Етік (хикаят)
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.
Бұл сәл ертеректе болған оқиға еді.
Қыстың басы шыңылтыр аязбен басталып, жердің бетін сүреңсіз тұман бүркеп, кей-кейде таңнан таңға ұласқан, көз көріп құлақ есітімеген, қалың қар жауып, жер жарықтық бетін күн шалмастан, қыс баласы ақ көрпесін қымтанып жатты да алды. Қытымыр аяз бурадай бұрқ-сарқ еткен ызғарлы түндерде, адамдар жайма-шуақ көктемді сағынды. Әсіресе, жаз баласы ұшқан құстың қанаты күйетін, жорғалаған жыланның бауыры жидитін, айналаңа қарасаң шет-шегі көрінбейтін, құм бүркеген қу медиен, Сарышөлдің қысы тым қатты, тым үрейлі болды. Сарышөл кілең жарлы, кедейдің мекені. Қаладан аядай там, ұлтарақтай жер бұйырмаған, бағы жанбай, соры тасыған, қолтыққа қысар там-тұм ғана жүгі бар, жамбас сияр тар қуыс іздеген панасыз жандардың қоныс тебер соңғы тиянағы. Соңғы үміті болатын.
Қыстың осындай аязды түндерінде, үйіне сүйретіліп әрең жеткен Дәурен бірдеңеден құр қалғандай табалдырықтан сүріне жаздап, есіктен алқына кірді. Ауызғы бөлме не ас үй деуге, не дәліз деуге келмейтін, бықсыған ыдыс-аяқ пен қиқы-жиқы шкаптар орналасқан тар қуыс болатын. Жанған көмірдің ыстық жалыны бетін шарпып, «өмірдің рахаты жылу екен ғой» деп ойлады. Аяғын төрге қарай кезек-кезек аямай екі сілкігенде, туфлиі маздап жанған пешке қарай зымырай жөнелді. Біреуі пештің бүйіріне соғылып төңкеріліп түсті де, енді біреуі пештің бетін жалап өтіп шкафқа соғылды. Егер қақпағы ашық боғанда пешке түсіп кетері даусыз еді. Сүт тұрса сүтке, сорпа тұрса сорпаға түсер еді. Етегі делдиген көне тоз, жалбыр тонның өңірін ашып тастап, пешке қақталып мұңайып отырған жардай келіншек селк ете қалды. Жалма-жан орнынан атып тұрып,
- Мынаған не болған ей! – деп, қорбаңдап барды да туфлиді жерден іліп
алып, ұлтарағын жая бастады. Бұл күйеуіне жаны ашығаннан жолында өлуге әбден дайын, Дәуреннің Құдай қосқан қосағы Балжан болатын.
- Алла..аа-ай, – деді Дәурен рүкүғқа барған адамдай еңкейе түсіп. – Алл..аай, өлдім ғой, өлдім. – Екі санын төпештей ұрды, одан ысқылай бастады. Аяғын мытып-мытып жіберіп, шұлығын шешіп ап оны да төрге атты. Су-су шұлық пешке жетпей, жалбырап барып кілемге жабысты. Табаны көкке қараған біреуінің өкшесінің жыртығы көрініп жатты. Келіншек оны да іліп ап пештің артына қақтап жайып қойды.
- Аллай... өлдім, өлдім, тіземнің ашығанын ай, – деп, пешке жақындап барды да, тізесін қақтады. Келіншегі кішкентай құтыға салынған құйрық май әкеп, оны қаңылтыр ыдысқа салып, отқа қойды. Май лезде еріп, бетінен бықсыған күңгірт түтін шыға бастады. Пештің бетіне шашылған қалдықтары қоңырси еріп аядай бөлмені жайсыз иіс кернеп кетті. Дәурен ыдысты жаңқаның сынығымен асқан ептілікпен қысып ап, Әлгінде Балжан жалбыратып әкеп жерге жайған қызыл матаның шетіне қойып, өзі де сонда отырды. Саусақтарын ысып тұрған майға тигізер-тигізбестен ауырсынған, ышқынған дыбыс шығара шапшаң тартып ап дізесіне жағып жатты. Оның жұтына кіріскен әрбір қимылынан, келіншегінің айтқызбай зыр жүгіргенінен, күнде қимылдап еті үйренген, іскер кісінің ысқаяқ қимылы көрініп тұрды. Кенет терең матырып алды да ұзын біткен ортаңғы саусағы мен шылдыр шүмегін күйдіріп алып, баж еткен дауысы қатты шығып, ойбайды сап сілкілеп, күйген саусақтарын келесі қолымен сығымдай қысып бетіне тақай тыпыр-тыпыр етті. Ауру жанына батып ышқына баж етті. Ол бажылдаған сайын әйелінің қарадай мазасы кетіп өзін қоярға жер таппады. Дабыр-дұбырдан оянып кетіп, түпкі бөлмеден шығып ұйқылы-ояу қасына кеп тұрған екі жасар қызы, бұған жаны ашып әрі қорқып «әке бақырма» дегендей айғайлап, айбар шеккен болды. Дәуреннің бар назары, өзінің таздың басындай жылтыраған дізесіне, жалын қақтап буы бұрқырай бастаған шұлығына ауғандықтан, қызына қарап та қоймады. Қанына жылу жүгіргендей болды. Қызыл матаға жамбастай отырды да, әлгі қызуы қайта бастаған майды екі аяғына, тобығына, бақайларының арасына дейін жақты.
- Шылқылдата жақ, әкем бұрын осыдан жазылды, – деді Балжан. Дәурен аяқтарын пештің бүйіріне жақындатып ауырсынғаны әлде рақаттанғаны белгісіз, бұзауы емген сиырдың еміренгеніндей ыңыранып қойды. Жүзін аспанға қадап еді көзі қыңыр-қисық қыюластырған ескі қыртысқа, иілген әлсіз мәтшаға, өрмекшінің торы мен салбыраған қамысқа түсіп еді, ойына әлде нелер келіп көңілсіздік меңдеп, ешкінің құйыршығы құсап енді-енді тынбай қозғала бастаған бақайлары тына қалды. Қасына күндегі әдетінше екі дізесін түріп ап қызы кеп отырды.
- Маған, маған, – деді тілі ерте шыққан сәби. Ыдыста май қалмаған еді.
- Алдарқатайыншы, – деп ол саусақтарымен бос ыдыстың түбін сүйкеп ап сәбидің сүп-сүйкімді кішкентай сирағын өп-өтірік сылап шықты. Сирағындағы болар болмас дымқылды місе тұтпады ма әлде әкесінің қулығын сезіп қойды ма, өз аяғынан көзін алмай екі қолын жайып жіберіп, кінәлаған пішінде:
- Жоқ қой... жоқ қой, – деді.
- Біліп қойды, – деді келіншек күліп.
- Қойшы! Сөз түсіне ме? – деді ол таңданып.
- Сен мұны бала деп бойыңа тоғытпайсың. Бұл қазір бәрін біледі.
- Не дейді? Шынымен бе? Тәубә. Ыдысқа бармақтай құйрық май сап шала ерітіп сәбидің аяғына, дізесіне сосын мұрнына жағып беріп еді сәби екі алақанын бір-біріне соғып, ыржалақтап күле берді. Әкесінің бетінен сүйіп қойды. Ол да мұны сүйді. Сәби енді аяғын қақтамақшы боп, пешке жақындап еді:
- Мынаны алшы, бетонның ызғары құйрығынан өтеді, - деді әке.
Келіншек оны бауырына басып еді, ол еме бастады, түпкі бөлмеге көтеріп бара жатты.
- Омыраудан шығар дедім ғой! Діңкең құрып, сұлап жатпа бір жерде, – деп гүж етті ол.
Тағы да табанын қақтады. Пештің қып-қызыл боп ісінген бүйірі әбден жұқарып жыртылып, ішінен жылтыраған шоғы көрінеді. Жаңқаға жайылған, созылып сетінеп, болбыраған әр жері тесілген шұлығынан бу көтерілді. Қуығы шым еткендей, ашып ауырғандай болды. Салмағы кешегіден басым тұғын. Соған ызасы келді. Өзінің таң атса жиырма тоғызға келетінін, бірақ тоқсан екідегі шалдай қарадай әлсіреп, әлжуаз тартып, желкесі құрысып, белі шойырылып кейде ашып ауырғанда, құйрық басып отыра алмай қиналатынын, оң жақ саны тірсегіне дейін ашитынын ойлап көңілі түсіп кетті. Бұл кезде келіншегі қасына кеп пештің қақпағын ашып толтырып отын сап жатқан. Ол жын ұрғандай атып тұрды да, жаюлы тұрған туфлиын бір-бірлеп жұлып алды да, есікті көздеп аямай ұрды. Туфлидің қаңылтырға арт-артынан соғылғандағы жарқышақ дыбысы келіншектің зәресін ұшырды.
- Туфлиде не жазық бар, – деп тап бергісі келді де, қорықты әрі жаны ашыды. – Біреудің дүниесі... Жыртасың... мен ұятқа қалам, – деді міңгірлеп. Күйеуі өз өзінен елеуреп кетті. Жынды тоқты құсап бір орында айналшықтай берді.
- Жыртылмақ тұрмақ өртеніп кетсін. Әдірә қалсын. Жалаң аяқ жүргенім мың артық. Бұл кебінді аяғыма сұғып ап мына қу моладан қалай аттап шығам, мына шағылғыр есіктің арғы жағына қалай өтем, солай су боп кетеді. Басым бас емес, бір кесек мұз сияқты. Шекем солқылдай жөнелетінін қайтерсің. Тізем қақсағанда көргілікті көрдім. Дәретханаға жүгірем де жүрем. Шыға сап тағы барғым келеді. Барам дым жоқ. Құр сарсаңға түскен қайран басым. Бағана коллектив боп театрға барғанбыз. Қойылым біткенше, үш рет түзге шықтым, төртінші рет ұялғанымнан кетіп қалдым. Қыздардан ұялдым. Масқара ай!... Алматының ана бұрышында аяғым шылқ-шылқ етіп кетіп бара жатам, мына бұрышында аяғым шылқ-шылқ етіп кетіп бара жатам... ең болмаса мүсіркеген бір адам болсашы. Сорлы адам мүсіркеуді де қажет етеді екен ау! Тым болмаса бір иттің баласы «ей, басыңа не күн туды? Суық өтіп ауру боласың ғой!» дегенде арманым болмас еді ау! Табаннан өткен суық бүйректен өтетінін мен сорлы қайдан білейін. Үш айдан бері анау қатігез профессорлар мен академиктердің біреуі де титтей назарын салмады ғой!
- Әй, балам, мұның не, ауру боласың ғой дей салса несі кетті. Төбеме көтерер ем-ау. Туфлиды қолына алып алды:
- Қарашы биттің қабындай... қарашы өзің. Келіншегі оны отқа тастай сала ма деп қорқып тұрған, анау лақтырмады, босаға жаққа тастай салды.
- Енді ал дедім ғой! Бір етік алып ал, ауырсаң сол ақша кетеді демедім бе?
- Алмаймын. Соларға ерегескенде, әнеу Шоқпаровнаға ерегескенде алмағаным етік болсын.
- Шоқпаровнаңның түгі кетпейді.
- Маған десе аяғым түсіп қалсын. Екі бүйрегім мұз боп қалса да алмаймын. Айтқаным айтқан.
- Інжуге етік алам деген ақшаға саған етік алсақ қайтеді, – деді келіншек жасқана сыбырлап. Ол қайтадан кіжініп, бұрқ-сарқ болып, соңында еліріп кетті.
- Не оттап тұрсың! Әлі алмадың ба? Келіншегіне тап берді. – Онсызда үй шаруасынан әбден қалжырап, титығы құрыған келіншек оған ұйқы тығылған дәрменсіз көзін қадап ләм дей алмады. Баж еткен дауыстан артына бұрылған ол қызын көрді.
- Жат, ұйықта! – Ақырып қалды. Бүлдіршін шегіне беріп жығылып қап көз жасы көл болды.
- Зарлама! – Ол тап беріп еді, Бүлдіршін тына қалып, аузы-басы қисайып, жас толған көзін бұған қадап кемсең-кемсең етті.
- Сыртқа шықпаса болды емес пе! Ал сен, жаздық туфлиды киіп аласың да, тәңертең кетесің, кешке келесің!
- Миымды ашытпа!
- Ойнамай ақ үйде отырсын... сен етік алып ал!
- Желкеңнен қысам да, далаға шығарып жіберем ұқтың ба? Келіншегінің ту сыртынан қапсыра құшақтап дедектете жөнелді. Бүлдіршін шыр етіп жылады. Бұған қарап сақауланып айғайды салды. Ол қылығы бұған ұнады. Онысын білдірмей, келіншегін тастай сап оған дүрсе қоя беріп тиып тастады. Бүлдіршін қорқып қалды. Сұқ саусағымен қызын нұсқап
- Ол ертең ана болады. Білесің бе? Сен сорлы мұны ойлаған да жоқсың! Келіншегі үндеген жоқ. Шәй қамына кірісті.
- Туфлиді апарып бер! Келіншегі қозғалмады!
- Көзін құрт деймін!
- ....
- Апарасың ба, жоқ па?
- Зере ұйықтасын, сосын апарам.
- Ол пештің алдындағы кішкентай орындыққа жайғасты. Үйдің ішін кернеген ағаш отынның хош иісі мұрнына кеп бойын бір әдемі сезім билегендей болды. Көзін шанағы жасқа толып, аса қайғылы пішінде мұңайып отырған қызын көріп, кенет оның жүрегі елжіреп кетті. Шақырып еді келмеді. Таяп барып еді, ол қорқып кетіп жүзін кері бұрды. Бетін басып сұңқылдап жылады.
- Інжутай, келе қойшы деп құшағын жайып еді, ол бұған мелшие қарап қатып қалды. Өңінен көңілі әбден қалғаны көрініп тұр.
- Інжутай, әкең сені жанындай жақсы көреді білесің бе? Інжутай сен менің бір кесек алтынымсың! Көзімнің нұрысың... қарашығым сол! Сенсіз бір минут өмір сүре алмаймын... жаным... – дегенде дауысы дірілдеп қатты толқыды. Қыз мұны бас салды, бірақ өңі әлі сынық еді. Бұл оның тамағының астына танауын тығып иіскеді. Мұрнына жас құрттың иісі келді. Сосын желкесін иіскеп еді, аттың иісіне ұқсас ащы иіс алпыс екі тамырын идіріп, жүйке жүйесін шымырлатып жіберді.
ІІ
Олар шайға отырған кезде шырақ сөніп, бөлмені қараңғылық тұмшалап алды. Оның қою шайды рақаттана сіміргендегі «шорп» еткен сүркейлі, әлсіз дыбысы мен пештің уілдей жанған дыбысы болмаса, бөлмеге өлі тыныштық орнаған. Ағаш отынның шатырлай жанғандағы пештің саңлауларынан жарқ ете қалған көмескі жарық бөлмеге сәуле шашып оның мұңлы да ойлы жүзін аянышты көрсетіп тұр. Қарын қампайған соң бойына жылу дарып әл шақыра бастады. Бойы балқып, көзіне ұйқы тығылды. Сәби оның телефонының шырағын жағып алып, бетіне әлсін-әлі жарық түсіре берген соң:
- Мынау не қып жүр, – деді әйеліне.
- Тамағыңды текеріп көргелі жүр.
- Тамақ тексергені несі? А... иә түсіндім. Тамағым іріңдеп пе деп жүр ғой! Аузымды ашайын онда, құлыным көре ғой мә. А..а...ааа болды ма? Көрдің бе? Әкеңнің тамағы ауырып қалып па? Ал енді сенікін көрелік. Аузыңды аш, үлкен аш. Көрдім сап-сау екен, ауырмапты. Телефонды бере ғой! Ол қызын алдап-сулап жүріп телефонын алып алды. Қызы енді оның жағасына жармасып, сықылықтай күліп ойнап жатып сілекейі ағып ұйықтап кетті. Келіншегі отқа толтырып көмір салды да, ескі туфлиды көтеріп ап тысқа шығып кетті. Олар пештің арғы бетіндегі тар бөлмеде ұйықтайтын. Себебі пештің құдығы ас үй мен жатын бөлменің ортасын қақ жарып бөліп тұрғандықтан екі жаққа да жылу дарытатын. Ол әйелі әлгінде ғана еденге салып беріп кеткен қос көрпеге жантайып жатып, табанын құдықтың ып-ыстық кірпішіне басып көзін жұмып, маужырап жатып қиялға шомды. Өзінің күннен күнге күйгелек боп бара жатқанын ойлап қатты күйзелді. Қызына жаны ашып жылағысы келді. «Ертең Шоқпаровнаға қабағымды түйіп алып алқын-жұлқын кіріп барып аузыма келгенді көкісем бе екен – деп ойлады. Туфлиын иесіне беріп жібергені есіне түсіп қамығып қалды. Ұшарға қанатым болғанда қазір-ақ барар ем деп ойлады. Құс құрлы бола алмағанына, адам бола тұра әлсіз, тоңғақ, ауырушаң боп жаралғанына налыды. Сәлден соң ол ойынан айнып сабасына түсіп қалғып кетті.
Тықырлаған дыбыстан ояна кетсе үйдің іші самаладай жарқырап тұр. Жарық келген екен. Қызының бір аяғы кеудесінде жатыр, оны оңдап жатқызып, басын көтеріп қарағанында, тыстан оралып жатуға қамданған әйелін көрді. Доптай боп домаланып, семіріп алыпты. «Жаясы жайылып барады өзінің, бүйте берсе Шоқпаровнаны жолда қалтыратын түрі бар-ау! Алдынан шыға кеп, мықынын таянып тұра қап «Неге кешіктің? Айлығыңнан тартам» – деп суырдың айғырындай шақылдағанда оның жаясы осылай қайқия жалпиып жайылып кететін. Өмірі қыдырмайтын, өмірі күлмейтін, күз бен көктем қызыл ботиын қорпылдатып, қыс баласы қара галошын сүйретіп, ала жаздай тәпішкемен шығатын, киінуді білмейтін, боянып көрмеген, үйленгелі не ағасы не әпкесі, ешбір туысы адам деп іздеп көрмеген, ара-тұра шешесі (жігіттің шешесі) ауылдан келген сайын бір жылатпай кетпейтін, өзінің студент інісі мен келіні, туған қарындасына дейін жас балаша жұмсай беретін, сөйте тұра өмірге нәлет айтып жан баласын тілдеп көрмеген, ешкімге өкпелемейтін, ешкімге мұңын шақпайтын әйелінің жүзіне ұрланып қарап еді, маңдайындағы жіп жіңішке екі тал сызықтың ізін көріп жүрегі шымырлап кетті. Әнтек қисайып иіле берген оның көбейіп шыпырлай бастаған ақ шашын байқап, қатты аяды. Бұрын мән бермегеніне опық жеді. Бекер жәбірледім-ау өзін деп ойлап, теріс аунап түскені сол еді, құдықтың бетіндегі ыс кеулеп, қаралтқым тартқан сызатқа көзі түсті. Мұрнына ыстың ащы да, күлімсі жағымсыз иісі келді. Құлыншағыма ыс тиіп жүрер... Құдай сақтар... жазға салым мына пештің құдығын жұлып ап қайта жаңалармын, еденнің қоңырқай тартқан тақтайын да сол кезде жарқырата сырлармын, төбені әктермін, мүмкін жылы еден қоярмын деп қиялдады.
- Жетім шал бар ма екен? – Оның меңзегені бес-алты жыл бұрын осы қонысқа алғаш құрылыс түскенде, іргесіне қоныс тепкен, жасы елудің ортасына келген соқа басты шал еді. Әйелі ерте өліп, өмірдің ыстық-суығына әбден малынып беті жыпырлаған тастай қатты әжімнен көрінбеген соң көбісі ата дейтін. Кейін жастары алпыс пен жетпісті алқымдаған осындағы бес алты жесір кемпір, оның мұрттары енді-енді қылтия бастаған жап-жас балаларын, алпысқа әлі толмағанын мүлде ескерместен, оны шал деп қабылдады. Құрдастарындай-ақ есін шығарып жабыла тиісетін болды. «Алсаң тием, әлі де бір балалық қауқарым бар» – деп жатып кеп қалжыңдайтын. «Жетім шал» атайтын оны. Сол беті жетім шал атанып кетті. Соңғы кезде ол адам, жөнді жұмыс таба алмай үйінде ұзақ жатқан соң, бұл оның әлгінде өзі лақтырып жіберетін шілденің шіліңгір ыстығында ғана киуге арналған көнетоз жаздық туфлиін сұрап киіп жүрген тұғын. Меңзеген адамы сол еді.
- Бар екен, – деді келіншегі.
- Сырқаттанып жатыр деп еді, тәуірленіп пе?
- Тәуір сияқты, бірақ тынбай жөтеле береді. – Ол шалды ойлады, екеуінің алғаш үй салған кездегі қиындықтары, қатықсыз қара көже ішкені, бір-бірінен шеге немесе тақтай сұрап зыр жүгіргені, балық аулап жегені, күздің қара суығы мен қыстың қақаған аязында екеуі ғана шала біткен лашықта, бір-бірінің үйіне кезек қонып, толық бітпей пеші салынбаған үйде түнімен тоңып шығып, тәңертең қос көрпенің жылуын қимай сәске түсте, қарындары әбден ашып ішектері шұрқырағанда бірақ тұратындары, талғажау болар ештеңе таба алмағанда жуа қуырып жегендері, бәрі-бәрі көз алдынан бұлдырап өтіп жатты.
«Жалаң аяқ қалдым-ау, ертең жұмысқа қалай барам», – деп қиялдап жатып ұйықтап кетті.
ІІІ
Түннің бір уағында ол жанын суырып алардай қинаған азапқа шыдамай жастықтан басын жұлып алды. Сөйтсе оң жақ бүйірі жаныңды шырқыратар бір сұрқия екпінмен солқылдап ауырып жатыр екен. Оның аһлап-үһлеген дыбысынан оянып келіншегі шырақ жақты. Сағат тілі үшті көрсетіп тұр екен. Ол басын көтерген беті оң жақ бүйірін алақанымен басып үмітсіздікке толы суық әлпетте түнеріп отырды да қалды. Жаратылысы тым сезімтал, тым күйреуік еді. Оның үстіне қорқақ болатын. Жастай семуден, рактан немесе қант ауруынан өлуден болмаса тағы осыған ұқсас тұтқиыл бір науқастан қыршынынан қиылам ба деп қарадай үрейленіп жүретіндіктен мына жағдай оның онсыз да боркеміктенген ішкі дүниесін мүлде езіп, үгітіп жіберді. Жақында ғана қос бүйрегін ауыстырған көршісі Жандос есіне түсті. Құлағына оның үні келді.
- Табанымнан өткен суықтың бүйрекке шабатынын қайдан білейін, – деп, дәл құлағының түбіне сыбырлап тұрғандай. – «Жаным сенің садағаң» –дегендей күйеуінің бетіне құлази қарап, оның әлде кімдерді боқтаған, әлде кімдерді қарғаған үніне құлақ түре, аюдай арбиып келіншегі отыр. Оянып кетіп ұйқысын аша алмай, ыңырси жылап қызы отыр.
- Әкеңнің... ай, – деді дыбысын тісінің арасынан сыздықтата шығарып, үмітсіздікке толы ашынған бейнеде басын шайқап. – Қор болған өмірім... Қайран жастық көктемім. Денсаулығым қандай мықты еді. Қыс баласы тоңуды білмейтінмін. Моншадан жалаң киіммен, жалаң бас шығып, шашымды сілкіп тастап кете беретінмін. Үйге келіп шашымды тарағанда ұсақ-ұсақ мұз саулап түсуші еді. О да бір дәурен екен ғой! Биылғы қыс күйретті мені. Тоңғақпын. Аяғым қарадай мұздап жатыр.
Бұрылып келіншегіне қараса, ол мұның бетіне тұнжырай қарап түк болмағандай баласын емізіп отыр екен. Күйіп кетіп:
- Қарғыс атқыр сасық зиялылар! Қарғыс атқыр сары үй неге ғана өртеніп кетпейді а.а.а.а – деп айғайды салды.
- Қай жерің ауырады?
- Оң жақ бүйрегім түйіліп ауырып тұр. Удай ашиды.
- Белің ше?
- Сегіз көзім талып ауырады. Шымырлап ашиды.
- Құйрық май ерітіп әкелейін бе?
- Қоя тұршы! Былай басшы! Тура осы араны. Белден адам өлуші ме еді? Бүйрек қауіпті боп тұр ғой! Мен құсап... адам құсап ... иә, дәл осылай бассаңшы. Қолың иттің тұмсығындай ғой!
- Саған жақпай-ақ кеттім ғой! Жылытайын ал, – деп Балжан қолын пештің ып-ыстық құдығына басып еді жыли бастады.
- Сендерді бағам деп итшілеп жүрген жоқпын ба?, – Солқылдап тұрған оң жақ бүйіріне әйелінің жып-жылы күректей алақаны тиген кезде ол недәуір рахаттанып қалды. Тісін-тісіне басып, көзін жұмып мүлги отырып жыламсырай сыбырлады.
- Өкініп отырмын. Қатты өкініп отырмын. Сол кезде ала салсамшы.
- Мен ал деп айттым ғой! Табаннан өткен суық адам өлтіреді деп айтқам.
- Өзің ала салмадың ба енді?
- Бала қарай тұр деп киініп тысқа шыққанымда сен шыжғыра жөнелдің емес пе?
- Шыжғырып демеші!... Шыжғырып демеші!... Тілің ащы сенің. Табаламашы мені! Біле білсең дәл қазір жаным мұрнымның ұшында тұр менің. Денемнен суырылып шығып, күңгіріт елеске айналып, көзімнің алдында тұр. Мен оны көріп тұрмын.
- Енді рас қой, мінезің бұзылып барады.
- Мінездің бұзылғаны сөз ба? Қаным қарайып барады. Қараймағанда қайтсін, кімнен опа көрдім мен? Мен сорлыға біреу адам екен деп қарады ма?
- Өзіңді өзің кемірме?
- Бұрын аяғымды мұздатып, діземді қақсатқан суық енді белімді кеміріп жатса, сен өз-өзіңді кемірме дейсің! Дәм тұзым таусылды ма деп қорқам? Бүйрек ойнайтын нәрсе емес!
- Болды ма?
- Белімді уқалашы! Ол пештің құдығының түбіне екпеттей кетті де, келіншегі секунтқа жеткізбей тауып алатын, айтқызбай дәл түртетін, қолы әбден шартты рефлекске айналып үйреніп кеткен, созса дөп тиетін сегізкөздің әлгі бір нүктесін екі саусағымен баса қойып әрі-бері қозғап еді, ол сүйсінгеннен сілекейі аға жаздап екі көзін тас қып жұмып алды.
- Па, шіркін! Басқан сайын шымыр-шымыр етіп босап жатыр, андағы жерде не бар өзі?
- Екі тал шұңқыр бар?
- Ойбай жаным кірді. Енді құйрық май әкел! Қыздыршы. Келіншегі оның беліне, бүйрек тұсына еріп, қызып тұрған құйрық май жаға бастады. «Шайтан базардан» екі жүз теңгеге сатып алған көнетоз қыздырғышты тоққа тығып беліне төсеп қойды.
- Ол күні бар ғой! Сен қарыз алмақшы болдың. Ал мен қарызды иттің етінен жек көрем.
- Тым намысшылсың!
- Әр күні кешке жайма базардың қасынан өткенде екі мың теңгелік аяқ киімдердің қасынан өтем.
- Алмадың ба? Екі мың теңгелік не қылған аяқ киім ол?
- Ит біліп пе?
- ...
- Түбінде алам. – Белі қызған соң табанына жылу дари бастаған. Оң аяғының, сәлден соң сол аяғының жыли бастағанын сезіп:
- О, тәубә... әй аяғым бір жылыды ау!.... Енді екінші аяғым жылыды...ғажап!, – деп күбірледі. Төңкеріліп түсіп қуық тұсын қыздырып еді, аяғы мүлдем ысып, қыж-қыж қайнап терши бастаған. Бойы балқып, рахаттанғаны сонша:
- Шіркін ай! Аяғым осы беті жылып кетсе, өлсем арманым жоқ еді, – деп ойлады.
ІV
Түнімен ақ жауын сіркіреп, таң ата жердің бетін, бір қабат жып-жылтыр, жұп-жұқа көк мұз қаптады. Қою қара бұлт көмкерген аспан ызғарын шашып, дала тегіс күреңітіп тұр. Қонышын кескен іші жүн ескі бәтіңкесіне қолдан кескен киіз ұлтарақ сап, қоңылтаяқ сұға салған Дәуреннің борбайы мұздап, бара-бара мүлдем тас боп қатып, қарадай бойы қалтырай бастаған соң, көңілі күрт түсіп кетті. Суық жаңбыр өн бойына тамшылап, бетін, қолын тоңдырып әлден бүрістіріп тастады. «Не деген шапшан жаңбыр», – деп ойлады іштей. Тат жеп шіріген қырық құрау қаңылтырмен қапталған, кеспірі кетіп, бір жағына қиқайған дәретханаға кіріп шығып, көңілі толмағандай болған соң қайта кірді. Қаусаған есігі түсіп қалып, сонымен алысам деп қолын қанатып алды. Анадайда төбесіне түте-түте бөрік миқита киіп, ескілеу жалбыр тонының өңірі делегейленіп, қолындағы шелектің салмағы басып, бір жағына қисайып ап, жетім шал келе жатыр екен. Бұл қуанып қалды. Мұның алдына әкеп бір шелек көмірді дүрс еткізіп қоя салды. Көзі кіреукеленіп, қанталай қызарып, безеу-безеу беті қуқыл тартып, алқына сөйлейді. Жүзінен қажыған адамның мұңы ұшқындайды.
- Аман ба ұлым? Таң бозынан түзге шықсам, келін шырақ көмір талқанының үйіндісіне шоқиып отырып алып, қоқшақ-қоқшақ етіп, бармақтай-бармақтай, асықтай-асықтай көмір кесегін саусақтарымен ерінбей түрткілеп екшеп отыр. Қайтер екен деп жақындап кеп байқап тұрдым. Не қолғабы жоқ, саусақтары икемге келмей тас боп қатып қалған. Соған қарамай байғұс келіннің қасарыса әрекет ететінін қайтерсің! Дәтім шыдамай кетіп қалдым. Алыстан бағып тұрдым. Тұп-тура қырық минут шұқыланып отырып әрең дегенде жарты шелек көмір екшеп алды-ау деймін, өйткені орнынан жеңіл қозғалып, бойын тіп-тік ұстап кетіп бара жатты. Шелегі толғанда сөзсіз белі майысатын еді. Жаның ашысашы! Қоқым көмірдің көзін құртып, көмір түсіріп берсеңші! Жаным ашығаннан шыдай алмай саған көмір әкеп тұрмын. Әкеле бергім келеді-ау! Жан шыдатпайды! Әл жоқ бұрынғыдай! Қарадай былқ-сылқ етіп, буным құрып жаталақши берем. Тұрсам отыра алмаймын, отырсам тұра алмаймын дегеннің кебін кидім. Күрк-күрік жөтеліп, жүзі көкпеңбек боп булығып отыра кетті.
Дәурен соңғы күндері келіншегінің көмір қоқымының басына отырып алып, саусағымен күріштің ішіндегі тасты, немесе сұлы жармасының ішіне араласып кеткен қауызды екшегендей түртінектеп отырғанын талай рет көре тұра, соның бірде-біреуіне мән бермепті. Елемепті де. Балжан семіз болған соң ба? Момын болған соң ба? Әлде Дәурен өзін осы шаңырақтың тұтқасы санап, күллі кіріс-шығысқа жауаптымын деп сезініп алғаннан соң ба «байғұс жан жарым қайтып жүр екен» деп үңіліп те қарамапты. Үй шаруасына мүлдем қол тигізіп те көрмепті. Әне, Балжан құр аттай жұтынып, табақтай беті қып-қызыл боп жылтырап, қолында үзілген тұтқасын қызыл матамен шандып байлаған, шұрық тесік, таттанып майысқан бос шелегін көтеріп келе жатыр. Қыртыс-қыртыс шалбарының дізесі алдына бір қарыс боп шығып кеткен, қырқыншы номерлі аяғына қорпылдаған қырық төртінші галошын сұға салып, өмірге үмітті жүзбен күлімдей қарап, мұңсыз, ойсыз, отсыз көзін жыпылықтатып, саны түйенің санындай боп, жауырыны қақпақтай боп келе жатыр. Оның бұрынғы жіптей, талдырмаш әдемі бейнесін, аяқ астынан күбідей боп семіріп кеткен қазіргі бейнесімен салыстырып ойлай бастап еді, жетім шал ойын бөліп жіберді.
- Әй, келін шырақ, жақындашы бері. Мә, мынаны ал, – деп көмір толы шелекті іліп ап Балжанның алдына қоя салды. Ол жүзі бұлттан шыққан күндей жадырай қалды дағы, әлгіні жерден жеңіл іліп-ап ілби жөнелді. Қуанып бара жатқаны күжірейген жотасынан, сәл-пәл қисайса да бар күшін жинар ентелеген суыт қимылынан, шелекті демалмастан екі қолға кезек алмастырып асыға адымдағанынан көрініп тұрды.
- Қолың қан ғой!
- Мына шағылғырдың тіліп кеткені.
- Есігің түсіп қапты ғой! Әкел орнатайық!
- Тістеуіктің болмай тұрғаны.
- Менде бар. Жетім шал зыр жүгіріп барып, қолында тістеуігі бар, лезде қайтып оралды. Жүзі қуқыл тартып, кеудесі сырылдап, өне бойын тер басып кеткен.
- Шегең жоқ па?
- Өзінікін қағармыз.
- Өзінікің не, ей, айтып тұрған? Мынауың майысыпты, тат басып, үзілейін деп тұр. Қожанасырсың сен. Бұранда шеге майысса қайта қағылушы ма еді. Мынаны ұстай тұр, алып келем. Отверткаң да жоқ па? – Үйіне қарай құрақ ұшып қайтадан жүгіріп кетіп, бір уыс бұранда шеге мен отвертка алып келіп есіткі лезде орнына келтірді. Қатты қалжырап, ауру жанына батып тұрғанын айтып кетпекші болды.
- Аға, – деді де Дәурен кібіртіктеп тоқтап қалды.
- Айта ғой!
- Туфлиіңізді тағы бір күнге бере тұрасыз ба? Ең соңғы рет сұрағаным болсын.
- Сен қызықсың! Соны да сөз деп... сұрамай-ақ ала бермедің бе? Басы бүтін берейін саған. Кеше неге беріп жібердің енді.
- Ауданға барсаңыз, өзіңізге керек шығар дедім.
- Мен үйдегі адаммын. Кие бер! Өзі де әбден тозығы жетті. Оның үстіне қыстың көзі қырауда жаздық туфли кием деп аурудың үстіне ауру жамармын. Сен де абайла балам, денсаулық ойыншық емес. Қазір-ақ ап келем деп Дәуреннің шайға шақырғанына қарамай жүгіре жөнелді.
- Өзім барып алайын, аға. Ол артынан ере жүгірді де бірдеңе қалт есіне түскен адамдай кері бұрылып, аяғындағы бұл үйге қашан, қай кезде, кім әкелгенін өзі де білмейтін, түте-түтесі шығып, әбден ақжем болып жемтірленген, қонышын кескен ескі етігін іркес-тіркес шешіп, ішіндегі киіз ұлтарақты алып шығып келіншегіне қарай:
- Мә, мынаны отқа жай, аямай қақта, – деп сасқалақтай лақтырды да, шалдың артынан құр қалғандай жүгіре жөнелді. Келіншек ұлтарақты бейне эстафетаның таяғын қағып алғандай жерге тигізбей қақшып іліп алды да үйге қарай сүріне-қабына зытты.
Олар сырты сыланбағандықтан қап-қара, жып-жылтыр боп майы шыққан шпалдан салынған үйдің ішіне кіріп бара жатты. Толық бітпеген үйдің іші үңгірге ұқсайтын. Іште шалдың Дәуренмен түйдей жасты баласы Айдар екі көзі қып-қызыл болып тісін жуып тұр екен. Мұны көре сала, ләм деген жоқ, зер салып қарамастан, жүзін берместен, тек қана қолын ұсынды. Оның шыбықтай жіңішкеріп, әбден жүнжіп, шөгіп кеткен сиқын байқап, бұл жүрегі елжіреп кетті. Іштей қандай көркем жігіт еді, бітіпті деп ойлады. Холда үстінен арзан темекінің иісі мүңкіген, доңыз айбатты, жалақ ерін жас жігіт пен толықтау келген, келіншек отыр екен. Жігіт майдалап тілген құнарсыз нанның бетіне, біркелкі қып жұқалап маргарин жағып енді-енді аузына апара беріп, бұларды көріп орнынан теңселе тұрды да, сәлем бермеді, хал-жай сұраспады, бұған иығын қомдай жақындап кеп тек қолын берді. Сосын қолындағы маргарин жағылған нанды аузына көмекейлете тығып жіберіп, рақаттана шайнап, сөлін шығара таусап, кесектеп туралған жуаны қышырлата шайнап қойып, демін алған күрең қызыл шайдан қауып ұрттады. Келіншек бұлар кірген кезде шұлығын шешіп қолына жұмарлап ұстап отырғанын көріп еді, енді сол шұлықты жұмарлаған беті сұмкасына салып қойды.
- Аяғы бетінен аппақ екен, – деп ойлады Дәурен. Башпайларын тегіс қып-қызыл ғып бояп алғаны ұнамады.
- Темекі бар ма? – деді, жігіт оған қып-қызыл боп қанталаған көзімен сұқтана қарап.
- Шекпеуші ем...
- Мұғалімсің бе?
- Жоқ.
- Енді кімсің?
- Ғалыммын...
- Қандай дейді?
- Жас ғалыммын. – Анау мырс етіп күліп, ішіп отырған шайына шашалып қала жаздады. Таңданысын жасыра алмай:
- Немене, ғалымдарды жас, кәрі деп бөлетін болғаны ма? Қолындағы сарқынды басынан асыра ашық тұрған терезені көздей тысқа қарай шашып қап еді, жартысы ішке төгіліп терезенің айналасын айғыз-айғыз қылды. Дәуреннің денесі түршігіп кетуге асықты. Шалдың бөлмесінде екеуі біраз шүйіркелесті де, қоштасып есікке беттеді.
- Нені зерттейсің, – деді жалақ ерін шай ұрттап отырып.
- Бәлендей ештеңе емес!
- Проза зерттейді деді Айдар.
- Ол не?
- Итім біліп пе?
V
Жетім шал берген көмір отта маздап жанып, үйдің ішіне көңілділік ұялай қапты. Кәстөмін қатып киініп, қылқына галсток тақты. Табаны қағаздай, терісі биттің қабығындай, қонышы тобыққа да жетпейтін жаздық туфлиге күндегі әдетінше, отқа әбден қақталған кигіз ұлтарақты салып киіп еді аяғын қусыра жөнелді. Әкесін қимағандай аузын бұртитып, жыламсырай еркелеп қызы жетіп келді қасына. Ұйқпа-тұйпа шашы, бозарған жүзі, кіртиген көзі ұйқысының қанбағанын әйгілеп тұр. Дәурен оны құшағына қысып тамағынан құшырлана иіскеді де, маңдайынан бір сүйіп жерге қойып есікке беттеді. Әкесінен ажырағысы келмей шырқырап жылаған оны шешесі алдап-сулап әрең алып қалды.
- Құдай үшін етік алып киші, – деген әйелінің дауысы естілді арт жағынан. Көшеге шыға бере – проза, – деп бар дауысымен айғайды салды біреу, қараса жалақ ерін екен, өзі көңілді, сық-сық күледі.
- Проза, қайда барасың? Саусағымен қаланы нұсқаған.
- Күн суық проза, жылы киін!
- Рахмет!
Сарышөлден шығып, қалаға бет алған оның, әлгінде кие қалғанда табанын қыздырып, бойына қан жүгірте жөнелген туфли аттап шықпай жатып тоңазып, аяздай қарып тұла бойы дірдектей жөнелген. Кешегі жауынның арты бұршаққа, біртіндеп сырғаққа ұласып түнімен жауып әр жері ойылған, қатпар-қатпар боп ығыры шыққан тас аралас топырақ жолдың беті көлкіген су. Су толып шұқанаққа айналған ойылған шұңқырлардан қанша абайлап аттаса да, аяғын малып ап, туфлиы шылқып, әлден қуығы сыздап денесі түршігіп мазасы кетті. Түнерген қыршаңқы аспаннан әйнек жауғандай, бейне бытыраның оғынша шашырай төгілген сырғақ, оның бетін, маңдайын осқылап, тиген жерін маса шаққандай шым-шым еткізіп, жартылай жұмып алған көзіне жаны елестеп келеді. Құдай оңдап көлікке мінген көршісі Жандос кезіге қап соған отырды. Әйтпегенде күре жолдағы бекетке жету үшін кем дегенде қырық минут жаяу жүруге тура келуші еді.
Жандос – сом денелі, тығыршықтай, аңқылдаған ақкөңіл, еті тірі жігіт. Өткен жылы аяқ астынан екі бүйрегі істен шығып қатты ауырғаны бар. Туған-туыстары мен дәрігерлердің әупірімімен о ғып, бұ ғып Түркияға барып екі бүйрегін ауыстырды. Ота сәтті өтті. Сөйте тұра, оның бір күн бос жатқанын көрмейсің. Бай болмаса да, зәулім үйі, көлігі, өзіне сай Баі бар. Сарышөлдің жолында құйындатып жүріп, кейде мұны осылай іліп ала кетіп, жолай баратын бағытына оңдап тастап кетіп жүретіні, шыны қайсы, қалжыңы қайсы «менің көлігімді сатып ал» деп қиыла жабысатыны бар. Ондайда бұл үндемейді. Томсарып отыра береді. Оның кезіккеніне қуанып қалады. Әйтпесе, Сарышөлдің шетіне дейін қырық минут жаяу жүріп, ары қарай ауданға, ауданнан Алматыға, одан ары жұмысына, қысқасы, жәяу жүрген күннің өзінде үш автобус ауыстыруы керек болатын. Жандостың арқасында, діттеген жеріне екі көлік ауыстырса жетейін деп тұр. Дәуреннің құйрығы орындыққа тиер тиместен, Жандос самбырлай жөнелді.
- Ей, сен, әлі жаздық туфлимен жүрсің бе? Адам емес екенсің, нағыз иттің қара қасқасы екенсің, – деді де бір ауық жүзі сұрланып, көзі жасаурап отырып қалды. Сәлден соң қайта сөз бастады.
- Айтшы, досым, өз өзіңді өлтіргеннен не өнеді, а?
- Өлтіргені қалай?
- Ей, бүйрегіңнен айырыласың ғой!
- Мен жылы жерде жұмыс істеймін.
- Мә, – деді ол бас бармағын екі саусағының арасынан шығарып, – кепкеніңнің қу басы. Мен тап сен сияқты бейғам, тап сен сиқты топас боп жаздық аяқпен жүріп бүйрегімнен айырылғам.
Дәурен қорқа бастады. Денесі бір ысып-бір суып тұншығыға бастады. Деседе өзін сабырлы ұстады. Оның дүрсе қоя беруін, боқтығын бұл кәперіне де алмады. Өйткені оның өзіне жаны ашығандықтан күйіп-пысып отырғанын бұл сезетін. Өмірде ет жүректі бірде-бір пенде оған бұлай кеңес бермепті. Бермек түгілі «мұның не, ауырып қаласың ғой» демепті. Сарыүйдегі мүйізі қарағайдай ғалымдар, ұлт тағдырын жыр етіп зар еңірейтін докторлар мен академик, пропессорлар бұған тым болмаса «Әй, балам, қалыңдау етік алып кисеңші» дегенде, ол сол мейірімге тұншығып, елжірегендіктен, алдарына жата қалып, «садағаң кетейін» деп еңіреп жылар ма еді кім білсін! Онсыз да бұл солардың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жоқ па! Сондықтан оның әңгімесі бұған майдай жақты. Ұрысса ұрса түссе екен деп ойлады.
- Әйтеу не болса да, жазылғаның тәуір болды, – деп қойып қалды кенет ол аузына сөз түспей.
- Жазылғаны несі? Ауырған адам жазылушы ма еді? Әсіресе, бүйрек ауыстырған адам жазыла ма екен? Мен жазылмаймын. Мендей адам... дәрігерім «ұзаса он бес жыл жасайсың» деген. Осы күніме шүкір. Ал мен он бес жыл емес, он жыл жасасам, Құдайға тәубә деймін. Сол үшін ғой, тынбай шапқылап жүргенім. Ел соны түсінбейді. Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде тұрып, ақшадан өлген бе? Жатпай ма үйінде дейді. Мен болсам жата алмаймын, жатсам көңілсізденем. Осылай шапқылап жүрсем, бәрін ұмытам. Кешке шаршап келемін де, талықсып ұйықтаймын. Жақсы емес пе? Саған ғана айтқан жан сырым бұл. Басқаға жайып жүрме! Алдында қан сүздіретінмін, естір құлаққа жеңіл болғанмен, маған ауыр, тым ауыр, қасірет дерсің! Төтесін айтсам, қан сорғыш аппаратпен қаныңды түгел сорып, мәйегін сүзіп ап, денеңе қайта құйып бергенде бар ғой, жаның шырқырайды. Денеңде қалатыны, шырынсыз, сөлсіз, дәрумені кеткен сұйық қан ғана. Әлің қалмай, ал бір ұйықтайсың кеп, ал бір ұйықтайсың кеп. Шаршап қаласың өйткені. Әлсіреп, ауру меңдей береді. Қазіргісі сау бүйрек, біршама көріммін деуге болады.
- Әу баста қалай сезілді... қай жерің ауырды дегенім ғой?! – Жандос өзінің алғаш ауырған кездегі көрген ауру азабын жыр қып айта жөнелді. Дәурен тыңдап отырса, ол айтқан белгілер өзінде түгел бар болып шықты. Әсіресе, басының ауыра беретіні, белі талып, ашып ауыратыны, бүйрек тұсының жан шыдатпай аши беретіні, шыжың адамша кіші дәретке көп баратыны, жерік қатынша қайдағы жоқ бір тағамдарды аңсап, аузының суы құритыны, айта берсең өте көп. Оны естіп отырып, қорыққаны соншалық, жүрегі тас төбесіне шығып, миы шыңылдап кетті. «Ғұмырымның қысқа болатыны даусыз екен» деп ойлады. Ары қарай өз өмірін өзі болжап, жуықта сұлық түсетінін, Жандос құсап әр екі күн сайын шапқылап қан сүздіретінін, қатты қиналатынын, сөйтіп көп өтпей өлетінін ойша елестетті. Сүйегіне кімнің түсетінін, табытын кімдердің көтеретінін, ескі киімдерін кімдердің киетінін, әйелінің кімге тиетінін, бала-шағасының кімдердің қолына өтетінін, жазып жатқан кандидаттық диссертациясының әдірә қалатынын ойлап, жаны күйзелді. Өлімнің мұншама қайғылы болатынын бұрын ойламапты. «Өлмеу үшін тырысуға бола ма екен? Жандос сияқты бүйрек ауыстырып көрсем қалай, он-он бес жыл өмір сүрсем де жаман емес қой» деп ойлады да, өзіне бір бүйрегін бере қоятын жанашырының жоқ екені, Жандос сияқты өсіп-өнген, бай әулеттің тұқымы емес екені есіне түсіп қатты қамықты. «Мүмкін сау шығармын» деп бір ойлады да, өзіне таныс бір емес бірқанша адамның бүйректен айырылған оқиғасы, олардың тіптен бұл сияқты шақылдаған қыста, бораған қарда елдің жаздық туфлиын сұрап кимей-ақ, табанынан суық өткізіп, осы халге жеткенін есіне алды. Олардың бұрнағы жылдары иттің басындай батинке болмаса да, тәп-тәуір етікпен жүргенін, бұл сияқты таң бозынан тұрып омбы қарды тілгілеп жаяу тентіремегені, әне сондай күтімде бола тұра, қапы қалғандарын есіне алды да «біткен жерім осы, өл, сорлы бейбақ» деп күрсінді. Тап осы ойын, үстінен түскендей- ақ Жандос бөліп жіберді.
- Жалаң аяқ сенделгеніңе қанша уақыт болды.
- Екі ай...
- Онда біттің.
- Неге? Мен бас-аяғы қырық күндей жұқа киініппін. Бірақ сен сияқты жаяу мұса болған жоқпын. Сен сияқты диуана болған жоқпын. Дәрігер не дейді айтшы!
- Білмеймін.
- Мәссаған, білмегені қалай! Көп тексерілді деп естуші ем.
- Дәрігерлердің біреуі құм бар десе, енді біреуі тас бар дейді, біреуі суық өтіп қабынған, екі бүйрегің екі түрлі дейді. Енді біреуі, кәдімгі жылауықтың суретін көрсетіп, бүйрегің осындай шариктерге толып кеткен, өте қауыпты дейді, не емдей алатынын, не емдей алмайтынын айтпайды. Соңында қайдағы жоқ бір бақсы-балгерлер мен тәуіптерге жіберді. Олардың кейбіреуі қатерлі десе, кейбіреуі түк етпейді дейді. Құбылмалы ауыру ма білмедім.. Жүре келе, мүмкін он жылда білінетін ауру – дегендер де болды. Адам денсаулықтың қадірін білмейді екен. Денсаулықтың барында тамаққа, киімге қажет ақшаны таба алмайды екенсің де, әбден суық өтіп ауырып, жаның қиналғанда қайдан болса да тауып әлгіндей дәрігерлерге қос қолдап ұсынады екенсің! Мен сөйттім. Ауыру жаныма батқанда кім көрінгеннен қарыз алдым. Нәтижесі жоқ ем үшін қарызға бату деген қиын екен. Қанша уақытым, қанша ақшам зая кетті білмеймін. Шаршап тындым. Бүйректің ауруын дәп басып ешкім таба алмайды дейді ғой, Құдай біліпті деп күрсінді Дәурен.
- Кім болса да дұрыс айтыпты. Бүйректің емін дәп басып ешкім таба алмайды. Болары болды, бояуы сіңді, әдемі бір етік сатып ал! Бүйрегіңді алмастырған күнде де, бәрі бір әдемі етік сатып алуға тура келеді. Добалдай болса тіпті жақсы. Әй, кеп қаппыз. Осы жерден түсіп қал, мен оңға бұрлушы ем. Құрдас деп, батырып айттым ренжіме, ақшаң өзіңде қалсын, бермей ақ қой, – деді. Мұны түсіріп болып, терезеден басын шығарып:
- Әй, құрдас, тым уайымдап кетпе! Бір жөні болар. Басында бір үйлі жан сары уайымнан аузымыздан ас өтпей қалған, кейін үйреніп кеттік! Тұмау сияқты қабылдаймыз қазір. Кәперіме де алмаймын әуелі. Етік сатып ал! Барғой әр шөптің басын шалмай тұрақты емдел! Мен саған мекен-жайын берем деді.
VI
Жаздың аптап ыстығында, ертелі кеш таудан соғатын салқын самалы бар, қысы-жазы жап-жасыл шыршасы бой көтерген, қайыңы, ақ терек, көк терегі бар, сарайыңды ашатын хош иісті ауасы бар, сонау Сәбет үкіметінде салтанат құрып, Алматының желкесіне мініп алып, түспей келген, күні бүгін Сәбет рухымен өмір сүретін, көркіне көз тоймайтын айбыны асқақ, «сары үй» деп аталатын алып ғимарат бар. Сары үй дегенге сіз мұны, жезөкшелер мекені немесе түнгі жын ойнақ әлде құмархана деп ойлап қалмаңыз. Бұл деген аузынан бу бүркіп қызара бөрткен ғалымдар мен докторлардың, қарттық жеңіп, сыңар таяғына сүйеніп, қалтаң-қалтаң етіп әне-міне кәрі кеудесінен пыр етіп жаны шыққалы тұрған шалдардың, тынысы тарылып үйінде отыра алмаған бұрын, бұрын Сәбетке, бүгін билікке еңбегі әбден сіңген кәрі құртаңның, үзілейін-үзілейін деп кеудесінде ең соңғы демі қалғанша табандап тұратын құбыласы болатын. Немесе биліктің төрінде әбден асыр салып, қолы ауырғанша мінберді сабалап желігі басылып, дәурені тайып, қауқары кеткенде келіп, шоңқиып отырып алып, ғылыми мәртебе алып, ара-тұра төменгілерге жын буған бақсыдай ақырып қалып, солардың зәресі ұшып тырқырай жөнелгеніне қарап ләззәт алып, күш жинайтын жайлы қонысы болатын. Азды-көпті есепшіл, жағымпаз, зымиян, қу, асқан сабырлы, ептеп ақылы бар жастардың атақ іздейтін, қартайғанда үйінде жатып қалып кемпірі мен немерелеріне ақылгөйсіп қадырын кетірмеуі үшін зейнетке шыққанда әмірі жүретіндей атақ алып, әр жерде сабақ бергісі келетін болмаса қартайып құсадан өліп қалмаудың алдын алу үшін, маңдайы жерге тиіп қартайса да, бой жазып, қыз келіншектерге қылмың-қылмың етіп, сұлу сөзді сапырып сөйлеп, шер тарқатып, өле-өлгенше жүре беруіне таптырмас мекен болған соң әрі жеңілдің астымен ауырдың үстімен шапқылағысы келетін, тағы бір жастардың иісшіл тұмсығын тығып жіберіп, құйрығын бұлғаңдатып, ара-тұра жалқау нәпсісін тынықтырып жеңіл-желпі өмір сүргісі келетін, айта берді өмірге өкпелі кейбір шерменденің «мықты екенімді дәлелдеймін» деп, болмаса бала кезіндегі ұстазы жанын жаралап, немесе бастауыш мектептегі әлде бір әумесір ұстазының ұлы жазушы боласың деген былжырағына сеніп қалып, өзін маздатар от іздеп келіп әбден сорлайтын жері. Яки не ақын не жазушылық арманы іске аспаған сормаңдайдың атаққа бөгіп алып қас таланыттың аяғынан қайта-қайта шалу үшін табан тірейтін ең соңғы майданы.
Аталмыш жандардың жаратылысы түгелімен ондай болмаған. Диктатура, жағымпаздық, жалтақтық деген ауыру, байқамай олардың қанына сіңіп кетіп, қалай бұзылып кеткенін сезбей қалғандар! Байқамай диктатор болу, байқамай бюрократ болу, байқамай жағымпаз болу, байқамай атақ қуалау, байқамай өз көзіңді өзің соқыр ету - бұл біреудің байқамай жезөкше боп кеткенімен бара-бар ұғым. Бойларындағы бюрократияның элементтері көздеріне ұрып тұрса да мойындамайтын және мойындағысы келмейтіндер! Мұндайлардың әділетсіздікке еті әбден үйреніп кетеді дағы, әділетсіздік бой көтерген жерде мұңая күлімсіреп тұра береді. Мәселен, біреудің қарғадай қызын әлгі, өзін дардай ғалыммын деп жүрген, қыздың әкесі құралыптас біреу, құқығын пайдаланып жәукемдеп кетсе, «А.. солай ма? Солай болған екен» деп қаннен қаперсіз нан шайнап отыра беретіндер!
Сары үйдің еңсесі биік, тұлғасы тартымды, төрт жағына орналасқан есіктерінің өзі жаман-жұтық үйдің бір-бір қабырғасындай үлкен және зілдей ауыр болатын. Дәурен Алатауға қараған бетіндегі есіктен кірді. Ішіне қорғасын құйғандай зілдей есікті ашып кіру үшін де, дардай күш жұмсауға тура келді. Бірінші қабат өте тынысты, кең, орыс дворяндарының үйінен әлде қайда биік, еңселі, терезелері де әсем және үлкен болғандықтан көрген адамның көз жауын алып жарқырап тұратын. Ауасы да сондай таза еді. Оң жақ бұрышта отырған қарауыл күндегі әдетінше, су-су аяғы шылқ-шылқ етіп, едендегі аппақ кафельге қарақошқыл су тамшыларын бей-берекет шашыратып, былғаныш із қалдырып бара жатқан оған түңіле қарап басын шайқап қойды. Мына түңілісінде, мына бас шайқасында кеюден көрі аяудың сыңайы басым екені көрініп тұрды. Еден былғанбаған кезде де ол осылай қарайтын. Бір рет бұған мейірлене қарап, ауылдың аппақ құртын ұсынған. Онда да аяғына қарап басын шайқаған. Сары үйдегі қадыры аздау, ең кішкентай адам осы. Ақшалай да, рухани да кедей адам осы. Түрі де сымбатты емес, суық. Көтерем сиырға ұқсайтын, теңселіп жүретін жүрісі де ебедейсіз, дөрекі. Абайды немесе Шәкәрімді мүлде оқымаған, сөйте тұра жанын кірлетпеген пәк адам деуге татитын. Әйтпесе бұған жаны ашып несі бар. Қай күніне керек бұл оның. Ал мұндағы оқымыстылар ше?
Ол екінші қабатқа көтеріліп, кабинетіне енді. Кеңседе тірі жан жоқ кезде ол, туфлиын шешіп, батареяға қойып сәлде болсын жайып алатын. Бүгін құр қалғандай барлығы келіп алған, бұған қарауға мұршалары жоқ, Біреу қуып келе жатқандай ақ қағазға үңіліп сүйкектетіп жазу жазып отыр. Жап-жарық еңселі кабинет оларға сондай жайлы сияқты. Мұздай боп тоңазыған аяғын туфлиінен шығарып алып бірінің үстіне бірін қойып, мыжғылап жылытқан болады. Сол кезде қуығының ашығанын сезеді. Жап-жарық терезенің арғы жағындағы талдың бұтағына, сол бұтаққа қонған торғайларға қарап ойланып отырып іші пысайын деді.
Белінің ашығаны мен бүйрек тұсының талып ауырғанын, аяғының тастай боп мұздағанын уайымдап отырып ол мұнда бәрі көңілсіз екен деп ойлады. Біреуінің мақаласы шығып, оған басқаларының жапа-тармағай қошамет айтып жатқанын жақтырмады. «Мақаласы шықса не болыпты? Шықпаса не болыпты? Мақала жазбайтын адамдар да тірі жүр ғой! Мақала жазғанша неге күйеуге тимейді, жасы қырыққа келгенше жүре бере ме? Әнеу неме болса елуге келеді, қашан көрсең буы бұрқыраған қара шайға қантты көсіп жіберіп, кешке дейін сораптап отырғаны. Не дәретке барғанын көрмейсің. Денсаулығы жақсы-ау өзінің. Күні-түні бір тынбай жазу жазса да, ашқан ешқандай жаңалығы жоқ. Не үй жоқ, не күй жоқ, не алған қатын жоқ, не бала жоқ. Менен үш мың теңге қарыз алып еді, әл қайтармады. Қайтармақ тұрмақ беті бүлк етпейді. Онан да бұл екеуінің үйленіп, бала тапқаны, үй соққаны пайдалы емес пе», деп кейіді. «Әнеу теледидардан бір түспейтін қаусаған шал он екі том еңбек жазыпты, әнебіреу мәлкілдек кемпір жиырма том еңбек жазыпты. Менің қай күніме керек онысы? Кім оқиды оны, кім керек қыпты? Бір кәбинетте алты ай бойы қатарласып отырсақта, менің, келген-кеткенімді, керек болса мына өмірде бар-жоғымды да білмейді. Айналасында шыр-көбелек айналып, бәйек боп жүрген адал шәкіртінің аты-жөнінің Дәурен екенін де білмейді. Жылтырақ кәстөмдері кімге керек.
VII
Түске қарай оның дегбірі қалмай, өз-өзінен бордай үгілді. Дәлізде арлы-берлі жүрді де қойды. Кадр бөлімін басқаратын Меңдігүлге кіріп, өзінің қазіргі халын айтқысы келді.
Меңдігүлдің қасында, Дағарбек, Шойынқұлақ, Нұрәли бар төртеуі алма жеп отыр екен. Бірдеңеге бәстесіп, өзара даурығысып отырып, кіруін кіргенмен, босағада салыны суға кетіп ыржиа бүгежектеп тұрған бұған жақтырмай қарап.
- Дәурен, жай ма?, – деді Меңдігүл.
- Алты айдың айлығын әлі ала алмай жүргенім.
- Сен қызықсың, ей, банктен ұн сұраушы ма еді адам, – деді Дағарбек киіп кетіп.
- Мәнсабы бар дегенім ғой!
- Кімде? – Меңдігүлге қарап, – сенде мәнсап бар дейді. Қатырады.
- Талақ деген не, соны айтшы, – деді Шойынқұлақ. – Бір білсе осы біледі.
- Қалай?
- Талақ деген не, – деп олар төне түсті.
- Ажырасу ма? Әйелін қуалап жіберу шығар. – Үш еркек оқырана күлді. Меңдігүл шыңғырып күлді.
- Білмесең айтпа!
- Бухгалтерге бар, – деді Меңдігүл.
- Айлығымды бер. Бермесең тура сотқа берем. Ізденем деп айт, – деді Нұрәли мысқылдап.
- Беталды көкіме, – деді Пәстегүл Нұрәлиге қарап. Ол тұрып-тұрып шығып кетті. Бухгалтерге бармасқа амалы қалмады. Орта бойлы, төртбақ келген, тығыршықтай семіз, қияңқы жүзді мосқал әйел, Баршынгүл Шоқпаровна компьютермен карта ойынын ойнап отырған болатын. Кірген бетте ақ оның өзін жақтырмағанын сезді.
- Қойшы, жалынбай-ақ қояйын, айлығымды берсе берді, бермесе, осыдан шыққан соң қайқаяиын, бұл араны желкемнің шұңқыры көрсін, – деп намысын қайрады.
- Дәурен батыр, жолда жатыр. Айта беріңіз, құлағым сізде.
- Айлығым әлі түспей жатқаны... соны білейін деп, – бәрін басқарып, бәрін қорқытып үйренген Баршынгүл мұнда директордан кейінгі екінші адам. Директордың орынбасары Шойынқұлақтың өзін бір жолы ол, баж етіп айғайлап зәре-құтын қашырғанын Дәурен көрген. Шаруашылық бөлімін басқара тұра, Дағарбектің өзі мекемеге қажетті оны-мұны заттар алу үшін, осы Шоқпаровнаның артынан дедектеп жүгіретінін, әр есікті сиыр құсап сүзіп кіретін Нұрәлидің өзі оның есігін қағып кіргенін, ол сан мәрте көрген. Директордың да кейде Баршынгүлден ығып, онымен абайлап сөйлесетінін байқаған. Оның қарауылына ілінген адамның қайраңда қалған балықтай жұмыстан шығып қалатынын естіген. Баршынгүлдің мысы басты ма, айтар сөзін жеткізе алмай тосаңсып қалды. Сөзімнің әсері күшті болсын деп ойлады ма, өп-өтірік:
- Әйелім екі қабат еді, – дей салды аузына сөз түспей.
- Қой, ей, сенің бүйрегің ауырады деуші еді, қуығың істен шықты деп естіп ем, қалай бала көтерттің?
- Өзім де білмей қалдым.
- Алдында туып еді ғой!
- Тағы туғысы келетін сияқты.
- Маладец.
- Сол үшін ақша ауадай қажет боп тұрғаны.
- Сөзіңде мағына бар ма?
- Қалай... түсінбедім.
- Сөзіңде мағына бар ма деймін. Ақша-ақша деп қақылдайсың да жүресің... Сенің аты-жөнің қазақша жазылғандықтан, программа танымай жатыр. Сол үшін саған ақша түспейді. Жап-жас болып алып, бір айтқанды неге қағып алмайсыңдар!
- Сонда атым қазақша болғаны үшін, айлық алмауым керек пе? Әлде орысшаға өзгертейін бе?
- Оны өзің білесің. Өзгертесің бе, өзгертпейсің бе? Онда менің шатағым жоқ.
- Сөздің тоқ етері, айлығымды бересіздер ме, бермейсіздер ме?
- Уһ... – деп өмірден мүлдем күдер үзген әрі мұны жақтыртпаған пішінде терең күрсінді де, – Ерболдың аяғын құшқың кеп жүр екен бала, – деді зілді түрде. Сосын сідігі бетіне шыға, тіс жармай, отырып алды. Кеңсеге аса көңілсіз сүркей тыныштық орнады. Дәурен ренжіп шығып кетті.
Директордың кәбинетінің алдына келуін келіп алса да, ішке кірер- кірмесін білмей, ойланып біраз тұрды да, хатшы қыздың жақтыртпағанын кәперіне де алмай, есік қағып ішке енді. Директор төр жақта, терезеге жақын жерде, қолында қарындашы бар, әр парағын мұқият сызып тұрып кітап оқып отыр екен. Бұл кітаптың директордың сонау жылдары жас кезінде жазған өз кітабы екенін ол мұқабасынан таныды. Аралығы он қадамдай алыс болғандықтан қол беріп амандасар амандаспасын білмей, босағада қипыжықтап тұрып қалды. Оның сабыры таусылған болатын әрі жүзінде ашу бар тұғын. Әңгімені төтесінен бастауды жөн көрді.
- Ағай, менің жұмысқа кіргеніме алты ай болыпты, алты ай бойы бірде бір рет айлық алғам жоқ. Ақша керек болып қатты қиналып жүрмін. Соны берсеңіздер, болмаса дәл қазір арыз жазып жұмыстан кетсем, – деді. Етік керек деп айта алмады.
- Әй, бала андағы аяғыңа кигенің не бәле, дұрысын алсаңшы деп, – шіркін-ай, айтса екен деп ойлап оң аяғын алға созғыштап еді, директор онысын аңғармады. Сөзге келген жоқ, Сәбеттен қалған ескі телефонның құлағын оңға қарай, сыр-сыр еткізіп бұрап, трубканы құлағына апарды да дүрсе қоя берді.
- Әй, Шоқпаровна, мына баланы неге жүгіртіп жүрсің, ақшасын берсеңші деді. Ар жағынан бухгалтер баж-бұж еткен дыбысы бұған әлсіз естілді. Директор тыңдап боп, трубканы қойып:
- Сені әйелімнің аяғы ауыр деп өтірік айтты дей ме? Кітап тасымау үшін өтірік анықтама алған дей ме? Бара бер! Есігін қатты жауып нең бар еді деді. Ол тайталасып тұрмады. Тек:
- Дәрігердің берген демалыс уақыты ертең бітеді. Сонда да жұмысқа кеп жүрмін. Негізі бүгін де, ертең де демалуыма болушы еді, – деп міңгірледі. Негізі бірнеше күнде тиетін сыйақыдан қағылып қалмайын деп кеп жүрген. Мұнысын директорға ұнау үшін айтты. Ақша не істетпейді. Қу нәпсі осыған барды. Директор ләм деген жоқ. Қанын ішіне тартып отырып алды. Бұл әлі тұр, әлі тұр, бір кезде шығып кетті. Іштей жұмыстан кетуге бекіді. Өз кеңсесі он қадам жерде болатын, онда жетіп отыра бергені сол еді, ұялы телефоны шиық ете қалды. Хат кепті. Оқып көріп еді. Жүз он төрт мың теңге түсіп тұр. Қателесіп келген бірдеңе ме дейін десе, хат соңында орысшалап осы мекеменің аты жазылыпты. Жүз он төрт мың теңгені он тоғыз мыңға бөліп кеп жіберсе, алты шығып тұр. Жүз он төрт мыңды алтыға бөлсе, он тоғыз мың шығып тұр. Ал он тоғыз мыңды алтыға көбейтсе, жүз он төрт мың шығып тұр. Ары есептеді, бері есептеді. Ойлап көрсе алты айда алуға тиісті өз жалақысы екен. Ары қарай күмәні қалмады. Бұл мекеменің айлығының мардымсыз болғаны сонша, елдегі ең төменгі айлықтан әлде неше есе төмен, әуелі десең ең абыройсыз саналатын мұғалім екеш мұғалімнің өзі бұдан неше есе көп алатын. Картоптың килограмы жүз теңгеден. Демек, айына жүз тоқсан килограм картоптың ақшасын алады деген сөз. Дегенмен дардай қуанып, марқайып қалды. Келіншегіне, қызына не алатыны, қайда жұмсайтыны туралы іштей есеп соғып көріп еді ақшасы лезде бітіп қалды. Іште бөтен адамның жоқ болғаны мұндай жақсы болар ма? Туфлиын бәтерияға жарты сағаттай жайып кеппесе де недәуір қыздырып алды. Сөгіс жарияламасын деп жиын залына беттеді. Бәрі сонда екен, біреуі өлең оқып, біреуі ән айтып, енді біреулер бос сөз сөйлеп бұған қызықсыз көрінді. Кенет:
- Әйелімді іздеп келіп едім, үшінші қабатта бастық болатын. Әннің дауысы шығып жатқан соң әдейілеп мойын бұрдым, – деп қала әкімінің орынбасары кіріп келіп, бәрі аңтарылып, бәрі құрақ ұшып, Кейқуат:
«Елім менің аңсаған
Тас бұғаудан босаған
Құтты болсың отауың ооо уу, – деп, аңырап бәрін таң қалдырып,
Берік болсын оооу босағаң! – деп бар күшімен айғайлап, Жәйқуат домбырасын сабалап беріп, залдың іші әннен әнге ұласып, екінті ауып кеткенін білмей қалды. Директор көңілденгені сонша, қала әкімінің құрметіне барлығын ерте таратты.
VIII
Жиналыстан шыға салысымен Дәурен, күндегіден көңілді, масайраған түрде, орталық базарға қарай жаяу тартты. Ойы ары қарай екі көлік ауыстырып үйіне жетіп, әйелін қуанту болатын. Алматының аспаны, сәл-пәл шамырқанып, сәл-пәл түтігіп, бусанып тұрған. Ауадағы дымқыл сыз оны қалтыратып тоңдырғанмен, көңілін жасыта алмады. Аспалиттің бетіндегі көбік қардың көлік доңғалағымен езілген, лай мен құм аралас қоймалжың тартқан мұздай суы оның Жетім шалдан сұрап киген жаздық туфлиін малмандай қылып езіп, оның жігерсіз, әлсіз, күйреуік жанын жаралап, алты ай бұрынғы ойсыз, қамсыз пәк жүрегін шыпырлаған безге толы, қаны сорғалаған бір кесек берішке айналдыра бастаған.
Жол-жөнекей банкке соғып, алты ай бойы сары майдай сақтап, сөлін сығып әбден зарықтырып берген айлығын түгел шығарып қалтасына басып алғаны сол еді, көңілденіп шыға келді. Желпіне адымдап, Кейқуатша ән айтқан боп ыңырсып келе жатып:
- Берік болсын о... оу бо ..са ...ғаң, – деп, жолда жатқан сусынның ыдысын бір теуіп арыққа түсіріп жіберді. Безіп келе жатып, көзі сырты мрамормен қапталған, хан сарайындай үлкен дүкенге түсе кетіп «менде адаммын ғой, кіріп көргенде не болыпты» деп ойлап ішіне ене кетіп, не бір шетелдік үлгідегі ғаламат етіктерді көріп, көзі ағып кете жаздады. «Қызметіңізге әзірмін, не бұйырасыз» дегенді көзімен айтып, бір сұлу қыз Дәуренмен ергіштеп келеді. Қыздың мысы басты ма, әлде Дәурен өзін қораш сезінді ме, қызды жолатқысы келмей қашырыс салып, бір орында қоныс таба алмай жүр. Кенет көзі бір әдемі етікке түсе кетіп, бағасын қарап жіберіп қуанып кетпесі бар ма? Қолына алып қараса, таза былғарыға ұқсайды. Бағасының арзандығын ойлап, «екі ортада қораш бірдеңе болып алданып қалмайын» – деп тағы жүрексіні. Былғарыны иіскеп біледі дегенді естігені бар еді. Танауына тақап құшырлана иіскеп еді, бұл ойлағандай сасық емес екен, қайта марқұм атасының мәсісінің иісіне ұқсайтын секілді. «Түрі ұсқынсыз ба қалай? Модадан қалған бірдеңе болып, сан соғып қалмайын» деген ой тағы жылт етті сананың түкпірінен. «Қас сұлудың өзі екен» деп ойлады қызға қарап. Қыз оның қарағанын патшаның әміріндей қабылдап, қасына жетіп келіп, сәл болғанда беттері тиіп кететіндей жақындап, орысшалап:
- Қандай көмегім керек, – деді. «Әтірінің исін ай, әйеліме біреу алып берсем, қандай қуанар еді» деп ойлады іштей.
- Былғары ма, – дегені аузына басқа сөз түспей.
- Бұл италиялық дүкен болғандықтан, тек қана италиялық үлгідегі таза былғары аяқ киімдерді ғана сатамыз. Бұл өзі жаңа модель, яғни әлемнің ең соңғы үлгісі деуге болады.
- Ойпырмай ә...
- Мерекеге қатысты, бұл етіктердің бағасын түсіріп жатырмыз. – Алу керек деп шешті ол.
- Бағасын айтасыз ба?
- Қазір бағаның арзандауына байланысты екі жүз мың теңге, біз сізді құттықтаймыз деп қойып қалды қыз. Ол тілін жұтып қоя жаздады. Жаңсақ естіген шығармын деп күдіктенді ол.
- Қанша?
- Екі жүз мың теңге.
- Мың төрт жүз тоқсан деп тұр ғой деп, – ол етіктің қонышын ашып, тілінің астындағы цифрды көрсете ғойды.
- Кешіріңіз. Ол артикул номер, бағасы мұнда деп, қыз етікті төңкере қойып еді, табанындағы «екі жүз мың теңге» деген жазу көзіне шоқтай басылды да, беті ду етті. Көзі шыбартып кеткендей болды. Сол заман әлгі, өзі «ұсқынсыз ба қалай?» – деп мұрнын шүйіріп қараған етік, көз алдында, мәңгі қолы жетпес бір кесек алтынға айналып, аспандап бара жатты да, өзегін бір жегі құрт кеміріп жатқандай қинала дірілдей бастаған ол тез есін жиып алды. Іштей «өзі он қойдың ақшасы екен» деп ойлап, әлгіні жұмыртқадан жаңа ғана шыққан құстың балапанын сипағандай, қонышынан құлдата аялай сипап қойды да, бір тылсым күш өзін жібермей ұстап тұрғанына қарамай кетуге беттеді. Қанша сыр бермеуге тырысса да, тамағына біреу желім құйып жібергендей тынысы тарылып, бес аттам жер, күнде тәңертең кейде қарлы боранға, кейде жауын-шашынға жаз баласы аптап ыстыққа қарамай ауданға жаяу сабылғандағы қырық минуттық жол азабына қарағанда естен тандырардай соққы боп тиіп недәуір жәбірленіп қалды. Ана қыз ту сыртынан әлі де көз алмай қарап тұрған сияқтанды. «Не болса да шақпақпен жағып көруге бола ма? деп сұрамағаным қандай жақсы болды», – деп ойлады.
IX
Ол орталық базардың артындағы жайма базарға ентігіп жеткен кезде, іңір туып, жердің бетін қараңғылық бүркеп, сатушылар кетуге қамданып, жинала бастаған екен. Неше түрлі киімдер мен етіктерді, жаяу жолдың екі жағына қатарластырып, астына мата төсеп жерге жайып сататын бұл базарға ол қашаннан бері қанық тұғын. Әр күні осы арадан, тәңертең-кеш екі мезгіл өткен сайын, қолдарында бір-бір стақан шайы мен самсасы бар «балам кел, бізде бәрі арзан» – деп мұңлы да, жалынышты көзбен қарайтын апаларға назар салмай өтпейтін. Олармен шетінен сөйлесіп, әлде талай рет бір-бірлеп етік талдап әуреге салған, тек қалтасы құрғыр жар бермей қапыда жүруші еді. Бағасын да біледі, екі мың теңге. Ол қабат-қабат киінген, семіз де, ірі денелі апамен бір етіктің бағасына саудаласып қалды. Апа кешкі сауда болған соң мың сегіз жүз теңгеге беретін болды. Өзі немерем деген шынашақтай бала, жарқ еткізіп жаққан шақпақтың отымен етіктің ана жағын бір, мына жағын бір қақтап, былғары-былғары деп бәйек болады. Ол етікті алғалы жатып, «арзан етік алма» – деген әйелінің сөзі есіне түсіп, «бағанағы етікке қарағанда жып-жылтыр, түрі де, сапасы да жетпейді ау осы» деп әңкі-тәңкі күй кешіп сылбыр қимылдады. Иіскеп көріп еді, мұрнын ашытып, құсқысын келтірді. Ұнағаны қайсы, ұнамағаны қайсы өзі де білмей әбден басы қатты.
- Не болса да алайын, қазақтың анасы ғой! Суықта обал-ақ өзіне, сауап болар, – деп өз-өзін жұбатқан болды. Етікті жерге қойып ақшасын шығарып санай бергені сол еді. Апа бажылдаған ащы дауыспен:
- Ойбай, сақшы, сақшылар келді, – деп айғайды салып еді төңірек апыр-топыр болып кетті. Апа жиналып қаша жөнелді. Енді барлығы тым-тырақай болды. Дәуреннің:
- Апа, мен алам ғой деп міңгірлегеніне қараған жоқ.
- Ертең кел, – деді апа зілдей дорба арқалап теңселе қашып бара жатып.
Артынан сақшылар қуып бара жатты. Мұның тағы да жолы болмады. Бірте-бірте көкжиекі торлаған қызыл алау сөніп жоғалып, қаралтқым тартып, жердің беті ала көлеңкеленіп, қардың басын шытырлаған аяз жей бастады.
Күн сол батқаннан ертең шықпай қалатындай ақ, оның етік алуға деген аңсары тіптен ауып, киім дүкендерін алақыза тіміскілеп жүріп, маңдайшалығы көзге бірден түсетіндей етіп, сары түспен үлкен қып жасалған, бағанағыдай кең сарай болмаса да, жол жиегіндегі жалғыз қабат көне құрылыстан ашылған шағын аяқ киім дүкеніне тап болды. Іші кең, еңселі, қарапайым болса да, таза, ретті, жарық екен. Жасы елуді еңсерген, талдырмаш орыс әйел күліп қарсы алды. Ол өз қиялында базар біткеннің тауары арзан және сапасыз, ал дүкендегі заттың бәрі керемет сапалы, сондықтан олар өз тауарын қымбат сатуға моральдық тұрғыдан құқылы деп ойлайтын. Дәурен үшін бағанағы өзі ұялып қашып шығатын Италиялық магазин де, мынау өзі тап болған орыс әйелдің магазині де, әйтеу магазин біткеннің бәрі де, ол үшін бірдей болатын. Сондай-ақ орыс атаулыны қулығы жоқ адал, шыншыл, турашыл деп түсінетін. Осы екі түйінге негізделіп ол кірген жерден, іздеген затын алуға бекініп қойды.
- Италиянікі, өз брендіміз, жеке марка – деп әйел сап-сары қорапты, сап сары қораптан шыққан етіктің қонышындағы сары түспен істелген марка жазылған қағазды көрсетіп әлек. Бірінен бірі өтіп қараған адамның айызын қандыратын, неше алуан етіктерді шетінен ұстап көріп басын шұлғып, күлімсіреп жүр. Бағалары әр түрлі, он үш мың, он төрт мың, он бес мың екен. Дәл қазірге нарық бойынша қымбаттау, дегенмен астары таза қойдың терісінен тігілген, сырты да былғары. Қонышы да ұзын, табаны да қалың, түрі де әдемі, бағанағы апаның етігін жолда қалдырады.
- Жақсы кезіктім, алайын, үнемі келіп аяқ киім алып тұруға болатын жер екен, бәрі жақсы екен. Ең қымбаты ең жақсысы болар он бес мыңдығын алайын, жаман-жұтық бір қойдың ақшасы екен, бір пар шұлық алайын, үйімді күтіп, қызымды қарап отыр ғой, көмпіс өзі, әйеліме де шұлық алайын. Сәби ғой, меселдесі қайтпасын, Інжуге де шұлық алайын, – деп бейне сиқырланған адамдай көзі байланып, кенет судың бетіне қалқып шыққан қазынаға жолыққандай бет жүзі күреңітіп, аузы аңқиып қатты да қалды. Сөйтіп ол дүкеннен қолында ұстаған үлкен пакеті бар жадырап шықты. Жолай бір торт пен екі балық сатып алды. Балықты тазалап бер деді сатушыға. Бұл оның өміріндегі, әйелінен өзге адамға тұңғыш рет бұйырып сөйлеуі-тұғын.
Күн райы бұзылып, кенет ақ жауын сіркіреді. Аудан орталығына жеткен соң, Сарышөлдің шетіне дейін автобусқа отырып, одан ары қарай тәксиге мінуі немесе жаяу жүруі керек еді. Сарышөлдің шетінен үйіне дейін жаяу жүру оған бұйым боп па? Аудан орталығынан үйіне дейін талай мәрте жаяу жүрген күндері болған оның. Бірақ ол өйтпеді. Аудан орталығынан ары, үйіне қарай бірден тәкси ұстады. «Сарышөлге бірден тарт! Үйге дейін...» деді кірекешке. Сөйтіп ол бөгде жұртқа екінші рет бұйырып сөйледі. Мұның келетінін періштесі сездірді ме әлде жаңбыр сіркірін қызықтап тұр ма? Қызы есіктен басын шығарып, шатырдан сырғыған жаңбыр тамшысына қолын төсеп, жолға қарап тұр екен. Даланың шырағы самаладай жанып тұрған соң, ол бәрін анық көре алушы еді. Тортқа қарап қуанғанынан шыңғырып жіберді. Есіктің көзіне таяй бере жібі шешіліп кетіп, торты құрғыр жәшігінен сырғып түсіп, жерге былш етіп төңкеріліп түсті де, торттың құлағанын айтуға Зере шешесіне жүгіріп кетті. Тортты жерден іліп алып, жыртылған қабымен бетін сыпырып тазалап еді, батпағы кеткенмен құмы жабысып кетпей қойды. Үйге кіріп пышақпен недәуір қалың ғып бір қабатын кесіп ап тастап, тағатсыздана күтіп тұрған қызының алдына қоя қойып еді, ол қуанышы қойнына симай езгілеп жей бастады. Пакеттен жарқ еткізіп, етіктің қағаз қорабын алып шығып ашып, ішінен кішкентай шұлықты оның сүйкімді аяғына кигізе қойып еді, қуанып кетіп, алақанын бір-біріне ұрып шапалақ соғып жатыр. Әйеліне бір пар шұлық үлестіріп еді, ол да қуанып қалды. Жарқ еткізіп етікті суырып алды. Етікпен бірге үйдің ішін бұрқ еткен, мұрынды ашытатын, ащы да, күлімсі иіс алып кетті. Жанында сыдырмасы, алдыңғы жағында қаз-қатар тесіктері, оған өткізілген ұзын бауы бар, табаны добалдай, қап-қара, жып-жылтыр етіктің, әр жерін бармағымен басып көрсетіп, киіп ап арлы-берлі жүріп, қалай екен дегендей, келіншегіне әрі мақтана әрі жымия қарайды. Оған қарап келіншегі де күлімсірейді. Күйеуі әкелген етіктің бір сыңарын аялай ұстап, ішіне қолын тығып көріп ыржыңдап күледі. Кенет ол жатын бөлмеге кіріп кетіп, түрі бұдан өзгешелеу, ер адамның етігін алып шығып, күйеуіне қос қолдап ұсынып жатыр.
- Мұны қайдан алдың?
- Ауданнан.
- Ауданнан етік алушы ма еді?
- Енді сен тоңбасын – деп.
- Менен сұрамадың ба? – Дауысы дірілдей құбылып, өңі сұрланып кетті.
- Қаншаға алдың?
- Бес мың теңгеге...
- Қайран ақша... сатып жіберу керек. Көктемнің жақындағанын білмеуші ме едің?
Әйелі оның сөзін кәперіне де алмай, балық қуырмаққа қазан-аяқ жақта күйбеңдеп жүр. Ол қайсысының жақсы екенін салыстырғысы келген адамдай, екі түрі етіктің, бір-бір сыңарын киіп ап, аяғын салбыратып тастап, залда шалжиып жатыр.
- Ата қайтыс болды.
- Қашан? – Екі көзі ежірейіп жастықтан басын жұлып алды. Тынысы тарылып кеткен тұғын. Түрегеп терезе ашып, ас үйге кірді.
-Тәңертең сен кезігіп кеткен соң, қатты ауырыпты. Түске дейін сені іздеп екі рет келіп кетті. Жүзі сынық, көзі кіртиіп қатты жүдеп кетіпті. Әлсіз қимылдайды, денесін суық тер басып тұрғанын айтқан. Түстен кейін аяқ астынан қайтыс болып кетіпті.
- Бірдеңе айтпады ма?
- Дәнеңе демеді.
- Неге іздеді екен, ә? – Есіне ол кісінің туфлиі түсті. – Орнынан тұрып, киініп есікке беттеді.
- Қайда барасың?
- Баруым керек, бала-шағасы жиналды ма екен, көңіл айтуым керек. Мынаны апарам. – Жетім шалдың суға шылана болбырап, аппақ боп соры шыға жемтірленген туфлиын қолына ұстап, тысқа шықты. Пакетке орап, ышқырына тығып алды. Алыс-жақыннан көңіл айтуға келген адамдарға білдіртпей, олардың маңайынан жалбызбалап өтіп, әлгіні ешкімге байқатпай дәліздегі шкапка салып қойды. Жұртпен бірге көңіл айтып, екеуінің елден бұрын мынау жапан дүзде бірге үй сап, бірге лай илеп, бірге кірпіш жинап өткізген жапалы күндері, суықта пешсіз үйде қос көрпе жамылып дірдектеп жатып ұйқыға кеткені, бір-бірінсіз өңештерінен ас өтпей, бір нанды бөліп жеген қимас кездері, мынау алдамшы өмірдегі өзін ерекше сыйлайтын жалғыз еркек кіндіктінің аққан жұлдыздай мәңгілікке жоғалғаны, өз өмірінде ондай жанашыр достың енді қайтып кездеспейтіні есіне түсіп, үйдің қалтарысындағы үйген қардың қасына барып жалғыз өзі, жасын төгіп-төгіп жіберіп, қос алақанымен бетін басып, болымсыз ыңырсып өксіп-өксіп жылап алды. Сәл жеңілдегендей болғанымен көңілі әлі де албұртып, даладағы оны-мұны жұмыстарға көмектесіп түнде бірақ қайтты.
X
Үйінде келіншегі екі көрші әйелімен бірге шай ішіп отыр екен. Біреуі Гүлназ, бойы аласа, өзі арық, ашық жарқын, салдырлаған, пысық келіншек, екіншісі Әсем, етжеңді, ұзын бойлы, тұйықтау, күлкішіл келіншек. Екеуі де бұдан бірнеше жас кіші, әйелі құралыптас. Қастарында айқыш-ұйқыш етіктер шашылып жатыр.
- Етігіңді, көрейін деп келдік құтты болсын, – деді салған жерден Гүлназ сөз бастап. – Жақсы екен.
- Балжанның алған етігі де жақсы екен, – деп сөз қосып қойды Әсем.
- Солай ма? Шай ішелік.
- Онда неге сатқалы жүрсің? – Дәрен сасып қалды да, артынша төте жауап берді.
- Сатам.
- Қой, Балжан ренжімей ме?
- Неге ренжиді, ақшасына өзі біреу алады да...
- Әйелдердікі қымбат, – деп Әсем сық-сық күлді.
- Мейлі, үстіне ақша қосармыз.
- Қалтаға ақшаны басып келіп, тағы әйелі сыйлаған етікті сатқалы отыр. Қайсысын сатасың ал?
- Мынаны, – деп ол Балжан әперген етікті қолына ұстады.
- Балжан ренжімесе күйеуіме алайын, – деді Гүлназ.
- Менің күйеуім талқы аяқ, мынау башпайына әрең сияр, болмағанда мен-ақ сатып алар ем, – деп қостады Әсем.
- Менің күйеуім ши аяқ, мынау соған дәл кеп қалар, – деді Гүлназ. Етікті алатын болып келісті. Сосын Балжан пісірген балықты жеп отырып, өзара жетім шал туралы, оның қайтыс болу хикаясы жөнінде біраз әңгіме шертілді. Соңында шайға қанған екі келіншек:
- Күйеуіміз іздеп жатқан шығар, қой барып шәйін берейік, – деп үйлеріне қайтты. Гүлназ, ақшасын ертесі әкеп беретін болып, қолтығына Балжан әкелген етікті қыса кетті. Әйелінің бұртиып отырғанын байқап, ол «етікті сатқаным жөн болмады-ау! Соған ренжіп отырған шығар, не істеймін енді, тапқаным ары тартсам ары жетпейді, бері тартсам бері жетпейді, бәрі де осылардың қамы үшін емес пе» деп ойлады. Ол әйелдер кете сап, әлгі өзі әкелген етікті аяғына киіп алған-тұғын. Бойы жылып, аяғы қыж-қыж қайнап, оның үстіне балықтың сорпасы өне бойын қыздырып терши бастады. Балықтың дәмділігі сонша, үсті-үстіне асап, тәбеті құрғыр мұндай обыр болар ма? Құйрығын рақаттана мұжып отырып, басын қатты-қатты шайқап қойып, күрсініп жіберіп, өмірге шектен тыс разы болған пішінде:
- Жаңа етіктің мұндай жылы боларын білгенде, баяғыда ақ сатып алар едім, аа..а қатын, сен де біреу ал, қызығын көресің – деді.
- Қанша рет қақсадым етік ал деп.
- Әй, етігің симай қалды, біздің күйеуге де симай қалатын етік бар екен, – деп, күйеуін ертіп самбырлай сөйлеп Гүлназ кірді. Оның күйеуі Уәли:
- Әй, көрші, басқа етігіңді берші, – деп, оның өзі сатып алған етігін аяғынан сыпырып алып өз аяғына кептей бастағанда, таңдаған етігімнен айырылып қалам ба деп Дәуреннің жүрегі тас төбесіне шықты. Әсіресе етік Уәлидің аяғына киіле кеткен кезде оның бойын бір қимастық сезім билеп ала жөнелді.
- Болмады, бұл да қысады екен, менен өткен ши аяқ екенсің, онан да шай ішейік, – деп, Уәли етікті шешіп тастады. Тағы шай ішілді, тағы Жетім шал туралы сөз қозғалды. Ұзақ қысыр кеңестен кейін, көршілер үйлеріне қайтып, олар өздері ғана қалды. Олар кете сала Дәурен, әлгі етікті қайтадан киіп ала қойды. Әйелі әкелген етіктің сатылмай қалғанына өкінді. Бір жағы екі етікті кезек-кезек киетіні есіне түсіп, көңілденіп қалды. Әлгінде біреуінің Уәлидің аяғына симай қалғаны есіне түсіп, «мейлі, сатылмағаны да жақсы болды, енді сатпаспын тіпті, өзім киіп жүрем» деп ойлады. Ертең демалысының соңғы күні екенін, арғы күні жұмысқа баратынын, Шоқпаровна мұның аяғындағы жарқыраған, жып-жылтыр етікті көріп іші күйетінін ойлап жатып ол қорылдап ұйықтап кетті. Егер етікті Балжан шешіп тастамағанда ол мүмкін, етікпен ұйықтар ма еді кім біледі. Ұйықтап жатып ию-қию түс көрді. Түсінде анау Италиялық дүкендегі аса қымбат етікті сатып алып үйіне әкелген екен сыңары жоқ. Ойлана келе, ақшасы жетпей тек бір сыңарын ғана сатып алғаны есіне түсіп, өз-өзін кінәлап қатты өкініп жатыр екен. Енді бірде әйелінің оған етік сыйлағаны өтірік болып шығады. Ал өзінің жалғыз етігі бар екен дейді. Сол етігін киіп ап дәлізде кетіп бара жатқан жерінен, сары үйдің директоры ғалым хатшы Жұбанышты жіберіп, Дәуренді кәбинетіне шақырып алып, көтен зорлықпен етігін тартып алып, ал Жұбаныштың шуаш сасыған ескі етігі болушы еді, оны да тартып ап бұған кигізіп, ғалым хатшы етіксіз қалыпты дейді. Енді бірде Шоқпаровнаның күйеуі екеуі базарда етік іздеп жүр екен дейді. Түнімен міне осындай етікке қатысты шырма-шату көңілсіз түс көріп, ұйқысы қанбай оянды. Тұра салып аяғына қараса етігі жоқ, жан-жағына ұйқылы ояу алақтап, бұрышта жылтырап жатқан екі пар аяқ киімді көріп көңілденіп қалды. Түнде етікті киіп жатып ұйықтап қалғаны есіне түсіп, келіншегінің шешіп қойғанын бірден түсінді.
Балжан мұның шайын дайындап беріп, жетім шалдың үйіне қарай көмектесуге кетеді де, бұл жаназаға үлгірсем болды деп асықпай шай ішіп отырады. Сол кезде, көктен түскендей боп Елеусіздің әйелі жетіп келмесі бар ма?
- Сен етік таратып жатыр дейді ғой, – деп қояды тағы.
- Таратып жатқам жоқ... артық бір етігімді сатайын дегем, – деді бұл бұлтара алмай. Әйел ұзақ отырды, кететін түрі жоқ. Жардай боп әлі отыр, әлі отыр. Әңгімесінің түрі ат үркерлік. Сарышөлдің аузында автобус не тәкси күтіп жүріп бірнеше рет кезігіп қалғаны болмаса, ел Елеусіздің әйелі деп атап кеткен, жасы қырықтың жуан ішіндегі, нардай биік, пілдей семіз бұл әйелмен, ішкерлей сөйлесіп көрмеген екен. Күлкісі де ащы, дауысы да жуан, бір оталса тоқтамай сөйлейді екен.
- Қатты күлсем жел шығарып қоятыным бар, – деп тоқтайды күліп-күліп
ап. Ары отырып, бері отырып бір кезде ол етікті сатып алатын болып келісті.
- Күйеуіңіз киіп көрмеді ме енді?
- Күйеуімің бүкіл денесінің өлшемін білем, – деді ол, – шыр жұқпайтын шынашақтай неме, бұл етік оған үлкен болмаса кіші болмайды. Қыстық аяқ киімнің үлкені жақсы, киіз ұлтарақтан екеуін қабаттап салар.
- Ұнамай қалмай ма?
- Ұнамай көрсін ол немеге, бүкіл киімін мен сатып ап берем оның. Үйде отырып әйелінің әкелгенін ішіп жей беретін патшаның өзі. Әйтпесе сасып жүре береді. Моншаға да мен ертіп апарам, мұнда кір, мынау сабының, мынау арқа ысатының, монша деген осы болады, кір де жуын деймін, сонда барып қайда тұрғаны есіне кіріп, жуына бастайды ол сорлы. Арқасын да мен ысып берем. Қысқасы мен жуындырам. Отырып келгендей тыриған арық, қолмен санауға келетіндей қабырғалары ырсиып, ысқан кезде бар ғой қолың ауырады. Елдің бәрі «Елеусізді әйелі бұтына қысып тұрып шомылдырады» дейді екен, мұнысы шылғи өтірік енді. Бұтыма қысқан қайда, тақтайға жатқызып қойып, ары-бері аударып, төңкеріп ысқылаймын. Сосын келіп моншашы «уақыттарың толды, тез шығыңдар» деп айғайлап тұратыны бар. Сүйтіп өзім шомылып үлгіре алмай, айызым қанбай, кірім езілген күйі сапылдап шығып келе жатам моншадан. Тура біреудің бас сүйегін тесіп жіберіп, миын жейтіндей, ондайда бет қаратпаймын. Ертесі мазам кетеді, кір сасып жүрем... сонда ойлаймын ғой! «Әй, сорлы неме, кеше мені бір аунатып алуға шамасы жетпеді ме?» деп, ха, ха, ха, ха... әй қатты күлсем, жел шығарып қоятыным бар, бірде қатты күлем деп кіші дәретім тамшылап кеткені. Елге айтып жүрме, бала, тегінде, онда бар ғой ақшаңды бермей қоям. Етікті алам, ақшасын біздің жындының айлығы тигенде берем, менің алатыным қайсысы еді, а, мынау ма, болды, бұйырғаны осы болса алдым, – деді. Сөйтіп етікті қолтығына қысып ап шығып бара жатты. Әйелдің кеткеніне қуанған ол асығыс дәрет алды да, өзі әкелген су жаңа байпақ пен су жаңа етікті киіп ап, үйінен шығып, кірлеп қалмасын деп абайлай басып, жаназаға жиналған қарақұрым жұртқа қарай адымдап бара жатты. Аяғы баяғыдай тоңған жоқ, десе де анау жылдардағыдай қыж-қыж қайнаған да жоқ, су жаңа, құрғақ етіктің өзінен сәл-пәл дымқыл тартып тоңази бастады. Ол соған қайран қалды.
XI
Өлімге қарақұрым халық көп жиналған екен. Көршілер ер-әйел демей, түгел ат салысып жүр. Біреулері тысқа тігілген үлкен шатырдың ішіне үстел, орындық тізіп, енді бірі әйелдерге ыдыс-аяқ көтерісіп, су тасысып жүр. Бұған ошақтың басынан жұмыс бұйырды. Үлкен қазандағы былқып қайнап жатқан еттің астына ағаш отын дайындап, су құйылған үлкен титанды да демін алдырып алмай астына от жағып тұру міндеті жүктелді. Қолы қалт еткенде титандағы суды бақылауда мұның міндетіне кірді. Ол отын жаруға оқталып, басынан асыра балта көтерген кезде,
- Байқа, етігіңді зақымдап алма, – деп құрдастары қалжыңдап күлісіп жатты. Анадайда мұның етігін сөз етісіп біреулер тұрды. Бір кезде бұл қолында су толы шелегі бар, шатырдың алдынан бүкшеңдеп өтіп бара жатыр еді. Іштен келіншегінің басы қылтиды да мұны шақыра қалды. Өзі көңілсіз, қабағы түсіп кеткен. Қасында Уәли, Гүлназ, Әсем және Әсемнің күйеуі Төлеген бар екен. Төртеуін де күлкі қысып әрең тұр.
- Етікті, Елеусізге саттың ба? – дейді Балжан.
- Жоқ, әйеліне саттым...
- Жырғаған жерің осы екен, – Жыламсырай үн қатты. Бұл намыстанып қалды.
- Оны қай өсекші жеткізе қойды екен?
- Менің көзім көз емес, жараның орны дейсің бе? Елеусіздің аяғынан бірден таныдым, жарқыратып киіп апты, бергіш болсаң өз етігіңді неге бермедің!
- Бергені несі, саттым емес пе? Кеше өзің келісіп ең ғой, енді несіне бұртиясың!
Келіншек көпіршіген сабыны ернеуінен асқан су толы тегенеге салған
шыныларды өші бардай қатты ысқылап, тасыр-тұсыр жуа бастады. Өңі сұрланып кеткен.
- Қайтеді ей, шағасың елдің шынысын.
- Қайран ақшам! Ол кері бұрыла беріп елпілдеп жүгіріп келді.
- Сенікін неге сатқанымды білесің бе? Менікі екі ақ мың теңге, ал сенікі бес мың теңге, пайда емес пе?
- Ақшасын берсе мұрнымды кесіп берейін! – Мұның жүрегі зырқ етті. Бірдеңені бүлдіргенін енді-енді сезіп, іші қыж-қыж қайнап, денесі мұздап сала берді.
- Бермегені несі, бермей көрсін, қане?
- Әй, Елеусіздің қатынының қандай адам екенін білмейсің бе? – деді Гүлназ. – Есі дұрыс емес әйел ғой ол. Бүйтеріңді білгенде, кеше етікті қайта әкелмеген болар ем.
- Кең болса қолпылдатып, тар болса башпайыма киіп алып жүре берер ем, - деді Уәли.
- Ол әйелдің сені жайлап кететінін білгенде, ана етігіңді бар ғой, ақшасын беріп сатып алып, қыспақ тұрмақ, аяғымды қан-жоса қып қажаса да, тастамай киер едім, – деді Төлеген ішек-сілесі қата күліп, өз-өзін тоқтата алмай.
- Ең соңында көршімнің көзі еді деп, кілтіңе тағып жүрер ме едің, – деп күйеуін қостап қойды Әсем. Мыналардың кекеп-мұқағаны, әжуалап күлгені Дәуреннің ызасын келтіріп, төзіп тұра алмай тайып тұрды да, ошақтың басында от көсеп отырып, тұңғыш рет өз-өзін барып тұрған ез, ынжық екем деп ойлап қатты күйзелді.
Шайдай ашық аспаннан жарқырап құйылған күннің нұры, жердің бетіндегі ақ ұлпа қармен шағылысып көзіңді ұялтады. Күн жайдары, бұлтсыз, шаң-тозаңсыз дала, теңіздей мөлдіреп тұрса да, қыс мінезіне тән дымқыл ызғар Дәуреннің тұла бойын қалтыратып, аяғы мүлдем жылынбай, бейне суық суға малып қойғандай тоңып, қарып барады. Басқаларға қараса, тоңған бейне жоқ, тондарының өңірін ашып тастап, беттері жылтырап малақайларын шешсе шаштарының арасынан бу бұрқырайды. Не дәретке жүгіргенін не дірдектеп кеп ошаққа жылынғанын көрмейсің. Бұл болса қоқшақтап тоңып ошақтан алыстай алмай жүр.
Бір кезде қасына Жандос кеп қалды. Өзі көңілді, шат-шадыман жадырап жүр. Екеуі әңгімелесіп тұрды да:
- Құрдас, етік құтты болсын, қайдан алдың? – дегені.
- Италиалық дүкеннен.
- Тым нашар етік алыпсың, былғары деген мынадай болады, – деп, аяғындағы етігін көрсетті. Қараса, өзінікінен басқашалау, табаны мүлде қалың, тұмсығы бұныкіне қарағанда төртбұрыштау, терісі мап-майда, ал мұның етігінің терісі қотырлау екен.
- Қайдан алдың?
- Біздікі сол барахолка ғой, сен құсап магазиннен алу бізге қайда? Барахолкадан Ардақ деген жігіттен алдым.
- Базарда да жақсы аяқ киім бола ма?
- Мә... мынаның сөзін қара! Бұрын дәл сол жерден біреуін алып, жеті жыл киіп жырта алмадым, сегізінші жылы киетін едім, жүні бірақ жатып қалған соң, кимедім, ауылдағы ағама жібердім. Ол одан кейін де, қанша жыл киді. Жазда сол етікпен былшылдатып лай илеген, сонда да жыртылмапты. Қаладағы бренд магазиндаріңнің аяқ киімдері мен алған жердікіне жетпейді. Бәрі өтірік, алдау-арбау. Ардақтың да соны айтып күйіп-пісетіні бар. Кеше сұрағаныңда мекен-жайын айтып, телефонын беретін едім. Бағасы қымбаттау енді, менің атымды айтсаң, арзандатады, он бес мыңға береді. Бір кірген адам ол жерден аяғына бірдеңе сұқпай шықпайды. Бір алды ма, түбінде қайта іздеп барады. Мынаған үш жыл болды әлі киіп жүрмін. Ол жып-жылтыр ғып ұқыптап майланған, иесіне құп жарасатын, әрі тайып сызат түспеген етікке қызыға қарап үш жыл болды дегенге сенер-сенбесін білмей:
- Былғары не былғары емес екенін қалай ажыратасың? – деп сұрады.
- Досым-ау, көрініп тұрмай ма? Сенікінің терісі жұп-жұмсақ, ал менікіне қарашы, қатты, анау-мынау пышақ тесіп өте алмайды. Ұстап көрші өзің?
- Ол еңкейіп, екеуін алма кезек саусағымен басып көріп еді, ананікі шынымен қайыстай қатты екен, бармағы ауырып қалды. Өзінің етігі болса илеген қамырдай былқ-былқ етеді.
- Сенікі шынымен тері екен, – деді міңгірлеп.
- Сенікі де тері, – деді Жандос. Апаның да апасы, кемпірдің де шешесі бар дегенді естіген шығарсың! Терінің де терісі бар. Қайта сенің Елеусізге берген, етігің андағыдан көрі мықтырақ. Мынаны естігенде ол қайтерін білмей тұтығып қалды.
- Әй... бергем жоқ саа..тт...ым. Мұны сен де білесің бе?
- Мұны бүкіл ауыл біледі. Саттым деп ақталмай ақ қой, ақшасын ала алмайтын нәрсені, саттым дегенше бердім деп айта бер. Қайтесің! Ұмыт. Денсаулығыңды құртпа! Әне, өзі де жүр, әй, Елеусіз, келші бері.
Ол елеусіз десе, Елеусіз еді. Әйелі екеуі қатар жүргенде кезіге қалған адам, оның өзімен емес, әйелімен сөйлесетін. Әгараки күрек немесе тістеуік керек бола қалған көршісі, одан емес әйелінен сұрайтын. Егер үйінде әйелі болмай, Елеусіздің өзі болса, келген адам ештеңе сұрамастан кері қайтатын. Әйелі бәрін өзі бұйырып, бәрін өзі тындырып, күллі тың идеялардың бәрін өзі ойлап тауып, өзі іске асырып, мұның мойнына қытайдың тас құдайындай мініп алып, өмір сүру қабылетінен әбден айырған бұл делқұлының аты Елеусіз бе? Әлде көлденең біреудің жапсыра салған лақабы ма, ол жағы құпия. Күні бүгінге дейін оның құжатын көрген ешкім жоқ. Сөз екеш сөздің өзін әйелінің ауызға салып беруімен көкіп, шыны қайсы, өтірігі қайсы екені ажыратуға келмейтін әумесердің өзі тұғын. Әйтпесе жетім қозыдай түртіншек, әрекеті шапшаң, еңбеққор, жаны сірі, әдетте, маубас, момын адамдардың бойында болатын, пайдасынан зияны көп қулықтың бәрін бойына сіңірген, өз-өзінен қуыстанып, көлеңкесінен қорқып жүретін сорлы байбақ еді. Оның қаңбақтай да салмағы жоқ шыбыштай денесін, тобылғыдай білектерін, етіктей ғана бойын көргендер, әйелі бұтына қысып шомылдырады дегенге күмәнсіз сенетін еді. Шығын шықпайтынына көзі жетсе болды, кіріс кірмейтініне қарамастан барлық жұмысты жанын салып істей беретін сараңдығы тағы бар тұғын. Анығы бір Құдайға мәлім, кезінде жігіттің төресі болған, ана қатынды алғаннан соң бірден өзгеріп, жүнжіп кетті деп айтады екен білетіндер. Жасы өзінен көп кіші Жандостың шақырғанына ол жүгіріп жетіп, «не бұйырасың» дегендей қаздиып тұра қалды.
- Етік құтты болсын!
- Рақмет!
- Етіктер бәйгесін өткізіп жатыр едік, қайдан алдың?
- А, менікін ба? Түркияда, тұратын құдам жіберіпті.
- Солай ма? – Жандос Дәуренге қарап көзін қысып, Елеусіздің етігінің үстінен саусағымен басып-басып қойды. – Онда былғары деші.
- Иә, таза былғары, Түркиянікі, – деді екі езуі екі жаққа жетіп.
- Көрдің бе? – деді Жандос қолын қармен жуып жатып, Дәуренге қарап, –
Елеусіздікі, сенікіне қарағанда әлдеқайда сапалы, – деді. Дәурен Елеусізге бердеңе дегісі келіп, төне беріп еді ана жақтан: «Ассалату жаназа!» – деген дауыс шыққан соң жалт қарап еді Имамды көрді. Барлығы жаназаға тізіліп жатыр екен, бұлар да солай қарай ағылып, әңгіме аяқсыз қалды. Жаназа басталарда Жандос оның құлағына сыбрлап:
- Құрдасым, ренжісең де айтайын, ішіме симай барады, сені адам деп етік әкеп беріп жүрген әйелің де адам екен, – деді. Сонымен жаназа басталып кетті. Әлгі сөз Дәуреннің жүрегіне түрпідей тиіп, бұртия қарап еді, Жандос күлкісін әрең тиып тұрған адамдай өзін мысқылмен бағып тұрғанын байқады.
XII
Жаназа оқылып бола сала, табыт көтерген адамдар легі зират басына бармаққа, көліктеріне қарай ағылды. Табыттың алдын көтерісіп Уәли кетіп барады. Ентелей қысылысып, демескен боп Жандос кетіп барады. Ол көзімен қанша шолса да Елеусізді көре алмады. Табыттың арт жағын көтерісіп келе жатқан болатын. Табыттың мұнша ауыр екенін ол бұрын-соңды ойламапты. Бір жақ иығы талып, тірсегі майыса дірілдеп, қолы сіресіп қалды. Оң жақ шетін Жетім шалдың ұлы Айдар көтеріп келеді екен. Түнімен ұйқы көрмей әбден бозарған, түтеленген жүзі сондай мұңлы екен. Жылаудан, сықтаудан кіреукеленіп, домбыға қызарған көзіне әлемнің бар қайғысын сіңіріп алғандай, қараған жанның қабырғасын қайыстырады. Екі жігіт келіп Айдар екеуімен орын алмастырды да, Дәуреннің бойы жеңілдеп, кең тыныстап Айдармен қатарласты. Қарт досынан айырылып қалғаны оған да, осал соқпаған болатын. Марқұмды қимай, жыларман боп келе жатқан Дәурен, мынау жайсаң жандардың біреу қара жердің қойнына кіріп бара жатқанда еш қайғысыз, қаннен қаперсіз жәйбарақат алшаңдап бара жатқанына, сампылдап дүниеауи әңгіме айтып бара жатқанына налыды. Мыналардың марқұмды жерлеп келіп, шатырдың ішіне отырып алып, палауға лап қоятынын, шала жуған немесе мүлде жумаған қолдарымен ет турайтынын, дастарқанға қырғидай тиіп, сіміре шай ішетінін, дарақылана күліп, бәдік әңгіме айтатынын ойлады. Тыңқия тойып үйді-үйіне тарайтынын, сөйтіп марқұмды ұмытатынын, соңында бірнеше әйелмен бірге қасында Балжан да бар елдің ыдысын таратысып өзі қалатынын, сол күні түннің бір уағына дейін ұйықтай алмай жаны құлазитынын, өмірдің соншама мәнсіз боп бара жатқанын ойлап, жаны жабырқау тартты. Айдарға жылы бірдеңе айтқысы келіп иықтаса жақындап, оны құшақтап алды. Оның әкесінің жақсы адам екенін. Екі адам жүк көтерсе, жүктің ауыр жағына қарай жүгіретінін, қалтасындағы ең соңғы жармағын жоқ-жітіктен аямайтынын айтып келе жатты. Ол да бұған бірдеңе деп келе жатты. Бір кезде бұған суық қарап:
- Әйелің сыйлаған етікті, Елеусіздің әйеліне бергеніңді естіп, қаралы көңілім қатты қапаланды. Мұның жөн болмапты, – деді. Төс қалтасына қолын тығып, екі бүктеулі қағаз алып шығып бұған ұсынды. Дәурен жүрісін баяулатып, елдің соңын ала беріп әлгіні ашып оқыды. Шалдың өсиеті екен. «Ұлым, – деп басталыпты. – Балжан – жақсы әйел, сен оның қадіріне жетпей жүрсің. Соңғы кезде тым қатыгез, тым бая болып бара жатқаныңды келін маған айтқан, мен де байқағам. Маған талай мәрте жылап келіп, өзіне күн көрсетпей ұрса беретініңді айтып, саған ақыл-кеңес беруімді өтінген болатын. Кедейшілік жолыңды кесіп, жүдеп-жадаған түріңді көріп, көңіліңді ауыртқым келмеген. Әлгінде соны айтайын деп, қиналғаныма қарамай, ақтық күшімді бойыма жинап, неше рет өзіңді іздеп барып, таба алмай қайттым. «Жолда өліп қалам ба, айтар ойымды тым болмаса қағазға түсіре алмай қалам ба», деп қатты қорықтым. Үйге әрең жетіп, осының өзін қолым дірілдеп жазып отырмын. Сен білесің бе? Дәл қазір жанымның жартысы мұрнымның ұшынан шығып, зау көкке торғай боп ұшайын деп тұр. Мүмкін сені іздеп барып қиналмағанда, бірнеше сағатқа артық өмір сүрер ме ем, кім білсін.
Менен «не ғып сонша тез қартайдың» – деп сұраушы едің ғой! Менің бетімдегі шыпырлаған әжімнің терең іздеріне қарап мүсіркеуші едің ғой! Менің ақсөңке болған шашыма қарап таңданушы едің ғой! Соны саған айтып өлгім кеп тұр.
Менің де ел қатарлы өте сұлу әйелім болған. Там-тұмдап жиған малым болған. Сәбет тарқап, өкімет құлады да өмір, өмір болмай кетті. Тісіміздің қызыл етін сорып қалдық. Айдың жарығымен қоқыс шелегінің маңынан бөтелке теріп әкеп, соны сатып нан алып жеген күніміз аз болған жоқ. Ақыры әйелім ала дорбасын арқалап базар жағалап кетті. Мен сорлы, намысым жібермей «арымды сатпаймын. Адамдық қасиетімді сақтаймын», – деп тырп етпей үйде жатып алдым. Сөйте тұра күнде кешкісін әйелімнің тауып келген дәмді-құжырын рахаттана жейтінмін. Обалымыз саудагердің бәрін зұлым деп үйреткен Сәбет үкіметінде болсын. Сөйткен әйелім бір күні ұшты күйлі жоқ болды. Біреулер төрт жерден пышақтап, өзенге лақтырып жіберіпті. Аппақ боп су сорған, ісінген, иістенген мүрдесін он күннен кейін ағаштың тамырына қысылып қалған жерінен балық аулап жүрген балалар тауып алыпты. Шытырлатып ақша санағанын көрген, екі кештің арасында үйге мол ақшамен қайтатынын білген адамдар аңдып жүріп қасақана істеді деп білем. Содан бері құсалы, шерменде, жабырқау жүрегіммен кім болса да Құдай оңдырмасын деп, әлгі беймәлім қанышерлерді қарғап келем. Айтайын дегенім Балжанның қадіріне жетпесең, мен құсап зарлап қаласың. Семіз болғаны үшін ол кәнілі емес. Соңғы рет айтайын, келін жақсы әйел... Парасатты әйел... Әйел үшін, парасатты болмаса да, парасатты болуға ұмтылу парыз деп ойлаймын.
Мәңгілікке қош бол! Айтпақшы, туфлиды бермей-ақ қой! Саған жасаған сыйлығым болсын! Құрметпен, атаң Сарқытжан – деп атын жазып, соңына жыл, ай, күнін көрсетіпті.
Дәурен хатты көкірегіне басып отыра кетті. Жас жуған беті дірілдеп, құйқасы шымырлап кеткен болатын.
XIII
Сол күні кешке аспан жарықтық кәріне мықтап мінді. Сорпа төгілген әйнектей мұнартып, жиегі қарақошқыл тартып, жердің бетін сұрқай бір дымқыл тұман басты да, ақ мамық ұлпасын жерге төгіп-төгіп жіберіп, түнімен бір толастамады. Таң ата жердің беті көз қарықтырар ақ ұлпаға оранып, аттаған адамның адымын аштырмай әудем жер жүру қиынға соқты. Ағаш бұтақтары мен жапырақтарын бір қабат, мөп-мөлдір күміс қырау көмкерді.
Оның кедейлік жасыта алмаған сірі жанын, Алматының опасыз ердей мың құбылған дымқыл суығы, үсті қатпай асты еритін былшылдаған көбік қары сүйегінен өтіп бордай үгітті. Сөйте тұра ол тізеге жақын омбы қарды әрең еңсеріп тасбақаша жыбырлап келе жатып, қаланың бұрын-соңды болмаған әсемдігіне таңырқап, тамырында қан ойнап, жан сарайы ашылып кетті. Аппақ қар жамылған көне Алматы ұйқыдағы ақ аюдай мүлгіп жатыр. Құдды бір аппақ мақтаны ерінбей түтіп, білдіртпей қаптап қойғандай ақ мамыққа оранған. Үйлердің төбесі ақ сәлде кигізгендей ақ ұлпа қар жамылып, жан біткендей түксие қарайды. Ақ мақтаға оранған ағаштардың бұтағы қардың салмағын көтере алмай салбырап, ақ жақұттай жарқырайды. Бұтағынан үзілмеген бірді-екілі жапырақтар мөлдір мұзға айналып, аяздан шытынаған әйнектей жылтырап, желмен бірге дір-дір етіп бусана қалтырайды. Суық жел оның өңірінен өтіп, тамағын аймалап, танауын қытықтап, кеңсірігін дыз еткізіп қап, аяз иісінен бойын ғаламат бір тәтті сезім билейді. Сары үйдің алдына таяп келген ол, мынау аппақ өлі тыныштыққа бойы балқып, мастанған адамдай сілейіп тұрған. Кенет тұрпайы дауыс ойын бөліп жіберді.
- Атаңа нәлет кіші ғылыми қызметкерлердің бәрі қырылып қалған ба? Әлде жердің астына түсіп кеткен бе? Кітап тасуымыз керек... – айғай шыққан жаққа жалт қарап еді, жота жүнін үрпиткен қаншық итке ұқсап қарасынан ағы мол көзі мөлие, жауырыны күжірейіп талтая қарап Нұрәли тұр екен. Дәурен оның бұл мекемеде нақты қандай жұмыс істейтінін білмесе де, әйтеу әкіреңдеп елдің бәрін жұмсап жүретін делқұлының біреуі екенін, кәстөм киіп, сыздана қимылдап, бітетін-бітпейтін, үлкен-кіші істің бәріне басын тығып ап, күжілдеп сөйлегеніне қарап тырнақтай болса да мансабы бар шығар деп шамалайтын.
- Қала қандай ғажап, – деді әсерін жасыра алмай.
- Не дейсің? Сен де қай-қайдағыны көкисің! Қыс баласы күннің көзін көрмей шықтық. Күннің көзінен адам баласы D3 деген дәрумен алуы керек. D3 жетіспей, көктемге жетпей ал кеп ауырамыз. Күннің көзін көрмеген адамға өмірден не мағына бар? Түрме болды мына өмір... Анау Мықтыбек пе? Қайт бері! Не қып жүр анау, жұмыс деген бастан асады. – Ол айғайлаған жаққа қарап еді Мықтыбекті көрді.
Қалың қардан адымын әрең алып, безіп барады екен. Ызасының келгені жотасынан, оғаштау жүрісінен білініп тұр. «Қандай тоңды екен деші» деп ойлады. Өйткені оның сыры бұған мәлім. Екеуі де Құдай атқыр Сарышөлде тұрады. Сарышөлдің ыстығы қағыр болғанмен, аязынан иттің ішіндегі күшік өледі. Дәуреннің ғой жоқтан жонып, қиыннан қиюластырып салған лашығы болса, Мықтыбек үй жалдап тұрады. Үй салуға қауқары болмаса да, көңіл жұбатар үшін, қарызданып-қауғаланып жүріп Сарышөлден сатып алып қойған тілкімдей ғана жері бар оның. Жуықтан бері қатты қарбаластықтан кездеспей жүргені болмаса, екеуінің әлі де шығысымы жақсы болатын. Жарты жыл бұрын сары үйге бір кіші ғылыми қызметкер керек болып, айлығы төмен деп барлығы мұрын шүйіре қарағанда, жұмыссыз жатқан жерінен Дәуренді осында Мықтыбек әкеп таныстырған.
- Бізде бір кіші ғылыми қызметкер қорғай алмай қап асылып өліп еді, соның орны бос, келем десең келіп ал! Адам таба алмай зар боп отыр, келсең бас салады. Айлығы шайлығына жетпейді. Дегенмен, қорғап алсаң түбі жаман болмассың, – деген. Басында айлығын азырқанып келмеді, үш жыл өтті, төрт жыл өтті, елеңдеп қарап, құлақ түріп тыңдаса айлығы әлі мәз емес екен. Өз өмірі де мәз емес болатын. Тамыр-таныс болмаған соң, жақсы жұмысты кім ұсынар дейсің. Мұғалім болғысы келіп еді, мектептер пара сұрап алмады. Ол қақпаған, бас сұқпаған бірде-бір мекеменің есігі қалмай, ешқайсысы жылы қабақ танытпай, саяқ сандырақтың күнін кешіп жүдеп жүрген, ол ары ойланды, бері ойланды, дайын тұрған жұмыстың мүлде реті келмеді. Тек осы мекеме ғана құшағын ашып тұр. Себебі түсінікті, беретін айлығы жұмырыңа жұқ та болмайды. Арада тағы жарты жыл өткен соң, бір күні түнде Мықтыбекке қоңырау шалып:
- Бауырым, жата-жата жамбасым тесілер болды сендерге барайын, – деді.
Сол күннің ертесінен бастап, сары үйдің білдей кіші ғылыми қызметкері болып жұмысқа тұрып, көңілі аз да болса марқадам тапты. Тек екеуінің ғылыми жетекшілері ит пен мысықтай ырылдасып қоймағандықтан, шәкірттерінің де араласып кетуі қиынға соқты. Бір-бірімен жұғыса қалса болды, ұстаздары сығалап көре ғойып, ит терісін бастарына қаптайды. Сөйтіп Мықтыбек екеуінің аман-сәлемі дұрыс дегені болмаса, бұрынғыдай емен-жарқын араласып кете алған жоқ.
Мықтыбек кенет шапкісін шешіп, терін сүртті ме екен, маңдайын сипады да, арықтан аттай беріп, екі аяғы санына дейін аппақ қарға кірді де кетті. Шұңқырға түсіп кетті ме әлде арыққа түсіп кетті ме әйтеу бір қолайсыз жағдай болды. Бейшара шыға алмай жұлқынып жатыр. Оған төңірегіндегі бірнеше қыз бала ішек-сілесі қатып күліп жатыр. Жүгіріп жетіп көмектесейін десе, қоянның өзін көріп қалжасынан түңіл деп, оған ажуалай күліп, «өл, өл, жұмыста отырмайсың ба, сорлы неме» деп айызы қана айғайлап тұрған Нұрәлидің түрін көріп, «одан бәрін күтуге болады. Ғылыми жетекшіме өсектеп барып, қорғай алмай қалып жүрмейін», деп қорыққанынан Мықтыбектің маңайына жуымады. Ол байғұс, намыстан күйіп жанған болар, нәзік те, әлсіз денесімен бар күшін жинап жұлқынып жатыр. Бір кезде қолымен ағаштың тамырынан ба әлде жақтау тастан ба, әйтеу бірдеңеден бас салып ұстады-ау деймін тыпырлап жүріп әрең шықты. Шыққанын қайтейін қатты ұялған болар, үсті-басын қағынып, сілкініп ары қарай кетіп бара жатты. Оны Шойынқұлақ пен Дағарбектің біреуінің жұмсағанын ол білді. Өйткені оны бәрі жұмсайтын, сыртынан бәрі жаяу Мұса немесе жарылқаушы деп атайтын. Ол лақапты Шоқпаровна қойған тұғын. Ат қоюға келгенде алдына жан салмайды ол қатын.
XIV
Зілдей есікті күшене ашып ішке кірді. Қарауыл оның аяғына қарап басбармағын көрсетті де, жымиып күлді. Оған бұл басын изеп қойып, кең баспалдақпен жоғары көтеріліп екінші қабатқа шықты. Мәжіліс залынан шығып, кең дәлізді бойлап директордың кеңсесіне қарай, бейне жезтырнақ кемпірдің жүрісіне тән жылдамдықпен екпіндете құйындатып мекеменің орынбасар директоры Шойынқұлақ келе жатыр екен мұны көріп кідіріп қалды. Асықпай жүрмейтін күні болмайтын. Қашан көрсең жүзінде, ашу, ыза, реніш, өмірге разы болмаудан туған жасырын мұң жататын.
- Әй, етігің ғаламат екен. Құтты болсын! Жарылқаушыны көзің шалмады ма?
- Рақмет. Кімді?
- Мықтыбекті айтам.
- Иә... далада... таяп та қалған болар.
- Неткен ыбылжыған байғұс еді. Шайхан апай дәрі ішетін суға жұмсаған екен, әлі жоқ деп ренжіп отыр. Әдейі кешігіп жатыр-ау, шамасы.
- Әдейі емес-ау! Асығам деп әлгінде шұңқырға құлап, қарға көміліп жатқандай болып еді.
- Жолсызбен жүріп несі бар енді? Шұңқырға жығылды деп Нұрәли жаңа айтты. Үйелеп қалғаннан сау ма өзі? Өліп қап бәлесіне қалып жүрмейік.
- Өлмесе де бір жері ауырған болар. Қатты жығылды.
- Ұлтарағымды түнде жәйіп қойып ем, тас есімнен шығып, салмай кетіппін. Ұлтарақ әкелуге жұмсайын деп ем. Сен айтшы, жүз теңге берсем бе, әлде жүз елу теңге берсем бе? Әне өзі де келді.
Қолында ұстаған суы бар, алақ-жұлақ етіп Мықтыбектің төбесі көрінді. Үстіне аса ұқыптап үтіктелгенімен, заманы өтіп кеткені көзге бірден шалынатын көнетоз қара көк кәстөм киген. Шалбарының балағы толық ерімегендіктен су-су болып құрыса қатпарланып, ол жүрген сайын еденге тық-тық тиеді. Суық сорғаннан ба? Тозғаннан ба? Бетінің әр жері анардың сыртқы реңіне ұқсап күреңіте бастапты. Көзінің айналасын жасына жетпей қиқы-жиқы ұсақ әжімдер көмкерген. Күлсе тіптен сұрықсыз болайын деп тұр. Торыққан, қалжыраған, ажары тайып, қуаныш сөнген жүзінен, олпы-солпы бейнесінен өмірге деген құштарлығы әлдеқашан сөнгені көрініп тұр. Жайлы кеңседегі зиялыдан гөрі, құдды шөл далада шаршап-шалдығып жүрген жерінен дайындап-күтпестен, үстіне апарып кәстөм кигізіп қалаға алып келген қойшыға ұқсайды. Одан жиырма жастай үлкен болса да, беті жып-жылтыр, киімі ретті, шашы қою, көзі тұғырдағы бала бүркіттің көзіндей дөп-дөңгелек, қап-қара боп ойнақшыған мына Шойынқұлақ әдемі және жас көрінеді екен.
- Ой, жарылқаушым-ау, қайдан жүрсің?
- Шайхан апайға дәрі ішетін су әкелдім. Міне.
- Маладец, сен жарылқамасаң, бәріміз ішіп-жемсіз қаламыз-ау осы. Сен бар ғой... жоқ, мен бар ғой, ұлтарағымды түнде жәйіп қойып ем, тас есімнен шығып салмай кетіппін, құстай зымырап ұлтарақ әкеле қойшы. Тұра тұр. Қазір барма! Шайхан апайдың суын апар, содан соң тағы біреулер күтіп отырған болар. Қанша дегенмен, олар менің ұстаздарым ғой! «Ұстаз аттағанды құдай атады» дейді. Қысқасы, қолың босағанда маған бір келіп кетші, деді де, кеңсесіне қарай тартты.
- Мықтыбек, Жетім шал қайтыс болды. Жерлеуіне неге келмедің? Әлде естімей қалдың ба?
- Естідім. Көрші отырып, қалай естімейін... Министрліктің бізге қаһары қатты боп тұр. Үш айлық есепті қайта дайындаймыз деп, қанды-жілік боп жатырмыз. Қайсы күні есеп өткіземіз деп үшке дейін жұмыс істеп қатарынан екі күн орындыққа ұйықтадым. Арасында марқұмның отбасына көңіл айтып шықтым. Жаназаға да, жерлеуге де қатыса алмадым. Әкемдей болып кетіп еді. Қатты өкініштімін.
- Менің де қабырғам қайысып тұрғаны. – Мықтыбек оның етігін құттықтап, қайдан алғанын сұрап, бүгін сыйақы алса осындай бір етік сатып алатынын айтып жатыр еді, – ағай шақырып жатыр, - деп хатшы қыз Құлпынай ертіп кетті. Дәурен оның аяғындағы жұлығы сөгілейін деп, ақжемденіп, тұмсығы түтеленген етігін байқап қалып, іштей, әттең-ай! Әйелім сыйлаған етікті Елеусіздің әйеліне бергенше, осыған бере салсамшы деп өзегі удай ашыды.
Кеңсе іші тып-тыныш, тек қаламның қағаз бетіне тынбай жорғалағандағы, сүйкектеген дыбысы мен компьютердің пернетақтасынан шыққан әлсіз дыбысқа дейін анық естіледі.
«Құдайдың құтты күні, таңның атысы, кештің батысы, қағазға шұқшиып кітап жазады да жатады, неткен дарын, неткен жанкештілік? Бальзактың тоқсан сегіз том, Толстой тоқсан екі том жазды деші еді, осыған негізделгенде рас болғаны-ау, сірә. Әй, осылар мына түрімен аналардан асып кетер түрі бар, – деп ойлады. - Бірақ қайдам, аналар өмір бойы кітап оқушы еді. Ізденуші еді. Бұлар кітап оқымайды. Тек жаза береді. Жаза береді. Кітап оқымай қалай жаза береді екен, ә. Не өздері оқымайды, не маған оқытпайды. Тығылып кітап оқыған деген не сұмдық! Саныңа қойып тығып оқи қалсаң болды:
- Кітап оқитын жеріңді тапқан екенсің! Жаз. Жаз. Және жаз, – деп, не бөлім бастығы, не Шойынқұлақ, не Ғылыми жетекшің, қашан көрсең аңдып кеп төбеңнен төніп тұрғаны. Дағарбек келеді бір кезде, ананы тасимыз, мынаны тасимыз деп...
- Сәлден соң, кеңсеге шолаң-шошыраң адамдар бірінен кейін бірі кіре бастады. Өзін «сирек кездесетін адаммын», – деп таныстырған отыздар шамасындағы жігіт, жарты сағаттай мылжыңдап, өзінің жазған бес кітабын өзі мақтап, мыналар байқамай оның көңіліне келетін сөз айтып ренжітіп алып, анау бір от алса қоймайтын қотиынның өзі екен, тарихтан, психологиядан, философиядан, математика мен саясаттан көпіріп ет асымдай езіп-қыртып бастарын ауыртып, ең соңында бұлар кешірім сұрап, мақтап-марапаттап әрең шығарып салды. Жарты сағат өтпей «публицистикалық бес кітабым жаңа ғана баспадан шықты» деп, бір аяғы ақсақ, бір құлағы шұнақ зейнеттегі кәрі жұрналист пайда бола кетіп бір сағат бастарын ауыртып ол кетті. «Батырдың сойымын, анам әулиенің ұрпағы. Тегімді айтсам үрейің ұшады. Атам туралы екі тарихи роман жаздым. Әулие нағашым туралы бір діни роман жазып жатырмын, бабамнан қалған бақсылығым және бар деп қаусаған бір дарылдақ кемпір кеп, ешкімге бет қаратпай құмары қанғанша дарылдап, бастарын әбден ауыртып, батасын беріп ол кетті. Артынша ғалым хатшы Жұбаныш кеп, түстен кейін атағын қайда шығарарын білмей жүрген әлде біреулердің, іркес-тіркес, біреуінің кітабының тұсау кесері, енді біреуінің кітабының талқылауы болатынын айтып, кетіп қалмай түгел қатысуды тапсырып ол кетті. Сонымен түс болды. Кеңсенің ішін тауық ұяның ішіне ұқсас бөтен иіс кернеп, терезені ашып салқындатып алды да, әркім өз-өз үйлерінен әкелген тамақтарын ортаға қойып, шүйіркелесіп отырып ас ішті.
- Тағы бір күн уақытымыз бос өтті-ау! Қайта тәңертең тыныш кезде үш-төрт бет болса да бірдеңе жазып тастағанымыз жақсы болған екен, – деп басын шайқасты бәрі.
Дәлізге шығып еді, Мықтыбек ұшырасып қалды. Мұрны терлеп, безіп келе жатыр екен.
- Қоныс таба алмай кеттің ғой, не шапқылас? – деді Дәурен.
- Айта көрме, қан сорпам шықты. Тәңертең ерте Тұрағалды ағайға мақаласы шыққан «Дамыған ел» газетінен он бас тал әкеп бердім. Қайта барып артылған ақшасына тағы біреу сатып әкелдім. Ол газеттерді орны-орнымен таратып шықтым. Шайхан апайдың басының сақинасы ұстап отыр екен, дәрі әкелдім. Дәріні сумен ішу керегін, мен көксоққан ұмытыппын емес пе? Содан кейін дәрі ішетін су әкелдім. Құдай ұрғанда газды су әкеппін. Дәрі ішуге газды су әкелді деп, Тұрағалды жаһанға жар салама деп уайымдадым. Қайтемін енді. Сыйақы керек маған. Құлпынай, дәптеріне «мекемемізде газды сумен дәрі ішуге болмайтынын білмейтін жас ғалымдар бар», – деп сытырлатып жазып жатыр. Қорыққанымды ай! Жиналысқа салудың таптырмас орайы ғой! Газсыз су әкелуге қайта шықтым. Миымның мыңғы-дыңғысы шығып, ес-ақылымнан айырылсам керек. Қиялдап келе жатып арықтың ішіне жығылып мертігіп қала жаздамадым ба. Әбден масқара болдым. Бір жерім сынбаса игі еді. Нұрәли «өл, өл, сорлы неме», – деп сыртымнан жатып кеп табалапты деп естідім, масқара емей немене енді. Бұл жолы мұздай су әкелгенімді қайтерсің? Ол кісі, ерегесті деп ойласа керек қатты ашуланды. Оң қолыңмен бермедің деп бір сөкті. Қолыңды жумадың деп екі сөкті. Қатты дегбірсіздендім. Қыстың күні судың бәрі мұздап қалатынын түсіндіре алсамшы. Мұздай болғанда енді, қатты мұздай емес, шындаса ішуге болады. Ғылым докторы болған соң жоқ жерден базына айту заңды құбылыс қой. Шайхан апай суды гүлге құйды да, ауруың жұғады деп, мені босаға жаққа қарай қуып жіберді. Үй суық, дала ол суық, сырт киімім әбден тозып жылуы қалмаған. Осыдан кейін мұрным пысылдамай қайтсын. Бәрінің оқыранып күлгені жаныма батты. Әсіресе, Құлпынайдың күлгені жасытты мені. Аузын басып, құшырлана сыңғырлағанын қайтерсің. Өзіме де обал жоқ. Ауырып қалмасын деп әкелген суды жылыттым. Қайтып жылытты дейсің ғой? Алақаныма басып жылыттым. Суды қос алақаныма қысып отырғанда, Құлпынай «шабыңа қысып жылыт, шабыңа қысып жылыт», - деп жатып кеп мазақтасын. Орталық кітапханаға барып, Тұрағалдының кітабын көшірмеден өткізіп келдім. Ақшам жетпей қап, самса алып жеуге қимаған майда тиынымды қостым. Шоқпаровна қолыма ыдыс ұстатып, директорға тұшпара әкелуге дәмханаға жұмсады. Тұшпараның ыстығы ыдыстан өтіп алақанымды шарпыды. Келе жатып, иісі кеңсірігімді жарып, сілекейім шұбырды. Әдетте мен дүкенге кірсем, азық-түлік тізген сөрелердің қасына көп жақындамауға тырысам, өйткені сілекейім ағып кетеді. Аштықтан көзім қарауытып, «әттең, бір-екі түйірін ауызға атар ма еді», – деп ойладым. Соны іске асырдым да. Ағаштың арасына кірдім де, қақпағын ашып үш түйірін қылғып соғып, сорпасынан үш ұрттайын десем орталап қалатын түрі бар, сосын екі ұрттадым. Саған сенгендіктен айтып тұрмын мұның бәрін. Одан Шойынқұлақ «ұлтарағымды түнде жайып қойып ем, тарс есімнен шығып салмай кетіппін», - деп қылқылдап қоймаған соң, барып ұлтарақ сатып әкеп бердім. Дүкеннен әкел дейді. Дүкенде ұлтарақ сатушы ма еді. Бұл жолы алысқа жортуға тура келді. Көше бойында жерге жайып, оны-мұны сатып отырған апаны таптым. Қалендірдің бергені жүз-ақ теңге болатын, елу теңгесі жетпей қалды. Ұлтараққа жұмсарда сен болдың ғой айтпақшы. Дала болса суық, іште мыналардың ызыңдап іздеп жүргені тағы жаныма батады. Ондайда тіл шығады екен. «Апатай, менің де сіздей шешем бар. Елу теңгеңізді ертең әкеп берем», – деген ем, Құдайға қараған кемпір екен, берді ақыры. «Көзіңнің нұры бар бала екенсің, сендім», – деді. Мына моладан бұрын-соңды естімеген сөзім екен, қуанып қалдым. Ол аз болғандай шашы үрпиіп, тырнағы өскен кітапханашы қыз кеп тұр. Баса-көктеп кірді де, «Мықтыбекті бере тұрыңызшы», - деп алып кетті. «Бізді де бір уақ жарылқа», - деп қояды маған. Қоғамда салмағы ауыр, өлсе табыты ауыр, көтерсең кітабы ауыр, мұндай адамдардың қорғасындай ауыр, кірпіштей қалың кітаптары баспадан шығып осылай жөңкілген сайын, жан-жаққа тасыған сайын көтере-көтере азабын мен көргендіктен қарағым келмейді. Мүлде оқымаймын да. Біреулер кеше автордың көзінше «бұл деген тәбәрәк қой» – деп маңдайын дигізіп, иіскеп, жағатсып жатыр. Өсу керек қой! Мен соны үйрене алмадым. Мен тыныппын. Әбден тыныппын. Қазірдің өзінде бүйрегім шаққылап, белім қақсап зықымды шығарды. Ана жолы зілдей ауыр үлкен сейфтің бір жағын жалғыз көтеріп келе жатып, көзім шұбартып қайқаң етіп жерге отыра кетіп ем, сол құртты менің белімді. Отырмай қайтейін, кірпігімнің ұшында шыпырлаған ұп-ұсақ жарық нүктелер дір-дір етіп, белім клт ете түскен болатын. Бұрын мақтаншақ болдық па, әлде тың болдық па? Бір құшақ кітапты даладан көтеріп, екінші қабатқа демалмай шығушы ем. Бүгін ыңқылдап жүріп үш рет демалдым. Басым айналып, көзім қарауытып кетті. Ет жемегелі қай заман, ол да бар әрине. Басқаларға таңым бар. Кітап көтерсе, сүйсінетін сыңайлы. Әй, солар кітап көтеруден ләззәт алады-ау осы. Өйткені кітап келді десе болды, ет жейтіндей дегбірсізденіп кетеді.
- Белің ауырса, дәрігерден ауыр көтеруге болмайды деген анықтама алып алсаңшы. Мен сөйттім.
- Иә, естіп жатырмыз. Басшылық саған сол үшін ренжулі көрінеді. Анықтамасын сылтауратып, қоғамдық жұмыстан қашып жүр дейді. Кіші ғылыми қызметкерлердің бәрі басшылықтың сөзін сөйлеп, сені жүк көтеріспей қашып жүр деседі. Дағарбек пен Шойынқұлақ және Нұрәлидің саған деген өкпесі қара қазандай.
- Оны алайын деп алғам жоқ. Дәрігерлер бүйрегіммен, белімнен кінәрәт тапты да өздері берді.
- Мен өйте алмаймын. Білесің ғой, қуықтай лашық жалдап тұратынымды. Жерімнің қарызынан құтылып ап үй салсам деп ем, ондай бақытты күн әзірше құйрығын көрсететін түрі жоқ.
XV
Түстен кейін мекеменің іші ию-қию, апалаң-төпелең қарбаласқа толып кетті. Басқалар жиналысқа кетіп, Дәурен бөлімде жалғыз отырған.
- Түскі асымды әлі ішпедім, бөлімде қалмай қапты, – деп қант сұрап Жұбаныш келіп кетті. Қызметкерлерді түгендеп қасында кадр бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл бастаған шұбырған нөкерлері бар директор келіп кетті. Галстогын тағып беретін адам іздеп Шойынқұлақ келіп кетті. Көзі қанталай қызарып, стол көтерісуге шақыра келіп, мұның анықтамасын көріп, ренжіп, қарғанып-сіленіп Дағарбек келіп кетті. Дағарбек шақырғанда келмедің, айлығыңнан тартқызам деп, өзі масаңдау, әкіреңдеп Нұрәли келіп кетті. Дайындалатын жер таба алмай жүрмін деп, Кейқуат пен домбыра көтерген Жайқуат келіп:
Елім менің аңсаған,
Тас бұғаудан босаған
Құтты болсың отауың ооо уу, –
деп, терезенің алдына отырып алып, ұзақ ән салды.
Кейқуат – ту сыртынан ұшынған әнші. Өйткені өткен өмірінде тым болмаса бір шумақ ән мәтінін жаттап, әу деп ән салып көрмепті. Бес жылдай бұрын, бір жиналыста Шойынқұлақ оны қорқытып ән салғызса керек. Тумысынан өжет, мінезі биязы, өзі көңілшек байғұс, Шойынқұлақ берген ән мәтінін алдына жайып қойып, соған қарап дарылдап айғайлаған екен зал толы адамдар сілтідей тынып, айыздары қана тыңдап, әйелдер жағынан көз жасын төккендер болыпты. Дауысының мұншама әсемдігіне таңғалған Кейқуат, ән айтып тұрып, өз-өзін ұстай алмай, ыразы пішінде көзіне жас алып, бетін басып күледі дейді. Көксоққан Шойынқұлақтың берген әні «Қисымет» екен. Мүлде ән сап көрмеген адамға ән айтқызарда адам деген сәл болса да ойлану керек қой! Ал Шойынқұлақтың оған ойланбастан «Қисыметті» айтқызғаны мұндай жақсы болар ма? Егер басқалай ыңырсыған жылаңқы ән бергенде мүмкін оның таланты ашылмай, жер жарған зор дауысы әйгіленбей қалар ма еді. Мүмкін жылаңқы ән айтам деп күлкіге қарқ болар ма еді. Ірк-ірк еткен алпамсадай денесіне, батыр тұлғасына ән сондай жарасқан екен. Сол күннен бастап ол жұлдызға айналып әнші боп кетіпті. Ол ән айтса, сырттан өтіп бара жатқандар, тоқтап, құлағын түре қап, «бұл қай әпербақан, қандай мәнер» – деп, сөзсіз бұрылып келіп, ден қоя тыңдап, тамсанып қайтады екен. Өкінішке орай оның май басып кеткен құлағы домбыраны мүлде қабылдай алмай, добалдай саусақтары пернеге жабысып сырғымай, сырғыса пернені үзіп тоқтатпай, жөнді икемге келмей, мүлде домбыра үйрене алмай қойыпты. Мұның да әдісін Шойынқұлақ тауыпты. Шидей арық, бойы сырықтай, күн шалмаған аппақ Құдай дауыс бермесе де, домбыраның асқан шебері Қуат деген бала бар екен мекемеде. Соны әкеп Кейқуатқа қоса қойған екен, екеуі домбыраның екі ішегіндей, сәйкесе кетіпті де, екеуінен ғаламат бір дует шығыпты. Құдай қосқандай мынаның атының Қуат болғанын қарамайсың ба? Артынша барлығы оны Кейқуатқа ұйқастырып, Жайқуат атап кетіпті. Дәурен ол екеуінің әніне сүйсіне құлақ түріп, «шіркін ай, тым болмағанда осы екеуінікіндей өнерім болғанда әлде қашан қорғап алар ма ем», - деп қиялдап отыр еді, есікті серпи ашып, оны іздеп Шоқпаровна кіріп келгені. Бұған қарап:
- Етігің құтты болсын! Әй, айлығың түсті ме, – деді.
- Иә, сол күні түскен.
- Айтпайсың ба? Сол үшін қатты уайымдадым... қусың ғой сен. Әйелімнің аяғы ауыр деп өтірік айтқаның болмады енді, – деп бір ренжіп алып, екі әншіге бұрылды:
- Кейқуат, жаным жүрші, Жайқуат сен де жүр, екеуіңді күйеуіммен таныстырам, жетінші сынып оқитын ұлым еріп келіпті, соған ән айтып бересіңдер – деп екеуін ертіп кетті. Сол аралықта екінті ауып, кеңсенің ішін қараңғылық торлай бастады. Ең соңында жиналыс басталады, қалмай кел деп ғалым хатшы Жұбаныш тағы бір рет келіп кетті.
Жиналысқа бара жатыр еді, аузынан арақтың иісі мүңк ете түсіп, алдынан Дағарбек кесе-көлденеңдей қалды:
- Бес бөтелке арақ көтергенге белі ауырған адамды көргенім жоқ. Нұрәли ағаңа еріп, базарға шауып барып келші, – деп оны базарға жұмсады.
- Әй, Нұрәли, – деді, кетіп бара жатқан екеуінің артынан айғайды салып.
- Бір бөтелке коньяк ала сал, менің есебімнен, білесің ғой менің араластырып ішетінімді, – деді. Екеуі базарға барып келгенше, Нұрәли тоқтамай сөйлеп, көпіре еліріп мұның басын әбден ауыртты. Есіктің тура алдына келгенде білегімен мойнынан орай құшақтап, өзіне қарай тартып, мыти қысты да:
- Қорғағың келе ме, – деді.
- А... – деді бұл түсінбей.
- Ей, қорғағың келе ме деп тұрмын мен саған, миғұла, – деді. Жиектері қып-қызыл нұрсыз көзі кіреукеленіп, екі езуінен аппақ боп иі шығып тұр екен.
- Иә, – деді үнсіз ғана.
- Онда мені тыңда. Менің айтқаныммен жүр бұдан кейін... менің кім екенімді білесің бе?
- Жоқ.
- Шынымен бе... шынымен бе? – деді. Сұрақ қойған сайын желкесінен білегімен сілкіп қойып отырды. Одан соң үш саусағын шығарды да, өз-өзіне шексіз разы болған пішінде басын изеп қойып, сұқ саусағын ерніне тигізіп тіс... деді де, бүгін ішеміз, – деп қарқ-қарқ күлді.
XVI
Екеуі ішке кіргенде, директор көзге шалынбады. Жиналысты, аса айбынды былғары орындыққа қоразданып отырып алып, Шойынқұлақ жүргізіп отыр екен. Жиналыс ашса ол түтігіп, қатуланып, еліріп әкесін де, адам танымай қалатын. Дәуренді көріп, сұқ саусағын шошайтып:
- Дәрігерден анықтама алып, жүк көтергеннен қашатынның бірі мына сұмырай, – деді. Хатшысы оның айтқанын қағазға түсіріп жатты.
- Әй, Шөке, – деді Дағарбек дауыстап, – ол жаңа бар ғой! Нәйім, нәйім, нәйм... ап, ап, ап... арақ әкелді, – деді. Зал қыран топан күлкіге қарық болды.
- Дағарбек, тыныш отыр. Дәл қазір далаға айдап шығамын, – деді Шойынқұлақ. Дағарбек жым болды. Көзі бәрін тіміскілеп өтті де:
- Мықтыбек,– деді. Мықтыбек жасқана орнынан түрегелді. – Сен алдағы жаңа жыл мерекесіне қатыспаймын депсің ғой, бұл рас па, – деді. Мықтыбек үнсіз мелшиіп тұрды.
- Бері кел, – деді Шойынқұлақ алдындағы орынды нұсқап. Мықтыбек жақындап барды.
- Сен қоғамдық жұмысқа қатыспағандардың сыйақыдан қағылатынын білесің ғой. – Мықтыбекте үн жоқ. Терши бастаған мұрнын пыс еткізіп бір тартып қойып тұра берді. Дегенмен бойы қалтырап кетті.
- Болды. Іс бітті. Сен Ұлтанқұл екеуің дуэт боп ән айтасың былтырғыдай, – деді Шойынқұақ бұйырып.
- Ел күледі, – деді Мықтыбек күбір етіп. – Мен айтпаймын. Кейқуат айтсыншы, – деді, дауысында мұң бар болатын. Отырғандар әр тұстан гу-гу етіп Мықтыбекті сөге бастады.
Бұл сөгістер Шойынқұлаққа қанат бітірді білем, қабағы түйіле түсіп, айбаттанып, бүкіл кіші ғылыми қызметкер атаулыға үрей тудырғысы кеп:
– Бүгінгі жиналысқа неге қатыспадың? – деді Мықтыбекке қыранның көзіндей ойнақшыған, дөп-дөңгелек отты жанарын қадап.
Мықтыбек өзі күтпеген сұраққа не деп жауап берерін білмеді. Тек қана үмітті көзбен Тұрағалдыға қарап еді, ол ештеңе білмейтін адамдай момақан бола қалыпты. Мықтыбек үмітке толы көзін одан әлі де аударғысы келмей бір ауық қарап тұрды. Кенет Тұрақалды екеуінің көзі түйісіп қалып еді, Тұрақалды не үшін қарайсың дегендей кейіп танытты да, Мықтыбектің көзі тайқып кетіп, енді қайтып ол жаққа қарауға дәті шыдамады.
Шойынқұлақ столды бар пәрменімен тарс еткізіп бірді қойып, Мықтыбекті селк еткізді.
– Қоғамдық жұмыстан қашқандарға сыйақы берілмейді. Жақында тағы да қысқарту болады. Сол қысқартуға қарсы қара тізімге енеді, – деп бар дауысымен айғайды салды да, төмен жақта отырған кіші ғылыми қызметкерлерге жағалай көз жүгіртіп еді. Олар ұялас балапандардай бір-біріне жабыса түсіп, енді-енді қорқа бастапты. Ол тіпті желігіп кетті, Мықтыбекке қарады да:
- Сыйақыдан қағылдың, – деді зілдей қып. Сөйтті де бухгалтерге бұрылып:
- Мынаның сыйақысының жартысын Кейқауыт пен Жайқуатқа аударыңыз, жартысын бүгінгі мерекелік дастарқанға жұмсаңыз. Үлкен бір торт алыңыз, – деді қолымен дөңгелек шеңбер сызып.
Бұл кезде Мықтыбектің мұрны пысылдап, көзі жасаурап, ерні дір-дір етіп, бір сәт аспан төңкерілгендей боп, көз алды тұманданып, ештеңе көрінбей кетті. Есіне бір ауық далада қармен ойнап отырған кішкентай қызы мен шыны жуып тұрған әйелі елестеп, үйіне қайтқысы келді. Шойынқұлақтың ербеңдеген қолын, жыбырлаған аузын ауық-ауық көріп қалса да, шыңылдаған құлағы дым естімей, шуылдаған миы дым сезбеді.
Шойынқұлақ бұл кезде тіпті де еліре түскен тұғын. Біраз бірдеңелер айтып та тастаған. Кіші ғылыми қызметкерлердің көздері бақырайып, ауыздары аңқиып, денелері ұйи бастағанын, Мықтыбектің көзі жасқа толып, кірпіктері дір-дір етіп тұрғанын көріп қап, ләззаттанғаны сонша, не айтып не қойғанын өзі де ұқпады.
Кенет алдындағы гүлдің қисайып қалғанын көзі шалды. Сөйтті де шала бүлінді.
- Мына гүл неге қисаяды, – деді ол кәрлене. – Сендер неге осыны реттеп қоймайсыңдар, – деді жастарға қарап. Бұл сендердің міндеттерің еді ғой, – деді тағы да. Өзін салмақты көрсеткісі келді. Жеті секунд демалып алды да, кейбір адамдарға түсініксізеу тілде мынаны айтты.
- Гүл, – деп, бір тоқтады. Сосын нығызданып тұрып ары қарай сөзін сабақтады. - Гүл бар ғой, ауадағы көміртегі қос тотығын сіміріп, оттегін бөліп шығарады. Яғни ауаны тазалайды. Бұл ғылымда фотосинтез деп аталады. Бұл біздің өкпе-бауырымызға, ағзамызға, жүрегімізге өте пайдалы. Әсіресе, біз сияқты ғалымдардың миының сергек жүруіне, ойлау және есте сақтау қабілетіне айырықша әсерін тигізеді. Егер бұл жүйе бұзылса, мынадай қасиетті қарашаңырақты, қасиетті ғылым ошағын кім көтеріп тұра алады. Сталиннің өзі кезінде Ұлы Отан соғысына ғалымдарды жібермеген. Ал өзі қан кешіп соғысқан. Не деген қарапайымдылық, не деген ұлылық десеңші!? Сендер мұны неге түсінбейсіңдер! Ғалымдарсыз отанымыз қалай гүлденіп көркейеді. Екі мың отызыншы жылы жағдайымыз не болмақ, – деді. Осыны айтқанда өзін құдды «Артымызда Москва, шегінерге жер жоқ» деп айғайлаған батырдай сезініп, мойнына шейін қып-қызыл болып, жүзі әлемтапырық өзгеріп кетті. Сөйтті де жағалай көз жүгіртті. Бұл кезде барлығы үнсіз тыңдап отырған. Залда әуелі шыбынның ызыңы да жоқ болатын. Бұл көрініс оған ұнады. Алдындағы судан бір ұрттап қойды да, ары қарай сөйлеп кетті.
– Гүлдің жапырақ алақаны болады. Сол жапырақ алақаны осы процесті атқарады. Егер сол жапырақ алақаны қисайса, не үзілсе не болады. Гүлде жан болады көкелерім-ау, оны мына секілді миғұлалар білмейді, – деді дағы алдында тұрған тақта өшіргішпен, тура Мықтыбектің маңдайын көздеп тартып кеп жіберді. Өшіргіш ес-ақылы кіреселі-шығасылы болып тұрған Мықтыбектің маңдайына емес, тура оң жақ көзіне оңбай тиді. Тигенде де тура оң жақ көзінің отын жарқ еткізді. Ол байғұс кескен теректей, түп-түзу боп бұрқ етті де, бауыздалған қойдың бос жатқан жалғыз сирағын сілкігендей оң аяғын ербең еткізіп екі сілкіді де талықсып кетті.
Осыдан кейін жиналысты ары қарай жүргізудің еш мәні қалмады. Жастар қорыққанынан демдерін іштеріне тартып, орта жастағылар, сыр бермей қалыс қалып, кәрілер Шойынқұлаққа басу айтып, сөгіс білдіріп жатты. Шойынқұлақ бакал толы суды демалмай сіміріп тастап, бір күрсініп алды да, жиналысты жабық деп жариялады. Барлығы қолдарына ұстаған бір қорап компеті мен бір шоқ роза гүлі бар, іркес-тіркес тысқа шұбырды. Дәурен екі қолтығынан, Ұлтанқұл екі аяғынан көтеріп, Мықтыбектің столдың үстіне шалқалап жатқызды. Дәуреннің көзінен бір тамшы ыстық жас бұрқ ете қап, танауынан су сорғалап, «бағы ашылмаған сорлы бейбақ, лақ құрлы салмағы жоқ қой бишараның, бүйіткенше өлгені тыныш еді», – деп қыстыға сыбырлап, алақанына су толтырып Мықтыбектің бетіне сеуіп еді, сонда да, ол есін жимай, езуінен ақ көбік ағып ғыр-ғыр етті. Ұлтанқұлда зәре жоқ, өңі қуарып кеткен, білген дұғасын айтып күбір-күбір етті.
Есік ашылды да, Нұрәлидің басы қылтиып:
- Жігіттер, ресторанға барамыз. Сендерді күтіп отыр. Тамақ суып қалады, жүріңдер! Дәурен сен шықшы бері, – деді. Дәурен орнынан тұрып:
- Ұлтанқұл, мынау қызып жатқан сияқты, маңдайын ұсташы өзің... Саған аманат, мен барып келейін, – деді де, Нұрәлиге ілесіп ресторонға тартты. Сол кезде ол, Мықтыбекті тастап кетіп қалғанына мәңгі бақи опық жеп, өмір бойы өз-өзін кінәләп өтетінін ойламап еді.
Дәлізден ербиіп Мықтыбектің бөлім бастығы Тұрағалды ұшырасты.
- Мықтыбек есін жиды ма? Ол талып қалмағанда, хаттамамызды жолдап үлгірер едік. Қазір-ақ нүктесін қоямыз да, Астанаға жолдай сап, дереу барамыз, – деп Нұрәлиге деген аса шексіз құрметін білдіріп бәйек болды. Профессор басымен, тырнақтай ғана мансабы бар, қарадүрсін адамның алдында құлша жорғалағанына Дәуреннің іші күйді.
XVII
Ресторанға кіргенде, жүз шақты адамның ішінен Дәуреннің көзіне бірінші шалынғаны, директордан қалған басты өлермендене мұжып отырған Шойынқұлақ болды. Дастарқан құдды патшаны күтетіндей көздің жауын алады. Біреуде біреудің шаруасы жоқ, тойымсыз көздерін дастарқанға қадап, ашқарақ ауыздар жілікке желімдей жабысып, +-асап, былш-былш шайнайды. Ана жақта өздеріне ешбір жаттығы, ешбір қастығы жоқ байуаз жанның талып жатқанымен шаруасы жоқ, бәрін ұмытқан, бәрін көрмеске салған, ері де, әйелі де, шарапты суша сіміріп жатыр. Кейқуат аузының майын майпаздана сүртіп қойып, жылмия ыржалақтап, қолында микрофоны бар, кешті қыздыра түсуге барын салып секең-секең етеді. Оған барынша сәйкесіп, пас беріп домбырасын көтеріп Жайқуат қылмың-қылмың етеді. Дәуренді ары мазалай бастағандықтан еттің дәмін мүлде сезбеді, ыстығы тарқаған ет резинкедей созылып тамағынан тұтқырланып әрең өтеді. Қазы шайнап еді, тұзы тілін үйіргені болмаса, ол да тәбетін аша қоймады. Жүрегі айнып, басы зеңгіді. Орнынан баяу көтеріліп, тысқа шығып, кеңсеге қарай тартты.
Алқына кірген оған:
- Бәрі кетіп қалды, іште тірі жан жоқ, – деді өзіне бас бармағын көрсететін қарауыл. Бұл тоқтамады, тасырлата басып үстіге көтеріліп, одан солға бұрылып, еш кідірместен тура мәжіліс залына барып кірді. Мықтыбек те, Ұлтанқұл да орнында жоқ. Көзіне түскені қиқы-жиқы дізілген орындықтар мен сусынның ретсіз дізілген, әр жерде жығылған бос бөтелкелері ғана болды. Сол жақ босағадан, оң жақ босағаға дейін қатар-қатар дізілген, Әл-Фарабиден басталып, Әуезовпен аяқтайтын қазақтың ұлыларының портреттерін бір шолып өтті. Барлығы оған, ұрпағының ұсақталып кеткеніне ызаланғандай, мұны келекелеп әжуалағандай, бейне тірі көздердей кінәләй қарайды. Ол кері қайтты, қарауылдың:
- Ешкім жоқ деп айтпадым ба әлгінде, – деген дауысына құлақ түрмеді, тез-тез басып далаға шықты.
Аппақ қар жамылған дала, сүттей жарық ай сәулесіне малынып, сап-сары түске боялып ұйықтап жатқандай. Аяз сынып, жел тынған, тек дымқыл ызғар ғана бар. Оның әбден жәбір көрген, әбден құса болған асау жүрегі жаралы торғайдай тыпырлап, даланың мұншама әсемдігін көтере алмай жарылып кетердей алқына тулайды. Кенет ол суыққа тоңып қалтырағандай қар жамылып бүріскен аппақ қайыңның арғы жағынан бір қара көлеңкенің зу етіп өте шыққанын байқап, лезде оны тани кетті.
- Ұлтанқұл, мұнда не қып жүрсіз?
- Дәурен, өзің не қып тұрсың?
- Мықтыбек қайда?
- Қашып кетті.
- Қашқаны қалай?
- Есін жиған соң, өз-өзінен боқтанып, жылап-жылап алды да, қатты ашуланып, ана жаққа қарай зытып жоқ болды. Мен ие бола алмай қалдым. Артынан етегінен мықтап ұстап жібермей қойсамшы деп қатты өкіндім. Содан оны іздеп біраз жерге дейін барып келдім. Зым-зия жоқ. Не істесек екен ә?
- Бекер болған, жаңа жыл түні қалаға кілең алқаштар мен бұзақылар толып кетеді. Тірі болса, сол олжа бізге.
- Дәуке, ол сыйақы да, жаңа жылдық сыйлық та ала алмады. Сол қатты батты оған. Сорлыға сорпа да жетпейді деген рас екен. Қатты батпақ тұрмақ қабырғасын қаусатты ғой!... Мана саған да бермеді. Оған жасыма, мен де сыйақы ала алмадым. Бірақ сыйлыққа кәмпит берді, міне. Осыны Мықтыбекке беріп ем, алмай қойды. Тықпаласам да алмады. Қар сондай тәтті екен. Өзің жеші мә, – деп бір уыс кіршіксіз аппақ қарды жерден көсіп ап бұған ұсынды. Дәурен қардай аппақ, күмістей таза, қаңылтырдай жұқа, қатқан қайыстай қатпыш, мұртына қар жабысқан осы бір адамға сүйсіне де, сүйіне де қарап тұрып, онымен шай ішкісі келді.
Дәурен ресторанда тамақ ішіп отырып, көзі бірдеңеге түсе кетіп жүрегі зырқ етті. Ол етігіне қараған болатын. Етігіне қараса, тұмсығы үш елідей ашылып кетіпті. Саусағымен түртіп көріп еді, ар жағынан жылтырап башпайы көрінді. Өкініштен өзегі ашып, қаны басына бірақ шықты. Онсыз да мынау кеш оған мағынасыз көрініп, жаны құлазып отырған. Мына оқиғадан кейін, жаны тіптен күйзелді. Директор ұшатын құс құсап құлашын жая дір-дір етіп, саусақтарын шошайтып ербең-ербең етіп билеп, біреуі «аяғыңызды қозғаңыз» десе, енді біреуі «бөксеңізді қозғаңыз», «міне былай» деп, барлығы жабылып оған би үйретіп, Меңдігүл талтайып алып, бейбастақ кеткен ұзын сирағы шырақпен шағыла жалтырап, басын сілкілеп шыңғырып, бір уыс бұйра шашы көкке шаншыла тікірейіп, оны көріп барлығы тырқылдап күліп, Шоқпаровна жуан бөксесімен Кейқуатты бір, Жайқуатты бір қағып өтіп билеп, Дағарбек шыбжыңдап билеп, Нұрәли қорбаңдап билеп, әнеу бір шетте Ұлтанғұл аузы ашыла күлімсіреп, жалғыздан жалғыз жасқана билеп, Дәуреннің Ғимаратты солқылдата шыққан жағымсыз музыка құлағын жаңғырықтырып, мағынасыз тос жүйкесіне тиіп еңсесі түсіп әбден қалжырап, кеткісі келді. Әлгінде Нұрәлиі бір, Дағарбегі бір келіп, Шоқпаровна мен Меңдігүл бір келіп, қыстап ішкізе алмай қойған араққа қарап отырып, «осыны жұтып көрсем нем кетіпті, өмір ғой», – деп ойлады. Онсыз да Мытыбекті сатып кеткеніне ары мазалап байыз таба алмай отырған. Сол әсермен иегінің астындағы, бармақтай ғана әйнек рөмкенің ішіндегі, судан тұнық, мөп-мөлдір боп, «мені ішсеңші» дегендей көздің жауын ала өзіне баурап әкетіп бара жатқан ақ араққа қарап ернін жалады.
- Сол ғұрлы тоқалдан тудың ба? – деп сыбыр етті ішінде бір адам.
Қолын созды да әлгіні аузына құйып жіберді. Сол кезде мұның ішкі дүниесінде әлем тапырық қиналыс басталды. Ұрттағанда қатты ашыта қоймаған секілді еді, жұтып жібергенде, аузын күйдіріп бара жатқан қызыл шоқ өңешін қарып өтіп, асқазанын аямай өртей жөнелді де, жаны мұрнының ұшына келіп қинала тыпыршып, бет аузын қисаңдатып, судан ұрттап жіберіп еді, сәл ғана басылғандай болды да, тұздалған балықтың ірк-ірк еткен бір тілімін аузына тастай сап шайнап еді ішіндегі әлгі бұлқыныс бәсеңдеп барып тына қалды. Дегенмен ішкі дүниесін біразға дейін күйген жараның орнындай, ысып тұрды да, басылып қалды. Сарышөлдегілер арақ ішіп болып, нан иіскейтіні, нан жоқ болса қасындағы отырған адамның басын иіскейтіні тегін емес екен ғой деп ойлады. Екінші рөмкеде қатты шашалып, көкірегін ауыртты. Үшінші рөмке жұмсақтау сезілді. Ашырқанса да, күйдірсе де тиген жерін емдеп, ішкі күйзелістен арылтатындай әсерде болды. Ары қарай есінде қалмады. Тек өзін қолпаштаған, мадақтаған дауыстар қалды құлағында.
XVIII
Сауық кеш тарағанда ол әбден мас боп қалған-тұғын. Оңаты келіп ол тоқтатқан алғашқы такси Сарышөлді білетін болып шықты. Бүгін ол бай еді. Етігі боп, басқасы боп, жұмсалған ақшаны шығарып тастағанда, үш айлық жалақыдан қалған тоқсан мыңға жуық ақша, өз қалтасында болатын.
- Сарышөлдің шетіне апарсаң, бес мың теңге берем, – деді ол шолтыраңдап. Такси қуана келісті. Өйткені оның бір күн тынбай тепеңдеп кіре тасығанда әрең табатын табысы болатын.
- Сарышөлді қайдан білесің, – деді отырып жатып желпіне сөйлеп.
- Онда менің апайым тұрады.
- Сенің апайың Елеусіздің әйелі емес пе?
- Емес.
- Емес болғаны жақсы болды. Әйтпегенде желкеңнен бір тебетін ем. Ха. ха.ха ха, – кірекеш іштей өкпелесе де, амалсыз көнді.
- Елеусіздің әйелі қу қатын, енеңді ұрайын... жалмауыз неме, – деп қойды.
- Құсқыңыз келсе айтыңыз. Ішіне құспаңыз.
- Құспаймын. Бізде кіріс бар да, шығыс жоқ, – деді. Мүлгіп отырды да, қорылдап ұйықтап кетті. Такси сол зулағаннан мол зулап, бір сағаттан аса уақытта діттеген жерге келді. Оны әрең оятты.
- Сарышөлдің шетіне іліндік аға, түсесіз бе? – Ол ұйқысын аша алмай, басын шұлғып біраз отырды да:
- Сарышөлдегі Жандос сенің ағаң емес пе, – деді.
- Емес.
- Мықтыбек сенің ағаң емес пе?
- Емес.
- Неге бәрі сенің ағаң емес. Жаман жігіт екенсің! Мен сені доктор бола ма десем. Қорғағың келмей ме? – Қайта ұйықтап бара жатқан оны шофер бала жұлқылап оятып, көліктен жетелеп шығарды.
- Қанша болды?
- Бес мың! – Төс қалтасына қолын тығып, дудыратып бір уыс ақша алып шықты да, оған ұсынды. Ол ішінен бес мыңды ғана алып, қалғанын оның қалтасына сап берді.
- Жаяу барып алам.
- Жаяуы несі? Сарышөлдің өзінде тұрасыз ба? Үсіп өлерсіз, апарып салайын.
- Жоқ, осында тұрам. Сөзің не деген көп еді. Өзім барам дедім, барам.
- Шын ба?
- Шын осында тұрам кете бер.
- Сарышөлде қасқыр бар, аттап басушы болмаңыз.
- Қорғағың келсе маған айт – деді ол жығыла жаздап сенделіп тұрып.
- Қорғау деген не аға?
- Нұрәли мен Дағарбек абырой емес, олар сені қорғата алмайды. Сені мен қорғатам білдің бе? Шойынқұлақтың құлағын тістеп қыршимын.
- Иә, иә дұрыс айтасыз, – деп тәкси сырғи жөнелді.
Дым бүріккен сұрғылт тұман даланы жұтып қойған. Қол созым жер көрінбейді. Аяқтың астындағы тас қиыршығын төгіп жасаған топырақ жолдың бетінен аппақ бу көтеріледі. Аспанды саңлау қалдырмастан торлаған қарақошқыл бұлт жұлдыз біткеннің көзін көлегейлеп, төбеден мүлдем тіршілік белгісі көрінбейді. Ауаны дымқыл ызғар ұрып тұр.
Жұрт «Сарышөлдің аузы» деп атайтын, астында кішкентай өзені бар, екі көлік әрең айқасатын көпірден, жыбырлап өтіп болғанда, аяз бетін қарып, ес ақылы сәл де болса орнына түскендей болды. Тұман Сарышөлді де түгел жұтып қойған, ол жақтан бірде-бір жарық көзге шалынбайды. Жәй күндері бұл арада тұрып тәкси күткенде, үйлерден шыққан болымсыз жарық, өлімсіреп көрінетін. Барар бағыты жақтан кенет қасқыр ұлығандай болды. Жүрісін кілт тежеп, құлақ түріп еді, тұрып-тұрып тағы ұлыды. Бұл жолы анық естіді. Денесі түршігіп, жүрегі тынбай соғып, есін жиып алды. Оқуы біткен соң, үй салам деп ыдыс-аяғы мен көрпе-жастығын көтеріп түн ішінде көшіп кеп, түнімен масаға таланып, ертесі шатыр тігіп үй салғаннан қазірге дейінгі уақытты қосқанда Сарышөлді мекен еткеніне биыл жаз екі жылға толады екен. Осы аралықта әлдекімдерді қасқыр жеп кеткенін білетін. Әсіресе, тұманды күндері жол торуылдайды деп естіген. Бір рет түнде тәксиде келе жатып, жотасы шодырайған, бөксесі қылдырықтай аш қасқырды көргені бар. Сонда ол жап-жасыл көзін бұларға қадап, аузын ақситып ашып, көліктің артынан жер иіскелей еріп барып қалып қалған болатын. Сонда мұның мұздай боп суыған денесінен қан жүрмей, жүрегі бірер секунд соқпай қалғаны әлі есінде. Сол құбылыс оның бойында тағы қайталанды. Әлгінде таксимен жетіп алмағанына бармағын тістеп, не кері қайта алмай, не алға жүре алмай, мысы құрыды. Қолында, бағана қыздардың біреуі келіншегіңе апарып бер деп ұстата салған пакеті бар тұғын, соның ішінде жарты бөтелке арақ бары есіне түсіп жерге қойды. Ішінен бір кесек ет, туралған қазы-қарта, қияр, төрт-бес манты мен палау және пичене, тәтті, оны-мұны бар екен. Рөмкеге дейін салыпты ішіне. Жүрелеп отырды да, арақтың аузын ашып, жарты рөмке құйып ойланып отырды да, тартып жіберді. Баяғы тітіркену, баяғы қиналуды басынан кешірді, бірақ оған қарағанда сәл жеңілдеу сезілді. Мұны ішпесем үсіп өлермін, ішіп алсам үйіме қорықпай барам деп өз-өзін жұбатты. Қазының бір-екі тілімін, құшырлана шайнап болып, ғырт-ғырт еткізіп қияр жеді. Өз-өзін қинап іше берді, іше берді. Арада жарты сағат өткенде ол мүлдем мас болып қалды. Жетім шал есіне түсіп, еңіреп жылап алды. Тас қараңғы түндегі тұманның ішінен шыққан оның осы дауысын, сыртынан өзі сияқты адасқан біреу естісе, егер ол әйел адам болса, мүмкін қорыққанынан өліп кетер ме еді. Екі етігін шешіп жанына қойды да, курткасын басына жастап жантайды.
Аспан жақтағы түтіп-түтіп жайып қойған қарақойдың жүні іспетті, қап-қара бұлттарға сығырая қарап, шалқадан жатып, ұйықтап бара жатқан болатын. Әлсін-әлі аузына қара су кеп, жүрегі лобылып қиналып жатқан, көзі ілініп барады екен. Кенет асқазаннан оқыс ытқып шыққан құсықты тежей алмай, атып тұруға мұршасы келмей, сол жақ жамбасына қырындай беріп құсып еді үлгермеді. Жартысын кері жұтып қойды да, қалғаны жерге төгілгені жерге төгіліп, жерге төгілмегені бетін былғап жатты. Дәл осы кезде жолдың шетінде, еңіс жақты ала, тап қасында тұрған үш қасқырды көзі шалды. Ірілеу біреуі бұған қарап шоқиып отыр екен де, бөлтірік болса керек, бұдан кішілеу екеуі мұның пакетін жұлқылап ойнап жүр екен. Пакетті дар-дар айырып еді, ішінен тамақтар саулай төгіліп қомағайлана асай бастады. Тамақ лезде таусылып, тамақтың иісі сіңген қарды жалап-жалап жіберіп, өлермендене қарш-қарш асады. Екі бөлтірік бір-бірін тістелеп, асыр салып дөйдалаға кетті де, қаншық қасқыр болса керек, үлкені екі құлағын тікірейтіп, жап-жасыл көзін бұған қадап ілбіп келе жатты. Өзіне секіретіндей жер бауырлай бұға түсіп, жиырылыңқырап келе жатты. Жүзін бұрып, қайтадан шалқалап жатуға шамасы әрең келді. Үстіне секіріп шығып, алжа-алжасын шығарып, сүйегін қарш-қарш шайнайды деп ойлады. Мұздай боп ұйыған денесі жансызданып, сіресіп қатып қалды. Ол өзіне қарай секіргенде, кітаптағыдай денесіне аузы тимей жатып өліп кетсем жақсы болар еді деп ойлап еді, олай болмады. Сол жақ білегіне кеп ауызды салды. Қатты тістемеді. Жемеді де, тісін батырып сілкіп-сілкіп қана қойды. Сол кезде сәл ауырсынды. Қасқыр баласы аузы тиген жерін қопарып жұлып алатынын ол білетін, мынау кәрі қасқыр екен деп ойлады іштей. Әлгінде машинаның гүрілі естілгендей болған еді, бара-бара жақындап, ауада сары сағым ойнай бастаған. Қасқыр қолын жібере сап, бетіне төнді. Бұлдырап жеткен жарықтан, барынша ашкөз, барынша кекшіл, барынша тойымсыз сап-сары көзін, ақсиған азуын, қоңырқай құлағын анық көрді. Мұздай тұмсық пыс-пыс етіп мойнына тигенде жаны түршігіп көзін жұмып алды. Құлағының сырғалығынан тістеп тартқылап қойып, жалай бастағанда, жас қасқыр екен деп түйді іштей. Өйткені ол оқыған кітапта дімкәс кәрі қасқыр адамды жалағанда оның тілі құп құрғақ болғандықтан, тиген жерін түрпідей тырнайтын. Ал мына қасқырдың тілі жұп-жұмсақ, дымқыл екен. Бірақ жас қасқырдың тұмсығы тиген жер опырылып кетуі керек еді. Әлде тоқ қасқыр адаммен осылай ойнай ма екен деп ойлады. Сол кезде көлік асқан жылдамдықпен гүрілдеп жетіп келді де, қасқыр қашып кетті. Жатқан жері еңістеу болған соң бұларды байқамады, оқтай зулап өтіп кетті. Бұл көрші ауылдағы Андрей деген ит саудасымен айналыстатын орыстың, осы бүгін ғана қызыл іңірде, қорадан қашып шығып қаңғылестеп жүрген қасқыр тұқымдас иті тұғын. Қасқырды кинодан яки суреттен көріп жүрген адам үшін, әсіресе ара-тұра қасқыр жортатын өңірде жүрген, қып-қызыл мас үшін, оны шынымен де қасқыр деп ойлап қалуы ақылға қонымды еді.. Ол шынында да солай ойлаған болатын.
Удай мас деген күнде, ол ес-ақылын ептеп білетін. Тек бойында жан жоқ, тұяқ серперге шамасы болмай, әлі де жата тұрғысы, тынығып алғысы келді. «Тұрайын, жүрейін» деген ой болғанмен, дымы құрып, қатты ерінді. Қалжырап өліп барады. Ол тағы ұйықтап кеткен еді. Кеудесін біреу таспен басып қойғандай, алқына ентігіп, тынысы тарылып, қара терге малшынып, ғыр-ғыр етті. Көзін ашып қарап еді, басы тайдың басындай, бағанағыдан әлде қайда үлкен, тайыншадай алып, арлан қасқыр екі аяғымен кеудесін басып бұған қарап төніп тұр екен. Құлағының ұшы жүн-жүн, көзі кірпік қақпастан жап-жасыл боп, өзіне қадалып қалған. Денесі мұздай боп қалтырап кетті. Есін жиып үлгірді. Десе де жөпелдемеде не істері ойына түспей, қолымен қорғануды да білмей, тас боп қатып қалды. Сол кезде арлан қасқыр кеудесіне ауызды салып жіберіп, төс сүйегін бырт-бырт сындырып, сұп-суық тұмсығын ары қарай матырып жіберіп, буы бұрқыраған қолқа жүректі апаш-құпаш асап жіберді. Ол мынау пәни дүниеден үмітін бір жолата үзіп, ең соңғы рет бұлқынып қалғысы кеп, ышқына айғайлап еді. Кеудесін қос аяқтап басып алып, аузы-басын, бетіне тұрып қалған құсықтың дағын жалап жатқан манағы қасқырды көріп, арақтан ауытқып кеткен ес-ақылы, мыңғы-дыңғысы шығып сапырылысып кеткен миы ештеңенің байыбына бара алмды. Мұның дауысынан шошып кетсе керек, секіріп түсіп қашып кетті. Ол енді ояу болатын. Өзінің әлі тірі екеніне таңданды. Кеуде тұсының дін аман екеніне көзін жеткізді. Дегенмен тәтті ұйқы оны әлі де, құшағынан шығарғысы келмей балбыратып, әбден баурап алған. Қалжырағаны соншалық, өміріне қауып төнгенін сезе тұрса да, азанның дауысын ести тұра, таң намазға тұруға ерінген адамдай талықси берді. Қайдатан ұйқтап кетті.
Арлан қасқыр тағы пайда болды. Ол өзінің қайда жатқанын есіне түсіре алмады. Мүлде көрмеген, жат мекенді көрді енді ол. Өң мен түстің арасында жатқанын білмеді. Білгісі де келмеді. Тек ұйқының ләззәті ғана жеңіп, шүңетіне тарта берген. Арлан ақсиған азуымен мұның кеңірдегінен көсіп-көсіп жіберді. Ол өліп бара жатып, жаназасына тұрпайы көзілдірік таққан Шойынқұлақ пен көзі қанталаған Дағарбектің, Әдемі кәстөм киіп, қара мұрты ербиген Нұрәлидің келетінін. Мүләйімсіп сөз сөйлейтінін ойлап қатты қамықты. Кенет тағы оянып кетті. Қараса бағанағы нәзік қасқыр, бар күшін жинап мұның балағынан тартқылап жүр екен. Бұл басын көтеріп, ұйыған қолы әрең икемге келіп сығымдап-сығымдап ап, қармен ұрып еді дарымады. Анау бір секіріп жылыстап кетті. Қаша жүріп, артқы сирағының біреуін көтеріп тұрып, тік тұрған етіктің біреуінің ішіне құдды унитазға отырған адамдай сарыды да тұманға сіңіп жоқ болды. Етіктің қалған сыңарын көкпарша жұлғылап, таласып ойнап жүрген екі күшік, тістелеген беті, өздерімен бірге алып қашып олар да жоқ болды. Бетіндегі дымқыл қойыртпақты қолымен жиіркене сүртіп қойып ол орнынан тұрды. Күрткасын киді де, етігін киместен, босап қалған бөтелкесін іздеп тауып ап, жалаң аяқ тартып кетті. Мастығы әлі де тарқамаған тұғын. Соқыр тұманды тіліп жарып, машина талқанын шығарып, әбден езгілеп қойыртпаққа айналдырған қара жолдың үстімен, табанына тас батып, құм тілгенін, су сорып, мұз қарығанын елең ғұрлы көрмей жалаң аяғымен былшылдата басып жүре берді. Жүре берді. Қанша жүргенін өзі де білмейді, бір кезде өз үйінің алдына келіп бірақ тоқтап, қарлыққан, тозыңқы дауыспен,
- Проза, – деп айғайды салды.
XIX
Қаңылтыр есікті балтамен ұрғандай қаңғырлап шыққан қатты дыбыстан, шырт ұйқыда жатып шошып оянған Балжанның зәресі қалмады. Бұл кез, түнгі сағат үштің кезі тұғын. Адуынды қол ұруын тоқтатар емес. Ұйқысы шайдай ашылып, үрей мен за бойын қатар билеген Балжан есікке жақындап, діріл аралас дауыпен
- Сіз кімсіз, – деді.
- Я, младший научный сотрудник, – деген дауыс шықты ар жақтан.
- Не дейді, ойбай!
- Я великий человек, открой дверь. Я будущий доктор наука. – Мұң мен зардың, қайғы мен қасіреттің, бұлқынған ащы кектің сарыны бар дегені болмаса, орысша сөйледі деген күннің өзінде, ол күйеуінің дауысын жазбай таныды.
- Құдай-ау, саған не болған, басыңа шөп өсіп кеткен бе, курткаңды неге аударып киіп алғансың? – деп жылап жіберді, бір аяғында шұлық бар, бір аяғында шұлық жоқ, шұлықсыз аяғының башпайларынан қан саулап, сазға батып шыққан жылқыдай сұрқы кетіп, тәлтіреңдей кіріп келе жатқан күйеуін көрген ол.
- Атаңа нәлет сары үй... төбеңнен неге бомба түспейді қу мола! Қайран Ербол, қайран есіл ер! Тәнтімін саған, – деп, бар дауысымен айғайлады. Түкті түсінбеген әйелі:
- Құдай-ау, ішпеуші едің ғой! Шай қайнатайын ба? – деп жігі-жапар болды. Қатты шыққан тасырдан оянып кетіп шыңғырып жылап қызы келе жатты. Біресе жатып, біресе тұрып, беталды сандырақтап біраз жүрді де, залдағы бір сирағы сынып қисайған, матрасы шөгіп беті шұңқырайған ескі диванға дүрс етіп құлады да, үйді басына көшіре қорылдап ұйықтап кетті.
Таңертең әйелдердің күбірлеп сөйлескен, сыңғырлап күлген дауысынан ояна кетіп еді, басы келіге салып түйіп-түйіп жібергеннен арман шыңылдап ауырып жатыр екен. Асқазаны еттің көбігіне, май шылап жегендей күпті боп қалыпты. Қарағұсын алақанымен ысқылап, жаны қинала үн шығармай әйелдердің әңгімесіне құлақ түрді. Екі келіншек шекілдеуік шағып тыңдап, Балжан сөйлеп отыр. Олар күлген сайын мұның басы біз сұққандай шыңылдайды.
- Тәңертең ерте, біреу-міреу алып кетпесін деп, жолдың екі жағын түгін қоймай көзіммен сүзіп отырып, Сарышөлдің аузына жаяу бардым. Қала жақтан келіп көпірден бері өте қалған жерде, жолдың оң жағынан бір сыңарын тауып алдым. Жоғалған шұлығы да, сыңар етіктің ішінен шықты. Шешкенде сыпырылып ішінде қалса керек. Біреуін қанша іздесем де таба алмадым. Жолдың астына түсіп қарап ем, онда да жоқ ары қарай қамыстың ішіне кіре алмадым.
- Қамыстың ішіне кірмеген шығар енді.
- Ит-пит алып кетті ме дегенім ғой! Үйткені етігін шешіп ұйықтапты, маңайы толған иттің ізі.
- Сен де қызықсың, жыртық етіктің сыңарын тапқанда не істемексің?
- Әшейін іздегім келді.
- Үсіп өлмегеніне қуансаңшы.
- Осы беті ішіп кетпейтін шығар, ә.
- Бір ұрттам ғана қалдырғаны несі екен, жұта салмай.
- Жолай Елеусіздің үйіне соқтым.
- Қойшы ей! Сен де қайтпайсың...
- Тұра тұршы тыңдайық.
- Ақшасын бермесе де, етікті сұрап алайын деп барғам. – Күйеуін моншада бұтына қысып шомылдырады деп, елге жайып жіберіпсің деп, – өзіме қарай атылып... Елеусіз араша түсіп әрең тоқтатты оны. Пәледен машаяқ қашып құтылыпты деп тайып тұрдым. Садақа дедім сол кебінді.
- Аузыңды ауыртып бекер барғансың!
- Итеріп жығып тастағанына күйіп тұрғаным.
- Жығып тастады ма? Қойшы!
- Ұятсыз-ақ екен!
- Сендерден жасырып қайтем. Етікпен бірге мынаны тауып алдым.
- Хат па?
- Мә... мынау өсиет қой!
- Қане оқышы. Гүлназдың жетім шалдың өсиетін оқыған дауысы оған анық естіліп тұрды.
- Ізгі адам екен-ау, ата, – деп жылап жіберді Гүлназ хатты оқып болар, болмастан. Оған екі келіншек қосылып жылады. Сөйтіп үш келіншек жетім шалды есіне алып бір жылап алды.
- Енді саған ұрыспайтын шығар, – деп өкси сөйледі екі келіншек.
- Ден сау болса етік қайда қашады? Сенде үш айдың ақшасы бар емес пе? – деді Әсем.
- Соны жоқ қып кепті ғой! Қалтасын қарап шықтым, көк тиын да қалдырмаған.
- Алғаным жүз он төрт мың теңге, – деп, іштей есеп соқты Дәурен. Етік он бес мың, үш нәски алты жүз теңге, торт мың теңге, өлімге бес мың бердім, тоқсан екі мың төрт жүз делік. Қатынға он мың бергем, демек, сексен екі мың төрт жүз теңге ғайып болды деген сөз, – деп ойланып өкініштен өзегі өрт боп жанды. Ал тәксиге берген бес мың теңгесін мүлде есіне алмады. «Әттең, қатының ез», «Елдің келіні келін, біздің келін келі сап», – деп шешем тегін айтпапты ау! Елдің қатыны болғанда, іштен түйіп қап, ақшамды тұлдыр ғып сыпырып алар еді-ау! Қайран сексен екі мың төрт жүз теңге деп қайғыдан қан жұтты. Шыңылдаған басы одан сайын шыңылдап, асқазанында ғаламат бір қопарылыс болды да, аузына қара су төгіле қалды. Аузын басып ап:
- Тегене, – деп жүгірді ас үйге қарай.
- Балжан сасып қап, тегене іздеп үлгергенше, ол өзі жетіп үлгіріп, аузына үш саусағын салып жіберіп сарылдатты ай келіп. Қақшы... арқамнан... қақшы деп жалына үн қатады арасында. Балжан түйенің табанындай алақанымен арқасынан дүрсілдетіп ұрып жатыр. Бұл тоқтамай құсып жатыр. Кішкентай әлсіз қолдарымен қызы да ұрып жатыр. Екі келіншек сыртқа зытып шықты. Бір кезде барып үп деп тоқтады. Асқазаны жарылып кете жаздап, кеудесі қақ айырылардай дызылдап еді әлгінде, «а..а.аа» - деп ышқына айғайлап барып отырып қалды. Көзінен жас парлап кеткен тұғын. «Алла...ай.. Ал..л..ай, өмір-ай, өлдім бе деп ем» деп ыңырсып дір-дір етті.
Екі қолы жансыздана ұйып тынбай дірілдейді. Қараса қолы, су боп кетіпті. Басын, бетін ыстық тер басып кеткендей сезілді. Ақырын жыбырлап айнаға қарап еді. Қуарып кеткен жүзіне, тарыдай ұсақ тамшылар шыпырлап шығып апты. Бұдан әдетте отқа қақтаса да тер шықпайтын. Достары моншаның буында отырып:
- Маңдайың неге терлемейді, бетіңнен дым тер шықпады, бір жерің дұрыс емес, – деп таңданатын. Ал қазір өне бойы сүмек боп кеткен.
- Неге тер шықты менен, – деп күбірледі орнынан әрең қозғалып бара жатып.
- Құстың ғой енді.
- Қолым неге дірілдейді.
- Аз күш кетті деймісің құсу үшін.
- Солай ма? – деп ыңырсыды. Беті шөгіп кеткен ескі диванға қисайып жатып, «осы әйелдер қалай босанады екен» деп ойлады. Кеуде тұсы әлі де ауырып тұрған болатын. Ептеп жеңілдей бастағанын, басының ауырғаны басыла бастағанын сезді. Түнде өліп қалғанда, үйінде Шойынқұлақтың бас мұжып отыратынын, бас мұжып отырып еркек атаулының бәрінде болатын хаюанни сезіммен әйеліне ұрлана қарайтынын елестетіп, өзінің өлмегеніне қуанды. Бір сағаттан кейін әйелінен бір шыны қара шай беруін өтінді. Оған шай ұсынып жатып әйелі:
- Аузың қисайып қалыпты ғой, – деп баж ете қалды. Сипалап көріп, бір жақ езуіндегі қалыпсыздықты байқады. Айнаға қарап еді, бір жақ езуі құлағына дейін түрілген, жүдеп-жадаған сиықсыз бейнесін көріп сылқ етіп отыра кетті. Қара шайды қауып ұрттап қылқылдата жұтты да, келіншегі мен қызының бұған мүсіркей қараған бейнесін ұнатпай, теріс қарап қыңырайып жатты да алды. Дәрігерге баруын өтінді Келіншегі.
- Бармаймын, – деп барқ етті ол. Келіншегі сол сөзді тағы қайталады.
- Бармаймын, – деп көрпені лақтырып қалды келіншегіне қарай. Сол жатқаннан екінті ауғанша орнынан тұрмады. Кешке қарай қара бұрыш қосып қайнатылған кеспе көже ішіп отырып, ертесі дәрігерге баратын болып келісті. Түнде төсек салып жатып келіншегі:
- Ертең дәрігерге не киіп барасың, – деп жыламсырай үн қатты. Бұл үндемеді. Келіншегі тағы да өзеуреп қоймады.
- Ақшаны қойшы... Етіксіз көшеге қалай шығасың? Не киіп барасың деймін?
- Шойынқұлақтың құлағын шылғау қып орап барам, – деді ол. Осы сөзді ашуымен айтты.
«ЖІГІТ АҒАСЫ»
