Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Дулыға жырдың киесі – Дулат...

05.04.2023 1543

Дулыға жырдың киесі – Дулат 14+

Дулыға жырдың киесі – Дулат - adebiportal.kz

«Армысың, Дулат Бабатайұлы!

Арыстан жүрек дала шайыры.»

(Н. Айтұлы.)

Дулат Бабатайұлы заманындағы өзге ақындарға қарағанда қазақтың көп жеріне танымал болған. Ол Шығыс, Оңтүстік Қазақстан және Арқаны аралап шыққан. Ертедегі ақындар үлгісінде тәрбиеленіп өскен. Әуелі ақын айтыс, әзіл – оспақ ретіндегі өлеңдер шығарып, айтып жүрген. Бірақ кейін ол ел арасы, ауыл іші, жергілікті тақырыпты жырлаудан гөрі, саяси – әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді жырлауға ойысқан. Ол өлең мәнін білген, тілге жүйрік, нақылдап – мәтелдеп сөйлейтін шешен. Ақын елді ұйытар, тыңдаушысына әсерлі үлгі көрсетер өткір жырды шешендікпен алға ұсынады. Өзінің бойындағы өлеңдерінде ақындық өнерді жоғары бағалайды. Бұрын жас кезінде жете маңыз бермей жеңіл қараған кездері болғанын айтып, қынжылады. «Бай төре, би дегендерге де ердім, оның сөзін де сөйледім, кем – кетікті елемей де жүрдім» деп, өзінің кейбір кездеріне өкініш білдіреді. Бұдан кейін ер жетіп, ел қадірін, сөзін, сырын түсінгеннен бастап, өмірінің соңғы кездеріне дейін ел жайын, заман сырын жырлап, жағымсыз мінездерді сынап, терең сыр шерткенін ескертеді. 

Дулат арысы түгел сөздің түбірі бір – түп атасы Майқы биден тартатын, ортада Орманбет заманының ордалы билері Асан қайғы мен Сыпыра жыраудан салатын, берісі – Қазтуған, Шалкиіз, Бұқарлармен тұйықталатын төбе билер мен жойқын жыраулардың соңы. Қазақ хандығының қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, аңызға айналған заманының азып – тозып:

«Күн батысқа көз салмай,

Күн шығысты еске алмай,

Бізді алатын жау жоқ деп, 

Бізден мықты дәу жоқ деп…

 Болашақты болжамай,

Жол сауданы олжалай, 

Ақбөкендей алданып,

Жылқыдай делбе сандалып,

 Ортасына кәпірдің,

Андамай келіп түскеніне» дейінгі аралықтағы аласапыран заманының бар құйтырқысын бастан кешірген, көзбен көріп, шермен жуған қазақ қоғамының поэтикалық шежіресі.

Дулаттың өмірі жайлы мәлімет өте аз. Дулат жасынан өнер қуған адам деседі. Шығармаларына қарағанда, мұсылманша хат білген, түркі таныған молдалар арқылы сол кездегі қазақ даласына тараған діни көзқарастардың шеңберінде дін туралы да біршама түсінігі байқалады. Шығармаларының мазмұнына қарағанда, қазақ даласында хандық билік жойылып, аға сұлтандық билеу тәртібі орнаған кезде өмір сүріп, сол жағдайлардағы қарым – қатынастарды жыр етеді. Бұған оның өмір жылы дәлел. 1802 жылы туды, 1871 жылы өлді десек, жас шамасы да осы кезге дәл келеді. 

1822 жылы ормандай көп Орта жүздегі хандық биліктің биік бәйтерегінің тамырына, балта шапқан Сперанскийдің «Сібір қырғыздары туралы» жарғысы шықты. Мұның алдындағы бес жыл ішіндегі ұлы хандардың сарқыты Кіші жүзде Бөкей, Орта жүзде Уәли дүние салып, қазақ қоғамы дағдарысқа душар болған еді. Қазақ хандықтары әлсірей келіп, ресми түрде 1824 жылы жойылды да, 1824 жылдан бастап қазақ даласын округтарға бөліп, әр округты басқаратын аға сұлтандық билеу аппараттарын құрып, патша өкіметі қазақ елін түгел өзіне қарата бастады. Бұдан тыс қалған Бөкей ордасының хандығы. Ол кезде Жәңгір хан деп атала тұрса да, Орынбор губерниясына бағынатын, өзіне қараған елдерге Ішкі орда хандығы болып саналса да, ол патша өкіметінің түсінігінде сонау 1801 жылы құрылуынан бастап, Вассалдық дәрежеде ғана болатын.

Бұл кезде Дулат жиырмалардың ішіндегі жас жігіт еді. Ол Орта жүздегі хандықтың тек шет жағасын ғана көрді. Оның ер жеткен саналы өмірі аға сұлтандық дәуірде өтті. Сондықтан да Дулат өлеңдері сол кездегі өмір құбылыстарын бейнелейді. Дулат жырау – өзінен бұрынғы және өзінен кейінгі ақындардан көп жайттарды өзінше ерекшелігі бар, идеялық қайшылықтары да көп, біраз өз дәрежесінде өмір мәселелерін терең талғап, шешуге тырысқан ақын. Поэзиялық тілін байыту жағынан да Дулат өзіне дейінгі ақындарға қарағанда, көп еңбек сіңіреді. Бұл жайттар Дулат жыраудың творчествосын білуді, зерттеуді қажет етеді. Сондықтан да оның әдебиет тарихында тиісті өз орны бар. 

Бұқар хандық дәуірінде өмір сүргендіктен әлеуметтік әр алуан мәселелер өз заманындағы үстемдік етуші таптық өкілі тұрғысынан қарады. Қазақ хандығынан феодалдық құрылысты берік сақтау идеясын үндейді. Ал, Дулат аға сұлтандардық кезеңде әдебиет сахнасына шықты. 

Дулат – өз елінің бір кездегі өзгерістерін көріп, одан өзінше қорытынды шығарған ақын. Өзінің халқына, ел – жұртына көмегімді тигізсем деген оймен жыр шығарып, өз заманының кемшіліктерін сынаған. Басқа тұстары сияқты халық басына түскен ауыртпалықтардың себептерін іздестіріп, оны өзінше болжайды. Қиналған жұрттың жанына шипа болар деп ақылын айтады. Елінің ілгері басу үшін басшыларының берекелі болуы қажет деп біледі. Ақын жақсы, әділ әкімшілікті армандайды. Пейілді дана басшы болса, ол ел қамын ойлап, адам баласының бәрін бірдей тең ұстар ма еді деп қиялдайды. 

Жақсы болған төрені,

Әділ демей не дейміз.

Бәрін бірдей тең көріп,

Жұртын түзеп тұрған соң.

Ақылы бар жақсылар.

Сырын жатқа алдырмас,

Бұғы менен маралдай,

Сабыр салмақ болған соң.

«Бірлік болмай, тірлік болмайды» – деген халық даналығына үндеп, ағайыншылықты, тату – тәтті өмір сүре білуді аңсайды. Тірлік өмір санаулы, өлім хақ; бай да, кедей де, қара да, би де, батыр да – бәрі өмірден озады. Тіршіліктің қызығы – бөлісе, татушылықта өмір сүре білу,  – деген баяғыда айтылып, келе жатқан, адамгершілік пікірді қайталайды. Адамгершілік парызы – әділеттік, адалдық, ізгілік, қайырымдылық, ел – жұрттың өзара біртұтас татулығы, ағайыншылығы, бірауыздылығы деп біледі:

Ай, азамат, тату бол!

Әлі – ақ көзің жойылар.     

Мынау жалған дүниеңіз 

Батып кеткен күнмен тең.

Дулат ақын тек тесік жаңалықтың қамын ойлайтын, сөзінде береке жоқ мылжыңдардың, жақсы мен жаманның парқын білмейтін сотқар мен содырлардың аңдамай сөйлеп, ауырмай өлетін бейшаралардың, өзіндік көзқарасы жоқ, кез – келгеннің ырқына ене беретіндердің психологиялық тұрпатын бірер сөзбен – ақ шебер түйреп көрсете білді. Жан дүниесі қораш, өзіне де, өзгеге де опа бермей жүргендерден жұртты жирендірді, бұлардың арамдық, ар – намысқа тиетін теріс қылықтарын тәлкек қылу арқылы жастарды мұндай қасиеттерден сақтандырып отырған. Жалған сөйлеуді ақындық арға кір келтіретін жаман мінез деп біреудің мінін көрсең, «Сыртынан көріп шылқылдағанша» оның өзіне, көзінше айт, ар – намыс, ожданың әр кез таза болсын дейді. Ол әсіресе, жағымпаз ел пысықтарын да аяусыз мысқылдап, жылпос, екіжүзді парақор, пайдакүнемдерді жеріне жеткізе шенеп – мінейді. Ел пысықтарының психологиясын реалистік тұрғыдан көрсетуде Дулат кей жағдайда Абай тұрған биікке жақындап та қалады. 

Ақын ата – ананың, көпті көрген даналардың ақыл – кеңестері жас буын тәрбиесінде таптырмайтын құрал екендігін баса көрсетеді. 

Тәлімдік тұрғыдан Дулаттың «Еспембет» дастаны ерекше көңіл аударарлық. Мұнда ол алып күштеу иесін ғана көрсетпей, әрі ақылды, әрі ақжүрек ел қорғаны болған батырдың психологиясын көрсетпекші болады. Қазақ батырларын өсіріп, тәрбиелеген осынау ұлан – ғайыр жердің ежелден иесі қазақ халқы екендігін айта келіп, жастарға неде болса, еліңмен, жұртыңмен бірге жаужүрек батыр ағалардай бол дейді. 

Дулат – ақындық өнер, сөз құдіреті туралы да терең тебіренген ғұлама. Абайға дейінгі қазақ ой – пікірі тарихында ақын жайлы сындарлы сөз қозғап, оның психологиясын дөп басқан Дулаттан басқа ойшылдарды табу қиын. («Сөз – жібек жіп, жыр – кесте, құр сөзде күш болмас, ауызға салып шайнамай»). «Ғұлама ойшыл әр кез жақсы сөз жанға жібектей жайлы тиеді, ақылды адамның сөзі тәрбиелі, тәртіпті, жүйелі келеді, шешендік тілге жүйрік болу – адамға аса жарасымды сипат дейді. Ойлы сөз мірдің оғындай нысанаға дөп тиеді, сөз қуаты әсерлі болса, қамал бұзады, мылжың сөздің ешқандай күші болмайды. Сөйлей білу – үлкен өнер, ол кез – келген адамға қонбайды, көпті көрген, көпті түйген адамдардың сөзі де, ісі де берекелі болады. Сөздің шашыраңқы болуы ойдың көмескі мазмұнсыз, сәнсіз болуына алып келеді, ал ойсыздықтан асқан бейшаралық жоқ» – деп түйеді Дулат ақын. 

Ақын өз толғауларында туған жердің әсем табиғатын, асқар тауы мен тасын, орманы мен суын қадір тұтып, қастерлеуге үндейді. Бұлардың қазіргі экологиялық тәрбиеде маңызы белгілі. Ақын мұрасында халықтың педагогикаға қатысты осы айтылғандардан басқа да, адамның әртүрлі кезеңдері, арман – тілектері, жан – дүниесінің түрлі қырлары, қазіргі күн тақырыбымен жымдасып, үндесіп жатқан салиқалы ой – пікірлер аз емес.

Дулат ақынның қазақ әдебиетіне қосқан елеулі жаңалығы ретінде мысал жанрын әкелгендігін айтуға болады. Әр түрлі кейіпкерлер арқылы жатып ішер жалқаулықты, мақтаншақтықты, алауыздықты, арамдықты, сөз – сөзге салынушылықты сөзін берік ұстамаушылықты ашып көрсетеді. Арнау өлеңдері арқылы да шындықты реалистік тұрғыдан өлтіре жырлап, опасыз ел басқарған пысықтардың, мұса – молдалар, имандардың теріс әрекеттерін мінейді. Дулат шығармашылығында көркемдік айшықтардың әр түрін кеңінен қолданған, ұйқас шумақтары өте тартымды, тілге жеңіл, жаттық байқау қиын емес.

Зар заман әдебиетінің көрнекті өкілі – Дулат Бабатайұлының әдеби мұрасы кейінгі жас ұрпақ үшін – сарқылмас қазына.   

   

Әдебиеттер тізімі:

  1. Дәуітов С. Дулат – жыр дүлділі //Қазақ әдебиеті. 1992 ж. 24 – шілде.
  2. Сейсенұлы Д. Елдік пен еркіндіктің жыршысы //Дидар. 2003 ж. 10 – қыркүйек.
  3. Бекбосынов М. Меруерттей асыл сөздің зергері. //Семей таңы. 2002 ж. 2–тамыз.
  4. Бекбосынов М. Қалың қазақ бақыты үшін (Д. Бабатайұлының туғанына 200 жыл). //Семей таңы. 2003 ж. 12 – қыркүйек.
  5. Н. Айтұлы. Ұлттың ұлы жыршысы //Егеменді Қазақастан. 2003 ж. 3 – қыркүйек.
  6. Қ. Рай. Дулат поэтикасының көркемдік – эстетикалық нысанасы. //Жұлдыз. 2003 ж. № 9.

 

 

Ерік Омарғалиев, 

Семейдің облыстық

тарихи - өлкетану музейінің 

ғылыми қызметкері,

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар