Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Барлық адам мұңаяды бір тілде»...

26.06.2021 5414

«Барлық адам мұңаяды бір тілде» 16+

«Барлық адам мұңаяды бір тілде» - adebiportal.kz

.

...жазғырады, жала жабар, жамандар,

не десе де, өзім сүйер ғалам бар!

Ең болмаса, өмірімді сүрейін,

маған маза беріңдерші, адамдар!

Жүрек — Құдай! Серік қоспай табындым

ар сәждеде кір-күнәмнан арылдым.

Бақыттымын дей аламын егер мен

тазалығын сақтап қалсам жанымның.

...шаршатты ма ұрандары жалпының,

дарақыдан алыс кетіп ал, тыным.

Базар — ғұмыр, бұл саудагер ғасырда,

Жүрегіңді сатпа ешкімге, жарқыным!

Мына уақыт дегеніңе көнбесе,

айыптама өзге ешкімді ендеше.

Құжаттарын асыққанда ұмытып,

әуежайға үлгермеді ол кеше.

Бәрі осылай болатынын білгендей,

сәттер зулар қуанышты күндердей,

тәтті ұйқысын қимай жатып ол бүгін

қалды тағы пойызына үлгермей.

Қайтеді енді, амал бар ма көнеді

тағы болар мүмкіндікке сенеді,

театрға бара алмайды ол ертең

билет алып үлгермеді, себебі.

Арманына қолы жетпей аңсаған,

жалғыз біз бе күте-күте шаршаған.

Өкпелеткен жақындарын жұбатып,

бұл өмірде үлгерді екен қанша адам?!

Барлық адам мұңаяды бір тілде,

бір-ақ тілде қуанады, күледі.

адамзатты телісең де мың дінге,

ол құдайын жалғызым деп біледі,

Батқан күнмен әуелеген кешкі үні

желі бірдей ұлы байтақ даланың,

тілге, ұлтқа бөле алмайды ешбірі,

ең аяулы махаббатын ананың.

Қайғырады, қуанады адамдар,

оның өзі бір-ақ тілде таңқалдым,

алыс кетсе аңсап, күтіп алаңдар

сағыныш та бір-ақ тілде аңғардым.

Ғалам солай сақтап қалса бірлігін,

өзің айтшы, біз шынымен қандаймыз?

әлем үнсіз ұғысқанда бір-бірін

неге екеуміз түсінісе алмаймыз?!

Көк теңіздің толқыны ма ең сен тегі?!

Әр қылығың жан-дүниемді өртеді.

...Өлең деген сезім жайлы шығарма,

өмір деген өзің жайлы ертегі.

Ертегіге еліктірдің, кәмшатым,

есте қалсын ғұмырым боп сол сәтім.

Сені сүю болар, бәлкім, кіршіксіз,

мына менің бұл жалғанда болса ақым.

Еліктей қыз, есімді алдың, жоқ хәлім,

дертім сенсің, емін оның таппадым.

Мен ойлауды доғарғанда сен жайлы

Бұл жүрек те тоқтатады соққанын.

Шағаладай мені аңсап шарқ ұрасың,

толқын болып тулайсың, талпынасың.

Қалаң неге әдемі, білесің бе?

себебі сол шаһарда сен тұрасың.

Басқа түгіл өзім де сенбей далмын.

сағыныштың дертінен емдейді ал кім?

Гүлдер неге әдемі айтайын ба,

өйткені қолында тұр сендей жанның.

Әуелейтін мәңгілік сезімге әнсің,

шәрбат, шекер - қылығың, сөзің - бал шын.

Өмір неге аяулы білесің бе?

себебі бұл ғаламда өзің барсың.

«Біздер жайлы жазылған»,- деп, Құранда»

ақын бөсті әкімнен үй сұрарда.

Қасиетті, арлы өлеңді ол солай

ат қып жекті айналдырып ұранға.

Ұраны көп бұл ғасырдың заңы көп,

әз халқының айтылмайтын зары боп.

Ақын көрдім жүрегі жоқ, жыры бар,

Жыр оқыдым ұйқасы бар, жаны жоқ.

Жаза-жаза өлеңге де еті өлген,

садаға боп сырлы сөзден кетер ме ең?!

Сөрелерге жазармандар қарыздар

оқылмайтын кітаптарын көтерген.

Кітабы көп, сөзі бар ма қалатын?

Өлең қайда жүрекке жол табатын?

Ақын емес жыр жазғанның барлығы,

жаны таза адамдардың бәрі - ақын!

Алдыңда ақталмаймын кіналай бер!

Ез болсаң ғана сені сынамайды ел.

Намысы биік тұрса алдында,

Ешкімнен жанына ара сұрамайды ер.

Сезімнің жанарынан тамып түскен,

Мұңыңды сүртіп берер құралай жел.

Алдыңда ақталмаймын кінәлай бер!

Айыпта, кінәлай бер, маған десең,

Теңей бер, мейлі мені жаманға сен.

Алайда, кешірімді кең пейіл мен

Мінездің дархандығын саған кешем.

Біз үшін махаббаттың құны қымбат,

Берсе де тәжін шешіп қаған, көсем.

Мен сенен басқа жанды іздемеймін,

Сен де менен артық жан таба алмас ең!

Жүрек өлді, ұятты көрсе дір еткен,

кең пейілді кешірімнің күні өткен.

Болмас еді көңіл қалу, өкпелеу,

бұл адамдар сөйлесе егер жүрекпен.

Сөйлесе егер ниетімен шын аппақ,

әрбір сәтін есепке алып, сынаққа ап.

Кейбір жанның қиянаты, күнәсі

көздерінде қалады екен тұрақтап.

Қалады екен сауабы мен обалы,

бәлкім пенде содан бағын табады?!

Біз жүрегін көре алмаймыз адамның,

бірақ оның алдамайды жанары.

Көздесе сынақ жебесін саған,

Ғұмырың өтер бір күндей.

Өмір ғой, өмір көнесің соған,

Өкінішіңді білдірмей.

Тати ма тағдыр сүйдім-ау деуге?

Бар ма әлде оған таласың?

«Бәрі де жақсы» деймін-ау елге,

Жасырып жанның жарасын.

Жанымды талай жатты өмір жонып,

Артылар онсыз жүк те көп.

Құшақты жайғам ақкөңіл болып,

Не таптым содан? Түк те жоқ!

Сырласар адам тапса да кісі,

Таусылып қалмас күресің.

Тағдырдың талай батса да тісі,

Тістеніп өмір сүресің.

Төгілді бүгін тағы да шерім,

Қайтесің, бәрін жалған де...

Ақселеу ғұмыр арыңа сенің,

Адал боп қалсам, арман не?!

Ая мені, қалдырма көңілімді,

Мүләйімсу демессің сен мұнымды.

Жүрегімді бергенде аманат қып,

Қорға мені емендей желді күнгі.

Қорға, жаным, ығыңа тығылайын,

Қуанайын тапқандай күнім айын.

Содан кейін табынар Тәңірім деп

Адалдықтың алдында жығылайын.

Ая мені, адасып жөн білмесем,

Сен жарқырап жүрерсің мен гүлдесем.

Қасірет қой мен үшін бұл өмірде

Қадірімді өзге емес сен білмесең.

Ая мені!

©️ Азамат ӘБІЛҚАЙЫР


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар