Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Бауыржан Момышұлының Мәлік Ғабдуллинге жазған хаты...

01.09.2018 11394

Бауыржан Момышұлының Мәлік Ғабдуллинге жазған хаты

Бауыржан Момышұлының Мәлік Ғабдуллинге жазған хаты - adebiportal.kz

Мәлік!

Біз тарих алдында, халық алдында жауаптымыз деген сөзім саған да, маған да, біз сияқты басқа қазақ жігіттеріне де қалам ұстатқан емес пе еді.

Найзадан қол босаса қалам алдым,

Толғанып оқиғаны көп ойландым.

Тырмысып әл келгенше көргенімді

Жалтақтамай, именбей ашық жаздым.

Отырсам көп ойланып күнім жақын,

Әр адам біле бермес сөздің парқын.

Ұрпаққа арнап істелген адал еңбек,

Ұсындым ақ ниетпен саған, халқым.

Жазушы болмаған соң менің затым,

Көркем де жұмыр емес жазған хатым.

Салмақтайтын саналы ер табылса,

Атаусыз неге қалсын менің атым,

– демеп пе едік. Әрине, бізде кемістіктер мол-ақ болуы мүмкін. Себеп – жазу біздің кәсібіміз емес. «Ақын боп туған адам сырын айтар қаламына» дегендейін, кейбір жазуымыз қаламға халық үшін айтылған сыр болды. «Жаман шынын айтайын деп сырын айтар» дегендейін – сол жамандардың біреуі болармыз. Бірақ та онымыз халыққа арналғандықтан опық жемейміз. Әйтсе де, «Арсыздың қолына бергенше, сыпайының жолына тастағын, жаманға берсең олжа көреді, жақсы қадіріңді біледі» дегендей, қай уақытта болса да ескеруіміз керек екен ғой деймін.

Екінші ескеретін мәселе: «Қия жерге су төкпегін – тайғақ болар, жаманға сырыңды айтпағын – айғақ болар». Жаман туысқандар туралы ескеру керек, неге десең, мазмұнына түсінбестен олар бас қамын ойлап жалтақтап, сеніп қалған жасқаншақ қоянжүректер екендігіне тәжірибемен көзіміз жеткен емес пе еді.

Аспаннан тұйғын құйылса,

Үйрек шөкпей тұрар ма?

Көктен бүркіт түнерсе,

Түлкі саспай тұрар ма?

Азынаса арыстан,

Қоян қорықпай тұрар ма?

– демеп пе едім, саған бір жолы. Ниет ақ болса, жолдағылардың қара шұбарлығы күрделі ойды өзгертпеуі керек. Біздің өміріміз дүниеден көшкен соң ғасыр үшін, тарих үшін документ боп қалады.

Сәлеммен БАУЫРЖАН,

1942 жыл. Майдан.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар