Алғаш рет 2018 жылы шілде айының бірінші жексенбісі ұлттық домбыра күні болып бекітілген еді.
Содан бері әр жыл сайын елімізде домбыра күні кеңінен тойланып, төл өнерді дәріптейтін бас аспап ерекше ұлықталып жатқаны қуантады.
Домбыра, мұнша шешен болдың неге,
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе, -
деп қазақтың дүлдүл ақыны Қасым Аманжолов жырлағанындай, сан ғасырдың қуаныштың-мұңлы сырын сақтай алған, қазақ даласында кеңінен танымал бұл аспап əр аймақта əр түрлі болып келеді. Домбыра бар қазаққа ортақ дерсіз. Алайда домбыраның пішіні мен өлшеміне қарай екі негізгі аймақтық түрге, ал құрылысына қарай бірнеше модификацияға бөлінетінін білесіз бе? Былай қарағанда қай түрі болмасын, қазақтың қара домбырасы болғанымен, ішкі және сыртқы құрылымы, күмбірлеген күрең үні әртүрлі. Ол айырма аспаптың шанағынан басталады. Тұтас ағаштан ойылып немесе жеке-жеке құрастырылып барып жасалатын түрлері де бар. Мысалы, солтүстік, орталық, оңтүстік өңірлерде домбыра көлемі шағын, жеті-тоғыз пернелі болса, Батыс Қазақстан аумағында кездесетін домбыра олардан өзгеше шанағы жұмыр, мойны қалыңдау, он екі-он төрт пернелі болып келеді. Әдетте халық арасында тамшы, қалақ және үшбұрыш пішіндестерін кездестіруге болады. Домбыра күні қарсаңында, оқырманмен Арқа және Шығыс өңірлеріне тән, шертпе күй мектебінің туындыларын орындауға бейімделген аспаптың қалақ пішіндес түрі жайлы ақпаратпен бөліссек деп отырмыз.

Домбыраның бұл түрін Қазақстанның Орталық өңірлері мен Абай елі көбірек қолданғандықтан, негізінен арқа домбырасы деп аталады. Кей жерлерде «Абай домбыра» деп те айтылып жүр. Шанағы сопақша немесе қырлы болып келуі – домбыраның басты ерекшелігі.

Әдетте арқа домбырасының мойын тұсы ұзын, жіңішкелеу, ал перне саны көбірек әрі арасы жиірек орналасады. Мұндай өзгешелік аспаптың үніне де әсерін тигізеді. Қоңыр, майда, әуезді және нәзік дыбысталуы үшін арқа домбырасының ішектері әдеттегіден жіңішкерек келеді. Шертпе күй мектебі деп аталуының сыры – ішекті саусақтың ұшымен ғана іліп тартып, шертіп ойнайтындығында жатыр. Осы тұста бұл мектептің атасы атанған дәулескер домбырашы – Тәттімбет Қазанғапұлын айтпай кетуге болмас. Арқа мектебінің негізін қалаушы Тәттімбет жырауды күллі қазақ білетіні рас. Оның «Саржайлау», «Қосбасар», «Былқылдақ», «Сылқылдақ», «Көкейкесті», «Бес төре» және тағы басқа халыққа кең танылған керемет күйлері бар. Күй өнерінің классигі атанған Қазанғапұлының туындылары – табиғатты бейнелейтін лирикалық шығармалар қатарында.

Шертпе күй мектебінің келесі бір танымал өкілі – Сүгір Әліұлы. Тәттімбеттен кейін аталмыш күй мектебін жаңа бір деңгейге көтеріп, өзінше өрнек қосқан Сүгір күйшінің ел ішінде таралған «Аққу», «Телқоңыр», «Майдақоңыр», «Шалқыма», «Ақжелең», «Бесжорға» атты кез-келген жан тарта алмайтын күрделі күйлері таралған. Сүгірдің арқа күй мектебіне енгізген ең үлкен жаңалығы – бұрын тек қобызда ғана ойналатын күйлердің зарлы, ащы, терең дыбысталуын домбыра пернесіне шерте отырып әдемі түсіргенінде. Ол – қобыздың ауыр зарлы әуенін ғасырлар сарыны болған домбыра үндестіріп, қос ішектен күмбірлете күй етіп төге білген алғашқылардың бірі еді.

Халық арасында домбыра шертудің «сұқпа» (сұқ жəне орта саусақпен шертіп ойнау), «жап тақымта» (ішекті бос күйінде қағып, пернені басып отыру), «іліп-қақпай» (ішекті іліп қағу), «теріс қақпай» (жоғарытөмен) деп аталатын түрлері бар. Ал Арқа домбырасы – дәл осылай шерте тартуға ыңғайлы жасалынған. Аспап үні құлаққа жағымды əрі жұмсақ болып келеді. Содан болар сазды күйлер Арқа өңірінде, ал төкпе күйлер батыс аймақтарда кең таралған дейді әл ішінде. Жалпы ұлттық аспабымыздың екі ішекті түрінен басқа үш ішекті, қос жақты, кең шанақты, шіңкілдек немесе «Балақай домбыра» деген түрлері де кездеседі.
Ұлы ақын Қадыр Мырза Əлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзінің мәнісі зор. Себебі домбыра – қазақтың қасиетті мұрасы, баға жетпес байлығы, құнды қазынасы. Дәл осы аспапта ұлтымыздың бар болмысы мен жан-дүниесін терең көрсете алатын ерекше бір үні мен қадір-қасиеті бар. Қазақ пен домбыра егіз ұғым деген осыдан кейін айтылса керек-ті. Ұлттық домбыра күні құтты болсын!
