Бекжан Бектенбай. Асылдың сынығы
Бішкек қаласындағы Исхак Раззаков көшесінің 21-ші үйіне аяқ басып келемін. Көше басы қала вокзалымен түйісіп тұр. Көшедегі ғимарат көбін көпқабатты кешендер құрайды. Үймен жапсарлас «Айчүрөк» дүкені және 18 қабатты «Россия» кәсіп орталығы орналасқан. Артындағы мектептен алшақ емес-ті. Бүгінгі тілге тиек ететін кейіпкеріміз сонда оқыған.
Солай келе жатып алдымнан үй иесі, қырғыздың біртуар қаламгері Түгелбай Сыдықбековтың кенже ұлы Сабырбек шығып қарсы алды. Қолында қолтықтағаны – әкесінің «Мен миң жыл жашадым» кітабы және өзінің орыс тіліндегі «В 17 шагах от апельсина» атты жыр жинағы. «Мына кітапты саған әкелдім, екіншісін бере алмаймын. Айып етпессің, жалғыз данасы менде ғана», - деп емеурін таныта бастады.
Мені кіргізбестен бұрын үй ауласындағы жүні аппақ алып қабаған төбетті байлауына тура келді. «Жыртқыш» деп мысқылдай күледі ол, – «Менен өзге бөтенге шабаланып үреді. Сен оған қарамай менің ізіммен ерсең болғаны».
«Әкем 1949 жылы Сталиндік сыйлықтың 3-ші дәрежесін алды. Ол кезде 1-ші дәреже ақшасы 100000, 2-шісі 50000, 3-шісі 25000 сом еді. Осы ақшалай сыйлыққа мына екі қабатты үйді салдырды.
Үй сыртына ілінген ескерткіш тақтадан оқығаныңдай, 1953 жылдан 1997 жылға дейін жарты ғасырға жуық ғұмырын өткізген бұнда».

Үйдің ішіне кіргеніңде небір керемет әсерлерге бөленесің. Зиялылықтың лебі аңқып тұрады.
Қонақ бөлмеге төрлеттік. Бөлме іші отағасы Түгелбай мен жан жары Асылгүлдің суреттеріне, сөрелері хрусталь, фарфор ыдыстар мен бірқатар кітаптарға толы. Сабырбек ағамыз әңгіменің арқауын жалғай түсуде.
«Бұл қасиетті шаңырақтың табалдырығын аттап, кімдер қонақ болмады?! Біздің зиялылардан Иса Ахунбаев, Саяқбай Қаралаев, Шыңғыс Айтматов, орыстардан Александр Фадеев, Константин Симонов, Дмитрий Шепилов, Қытайдан Го Можо, қадірлі қазақ халқынан Мұхтар Әуезов, Мүсілім Базарбаев, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Шаханов... Әкемнің өзі айтқандай, Алматыдағы Сәбит Мұқанов мұражайынан Құлбек Ергөбек өз аузынан естелік жазып алу үшін келетін (1984 жылғы «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» естеліктер жинағында әкеміздің Сәбең жайлы естелігі жарық көрген-тін).
Әсіресе Мұхтар ата мен Мүсілім аға 1956 жылы қыркүйектің 10-14 жұлдызында 4 күн қатарынан үйімізге келіп, түнеп қайтатын. Молдо Кылычқа арналған жиынның әр күнінде кешқұрым қайтқанда әкем оларды қонақ бөлмеге ертіп, Асылгүл анам болса шай-тамағын үзбей беретін. Өткен-кеткенді, әзіл-қалжыңды қозғағанда, үй іші кернеп кететін.
Сен бұл оқиғаны есіме жақсы салдың. Гүлбараш Байтоғаеваның «Ұстаз бен шәкірт» естелігінен оқып қарасақ:
«Мүсілім Молда-Қылыштың шығармаларына арналған пікірталасқа қатысуға барғанда қырғыз әдебиетінің шоң ақсақалы Түгелбай Сыдықбековтің үйіне Мұқаңмен бірге түсіп, қатарынан үш күн қонақ болғанын айтқан еді.

Түгелбай ақсақалдың өздерінің екі жағында үлкен-үлкен екі төсегі бар кең бөлмеге орналастырғанын, төсектердің бас жағында үстінде шамы бар тумбочкалар тұрғанын және Мұқаңның сол шамды жағып, жатарда кітап оқымаса, ұйықтай алмайтынын айтып отыратын. Басы жастыққа тие салысымен ұйықтап кететін Мүсілімге Мұқаңның ертеңіне, сен өзің тып-тыныш нәресте құсап ұйықтайды екенсің, деген сөздерін айтып, адамның пырылдау, қорылдау дегендері кейін пайда болатын нәрсе болу керек, сірә деп, күлетін Мүсілім» (Мұхтар Әуезов туралы естеліктер. Алматы, Жазушы, 1997, 496-бет). Ол бөлме үйдің екінші қабатында кабинетпен қатар орналасқан. Бөлменің балконы бар. Жаңағы кісі соны меңзейді.
Ол бөлмелерге сені кіргізе алмаймын. Жөндеу жұмыстарына өте мұқтаж.
Мұхтар ата 1959 жылы Чолпон-Ата қаласындағы үйін салып біткесін, әкеммен екінші рет осы үйде жүздесіп, әңгіме-дүкен құрады. Зияш Бектенов «Замандаштар жөнүндө эскерүү» кітабында жазғандай:
«Мухтар Оморханович Ысык-Көлдүн жээгинде дача салгандан кийин, нары өтүп, бери өткөндө Фрунзеге кайрылып, көбүнчө Түгөлбайдын үйүндө болор эле.
Бир жолу Түгөлбайдын үйүндө отуруп:
– Түгөлбай, сен ушул үйүңдү салганда, канча акча жумшадың эле. Менин Алма-Атадагы үйүмө 220 миң сом акча кетти. Ысык-Көлдөгү дачамды салууга 95 миң сом акча кетти, - деди Мухтар.
– Мука, сиз үйүңүздү менин үйүмдүн планын алып салдырбадыңызбы. Мен бул үйдү курганда өзүм кошо катышып, кирпичтерин, растворлорун өзүм кошо табышып куруштум. Бул үйгө бардыгы 145 миң сом акчам чыкты. Сиз болсоңуз чоң жазуучусуз, сизде акча көп, үй курууга өзүңүз катышпай, инженерлерге салдырыпсыз. Сиз мага караганда 75 миң сом ашык төлөгөнсүз, – деди Түгөлбай күлүп”.
Ол өз ұлы Мұратпен де бірге келетін қарашаңырағымызға. «Запомнился гостеприимный, светлый по атмосфере дом аксакала кыргызской литературы Тугельбая Сыдыкбекова с привольно гулявшими во дворе павлинами» (Мухтар Ауэзов жана Кыргызстан, 346-б.).

Солдан оңға қарай: Мұса Жанғазиев, Асылгүл Сыдықбекова, ағайынды Ернар, Мұрат Әуезовтер, Мұхтар Әуезов,
Түгелбай Сыдықбеков, балалары Динара, Сабырбек, Арыстан. «Қойсары» курорты, 30 маусым, 1956 жыл.
Ардақты анам Асылгүлге келсек, артық айтқандық бола қоймас. Тумысынан асылзада анам әкеме жақсы жар болатын. Әкеммен кіршіксіз таза теңдестікте ғұмыр кешіп, 64 жасында, 1983 жылы дүниеден қайтты. Әкем бұл қайғыны 14 жыл көтерді. Кейін паркинсон ауруына ұшырап, қолдары қалтырап отыратын. Әбден жүдеп-жадап кетсе де, шаршаса да, қоғам жаңалықтарын қалт жібермейтін, мәдени іс-шаралардың басым көпшілігіне қатынасатын. Басыма қарасаң, әкем секілді менің де шаштарым аппақ, бір қарасы да жоқ. Өзім болсам, 80-ге таяп келемін.
Анау кітабымнан кейін «өлең менің не теңім» дедім дағы, поэзия әлемімен біржолата қош айтыстым.
Үйде орыс бәйбішеммен бірге тұрамын. Бауырларымның бәрі өмірден ерте кетті.
Әкемнің көзі тірісінде үйді мұражай жасамақшы болдық. Алайда, ол оған қарсы болды. «Негізгі бөлмелерден басқасының бәрін өз қалауыңша өзгерт» деп ақырғы аманатының тағы бір тілегін айтып еді. Мемлекет үйімізге тиісті қамқорлық көрсетпей жатыр.
Уақыт тапсам, ел басшысына кіріп шығып, аталмыш мәселені алдына қойсам деймін.
Өзің қызығып сұрап отыр екенсің, Мұқаңды (Әуезов) бала кездерден еміс-еміс білетінмін. Мұхтар ата адамға өте мейірман, кең жүректі, көңілі пәк жан-тын.
Алғашында жұбайы Валентина Николаевнамен болмаса да, Ыстықкөл жағалауына із суытпай келіп жүретін. Әкем мен анам «Мұхтар атасындай ұлы заңғар дананы көрсін» деп мені, үлкен ағам Асқарды, жасы менен сәл-пәл үлкен бауырым Арыстанды, менен үш жас кіші қарындасым Динараны ертіп апаратын. Ыстықкөл маңындағы «Қойсары» курортына. 1956 жылы маусым айының 30-ында түскен отбасылық суреттерімізді көріп, қатты қуанып қалдым.
Мұхтар атаның ұлдары Мұрат, Ернарлармен достасып, ойнап жүретінмін, бірге шомылатынбыз. Сірә, осындай ұмытылмас күндерді есіне алып тебіренген әкем Мұхтар Омарханұлына 1956 жылы 31 тамызда жазған хатында демей ме:
«Кат жазганың үчүн чон рахмат! Өзүңіз айтқандай аз күндүк саяхат маганда унутулгус эстеміктерди келтырды. Артыкча біз үйде түнеген эстен кетер эмес. Түнде туруп, илбирс ичиктерге оронды, кум дебете жамбаштап жатканыбызды Мұса (Жанғазиев — Б. Б.) дайым эскерет.
Барыңыздардың талайыңыздарга тилектешмин. Жеңгейге Асылгүлден ысык салем!
Колуңызду қысып Түгөлбай» (М. О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі. Алматы, «Ғылым», 1997, 545-бет).
Өткенде Ыстықкөлге барған сапарымда Чолпон-Атадағы Мұхтар атаның мұражай-кітапханасына ат басын бұрдым. Әкеміздің Мұхтар атамен суреттерін көріп көңілім көтеріле түсті. Кабинеттен басқа бөлмелердің бәрі экспозиция бөлмелеріне айналып кетіпті.
Мұхтар Әуезовтің машинисткасы Ғазиза Бисенова естелігінде әкем жайында айтпай кете алмады:
«Қырғыздың кейінгі буын жазушыларын былай қойғанда Түгелбай Сыдықбеков, Аалы Тоқамбаев, Темірқұл Үметәлиев сияқты аға жазушыларының өзі Мұқаңды аға тұтынатын, өзгеше қадірлейтін. Осылайша сый-құрмет ете отырып Түгелбай Мұқаңмен қатты қалжыңдасатын. Бұл екеуі құрдас еді, екеуінің ойыны жарасып тұратын. Басқалар бұлардың қалжыңына, жарастықты ойынына қызыға да, қызғана да қарайтын» (Мұхтар Әуезов туралы естеліктер, 437-бет).
Қайықпен бір-біріміздің жазғы саяжайларымызға барып тұратынбыз. Мұхтар атамызды соңғы көруіміз 1960 жылдың Чолпон-Атадағы жазғы және күзгі күндерінде еді. Ол кездері 13-ке толыппын (1947 жылы 28 қаңтарда дүниеге келдім).
Жылға жетпей Мәскеуде ота кезінде өмірден озады деген ой басымызға да келмепті...
Әкеміз Мұхтар Әуезов аруағына парыздарлығын танытып, 80 жылдық мерейтойына «Иниден агага» (қазақша "Ініден ізет" нұсқасы «Жұлдыз» журналының 1977 жылғы №9 санында ықшамдап жарияланған) деп сырласу түріндегі естелік жазды («Мухтар Ауэзов жана Кыргызстан». Бишкек, «Турар» басмасы, 2010, 364-392 б.).
Әйгілі ақын Олжас Сүлейменовті көрген бір кезімді айтайын. 1975 жылы «Аз и Ясы» шығып, барша қауымды дүрліктірді. Жастар болып, бәріміз ол кітапты құнт қоя оқитынбыз. Ұмытпасам, жаз шағы. Шашы әдемі, өңі сұлу жап-жас қазақ жігіті көл жиегінде сейілдеп, ойлы жүзбен жүр. Жапа-тармағай ақын ағамызбен амандастық. Ақын адам арғымақ сияқты көсіле шаба алады. Мен өз өлеңдерімді оған еліктеп жазғанымды да жасырмаймын.
Кейінірек Алматыда көріскенімізде, ол маған қарап, «Я вас не знаю» дейді (бұны айтқанда Сабырбек Сыдықбекұлы кеңкілдеп күлді). Ежелгі таныс болғанымызбен, мың алуан адам арасынан мені тануы неғайбыл.
Жасы болса қазір 90-ның төрінде. Мемуар жазуды қолға алды деп естимін. Жақсы іс бұл».
Сөзінің соңы тақай берді.

«Мен өзім материалистпін. Әлемдік классиканы да, марксизм-ленинизм ілімі классиктерін көп оқитынмын.
Сондықтан діншілдігім жоқ. Бірақ әдет-ғұрыптарды, салт-дәстүрлерді қастер тұтамын.
Қазіргі заманды капитализм басқарады. Ленин айтқандай: «Капитализм – это деньги». Бірақ бұл ұлттық, әдеби-мәдени құндылықтарымызды жоғалтуға жол бермеуі абзал».
8 сағаттай өткен әңгімеміз ымырт үйірілгенше созылды. Ақ жүректі ниетін танытқан Сабырбек ағамызбен қимай қоштастым.
Фотосуреттер автордың жеке мұрағатынан алынды және ЖИ-мен өңделді.
Бішкек – Алматы
