Даниял Ысқақовтың жинағына шолу

Абай шыққан шығармашыл әулеттің бір өкілі Даниял Ысқақовтың шығармалар жинағы өткен жылы жарық көрген болатын. Бұл кітапта Даниял Кәкітайұлының өмірі мен шығармашылық ғұмыры туралы көптеген деректер қамтылған. 

Даниял Ысқақовтың жинағына шолу - adebiportal.kz

Құнанбай әулетінен Абай мен Шәкәрімнен кейін шығармашылыққа құлаш ұрған бірнеше толқын ұрпақ болғаны тарихқа аян. Бір өкініштісі, солардың көбі-ақ отызыншы жылдардың зұлмат-зобалаңдарының құрбаны, ІІ Дүниежүзілік қанды қасап соғыстың шейіт боздағы болып кеткен екен. Солардың бірі – әдебиетші, сыншы, аудармашы, қоғам қайраткері Даниял Ысқақов. Абай және оның айналасындағы шығармашыл тұлғалар бойынша ізденіс, зерттеулер үздіксіз жүріліп келе жатқаны белгілі. Осыған орай, Абайдың 180 жылдығы қарсаңында Даниял Ысқақовтың шығармалары 2025 жылы Алматыда «Абай» баспасынан кітап болып басылып шықты. Кіріспе мақаласын жазып, құрастырып, баспаға әзірлеген – филология ғылымдарының кандидаты Базарбек Атығаев. «Бұл жинақта Құнанбай әулетінің бір жұрнағы Даниял Кәкітайұлы Ысқақовтың (1897-1945) соңында қалған көркем аудармалары, мақалалары, өміріне қатысты естеліктер беріліп, деректер көрсетіліп, көркем аудармаларына талдау жасалған», - делінген, қысқаша аңдатпада.

Абайдың шығармашыл әулетінің бір өкілі – Даниял Ысқақов. Даниял – Абайдың туған інісі Ысқақтың Кәкітай атты баласының кенже ұлы. Даниялдың әкесі Кәкітайдың кішкентайынан Абай атасының тәрбиесін көріп, өлең-сөзге шебер адам болғаны белгілі. М.Әуезовтің «Абай жолы» романында да бір топ жастың табан аузында бір шумақ жырды тармақ-тармақтап айтқанда, ақыр соңында:

«Бірің тоңып, бірің оң, жұмысым жоқ,

Ойына түк кірмейді Кәкітай шоңның», - 

деген Кәкітайдың «шоң» деген сөзіне жігіттердің дауласып қалатын жері бар. Сонда Абайдың: «Қазақта Шоң деген кісі аты бар. Кісі болғанда да шешен адам. Бұл сөз Ұлы жүз, Үйсін ақындары ырғақтарында кездесіп отырады. Түбі қазақтың сөзі емес, қырғыздікі болар деп топшылаймын. Кәкітай сендерді мықтап жеңіп кетті. Оның тоңдым, оңдым дейтін ұйқасқа айтқан шоңы өлеңге ажар беріп тұр», - деп төрелік айтатыны бар ғой. Абайдың мұраларын толықтап жинақтап, өзі алғысөзін жазып, 1909 жылы бастырып шығарған сол «Кәкітай шоңның» баласы Даниял да әкесіне, аталарына тартқан шығармашыл адам болыпты. 

Даниял Кәкітайұлы Ысқақов 1897 жылы дүниеге келеді. Өзінің құрдасы, болашақ ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен бірге Семейде орыс-қазақ мектебінде және қалалық училищеде оқып білім алған. 1917-1919 жылдары «Алаш» қозғалысына белсене қатысушы. Семей қаласындағы «Талап» атты алаш жастары ұйымының құрылтайшысы, «Абай» журналының демеушісі болған. Семей облыстық І қазақ съезі комитеті мүшесіне кандидат болған

1921 жылы Семейдің Губерниялық атқару комитеті секретарының көмекшісі, кейіннен атқару комитетінің бөлім меңгерушісі болып қызмет етеді. 

Досы Мұхтар Әуезов екеуі туған елі Шыңғыстау қазақтарын бірігіп жер жырту, егін салу, шөп машинасымен шөп шабуға, диірмен салу, май зауытын тұрғызуға үйретіп, көмектеседі. Осындай игілікті істер атқарған Даниял Ысқақов алашордалықтарды қуғындай бастағанда досы Мұхтар Әуезовпен бірге Ташкентке барады. Мұнда ол Халел Досмұхамедұлымен бірге «Сана», «Шолпан» журналдарын шығарады. Даниял Ысқақов 1925 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің (САГУ) финанс-экономикалық факультетіне оқуға түсіп, 1927 жылы бітіреді. Ол мұнда М.Әуезовпен бір үйде тұрады. Қазақтың екі шығармашыл азаматы қазақ балаларына арнап «Новый аул» атты әліппе құрастырады. Даниял Ысқақовтың өзі 1926 жылы «Өзбекстандағы қазақ балаларына арналған жаңа әліпби» деген еңбек жазады.

Қазақтың сүт бетіндегі қаймақтарына зобалаң болып тиген 37-нің ойраны Құнанбай әулетін айналып өтпегені белгілі. Халық ағарту комиссариатында (наркомпрост) финанс-жоспар бөлімінің басшысы қызметінде жүрген Даниял Кәкітайұлын 1937 жылдың қыркүйегінде НКВД ұстап әкетіп, дүние-мүлкін, қағаздары мен кітаптарын түгел тәркілейді. Жары Мүкәрәмды балаларымен бірге үйінен қуып шығады. Даниял Ысқақовтың өмірден өтуі туралы екі түрлі болжам бар. Біріншісі: НКВД «үштігінің» үкімімен 1937-жылдың қараша айында атылған. Екіншісі: Карелияда айдауда жүріп 1945 жылы қайтыс болған.

Жинақта Даниял Ысқақовтың шығармашылығымен қатар әулеті, отбасының қиындыққа толы өксікті тағдыры туралы біршама деректер бар. Құрастырушы автор былай деп жазады: «Даниялмен бірге туған Біләл, Уәлит, Сатам, Зекен, Медіғат, Хамит барлығы 1937 жылдың құрбаны болды. Біләл (Біләл болыс) азап пен қорлыққа көнбей, өзіне өзі пышақ салып өледі. Қалғандары айдауда жүріп дүниеден өткен. Тек, Әрхамнан ғана ұрпақ қалған.

Даниялдың артында қалған екі қыз, бір ұлын әйелі Мүкәрам апа аузына тістеп жүріп өсіреді, оқытады. Дина Даниялқызы бертінде қайтыс болды. Роза Даниялқызы 1990 жылдары Алматының шетіндегі «Водник» шағын ауданында тұрды. Диссертацияға материал жинау барысында бардық. Мардымды ештеңе ести алмадық. Бізге көрсеткен ең құнды дүниесі – әкесінің өлімі туралы анықтама. Тұрмыс езген адамдар екен. Ал енді, Даниялдың соңында қалған жалғыз тұяғы, маңдайына басқан қияғы Марат Даниялұлы әуелде әкесі туралы деректер жинастырып, біраз ізденгенге ұқсайды. Кейін орыстан әйел алған. Содан соң, бүкіл тіршілігі кері кетіпті... Ол кісіні де әркімнен сұрастырып жүріп таптық. 

1996 жылы кездестім. Бірінші қабаттағы бір бөлмелі пәтерде тұрады екен. Есікті қағып, қоңырауды басып әуре болмадық. Есік топсасынан түсіп жатыр. Қалбалақтап қарсы алды. Аталарындай еңсегей бойлы, алып денелі, әкесіне тартқан үлпілдеген аққұба жүзді көркем кісі екен. Бір кездері көркем болған... Әкесі туралы жарытымды ештеңе айта алмады. «Әкем Әуезовпен дос болған, өте дарынды еді...» дегенді қайталап, жартылай жанып кеткен күйелеш диванның үстінде бүкшиіп отырды да қойды. Әйелі мен баласы тастап кеткен көрінеді. Өзі қазақша білмейді. Қоштасып, сыртқа беттегенімде: «Спасибо!» деп қолымды алды. «Әкемді зерттеп жүргеніңізге рақмет! Жолыңыз болсын!» - деді. Аңғал-саңғал үйден көңілім құлазып шықтым...» Иә, қандай өкінішті тағдыр десеңізші.

Аталған кітапқа Даниял Ысқақовтың бірнеше аудармасы енген. Ғалым Базарбек Атығаев Даниял Ысқақовтың аудармашылығы жөнінде былай деп көрсетеді: «Даниял Ысқақов көркем аудармалар жасаумен 1924 жылдан бастап айналысады. Оның көркем шығармаларынан басқа да, саяси әлеуметтік тақырыптағы аудармалары баршылық. Даниялдың көркем аудармалары жайлы белгілі абайтанушы ғалым былай деп жазады: «Даниял Кәкітайұлының өмірбаяны зерттеліп, жазылған жоқ. Жазушы Даниялдың баспасөз жүзінен әзірге бізге мәлім еңбектері – оның аудармалары. 1935 жылға дейін жеке кітап болып басылып шыққан жеке аудармалары: А.Серебрякованың «Маркстың жас шағы» атты романы, Бруно-Ясинскийдің «Человек меняет кожу» романы, Гаршиннің «Четыре дня» әңгімесі мен Чеховтың «Рассказ старшего» садовника әңгімесі.

Д.Ысқақовтың соңында қалған әдеби мұраларын іздестіру барысында, оның бірнеше аудармалары мен мақалаларын» кездестірдік. Олар 1934 жылы Ташкентте жеке кітап болып шыққан Абдулла Қаһардың топтама әңгімелері. Бұл жинақ «Дүние жасарады» деген атпен жарық көрген. Сондай-ақ Ромен Ролланның «Жан Кристофф» деген романынан үзінді, А.П.Чеховтан «Рассказ старшего садовника, В.Гаршиннен «Четыре дня деген әңгімелерді аударып, бастырып шығарады.

Жан Кристофтан» аудармасы 1937 жылы Қазақ көркем әдебиет баспасынан латын алфавитінде 15500 данамен жарық көрген. Ал Чехов пен Гаршиннің әңгімелері Москвадағы «СССР халықтарының баспасынан» кітапша болып шыққан. Аталмыш кітапшаның көшірмелері Қазақ әдебиеті мен сирек қолжазбалар бөлімінде» сақтаулы. Семейдегі Абай мұражайының ғылыми қызметкері М.Бейсембаев Даниялдың осы екі аудармасын Москвадағы  В.И.Ленин атындағы Орталық кітапхана қорынан алдыртып, «Семей таңы» газетінде жарияланды. Ал енді Қ.Мұхаметхановтың Даниял Г.Серебряковадан «Маркстің жас шағы», «Б.Ясинскийден «Человек меняет кожу» деген романдарын аударды деген деректер бойынша Даниялдың бұл мұраларын өз мүмкіндіктерміізге қарай Алматыдағы кітапханалар мен Орталық архив қорларынан іздестірген едік. Бірақ, аталған аудармаларды кездестіре алмадық. Бұл, әрине Даниялдың ондай аудармалары жоқ деген сөз емес. Бәлкім, ол аудармалар басқа қалалардағы кітапхана қорларында сақтаулы болар. Мәселен, Ташкенттегі кітапханаларды сүзіп шықса, Даниялдың өміріне, шығармашылығына байланысты көптеген деректер табылуы мүмкін. Қайым аға айтқан аудармаларды іздестіру барысында біз өзге де бірқатар қызықты материалдар таптық. Ол өз алдына бөлек әңгіме.»

Даниял Ысқақовтың жинағына В.Ггаршиннің «Төрт күн», А.Чеховтың «Үлкен бақшашының әңгімесі», Ромен Ролланың «Кристофф» туындылары, сондай-ақ А.Қаһардың «Дүние жасарады», «Адасқан», «Ай тағы қашан тұтылады», «Тәңірінің күлкісі», «Екі заң», «Аплатон мақабаты», «Күндес», «Бассыз адам» әңгімелері мен барлық туындыларының факсимилиелері берілген. «Арғы атасы қажы еді» атты кіріспе мақаласында автор Базарбек Атығаев Даниял Ысқақовтың өмірдерегімен қатар, оның аудармаларына, сыни еңбегіне де қысқаша талдау жасап өтеді. Даниялдың аудармаларындағы кемшіліктер мен жетістіктерді нақты мысалдармен көрсете отырып, ғалым А.П.Чеховтан аударма жөнінде былай деп атап көрсетеді: «Даниял аударма барысында түпнұсқадан ауытқымауға тырысқан. Мазмұнды артық-кем қоспай, мейліінше дәл зеткізуге талпынады. Даниялдың орыс тілінің заңдылықтарын сатай отырып, мазмұн мен ойға нұқсан елтірместен, жақсы аударған жекелеген сөйемдері де, шағын жолдары да жетерлік. Мысалы А.Чеховтан мына бір сөйлемдерін Даниял бір құрмалас сөйлем етіп аударады. «Я не боюсь за нравственность и за справедливость, когда говорят «невиновен», а, напротив, чувствую удовольствие. Даже когда моя совесть говорит мне, что, оправдав преступника, присяжные сделали ошибку, то и тогда я торжествую. Судите сами, господа: если судьи и присяжные более верят человеку, чем уликам, вещественным доказательствам и речам, то разве эта вера в человека сама по себе не выше всяких житейских соображений?» - «Жұрт бір ауыздан: би қателесті, арамды ақтап жіберді деп шырылдап тұрса да, мен айылымды жимаймын, тек оған қайта шаттанамын. Мырзалар, ойлап қарасаңыздар, шынында да егер билер заңсыз нәрсеге сенсе, бұл өзі тіршіліктің әрбір ұсақ айғағына сенбей, адамға сенсе, адамның сөзіне, оның адамгершілігіне мақсаттарынан көбі тереңірек, заңдырақ болып табылмай ма? – деді.»

ХХ ғасыр басында аударма жасаумен айналысқан көптеген аудармашыларға тән қасиет – түпнұсқадағы кейбір сөздерді мағынасына қарай, кейде мағынасынан алшақтау болса да, қазақы ұғымдағы сөздермен ауыстыра салады. Сірә, жалпы оқырманға түсінікті болсын деген ниеттен туған шара сияқты. Ондай сәттер, ондай тәсіл Даниялда да кездеседі.

...Жалпы аударма барысында Даниял сөзбе-сөз, жолма-жол қуаламай, өз қалауынша еркін аударады. Мұны үлкен кемшілік деп қабылдауға болмайтын шығар, ең бастысы, қазақ оқырманы шығарма оқиғасынан жақсы мағлұмат алса, автордың ой-идеясы бұзылмаса, аударма оқуға жеңіл, тартымды болып шықса – аудармашы мақсұтының орындалғаны деп ойлаймыз.» 

Расымен де Даниял Ысқақовтың аудармаларын оқып отырғанда, олардың күні-бүгін де қазақ оқырманына етене, жатық екендігі аңдалып тұрады.

Даниял Ысқақовтың сыншылығы туралы деректі де осы кітаптан көруге болады. Даниял Ысқақовтың «Қорғансыздар» (Әуезұлының «Бәйбіше-тоқалына» тексеру) атты көдемді сыни мақаласы жинаққа енген екен. Бұл талдау мақаласы арқылы Даниял Ысқақовты қазіргі қазақ әдебиетіндегі сын жанрының бастауында тұрғандардың бірі деуге әбден болады. 

Автор, құрастырушы былай дейді: «Сонымен, Даниял – Мұхтар Әуезов шығармашылығы туралы артық-кемсіз алғашқы сөзді айтқан адам...

...Жалпы әдеби сын деген қандай болу керек деген сауалға Даниял былай деп жауап береді: «Затында, әдебиет сынының кесіп тастайтын қатал биі болуы да, күлін аспанға ұшыратын құйын болуы да, не бас иіп, құлдық ұрып тұратын қошаметшіл құлы болуы да мейілінше жаратпайтыны анық. Мұндай түрдегі сын – міндетін білмеген, шатасқан сын, қазіргі қазақ қауымына қара тиынға керегі жоқ  сын». Даниялдың сын туралы бұл ойы осы күнге шейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі әдебиет сыншылары үнемі ойларында ұстайтын қағида ғой деп ойлаймыз.»

Даниял Ысқақовтың өмірі мен шығармашылығы жайындағы мәліметтер алдағы кезеңдегі ізденіс, зерттеулер арқылы әлі де толықтырыла түсері сөзсіз. Шығармашыл тұлғаның 2025 жылы жарық көрген, көптеген тың жаңалықтарға толы жинағы бізді осындай ойға жетелейді. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan