Бiз КазГУ қалашығында, № 5 жатақханада таныстық. Екiншi курста оқитын кезiм едi. "Бiрiншi курсқа Бауыржан есiмдi екi жiгiт түсiптi" дегендi естiдiм. Бiр сәтi келгенде таныстық. Бiрi – өзi ақын, өзi композитор, өзi әншi Бауыржан Үсенов, ендi бiрi – әзiл-қалжыңның түбiн түсiретiн Бауыржан Омаров екен.
Бауыржан ақын бiздiң курстың да iшi-бауырына тез енiп, факультеттiң де өнердегi мақтанышына айналып кеттi. Бiздегi өлең жазатын Қайрат Әлiмбеков, Мұратбек Оспанов, Есжан Айнабеков, бiзден жоғары курстағы Нұрлан Берғазиев (Мәукенұлы), Бейбiт Құсанбек, Ертай Ашықбаев, филфактағы Светқали Нұржанов, ҚазПИ-дегi Нұрлан Әбдiбеков, Кәдiрбек Құныпияев, Қазбек Исаев, т.б. бiраз жiгiттер бiрге жүрдiк. Бiр-бiрiмiзге жаңа жазған өлеңдерiмiздi оқып, арқаға қағып, мақтап, өзiмiздi-өзiмiз қанаттандыратынбыз.
Сол студенттiк шақта Бауыржан екеумiз егiздей болып кеттiк. Екеумiз де өлең жазамыз. Әдеби кеш болса, жарыса жыр оқимыз. Газет-журнал редакцияларына барып өлеңдерiмiздi бiрге ұсынамыз. Әдеби ортадағы ағаларымыз бiздi "қос Бауыржан" деп атай бастады. Тiптi газет беттерiндегi әдеби шолу мақалаларда да, екеумiздi бөлмей "қос Бауыржан" деп атауға да құлағымыз үйренiп қалды.
8-март мерекесi келгенде, Алматыдағы өлең жазатын жастар түгел жиналып, шоқ-шоқ гүлiмiздi алып Фариза апайды туған күнiмен құттықтауға баратынбыз. Фариза апай ол кезде "Пионер" журналының бас редакторы. Бiр барғанымызда бiртуар жазушы Асқар Сүлейменовпен апайдың кабинетiнде таныстық. Жоғарыда аты аталғандардан басқа Баян Бекетова, Гүлбаһрам Жебесiнова, Гүлнәр Шәмшиева, Жания Ералиева, Айсұлу Рүстемова, Гүлнар Салықбаева, Нүсiп Абдрахимов бар. Бәрiмiз кезекпен бiр-бiр өлең оқыдық. Балғын өңiмiз балауса жырдың отымен бал-бұл жанады. Жылы сөз күтемiз. Оны естiген соң төбемiз көкке жетедi. Сол барғанда Асқар аға бiзге "жас перiлер" деп ат қойды. Көңiлiмiз аспандап, дуылдап тарқастық. Журналдың бөлiм меңгерушiсi Мейiрхан Ақдәулетов өлеңдерiмiздi жиып алып, "Ақ желкен" деген айдармен қос-қос беттен жырларымызды жариялап жiбердi.
Ендi бiрде "Жалын" журналына бардық. Бас редактор – Тұмағаң (Т.Молдағалиев), поэзия бөлiмiн Жұматай Жақыпбаев басқарады. Жұмағаңмен КазГУ-дегi бiр кездесуде танысқанбыз. Сонда бар болғаны екi-ақ кiтабымен ("Саратан", "Ләйлә") танылған кезi. КазГУ-дiң үлкен залында Жұматайға кезек келгенде, былғары костюм киген ақын аға, ортаға баппен шығып, "Мен бiрiншi кiтабымнан – бiр өлең, екiншi кiтабымнан – екi өлең оқимын" деген сөзi бәрiмiзге ерекше әсер еткен. Сол Жұматай ақын бiздiң өлеңдерiмiздi суретiмiзбен "Жалын" журналына жариялап жiбердi. Ендi өзiмiздi бiр-бiр ұлы ақын санап, Жазушылар одағына, Баспа үйiне жиi баратын болдық. Көп қаламгерлермен танысып, соларға ұқсап баға бастадық. Жазушылар одағында болған жыр кешi, кездесулерден қалмаймыз. Ретi келсе, суырылып шығып өлең оқимыз.
Кеңсайды аралап, Мұқағали ақынның қабiрiне барып тәу еттiк. Содан кейiн топталып зиратқа жақын жерде пәтерде тұратын Мейiрханның үйiне соғамыз. Отты ақын ағамыз Әбубәкiр Қайрановтың қасына көп ердiк. Қала шетiндегi пәтерiнде Бауыржан екеумiз де тұрып жүрдiк.
"КазГУ-дiң ақындары" деген атқа ие болдық. Сөйтiп Жазушылар одағының анықтамасын алып, өзiмiз мықты санайтын ақындардың үйiне телефон шаламыз. Мәселен, Тоқаш Бердияровтың, Қуандық Шаңғытбаевтың, Жарасқан Әбдiрашевтiң, Кеңшiлiк Мырзабековтiң үйiне телефон соғатынбыз.
Бiр күнi Жарасқанның үйiне барып, өлең оқып, танысып қайттық. Ендi бiрде түнделетiп Иранбек Оразбаевтың үйiне бардық. Үрiккен жоқ. Қуанып күтiп алды. Жеңгемiзге ет салғызды. Бiзде ұяттан гөрi, албырттық басым кез. Ирағаң бiзге жазу кабинетiн, өлең басатын машинкасын, домбырасын көрсеттi. Сосын домбыраны алып Сыр сүлейлерiнiң термелерiнен орындап бердi. Асқар Сүлейменов көршi тұрады екен. Ол кiсiнi "нағашы" деп шақырып алды. Асекең де Қаратаудың шертпе күйлерiн төгiлдiрдi. Бiз өлең оқыдық. Сол кеште Бауыржан ерекше көзге түстi. Бiресе қаз даусымен қанатты жырларын оқиды, ендi бiрде домбыраны қолға алып шертiп, шертiп жiберiп әсем-әсем ән шырқайды. Даусы ерекше едi. Ешбiр әншiден осы уақытқа дейiн соншалықты таза, өзгеше әуездi үндi естiген жоқпын. Тұнық аспанда қайтқан қаздың даусымен, қазақы мақам үйлесiм тауып, құйылатындай әсерде болушы едiк. Ол Омар Һайямның рубаяттарын шығыстық бiр әуенге қосып айтатын. Сосын Аяз Бетбаевтың мақамымен небiр әуендi құйқылжыта төгiлдiретiн. Халық әндерiн, әсiресе Ақан серiнiң "Маңмаңгер", Бiржан Салдың әндерiн, "Екi жирендi" ерекше жүрегiмен айтатын. Сосын өзi сөзiн жазып, әнiн шығарған тамаша саздары бар болатын. Соларды шырқағанда, тiптi басқаша қырынан танылатын. Есiмде қалғандары "Көктем қызы", "Перронда", т.б. "Бетпақдала қырғыны" деген сөзiн өзi жазған, әнiн Сәкен Сейфуллиннiң әйгiлi Киiктер туралы толғауы мақамына салып айтатын ғажайып жыры бар едi. Алғаш Алматыға келгенде, Бауыржанды тұңғыш жарқ еткiзiп бәрiмiзге сүйкiмдi еткен де сол толғауы болатын.
Ажалдың қара бұлты басқа төнiп,
Көздерi мөлдiрейдi жасқа толып.
Қолдарын көкке жайып, үдiрейiп,
Жылап тұр сексеуiлдер бас көтерiп…
Сордың да берген екен бес елiсiн,
Ғұмыры қуғынменен өтерi шын.
Құралай кеше туған көрдi бүгiн
Тағдырдың тумай жатып теперiшiн…
"Адам мен аң дос" деген тiптi өтiрiк,
Отырып атып жатыр, тiк те тұрып.
Мылтықтар өлiм сеуiп гүрсiлдейдi,
Құлайды сорлы бөкен бүктетiлiп… –
деген жүрек қозғар көрiнiстердi көз алдыңа әкелiп, адамды арлан қасқырдан да жауыз етiп көрсететiн, жантүршiктiре жазылған тұтас шығарма едi.
Толғау соңында:
Көркейтер үйiрiмен дөң өркешiн,
Адамдар сақтаңдаршы шөл еркесiн.
Әйтпесе, кейiнгi ұрпақ қарғап жүрер,
Бөкеннiң таппай қалып көлеңкесiн, –
деген адамзатқа үндеуi бүгiн де маңызын жойған жоқ. Мұқағалидың сөзiне жазылған "Бiр келiншек", "Тымырсық" әндерiн де жиi сұрап, айтқызушы едiк.
Бауыржан сол кездiң сал, серiсi болатын. Өзi ән салады, өзi өлең жазады, әрi түр-тұрпаты да ерекше келiскен өңдi едi. Талай қыздар оған ғашық болғанын бiлемiн.
Ол университетте оқып жүрiп отбасылы болды. Филология факультетiнде оқитын Гауһар есiмдi қызға сүйiп қосылды. Оған арнап көп-көп өлеңдер жазды. Соның iшiнде "Гауһарайға", "Алтын ару", "Құшағыңа ағайын жұлдыз болып" деген әдемi жырлары бар болатын. Алматының шетiндегi Шағын станицада "Клубная 6" деген үйде пәтерде тұрды. Сол кездегi "Экран" кионтеатрына қарсы жақ бетте болатын. Оған жиi барып тұратынмын. Мен барғанда қуанып, дастарқан жайғызатын. Екеумiз жаңа өлеңдерiмiздi оқып, сыр шертiсетiнбiз. Кейде ұзақ түнге әңгiме-дүкен құратынбыз. Бiр барғанымда үндiстер туралы дастан жазып, сол шығармасы тұтасымен "Лениншiл жас" газетiне басылып шығыпты. Сондағы Баукеңнiң балаша қуанғаны естен кетпейдi. Мен де поэмасын тiл жеткенше мақтап жатырмын.
Түк көрсетпей бiр сұмдық түлесе түн,
Лапылдатып жағатын күрес отын.
Көбелекпен жарысып қыз өсетiн,
Қабыланмен алысып ұл өсетiн.
Немесе,
Ұмтылғанда байлықтың жарқылына,
Ұшырады қарғыстың салқынына.
Әдiлетсiз соғысқа қарсы шықты,
Үндiстердiң жерiнiң алтыны да, –
деген сияқты шымыр шумақтарына сүйсiнгенiмдi бiлдiрдiм. Ол шын қуанды. Бiр сәт ойланып, мұңайып қалды. Сонда ол қазақ халқының тағдыры туралы толғанып, Кеңес Одағы кезiнде ел санасын ояту үшiн үндiстер туралы дастан жазуға мәжбүр болған екен. Пәтерде жүрiп жағдайы келмедi. Өзi – студент. Ұлды болды. Атын – Талғат қойды. Сосын қаланың қиындығына шыдамай, ауылға аттанып кеттi. Оқуын сырттай бөлiмде жалғастырды. Сессияға келгенде бiздiң үйде болып жүрдi. Мен ғылыми жетекшi болып, дипломын қорғады. Марқұм Сейдахмет Бердiқұлов ағамыз Мемлекеттiк комиссиясының төрағасы болатын. "5" деген баға қойды. Бiрақ бұл келгенде Бауыржан өте жүдеу едi. Дәрiсiн қалтасына салып жүрiп iшетiн болыпты. Бiр түрлi ағарып, әлсiреп кеткен көрiндi маған. Қазiр өткенге оймен оралсам, бұл менiң оны соңғы рет көруiм екен-ау! Тағдыр-ай! Ерте кеттi. Соңғы сапарға шығарар сәтте жуындырып жатқанда, жон арқасы түгел көкпеңбек болып қарайып кетiптi… Тiл-көз тидi ме?! Аса бiр талантты жiгiт едi! Кейiннен Жуалы ауданындағы Кантемировка деген ауылға барып, ата-анасына көңiл айтып, топырақ салып қайттық. Соңында Бiржан, Байжан есiмдi екi iнiсi қалды. Талғат, Мұхаммедсалық атты екi ұлы да қазiр ержетiп, азамат болды. Туған жерi Жуалыдағы аудан орталығында Бауыржан Үсенов атындағы көше бар. Өзi дүниеден өткеннен кейiн "Жалын" баспасынан "Табиғат терезесi" атты кiтабы 1992 жылы жарық көрдi. Жазушылар одағында ақын рухына арналған әдеби кеш өттi. 2001 жылы "Отырар кiтапханасы" сериясымен "Маңдайыма жазылған мәңгiлiгiм" атты тағы бiр жыр жинағы "Елорда" баспасынан жарыққа шықты. Оның арманы көп едi. Жазғанынан жазатыны мол едi. Әттең, өмiрi қысқа болды. Бiз оған сен "Есенин" сияқты мықты ақынсың деп, "Үсенин" деп ат қойып едiк. "Жалын" журналына өлеңдерiн "Бауыржан Үсенин" деп өзi жариялап та жiберген болатын. Қайран дос тiрi болса, бұл күндерi ердiң жасы елуге толар едi.
Алғашқы өлеңдерiнiң бiрiнде ол:
Кроссвордтан шығармыз бiр күндерi,
Бiр-бiр ұлы ақынның есiмi боп, –
деп жазып едi. Перiште ақынның сол айтқаны шындыққа айналып келедi. Оның есiмiн жуырда бiр сөзжұмбақтан кездестiрдiм.
Тағы бiр өлеңiнде:
Досыңнан үмiт күтiп жүрсiң бе сен,
Мен ақын бола алам ба күрсiнбесем?
Шiркiн-ай, адамдардың кеудесiнде
Жүрек боп ғұмыр бойы дүрсiлдесем! –
деп жазыпты Бауыржан ақын. Оның өлеңдерiн жаңа адам, жас оқырман жүрегiнде сөндiрмей жағып отыру – жер басып жүрген бiздiң парызымыз. Туа бiткен табиғи талант Баукең жырлары бiзбен бiрге жасай бередi. Бүгiн баспасөзге жан досым Бауыржан Үсенов дүниеден озғанда жазған өлеңiмдi және кезiнде өз қолымен қолжазбасын маған берiп кеткен, жарияланбаған жырларының бiр шоғырын ұсынып отырмын. Бәлкiм, кей өлеңiнде сол кездегi балаңдығы байқалар. Бiрақ… бiрақ бұл Бауыржанның өлең-әлемге бастаған баспалдақтары ғой…
МАҢМАҢГЕР
(Бауыржан Үсеновке)
Дос едiк құлын-тайдай шұрқырасқан…
Көңiлдi ендi қайғы бұлты басқан.
Басында қабiрiңнiң мен жыладым,
Көзiнiң тұрды жасын сүртiп аспан.
Тiзесiн кiм бүкпеген қайғы алдында,
Арулап Жер-бесiкке қойды аулыңда.
Томпиған жас қабiрiң қозғалмайды
Шынымен топыраққа айналдың ба?!
Есiнен шығармайтын елi мәңгi,
Шырқатып салатынсың небiр әндi.
Қазақтың жәудiр көздi ботасы едiң
Қара жер қалай ғана сенi де алды?!
Сал да едiң, туа бiткен серi де едiң,
Елiңнiң еркелеген елiгi едiң.
Жадымда жаңғырығып қоңыр даусың
Қоңырқай күй кешемiн, егiлемiн.
Атыңды қойған жұртың шын ырымдап,
Ақын ең халық үшiн жыры қымбат.
Кемсеңдеп қара нардай әкең қалды
Аңырап анаң қалды "құлынымдап!!!"
Бұлақтай буырқанған бұл жыр-ән,
Достардың кетпей қойды құлағынан.
Зар жылап, қойнына алып қос ұлыңды,
Айырылып жарың қалды сыңарынан.
"Маңмаңгер, кекiлiң келте, жалың майда…"
Шығанға шырқап салған әнiң қайда.
Қоңыр үн, өмiр өлең жүрген жерi
Сендей дос ендi бiзге табу қайда.
Соңыңда шумақ-шумақ өлең қалды,
Өмiрде өзiң сүйген әлем қалды.
Қайғыны жыртыс етiп жыртып берiп,
Сұм ажал шыбын-жанды сенен де алды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.