Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПРОЗА
/
«Бұ қоныс – жеті жұрттан қалған қоныс...»...

03.07.2025 3521

«Бұ қоныс – жеті жұрттан қалған қоныс...»

«Бұ қоныс – жеті жұрттан қалған қоныс...» - adebiportal.kz

(«Тар кезең» романы туралы)

Бірден ескертейік, шағын мақалада романға тарихи жағынан баға береміз демейміз (тарихшы, әдебиет сыншысы еместігіміз белгілі), «Ұлт оқуға тиіс 100 кітапты» таңдаймыз  деп жатырмыз ғой,  жай оқырман ретінде пікір білдірсек дедік, біздікі насихат мақсаты. Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» романын көбіміз оқысақ, әсіресе, мемлекеттік басқару ісіне барғысы келетін жастар, үлкен билікке араласқысы келетін жігіттер оқыса көп дүниені түсінер еді. Өйткені мұнда Сырым Датұлы заманындағы көршілес жұрттың саясаткерлері мен әскери адамдарының алыстан шолып, әріден болжайтын сезгірлігін, жемін қиядан шалатын қарақұстай әбжілдігін, бір сөзбен айтқанда империялық сананың табиғатын ашатын тұстары бар. Кейде дипломатиямен, кейде әскери қысыммен, кейде мәдени насихат арқылы үстем болуға ұмтылған саясаттың мақсаты түсінікті.  Елдің осыдан 3-4 ғасыр бұрынғы геосаяси жағдайы аса өзгерген жоқ, былайша айтқанда геосаясат – тұрақты сахна күйінде, тек кейіпкерлері ғана өзгерді.

Бұны оқығанда тағы бір ескеретін жағдай – кезінде шығыстанушы ғалым Мұрат Әуезов қытайтану институттарын ашу керегін бірнеше қайтара айтты. Ол келешекте қауіп еткеннен әрі ұлы державамен саяси-экономикалық қатынаста ұтылып қалмау үшін де көршіні тану керегін назарға салғаннан. «Үй арасында үй жоқ» қоңсыны тану деген үлкен мәселе. Ал біз көршімізді қаншалықты танимыз? Қытайды былай қойғанда, іргедегі орысты танимыз ба? Шын мәнінде, Еуразия кеңістігінде жатқан қазақ даласы ежелден үлкен империялар мен ықпалды елдердің мүдделері түйісетін аймақ болғандықтан көрші елдер бізге «дос» ретінде емес, «ыңғайлы серік» немесе «ықпал етуге болатын буферлік аймақ» ретінде қарайтыны жасырын емес. Бұл тұста автордың романдағы кейіпкерлерінің  алыстан болжап әрекет ететін сыр алдырмас әккілігін көрсетуі – бізді елдің кешегі тағдырына ғана емес, бүгінгі жағдайына да көз салуға мәжбүр етеді.

Бүгінгі асығыс заманда жастар тарихты ҰБТ үшін жаттап оқиды,  ал егер «Көшпенділер», «Аласапыран», «Тар кезең» сияқты шығармаларды зер салып оқыса, саясатта эмоция емес, болжам мен есеп шешетінін; билік пен халық арасындағы сенімнің тұтастық үшін маңызды екенін; ұлт мүддесі жолындағы шенеунік пен зиялы қауымның  парызын; сыртқы күшке сүйенудің ұлттық бірегейлікті жоғалту қаупін анық түсінер еді. Мазмұнын айту шарт емес, роман арқылы қазақ батырлары мен билерін танығаннан бөлек, өзіміздің қазіргі таңдағы орнымызды, күрделене түскен геосаяси жағдайдағы әлсіз және күшті тұстарымызды көріп отырамыз.

Жиырма жылдық еңбек

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлы өзінің «Тар кезең» романын жазуға жиырма жыл ғұмырын арнаған. Өз төзімін сынап, рухымен жазған үлкен дүниесіне кірісерде ең әуелі осы ұлт азаттық көтерілістің тарихи мәнін, себептерін барынша зерттегенін көреміз. Тереңдеген сайын қазынаға кезікті деу де қиын, ұлт тарихы үшін құнды деректер табу қашанда оңай емес.  Тек Сырымға қатысты «Жұмбағы көп өлім», «Семсерін сертке бермеген Сырым» деген т.б.  мақалалар сериясын және  «Қазақтың Бұрындық ханы қайда жерленген?», «Есентемір Бөкен би туралы», «Ән кейіпкері Ақиіс – әйгілі Сырым батырдың келіні» деп аталатын тарихи тақырыптағы мақалаларын кезінде «Егеменге», «Қазақ әдебиетіне» жариялағанын көзі қарақты оқырман біледі. Жазушы сонда осынау он төрт жылға созылған Сырым көтерілісіне қатысты ашылған көп делоның жоғалып кеткенін, яғни қазақ тарихының ең бір елеулі, қазақ даласындағы үлкен саяси оқиға деп айтуға тұрарлық кезеңдеріне қатысты деректердің отаршылдық саясатпен Ресейдің архив құжаттарының арасынан таңдап отырып әдейі өртелгенін, осы  себепті де тарихта бізге беймәлім ақ таңдақтар көп екенін айтқан. Өйткені, жазушы көп архивтерде шұқшиып отырып, зерттеп, зерделей келгенде Сырым батыр бастаған ұлт азаттық көтеріліске қатысты кей деректердің із-түзсіз жоқ екенін не үзілгенін байқап отырған. Сол бар құжаттардың ізін ұстап отырып, қаншама дүние оқып, салыстырып, он сегізінші ғасырдағы қазақ даласының картинасын көз алдына әкелуге, сол кезеңді сезінуге тырысқан. Ол кісі романды бітіруге жанталаспағанына қарағанда бастаған ісін аяғына дейін тиянақты жеткізетін, оқырман алдындағы парызды ойлайтын адам болып көрінеді. Кейін еңбегі ақталып, роман Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Көздің құрты – қазақтың даласы

Әуелі романнан мысал келтірейік. «Степъ кочущих киргизъ кайсаков» деген толқып жатқан теңіз бетіне жазғандай жоғарылы-төмен иректелген нән әріптерге қарап тұрып, Осип Андреевич «Осы жерге келгенде карта сызған кісінің қолы да... әй бір.. қоса толқыған шығар-ақ, – деп ойлады. Ия, осы даламен бұл... – барон Игельстром қайткенде де тіл табысуы керек. Қайткенде де...». Тапсырма солай.

Ендігі ойымыз... бодан болғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, жарытымды пайдасын көре алмай келе жатқан... көшпенді... қырғыз-қайсақ жұртымен... – деген граф Безбородконың үзік-үзік даусы да құлағына келгендей болды, ия, осы жұртпен жағдайды реттеу керек. Реттеу керек!!!»

Әріге барсақ, Ұлы Петр 1722 жылы парсы жорығына аттанғанда біздің Астраханьда болады да, сол жаққа жақын жердегі Орда жайлы мағлұмат алып, ойы қыдырып, осы Орданы қайткенде де Ресейдің қол астына алмаққа бекінеді. Егер солай етсе Орта Азия елдерімен қарым-қатынасқа да, жалпы қай-қай жағынан да пайдалы екенін болжайды. Міне, содан бері Ресей билігі  Ұлы Петрдің қатты көксеген мұраты жолында келе жатыр. 

«Қырғыз-қайсақ дегендерің – құлағына қол апартпайтын, қырдың шу асау жұрты болғанымен, олардың ордасы – күллі азиялық елдер мен бейтаныс жерлердің қақпасы да, кілті де...» 

О бастан мақсат қылып, Орданы қалай да өздеріне қаратып алуды көксегендердің ойы: «Жайын жатқан бұл Орда өз еркімен бодан болғысы келмесе, онда миллионға жуық қаржы шығындасақ та, Ресей империясының протекциясына қарағымыз келеді» деген бір ауыз сөзін қайткенде де олардың өздерінің аузымен айтқызып, бір бет қағазға бармақтарын бастырып алуға тырысқан жөн» деп жоспарлаған. Әбілхайырдың ақ патшаға адал қызмет етуге қамал салып берсеңіздер деген өтінішімен, Ордың Жайыққа құяр сағасына қала салынады да, өзінен-өзі шекаралас аймақтардың шептері беки береді (көзі қарақты жұрт біледі, Оренбург бөлек, Сақмардың Жайыққа құяр тұсында, Ордың Жайыққа құяр сағасындағы кішкентай қала Орск аталып, оны қазақтар Жаманқала атаған, жалаңаш жар басындағы бекініс Красногор аталған). 

«Степъ кочущих киргизъ кайсаков»  Игельстромның елес күйіндегі ойы емес, империялық шовинизмнің өктем қолымен сызылған «тағдыр» картасы, бұл жазудың әрбір ирегі, әрбір майысқан әрпі қазақ даласының қисайып бара жатқан иіні сияқты. Игельстром оны картадан ғана көріп тұрған жоқ, ол сол жердің иесі болу үшін, сол елдің жан-дүниесін бұрап-бұрап, өз ыңғайына көндіруге келген адам.

Безбородконың «жарты ғасыр өтті, пайдасы шамалы» деуі  қазақтың бодан болып та  пайдаға аспаған «мал» сияқты қабылдануы. Бұл отарлау саясатының нақты бет-бейнесі: олар үшін қазақ даласы  шикізат көзі, геосаяси қақпа, Азияға ашылған есік те, ал оны жайлап отырған қазақ елі мәміле жасасатын халық емес, бұлардың көкейіндегі жоспардың обьектісі ғана. Ал олардың ішкі жоспары – Орда арқылы Арал, Арал арқылы Бұқара, Бадахшам, тіпті Үндістанға жету,  бұл Ресейдің бір ғана көшпенді жұртты емес, бүкіл Азияны жұтып қоюды көксеген отарлық ашкөздігі.

Біз болсақ кезінде өзіміздің бодан екенімізге мақтанғандай – Ресейге өз еркімен қосылғанымызды үлкен дата ретінде тойладық. Сол кезде қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлы қайтыс болып, оған үкімет адамдары қатысуы тиіс болғандықтан, «өз еркімен қосылғанын тойлаудан» босамаған үкімет адамдары әруақты жерге беруді кешеуілдеткен (бұл жайында келіні Зейнеп Ахметованың айтқан видеосы бар). Бауыржан Момышұлы сияқты от кешкен баһадүрдің жерлеуінің кешігуі қазақтың өз ұлына өзі ие бола алмауының бір мысалы. Біз әлі күнге бір кездері «өз еркімен қосылдық» деп той тойлағанымыздың – рухани құлдықтың ең ауыр мысалы  екенін, бодандыққа мақтану – сананың отарлануының шегі екенін ойлана бермейміз, оған уақытымыз жоқ.

Тарихты тек мерекелермен еске алатын, батырларға бір-біріне ұқсайтын мүсін қойғанымызбен ғана құрмет көрсететін, бірақ, өзіміз сананың тәуелсіздігіне әлі жетпеген елміз. Қазақ мектебі деп жазылып тұрса да, «орыс класы неге жоқ, орыс класын ашыңдар» деп дікең-дікең етеміз, отарлық тіл мен сана әлі де күшті. Қазақ қоғамы әлі күнге дейін: «орыс күштіні» – өркениеттің символы деп көреді; өз тарихын – өткеннің шаңы деп есептейді; қазақ болуды – кемшіндік деп қабылдайтындар да бар. Бұл – отарлық сананың жеңілмегенін, тек пішін өзгертіп өмір сүріп жатқанын көрсетеді.

Игельстром кім?

Роман Осип Андреевич Игельстромның Григорий Александрович Потемкиннің қабылдауында болғанынан басталады. Әскери адам мен Ресейдің аттылысы бар, жаяуы бар, бүкіл әскерін басқарып отырған императрицаға ең жақын генерал фельдмаршалмен кездесуінде не гәп бар дерсіз? Ол Игельстромды жауапты, бірақ  жаманаты да көп орынға тағайындау ұсынысымен шақырыпты. Мемлекеттік әскери коллегия президентінің ауденциясында инфантерия генерал-майор Игельстром үлкен міндет арқалап шығады. Осында автор кейіпкердің ойы деп беретін жолдар бар: «Демек, ұлы Империяның сарқылмас қайнарын көзінің қарашығындай қадағалап отырған адамдардың да бар болғаны ғой! Бәсе, бүкіл мемлекет билігі тақ иесінің төсек жақындары мен төңірегінен шықпай жүргендерге ғана бөлініп берілсе және олар – әлдебіреулер айтып жүргендей, әншейін пысықайлар ғана болса, осынша байтақ ел әлдеқашан-ақ ит жыртқан терідей боп талан-таражға түсіп, анталаған шет жұрттардың бірінің тырнағында ту-талақай болып кетпес пе еді?!». (Ойланып қаласың, біз осылай ойлана алар ма едік. Мемлекеттің байлығы бір отбасы мен оның туыстарына тиесілі болып отырғанын көріп отырып, мемлекеттің келешегіне қандай болжам жасауға болады?). «Ұлы Империяның сарқылмас қайнары» деген тіркес – бұл тек Ресейдің материалдық қуаты ғана емес, оның идеялық-әкімшілік жүйесінің де шамасын меңзейді. Осындай үлкен саяси, әскери, рухани ресурстардың арқасында ғана шексіз кеңістіктерді басып алып, ұстап тұрды. Автор отарлық саясаттың қалай жүргізілгенін – қандай саяси қадамдармен, қандай идеологиялық құралдармен жүзеге асқанын әшкерелей отырып,  бұл  кешегі қазақ үшін ғана емес, бүгінгі ұлт санасы үшін де аса маңызды екенін тұспалдайды. 

Игельстромның князьға есеп беретін жері бар, сонда былай дейді:

  «Көріп отырсыз, князь, ылғи «айда», «байла», «қама», тіпті болмаса «тас-талқанын шығар»... 1783 жылдың 3-июлінде «Бұл жақтағы шекара шептерінде тыныштық орнату үшін хан мен сұлтандардың ырқынан шығып, өз беттерінше ұрлық-қарлық жасауды қоймай жүрген қырғыз-қайсақтарға репрессалия жасалсын: адамдары байланып, малдары айдалып алынсын, ол үшін тұрақты әскер күші де, казактар да, башқұрттар да – бәрі-бәрі пайдаланылсын» делінген.  Бірде-бір рет «тілін тап», «ділін байқа», «тамырын басып көр» деп айтылмаған. Урал шекара шептерінде шапқыншылық күшейіп кеткендігінің бір себебін мен осындай бұйрық-жарлықтың салдарынан көріп отырғаным да сондықтан, шапағаттым. Шынында шалқып-тасып тірлік кешіп жатса, ондай шекесі шылқып отырған шағын халықтың шапқыншылықта несі бар?»...

Автор Игельстромның Ресей зор сенім білдіріп, үміт күткен адам екендігін көрсету үшін оның осы кезге дейін қандай жолдардан өткенін, қандай жауапты қызметтерді атқарғанын да айта кетеді. Бұл бір адамның мансап жолындағы кезекті сатысы ғана емес, отаршыл жүйенің алдағы жоспарының бастау алған сәті екенін аңғара түсесіз. Ресей қалаларының көптеген архивтерінде отырған автор роман барысында тек Игельстром ғана емес, қаншама адамның өмір дерегіне жолай қанықтыра түседі. Осы жерде назар аударатын нәрсе, Фонвизин туралы. Шығармада бізге орыс әдебиетінен белгілі Фонвизин есімі бар, Фонвизиннің сыртқы істер саласында жұмыс істегені  – тарихтың бір қыры ғана емес, мәдениет пен саясаттың біте қайнасқанын білдіреді. Кезінде сатира жазып, күлдіре сөйлеген Фонвизиндер де, Потемкиндер мен Игельстромдар да  – бәрі бірдей империялық механизмнің үлкен доңғалақтары. Бұл – отарлық аппараттың көпқырлылығын, шебер ұйымдастырылған жүйесін білдіретін көркем тәсіл.

Одан бөлек бір кезде үшінші Петрді тақтан тайдырып, оның орнынан екінші Екатеринаны отырғызған ұлықтардың келе-келе аралары ашылып кеткені де сарайдың бізге беймәлім құпия сырларынан тарқатады. 

 

Геосаяси жалғыздық

«Қорғансыздау құсалы тағдырымен көз тұсайды» дейді автор роман ішінде. Бұл ұлттың жаралы жанын беретін сөз. Ол кезде қазақ даласы – жаңа заманның сызбасында жоқ кеңістік еді. Бертінде Еуропаның саяси ойы мен Ресейдің стратегиясында бұл дала – ресурстық аймақ болды. Ал көшпенділердің көзқарасында атадан қалған ел мен жер. Романның басында Ресейдегі шенеуніктер өмірі жайлы неге сонша көбірек, ұзағырақ  айтады деп ойлап отыр едік, біртіндеп түсіне бересің,  империя ішіндегі биліктің – күрделілігінен миың айналатын құрылымы мен астарлы саяси ойындарын осылай  көрсету арқылы алдағы отарлық трагедияны айтуға алып бара жатыр екен ғой. Соны айту үшін қаншама архив пен құжат ақтарған! Санкт-Петербургтегі жайлы өмір ағысын аса бір шеберлікпен, еуропалық прозадағыдай нақты, артық-кемсіз бейнелеген, қараңызшы, орыс ақсүйектері бір-бірімен арбасып, билік пен саясаттың биік манежінде билеп жүреді де, қазақ даласы ұлаңғайыр жері тарылған үстіне тарылып, отарлық торға түсіп бара жатады. Жазушы екеуін кезек-кезек көз алдыңа әкеліп, осылай екі түрлі өркениет формасының арасындағы айырмашылықты әділетпен көрсетіп отырады. Осындай алшақ айырмашылық арқылы қаламгер ұлттың рухани трагедиясын көз алдымызға әкеледі. Петербург салтанаты мен қазақ даласындағы жұтаң тірліктің арасында адам тағдыры емес, ұлт тағдыры жаншылып жатыр.  Дала көшпендісі – біздің аталарымыз  қорғансыз жағдайда болған.

Және бір байқағанымыз – орыс ақсүйектері, әскери билеушілері жайлы мағлұмат көп, мысалы, Безбородко не Игельстстром болсын, ол  қызметке қалай келді, кім ықпал етті, ортасы, өмірінің маңызды сәттері…  бізден алпыс жыл бұрын оқу-жазуды үйренген жұрт өздеріне қатысты кез келген деректі (қашанғыдай өздерін ешкімнен жеңілмейтін жасампаз ұлт ретінде көрсетіп) архивке тастай бергені көрінеді. Ал қазақ жайлы бұндай дерек аз. Біз әрине, Сырымның қанша қол жинағанын,  қай рулардың белсенділік көрсеткенін біле түстік, қалмақ жұртында «бір қайғың бір қайғыңды ұмыттырсын» деген ауыр мақал барын да білдік, дегенмен, бәрібір бұл деректердің көбін автор ел ішінен сұрастырып жинақтауы да, толықтыруы да мүмкін. 

 «Пәлен жыл атты казактың әскерінен теперішті көре-көре көзі шыққан бұған тыйым жасар деген ақ патшаның Орынбордағы үлкен ұлықтарынан да, бұл жақтағы хандары Нұралыдан да қайыр көрмей, әбден түңілген соң:

«Әй, бүйткен тірліктің атасына нәлет! Өлсек, шаһид болармыз, қалсақ қазы! – деп өткен жазда орыстың шебіне өздері барып, бірінші рет ашықтан-ашық тиіскен-тұғын. 

Сөйтсе, жалмауызға да жан керек, ашынған қазақтардан қатты сасқан казак-орыстар дүркірей қашып барып, таяу маңдағы тас қамалдарға тығылысты. Көктемде егістері салынбай қалды. Жаз бойы пішендері шабылған жоқ. Содан бері қазаққа тістерін қайрап-ақ отыр. Әрине, құрғырдың ушығуына бұдан басқа да бұрыннан келе жатқан сарысүйек себептер көп-ақ. Оның түбін қазсаң тамыры тіпті тереңде жатқандары да бар.... Соның бір парасы әшейінде: 

– Әрі жүріңдер, Әрі-іі-і!! Шекараға жақындасаңдар, «шуу деп Жайықтан өтіп алып, ия башқұртты, ия қалмақты шабасыңдар!» деп шепке жолатпайтын орыс, бұрнағы жылы қоянның қысында қатты жұтаған қазақты башқұрт келіп шапқанда, «бұлар шепті бұзып кетті ау» деп былқ еткен жоқ. Келер жылы жұттан аман қалған аз ғана жылқыны қиқулап келіп қалмақ қуып әкеткенде, оларға да үндемеді. 

«Ай, бұл қалай сонда? Қалмақ пен башқұрт бодандарың болғанда, біз бодан емеспіз бе?»  Ия, малымызды қайтарғыңыздар; ия барымтаға өзіміз қарымта жасауға жол бергізіңдер! – деп Орынбордағы  үлкен ұлықтар мен Текедегі Уәйіске кеңсесінің атамандарына арыз еткен қазақтың сөзі аяқсыз қалды. Айтқандары:

– Біз ештеңе естімедік. Біз ештеңе көргеніміз жоқ».

Сырым – кіші жүздің батыры емес

Сырым – кіші жүздің батыры, биі, жазса сол жақтың жазушысы жазып, айтса, сол жақтың адамы айтуы тиіс сияқты түсінік бар бізде, ал негізі Сырым Датұлы бастаған бұл қозғалыс – қазақ тарихындағы азаттық идеясын бірінші болып саяси-стратегиялық деңгейге көтерген қозғалыс. Ол жер үшін күрестен сана үшін күреске ұласты. Ендеше, бұл оқиға – жай ғана шапқыншылыққа қарсы жауап емес, қазақ санасының отарлық езгіге алғаш рет оянып, серпілген сәті. Бұл «әлсіз ұлтты езудің де ақыры болады» деген моральдық мәлімдеме. Сырымның Игельстромға жазған хатынан – ашық наразылықтан бөлек, орыстың ноғай мен башқұртты қораға кірген малдай еткен отарлық саясаттың қулығын көріп, қазақты бұғалық салып, ақырындап басып алу жолын танып отырғаны көрінеді. Сырым мен Нұралының арасының ушығуынан империяның күштеп бағындырушы, ханның – екіжүзді амалшыл, (бір жағы Ресейге жалтақтайды, екінші жағы елдің ашуын басқысы келеді) екенін көреміз.

          Сырым би егер қазақ жерсіз қалса, онда  құл болудың басы екенін, басқыншыға бағыну  тек биліктен емес, болмыстан айырылу екенін, алданған ноғай мен башқұрттың тағдыры  болашақтағы қазақтың ескеретін сабағы болуы тиіс екенін жақсы түсінген. Осы себептен де жазушы Сырымды батыр деңгейінен де көтеріп, мықты саясаткер ретінде таныстыра алған.

Болашақта жас ұрпаққа Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс отарлыққа қарсы қазақ санасының оянуы екенін, еркіндікті баяғыдай тек найзаның ұшымен емес, парасат пен саяси көрегендікпен де қорғайтын дәуірдің басталуы болғанын түсіндіруіміз керек. 

***

Басында романның тілі ауыр көрінді, ол түсінікті де, тарихи дүние ғой, қаншама құжат-дерек, архив материалдарын жинақтап, оны шығарманың өн бойына өңдеп салу керек, жазушы құжаттар, деректер өте көп жинағасын соның бәрін алдына карта сияқты жайып қойып еңбектенген сияқты елестейді. Қиялға ерік беріп, жосылтып жаза кетпей, тарихи деректі проза стилі сол үшін керек болған шығар.  

Қайран аталарымыз көрген күн шынымен де тар кезең десе дегендей уақыт екен. 

Бұ қоныс – жеті жұрттан қалған қоныс,

Ноғайдың көшіп талақ салған қоныс,

Қазтуған, Асанқайғы, Орақ, Мамай,

Біз түгілі, солардан да қалған қоныс.

Бұ қоныс – жеті жұрттан кеткен қоныс,

Кәмелсіз қонған елін көп тоздырған,

Қайырсыз осы секілді неткен қоныс?! 

«Қайда безіп барамыз осы біз?! Ата-бабадан қалған құйқалы қоныс, қара жұртты тастай қашқанда, қайда барып ұшпаққа шықпақпыз?  Басымызға зауал төнген екен деп, бір қайырымға да келмей кете береміз бе, осылай?»...

Бас сауғалап қаша берсе, ұлттың жойылатынын білгеннен де, бүлікшілдіктен емес, амалсыздықтың шегінде оянған ғой.  Ал негізі езгіні тек өткен тарих деп қарамауымыз керек. 

***

P.S. Романның атауы – «Тар кезең» – жай бір кезеңнің қиыншылығы емес, бұл – аман қалу мен жойылып кетудің арасындағы жіңішке сызық. Автор бізді сол сызықтың бойымен жүргізе отырып, «Біз кімбіз?», «Біздің тағдырымыз қалай бұрылған?», «Тарихтан сабақ ала алдық па?» деген сұрақ қояды, ұлты үшін алаңдайды, толғанады, оянайық дейді. Өйткені тарих – еске түсіру үшін емес, қорытынды жасау үшін қажет. 

Жазушының бұл романы қаншалықты оқылып жатқанын білмейміз, дегенмен «Сынған терезе», «Қарымта», «Жігіттің көз жасы», «Жалғыз жиен»,«Муратик» т.б. әңгімелері, «Ескі достар» т.б. повестері, «Бас жұтқан бас» дүниелерінен бөлек, аударма саласында да еңбек еткен, Р.Акутагаваның, С.Моэм, П.Мериме, Ги де Мопассан, Д.Фонвизин, т.б. әлем әдебиетінде аты мәлім жазушылардың жеке дүниелерін, сонымен бірге түрікпен жазушысы Т.Жумагелдиевтің «Егес» кітабын, А.Скалонның «Бақыттың алтайы түлкісі» прозалық жинағын қазақшаға аударған жазушы есімін есте қалдыру мақсатында істеліп жатқан жұмыстар бар екен. Жазушының жары Сұлухан Фатихқызының айтуынша, Оралда, Актөбеде жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлының атында көше бар, өзінің туып-өскен Байғанин ауданында облыстық және аудандық әкімдіктің қолдауымен мектепке аты берілген. Сондай-ақ, Ақтөбе облыстық музейінде үлкен көрме ашылып, 80 жылдығында Астанада  әкімдіктің қолдауымен Қ. Қуанышбаев театрында жазушыны еске алу шарасы өткені белгілі.

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар