Эпикалық жыршылық: кеше, бүгін және келешек

Мәселен, Жамбылды жай ғана ақын деп қарастыру оның өнерінің табиғатын толық ашпайды. Жамбыл – даңғайыр эпик жыршы. 

Эпикалық жыршылық: кеше, бүгін және келешек - adebiportal.kz

«Қаламгер ұстаханасы» – Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының бірлескен жобасы. Жоба аясында белгілі қаламгерлер мен ғалымдардың дәрістері өткізіліп келеді. Кезекті дәрістің қонағы – белгілі жыршы, ғалым Берік Жүсіпов болды. Ол «Эпикалық жыршылық дәстүр: кеше, бүгін, келешекте» тақырыбында ой бөлісіп, қазақтың дәстүрлі жыршылық өнерінің тарихы, табиғаты мен қазіргі жағдайына тоқталды.

Жыршылық өнерге келу жолы

«Не айтам?» деген бір тәмсіл бар. Білетін адам да «Не айтам?» дейді, білмейтін адам да «Не айтам?» деп сұрайды. Мен бүгінгі әңгімемді осы риторикалық сауалдан бастағым келеді. Мен он үш жасымнан бастап жыршылық өнермен айналыстым. Он төрт жасымда бір күн, бір түн жырлайтын үлкен эпикалық репертуарым болды. Он бес жасымда Қарақұм деген жерде қойшылар мен түйешілердің арасында жырлап, алғашқы еңбекақымды алғам. Жыр айтқаным үшін жиырма қой, бір тайлақ, бір құнан бергені әлі есімде. Сонда әке-шешемді бір қуантқанмын.

Он жеті жасымда консерваторияға оқуға түсіп, халық әні кафедрасында білім алдым. Бұл кафедра алғаш ашылған кезде төрт студент қабылдандық. Солардың бірі – мен, екіншісі – Бекболат Тілеухан, қалған екеуі Семейден келген екі қыз еді. Алғашқы ұстазым – Жәнібек Кәрменов. Ол кезде жыршылық өнерден дәріс беретін арнайы маман болмағандықтан, халық әні кафедрасында оқыдым. Набат Ойнарова апамыз дәріс беретін. Жәнібек ағамыз мені өз қамқорлығына алып, бірде: «Берікжан, мен саған ән үйретпеймін, бірақ мені тыңда», – деген еді. Жәнібек Кәрменовтей ұлы ұстазды жолықтырғаныма мың да бір шүкіршілік етемін. Оның орындаушылығын тыңдау арқылы қазақтың ән, күй, жыр өнеріне ортақ көзқарас қалыптастырдым.

Ғылыми ізденістер 

Алғашқы монографиям – «Мырзастағы жыр мектебі». Бұл еңбекті он жеті жасымда аяқтап, жиырма жасымда жарыққа шығардым. Жиырма жасымнан бастап «Жиделібайсын күйлері» тақырыбын зерттеуге кірістім. Бұған Сыр бойында күйшілік дәстүр болмаған деген ғылыми тұжырым түрткі болды. Қазақтың өзге өңірлерінде күйшілік өнердің қалыптасқанын ескерсек, жыршылық дәстүрі аса жоғары деңгейге көтерілген Сыр бойында күйшілік өнердің болмауы мүмкін бе деген сұрақ туындады.

Зерттеу барысында белгілі бір өнер түрі ерекше дамып, биік деңгейге көтерілген кезде айналасындағы басқа өнер салаларын өзіне сіңіріп, жұтып қоя алатынына көз жеткіздім. Менің пайымдауымша, Сыр бойындағы жыршылық дәстүрдің аса қуатты дамуы әншілік пен күйшілік өнердің өзіндік ерекшеліктеріне де ықпал еткен.

Осы тақырыпты зерттей жүріп, консерваторияны тоғыз жыл оқып, жиырма бес жасымда тәмамдадым. Сол кезеңде «Жиделібайсын күйлері» атты еңбегім жарық көрді. Онда Сыр бойындағы күйшілік дәстүрдің тарихы мен теориясын қатар қарастырдым. Бүгінде бұл кітаптағы күйлер домбырашылар арасында орындалып, түрлі байқауларда пайдаланылып жүр.

Келесі зерттеуім – «Сыр бойының жыраулық дәстүрі». Бұл еңбек кандидаттық диссертациямның негізіне айналды. Оны жиырма сегіз жасымда қорғадым. Ғылыми жетекшім академик Рахманқұл Бердібай болды.

Диссертацияны өнертану және мәдениеттану салаларын біріктіре отырып қорғау жөнінде ұсыныстар да айтылды. Алайда бірнеше ғылыми бағытты қатар қамтитын мұндай қорғаудың өзіндік қиындығы болды. Менің негізгі әрі ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде айналысқан тақырыбым – эпикалық жыршылық дәстүр. Зерттеу жұмысымның тақырыбы «Эпикалық жыршылық дәстүрдегі репродуктивтік және креативтік шығармашылық негіздердің қосарлану проблемасы» деп аталды. Бірде ұстазым, марқұм Ақселеу Сейдімбек тақырыбымды сұрап, атауын естігенде: «Шырағым-ау, сенің тақырыбыңның өзінен бір кандидаттық диссертация қорғау керек қой. Миыңа көп жүк артып қоймайсың ба?» – деп әзілдегені бар. Бұл тақырыпты он жеті жыл зерттедім. Былтыр еңбекті орыс тіліне аударуға бір жыл үш ай уақытым кетті. Алғашқы аударманы үш адам бірлесіп жасағанымен, көңілімнен шықпады. Содан кейін өзім қолға алып, бұрынғы орыс тілімді қайта жаңғыртып, кітапты аударып шықтым. Ендігі мақсат – еңбекті ағылшын тіліне аудару. Өйткені әлемдік ғылымда эпикалық мұраға деген қызығушылық артып келеді. Бұл зерттеуде көтерілген теориялық мәселелерді халықаралық ғылыми айналымға енгізу маңызды деп есептеймін.

Жыршылық өнер – халықтың қоғамдық жадын сақтаушы құбылыс

Поэзияның табиғатын түсіну үшін ырғақ пен бейырғақтың арақатынасын зерделеу қажет. Бұл – бір-бірімен сабақтас екі құбылыс. Ырғақ бейырғаққа қалай көшеді? Бейырғақ санада қалайша ырғақ табады? Меніңше, поэзиядағы образдар жүйесінің қалыптасуы осы үдерістермен тікелей байланысты. Адам дүниені алдымен зат ретінде таниды. Алайда сол заттың санамызда басқа сипатқа ие болуы, яғни затсыздану үдерісі де бар. Мысалы, жартасқа айғай салғанда, дауыс кері жаңғырып, жаңғырық пайда болады. Поэзиядағы ырғақ пен бейырғақ та санадағы осындай жаңғырықпен байланысты. Уақыт өте келе санадағы жаңғырық белгілі бір бейнелер жүйесін қалыптастырады. Ақынның образ жасау қабілеті де осы танымдық ерекшеліктерден бастау алады.

Дегенмен жазушы мен жыршының шығармашылық табиғаты бірдей емес. Жазушының ойлануға, толғануға, образ жасауға уақыты бар. Ал жыршының жағдайы мүлде бөлек. Ол кейде ат үстінде келе жатып-ақ жыр шығарады. Оның санасындағы образдарды, ұйқастарды, формулалық тіркестерді тыңдаушының танымына қарай сол сәтте жеткізуіне тура келеді. Сондықтан жыршының шеберлігі оның репертуарымен ғана емес, орындау үстіндегі шығармашылық қабілетімен де өлшенеді.

Біз жыршы шығармашылығын көбіне жазба поэзияның өлшемдерімен бағалап келдік. Бұл – түбірімен қате көзқарас. Мәселен, Жамбылды жай ғана ақын деп қарастыру оның өнерінің табиғатын толық ашпайды. Жамбыл – даңғайыр эпик жыршы. Менің пайымдауымша, жырау мен жыршының танымдық негізінде «біз» деген ұғым жатыр. Олар жеке адамның сезімінен гөрі тұтас қоғамның мүддесін жырлайды. Ал ақынның шығармашылығында «мен» ұғымы басым. Ақын сыртқы дүниені өзінің ішкі әлемі арқылы бейнелейді. Жыршы мен жырау болса, сыртқы дүниені қоғамдық мүдде мен ортақ мақсат тұрғысынан суреттейді.

Эпик жыршы бір жырды екінші рет дәл сол қалпында қайталай алмайды. Ол шығарманың сюжетін, негізгі оқиғаларын сақтағанымен, орындау барысында мәтінді түрлендіріп отырады. Тіпті тұрақты мотивтердің өзі әр орындалғанда белгілі бір өзгеріске ұшырайды. Ал тұрақсыз мотивтер жыршының көңіл күйі мен эмоциясына қарай құбылады. Сондықтан жырдың әр орындалуын жеке шығармашылық акт ретінде қарастыруымыз керек.

Мифологиялық таным және музыкалық аспаптардың табиғаты

Ежелгі дүниетанымда әлемнің жаратылуы, адам мен табиғаттың байланысы туралы түсініктер ерекше орын алған. Мысалы, зороастризм ілімінде дұрыс ой, дұрыс сөз және дұрыс әрекет деген үштаған қағида бар. Бұл – адамның танымы мен іс-әрекетін байланыстыратын тұжырым.

Осы үштік ұғымды Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде кездесетін жоғарғы, ортаңғы және төменгі әлем туралы түсініктермен де сабақтастыруға болады. Мұндай танымдық жіктелулер халықтың тұрмысында, салт-дәстүрінде, тіпті музыкалық аспаптардың құрылымында да көрініс табады.

Мен аспаптарды олардың сыртқы пішініне қарап қана емес, ішкі құрылымдық ерекшеліктеріне қарай зерттеуге мән беремін. Мысалы, домбыраның басы, мойны, шанағы, тиегі, пернелері мен дыбыс ойығы белгілі бір жүйе құрайды. Қазақтың дәстүрлі аспап жасау өнерінде әр бөлшектің өзіндік атауы мен қызметі бар. Бұл атаулардың астарында халықтың танымы мен дүниені қабылдау ерекшеліктері сақталған.

Күй құрылымындағы бас буын, орта буын және саға тәрізді жіктелулер де үштік жүйенің көрінісі. Зерттеушілердің бірі бұл құрылымды таудың басы, орта белі және етегімен салыстырған.

Қобыз бен домбыраның дыбыс шығару ерекшеліктері де әртүрлі. Домбырадағы дыбыс тербелісі мен қобыздағы ысқыш арқылы алынатын дыбыстың табиғатын салыстыра зерттеу қажет. Әсіресе бурдон құбылысының музыкалық мәдениеттегі орнына назар аударған жөн.

Бурдон – музыкалық шығарманың бойында тұрақты созылып тұратын дыбыстық негіз. Оның арғы жағында ежелгі дүниетанымдағы әлемнің ыңыранып, күңіренген дыбыстардан жаралуы туралы түсініктер жатыр. Қобыздың қоңыр үні мен көне музыкалық танымның арасындағы байланысты да осы тұрғыдан қарастыруға болады.

Меніңше, музыкалық аспаптардың құрылымы мен олардың мифологиялық танымдағы орнын кешенді түрде зерттеу қажет. Бұл бағытта әлі де ашылмаған мәселелер көп.

Жыршылық дәстүрдің бүгінгі жағдайы және болашағы

Бүгінде эпикалық жыршылық дәстүрдің табиғи ортасы әлсіреп барады. Қазақ, қырғыз, қарақалпақ, түркімен халықтарында бұл мұра белгілі бір деңгейде сақталғанымен, оны толыққанды дамып отыр деп айта алмаймыз. Қазіргі жыршылықтың басым бөлігі сахналық сипатқа ие болды. Ал дәстүрлі жыршылықтың негізгі ерекшелігі – жыршы мен тыңдаушының табиғи байланысында, әлеуметтік ортада өмір сүруінде.

Жыршы – тек өнер көрсетуші емес, қоғамдық ой-пікірді реттеуші тұлға болған. Оның қызметі қоғамның сұранысына байланысты қалыптасқан. Бүгінгі қоғамда бұл міндеттердің бір бөлігін басқа институттар атқарып отыр. Соның салдарынан дәстүрлі өнер иелерінің қоғамдық қызметі де өзгерді. Жыршылық өнерді дамыту үшін ең алдымен оның табиғи ортасын, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты, өңірлік ерекшеліктерді қайта зерделеу қажет. Әсіресе қазақтың ән, күй, жыр мұрасындағы аймақтық және рулық сипаттарды ғылыми тұрғыдан зерттеудің маңызы зор. Мұнда саяси ұлтшылдық пен халықтың тарихи тегін, мәдени сабақтастығын тануға бағытталған зерттеуді шатастырмауымыз керек.

Меніңше, қазақтың ән, күй, жыр мақамдарын түгел жинақтап, салыстырып, синоптикалық әдіспен қайта зерттейтін арнайы ғылыми институт қажет. Мұнда қырық-елу маман жұмыс істеп, ұлттық музыкалық мұраның құрылымын, формулаларын, орындаушылық ерекшеліктерін кешенді түрде зерделеуі керек. Бұл – бірер жылда шешілетін мәселе емес. Жүйелі зерттеу жүргізуге кемінде он жылдай уақыт қажет болуы мүмкін.

Ең бастысы, біз ғылымда бір ғана тұжырымды абсолютті ақиқат ретінде қабылдамауымыз керек. «Солай болуы мүмкін» деген ғылыми ұстаным зерттеушіні жаңа ізденістерге жетелейді. Фольклортану мен этномузыкатануда да осындай ашық көзқарас қажет.

Жыршылық өнер – өткеннің жәдігері ғана емес, халықтың танымын, тарихи жадын, дүниетанымын сақтап келе жатқан күрделі мәдени құбылыс. Оны сахналық орындаушылықпен шектемей, табиғи ортасымен, шығармашылық заңдылықтарымен және қоғамдық қызметімен бірге зерттегенде ғана дәстүрдің шынайы болмысын тани аламыз.

Түйін: Біз «Қаламгер ұстаханасының» кезекті лекциясын оқырман назарына ықшамдап ұсынып отырмыз. Толық нұсқасы YouTuobe-тағы «Әлқисса» арнасында жарияланады. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan