Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Динара Мәлік: «Мен желмін ғой...»...

29.07.2015 4210

Динара Мәлік: «Мен желмін ғой...»

Динара Мәлік: «Мен желмін ғой...» - adebiportal.kz

Әлеуметтік желілерде кім көрінген әдебиет жайлы әңгіме айтқысы келіп, facebook, vk, twitter секілді желілердің тұрақты жарапазаншысына айналып, жағымпаз жарнамашыл «жұлдыз» болған осынау бір кезеңде қарапайым кез келген адам түгілі қолына қалам ұстағандардың өзі бір-біріне шынайы пікір айтудан қалып барады. Олай дейтініміз бір-бірін өтірік мақтап, одан қалса үлкенді үлкен, кішіні кіші демей бірінің бетінен бірі алып, өздерін «әділетті» кісі сезінгендер аяққа оратылады. Қазіргі әдеби үрдістегі бір кемшілік - сауатты, шынайы, әділ сын-пікірдің жоқтығы. Енді бұдан былай «Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты- жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялайды. Үнемі қадағалап, атсалысып отырыңыздар.

 

www.adebiportal.kz

 

 

11406888_1579197098997338_2920212753914963749_n.jpg 
 

***


 

 

Балалығым - үйімде еркелейді,

Даналығым - сөйлеуге ерте дейді.

Бұл қала құшағыма кіріп алып,

Өзің болып өппейді, өртемейді.

Өзің құсап сүюге сескенеді,

Сенім серті бұл жақтан көшкен еді.

Мен егер сүйіп қалсам жат біреуді,

Даланың киесіндей кешпе мені!

Жүрекке жүрмесе де бұл -әмірім,

Шыдам боп, шың үстінен сына Күнім!

Желменен домалайды жалғыз басым,

Жанымның сая болар сыңары кім?

Барымды шашып алдым бір адамға,

Сезімде суыт келіп сынаған ба?

Өмірдей ойлануға дәрменім жоқ,

Әйел боп әлеміңді ұға алам ба?


 


 

 

***


 


 

 

Ерекше көңілдімін,

Алтын түске бояды көгімді кім?

Күтпеген сый көрердей күмілжимін,

Келетін кезің бе еді сенің бүгін?

Ауамен тілдесемін,

Жыр жазуға асығам түнде несін?

Дала мені құшады әлсін-әлсін,

Кешір енді... жалғыздық күндемесін!

Сен бардай назданамын,

Саған жетер бірінші жазған әнім.

Мен сыйлаған бақыттың бәрін сезін,

Сен сыйлаған жетеді аз ғана мұң.

Ақ қардай алып-ұштым,

Сырын ұққым келді ме сағыныштың.

Қауырсын қанатымнан қалам жасап,

Жұп-жұмсақ жерге түсіп жаңылыстым.

Ал, бүгін қуанамын,

Жанын жайған шыршалар куә, жаным!

Адам болып жүргенім қандай бақыт,

Ақ қар болып қайтадан туа аламын!


 

 

Диалог


 

 

- Қара жер алшы мені құшағыңа,

Пенде ғана пендені құшады ма!

Күлкімді көз жасыма құйып алдым,

Күбірлер аяғымды тұсады да.

Қара жер саған ғана сыңар едім,

Адамдарға аярлы сұрақ едім.

Өзің ғана көтеріп бар күнәмді,

Өзің ғана табасың бір-ақ емін!

Жер-Ана тапшы менің қалауымды,

Қара түн жасырады қаламымды.

Ақ қағаз менде сендей аппақ едім,

Бақытым қайда қалды бала күнгі?

Әлдименен тербетпес бесігіңді,

Өмірдің сүйрейді екен көші кімді?

Сенен ғана көре алам кеңшілікті,

Сенен ғана сұраймын кешірімді.

Қара жер қабағыңнан айналайын,

Топырақ боп төсіңде ойланайын.

Жұлдыздар жыр түсінсе жетер маған,

Жібектей сәулесіне жалғанайын!

Қара жер бұршы маған назарыңды,

Сенде жатып естиін ғажап үнді.

Құшағыңнан тарыдай орын сыйла,

Тастап кетем тіршілік тозағымды!

- Тамшы боп жанарыма түнегесін,

Жан едің ғой қарағым білер есін.

Құрсағына сиғансың тар өмірдің,

Анаң байғұс арыңды тілегісін.

Алла білер ақсың ба қарамысың,

Сен де бір Ақжауынның жанарысың.

Тамшыны жел әкетер бағытымен,

Өмірің қайда ұзап барады шын?

Өмір саған келмеген күйік үшін,

Сенде бір топырақтың түйірісің.

Мен үшін көп күнәнің біреуісің,

Аспан үшін арманның биігісің!

Қанша рет қан кұйылды жүрегіме,

Пенде біткен күйімді тіледі ме?

Жапырақтар құлайды мезгілімен,

Қара жердің қадірін біледі де…

Ием маған сыйлаған кеңшілігін,

Адам маған қимайды бір шыбынын.

Жүрегіме сәжделер жайылады,

Аллаға аманаттап құлшылығын.

Мен солай бар күнәмен қоштасамын,

Таңертең таңмен бірге басқашамын.

Кең болу сүю екен – Жаратқанды,

Аппақ аппақ тілекпен астасамын.

Кеше емес пе үмітпен түлегенің?

Бұл қалай күдікпенен жүдегенің?

Сендегі сағынышты басу үшін-

Мендегі сабырлықты тілер едім.

Түнерсең мен де бірге түнеремін,

Тыныштыққа қонатын тілек едім.

Сендегі өкінішті өртеу үшін -

Мендегі мейірімді тілер едім.

Бақытқа бастар жолды өткел етіп,

Өмір сені жүр ме екен өкпелетіп?!

Жанарымнан бір тал гүл үзіп ал да,

Шашыңа тағып алшы көктем етіп!


 

 

P.S.


 

 

Жер-Ана сөйлеп тұрды сағынышпен,

Көкпенен Жерге ғана бағынышты ем.

Жасымды жұтып алдым, күліп тұрып,

…Өртеніп кетер ме екем жанып іштен…


 


 

 

***


 


 

 

Мен гүлмін ғой,

Су құйып жүрші сезіммен.

Мен Күнмін ғой,

Көрініп тұрам көзіңнен.

Мен желмін ғой,

Алдыңнан шығам ұмтылып.

«Сағындым» дедің келдім ғой,

Жүрекпен бірге ынтығып.

Мен жыр екем,

Жазылмай жүрген түндерде.

Сүйген бір шақта тірі екем,

Сезініп сен де көрдің бе ?

Мен жас екем,

Жан адам оны көрмейтін.

Өмір дегенің осы екен...

Жанарға симай сырғитын.


 

 

 

 

***


 

 

 

Сағынып жүрмін,

Сағынбай қалу мүмкін бе?

Тамшылап жиған тағдырым кетті күлкіңде.

Сағынышыма даланың өзін сендіріп,

Келмейсің неге бір күнге?

Сағынып жүрмін,

Бұл дертке қалай шыдаймын?

Заңдылық шығар,

Қосылмауы да Күн Айдың.

Сен жүрген жерге табаным тиген талай рет,

Сенсіз-ақ елге ұнаймын...

Азабың шығар...

сыйғыза алмайтын сөзге де,

Қазанда туып қайғыра алмадым Күзге де...

Сағыныштың да бояуы қалар бұлыңғыр

Сағынбай қалсаң, іздеме!


 

 

***


 

 

Хабарсыз қалғаның не қамықтырып,

Жанымды жіберсеңші Жарық қылып.

Сен мені жалғыздықпен жазалайсың,

Күйімді көлеңкеде бағып тұрып.

Хабарсыз қалғаның не тiршiлiгiм?

мен әлі күтіп жүрмін білші күнім.

Қандай қиын, гүлдердің қурағаны,

Қандай жақсы, естіген гүл сыбырын!

Хабарсыз қалғаның не аңсағаным,

күндерді сенсіз қалай тауса аламын?

Өн бойыңды өлең боп жылытайын,

Көктемде Күн астында тоңса жаның....

...Сағаттар жылжып жатыр үндемедің,

«Менсіз-ақ бақытты боп жүр» демегін.

Өртенуге жаралған өмір мынау,

Сағынуға жаралған түн дегенің...


 

 

 

***


 

 

Тағдырыма жазсам ба екен арызды,

Жоғалттым деп, аяулымды жаны ізгі...

Басым, кеудем, жүрегім де Құдай-ау,

Менікі емес тәрізді...

Көздерімнен мұң ауырлап кеткендей,

Сөздерімнің құны жерге шөккендей.

Сүре алатын адам көп қой өмірді,

Сүйе алатын жан жоқ деп ем тек мендей!

Жаратқанға ауыр өпке айта алмай,

Сені сүйген жар жолымнан қайта алмай...

Тыныш ұйықтап жүр ме екенсің түндерде,

Жер үстінде қалай жүрсің шайқалмай!

Үнсіздігім шексіздікке тығылып,

Түн ішінен тағы шықтым тіріліп.

Жанарымнан жылап түскен сағыныш,

Кірпігіңе қалды ме екен ілініп...

Әлде оны жүр ме екенсің жасырып,

Құлатуға, ұмытуға асығып.

Екеумізді бір адамбыз деп жүргем,

Қай қиырда қалдық екен шашылып..


 

ПІКІР


 

 

 


 

Бақытгүл Зарқұмар, ақын: «Өлеңдері сыршыл әрі кінәмшіл»


 

 

 

 

 

 

         Бұл өлеңдердің авторы әйел адам. Оқи бастаған сәттен өзіне баурап алды десе де болады. Сондықтан әр өлеңге қысқаша тоқталып өткенді жөн санадым. «Бұл қала құшағыма кіріп алып, Өзің болып өппейді, өртемейді...» Осы екі тармақ осы өлеңнің бүкіл салмағын көтеріп тұрғандай. Өлеңнің күретамыры секілді сезілді маған. Ал екінші өлеңде әйел мұңы, әйел сыры табиғатпен тамырлас екенін байқауға болады. «Мен сыйлаған бақыттың бәрін сезін, Сен сыйлаған жетеді аз ғана мұң...» деп үн қатады әйелдің нәзік жүрегі. Сүйген адамының сыйлаған азғана мұңының өзінен бақыт жасап алудың өзі бақыт қой?! «Диолог» өлеңі жақсы жазылған! Жер-анаға мұңын шаққан ақын-жүректің ақиқатты аңсаған жан дауысы дер едім. «Қара жер бұршы маған назарыңды!» деп қара жерге бар сырын ақтарып, ағынан жарылған ақынның бомысы. «Өмір дегенің осы екен... Жанарға симай сырғитын» деген түйін төртінші өлеңнің бағын ашып тұр. Иә, кейде бүтін бір өлеңнің тағдырын бір шумақ, не бір тармақ шешетіні бар. Соңғы өлең сағыныш жайлы жазылған қатардағы бір өлең. Ерекшелігі бар деп айта алмаймын. Өз басым қазақтың ақын қыздарының жылаңқы болғанын қаламаймын. Қазақтың қызы қашан да өр мінезді, намысты болған. Жалпы, бұл өлеңдердің иесі - нәзік лирика мен философиялық ойдың адамы. Өлеңдері сыршыл әрі кінәмшіл. Бірақ, айтары бар ақын екені көрініп тұр. Өлеңдерінің бір қайнауы ішінде қалып қойған. Сосын, қайталап айтамын еркектің алдында барымды шашып алдым деу өте үлкен қателік! Бұл арқылы ақын қыз өз құнын өзі түсіріп тұр. Ақын-поэтикалық тұлға. Ақынның өлеңдері арқылы адамзат қоғамы реттелмесе де, белгілі дәрежеде тәрбие-тағылым алады. Сондықтан еркектің артынан егіліп қалдым, етегім жасқа толды, барымды шаштым, бағымды қайтардым дегенше ар-намысын қашан да аласартпайтын, қайсар қазақтың қызының сөзін сөйлесе. Әрине, әр ақынның өз табиғаты, тағдыры бар. Біз оған өзгеріс енгізе алмаймыз. Бірақ, жақсы ниетпен пікір білдіріп, ой қоса аламыз. Қаламы ұштала берсін!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар