Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Кәкен Қамзин. Үміткерлер раллиі...

29.08.2019 3768

Кәкен Қамзин. Үміткерлер раллиі 16+

Кәкен Қамзин. Үміткерлер раллиі - adebiportal.kz

(әңгіме)

Авторалли даңғылы телекамераға әрең-пәрең сыйып тұр. Халық – қайнаған калейдоскоп. Асып-төгілген ағын, әлем-жәлем нөпір. Микропроцессор пернелеріндей хабарламашыға тақалшы қане – айғай-ұйғайдан құлағың тұнады. Сілтідей тынған қас-қағым толасты да оңдырар емес мына жағадан алған шайпау у мен шу. Жермен-жексен заулап бара жатқан «Паркер» қаламындай сүп-сүйір автомобильдер. Гүрілі төбеңді ойып жібереді. «Бикерниеки» трассасын азынай сызғылаған, жарқ-жұрқ жүгірген кемпірқосақ лек бір.

Биіктегі кабиналардан сағат көкегіндей анда-санда бастарын қылтыңдатқан комментаторлар репортаждарын түйдек-түйдек ытқытып жатыр эфирге. Мыңдаған жанар көз ұшына иін тіресе қадалып қалыпты. Жүздеген дүрбікөз машина қапталдарына жабыса ұшып барады.

Жарыс автоларының іркес-тіркес легі зу-зу-зу атылады. «Біреу...» - деп үлгере алмайсың, бесіншісі өте шығады. Лып-лып-лып қағып, аяңға тұрмайды. Осылардың жылдамдығы ше, жылдамдығы? «Хадилер» класының ұшқырлығы мыңға да барып қалды. Зыр-зыр-зыр... ырылдауын. Бірінен бірі аумайды, құдды акулатұмсық «Миджитмен» ракеталары.

Әнесі, ақ телпекті төреші шақпақ-шақпақ жалаушасын он екіден алтыға сылқ еткізді, ендеше, ақырғы – отызыншы айналым қалды де. Жылдамдыққа жылдамдық қос! Мұның қоңыр торпедасы адырнадай атыла көш басынан бір-ақ шықты. Өз кейіпі: гермошлемді баса киген, скафандр құрсанған мұздай астронавт. Штурвалға жабысып, қатып отыр. Мәре! Әне, жетпіс-ақ метр жерде: Мәре-сәре... Гүрс ете түсті! Аударылып барады, аунап барады. Шымқай, шиеқызыл феррари көмбеден жұрттан бұрын жұлдыздай ағып өтті.

Атып тұрды, ет қызуы болар. Әйтеуір жарақаттанбаған сияқты. Ауырсына бүйірін таянып бір аттап, екі басып отыра кетті. Сұп-суық сүмек суды маңдайынан екі сыпырды. Дел-сал. Ту сыртынан бірдеңе дүр ете түсті. Шұғыл жалт қарады. Зәре-құтын алғанын қарашы мына қырық жыл жасаған тоңазытқыштың...

Өзі құлаған кереуетке малдас құра қайта жайғасты. «Түһ, ит батпақтап, күшік сүрінген заман. Не болса сол өстіп, есті алға әуес. Түсіңде де, өңіңде де өзге біреу жеме-жемге келгенде алдын орап кетеді. Айтар сәтте айта алмай, озар жерде оза алмай жүрген жанның бірі ғой. Сыналар сәтте әмісе бір ұпайы кем түсіп жатады. Оны кімнен көрмек, бұның бағын байлап, сорын қайнатқан зауал бар ма әлде? Ең бомаса, бір рет қара көрсетсінші, қайрат қылып өлсін. Бірақ сол әлеуетті жау көзге шалынбай, мен мұндаламай мысын құртады. Еңсесін езіп, баптандай басып тұрып алады. Жау дейін десе, жау емес, дау дейін десе, дау емес. Фантом, эфир, фантасмагория.

Дельтаның соңғы сынақтардың да жұлдызы оңынан тумай тұр. Нәсілі, оңалтқызбай, бой жаздырмай, құлашты кеңге серметпей жүрген бұғау өзінің тап қасында сияқты. Әлде өз бойында ма екен? Жә! Әй, щайлыққан жүрек, опынған көңіл не демейді – құрып қана кетсінші. Онанша терезе желбезегін ашайын, тіпті бүкіл терезенің жағын айырайын, - деді. – Қоңыржай аймаласын, әйтпесе мына тас мекен қапырық па, бүткіл дүние еңсесін басып тұр ма қалай? Қатып ұйықтаған екенмін.

Бойы аздап сергиін деді. Түнімен жаңбыр төккен секілді, әлі сіркіреп тұр. «Республика аспаны шайдай ашық, шайдай ашық», - дегені қайда синоптиктердің. Бүгін не дер екен, ал? Осылар ертесінде: «Мүлт кетіппіз, кешіріңіздер!» - деп көріп пе екен өмірінде. Ана көшедегі монументтер мен портреттер де солай, өмірбақи қателеспейді. Сол енді, жаратылыс жарықтыққа дауа бар ма, бірде бетін, бірде шетін дегендей. Әнеки, ызақордың нала жасындай бір-екі тамып тұр. Жазу үстелінде жатқан Мейіргүлдің суреті де түн жамылып егіліп шыққан ба, қалай. Жүзі неге сынық, кезінде жайраңдап-ақ түскен сияқты еді. Апырай, осы маған не көрінді, есі бұрыс адамша бұл не сандырағым?..

Сағат таңғы алтыны иектеп қалыпты. Қала көлігі бәрібір ұйқы бермеймін дегендей дәл осы мезет сүйкімсіз шиқылы мен қаңғыр-күңгірін қасақана үдете түседі. Енді тән рахаты қайда, оған тек үш қайтара сәлем айт. Қазір қөрші-қолаң скверге ағылады, тамам итсүйер қауым тысқа шұбырады – көде-сөде, бұта біткеннің сауабын алатын да солар. Осы машықтарын ақпанның ақ түтегінде де қаза қылып көрген емес. Иә, айтқандай, ит жылы емес пе биыл. «Медаль алған ит, мөр басылған ет. Шаһар сенің не теңің? Кет, қазағым, кет!» деуші ме еді. Айтқыштарым-ай, ә?

Кроссовкасын аяғына сұға салып далаға бұл да тартты – жігіттің сұлтандары мен иттің сырттандарына жазға салымнан бері өзі де ілесіп жүр. Түбі жақсылық болғай, қаралары там-тұмдап көбейіп келеді. Төрт-бес жігіт, бес-алты қыз келіншек желе жортып, өлшеулі шеңберді адақтап шығады. Аэробика демесеңіз, бұлардың керіліп-созылуы да жұтынған сүйкімнен кенде емес. Күндегі әдеттері, үйреншікті харекеттері осы.

Кофе демдей жүріп Мейіргүлдің фотосына көзі түсіп кетті – жайраң қағып, күліп тұр. Манағы жабығу қайда, қырық құбылады. Қызық-ей өзі, әлде өзі қызық па?.. Несін айтады, әр пенде бір-бір жұмбақ көрінер осы күні. Сырттай мұнтаз, іштей кіршең. Күнделікті күйбең-сүйбеңіне, жыбырлаған қызметіне қарай сырбаз басқан бұларды бағанағы селтеңбайларға кім ұқсатар. Қадамдарын санап басып, асықпай-үсікпей жетеді жетер жерлеріне, портфельдерінің ішінде бір миллион доллар, я мемлекет қағазы жатқандай тым сақ ұстайды. Екі өкпесін қолға алып, автобусты спорт нормасын орындардай құлшына қуып бара жатқан пақырларға дербес машинаның артқы орындығынан есіркей қарайды. «Не нәрсенің де бойға шақ болғанв рауа», - дейді жанағылардың барлығы. Бірақ бұл оларға қанша қосылдым, қанша араластым десе де, бітімі басқаныңы аты бітімі басқа, кіріге алмапты. Шаһар сыртына, қалың бықпыл арасын саялаған мекемесіне жаяу тартады, кешігіңкіресе де автобус пен таксомоторға аяқ артпайды.

Қабырға сағатына оқта-текте көз салып отырған ол куреслосынан қарғып тұрды. Әлі тап-таза алпыс минут уақыты бар. Зұлыстыкінен бір кемі жоқ қарабұйра шашын сылап сипады да есігін итере салып, сыртқа шықты. Жаңбыр әлі бүркіп тұр, толастайын десе – екі ойлы. Төбеге көтерілген қолшатырлар үстіге тамшы түсірместен дедектеп барады. Мұншама неткен көп шатыр, осы жұрт бүкіл рахметінің он пайызын жергілікті өнеркәсіпке, тоқсанын сонау қиырда жатқан арал еліне бөліп беретін шығар-ау, тегі.

Қаракөк аспан көз жасын және сығып-сығып алды. Күнбатыс жағынан әуелде едіреңдей, еліре ұрынған қара нөсер бұлт тап қазір ұзақ сапардан талған құстай еркін көсіле алмай келеді, өңінен қажу, торығу байқалады. Бұл кешегілі найзағайлы, айғайлы, жігерлі қара емес, бары сарқа сауылған, сән-салтанатынан айрылған жалдамалы әскердей жүдеу-жадау тобыр ғана. Ыңғайы, институт тоғайындағы зәулім самырсындарға қонақтап-аялдардай төменшіктеп, жасып қалыпты.

- Армысыз-бармысыз, Әкім аға! – қолшатырын жиған Нұрбек күзет командирінің қолын алды. – Қатырғымды бүгін ұмытқам жоқ, мінеки. Мына жаңбыр қалай, әйбат емес пе, Әкім аға, ә?

- Сіздің жасыңызда, Нұрбек Айтович, бізге боран да әдемі көрінетін. Көңіл шіркін дауылды аңсаса, тізе құрғыр тасаға сүйрейді. Кетейін, демалайын десем, Жамансарин қаруласым отыра тұр, үйде омалып не табсың дейді. Бір тәулік – кезек, екі тәулік демаламын. Нем кетіп барады. Ел ортасындамын. – ақ бас подполковник жалпылдап жатыр. – Солай, достым. Айтқандайын, академик Зильберштейн сізден де ерте келді. Ол да ауа райы тәуір деп кетті. Мойымайтын керемет қарт. «Екеуміз есік пен төрде бірге қартайдық, адамзат көпшілігіне қарай бірге аттанатын шығармыз», - деп күледі.

Нұрбек манағы түсін еске алып, мырс ете түсті де:

- La garde meurt, mais ne se rend pas! – деп оң қолын көтерді, еріктілер беретін апыл-ғұпыл киген Әкім шал оң қолының жұдырығын түйіп:

- Гвардия өліспей, беріспейді! – дегенді дюбель қаққандай сақ еткізді. Екеуі де мәз-мәйрам. Адамды асыруға да, аздыруға да бір-ақ ауыз сөз жетіп жатыр. Барға қанағат, жоққа салауат осы ескікөздер аман-сау жүрсінші әманда.

Нұрбек екінші қабаттағы зертхана меңгерушісі кабинетіне екі-ақ аттап жетті, Сауытпен қапталған ауыр есікті аспирант кезіндегідей тұтқасынан тық-тық еткізіп еді, арғы жағынан:

- Жолыңыз ашық, төрлетіңіз, - деген ғырыл естілді.

- Есенбісіз, қадірлі ұстаз, еңбегіңіз жансын, мейірбан да салауатты, Соломон Абрамович! – Нұрбек тісін ақсита, қолын қусыра жорғалай кірді.

- А-а, Нұрбек Айтович, шалалығың-балалығың қаламайды-ау сенің. Қашанғы айтам, ғылым докторының көлеңкесі де салмақты болу керек деп. Остепенился – не остепенился... Мынауым қатқан каламбур ғой, жарқыным-ау. Жазып алайыншы, әкеші қаламыңды. Ша-ша-ша, алмаймын, ондай самописканың үйде жүзі жатыр. – Соломон Абрамович жанқалатасынан блокнотын шығарды. – Есеп бір де ноль, менің пайдама әзірге. Осы сенен сұрайын деген бір гәбім бар. Иә-ау. Менің мына басым отыздан асар-аспастан Медеу айдынындай жалтырап шыға келді. Көпшілік әріптесім де менің кебімді киді. Еһ-һе-һеһ! Осы саған қараймын да ішім күйеді: отыздан озсаң, жаңа оздың, сен де докторсың. Шашыңда бір тал қылау жоқ. Соның құпиясын ашшы, академик мантиясын, яғни шапанымды шешіп берейін. Қайдағы қалжың, шыным...

- Оның жасыратын түгі жоқ. Доктор Дабаев феномені. Сосын сіздер әр жаңалықты сүт коктейілімен жумағансыздар ғой. – Нұрбек ұстазына қулана көз қысып қойды. – Онан кейін анда-санда ертегіге бергісіз шипалы түс көру керек.

- Жарайды, айтпадың ғой, жасырдың ғой. Қапаландырдың ғой кәрі ұстазыңды, өкпелеттің. Жетпістегі шалдың көңілі жеті жасар баладан бетер. Иә, анада Жамансарин құрдасымнан осы жайды сұрасам, қарқ-қарқ күліп: «Ақымақ бастан ақылды шаш қашады», - деп бильярд шарынан аумайтын басын кийдей саусағымен нұқып-нұқып қалады. Екеуміз Үлкен Ғылыми Кеңесте бір-бірімізді бүйірден түртіп, жырқылдап масқара болдық қой. Қарасақ, Сатурн сақинасындай дөңгелек үстелге үймелегендердің көбісінің басынан көз ұялады. Әрине, күлетін де нәрсе емес. Үлкен Ғылыми Кеңесте көкірегінде оты бар жастардың жоқтығына қайта жылау керек... Ша-ша-ша, тура сегіз болыпты, іске кірісу керек. Бұрынңы эксперментіміз мәз қылмады. Өзімізді өзіміз сәтсіздік деген – сәттілікке бастар оң қадам деп жұбата тұрайық. Бұл серия, өзің білесің, келесі жылы өндіріске кетуі тиіс. График жан алқымнан алып барады. Мемлекет тапсырмасын сұлатып салсақ, шашты қойшы, бас кетеді. Халық қалтасынан елу алты миллион сомды алғанды білдік, енді соны жөнімен қайтара да білейік.

Академик пен доктор кіші-гірім даңғылға бергісіз дәлізді – мың басқан жолдарын қуалап келеді. Ғылыми-зерттеу институтының іші емес, көркемсурет галереясы дерсің құдды. Әр қолтық сайын Таңсықбаев пен Шагал, Модильяни мен Қисамединов, Айтбаев пен Дали танысаңыздар да, танымасаңыздар да біз осында тұрмыз деп шыға-шыға келеді. Нақпа-нақ көшірмелері болар, әйтпесе олардың полотнолары мұнда қайдан келсін.

Кипаристі дендрарийден өткенше керегені қуалай ілінген елу шақты портрет: «Не бітіріп жұрсіңдер осы?» - дей ме, есебі, көңлдері толмай, бұларға мүсіркей қарайтын сықылды. Ішінде көзі тірі біреуі жоқ, бірақ шырағы сөнбей жатып ұшпаққа шыққандар, атақ пен даңқтың буына да, шуына да белшесінен батқандар. Әйтеуір, жақсылар мен жайсаңдардың бақилық тұрар дәртүрлі қабырғасы.

Екеуі бұрандалы баспалдақпен төмен түсті де құшағын ашқан жеделсатының түймесін сипап қалып, шыңырау түбіне құлдилай жөнелді. Он... Жеті... Үш... Бір... Ноль! Қос қапталға жайылған есіктен еппен шыққан алдыңғысын, екпіндей түскен соңғысын жиырмаға жуық инженер-қызметкер әзір-дайын деген кейіппен Аттила найзасындай кезелген бұйымға қарай бастап жүрді. Зильберштейн мен Дабаев өз мүліктерін күн сайын көріп жүрсе де, көңілдері көншігендей айналып-толғанып тағы қарап шықты.. Пультке жеткенше екеуі де. қасындағылар да тіс жармады. Нұрбек тап осы жолы, тап осы стенд басында жанамалай келіп қалған, көптен бері көкірегінде жүрген күдігін экран алдына жайғасқан академикке айтып салды.

- Соломон Абрамович, менің есебіме қарағанда, агрегаттың білігіне түсер салмақ тым ауыр. Қазірдің өзінде нормада көрсетілген он тоннадан асып тұр. Ал. дүние жүзінде білік регламентациясы қатаң сақталады. Өйткені мына алыбымыз бетон жолды шыдатпайды – езіп жібереді. Онан кейін өзі де майып болады. Жиырма төртінші шаршыны былай қойғанда, екінші торкөзден аса алмайды. Шеген төсенішіміздің сексен бес пайызы бұл мықтыны көтере алмайды. Халық қазынасының рәсуа болғанын сонда көреміз...

- Жарқыным-ау! Жоқ... Жолдас Дабаев, осы ғаламат ой басыңызға дәл қазір келді ме? Кіші Ғылыми, Үлкен Ғылыми Кеңесте тіліңіз байланып қалды ма? Есіңізде болсын, мемлекеттік тапсырыс тегіннен-тегін берілмейді. Мұндай маңызды жоба сенімді институтқа, сыналған ғалымдарға ғана жүктеледі. Бұл, бірішіден. Екіншіден, жоғары жақтағылар осы күні жетпіс рет өлшеп, бір рет пішуді мықтап үйренді. Басқасында біздің шаруамыз жоқ. Бұған қанағат қылмасаңыз, еркше пікіріңізді үлкен жаққа жазбаша білдіруіңізге болады. Әбден хақылысыз. Үшіншіден! Ша-ша-ша, мотор! – академиктің сұқ саусағы сүңгуіршідей пируэт жасап қызыл тананың дәл үстінен түсті.

- Воистину Соломоново решение, - деп Нұрбек шалды шағып алды. Академик дирижерден де саққұлақ екен, жер астын кернеген гүріл мен бораған тозаңға қарамастан қағып ала қойды.

- Жарайды, есеп бір де бір. Мені қойшы, сол Сүлейменіңді данагөй дегенге нанбаймын. Бес жүз қатынның пұшпағын илеп, көңілін табам деген еркек қайдан уәлі болсын.

...Алты сағат дамылсыз сынақтан әбден қалжыраған Соломон Абрамович үстіндегі көк халатын шешіп, креслоның арқалығына тастай салды. Бір қатып, бір жіпсіген маңдайын қағаз құрғатқышпен сорғызып, орнынан тырпылдай көтеріліп Нұрбектің қолтығынан алды. Нұрбек те дәнеңе болмағандай қызметшілерге бұйымның барлық параметрі жөніндегі компьютер деректерін жинақтап, соңыра бізге әкелерсіңдер деп, Зильберштейнді демей жүріп кетті.

Самырсыны мен қайыңы аралас-құралас тоғайды институтқа тәңірдің өзі бере салған-ау, шолжаң-шолжаң қағып бұлақ жатыр ортасында. Түстікке қарай екі шақырым жүрсең, алдыңнан айдын көл арсалаңдап шыға келеді. Қоңыр салқын. Көгі де, егі де белуардан. Рахат. Институт қызметкерлерінен өзге пенде аяқ баспайтын болған соң ба, әйтеуір, біздің жыл санауымызға дейінгі шашаусыз күйінде. Нұрбекке салса, жұмыстан қажыған, тұрмыстан жеріген адамның барлығын осындай оқшауларға жіберіп алар еді. Бірақ ондай билікті жасаған ием бұған ұсынбай-ақ қойысын, қажеті қанша? Шығармашылыққа, ізденіске, басеркіндігіне қолбайлау болады. Сөйтсе де тізгін мен штурвалды өмір бойы аңсап жүргендер аз ба? Өз қарамағында істейтін Ақмешіттің бір жігіті: «Шіркін, мені Келдыштың орнына апарып қойса, бір ай ішінде қаздаң қаққызар ем!» - деп күнде алақанын ысқылап отырады. Пендешілік пе, әлде осы күні ақылдылыққа қоса ақымақтықтың да деңгейі өскен бе? Сор ма бақ па – ежелден шын ақылды мен ақылды көрінетіндер аражігі ажырмайа келеді. Кейде бұл ойлайды, осы Достоевскийдің «Кещесіндегі» Мышкин князь нақұрыс па, Сервантестің Дон Кихоты делқұлы ма? Айналасына көз салса, «мен топаспын!» деп таңдандырар бір жан жоқ – әркімнің өзіне лайық жаңғақ дәніндей миы бар. Кімнен кім кем, осы сауалға періштедей пәк жауап берер кімің бар? Рас, Ноғайсібірде жұмыс істеп жүргенде академик Андрей Михайлович Будкер: «Ғалымдардың жас, кәрісі жоқ, тек ақылдылары мен ақымақтары бар», - деуші еді. Сондағы Акедемқалашықтың айналасында да осындай ұзынды-қысқалы самырсындар көкке қол созып, маңғаздана кеуде керіп тұратын...

Нұрбек өзін сонадайдан танып, қолын бұлғай жылдамдатқан адамды тосып тұрып қалды. Оны бұл да таныды.

- Доктор Дабаев, осында екенсің ғой. Мана шал екеуің шығып кеткеннен соң, сені іздеп кірмеген есігім қалмады. Иә, бұл не тұрыс?

«Сен мені ылғи шарқ ұрып іздеп жүрсең ғой...»

- Шер тарқатып, сырласып тұрмын, Мейіргүл.

- Қойшы, кіммен сонда, қасыңда бір қара жоқ, Доктор Дабаев?

«Сен болмаған соң, қайтейін...»

- Тоғаймен, бұлақпен, құстармен...

- Сен қашан өзгересің осы? Диуаналық сенің не теңің? Тілсіз дүниемен сырласқанша, менімен сөйлес. Адам мен адам әрқашан тіл табысады. Консенсусс дегеніміз – бірлік... Сосын не айтайын деп ем, ә-ә, иә, шалдың қытығына тие бермесеңші. Сені өзі керемет жақсы көреді. Шыр-пыр етіп, қорғап жүргені әрқашан. Үлкенді сыйлау керек, доктор Дабаев, көргенді елдің баласы емеспіз бе?

«Япырмау, не деген ақылды боп кеткен?..»

- Жарар, жарар. Онанда шаруаңды айт, маған сара жол нұсқағалы келмеген боларсың. Кешір, қатты кетсем, консенсусқа жоқпын, ғапу ет...

- Сұңғыласың-ау, адамның ар жағындағысын аңдап қоясың. Саған күйеуге шыққанымда бар ғой – сорлайды екем. Біздің Арчил жұмыстан басқаға көп еліге қоймайды. Түзде де, үйде де бірқалыпты. Саған оны несіне айтам, өзіңнің де көзің көріп жүр. Сары алтындай самородок, қоспасыз дарын, әне, сондай болады. Докторлығын да бәріңнен бұрын қорғады. Ғылыми көпшілік қазірдің өзінде басына көтеріп отыр. Қане, қайсыңның еңбектерің Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатыр, ә? Әділдік пе, әділдік... Әттең, тіршіліктегі ептейсіздігі болмаса... Былтырғы комплекске Арчилдің қондырғысы қойылды, мына сенің өзің...

«Зильберштейн екеуміз әзірге Швед академиясының табалдырығына жетіп жығылыппыз. Әрісін кім білсін?»

- Иә, мына мен өзімнің видеоанализаторымды алғызып тастап, Арчил тобының аппаратын ұсындым. Әрі жеңіл, әрі шағын болғандықтан. Біздікі кейінгі, алысты көздер ауыр бұйымдарға қойылады...

- Әне, көрмейсің бе, өзің де оның алғырлығын, озықтығын мойындайсың. Сенің көңіліңе келмесін, шындығы сол да. Ежелден Арчил бірінші, сен екінші боп келе жатырсың. Сондықтан дәл қазір сен Арчилдің жолына кесе көлденең тұрма, тайталаспа... Ғылымды, өзіңді және мені сыйласаң – сүйт.

«Арчилдің бетіне келмейін деп сенен айрылдым, сен бақытты болсын деп, Арчил достан қол үздім. Мен бақытты болсын деген жан бар ма, осы?»

- Жұмбақтамай анығын айтсаңшы. Жайып сал бәрін. Дәнеңе түсінсем бұйырмасын. – Нұрбек Мейіргүлге енді алакөздене қарады.

- Айтайын, айтайын да қайтайын, - деп Мейіргүл тақпақтай жөнелді. – Ең сенімді адамдар дерегіне қарағанда, біздің Бас директор Дубноға жүргелі жатыр, түбінде сол жақта қалмақ. Бір адамды стажировкаға ала кетпекші. Түсініп тұрмысың? Сол адам оралысымен бастық болады. Ұғамысың?

«Грек мифтерінде Ақпарат құдайы болды ма екен, сірә? Болмаса, сол орынға осы Мейіргүл лайық қой».

- Солай-ақ делік. Бірінші орынбасары – сенің әкең мен Зильберштейн тұрғанда, кімді қояр дейсің?

- Академик Жамансарин мен академик Зильберштейн асарын асап, жасарын жасаған кісілер. Әрі дарынды, әрі жас кадр керек бұл орынға, білдің бе? Creative! – осы күнгі талапты ескермейсің бе дегендей Мейіргүл Нұрбекке қоңылтақси көз тастады.

- Жарайды, солай-ақ болсын дейік. Онда Арчилге кім таласады? Бірақ бұл ғылыми мәселе емес қой, тіпті бұл жерде шешілмейтін де шығар.

Мейіргүл Нұрбектің «Арчилге кім таласады» дегеніне дән риза болып, сықылықтай күліп алды. Мұрнының ұшына түсе беретін үлкен көзілдірігін сұқ қолымен құтты орнына қондыра қойды да:

- Қайдан білейін, кейбіреулер сенің кандидатураңды да айтып жүр ғой. Бағана, біздің көзімізше Зильберштейнге қарсы келгеніңе қарағанда, мәселе шешіліп қойған шығар деп жүр көпшілік. Өзің де ештеңе білмейді екенсің. Бәсе, біздің Арчил тұрғанда... Сен кешір, сені кемсіте бердім-ау, - деп жуып-шая берді.

«Құдай сендерді бір кем жаратқан, сендердің орның ғылымда емес десем, шалбар киген феминистер шаңымды қағып алады. Үлде мен бүлдеге оранып, гүл-гүл жайнап, бала бағып үйлеріңде отырмайсыңдар ма десем, жаныққан социалистер жағамнан алады».

- Мейіргүл-ау, Арчил Буадзенің менен артық екенін баяғыда-ақ білген жоқпысың.

Менен несіне қауіптене бересің?

- Қайдам. Ежелгі достар арасында ұғыспаушылық болмасын дегенм ғой. Арчилдің шыли алдыңа түсе бергені сені ашындырмасын, әркімнің маңдайын жазылғаны – жазылған. Біреуді артық, біреуді кем жаратады. Жасағанның бұйрығынан асып қайда барасың. Менің көздегенім – татулық, одан басқа дәнеңе емес. Жүр, апарып салайын, мен бүгін машинамен жүрмін.

Нұрбек сәл кідіре тұрайық дегендей қол сағатын тықылдатты. Расында, әлі бірсыпыра уақыт бар. Қайда, несіне асығады. Мына бұлбұлдың жағы қарысып қалған ба, нақ осы мезетте құйқылжытушы еді ғой. Әлде оны да маған бұйыртпағаны ма? Әп, міне, бәрекелді, жарадың! Бармақтай боп пәлесін қара...

Мейіргүл де демін шығармай тыңдап қалыпты. Өңі тұп-тура Нұрбектің үйіндегі суреттегідей нұрланып сала берді. Ғажап! Әп-сәтте құлпырып шыға келді. Нұрбек те оның осындай нұрлы, таңғажайып мейірімді кейіпін жанындай жақсы көруші еді-ау. Әттең, осындай сүйкімді сәттер қас-қағымда ғайып боласың-ау, таптырмай тарықтырасың-ау. Аңсайсың-ау бейшара жүректі сыздатып. Қайтып оралмасын, қайта келмесін білсең де әр отқа бір жылынып, алдамшы үмітті медеу етіп жүре бересің, іздей бересің. Ақырғы демің таусылғанша – сол, өлшеулі өмірің біткенінше – сол...

Бітті! Бітті... Мейіргүл өткен күндерінен арылғандай шашын сілкіп-сілкіп тастады.

- Тамаша, магқа жазып алып, үйде т ыңдап отырар ма еді, - әдемі келіншектің жүзі қайта қалыңдай кетті. Нұрбек орамалымен маңдайы мен көзін қайта-қайта сүрте берді.

- Нұрбек, - Мейіргүлдің әдейі «доктор Дабаев» дегісі келмеді. – Менің суретім... Мен әлі сол қалың шынының астында жатырмын ба?

- Жоқ...

- Жоқ?! Лақтырып жібердің бе?

- Жоқ... Айнаға іліп қойдым. Ең болмаса, қараған сайын қасыңда тұрайын деп.

- Солай ма, доктор Дабаев. Сен мені кешір... Ал мен болсам, Мендельсонды қашан тыңдармыз деп жүрмін. – Мейіргүлдің үнінен болар-болмас діріл сезілгендей.

- Әзір үйлену ойымда жоқ. Сол «Той маршы» отау құрғандарға бағышталмаған көрінеді, ажырасушылардың көбейіп кеткені сондықтан дейді ғой. – Нұрбек сөзін әзіл-оспақпен бітіріп, шие қызыл «Ягуардың» есігін ашты да, аң-таң боп тұрып қалды. Екі көзі күлім-күлім қағып іште Соломон Абрамович отыр.

- Ә, бәлем, ұсталдың ба? Ша-ша-ша, қызараңдамай-ақ қой. Мейіргүлдің папасы ептеп сырқаттанып қалыпты, көңілін сұрап шығайық. Қарсы емес шығарсың? А, онда – от винта! – деп Зильберштейн айтып үлгерді ме, үлгермеді ме – орталық көшелермен оқтай ұшқан машина діттеген жеріне жетіп те келді. Нұрбек академик Жамансарин тап осы көп қабатты үйде тұрады деп ойламаған екен. Ана жылдары есігінің алдында қос тас арыстан шабынған үлкен коттеджді жайлайтын сықылды еді. Бау-бақшасының өзі үш гектардай болатын. О да бір заман екен-ау.

Есікті Мейіргүлдің аузынан түсіп қалғандай бес-алты жасар қараторы қыз ашты. Шешесіне қараған да жоқ, қонақтарға кебіс әперіп, шапқылап жүр. Ішкі жақтан гүрілдеп Жамансариннің өзі шықты. Жайы ауырып жатыр дейтін емес, сырқатыңның өзін сұлатып салар түрі бар.

- Қызым, әлгінде Руставелидің ұрпағы телефон соқты. Үйіңе қайт. Мына кісілерді әкеп салғаныңа мың да бір рахмет. Мамаң бар ғой, қонақ күтуге әзірге қауқары жетеді.

Мейіргүл кеткісі келмегендей кібіртіктеп тұрып:

- Пап... – дей беріп еді, Жамансарин жүре жауап берді:

- Айттым ғой, сенің тілегің – мен үшін заң. Ал, жолың болсын. Қызың да папамды сағындым деп зықымды шығарды. Жә-жә, болды, болды...

- Ысқақ, сен балаларға тым қаталсың-ау, - деді Зильберштейн креслоға жайғасып жатып.

- Сен де айтасың-ау, Сүлеймен. Қайта олар мені аямайды. Тауға да, тасқа да салғысы келеді. Қартайған шағымда сая болар особнягымды да зорлағандай тартып алды. Сондағы айтқан уәждеріне қарамайсың ба? Сендер екі-ақ бассыңдар дейді. Балаға таза ауа керек, қыдыру керек дейді. Амалсыздан айырбас жасадық – онсыз заңға томпақ келеді екен. Әй, қойшы соны, бәрі қу тірлік қой. Ал. Нұрбек, айналайын, ойын жолын екі шалға бер. Мен мына Сүлейменді тас-талқан қылайын. Баяғыда бұл екеуміз допты хоккей ойнайтынбыз, енді шатырашқа көштік. Қайран ғана, жастық-айІ Міне, енді аяқ жүгірмесе де ой жүгіреді. Ал, біз кеттік...

Ысқақ Жамансаринович ферзьдің алдындағы пешкасын екі қадам ілгері бастырды.

- Әлі есімде, рудник бастығы Ысқақ екеумізге күн сайын ұрсатын. «Сендерді салиқалы инженер ме десем, доп таяқтаған қуаяқ спортшы екенсіңдер ғой», - деп. Шаршау дегенді білмеуші ек. Біз былай арғымақпен ойқастаймыз. Иә, келмеске кеткен, дәурен-ай!

Нұрбек екі қарттың тайталасына оқта-текте самарқау қарап қояды. Қарны әбден ашқан-ау: асхана жақтан дәмді иіс мұрнын қытықтап, дегбірін қашырып барады. Таңертеңгі кофеден басқа нәр сызбапты. Екі дос шахматтан бас көтерер емес. Баяғыдай болса, емін-еркін кухняға кіріп барар еді, өзімсініп тамақ сұрап жер еді, Мейіргүл де не бір дәмдісін бұның аузына тықпалар еді. Өмірдің ең үлбіреген сұлу шағы сонау студент, аспирант жатақханасында қалғаны ма? Қайран өтпелі дүние-ай. Нұрбек те шалдар құсап «қайран, жастық-ай!» дей жаздап барып қалды.

- Біздің бәйбіше бауырды қатырып жіберген жоқ па, осы? Кейде сөйтетіні бар. Қаны шығып тұру керек. Өзімнің жасымнан бір тәуір көретін асым осы. Өзім барап келейінші, - деген Жамансариннің дауысынан Нұрбек селк ете түскендей болды. Пиджагын шешіп, оңтайлана отырды, асқазанның қамын ойлар мезгіл жеткен сықылды. Үстіне көк пияз туралған, тұздықталған қойдың бауыры келді буы бұрқырап. Үш патронын ұстап үй иесінің өзі де жетті.

- Ет пысқанша ермек ете тұрайық. Мынаған қалайсың, Сүлеймен? Нұрбек, айналайын, сенің татып алмайтыныңды білем, бірақ алдыңда тұрсын. Өй, Сүлеймен, сенің мына домна пешің қайда барып қалған? Мен шығып кеткенде ладьясын сұғындыра қойыпты, кейін тарт деймін. Дауа жоқ екен саған, қарашы көзді-ашып жұмғанша итіндіріп қойғанын... – Жамансарин шыж-быж болып, Соломон Абрамовичті қуырып барады. Анау сасар емес, Ноздрёвшылап бет бақтырмай, бой бермей отыр. Ақыр аяғы тең ойынға бәтуаласып тынған соң, бауырға да, бұған да назар аударды. Нұрбек көзінің астымен байқап отыр: бауырдың бір тілімін тұздыққа матырып алып, аузына сала берген Зильберштейн Жамансаринге ым қаққандай болды, әлде бұған солай көрінді ме?

- Сыбырлағаныңды құдай естімей ме!? Сенің ым-жымыңды Нұрбек балам сезбей отыр деймісің. – Ысқақ Жамансаринович аузын сүртті де бұған қарады. – Біз болсақ, міне, тойдан қайтып келеміз, айналайын, Нұрбек. Алдағы шаруа қыруар, қалған ғұмыр оған жете ме, жетпей ме – бимәлім.. Әй, жетпес. Қолымыздан келген жұмысты біз тиянақты, адал тындыруға тырыстық. Ең бастысы, сендерге тыңнан жол сап бердік, осы шаққа дейін іргелі зерттеудің негізгі бағыт-бағдарын сілтеп келе жатырмыз. Мақтанғанымыз емес, егер олай-былай болып кетсек – осы екеуміздің суретіміз елу екінші, елу үшінші боп институт қабырғасына ілінеді. Жә-жә-жә, түртпей отыр, Сүлеймен. Ілінеді дедім, ілінеді! Мәселе бірақ онда емес, қиын да күрделі мына шаруашылық шабысын қалай шапшаңдатамыз, тізгінді кім қолына алады? Түбегейлі түйін осы. Бізді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған жай да осы. Өйткені өзің де жақсы білесің, бұрын шаңымызға ілесе алмай келе жатқан кей жұрт үзеңгі қағыса бастады. Кейбірінің электроника, автоматика, есептеу техникасы, ақпараттандыру саласында анағұрлым озып кеткен жайы бар. Оның залалы біздің өндірісімізге тиіп отыр. Иә, сондықтан шахмат партиясының эндшпилі, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – директорымыз ішкері жаққа ауыспақ. Біздегіден де бір ірі саланы мойнына артпақ көрінеді. Баяғы жас дәурен қайта оралса, өзіміз дөңгелетіп ала жөнелер ек. Қатты отынды двигатель жайлы тұжырымды бір-ақ түнде бітірген күш-қайрат қайта оралар ма, түге...

Нұрбек орнынан ұшып кете жаздады, әлде қағыс естіді ме – осы күнге дейін ғалымдар қолынан түспейтін жиырма баспа табақ іргелі еңбекті бір-ақ түнде тәмәмдадым деп отырған жоқ па Жамансарин академик шімірікпей.

- Ысқақ, сен өйтіп Нұрбек Айтовичті састырма. Біз барып қайтқан жақтың түні қанша айға созылатынын сен білесің ғой. – Зильберштейннің мына сөзіне үйді басына көтере, көздерінен жас аққанша үшеуі де күлді. Әңгіме тізгініне енді Соломон Абрамович ие болды.

- Нұрбек Айтович! Ысқақ екеуміз босар орынға сені құп көріп отырмыз. Бас директор бастабында Арчилді жөн көріп еді – бізден асып қайда барсын. Әзірге сөзіміз жерде қалмас... Неменеге қуара қалдың? Сен лайықсың сол орынға. – ол мәймеңкөлемей турасын бірден айтып салды.

- Бәрін мен бүлдіре жаздадым, - Жамансарин тамағын кенеп қойды. «Басқа пәле – тілден» деп аталарымыз тегін айтпаса керек. Қызыма директорымыздың кететінін айта сап ем, «Арчил, Арчил» деп, құлақ етімді жеп қоймады. Сонан соң «иә» дей салғам. Сүлейменге де сөз салыпты, директорға да кіргеннен құр емес-ау деймін. Ғылымға әйел интригасы араласқаннан кейін не сорым. Осы отырған үшеуміз жабылып директордың креслосын Арчилге алып береді деп кетті әлгінде. Солай ойлағаны керек бізге. Әділеттен аттап кете алмаспын төр алыстап бара жатқан заманда. Иә, директорымыз қазір осында келеді, шығарып салу мәзіретін жасаймыз. Сен сол кісімен қоса ақтаңертеңнен аттанасың, бекіп қайтасың. Өзің бірдеңе айтқың келсе, айтып қал. Сосын, осы күні мәтел боп кетті ғой, бірауыздан мақұлдаған шешім қабылдаймыз.

- Бұл өзі мен күтпеген ұсыныс екен. Төбемнен жасыл түскендей боп... Жоқ, бұным жалған болар. Мен не дейін. Қаншама лайықпын десем де, өздеріңіз айтпақшы, әділеттен асып, қайда барам. Арчил менен гөрі талантты физик, дарынды теоретик. Шыны осы. Шындықты бұрмалап қайтеміз. Жол соныкі. – Нұрбек шындығын айтамын деп, шерін де ақтарып салды. Онысына мына екі корифей қалай қарар екен?

- Жол ананыкі-мынаныкі деудің реті жоқ, Нұрбекжан. Саған, қазақша айтқанда, ат мінгізіп, шапан жапқалы отырған біз жоқ. «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті; ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», - демеп пе еді ұлы Абай. Сол үш қасиет те бойыңда бар. Ел намысы, ғылым қамы үшін кілемге шық. Осы күні тереземіз кімнен кем? Дүлдүл Ілияс айтпақшы: «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел, тегі, қайдан алар кемеңгерді?!» Жақ-жаққа бөлінген сасықтар шабалана берсін... Арчил Буадзені Сүлеймен екеуміз сенен жақсы білеміз. Ол менің шәкіртім, күйеу балам. Дарынсыз дей алмаймын, тамаша теоретик, осы күні практикалық жұмыспен де шұғылданып жүр. Дәл осы сәтте оның сенен алда келе жатқанына күмәнім жоқ. Бірақ түбінде сен озасың, потенциалың анағұрлым мықты – бұл да шүбәсіз. Ол – спринтер, сен – стайерсің. Сенің басты кемшілігің – екінші скрипка рөліне әбден көніп қалғансың, таптауырынға тіптен дағдыланып алғансың. Мына екеуміз обал-сауапты жақсы білеміз. Ана Королев Титовқа әбден обал жасады. Қай жағынан алсаң да, сол озық еді... Ғылымда сайрап жатқан жол жоқ екенін мына Сүлейменнің жекжаты тауып айтқан. – Жамансарин қолындағы патронын тақ-тұқ еткізіп үстелге қоя салды.

- Ша-ша-ша, кенгурудың баласы да ана қалтасында мәңгі жатпайды, Нұрбек Айтович. Біз көпті көрдік. оны несін айтып жатайын. – Соломон Абрамовичтің көзі ұшқын ата екеуіне қадалды. – Сен менің шәкіртімсің. Әлсіз жағыңды да, оңтайыңды да жақсы білемін. Мен осы қазір көзіңе айтайыншы. Дарыннан құр алақан емессің. Бір. Адалсың, ақжүрексің. Екі. Осал жағыңды білесің. Үш. Күмандана білесің. Төрт. Кеңінен қамтисың. Бес. Басшыға осыдан артық қасиеттің керегі де шамалы. Күмандау демекші. Менің ұстазым Бруно Понтекорво: «Қандай данышпан ғалым болмасын, күмандану өткелінен өтеді. Тіпті Фермидің өзі жиырма екі жасында өз күшіне сеніңкіремей, қатты болатын. Тек Макс Борн мен Пауль Эренфестің мектебінен өткеннен кейін барып әлгі қобалжудан арылды», - деп отыратын.

- Біздің Арчил шүбалануды да білмейді, - Жамансарин Соломон Абрамовичтің сөзін іліп әкетті. – Оған гендиректор бол десең болы, «жарайды, өзім де солай ойлап ем», - дері хақ. Әлім келе ме, келмей ме – ондай ой кәперіне де кірмейді. Басшы принциптің адамы, әрі өз елінің патриоты болу керек. Иә, патриоты болу керек. Мен осыны бекер айтып отырғам жоқ. Әлем азаматымыз дейтіндерге мен сенбеймін. Солай, Нұрбек, айналайын. Сені асығыс-үсігіс аттандырайын деп отырғанымыздың себебі бар – менің ана белсенді қызым аман болса, әке атын саудалап аяқ жетер жердің бәрін тауысар. Қане, телевизорды қоса салшы, «Уақыт» бағдарламасы не дер екен?

Нұрбек оның нені меңзеп отырғанын сезсе де пәлендей сыр бермеді, дикторлардың алма-кезек үніне көзін жұма құлақ түріп отыра берді. ТАСС хабары оқыла бастағанда ғана құрыс-құрысы жазылғандай көмірдей қара шашын екі-үш салалап қойды. «198.. жылы 13 маусымда Мәскеу уақыты бойынша 6 сағат 54 минутта... жүк кораблінің... орбиталық басқарылатын кешенмен түйісуі автоматты түрде жұзеге асырылды...» Жамансарин мен Зильберштейн бұған қарап көздерін қысты.

- Сырттағы қоңырау безілдеп барады, гендиректор да келген болар, - деп Жамансарин орнынан түрегелді...

Күн көтерілмей көгілдір китке ұқсаған самолет көк мұхитына өрледі. Өрекпіген көңілі әлі басыла қоймаған Нұрбек Бас директордың қасында қыбыр етпей, бүрісіп отыр. Өзіне үкім айтқызса, мына қылығы қылмыспен тең. Басқа балама жоқ. Басы стадион, миы футбол алаңы сықылды. Азан-қазан. Екі шал екі жақтап есін шығарып жіберген жоқ па? Поезд, не автобус болса, дәл қазір түсіп қалып, кері қайтар еді. Өмірі самолетке мінбегендей белбеуді де тартып тастапты. Стюардесса әкелген мәзірді алуға келгенде тырп ете алмай қалды. Қасында отырған директор мырс ете түсіп:

- Кешеден бері бір ашылмадыңыз. Белбеуді де, жүйкені де ептеп босатқан жөн, Нұрбек Айтович. Айыл-тартпаны босатыңқырап қойыңыз. Көсіле отырыңыз. Сіз туралы көп жақсылық естідім. Бұрын жұмысыңызбен ғана таныс екем. Әсіресе екі патриарх мақтауыңызды жеткізді. Дандайсып кетпеңіз, байқаңыз. Мен көзге айтқанды жақсы көрем, бастабында Арчил Буадзені ыңғайлы көріп ем, директивалық орындарға соны ұсынбақшы болғам. Безбеннің басын екі академик басып кетті. Аристотель айтпақшы: «Amigus Plato, sel magis veritas». Кейде пендешіліктен асып, осындай дұрыс шешім қабылдағаныңа да мәз боласың. Өмір ғой, өмір. Мәңгі тіршілік те жоқ, бүгінгі бүлдіргеніңді ертең түзей салам дейтін. Қазір елу сегіздемін. Көздеген мақсат көп. Сондықтан кейде жүз жасағың келеді. Берекеліден көп сұрап қойғам жоқ па? Менің бар арманым – осы. Ал, сізде арман бар ма, көксегеніңіз бар ма?

- Бар ғой, неге болмасын... «Адамға тән қасиет маған да жат емес».

- Апырай, ә? Отыздағы жігіттің де арманы болады екен-ау. Шалдар ғана арманшыл ма десем. Ол не арман сонда, құпия емес пе? – директор ізбасарына қарай қопарыла отырды.

- Қалай десем екен сізге. Бұл қисынмыз да болып көрінуі мүмкін. Құлағыңызға сыбырлап айтсам қайтеді?

- Қойыңызшы, Нұрбек Айтович, бұл жерде бізді тыңдайтын кім бар?..

- Онда былай енді. Қалай десем екен, ә? Ең алдымен мына еврей халқының керемет қасиетін айтайын. Оны мен айтпасам да білетін шығарсыз. Әлемге танылған ғажап музыкант кім? Еврей. Нобель сыйлығына ие болған ғалым кім? Еврей. Олар ақыл мен талантты қаршадайынан тәрбиелейді, мәпелейді. Болашақты болашақтан бұрын болжап отырады. Бірақ солардың арасынан шыққан астронавт бар ма? Жоқ. Жұмысшы, колхозшы бар ма? Жоқ. Олар үшін астроноватыңның да, қаратабан мамандығыңның да қадірі жоқ. Ал, Ғалам кеңістігі, сана кеңістігі – тың жатқан дүние. Мен олардың алдын осы тұстан оқыстан орайын деп отырмын. Бірінші көксегенім – өз бауырларымның бірін ғарышқа ұшыру. Сөйтіп, өз тегімізді әлемге таныту. Екіншісі, мен болайын, басқа қазақ болсын, Нобельге қол созу. – Нұрбек ойымды дұрыс жеткізе алдым ба, жеткізе алмадым ба деп толқып кетті. Бурыл бас директор жас әріптесінің мұнысын аңғармағандай сабырлы тіл қатты:

- Екеуі де керемет арман. Иә, қисынды мақсат. Қазақтың еврейден қай жері кем?

Бірақ бұған сіздің ғана басыңыздың ауырғаны, былайша айтқанда, жеке көксегеніңіз жеткіліксіз, біріншіден. Қаншама басы-қасында жүрсеңіз де ықпал ету қиын. Екіншіден, келешекте сіз басқаратын институттың ерекше мәртебесі бар екенін ұмытпағайсыз. Орталықтың уысындасыз. Дегенмен арман адамға қанат бітіреді, ұмтыла беріңіз Нобельге қарай, қадірлі Нұрбек Айтович. Арманыңызға жетуге шын жүректен тілектеспін...

Қара жер бетіндегі азан-қазан тіршіліктен бой тасалаған салон балбырай мүлгіп отыр. Ақшыл бұлт төбесіне шыққан сұрқанат лайнер небір мейір-шуақ пен небір ызғар-ызбарды дүрілдетіп келеді. Креслоларын енді ғана жантайта тастап, шалқая кеткен елеусіз екеуге кім назар аударсын. Олар да – өзіміздей, өзгелердей төсенішсіз жол қуған жолаушының бірі.

Алматы, 1987 жыл

Сурет peugeot.ru сайтынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар