Алғаш оны көргенде денем тоқ соққандай дір етті. Биіктігі адам бойымен бірдей, қалыңдығы семіз жылқының төрт елі қазысындай шап-шағын әйнек қораптың ішінде жатыр екен. Бала-шаға қызықтап қарап тұр. Ал, ол болса басы салбырап, көзі жасаурап жатыр. Ара-тұра алдыңғы аяғымен қарсылық көрсеткендей, әйнекті теуіп-теуіп жібереді. Бірақ, онысынан түк шықпасын өзі де сезетіндей... «Кеше ғана қоңыр даланың қожайыны едім, бүгін осындай күйге түстім. Ертең сендер де менің кебімді киесіңдер», – деп тұрғандай кекті жанары. Көзінде мұң болғанмен, қуаты қайта бастағаны көрініп тұр. Ех, шіркін бостандық!..
Мен оның оты өшкен жанарынан осындай жазу оқығандай болдым! Ұзақ қарап тұрғандікі ме, көңілім босап, аяп кеттім. Қолымнан не келеді. Бәрі кеш еді. Аузын арандай ашып есінегенде жүрегіме әлдебіреу ине шаншып алғандай болды. Оның тістері жоқ. Әрине, кәріліктен түсіп қалмағаны айтпаса да түсінікті. Адам баласы оны қызықтау үшін солай істеген. Бізге керегі осы ма еді? «Неткен жауыз едік адамдар» – деп айқайлағым келді. Бұдан артық тұра алмасымды білдім де кетіп қалдым. Бірақ ойымнан кетпей қойды. Саябақты аралап көңілімді басқа нәрсемен алдаусыратқым келсе де, арыстанды ұмыта алмадым.
Әне, жұрттың бәрі сол маңға жиналып алыпты. Жападан жалғыз отырып ойға баттым. Кенет тордағы арыстан босап кетіп саябақтағы демалушыларды жазым қылса ше? «Әй, оның тісі жоқ қой» – дейді ойымды ой қуалап... Иә, бірақ жыртқыштың аты жыртқыш қой.
Сол күні қонақүйге түннің бір уағында келдім. Себебі, саябаққа жақын еді. Көзімді жұмсам болды арыстанның өлеусіреген әлсіз бейнесі елестейді. Мұңлы көзімен «Мені мына пәледен құтқар» – деп жылап тұрғандай болады. Айттым ғой, кеш еді. Жоқ, қолымнан келмес еді. Бұл қалаға менің де табаным алғаш тиіп тұрғанын ол жазған қайдан білсін. Мен де сол арыстанның аржақ-бер жағындағы адаммын. Иә, өз еркім өзімде десем де, еркімнен тыс бас шұлғып езу тартатын кездерім аз емес. Сен өзіңді қайтып жұбататыныңды білмеймін, арыстан! Ал, біз пенделер «Өмір ғой» деп өзімізді-өзіміз алдаймыз... Сен қанша азап тартсаң да бақыттысың, арыстан! Себебі, сен берілмейсің!
Түсімде мен оған жақындап осылай ақталып жатыппын. Бұл түсім өңімдегі тірлігімнен де алыс емес екенін қу ішім сезеді. Мүмкін жыртқыш арыстан да сезіп, біліп тұрған шығар. Оның тісін қағып, осындай күйге түсірген адамдар екенін ол білмейді дейсіз бе? Әрине, біледі. Сол үшін де ол өзін-өзі кешірмеуі мүмкін. Ал, біз ше? Бізге бәрібір. Иә, дәл солай? Қайталап айтамын, бізге бәрібір болып кеткелі қашан. Ол кезде біздің әкелеріміз тура біздің жасымызда болатын. Міне, содан бері бәрібір болып кетті. Одан бері ширек ғасыр өтті. «Бізге керегі ол емес еді ғой» – дейді сол баяғы ішімдегі дауыс. Бірақ ол дауыстың үмітінен бірде шығып, бірде шыға алмай келе жатқанымды немен түсіндірсем екен сіздерге? Мүмкін кейін өздеріңіз-ақ түсініп аласыздар деп ойлаймын.
***
...Үшінші күн. Саябаққа тағы келдім! Сол баяғы үйреншікті көрініс. Арыстан бұл жолы теріс қарап жатып алыпты.
– Алдына келген асты да жемейтін болды, – деді қарауыл.
– Ол жақсылық емес, – дедім тісімді шықырлатып.
– Бұның орнына жастауын әкелетін сияқты, – деді ол.
– Сонда оның да тісін қағып ала ма? – дедім аянышты үнмен.
– Иә, онсыз бола ма? Халықтың қауіпсіздігі үшін ғой бәрі аға, – деді ол күле сөйлеп.
Өне-бойымды жылан аралап кеткендей болды. Келген ізіммен кері қайттым.
– Аға, көзілдірігіңізді қалдырып кеттіңіз. Естімеген болып кете бердім де, кілт тоқтап қарауылға қарай жүрдім.
– Сен бастығыңа айтсаңшы, арыстандардың обалына қалуды қойсын, – дедім. Ол ештеңе түсінбеген адамдай таңырқап қарап қалыпты. Сөзімді қайталағанымда барып:
– Өй, аға, қарауылдың сөзі кімге өтеді? Сіз де қызық сөйлейді екенсіз, – деді күліп. Одан ары сөйлеп береке таппасымды білдім де, тез-тез басып жүріп кеттім. Көзімнен мөлдір тамшылар ыршып кетті. Қонақүйге келіп армансыз жыладым...
Жауыздық саған шек бола ма? Мезгілінен бұрын солған гүлдей Жаратқанның айрықша жаратқан хайуанатын табиғатынан аздырамыз. Бізге керек бостандық оларға да керек екенін неге түсінбейміз. Сөйтсем, бұл сұрақтың жауабын өзім де білмейтін болып шықтым. Ойлана келе енді ол саябаққа бармауға бел будым. Екі апта шыдасам жұмысым да ыңғайланар. Сосын, бұл қалаға аттап баспауға бекіндім!
Адам өзінің менін жеңе алмайды екен. Егер, оны жеңгенде одан бақытты адам болмайтын еді. Екі күннен соң саябаққа тағы бардым. Шағын болғанмен, саябақтың көркі көз тартады. Мен тек арыстанның ғана маңын аралаймын көбінше. Мен үшін одан артық қасіретті де қасиетті орын жоқ. Қасіретті болатыны – түсінікті ғой. Қасиетті болатыны – өзіме, тек өзіме ғана аян. Оны айтпаймын. Сезе алатындар жан-жүрегімен сезе алады.
Арыстанның шарауасы біткен. Тіпті, бос қоя берсең қаланың бұралқы иттеріне жем болуы мүмкін. Күдірейген жалы басылып, отты жанарында ұшқын да қалмаған. Иегі салбырап, қу сүйегі қалған. Қуғанын аттатпайтын, дала қожайыны мына тұрысында мысық құрлы айбар көрсете алмайды. Оның бұл аянышты халін көрсе өзге хайуандар не ойлайды екен, ә? «Патшамыз ғой», – деп, мүсіркей ме, әлде басынан аттап, мазақ ете ме? Мүмкін табалайтын шығар. Бірақ бәрібір оның алапат айбарынан, орып түсетін қайратты тісінен қорқар еді. Оның рухы тіссіз-ақ өзін асырайды, бәрінен бұрын оған адамдардың қиянаты қатты батты. Оны сол дерт шөктіріп барады. Әйнек қорап, темір тор оның қонысына айналғалы қашан: Қарауылдың айтуынша он бес жылдан бері бала-шағаның ермегіне айналыпты. «Басында қатты жаным ашитын. Қазір етім үйреніп кетті. Мен оған адал қызмет етіп келе жатырмын. Біз – доспыз деуге болатын сияқты. Бір-бірімізді сатқамыз жоқ. Ол алғашында мінезді болатын, жиі керісіп қалатынбыз. Тәртіпке салдық. Содан, ептеп түсінісе бастадық. Бұдан айрылу маған да қиын соғайын деп тұр. Мұның орнын жас арыстан басса қиғылықты салады. Оны өз ережемізге бағындырғанша кім бар, кім жоқ. Бұл бір қиямет-қайым іс болайын деп тұр» – деп қынжылды қарауыл.
–Арыстанның не керегі бар? – дедім.
–Өй, аға, халық тек осы арыстанды көру үшін келеді саябаққа, – деді ол күле сөйлеп.
–Көргенде не істейді?
–Суретке түседі, балалары қызықтайды, – деді ол.
–Оның несі қызық, – дедім тістеніп тұрып.
–Ол жағын өздерінен сұраңыз, – деді менің қырсыға қалғанымды сезген қарауыл да мінез көрсетіп...
–Қаланың халқына арыстан тұрмақ, тышқанның өзі қызық екенін білмейсіз бе? Әлде әдейі сұрап тұрсыз ба? – деді үнсіздікті бұзған қарауыл.
–Өй, қалаң бар болсын! Қалалықтардың түп-тамыры ауылда емес пе? Бәрі сол тектен ажырап қалғанның кесірі ғой, – дедім көзім шатынап.
–Иә, ол жағы бар. Ауылдың топырағына аунап, түтінін иіскеп ержетпеген бала дұрыс азамат болып қалыптаса алмайтын сияқты. Саябаққа еңбек демалысына шыққан қарттар немерелерін ертіп келеді. Бәрі шүлдірлеп өзге тілде сөйлеседі. Жаным ауырады соларды көргенде, – деді қарауыл.
Оның бұл сөзіне ішім жылып қалды. Балағында биті бар қудың біреуі болса керек. Шынымен де жаны күйзеліп айтып тұрғаны көзінен көрініп тұр. Адамның көзі алдамайды.
–Ақырын-ақырын ретке келе жатыр ғой, – дедім.
–Қайдан, мен ондайды байқамадым. Күніне сан мың адам келеді. Көбі қазақтар. Бірақ басқа тілде сөйлеседі, – деді жақтырмай.
–Енді, ондай-ондай болады, – деп едім:
–Жоқ, болмауы керек деп тұрғаным жоқ. Өзімізді сыйлауымыз керек қой. Өзін сыйламаған халық өзгеге өзін сыйлата алмайды, – деді сөзін нығарлай түсіп.
–Иә, бұл сөзіңмен келісемін, – дедім.
Келіспесіңізге амалыңыз жоқ. Бұл шындық! Біз шындықты басы-көзіне қарамай сабап келеміз, – деді ол сөзін сабақтап.
Ішімнен «мынауың бір тіл мен жағына сүйенген пәле екен ғой» деп ойлап үлгергенімше болған жоқ ары қарай тағы сөйлеп кетті.
–Сіз неге алжыған кәрі арыстанға жаныңыз ашып жүр, – деді таңырқағанын жасыра алмай.
–Біз әу баста сол арыстан сияқты ұлт болатынбыз. Солай болып қала алмадық, – дедім.
–Жөн, бірақ арыстан қартайғанда өз тамағын өзі тауып жей алмайды, оның несі жақсы, – деді.
–Азық әкеліп беретін ұрпақ, ізбасар тәрбиелеуіміз керек еді, – дедім.
–Оның жөн дейік! Бірақ сол азықтан шығады ғой пәленің бәрі, – деді ол.
–Пәле шықпау үшін, жоғарыдағы айтқанымыздай түп-тамырымыздан қол үзбеуіміз керек, – дедім.
–Дұрыс айтасың. Әй, бірақ, қиын ғой, – деді ол күрсініп.
Оның сөзінің жаны бар еді. Осы арыстанды кейде қартайып өлген атама ұқсатамын, атамның тістері түсіп әбден қиналып еді. Жасынан қазы-қарта жеп өскен адам өмірінің соңғы он жылында быламықты талғажау еткенін көз алдыңа елестетші? «Тоқсан келейін деген жасым ба еді, быламық жейін деген асым ба еді» –деп, күрсінетін жарықтық. Ауруы жанына батқанда айтқан екен ғой. Оны кім түсінген. Мына арыстан сөйлерге тілі болмағанмен, көзімен бәрін ұқтырып тұрғандай. Сенсең, соңғы жылдары осының көзіне қарай алмайтын болыппын. Тәп, бір күнәлі адамдай. Мүмкін күнәлі де шығармын...
–Ал, сіз кімге ұқсатасыз бұл арыстанды, – деді ол күтпеген сұрақ қойып.
Иығымды қиқаң еткіздім, сасып қалып.
–Не болды, өз-өзіңізден қорқып, не көрінді сізге? – деді таңданысын жасыра алмай.
–Жәй, қорыққаным жоқ, ол жағын мүлдем ойламаппын, – дедім шімірікпей.
–Жоқ, сіз өтірік айтып тұрсыз, – деді сенімді түрде.
–Оны қайдан білесің, ішіме кіріп шықтың ба, – деп едім:
–Көзіңізден біліп тұрмын! Адамның көзінен ішкі жан-дүниесін көруге болады, – деді қадала қарап.
–Зорланып күлдім де, көзімді тайдырып, басқа жаққа қарадым.
–Жә, жетер, түстен кейін бастықтың қабылдауында болуым керек, бармасам болмас, – деп қолын созды. – Жақсы күндерде кездескенше, тарихшы мырза, – деді күліп.
Кекеткенін әлде шынайы айтқанын түсіне алмай тұрып қалдым. Сәлден соң барып, ол мені қайдан таниды деген ой санама сақ ете қалды.
Одан кейін ол қарауылды кездестіре алмадым! Ертең кетемін деген күні саябаққа бардым, кәрі арыстанның орнында жас арыстан тұр. Адамдар күндегісінен көп жиналып алыпты. Жүрегім ұлып қоя берді.
Қарауыл дұрыс айтады. Мен кәрі арыстанның кімге ұқсайтынын біліп тұрып оған айта алмадым... Ал, сіз айта аласыз ба?..
Ерғали БАҚАШ
Материалды көшіріп жариялау үшін
редакцияның
немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме
берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас
құқықтар
туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның
көзқарасын білдірмейді.