Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
«...Бізге тиесілі үнсіздік»...

25.06.2025 2268

«...Бізге тиесілі үнсіздік» 14+

«...Бізге тиесілі үнсіздік» - adebiportal.kz

Фатих Сұлтан Йылмаз 1995 жылы Түркияның Қаратеңіз аймағында орналасқан Трабзон қаласының Ортахисар ауданында дүниеге келген. Әдебиетке қызығушылығы бастауыш сыныптан басталған. 2009 жылы алғашқы өлеңі «Kendini Arayan Adam» (Өзін іздеген адам) «Vesaire» журналында жарық көрді. 2016 жылы «Yalnız İşlere Bulaştım» (Жалғыз істерге араластым), 2018 жылы «Umut Yaratma Atölyesi» (Үміт жасау шеберханасы) жинақтарын жариялады.

2024 жылы «Abay’ın Ölümle İmtihanı» (Абай Құнанбайұлының өлім арқылы сыналуы) атты зерттеу еңбегін жарыққа шығарды. 2025 жылы үшінші өлең жинағы «Kendine Yürüyen Adam» (Өзіне жүгірген адам) кітабы оқырманға жол тартты.

Қазіргі таңда Анкара Хаджетепе университетінде докторантуралық білімін жалғастыра жүріп, Okuncak.net әдебиет сайтының негізін қалады. Фатихтің шығармашылығы поэзияны, аударманы және ғылымды қамтиды. «Өзіне қарай сапар шеккен» досыммен өмір мен өлім, әдебиет пен өнер жайлы сөз қозғаған екеуара әңгімемізді алдарыңызға ұсынамыз. 

Қарлығаш ҚАБАЙ: Абай Құнанбайұлының жоқтау өлеңдері мен өлім туралы ойларына арналған «Abay’ın Ölümle İmtihanı» (Абайдың өлім арқылы сыналуы) атты зерттеу кітабыңды оқып шықтым. Тағы да құтты болсын деймін. Мұндай еңбектің болуы – Түркі әлемі үшін үлкен олжа. Сол себепті саған алғашқы сұрағым философия және философия әлеміндегі «өмір» мен «өлім» ұғымдары жайында болмақ, Фатих. Біз «өмір» деп нені айтамыз? «Өлім» дегеніміз не? Адам немен өмір сүреді және қай кезде өледі?

Фатих Сұлтан ЙЫЛМАЗ: Көп рақмет, Қарлығаш! Мүмкін өмір мен өлімді бір-бірінен тым алшақ, мүлде басқа нәрсе ретінде қабылдамау керек шығар. Меніңше, өлімге жүктелген мағына өмірдің мағынасымен пішінделеді. Өмірді қадірлеу өлімді де аса қымбат әрі кейде үрейлі құбылысқа айналдырады немесе өмірді жоққа шығару өлімді де қадірсіз күйге түсіреді. Сенім мен философия да бұл құбылысты дәл осылай қабылдап, өз орнын белгілеген. Өлімнің құпиясы – өмірдің мәнінде жасырулы. Ол біреулер үшін «жоқ» болу, ал біреулер үшін пішін ауыстыру, ал басқалар үшін бір түстен ояну ретінде көрініс табуы мүмкін. Бұл жеке адамның сеніміне, көзқарасына байланысты өзгеріп отырады. Меніңше, өмірде белгілі бір мағына болуы керек, ал сол мағына өлімге де өзіндік «киімін» кигізетін мағына болуға тиіс. Өлімді тек биологиялық әлсіздік деп есептеп, бар оқиғаның сол жерде аяқталатынын ойлау өмірдің құпиясына қайшы келер еді. Мен үшін солай... Ал сұрағыңа толық жауап берер болсам: адам өзіне берілген хикаямен өмір сүреді және бір хикаяны аяқтап, бір оқиғаны жазып барып өледі...

Қарлығаш ҚАБАЙ: Ал сенің хикаяңды сұрасам... Сенің хикаяңның негізі қай жерде? Біз, Орталық Азия халықтарының ХХІ ғасырдағы ұрпағы, «Ер Төстік» немесе «Күлше қыз» секілді ертегілердің басты кейіпкерлері болып өстік... Ал сенікін қай ертегіге теңеуге болады? Көрұғлының жолы ма, әлде Фархадтың ба? Саған қайсысы жақынырақ?

Фатих Сұлтан ЙЫЛМАЗ: Біздің елдің хикаясы дәл қазіргі заманда әр адам үшін өзінің постмодерндік бейнесін жасады. Біз өмірдің бір орта тұсындамыз: тым ақ емеспіз, тым қара емеспізБір сұрғылт түс үстемдік еткен дәуірде дүниеге келдік. Мұны тек өз «ауламызға» қарап айтып отырғаным жоқ. Ауламыздан шықпағандықтан, барлық әлемді өз ауламыздай көретініміз де рас. Бұл – меніңше, дәл қазіргі заманның ғаламдық шындығы. Ортақ хикаялар қазір жекеше күйге енген. Бір шаңырақтың астында да әр адамның жеке хикаясы, өзіне ғана тән сырлары бар. Көрұғлы мен Болу бек бір бөлмеде бірге ұйықтай алатын заман туды. Менің хикаям – өзімді табу жолындағы күрес. Бұл – қазіргі заманда оғаш көрінетін, кейде қабылданбайтын, кейде қоғамның жеке мүддесіне сай келетін жағдай. Себебі адамдар кейде өзіне қызмет ететін, өз міндетін үнсіз атқаратын, бәсекелеспейтін адамдарды қалайды. Олар сенен әрі көп еңбек етуді, әрі мүлдем еңбек етпеуді талап етеді. Өз жолыңмен жүргенде, өзіңнен шыққан тыныштық пен сабыр кейбіреулерді мазасыздандыруы мүмкін. Себебі олардың болмысы тек мазасыздықпен, хаоспен қоректенеді. Бұл – біздің дәуіріміздің қарама-қайшы, түйткілді тұстарының бірі...

Қарлығаш ҚАБАЙ: Дұрыс айтасың... Жозе Сарамаго бір сөзінде: «Нашар тағдыр деген нәрсе жоқ. ХХІ ғасыр деген бір ақиқат бар. Бұл ғасыр көбелекті де өзін-өзі өлтіруге мәжбүр ете алады», – дейді. Сеніңше, ХХІ ғасыр ұрпағы «арафта» (ағырап), ортада адасып қалған бір буын ба? Бұл ғасыр өзінен бұрынғы хикаялармен, тарихпен жұбанатын секілді көрінеді маған. Бірақ сол хикаялардың бәрі ендігі шынайылығынжоғалтқан. Кейде олар маған боз даланың құмында желмен бірге ұшып, із-түзсіз жоғалып кеткендей көрінеді. Ескі хикаялардың көлеңкесінде жоғалған өмірлер қаншама... Бізге өз хикаямызды, өз дәуіріміздің хикаясын жазуға мүмкіндік беретін күн туа ма екен? Егер сондай мүмкіндік берілсе, ол қандай хикая болар еді деп ойлайсың? Мүмкін бұл хикая тыныштықтан басталатын шығар. Ұзақ үнсіздіктен соң жаңаша өмірге, жаңаша ойға жол ашылар ма? Әр кейіпкер өз тағдырын өзі анықтайтын, әділетсіздікке бас имейтін, өз құндылықтарын қайта тірілткен заманның бейнесі шығар ол. Бірақ бұл үшін біз ескі хикаялардың көлеңкесінен шығып, өз шындығымызды айтуға батылдық танытуымыз керек. Әйтпесе біз де өткеннің желімен бірге жоғалып кетпейміз бе...?

Фатих Сұлтан ЙЫЛМАЗ: Иә, бізде де «ауылдық адамды қалалық адамғаайналдырыптыбірақ әуелі тауығын сатқызыпты» деген сөз бар. Бұл – тура ХХІ ғасырдың шынайы келбетін сипаттайтын сөз секілді. Біздің ғасыр жанартау жарылып, бар нәрсені күлге айналдырған кезде басталды. Үлкен соғыстар, ақылға сыймас қырғындар, идеялар қақтығысы, елестету мүмкін емес ғылыми және технологиялық жетістіктер – бәрі көз ілеспес жылдамдықпен орын алып жатыр. Біз осының ортасына, мүлде жаңа дүниенің төріне келіп түстік. Бізге баяндалған әңгімелер, алдыңғы дәуірден мұра болған мәселелер жан дүниемізге соншалықты бөтен көрінеді. Біз арқанды ұстай алмайтын, бірақ құлап кеткен құдықты да анық көре алмайтын жағдайдамыз. Басымыздан өтпеген ауыртпалықтарды басымыздан өткендей қылыпқабылдап үлгерген ұрпақпыз. Соғыстарды тікелей эфирден көреміз. Зорлық-зомбылықты, қырғынды, адамдыққа жат сұмдықтарды қолымыздағы құрылғылардан бақылаймыз. Олар жер шарының біз ешқашан бармайтын бір түкпірінде болса да, біз соны түп тамырымызға дейін сезінеміз. Теледидардан немесе интернеттен көрген оқиғалар үшін уайымдаймыз, ол жағдайлар біздің өмірімізде мүлдем орын алмаған болса да... Бір жағынан, біз өзімізден қашудың жолын іздейміз. Қасымыздағы адамдарданқаншалықты алыс болсақ, алыстағы оқиғаларға соншалықты жақын екеніміз қызық дүние, солай емес пе? Біздің хикаямыз осы. Бізді қоршап тұрған әлем – біздің шынайы хикаямыздың бет-бейнесі. Әр нәрсе бір күні өзгереді деп сену, әрине, тамаша үміт. Адам ертеңгі күннің үмітімен өмір сүреді. Бірақ ертеңді қанша күткенмен, адам «қазірдің» ішінде тіршілік етеді, хикая ағымын жалғастыра береді. Бұл сапарға шыққанда тек межеге жетуді ойлап, жол бойындағы әсем көріністерді байқамай кету секілді. Алайда жол да, оны жүріп өту де хикаяның бір бөлшегі ғана...

Бізден бұрынғылар да біздің арманымызға ұқсас дүниелерді аңсаған. Сөзсіз, бізден кейінгілер де солай жасайды. Бірақ олар да біз сияқты «жасаймын» деген жоспарларынан гөрі өмірдің өздеріне ұсынғанын қанағат қылатын болады. Өйткені өмір дегеніміз – болашақта болуы мүмкін жайттар емес, дәл қазір болып жатқан нәрселер. Сондықтан өмірде не жасағанымыз, не жасап үлгергеніміз құнды...

Қарлығаш ҚАБАЙ: Абайдың «өлім арқылы сыналуы» туралы ойлана отырып, Хайдеггердің «Өлім – адамның өз жеке тәжірибесі» деген сөзін еске алдым. Сенің ойыңша, Абай жеке адамның өз болмысын және өліммен бетпе-бет келген сәтін қалай қарастырады? Абайдың философиясында бұл «кездесу» өмірдің мәнін аша алатын экзистенциалдық сипатқа ие ме?

Фатих Сұлтан ЙЫЛМАЗ: Қазақстанда Абайдың қаншалықты терең түсінілетінін нақты білмеймін. Бірақ Түркияда жалпы пікір бойынша, Абай ұлттық болмысымен қатар діни көзқарас тұрғысынан қарастырылады. Басқа қырынан қарау біртүрлі көрінуі мүмкін. Алайда Абай медресе білімін ғана емес, заманауи білімді де жоғары бағалап, орыс тілі арқылы Батыс классиктерін оқыған және грек философиясына қызыққан тұлға. 

Енді Абайдың өлім туралы ойларын қарастырғанда, оны тек ислам философиясы тұрғысынан қарау дұрыс па? Дәстүрлі көзқараспен үңілсек, бұл пікір біздің қоғамның ыңғайына сай келуі мүмкін. Бірақ ғылымның міндеті – объективті ойлану. Сондықтан Абайдың өлім туралы түсінігін пайымдауға тырысқанда, ислам ілімімен қатар оның оқыған және оқуы мүмкін деген басқа еңбектерді де ескеруіміз қажет. Платон мен Аристотель өмірді қалай сипаттады? Сенека не ойлады? Абайдың өлімді түсіндіруі осы ойшылдардың көзқарастарынан қай тұста ерекшеленеді, қай тұста ұқсас? Бұл мәселелерге де тура қарауымыз қажет. 

Абай өлімді Алланың басқа жазған тағдыры деп қабылдап, бас игенімен, оның «Жоқтау» өлеңдерінен көрінетін негізгі ерекшелік – өлген адамның қалдырған іздерінен Абайдың «өмір» белгісін іздейтіні. Бұл оның өз философиясында өлімге деген көзқарасты тек діни тұрғыда емес, өмірдің мәнін түсінуге ұмтыла отырып қарастыратынын көрсетеді. 

Қарлығаш ҚАБАЙ: «Табытымызды – кеме, кебінімізді – желкен қылып жағалаудан аттанудың аты – қоштасу емес, қашу болатын... Бірақ біз тәрк етудің тәрк етілуден әлдеқайда ауыр екеніне сенетінбіз...» деп жазып едім бір өлеңде. Ал Абай бұл туралы не айтар еді? Сен не ойлайсың?

Фатих Сұлтан ЙЫЛМАЗ: Абай, сөзсіз, артта қалудың ауыр екенін айтар еді. Ол өзінің қатты жақсы көрген ұлы Әбдірахман қайтыс болғанда, бауыры Оспанды еске алып: «Оспан да өлді, ұлым да, әрине, өледі...» деген екен. Бұл оның өмірінде орын алған өлімдердің, жоғалтудың жан дүниесіне салған терең ізін көрсетеді. Мен де осылай ойлаймын...

Қарлығаш ҚАБАЙ: «Сүлейменге бұйырмаған бұл өмір саған қалар ма.. – деген сөз бар ғой түріктерде. Соған ұқсаттым. Ал Абайдың ішкі жан-дүниесіндегі қайшылықтардың өліммен байланысын оқырманға жеткізу тұрғысынан сеніңкітабыңда қандай тәсіл қолданылған?

Фатих Сұлтан ЙЫЛМАЗ: Бұл кітапта салыстырмалы және жан-жақты талдаулар арқылы Абайдың өлім алдындағы рухани күйін зерттеуге талпыныс жасалған. Абайдың тек өлімге қатысты өлеңдерін ғана емес, Қара сөздерін, өмірбаянын, ол туралы жазылған «Абай жолы» сияқты шығармаларды, сондай-ақ философиялық және психологиялық еңбектерді де зерделеп, белгілі бір көзқарас қалыптастыруға ұмтылдық. Әлем және түркі әдебиетіндегі жақындарының өліміне арнап жоқтау өлең жазған ақындармен салыстыру да орын алады. Бұл кітапты Абайдың өлім тақырыбындағы көзқарасын тұтастай талдауға арналған еңбек ретінде қарастыруға болады.

Қарлығаш ҚАБАЙ: Мен кейде болмыстың негізін өмір мен өлімнен гөрі адамның бөлінбес бір бөлігі болып табылатын «азап» ұғымы құрайтынына сенемін... Кейде адам қаншалықты көп азап шексе, соншалықты өмір мен өлімнің шекарасына бейтарап түрде үңіліп, дәл «араф» күйіне енетін сияқты болып сезіледі. Сеніңше, Абайдың «хикаясы», ең үлкен «қасіреті» неде? Жеке адамның ішкі өзгерісінің қоғамдық әсерлерін оқырманға не арқылы жеткізеді?

Фатих Сұлтан ЙЫЛМАЗ: Бұл жағдай біздің азапқа берген анықтамамызға байланысты деп ойлаймын. Руми өлімді «той кеші» деп атағанын оқып, азаптың нышанын сезінеміз бе? Егер той кешінде мұндай сезім болса, онда өлімде де болуы ықтимал. Азаптың жетілдіретін, кемелдендіретін сезім екені классикалық әдебиетте, әсіресе сопылық ілімде кең таралған: сүйіктіге жету үшін азап шегу – міндетті жол. Сенім шеңберінде өлім де қауышу ретінде қарастырылғандықтан, өмірден азап іздеу – заңды нәтиже. Жоқшылыққа, әділетсіздікке, зұлымдыққа сабыр қылу, тағдырға қарсы шықпау – қауышу жолында тартылатын азаптың бір көрінісі. Мұны Абайдың шығармаларынан да көруіміз таңғаларлық емес, әрине. Бірақ менің ойымша, Абайдың ең үлкен азабы – тән өлімі емес, ойдың өлімі. Абай өзінің бауыры Оспан мен ұлы Әбдірахманнан қазақ халқы үшін армандаған болашақтың бейнесін көрді. Олар оның санасында идеалға айналды. Ұлы Әбдірахманды білім алуы үшін Ресейге жіберіп, ақысын төлеуі де сол себепті еді. Әбдірахманның өлімімен бірге Абайдың идеялары мен армандары да өмірден көшті. Арманның өлімі – ең ауыр өлім. Өмірде арманы қалмаған адам өмір сүруге деген ынтасын жоғалтуға жақындайды.

Қарлығаш ҚАБАЙ: Дәстүр кейде адам болмысының анықтамасын беретін ұғымның рөлін сомдайды. Өлім жайлы өлеңдер Абай өмір сүрген кезеңнің мәдени және тарихи жағдайларын өліммен бетпе-бет келу тақырыбымен қалай байланыстырады? Бұл элементтер баяндау стилін қалай дамытқан деп ойлайсың?

Фатих Сұлтан ЙЫЛМАЗ: Жоқтау өлеңдері қаншалықты жеке және адамның өз ішкі қайнарынан шықса да, оларды қоғамдық жағдайдан бөліп қарауға болмайды. Абайдың Оспанға арнаған өлеңдерінде мұны анық байқауға болады. Ол жерде Оспанның басшылық қабілетінен, әділ басшы екенін айтып қана қоймайсол арқылы билік жүйесінің қызмет ету түрін көрсетіп, ақпар береді. Бұл – қазақ даласында билер мен рубасылардың үстемдік еткен дәуірі. Сонымен қатар бұл кезеңде Ресей басқыншылығы ішкі аймақтарға дейін жайылған болатын. Осы жағдайлардың ықпалын Абайдың жаңа өлең түрлерін қолдануынан байқауға болады. Бұл жерде орыс тілінің және орыс поэзиясының әсерін байқаймыз. Ал философиялық тұрғыдан алғанда, сол дәуірдегі өлімге көзқарас, сөзсіз, исламдық ілімдер мен дәстүр негізінде қалыптасты.

Қарлығаш ҚАБАЙ: Енді сенімен поэзия және әдебиет туралы әңгіме қозғағым келеді. Умберто Эконың «Sulla letteratura» (Әдебиет туралы) атты еңбегі бар. Бәлкім оны оқыған да боларсың. Сол еңбекте былай дейді: «Әдебиет тілдің қалыптасуына ықпал ете отырып, бірегей қауымдастық (ел) жасап шығады. Алдымен Данте туралы айттым, бірақ Гомерсіз грек өркениетінің, Лютердің Інжілге жасаған аудармасынсыз неміс халқының, Пушкинсіз орыс тілінің, негізгі поэзиялық құндылықтары болмаса үнді өркениетінің қандай боларын ойлап көрейік», – дейді. Мысалы, Әлішер Науаи болмаса Классикалық Шағатай тілі мен қазіргі өзбек тілінің жағдайы қандай болар еді деп қосар едім мен бұған. Ал сен түрік әдебиеті мен Анадолыдағы түрік тілінің қалыптасуы туралы, сондай-ақ осы бағытта қызмет еткен түркі жазушылары мен ақындары туралы кімдерді атап өтер едің? Олардың тіл реформасына қандай үлесі болғанын қазақ оқырмандарына баяндап берсең.

Фатих Сұлтан ЙЫЛМАЗ: Тіл біз байқамайтын нәзік нюанстар арқылы өз болмысын сақтап, динамикасын үздіксіз жалғастырады. Әсіресе бүгінгі таңда технологияның дамуымен тілдің өңделуі мен өзгеруі айтарлықтай жеделдеді. Әрине бұрынғы заманда мұндай айналым мүмкін болмады. Тілдің тасымалы көбінесе аристократтар мен билеуші топтардың қолында болатын. Олардың білімі, бастамалары мен қолдауы тілдегі өзгерістер мен дамуды бақылауға мүмкіндік берді. Егер Науаи өзіне жақсы дос әрі билеуші болған Байқарадай адамға кезікпесе, дәл сондай ықпалды бола алар ма еді? Әлде мұндай ықпал жасауы қаншалықты мүмкін болар еді? Бұл туралы ойлану қажет. Әлбетте, Шағатай тілі мен қазіргі өзбек тілінің негізін қалауда Науаидің әсері айрықша. Тіпті оның заманы «Науаи дәуірі» деп аталып, Шағатай тілін «Науаидің тілі» деп атағаны белгілі. Ақын ретінде бір тілмен аталу, тіл құру – ғажайып әрі сирек құбылыс. Бұл жағдайды Анадолыдағы түрік тілі тұрғысынан қарастырсақ, Юнус Әмрені атамай өте алмаймыз. Юнус Әмре аса терең әрі күрделі сопылық тақырыптарды таңғаларлық қарапайымдылықпен, мінсіз түрде түрік тілінде жеткізе білген. Оның шығармалары ғасырлар өткеннен кейін де оқылып, құрметке ие болып келеді. Түрік тілінің әдеби тұрғыдан жиі қолданылмай, араб және парсы тілдерінің ықпалында қалып кетіп отырған кезеңінде ол түрік тілінде тамаша өлеңдер жазып, ана тілде көркем шығармалар жасауға болатынын дәлелдеген. Бұл заманауи түрік әдебиетіне апарар жолдағы аса маңызды оқиға.

Қарлығаш ҚАБАЙ: Жемаль Сүрея «Фольклор – поэзияның жауы» деген жазбасында баяндау өнеріне, тілдің ішкі қуатын қолдана отырып ой мен сезімді жеткізу қабілетінің терең мәніне тоқталғанын білеміз. Енді Түрік әдебиетінде бірінші және екінші жаңашылдар деп аталатын жаңа ағымдарды әкелген ақындар туралы, олардың поэзиядағы шеберлігі, тілдің ішкі қолданысын жаңа тұрғыдан ашуға, байытуға қосқан үлесі туралы сұрағым келеді. Бұл – Батыс әдебиетіне ашылған терезенің ықпалы ма, әлде түрік поэзиясы мен түрік тілінің табиғи даму кезеңі ме?

Фатих Сұлтан ЙЫЛМАЗ: Түрік әдебиетіндегі екінші кезең жаңашылдар ағымы – өз  дәуірінің туындысы болды. 60-жылдарға дейін Түркияда ауылдық жерлерде, ауылдарда өмір сүрген халық саны қала халқының санынан көп еді. Сондықтан жұмысшы мен шаруалардың құқықтары мен тұрмысын көрсететін Әлеуметтік реализм поэзиясы маңызды орынға ие болды. 60-жылдардан кейін ауылдан қалаға көшу деңгейі артып, қалалық халық саны ауылдықтардан асып түсті. Осыған байланысты 70-80 жылдардан бастап қалалық адамның жеке жалғыздығын, ішкі мұңын суреттейтін бейнелік поэзия ағымдары пайда болды. Екінші жаңашылдар – осы қозғалыстың бастауы болды.

Мен өзбек ақыны Усман Азиммен әңгімелескен едім. Сол әңгіме барысында оған өлең кітабымды сыйладым. Әңгіме барысында ол кітапты парақтап көріп: «Сіздің поэзияңыз француз поэзиясының ықпалымен дамыған. Біздің поэзиямыз болса орыс поэзиясының ықпалында қалыптасты», – деді. Бұл пікірдің жаны бар деуге болады. Қазіргі заманғы түрік поэзиясы алғашында өлеңдерді аудару арқылы, кейінірек аудармашылардың сол аударылған стильдерді сынап көруі арқылы өзгерістерге ұшырады. Еуропада білім алған қаламгерлеріміз де осы өзгерістерге үлес қосты. Бүгін біз оларды сол дәуірдің ұлы жазушылары мен ақындары ретінде еске аламыз. Неджип Фазыл, Орхан Вели сияқты тұлғалар солардың қатарында.

Қарлығаш ҚАБАЙ: Ал егер сенің өлеңің бір сурет, бір әуен немесе бір хош иіс болса, ол қандай болар еді? Сенің өлеңдерің нені жазады?

Фатих Сұлтан ЙЫЛМАЗ: Өлең – өзінің өлең болуымен-ақ бір сурет, бір әуен, бір иіс… Менің өлеңдерім шындықты баяндайды. Көргіміз де, айтқымыз да келмейтін ақиқаттарды...

Қарлығаш ҚАБАЙ: Ендеше, көргіміз де, айтқымыз да келмейтін ақиқаттардың атынан осы әңгімемізді сенің «Өзіңе қарай жүгіру» атты өлеңіңмен аяқтағым келеді. «Өзімізде» кездескенше, Fatihcim... 

Фатих Сұлтан ЙЫЛМАЗ: A Dieu! Ойша саған қолымды созамын...

***

 

Өзіңе қарай жүгіру

(Өлең)

Автор: Фатих Сұлтан Йылмаз

Тәржіма: Қарлығаш Қабай

 

кеш қалған автобустарымызды санаумен өтуде өмір,

түсімізге енеді тоңдырмайтын аялдамалар.

ұмытылмас махаббатты да өткердік, ұмытылуға әзір..

бізді күткен шаһарлардың аты ескірді қалтамызда...

өмірімізді сипаттайтын іздер фильмге айналмай тұрып

жолдарға қашалып жазылды...

сонсоң

тәңірдің атымен басталған топан су есімімізді құшып,

жолдың ең соңғы азуында үркек сөздер қалды қазіргі...

 

кеш қалған автобустарымызды санаумен өтуде өмір

біз үнемі табанымыз тимеген қалаларда жүріп,

атымыз аталмайтын өлеңдерді тыңдайтынбыз...

жолымыз түспеген сулар мен тағдырды

жат алақанның уысында шыңдайтынбыз...

өзіміз жазбаған қойылымның ішінде қосалқы рөлде жүргендей,

есіркелген және кешірілген өмірдің

есерсоқ самалы қабіріміздің үстінде күлгендей...

болатын.

 

кеш қалған автобустарымызды санаумен өтуде күндер,

өмірдің сабағын тым ерте кешіп,

мүлдем көрмедік үзіліс.., қоңырау...

жаңа бір күнді қарсы алудың жағасын қақпастан естеліктеріміз

бір қарттың өкініші жайлап үлгерген жанды...

бәз біреудің жырымен аяқталғанда ертегіміз

өмір әлдекімнің хикаясында шырқайтын жаңа бір әнді..

сонда бізге тиесілі не қалды...?


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар