Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Думан Рамазан: Әдебиеттен де кетсем бе деген ой т...

17.07.2017 6685

Думан Рамазан: Әдебиеттен де кетсем бе деген ой төңіректеп жүр

Думан Рамазан:  Әдебиеттен де кетсем бе деген ой төңіректеп жүр  - adebiportal.kz

Жазушы, драматург Думан Рамазанмен шығармашылығы төңірегінде сұхбаттасудың сәті түсті. Қашанда өз ойын бүкпесіз айтатын қаламгердің бұл жолғы ой-пікірінен бүгінгі әдеби процестің хал-ахуалы айқын көрінгендей болды.

– Сіздің әңгімелеріңіз «Әдебиет порталында» жиі жарияланып тұрады. Әр шығармаңыз оқырмандар тарапынан қолдау тауып, салыстырмалы түрде үлкен қаралымға ие болды. Бұның сыры неде деп ойлайсыз?

– Иә, «Әдебиет порталы» өзіме қатты ұнайды. Үнемі қарап, оқып отырамын. Мақтағаным емес, жақсы жұмыс істеп жатырсыздар. Оны мен ғана емес, елдің бәрі көріп-біліп отыр. Шығармаларымды үзбей жариялап жатырсыздар. Ол үшін сіздерге мың алғыс. Алланың нұры жаусын! Әрине, жазған шығармаң жарық көріп, оны оқырмандар оқып жатса, жазушыға одан артық не керек?! Қаламгердің шынайы бақыты осы емес пе? Ал оның сыры неде екенін сол оқырмандардан сұрау керек шығар! Мен бұған не айта аламын?!

Бәрі де көзқарасқа байланысты ғой, бір газеттің басшысы: «Мен осы басылымның басында отырған кезде Думан Рамазанның бірде-бір шығармасын бергізбеймін, тіпті атын да ататпаймын!» – депті. Ал енді мен осыған зәрумін бе? Бергізбесе, бергізбей-ақ қойсын! Бір жағынан алып қарасаң, бұлай деуге оның қандай хақысы бар. Егер газет өзінің жекеменшігі болса түсінер едім. Ал мемлекеттік газетті басқарып отырып, осылай деу барып тұрған тоғышарлық емес пе? Осы бір ауыз сөзден оның қандай адам екені көрініп тұрған жоқ па? Кеудесіне нан піскен, көзін шел басқан, менмен, ақымақтау, кекшіл адамды суреттегім келсе, аузына дәл осы сөзді салар едім. Егер ол газетке шыққым келсе, жолын табар едім. Бірден министрге барар едім, немесе Президент апаратына хат жазып жіберер едім. Ал содан кейін бермей көрсін! Тіпті олай істемей-ақ, «мүйізін» өзім-ақ солқылдатып жіберер едім. Бірақ осы маған керек пе? Әрине, керегі жоқ. Білгенін істесін. Қатты айтуға ұялып отырмын, оның өзін де, газетін де «мамашевшылағаным» бар.

– Әбіш Кекілбаев бір сұхбатында: «Мен күндіз қызмет атқардым. Түнде денсаулығымның есебінен жазу жаздым» деген екен. Сіздің қазіргі таңда ресми түрде қызмет атқармайтыныңыздан хабардармыз. Шығармашылықпен емін-еркін айналысуға мүмкіндігіңіз бар ма?

– Қайта мен қызмет істеп жүрген кезімде көбірек жаздым. Міне, екі жылға тақады, бос жүрмін. Тау қопарып тастағаным шамалы. Осы уақытқа дейін екі том әңгімелер жаздым. Бірақ оның бәрін отыздың о жақ, бұ жағында жаздым. Кейінгі он жылда тіпті екі-үш-ақ әңгіме жазыппын. Есесіне бір том пьесалар жинағын жаздым. Жас кездегідей бұрқыратып жаза берудің түкке де керегі жоқ екенін түсіндім. Кейбір шала-жансар шығармаларымнан саналы түрде бас тартамын. Оларды кейінгі кітаптарыма мүлде енгізбеймін. Және өзім тізімнен шығарып тастаған шығармаларымды кітаптарыма кіргізбеуді ұрпақтарыма да аманаттап кетемін. Өйткені, оларға басқа емес, өзімнің де көңілім толмайды. Әрине, көңілім толмайтын шығармалар көп қой. Десе де бұдан былай жариялауға мүлде жарамсыз деп тапқан шығармаларымды зерттеушілер де есепке алмай-ақ қойсын!

Таныс адамдар менің жерге қарап отырмағанымды жақсы біледі ғой деп ойлаймын. Десе де, шынымды айтсам, қазір шығармашылықтан гөрі балаларымның болашағы көбірек ойландырады. Желкілдеп өсіп келеді. Соларға жағдай жасағым келеді. Ата-ананың парызы да сол емес пе?! Америкалықтардың «ақша жоқ жерде – өмір жоқ!» – дейтіндерін енді түсінгендеймін. Шынымды айтсам, ақшаға ешуақытта қызыққан емеспін. Тек балалар өскен сайын ол құрғырдың қажеттілігі сезіліп келеді. Ал шығармашылықпен еркін айналысу үшін көңілде ешқандай алаң болмау керек қой! Кейінгі кездері балаларымның алдындағы жауапкершілік көбірек ойландыратын болды. Барым да, байлығым да – солар ғой! Жүрегіме қолымды қойып тұрып айтайын, солардың амандығынан артық ештеңенің керегі жоқ. Жатсам да, тұрсам да, Құдайдан тілейтінім – солардың амандығы. Жақсы тәлім-тәрбие, жүйелі білім алып, жақсы азамат болып өскендерін қалаймын. Ағаштың мәуелеп жеміс беруі үшін суды қалай құйсаңыз, баланың жақсы білім алуы үшін де қаржыны солай құю керек екен ғой!

Шығармашылықтың құрбандықты талап етерін білемін. Бірақ мен қазақпын, ондай құрбандыққа бара алмаймын. Көптеген талантты қаламгерлердің, ғалымдардың шығармашылықтарын қызметке айырбастағандарын көріп, оларды ақымаққа балаушы едім. Сөйтсем, олар мен ойлағандай ақымақ емес екен ғой! Сондықтан енді шығармашылықпен алаңсыз айналысамын десем, өтірік болар. Бір ой-жоспарлар бар. Әзірше, айтпай-ақ қояйын, реті келгенде өздеріңіз де біле жатарсыздар.

– Әр әңгімеңізді үлкен ойларға арқау етіп жазасыз. «Сыншылар тарапынан еленбей қалды-ау» деген шығармаңыз қайсы? Бар болса, қайсы? Несімен құнды?

– Сыншыларға ешқандай өкпем жоқ. Талданбаған шығармам қалған жоқ десе де болады. Бұл жағынан жолым болды деп айта аламын. Аға буын қаламгерлердің де ақ баталарын жиі алдық, дуалы ауыздарына ерте іліндік. Жалпы тағдырыма ризамын. Несін жасырамын, жастау кезімізде біреу мен туралы жазса, мақтаса екен деп тұратынбыз. Оның да бекер екенін түсіндік. Әйтпесе, дәл қазір кез-келген ақын-жазушыға «мен туралы бір ауыз жылы сөз айтыңызшы!» – деп қолға салсам, сөзімді жерге тастамайтындарын анық білемін. Ұялса да, тіпті жақтырмаса да, ішінен жек көріп тұрса да, көңілімді қалдырмауы мүмкін. Өйткені, араласатын да, сыйласатын да адамдарым аз емес. Оның өзі де өзіңді төмендету екенін түсіндім. Ал шынайы көңілдерімен, өз еріктерімен жазып жатса, алғыстан басқа айтарым жоқ. Бұл жағынан да кемдік көрген емеспін.

Меніңше, ең үлкен жарнама да, сын да, өзіңнің шығармаң! Есекті қанша мақтасаңыз да, ешуақытта тұлпар болып кетпейді. Ал тұлпарды қанша жамандасаңыз да, есек болып қалмайды. Бұл шындықты ешкім де жоққа шығара алмас.

– Әдебиеті дамыған елдерде поэзиядан гөрі, прозаның оқырманы көп. Біздің елде қалай?

– Оның анық-қанығын тап басып айта алмаймын. Ақынжанды халық екеніміз шындық қой, өз байқауымша, біздің елде де прозадан гөрі поэзияны көбірек оқитын сияқты. Бір әңгіме оқығаннан бір өлең оқыған әлдеқайда жеңіл ғой! Мен өз тәжірибемнен айтып отырмын. Шыны керек, өз басым, прозадан гөрі поэзияны көбірек оқимын. Жаным поэзияға жақын.

– Сіздің жаныңыз ғана емес, шығармашылығыңыз да поэзияға жақын сияқты көрінеді маған. Шығармаларыңыздың өн бойынан лирикалық әуен есіп тұрады. Оны жүрекпен сезесің! Жаныңа шуақ төгілгендей күй кешесің! Сіздің әңгімелеріңізге ерекше күш-қуат дарытып, жылылық беріп тұрған да, оқырманды өзіне тартып, баурап алатын да сол ма деймін! Өзіңіз қалай ойлайсыз?

– Ол жағын ойланып көрмеппін! Бірақ адамдардан «сіз лирикалық прозаның өкілісіз» дегенді жиі естимін. Әсіресе, бұл сөзді Әмірхан (Меңдеке) мен Аманхан (Әлімұлы) ағаларым көп айтады. Бәлкім, солай болса, солай шығар. Әйтеуір, «шығармаңыздың бойында адамды қалтыратып жіберетін суықтық бар» демесеңіздер болды.

– Иә, суық, салқын тартып тұратын шығармалар да болады. Ондайда қойныңа жылан кіріп кеткендей күй кешесің!

– Байқамайтының жоқ-ау, бауырым! Мен емес, өзің позияға жақын сияқтысың ғой! Тым сезімтал екенсің! Шынымды айтсам, оған ешқандай мән бермеппін!

– Оқырман тапшылығын сезінетін уақыт бола ма?

– Әрине, қазір бұрынғыдай жаппай кітап оқу жоқ. Мүлде оқымайды деп те айта алмаймын. Құдайға шүкір, оқырмандарым бар. Бір өкініштісі, кітапты тарату ісі шатқаяқтап тұр ғой. Оқырмандарға кітап жетпесе, қалай оқиды? Елдің бәрі интернетті қарап отырмайды ғой! Менің кітабым елге тараған жоқ. Бәрі де мемлекеттік тапсырыспен шықты да, кітапханаларға ғана таратылды. Елдің бәрі кітапханаға барады деп тағы айта алмаймын. Ыңғайы келсе, осы олқылықтың орнын өзім толтырсам ба деп жүрмін. Өз қаражатыма шығарып, кітап дүкендеріне түсірсем деген ой бар. Бірақ бұл өзін-өзі ақтай ма, жоқ па, оны да тап басып айта алмаймын.

– Қазіргі қазақ прозасы туралы не айтуға болады? Менімше, біздің жас жазушылар сол баяғы аңқау, арамдығының өзінен дархандық көрініп тұратын қазақты жазуға құмар сияқты. Жанымызда жүрген кейіпкерлер қаз-қалпында суреттеліп жатыр ма?

– Қазіргі қазақ прозасы шарықтап дамып жатыр десем, өтірік болар. Бізде көкіректерінде көздері бар, не жазуды, қалай жазуды білетін талантты жазушылар жоқ емес. Бірақ ешқайсысының көсіле шабатындай мүмкіндіктері жоқ. Шіркін, соларға бауырларын жазып шабуға жағдай жасаса ғой! Қазақ әдебиеті бір белесті бағындырар еді-ау деп ойлаймын. Әйтпесе, осы тепеңдегеніміз тепеңдеген.

Менің ойымша, жанымызда жүрген кейіпкерлерді қаз-қалпында суреттеудің не керегі бар? Оны онсыз да өзіміз күнде көріп жүрген жоқпыз ба? Біздің қаламгерлердің қателігі де осында ма деймін! Әркім-ақ күнде көріп жүрген нәрсені жазсаң, сонда оны кім оқиды? Оның кімге керегі бар? Біздің не істеп, не қойып жүргенімізді білсін деп жат планеталықтар үшін жазбайсың ғой! Жазушыға ешқандай талап қоюға болмайды. Нені және қалай жазуын өзі шешуі тиіс. Мейлінше адамның жанын жаз, ілхамына үңіл, ішіне түс... Қолыңнан келсе, жаңалық жаса... жаңаша жаз... Әрине, бұл «бүйректен сирақ шығар» деген сөз емес!

Жалпы біз әдебиеттің мәні мен мақсатын әлі дұрыс түсінбей жүрміз. Біздің әдебиетке деген көзқарасымыз мүлде қате екенін енді түсіндім. Көпшілігі жазушыдан жылнамашы жасағысы келеді. Мен де тап осындай тәрбиемен өстім. Солай жаздым да. Кейбір сыншысымақтардың сөзін тыңдасаң, тіпті күлкің келеді. Әдебиеттің мәні мен мақсатын өздері толық түсінбей тұрып, «олай жазбау керек, бұлай жазу керек!» деп ақыл айтады. Күлкілі ме, әрине күлкілі!

Әдебиеттің басты мақсаты – адамды тәрбиелеу немесе заман тынысын ашып көрсету емес қой! Бұндай таным-түсініктен арылатын уақыт жетті. Мен «Қазақ әдебиеті» газінде қызмет істеп жүрген кезімде көкірегінде көзі бар сыншы Бақыт Кәрібаевамен әдебиет туралы сұхбаттасқан едім. Көп адамдардың түсінігінше «томпақтау» ой айтып жүрген сыншы апамызды түсініп, мақаласын да жариялатқан едім. Сонда ол кісі «Шын әдебиет енді туады» деп еді. Оны аға буын ақын-жазушылардың көпшілігі «сонда біздің жасағанымыз – өтірік әдебиет пе?» деп талап-жеп қоя жаздады. Оның сөзіне мән беріп, маңыз артқандар сирек болды. Сыншы не айтқысы келді, нені меңзеді?.. Оны түсіну үшін түйсік, зерде керек! Кеңес кезінде жазылған шығармалардың тоқсан пайызы бүгінгі күннің талабына жауап бере алмайды, мән-маңызын жойған, тақырыптық жағынан ескірген. Мектептердегі, жоғары оқу орындардағы сияқты зорлап, қинап, міндеттеп оқытпасаңыз, таптық, партиялық көзқараспен жазылған шығармаларды енді ешкім де оқымайды.

Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Әдебиеттің мәні мен мақсатын ерте түсінген аға буын ақын-жазушыларымыз да болды. Ол кісілердің кейбірі қаламдарын суытпай әлі де жазып келе жатыр. Құдайға шүкір оқылады, елге сыйлы, жүздері жарық. Десе де басым көпшілігі сол ескі сүреумен әлі «салпаңдап» келе жатыр. Олардың шығармалары, әрине оқылмайды. Себебі ешқандай өзгеріс, жылт еткен жаңалық жоқ. Оқырманның ішкі қажетін өтей алмайды. Бір қалыппен құйылған кірпіш сияқты бір-бірінен еш айырмасы жоқ шығармалар. Сол ескі стил, ескі қалыппен әлі жазады. Сірә, енді өзгермейтін шығар. Қанша жерден сөздің майын тамызып, оқиғаны келістіріп жазсаң да, сен жазушы емессің, құр жазармансың! Жазушының мақсаты бір бөлек, жазарманның мақсаты бір бөлек. Екеуінің үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Өкінішке қарай бізде жазушылардан гөрі, жазармандар көп. Әсіресе, талантты жазармандар көп...

Бұл, әрине, ұзақ әңгіме. Әдебиеттің мәні мен мақсаты туралы қызу пікірталас ұйымдастырсаңыздар дұрыс болар еді. Сонда біздің қателігімізді кейінгі ұрпақ қайталамас па еді деп ойлаймын.

– Осыдан біраз уақыт бұрын «Жастарға үлкен үміт артамын» деген мақалаңызда көптеген әдеби проблемаларды қамтып, артыңыздан ерген қаламгерлердің жазу-сызуына пікір білдірдіңіз. Жазушы түгілі, оқырманның сын-пікіріне зәру болған жастар үшін бұл үлкен қайрау болды деп ойлаймын. Көп жағдайда аға буын қаламгерлер жастарды көзіне ілгісі келмейді ғой. Әдебиеттегі осындай жанды процесті жүргізуге неліктен құлықсыз болып қалдық?

– Қазір ақын-жазушының қадірі қашып, әдебиеттің басынан бақ тайған заман болып тұр ғой. Әркім өзінің қарақан басымен әуре. Байшыкештер мен бишікештердің ғана қағанақтары қарқ, сағанақтары сарқ. Сондықтан аға буын қаламгерлерді кінәлау қиын шығар. Оның үстіне кейбір жастардың бойынан жаман қылықтарды байқайсың. Әрине, мінез керек. Онсыз ештеңе шығара алмайсың! Ал құр көкірекпен ешқайда бара алмайсың! Бойыңда түк жоқ болса, түгімді тікірейтемін деп тыраштанудың өзі барып тұрған ақымақтық!

– Бізде шетелге өз күшімен, қаражатымен танылып, аударылып жатқан бірен-саран қаламгер бар. Қолдан келсе осындай әрекеттерге барған дұрыс шығар. Бұған қалай қарайсыз?

– Әрине, қолдан келсе, аударылғанға не жетсін! Дегенмен, менің ойымша, бәрі табиғи жолмен дамуы керек. Аудартатын шығармаң өз мақсатыңды орындай алатындай болса, кәнеки! Яғни, сенің шығармаң соған лайық болуы керек! Сол елдің зиялы қауымын бей-жай қалдырмай, оқырмандардың жүрегінен жол табуы керек. Сонда ғана ісіңнен бір нәтиже шығады. Ал олай болмаған жағдайда бәрі бекер. Жасандылық ешуақытта абырой әпермейді. Үрлеген шар сияқты бір күні жарылады да қалады.

– Әлем әдебиетінде бір ғана шығармасымен ел есінде қалған классиктер бар. Қай әңгімеңізді жаныңызға жақын тұтасыз?

– Иә, оныңыз рас. Кез-келген қаламгерде атақ-абырой әперген негізгі шығармалары болады. Шығарманың бәрі бірдей шедевр болуы тіптен мүмкін емес. Өзім «Көш» әңгімемді жаныма жақын тұтамын. Бұл шығармамның бағы жанар кезі, бағаланар уақыты әлі алда деп білемін. Неге екенін ашып айтпасам да, түсінетін шығарсыздар. Қазір қайтадан өңдеп жатырмын. Кезегі келгенде, егер құп көрсеңдер, порталдарыңа ұсынамын. Осыдан жиырма жыл бұрын жазған әңгімемді оқып отырып, сол кездегі ащы шындықтардың бүгін тіпті шектен шығып кеткенін байқап, жүрегімнің сыздайтыны рас. Әрине, аянышты, әрі жиіркенішті. Бірақ, бәрібір бұл менің қоғамым, менің елім. Тек бір нәрсені анық түсіндім, менің қолымнан оны өзгерту келмейді екен. Өйткені, тым асқынып, күрделеніп кетіпті. Қоғамымыз – таскерең, адамдарымыз аларман болып алыпты. Сөз ұғар адам азайып, тыңдар «құлақ» қалмаған сияқты. Сондықтан да заманымның илеуіне амалсыз көндім, үнсіз келістім. Басқа шарам қалған жоқ. Енді ештеңе айтпаймын, ештеңе жазбаймын. Тіпті керек болса, өмірімнің мәніне айналған әдебиеттен де кетсем бе деген ой төңіректеп жүр. Бәрін тастап, өзім керемет жақсы көретін, шығармашылығы мен білім-білігін өте жоғары бағалайтын Мейірхан (Ақдәулетов) ағам сияқты тып-тыныш өмір сүргім келеді. Марқұм Әмірхан Балқыбек досым айтпақшы, Абайды сабаған қазақ бізді оңдырар деймісіз! Бір көзім жеткені, Оразбайлар да, оның жандайшаптары да әлі тірі екен! Менің қорыққаным, Оразбайлардың емес, күні үшін туғанына да қамшы сілтейтін жандайшаптардың көбейгені. Өз абыройлары айрандай төгіліп жатса да, жанталасып, жанын сатып Оразбайлардың абыройын қорғаштайтыны. Бейшаралық деген осы шығар!

Текті атаның баласы едік, елді тексіздік жайлады...

– Сіз тарихи тақырыпты көбірек қаузайсыз. Кейбір тарихи шығармалардан дау-дамай көбірек шығып жатады. Ана жерін өтірік жазыпты, мына тұсын асыра сілтеп жіберіпті, бір тарихи тұлғаның істеген ерлігін екіншісіне теліп қойыпты деген сияқты сын-ескертпелер жиі айтылып қалады. Мәселен, Науан хазіретке қатысты дау әлі күнге дейін басылмай келеді. Ал сіздің тарихи шығармаларыңыз туралы ондай артық ауыз әңгіме естіген емеспін. Мұның сыры неде?

– Мұның ешқандай құпия-сыры жоқ. Өмірлік һәм шығармашылық ұстанатын ұстанымдарым бар. Одан енді ешуақытта айнымаймын. Мәселен, тарихи шығарма жазғанда тарихи тұлғаны мейлінше толық зерттеуге күш саламын. Өз жанымнан, қиялдан ештеңе қоспауға тырысамын. Кез келген нәрсенің шындығына көзім жетпесе, есебін тауып, айналып өтемін. Ешбір тарихи тұлғаға қиянат жасағым келмейді. Әсіредіншілдер қанша жерден ойбайласа да, ол кісілердің аруақтарынан қорқамын. Егер тарихи тұлғаның шынымен жаза басып, қателескен жері болса, ешкімнен қорықпай, батыл жазамын. Мәселен, Қоңырқұлжа сұлтанның билік үшін патша үкіметіне сатылып, Кенесарының соңына шырақ алып түскенін, немесе Рүстем төре мен Сыпатай батырдың қиын-қыстау кезеңде ханды сатып кеткендерін неге айтпасқа?! Бұл енді тарихи шындық қой! Керек десеңіз, тарихи құжаттармен-ақ дәлелдеп беремін. Оған дәлел-дәйегім жеткілікті.

Былайша айтқанда, өмірлік ұстанымым бойынша, адам баласына жамандық, қиянат жасамаймын деп әу бастан өзіме-өзім уәде бергенмін. Осы уақытқа дейін ешкімге жамандық жасаған емеспін. Айтыс-тартыстардан да үнемі бойымды аулақ салдым. Ешқандай топқа қосылған емеспін. Егер өтірік болса, айтсын! Ешкімнің ештеңе айта алмайтынына кәміл сенемін. Ал енді болған оқиғаны жазуды, немесе шындықты айтуды жамандық деп есептемеймін. Шығармашылықта да ұстанатын ұстанымым солай!

«Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Қорғанбек Аманжол ағамнан біреу сұрапты: «Осы Думан Рамазан деген қандай адам?» – деп. Сонда Қорғанбек ағам: «Думанның көңілі – сүттен ақ, ниеті – судан таза. Бірақ, мінезі баар...» – деп жауап беріпті. Иә, ағам дұрыс айтады, мінезім бар. Бірақ, оны да орынсыз көрсеткен кезім тағы жоқ. Еркек адамда мінез болмаса, намыс болмаса, не болды? Керек десеңіз, адамды алға жетелейтін де, сол мінез бен намыс деп білемін. Құдайым, мінезсіздік пен намыссыздықтан сақтасын!

– «Көкжал» атты әңгімеңіздегі көкжалдан кейде өзіңіздің бейнеңізді көргендей боламын. Ондай ой өзіңізде болмай ма?

– Шынында да, байқағыш екенсің! Оған шынымен де осындай мән беріп, маңыз артқаным рас! Жастау кезінде адам өзімшілдеу болады ғой! Көкжалды өзіме балап, «маған соқтықпаңдар, егер соқтықсаңдар, кім де болсаң, қан қаптырамын» деген де астар бар еді бұл әңгімеде. Сен соны түсініп қойыпсың! Бұны ешкімге, ешқашан айтпап едім. Ақыры айтқыздың! Әрине, бұл әңгімеде бұдан да басқа астарлар бар. Бірақ оны өзім бастап айтпаймын! Тек осылай айтқыза алсаң ғана айтамын.

– Неге айтпайсыз?

– Өйткені, ол мен, яғни автор айтатын нәрсе емес. Сен, яғни сыншы айтатын сөз. Менікі тек нақтылау.

– Сіз астарға көп мән артатын сияқтысыз. Бұныңызды көп адам түсінбейді ғой!

– Түсінген адам түсінеді, түсінбеген адам түсінбейді. Оған мен ешуақытта бас қатырмаймын. Бірақ астарлап айтқанды жаным қалап тұратыны рас.

– Сіз тылсым дүниелерге көбірек қалам тартасыз. Неге?

– Тылсымдықты, құпиялылықты, сырлылықты жақсы көремін. Дүние сонысымен қызық емес пе?! Солардың сырын ашуға құмартып тұрамын. Менің ойымша, адам жанынан артық тылсым ештеңе жоқ. Мықты болсаң, адам жанының құпиясын аш, сырын шерт. Жазушы дейін!

– «Жан» әңгімеңіздегі тылсымдықтың негізі бар ма?

– Ондағы тылсымдыққа аса мән берудің қажеті шамалы. Айтарын түсініп, философиясын ұқсаңыз жетіп жатыр.

– «О дүниедегі кездесу» әңгімеңіздегі өзіңіз суреттеп жазған оқиғаға өзіңіз сенесіз бе?

– Оған сену міндетті емес. Тек содан ғибрат алсаңыз болды.

– «Арғымақ» әңгімеңіздегі – арғымақ – қаламыңыз емес пе?

– Оның да астарын дұрыс түсінген екенсің! Иә, қаламгерлігім, өнерім, шығармашылығым.

– Жазушылардың үздік шығармаларын таныстыру оқу орындарынан бастау алады ғой. Мектеп пен жоғарғы оқу орындарындағы әдеби оқулықтарға көңіліңіз тола ма?

– Мүлде көңілім толмайды. Әлі күнге дейін бұрынғы жаттанды, таптаурын стилмен жазылып жатыр. Негізгі ұстын дұрыс емес. Жаңаша жазуға деген талпынысты да көріп тұрғамын жоқ. Оның жанында жас қаламгерлердің жазғандарына көңілім толмаса да, жаңаша жазуға деген талпыныстары мен ұмтылыстары ұнайды. Көңілге қуаныш ұялатар да осы.

– Неден қорқасыз?

– Ата-анамыздың тәрбиесімен өршілдеу болып өстік. Ешкімнен, ештеңеден қорықпаймын, өмірімнің соңына дейін шындықты шырқыратып айтып отырамын деп ойлаушы едім. Сөйтсем, оным бекер екен. Сөзден өлердей қорқады екенмін. Сөздің қуаты күшті екен. Елуге дейін абыройымды қас қақпай қорғап, күзетіп келіп едім. Қазір шындықты айтатын адамның өз басын жаманатқа байлап жіберетін болыпты. Сол себепті шындықты айтуды да доғардық. Елімді, халқымды, ылығып-былығып кеткен қоғамымды ойласам, көп нәрсе айтқым келеді. Өйткені, жаным ашиды, жүрегім ауырады. Ал өзімді ойласам, ештеңе айтқым келмейді. Тым өзімшіл екенмін. Тек «шындықты айта алмағандарымен қоймай, айтқызбауға тырысатындар мен қарақан басының қамы үшін өтірік айтатындар да бар ғой» – деген оймен өзімді-өзім жұбатамын. Әрине, бұл қайбір жұбаныш болар дейсің?! Әйтеуір, дәтке қуат.

Дені дұрыс қоғамда шындықты айтатындар бағаланады ғой, ал біздің кері кеткен қоғамда өтірік айтатындардың айдарынан жел есіп, дәурені жүріп-ақ тұр. Мен біздің қоғамға «Өтірікшілер қоғамы» деген ат беремін. Көзімізді бақырайтын қойып бәрі өтірік айтады. Соған бәріміз өтірік сенеміз. Сенбесек те, сенген сыңай танытамыз! Өзімізді-өзіміз осылай түсіріп жібердік! Шындық адыра қалды. Келіс, мейлі, келіспе, біз өтірікпен ауызжаласып өмір сүріп жатырмыз. Өтірік айту, өтірік сөйлеу – біздің өмір сүру салтымызға айналды. Әрине, қорқынышты. Бірақ, шындық осы! Тура «Көш» әңгімемдегі оқиғалар әлі қайталанып жатыр. Біз қашан дені дұрыс қоғам құрамыз! Әрине, сенімнен гөрі күдік-күмән басым.

Саған айтар ақылым, шындық үшін шырылдама, өтірік айта бер, өтірік мақтай бер, сонда жолың ашылады. Игіліктің бәрін көресің! Қызметің өседі, тұрмысың түзеледі, жағдайың жақсарады. Жақсы емес пе! Міне, біз өкінішке қарай, осындай қоғам құрдық. Байқаймын, мұны жастар жағы жақсы біледі, менің өзім өмір сүруді солардан үйреніп жүрмін! Өмір сүрудің өзі де үлкен өнер екен ғой! Қазіргі жастар соны іштен оқып туған сияқты. Не дейміз, игілігін көрсін! Кейде ойлаймын, өйтіп игілігін көргені құрысын! Адам ешкімге жалпақтамай, жалтақтамай, жағымпазданбай, тіленшектенбей, қысқасы тексізденбей, өз жағдайын өзі жасау керек!

– Бүкпесіз шынайы әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар