– Гүлжанар ханым, өзіңізді елімізге танымал «Ұлт болмысы», «Елтұтқа» журналдарының редакторы ретінде білеміз. Сонымен қатар, заман ағысынан қалмай, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген іскер адамсыз. Өткен жылы өзіңіз бастамашы болып «Ұлт болмысы» әдеби байқауын сәтті өткіздіңіз. Әдеби байқау өткізу туралы идея неден пайда болды?
– Өзіңіз айтып отырғандай, «Ұлт болмысы» журналы елімізге танылып, қарқынды жұмыс істеп жатқанына биыл алтыншы жыл. Былтыр журналымыздың жарыққа шыққанына бес жыл толды. Жалпы, бүгінгідей қоғам жағдайында жекеменшік журналдардың тұрақты түрде ұзақ уақыт жұмыс істеуі өте қиын. Бірақ, біздің журналымыз көптеген қиыншылықтарды табандылықпен еңсере жүріп, бес жыл бойы үздіксіз шығып келеді. Бүгінгі күні өзінің тұрақты оқырмандары бар, таралымы едәуір өскен журнал болып отыр. Еліміздің алыс-жақын аймақтарының барлығында дерлік оқырмандары бар. Міне, осындай жағдайда журналдың бес жылдық мерейтойын атап өту қажет деп ойладым. Ал ол үшін елге пайдасы болатындай бір дүние істеуім керек деп шештім. Осы кезде журналдың атынан «Ұлт болмысы» әдеби байқауын дәстүрлі түрде өткізіп тұрсам деген ой келіп, тәуекелге бел будым. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Ұлт болмысы» журналының 5 жылдық мерейтойына орай аталмыш байқау алғаш рет сонда ұйымдастырылды.
– Әдеби байқау өткізудің өзіндік ауыртпашылығы баршылық қой, десе де басты қиындығы неде болды?
– Шынын айтсам, байқау өткізуді соншалықты қиын болады деп ойлаған жоқпын. Өйткені, мен өзім поэзиядан он жыл бұрын саналы түрде кеткен адаммын. Содан былайғы уақытта тек іскер журналистикаға бет бұрып, кәсіпкерлікпен айналысып жүріп әдебиеттен біршама алшақтап кеткен екенмін. Әдебиет әлеміндегі адамдар дүниенің үстінен қарайтындай парасат пайымы биік болуы керек қой. Ешкім ренжімесін, бірақ біздегі әдебиеттің өкілдері тым күншіл болып кетіпті.
Нақтырақ айтар болсам, былтырғы өткізген байқауды толық әділ өтуін қадағалауға тырыстым. Әділ өтті де. Қысқа мерзімнің ішінде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған төрт жүзден астам шығарма түсті. Оны қазылар алқасы ортаға салып іріктеді. Кейін ең мықты деген шығармаларды анықтау үшін қазылар алқасы әр шығарманы талдады. Сөйтіп екінші іріктеуден қалған оншақты шығарманы қазылар үшінші рет отырып орындарды иелендірді. Сол уақыттың ішінде мен де, қазылар алқасы да авторлардың аты-жөндерін, не бүркеншік есімдерін білген жоқ. Себебі, біз оларды номерлеу арқылы қазылардың алдына қойдық. Менің ойымша кез келген әдеби байқауда туындының авторы емес, туынды жан-жақты талқыланып, таңдалуы керек. Алдағы уақытта да осы мақсатымнан айнымақ емеспін.
– Сосын өткен жылдың басында екінші әдеби байқауды жарияладыңыз. Оның тақырыбы «Алаштың 100 жылдығына» арналды. Бұл жолғы байқаудың басқа ерекшеліктері бар ма?
– Иә, «Алаштың 100 жылдығына» орай өткен жылдың басында, нақтысы 5 наурыз күні, ресми түрде екінші байқауды жарияладық. Шынын айтқанда, Алаш тақырыбын алған соң байқаудың жүлде қорын да молайттық. Халқы үшін жандарын пида еткен сол Алаш арыстарына бір емес он автокөлік тіксек те, олардың алдындағы ұрпақтық борышымыз өтелмес. Алаш менің «жанды жерім», халқымның тағдыры деп қарап, төрт жанр бойынша яғни, поэзия, проза, драматургия, журналистика бағытары бойынша бәйге жарияладық. Әр жанрда жүлделі орындардан бөлек жеке-жеке арнайы жүлде тағы бар. Бас жүлде автокөлік. Байқаудың ерекшелігі осы автокөлік болады.
– Байқау қоржынына материалдар келіп түсіп жатыр ма? Қабылдаудың соңғы мерзімі қашан?
– Түсіп жатыр. Негізі байқаудың алғашқы жариялағандағы уақыты өткен жылдың қараша айында аяқталуы керек еді. Бірақ 2017 жылдың қараша айына дейін елуге жетер-жетпес шығарма түсті. Ал, бұл мен күтпеген көрсеткіш болып отыр. Ойымда әртүрлі сұрақтар болды. Біздің қаламгерлеріміздің өресі Алашты жазуға жетпей ме, әлде тым жалқау, мүмкін жекеменшік тараптан жасалып жатқан байқауды менсінбеушілік бар ма? Білмедім... Қалай болғанда да мен артқа шегінбеймін. Сондықтан да байқаудың уақытын материалдың аз түсуіне байланысты осы жылдың наурыз айына дейін создым. Байқауға келіп түскен шығармаларды «Әдебиет порталына» жариялаймыз. Ақпан айының басынан наурыздың 10-на дейінгі аралықта алғашқы түскен шығармалардан бастап жарияланып отырады. Оқырмандардың дауыс беруге мүмкіндігі бар. Бірақ, оқырмандар дауысы бәрін шешпейді. Жүлделерді бөлуде қазылар алқасы берілген дауыс санын негізге алады. Мәселен, финалға шыққан жұмыстардың жазылу деңгейі бірдей болса, оқырманның дауысы көмекке келеді. Қазылар алқасы бір ауыздан шешімге келе алмаған жағдайда оқырман таңдауы негізге алынады.
Алла бұйыртса, алдымыздағы наурыз айының 15 күні материалдарды қабылдау тоқтатылады. Ары қарай шығармаларды сараптау үш кезеңмен жүреді. Ең соңғы кезеңде сұрыпталған шығармаларға жүлде беріледі.
– Әлемдік әдеби байқауларда әділқазылардың аты-жөні алдын ала белгілі болады, шығармалар үш кезеңді іріктеуден өтіп, соңғы кезекте «қысқа тізімі» жарияланады. Әлгі «қысқа тізімге» ілігудің өзі үлкен абырой екені белгілі. Біздегі әдеби байқаулар ондай деңгейге шыға алмай келе жатқаны белгілі. Осы жағынан сізден бір жаңашылдық бола ма деген үміттеміз...
– Мен бұрын біздің елдегі әдеби байқаулар солай, сіз айтып отырған жүйемен өтеді деп ойлайтынмын. Қателесіппін. Ештеңе білмейді екенмін. Айтудың өзі ауыр. Күншілдік басым. Сөз басында өткен жылғы байқауды қалай өткізгеніміз жөнінде айттым ғой. Шығармаларды екі кезеңде іріктеп, үшінші кезеңде сіз айтып отырған «қысқа тізімді» жасадық. Сол қысқа тізімді тағы сараптап жүлделі орындарға қою үшін арнайы талдап шыққанбыз. Басқаша мүмкін емес. Егер басқаша болса онда сол бармақ басты, көз қыстымен өткізіледі ғой. Ал, әділ қазылардың тізімін ашық жариялауға біздегі қаламгерлер мұрша бермейді. Құпия болғаны абзал. Өзіңіз де білесіз әділ қазылар алқасын қаламгерлер алқымдап қоймайды екен. Қала берді сол біздегі қазақы «бауырмашылдық» қой бәріне жол ашатын. Осы жылғы байқау да осы жүйемен өтеді.
– Қазылық сындық аса күрделі мәселені қалай шешіп жатырсыз?
– Шынын айтайын, қазылар алқасын әлі тағайындаған жоқпыз. Өйткені жаңа айтқанымдай уақытты создық. Жалпы, төрт жанр бойынша шығармаларға әр саланың өз майталмандары қазылық етеді және бір айтарым әр салаға үш қазыдан болса, оның бірі сыншы болуы шарт. Қандай жағдайда да әділ қазылар алқасын құпия сақтаймын деп ойлаймын. Ал әділ қазылардың алдында шағармалар номерленіп қана қойылады. Былтыр да солай болған. Тіпті бүркеншік есімнің өзін алып тастаймыз. Сонда ғана іріктеу де, жүлде бөлу де әділ болады.
- Басталған іс сәтімен аяқталсын деп тілейміз. Сұхбатыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан Руслан Беген
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.