, шығармашылығын жіті зерттеудің негізгі дереккөзіне айналатынын түсінуге болады. Цвейг Бальзак туралы әрбір дереккөз, материалмен, Бальзак хаттарымен, туындыларымен мұқият жұмыс істеген бірден бір бальзактанушы ретіндегі ізденісімен оқырман көңілінен шығады. Тәжірибелі тәржімашы К. Ахметовтің «Бальзак» аударма туындысы қазақ тіліне сапалы қотарылғандықтан, әлем әдебиетінің қайталанбас тұлғасы Оноре де Бальзактың азаматтық, шығармашылық болмысын түпнұсқадан оқығандай әсер етеді. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар