Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
«Талтүс» романындағы өнердің сакралды мәні және ад...

«Талтүс» романындағы өнердің сакралды мәні және адам болмысы

04.05.2026

89

«Талтүс» романындағы өнердің сакралды мәні және адам болмысы - adebiportal.kz

Өнер – адамзаттың негізі, халықтың жүрегінде сан ғасырлар бойы сары майдай сақталып келе жатқан мұрасы. Қоғамдық құндылықтарды, түсініктерді, идеологияны қалыптастырушы. Кейде сіз «ескінің қалдығы» деп мән бермейтін күйдің, әннің әм өлеңнің өзі тұтас тағдырыңызды өзгертіп жіберуі мүмкін. Расында, түрік дүниетанымынан таған тартсақ, өнердің киесі, пірі және соры болады. 

Өнердің пірі дегеніміз кім? Пір – өнердің жебеушісі, бастаушысы. Бойына өнер біткен талантты адам өнермен айналыспаса, кие ұрады деп халқымыз сенген. Аңыз-жырларға сүйенсек, Абылай ханның пірінің шын есімі –Қалмұһаммед Бақмұхаммедұлы, ел арасында Жалаңаш баба есімімен белгілі болған әулие. Жалаңаш баба туралы Шәді төре Жәңгірұлының «Тарихат» дастанында:
Қолдаушың жалаңаяқ пірім болсын,
Бар! – деді Абылай сонда бетін басып, – деген өлең жолдары бар.
 Сол секілді, Жамбыл Жабаев та «Менің пірім – Сүйінбай» деп өзінің өнерінің иесі барын мақтанышпен жазған. Қазіргі тілмен айтсақ, өнері ішінде тұншыққан шерменде пендеге шәкірт керек. Сондықтан өнер шеберден – шәкіртке, шәкірттен бағалаушыға берілсе, қоғамдық сана, ұлттың жаны қалыптастады. Бастан-аяқ домбыра шанағымен сөйлеген Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романының негізгі идеясы да шәкірт көңіліне там-тұмдап өнердің рухани нәрін тамызумен өріледі. Сабыттың өнері Әжігерейге берілді. Бұл – өшкелі тұрғаны жанған, жалғасын тапқан, тамырлаған рухани сабақтастық болса, ұсталықтың сырын ұғынған Ахметжандай қару соғушының, Сәруар қарттай күйшінің шәкірті болмай дүниеден өтуі – сақырлаған қайғы қазанының қақпағы ашылып кеткенімен парапар қорқыныш... Демек, Әжігерейдің пірі – атасы Сабыт екені анық... Ол соғыстан кейінгі болар-болмас ілкі үмітке иек артқан, сүреңсіз ауыл өмірінің күйін, жан дүниесі ғана емес, мал-мүлкі де тоналған, дерті ішіне түскен аш халықтың күйін, мына өмірге не үшін келгенін де білмей кеткен жас сәбидің күйін, бойына өнер біткен күйшінің алқынған күйін Әжігерейге дастарқан басындағы қарапайым әңгіме арқылы түсіндіріп, осы күйлерді мүлдем дәмін көрмеген оқырманға да таттырады.

Тіпті иесіз қыстауда анасы екеуі құшақтасып жатып көз жұмған Көсеге арқылы өмірге сорың қалың болып келіп, тіршілікке бауыр басып үлгермей жатып, өмірден өтудің азабын түсіндірді. Өмірге келгені қателік болды ма, әлде өлгені ме – баға бере алмайсың… Осындай қарапайым ғана мысалмен Сабыт ақсақал «өмір – өлім, өлім – өмір» екенін түсіндіреді. Ал сол өмір мен өлімнің ортасында жалғыз ғана ақиқат бар. Ол – кеудеге құйылған күйшілік өнердің мәңгі екені.
Сабыт – артында шәкірт қалдырып, пір бола алған, бала бойына иненің жасуындай ізгілік дәнін сеуіп кетуді мақсат тұтқан кейіпкер. Бәлкім, сондықтан Сабытқа өнегелі, өр өлім бұйырған шығар... Әйткенмен өнердің пірін бір ғана Сабытқа теліп қоюға болмайды. Қазақ аңыз-әңгімесінде өнердің пірі кейде Тәңірі болуы да мүмкін екені айтылады. Сөзімізге тұздық, роман басында – бір, соңына қарай – бір, мүлде белгісіз «мейірімді» адамның бейнесі суреттеледі. 
«Әлдебір мейірімді адам... кім екені белгісіз... әйтеуір, мейірімді екенін біледі... Қолынан нық ұстап жетелеп келеді. Жол иісі аңқыған қаншама, өзен-көлдер», – дейді. Бұл – Әжігерейдің мейірімді адамы – қолдаушысы бар екенінің дәлелі. Өмірінің ең бір қиын сәтінде жанына жылу шашады. Ол атасы ма, әлде адам кейпіндегі өнердің өзі ме, жоқ, мүлде басқа дүние ме – белгісіз. Әйтеуір, Әжігерейдің желеп-жебеуші пірі бар.
 Айтқандай, Сабыттың бойындағы ержүректік, ұлтты сүю қасиеті, бесік жырымен бойға дарыған күйшілік пен тіл өнері – Таласбектің өзі ме деген болжамды туғызады. Себебі Таласбек Сабытша ойлайды, бірақ өзін Әжігерейге ұқсататын тәрізді. Қайткен күнде де роман автордың аузымен баяндалса да, Әжігерейдің жан дүниесі, ойлау жүйесі арқылы барланады. Кез келген оқиғаға оқырман шынашақтай ғана Әжігерейдің көзімен қарап, бойдан өткізеді. Бәлкім, Әжігерейдің жан дүниесіне бойлаған шығарма – бүкіл кейіпкердің жиынтығы болар?! Әйтеуір, оқыған жанға бірден Әжігерейдің бала образы – есті, ақыл тоқтатқан, болашағы жарқын азамат ретінде көлбеңдеп тұра қалады. Мысалы, Сабыт қайтқанда Әжігерейдің қайғырғаны шығармада көлегейленіп қалды. Ол атасы қайтқанда жыламады, түршікпеді, тек басқа бөтен адамдай сезінді... Оған себеп әу бастан атасын бөтен әлемдік адам ретінде қабылдап, дайын болғандықтан, оқырман да бұл күннің келерін білді. Сол секілді Күлбағиладан қорлық көруі, Гүлшаттан ажырауы, анасы Қалимамен «шеше» ретінде алғаш тіл қатысуында Әжігерей қаншалық толқыса, оқыған жан соншалық әсерленді. 
Ал өнердің соры дегеніміз не? Романда Гүлшаттың «Өткенде сендердікіне қонаққа барғанда атаң өнерді сор ғана көтереді деген. Баламның маңдайының соры бес елі, тағдырыңды қоса қалсаң, осы есіңде болсын дегені ғой. Сенің сорың қалың. Өйткені өнерің биік» деген қоштасу сөзіне куә боламыз. Гүлшаттың бұл әрекетіне қарап, оқыған жұрт «махаббатқа келгенде ерлікке бара алмады» деп баға беретін болар, бәлкім?! Бірақ Гүлшат – шын өнер құрбандықты қажет ететінін, Әжігерейдің үнемі жан дүниесімен арпалыс үстінде жүретінін, халықтың көңілін көтеріп қана қоймай, мұңы мен зарын қоса артатынын ақиқат ретінде түсінген кейіпкер. Ол – өнердің сорын көтерудің азабынан қорықпаса да, әлінің жетпейтінін сезді. Әжігерейдің әр түн сайын – жанын отқа салуын көру, жанында сүйгені болса да жалғыздық азабын тартып жүргенін сезіну шын ғашық Гүлшат үшін расында қиын болар еді... Өзі де өнер атты алапат, жойқын күшпен «ауыратын» кейіпкердің бұл әрекетіне қарап, өнердің соры ауыр екенін аңғару қиын емес.
Күлбағила ше? Сабытпен қаншалық жан дүниесі біте-қайнасып кетіп, өнердің сорын теңдей арқалады? Оның Әжігерейге деген қаталдығының артында Сабыттың күйшілік өнерінен қажыған, талған, бойын ашу қысқан қарсылығы бар ма? Бұл жағын байыптауды автор оқырманға қалдырады…
Өнердің киесіне келсек, қазақта өнерден аузының салымы бар адамды «арқасы бар» деп әспеттейді. Ондай адам – әдетте тосын мінез көрсетуге бейіл, жұрт күліп жатқан жерде етегі жасқа толып жылап, жылап отырған жерде қарқылдап күле салатын жан. Кейде бала сияқты ойнақ салып, кейде ақылы дария ақсақалдай кейіпке енеді. Әжігерей де, Сабыт та, тіпті қару соғушы Ахметжан да өнердің киесін арқалап жүргендер. Әсіресе бұл мінез-құлық Әжігерейде айқын көрінеді. Күлбағила үйге қайтып келгенде бет-жүзі әп-сәтте аузы ақсиған мыстан кемпірге ұқсап кетуі, Иләпі туралы айтқанда төбеден үш періштенің ұшып жүргенін сезінуі, бірнеше мәрте түс көріп, оған жан дүниесімен сенгені «арқасы» бар екенінің айқын дәлелі. Ал осындай арқалы азаматтың тосын мінезін көтеру – қазақта мансұқ деп есептеледі.
Таласбек Әсемқұлов «Талтүсті» жазғанда күй өнерін негізгі нысан етіп көрсеткенімен, адамзаттық, ұлттық мәселелерді де қаузай кетеді. Әсіресе автор Әжігерейдің жетімдігін жанында қамқор атасы бар екенін көрсету арқылы жасырып-жасқаса да, бала бойындағы ішкі бостық, белгісіздікке сағыныш үңірейіп тұрды. Өмірде ең жаманы – баланың ата-анасыз өсуі, бірақ одан да жаманы – қайдан тамырлағанын білмеуі. Тегін білмеу – өзіңді танымағанмен парапар. Атыңды білесің, бірақ затыңды білмейсің. «Қандай мықты күйшісің», «сабақты да 5-ке оқисың» деген секілді өзгелердің сөзінен өзіңді құрап алуға тырысасың. Әжігерейдің де тартқан әр күйінде өзін іздеп табуға деген ұмтылыс жатты. Әр тартылған күй Әжігерейдің жанына жасалған сапар еді. Бәлкім, Әжігерейдің Гүлшатқа деген сезімінің астарында ата-анадан алынбаған махаббатты іздеу жатқан болар... Бәлкім, оны Гүлшат сезген де шығар. Қайткен күнде де жетімнің ішкі күйі мен тартқан күйінде мәңгілік байланыс жатыр. 
 Екінші мәселеге келсек, Т.Әсемқұлов бір мақаласында «Алапаты қайтқан, тарих сахнасынан, санаттан кетіп, құлдыққа түскен елдің еркегі қатын сабағыш болады. Осындай шаңырақта дүниеге келген бала не көріп өседі? Сиықсыз, қораш өмір, ақылсыз әке, бейшара ана. Осыны көріп өскен бала санасында дүниеге деген цинизм, немқұрайдылық қалыптасады» деген еді. Осы идеяның ұшқыншағын «Тастүс» романында өрбітті. Бала көңілін жаралағаны үшін Сабыт­тың Күлбағиланың аузын қан-жоса етіп сабауы, Баймұханбеттің Камиланы ұрып, үйдегі балалардың зәресін ұшырғаны секілді эпизодтар әйел затына қол көтеруден жерін­діреді. Осыдан кейін-ақ «Зорлық-зомбылықтың түп тамыры қайда жатыр» деген сауалға үңіле бастайсың. Кеңес үкіметінің Алаш азаматтарын репрессияға ұшыратуы, ашаршылық, қазақ балаларын орыс мектебіне беруге күштеу, орыс тілінде балабақшалардың көбеюі секілді тоталитарлы әрекеттер бірте-бірте адам бойында зорлық-зомбылыққа деген үйірсектікті дамытты. Зорлау мәселені шешудің әдісі секілді көрінді. Кеңес Одағы кезінде мұғалімнің баланы ұруы, дауыс көтеруі, бұрышқа тұрғызуы секілді әрекет бүгінгі зорлықшыл азаматтарды тәрбиеледі. Жергілікті мәдениетте қазақ ешқашан балаға қол көтермеген. Деколониялық призмадан қарасақ, жергілікті мәдениетке қайшы дүние. Зорлық-зомбылық көрген бала ата-анасын жек көреді, әйеліне қол көтереді, бала ауру болады. Нәтижесінде эволюция дамымайды. Ал «Талтүсте» Сабыт баланың жанын жарақаттамау үшін зорлықты зорлықпен тыйды. Немерелерінің психологиясын сақтап қалу жолында күрескерлік танытты. Бала – келешек. Ал келешек ұрпақ зорлық көрсе, ұлт оңбайды деген сөз. Міне, осыны саналы түрде түсінген Сабыт қоғамда адамдардың арасында адами қарым-қатынасты орнататын интеллигенциялық күш иесі болды. 
Қорыта айтсақ, «Талтүс» – әр қазақты күй әлеміне шақыратын, өзіңізбен бетпе-бет келуге үйрететін көпқырлы роман. Әр адамның өмірінде «талтүсі» келеді. Біреуге ерте, біреуге кеш. Күн төбеден шақырайып, жаныңызды күйдіріп бара жатқанда қабылданған шешім, істелген әрекет санада мәңгілік қалмақ. Ең бастысы, сондай шақта тұнығыңызды лайламай, құндылығыңызды қорғап шықсаңыз, ұтылмайтыныңыз анық.

Ақгүл Айдарбекқызы,

әдебиеттанушы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan