Жаңбырлы жаз

Белгілі радиожурналист, жазушы, драматург Дінәш Нұрмұхамбетовтің «Жаңбырлы жаз» атты әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

22

Жаңбырлы жаз - adebiportal.kz

— Жамалтай, — деді Тоқан қызыл күрең шайды бабымен құйып отырған әйеліне. — Жамалтай, біз осы қызықпыз, ә? Кейде бір нәрсеге уақытында мән бермейміз де, артынан бәлен күн бойы ойланып, толғанып жүреміз. Әр қадамымызға, істеген ісімізге көз жібереміз, соған кәдімгідей марқайып қаламыз. «Рас екен-ау өзі, осындай іс тындырдым деп кім ойлаған өтіп жатқан әр күн бір шежіре екен-ау», - дейміз.

— Соны бүгін білдің бе?.. Өзі суырылып, төгіле шалқып, шешенсіп отырсың ғой. Кешегі жігіт ұзақ сөйлескен еді, бірдеңе жұққан-ау, тегі.

Әңгіменің авторы Дінәш Нұрмұхамбетов

Іске мығым, сөзге жоқ, доғалдау, тұйық мінезді күйеуінің иісі бұрқыраған үнді шайын ұзақ сораптап отырып, маңдайы терши бастаған сәтте бір әңгіменің ұшқынын шығарғанын Жамалтай қызық көріп, күле, наздана тіл қатты. Лепіре сөйлеу, біреуге ақыл айту Тоқанның болмысында жоқ. Дауыс көтеру, жоқ жерден ши шығарып іліп-қағу, маңайындағыларды орақпен орғандай етіп жайпап кету бұл кісіге жат. Басқаны былай қойғанда, өз қанынан жаралған балаларына да көз алартып айбат көрсету, реті келген жерде бұқтырып тастау осы жасына дейін кездеспеген жайлар. «Қой аузынан шөп алмайтын жуас» деп айта алмайды. Біреулерге есесін жіберіп, ұйқылы ояу жүретін, не десең де «иәдан» әріге бармайтын момындардың әулетінен емес. Қасық қаны қалғанша күресе алатын қайраты бар. Мойнына алған істі жеріне жеткізіп, екі жұмыс етпейтін пысықтығы өз алдына, бар айыбы сөзге жоқ.

Жамалтай совхоз еңбекшілерінің айына, жылына өтіп жататын жиналыстарында күйеуінің сөйлегенін көрген емес. Президиумнан орын алады қашанда. Әрине, ел көретін алдыңғы жағына отырмайды. Жұртқа онша көріне қоймайтын арт жақтан орын алып, төс қалтасына қол салады. Әбден май сіңді, жиегі жырым-жырым, сыртындағы қатты қағазы қырық сынған көгілдір блокнотын тізесіне қойып, тұқшия отырып бірдеңелерді қарайды. Оның не істеп отырғанын басқа түгіл жұбайы Жамалтай да білмейді... Тоқан өз бригадасындағылардың бір жетідегі болмаса, бір тоқсандық табысын есептеп, оған кім қанша үлес қосты деген мәселені төңіректейді. Фамилиясы аталып, еңбектері баршаға үлгі-өнеге ретінде ұсынылып жатса да жұмысы жоқ. Солай болуға тиісті сияқты.

Басшылар да қызық, кейде әкесінің атын қайта-қайта атап, орнынан тұрғызады. Айлықтың қорытындысы бойынша немесе пәленінше тоқсанда қол жеткізген үздік еңбегі үшін деп сыйлық береді. «Сөз сөйлеңіз, осынша табысқа жетуіңіздің сыры не? Ортаға салыңыз», дейді. Тоқан не десін. «Рақмет бәріңе! Алдағы уақытта да осы биіктен көрінемізден», - әріге бармайды. Қиналмайды, жұрт сияқты қақалып-шашалмайды. Үйреншікті сөзін айтады да орнына отырады. Жұрт қол ұрады, қошемет көрсетеді, әрине, сөйлеген сөзіне емес, адал еңбегіне...

Қазір қолындағы қызыл ала гүлді кесесін жерге қоя салып, топқа түсіп жүрген жүйріктерше суырыла сөйлеп, төгіліп жатыр. Бұған Жамалтай қызыға қарап қалған. Тоқан мән берер емес:

— Журналистер айтқыш қой, - деді сөзін сабақтай түсіп. — Айтқыр. Бір көрген адамын қалай ғана танып қалады екен.

— Е, не болды?

— Кешегі жігіт те... Төгіліп тұрған жоқ па сөйлегенде. Қандай көп біледі десеңізші. Сыпайылығы, кіші пейілділігі, аңғарымпаздығы... керемет қой, керемет. «Әр адам өмірі бітпейтін ұзақ тарих», - деді-ау, сабазың. Мен күлгенмін сол сәтте. Ал ойлап отырсақ, рас екен.

Жалпақ бетін жиыра езу тартты. Күлген түрі бұл. 

— «Не айтам, бар білетінімді айттым», — деп қашқақтай бергенің қайда? Енді бүгін шешенсіп отырсың. Одан да кеше айтпадың ба, бар сырыңды ақтарып. Кассаға ақшаны кірестеп сала бергенше машина алу керек еді. Жарқыратып «Волга» мініп жүрсек, тракторыңды біреу тартып алатындай кежегең кері тартады да тұрады. «Волга» алуға көмектес демедің бе? Директорың алдында құрша жорғалап жүр. Айтып кетсе, болып еді.

— Сен де бір қызық екенсің, жоқ нәрсені сөз етіп. Немене, оның қалтасында «Волга» жүр дейсің бе? Білімдісін айтсайшы, сабаздың. Ойыңдағыны табады... Қайдан білгенмін мен қасқа, «әр адамның өзі ұзақ бір тарих» екенін. Былайша қарағанда айтарлықтай ештеңе жоқ. Ойлай берсек, өмірбаянымыз аш ішекше шұбатылып жатыр.

Күйеуінің мына сөзіне Жамалтай күліп алды. «Аш ішекше шұбатылып...» Ақ адал жанымен рақаттанып қалды.

— Айттым ғой, айттым. Кешегі жігіттен саған бірдеңе жұққан.

Қырман басындағы қызу іске кірісіп жатқан Тоқан бас инженердің:

— «Директор шақырып жатыр», — дегеніне таңданып қалған әуелде. «Дәл қазіргідей кезде менде не шаруасы бар екен, сабаздың» деп ойлаған да, кеңседен бір-ақ шыққан.

— Тоқа, - деген совхоз директоры жарқылдай күліп, қарсы алып. — Мына жігітпен танысып қой, облыстық газеттің тілшісі. Еңбектің майталмандары жайлы очерк жазбақ. Совхозымыздың озаты өзіңізсіз. Жақсылап әңгімелесіңіз. Тілшілермен тіл табыса білген жақсы.

Екеуіне де күле қарап, іске сәт деді. Жас жігіт өзінің аты-жөнін айтты. Таныс есім. Облыстық газетте құлаш-құлаш мақалалары шығып жататын. Түсін көріп, өзімен танысып отырғаны осы болса да Ғалымбек Сабыровтың жазғандарын сүйсіне, қызыға оқитын. Өз ойында жүргендерді айтатын, сабазың. Кейбіреулер сияқты шалағай емес, желіп жүре беретін. Шаруашылықтың мән жағдайын жақсы біледі. 

Тоқан ойлайтын. «Біраз жасқа келіп қалған, егде кісі болар, өмірден көргені, көңілге түйгені көп», — деп. Жоқ, олай емес екен, уыздай жап-жас жігіт. Әрі кетсе жиырма беске енді шыққан шығар.

Сөзді ол бастады. Асықпай, саспай, сабырлы сөйлейді. Қарапайым. Қойған сұрақтары да қызық. «Анау қалай, мынау қалай?» деп сұрақты төпелемейді. Жай ғана, шым-шымдап шығарады сөзін. Бір түрлі жүрекке жылы.

Осы ауылдың кешегісі мен бүгінін, азаматтарын суыртпақтап сұрап келеді. Тоқан біріне өз әлінше жауап берсе, екіншісіне ойланып қалады. Мұндайда сөзді журналист жігіттің өзі сабақтап, жалғастырып кете береді. Бүгін де «Комсомол» совхозы атанған, бұрынғы «Қайыңды» аулының қанша түтіні барын, ертелі-кеш шыққан еңбек ерлерін жатқа соғады. Қағаздан оқып тұрған сияқты, тақ-тақ еткізіп дәл айтады. Совхозда жиырма төрт мың гектардың сыртында егіс барын, ірі қараның саны осы бесжылдықта бес мыңға жеткенін айта келіп, оны өркендетіп, дамытуда туысқандығы мен бірлігі жарасқан әр ұлт өкілдерінің еңбек етіп жатқанын, олардың ішінен «жүзден жүйрік» дегендей суырылып шыққандарын ерекше мақтанышпен атайды. Солардың қатарында өзіңіз де бар екенсіз деп бір қойды. Осы совхоздың ірre тасын қалаушылардың, алғашқы тың игерушілердің бірі екенін алға тартты.

«Ойпырмау, - деп ойлады Тоқан. Мына жігіт мені бес саусақтай жатқа біледі. Және өзіңіз жайлы айтыңыз дейтінін қайтерсің. Не айтам, биыл жасым қырық жетіде. Он екі жасымда еңбекке араласыппын. Төрт балам бар. Ең үлкенім — Аққу — мектепте оқытушы. Педучилище бітірген. Әлгі жас мұғалімдердің жиынына қатысып, грамота алып келді. Ептеген әншілігі бар. Мұндай өнер шешесінде бар еді, содан жұқса керек. Мереке сайын ән айтып, бүкіл совхозды риза етеді.

Ғайшам — Қарағандының медицина институтында оқиды. Болашақ балалар дәрігері. Ерланым азаматтық борышын өтеп жүр. Жақында командирінен хат келіпті: «Балаңыз өз ісінің үздігі, - деген. — Сол үшін сізге, анасына алғыс жариялаймын», - депті. Оған шешесі бір жылап алды.

Кенжеміз Бақытжан тракторшы. «К-700» жүргізеді. «Жарысқа түсейік, көке», - деп қоятыны бар. Әрине, ойнап айтады да. Әйтпесе әкесімен жарысып, не көрініпті. Жарысқыш болса тепсе темір үзетін өз замандастары бар емес пе?

Жамалтай жұмыс істемейді. Тек маусым кезінде қырман басына барып, аспаз болады. Өзім сол отыз жылдан бері трактордамын. Тыңның жиырма жылдығында Ленин орденін алдым. Бар болғаны осы».

Әр сөзін үзіп-тартып, семьясы жайлы мәлімет берді. Осыларды айту керек шығар деп ойлады. Ғалымбек күледі. Зілсіз, рақат, ерекше жылы күлкі.

— Тоқа, мен мұның бәрін кеше-ақ біліп алғанмын. Дегенмен өз аузыңыздан естіген әсерлі екен... Жаңа ғана шешіліп келесіз.

— Айналайын-ау, бары осы болса, қайт дейсің? Біз Ұлы Отан соғысының батыры емеспіз, әр ұрыста жасаған ерлігі бір жыл айтуға тұрарлық. Сол күнделікті жұмысқа мәз, қарапайым ғана көптің біріміз.

— Тоқа, — деген журналист жігіт, — әр адамның өмірбаяны бітпес бір тарих. Әр сағаттағы, әрбір күндегі сіздер тындырған істер пәлен кітап жазарлық шежіре. Мен осы ауылдың үлкен-кішісінің бәрінен естідім, сіздің өмірбаяныңыз тым ұзақ әрі тым қызық.

«Рас сөз. Шынында солай екен». Журналисті шығарып салғаннан бері ойланып-толғанып, өз өмірбаянының шегіне жете алмай қойды. «Анкетаға жазатын қысқаша анықтама бір басқа да, ал адамның өмірбаяны бір басқа», - деген еді-ау. Он-ақ минутта жазып тастамайтын ба еді анкетаға. Кешеден бері ойлап көрсе, бірінен-соң бірі өрбіп кете береді екен. Әріден бастау алады. Мөлдірленіп басталады. Шым-шымдап шығып, өзінің соқпағын салады. Адам  үлкен өзендер сияқты. Қандай долы өзеннің бастауы болады. Баяу, жыламсырап, бірде үзіліп, бірде жалғасып, ирелеңдей жол шегеді. Ұзаққа дейін қарқын ала алмай, жылан итеңмен мимырт қимылдайды. Біраздан кейін... шабысын түзеп, белін жазып алғаннан соң сілтейді келіп, дала төсін қақ жарып, жолдағы үлкенді-кішілі суларды өзіне қосып алып, жөңкиді келіп дөңбекшіп, тармақ-тармақ салаларға бөлініп бір-бірімен жарыса ағады. Бел жаза алмай қиналған сәт естен шығып, алдыңғылардың бәрін жапырып, тапап, ағызып кетуге дайын тұрады. Ұлы өзен аталады. Басы мен аяғы жоқ үлкен, өмірі бір бітпейтін дария сияқты көрінеді. Баяғы қаз-қаз басып, сүрініп тұрған сәтін ұмытады енді ол. Өйткені ол — долы өзен ғой, алыстарға бой ұрған. Артқа талай белдерді, еңістерді, шөлдерді тастаған, өзінен кішінің бәрін құшағына қаусырып, аласұра алға ұмтылған.

Адам да осы тақылеттес екен. Екі аяққа мінуді аңсаған бүлдіршін күннен-күнге бір орында тұрмай тықыршып, қайта-қайта биікке ұмтылып, тұрып жығылып, жерден талай таяқ жесе де тыншымай тықыршиды. Ақыры дегеніне жетіп тынады. Жан-жағындағыларға күле қарап, аяғын санап басқан бала — ертеңіне асыға түседі. Адамның пешенесіне жазылғанның бәрін көреді, мойнымен көтереді. Өзен сияқты долы қимылдап, асау мінез танытпаса да алға асығады. Өзінің тарам-тарам саласы — ұрпағын дүниеге әкеледі. Ауызбен айтып тауыса алмайтындай істер тындырады. Оның алысқа бет алған сапарында сан соқпақ та, жазиралы күндер де көп кездесіп, артына із қалдырады екен, ірілі-ұсақты іс қалдырады екен. Далаға, қара жерге маңдай терін төгіп, оны жүз қопарып, жүз гүлдентеді.

Тоқан мұны бүгін түсінгендей. Жерді әр жыртқан сайын артына із қалдырыпты, баршаның тыныс-тіршілігінің қорегі алтын дән өсіріпті, мақтау естіпті, қолпаштау көріпті. Адам атақ-даңқ үшін еңбек етпейді, өзен сияқты долылық танытпайды, арнасынан аса беті ауған жаққа ала қашпайды. Бірақ әр адам қандай нән өзеннен ұзақ, бітпес тарих екен. Тоқан бүгін осыны ұққан, сезінген. Сонан соң шешілмегенде қайтсін. Жаңылтайды таң қалдырмағанда қайтсін.

Тоқан бал-балалық шақпен ерте қоштасқан. Сонау қырық бірінші жылдың жайсыз жазы талай бүлдіршін күлкісін мезгілсіз үзіп, ойыннан ерте айырды. Соның бірі Тоқан. Езуіндегі күлкісін де жия алмай қалып еді-ау. Топтың ортасында сөйлеп тұрған әкесіне бір, көз жастарын төгіп, у-шу болған көпке бір қарай берген.

Жұрт неге азан-қазан. Колхоздың кеңсесінің алдына неге жиналды? Алғашқы бетте оған түсіне алмай, жанындағы Ермекке иегін қаққан. Ештеңе ұқпадым дегендей, ол да өзіне жалтақтайды. Ертемен балық аулауға кеткен екі дос қармақтарының құрығын сүйреткен қалпында аң-таң. Біреу қайтыс болды ма деп ойлады. Сұрайын десе жұрттың бәрі жылап тұр.

— Ит герман!

— Қорқау герман!

— От басың ойрандалғыр, пәшес!

— Он жылға жасасқан уәдесін бұзған, оңбағандар! — деп еңкілдейді.

Тоқан қысылып-қымтырыла алға қарай жылжыды. Әкесінің даусы естілгенше жақындай берді.

«Абыржымайық, жолдастар! Ел басына ауыр күн туғанда қажырлылық пен қайрат керек. Үлкен-кіші болып еңбекке жу жұмылайық! Күні бүгіннен бастап, ауылдың ер азаматтары әскерге шақырылып, майданға аттанады. Туған жерді жаудың ластауынан қорғап, бейбіт күн үшін күреседі. Біздің елдің күресі — әділдік үшін күрес, туған жерді, сүйікті Отанды қорғау. Ол әркімнің азаматтық борышы. Бүкіл еліміздің желкілдеп өсіп келе жатқан жетідегі баласынан бастап, жетпістегі еңкейген шалына дейін Отан қорғауға күні бүгіннен бастап жұмылуға тиісті.

Фашистік Германияға өлім келсін!

Ер азаматтар, белдеріңді бекем буып, қандай іске де әзір тұрыңдар! Бізді майданда қан төгіс, тылда ерен еңбек күтіп тұр. Біздің Торғай топырағында туған әр ұл үлкен күресте шыңдалған. Бәрімізді Аманкелді батырдың аруағы қолдасын!

Соғыс — елдің елдігін, ердің ерлігін танытады. Жүнжімеңдер, халайық! Отан үшін күреске әзір тұрыңдар!».

Колхоз басқармасының даусы саңқ-саңқ етеді. Жігерлі сөйлейді.

Әкесінің сондағы қажырлылығына Тоқан күні бүгінге дейін қайран қалады. Өзін сабырлы ұстады. Асып-саспады; тіптен әскерге алынып, майданға аттанып бара жатқанда да көзінен жас шықпады-ау. Бүкіл ауыл тайлы-таяғына дейін түгел жиналып, шығарып салды. Шешесі Ақлима дауыс қылып, мойнына асылды:

— Қасым-ау, жаным-ау, мұның не, майданға, өлімге сұранып кеткенің? Өзің сияқты колхоз басқармаларының қайсысы кетті майданға! Берген броннан бас тартқаның не, жаным. Соғысқа сұранғаның не, жаным. Мынау Тоқаныңа кім қарайды, жаным, — деп егіл-тегіл жылағанда да көзіне жас алған жоқ. Тоқанды, маңына жиналып қалған оның құрбы-достарын басынан сипап тұрып: 

— Мен мыналарды қорғау үшін, туған жерімді қорғау үшін аттанып барамын. Басқарма соғысқа бармасын деген заң жоқ. Сұранып барамын өзім. Майдандағыларға жылы киім, дәмді тамақ, көп оқ-дәрі керек. Оны дайындайтын тылдағылар, сендер. Соғыста әр үйдің бір мүшесі жүр: біреудің әкесі, біреудің ағасы, біреудің баласы майданда. Осыны естеріңнен шығармаңдар. Қош болыңдар, көріскенше!

Әкесі бүкіл балаларды бетінен сүйді. Тоқанға келгенде тіп-тік денесі орақша иілді. Арқасынан қақты. Кеудесіне басып, қатты қысты. Бұл солқылдап жылай бастап еді: «Жігіт жылай ма екен, Тоқан», — деп жанарын жалт еткізе бір қарады. Үлкендердің бәрімен қол алысып қоштасты. Қос ат жегілген жеңіл арбаға ширақ мінді. Жылау-сықтау көбейе бастады.

— Айда! — деді ат айдаушыға. Айда, кеттік!

Ат айдаушы шыбыртқыны басып қалды. Арба орнынан ұршықша қозғалды. Қасым тұрғандарға қолын бұлғап, ұзай берді. Қашан көз ұшында бұлдырап көрінбей кеткенше (соңынан тұра жүгірген Ақлима болмаса) бірде-бір адам орнынан қозғалған жоқ. Қастарын қақпастан қарады да тұрды.

— Ер екен, азаматың! — деді Әлменбет жалғыз қолын шолтаң еткізе бір сілтеп. — Ер екен. Аудандық партия комитетіндегілердің ешқайсысын тыңдамады. «Майданда қырылып жатқандардан жанымыз артық емес. Барамын да барамын», — деп отырып алды. Ер екен, азаматың. Мұндай іс екінің бірінің қолынан келмейді. Тек ерлердің ері ғана оқ пен отқа кеудесін төсейді.

Тоқаңның кішкене жүрегі тулап кетті. Жаңа ғана әкесін қимай жыласа, енді жан-дүниесін ерекше бір мақтаныш биледі. Моншақ-моншақ жас төгілген жанары жарқылдап, шоқтана қалды. «Естідіңдер ме, менің әкемнің қандай екенін?» Жанындағы құрбы-достарына көз тастады. Денесін тік көтеріп алды..

Әкесінен хабар жиі келіп тұрды. Айына құрығанда бір рет хат жазады. Кейбіреулердің әкесі құсап өлең жолдамайды, сағынышын білдірмейді. Тіптен қызық өзі, бірден колхоздың жағдайын сұрап, қазіргі тыныс-тіршігінен хабар білуге сондай құштар. Әсіресе Әлменбет жайында көп айтады. Хатты кілең де ауылдың ақсақалдарының атына жазады.

«Әлменбет жас жігіт. Оның үстіне соғысқа қатысып, төгілген қанды, өшкен жанды көрді. Жаны күйінген адам, оның артық-кем кеткен жеріне кешіріммен қараңдар, көмектесіңдер.

Майданда адам қаны суша төгіліп жатқанда, сендер ырың-жырыңға барып, бір-бірлеріңмен жоқ жерден дау шығарып, айтысып жүрсеңдер, онда елдігіміздің, бірлігіміздің көгі қиылып, беліміздің омырылғаны. Бейбіт күндегі кейбір ит жығыс, айтыс-тартысымызды ел басына ауыр күн туғанда әрі жалғастырсақ, ауылымыздың абыройын айрандай төгеміз. Ел болған соң бірлі-екілі тентек шығады. Оны тезге салып, бұғалықтап отыру ауыл ақсақалдарының борышы».

Әкесінің әр хатын Тоқан жатқа біледі. Колхоз кеңсесіне келгені болсын, басқарма Әлменбетке жазылсын, өздеріне жолдансын — бәрін-бәрін тауып алып оқиды. Ренжіп қалады; өлең жазбайтынына, ол өлеңге өзі мен анасы Ақлиманың атын қоспайтынына. Осы ауылдан майданға кеткен талай адамның хатын оқыпты. Көпшілігі өлеңмен басталып, өлеңмен аяқталады. Және мұның көкесі сияқты ауылдың белді-белді адамдарының атын атап оларға арналған өтініш-тілектерін, ойларын бірнеше парақ етіп баяндамайды.

«Ботақаным, құлыным, балам Қайрат әкеңді сағынып жүрсің бе?» немесе «Жан-жары Зағираға майданда жауды қырып жүрген күйеуі Төкеннен үшбу хат», — деп басталып, ар жағы солардың атын қосқан ұзақ өлеңмен ұласады. Оны жан-жары да, баласы да жаттап алып, жұмыс басында да, далада да шырқап жүргені. Және бәрі бірдей сай сүйегіңді сырқыратып, зарлы әуенмен айтады. Сиыр сауып, от жағып жүрген кемпірлер олардың әуеніне құлақ тосып: «Қайтсін бейшара, елін, жерін, жарын, баласын сағынғасын шығарған ғой. Қайбір ақындығы тасып бара жатыр дейсің, баласының даусы қандай зарлы еді», — деп тыңдап отырғаны. Тоқан айтып жүрейін десе — әкесі бір ауыз да өлең жазған емес.

Бірақ оның есінде қалған бір нәрсе сол — соғыс жылдарында жұрттың бәрі ақын болып кетіп еді-ау. «Пәленшенің майданда жүргенде жазған өлеңі», деп күні кешеге дейін ел іші айтып жүрді. Тек бүгіндері ғана көпшілігі ұмытыла бастады. Оның себебі не... оған Тоқан байыппен барып, нақты жауап іздеген емес.

Әр сәті үрей мен қорқынышқа толы: әр әйелдің басына қара жамылдырып, әр баланы жетім атандырып, әр ананы «құлыным» деп зарлатып қорғасындай ауыр күн де өтіп жатты. Төрт қабырғасы тең талай үйді талай үйдің шаңырағы шайқалып «қара қағаз» дейтін пәленің ауырлығын көтере алмай, белі бүгілді. Кеудедегі жан шықпаған соң тырмысып жүре береді екен. Қайыңды аулында қара жамылмаған, бір-бір азаматын фашист оғына құрбан етпеген шаңырақ кемде-кем. Бірақ ауылдың босағасы нық еді. Жайсыз хабар естіген сәтте көп болып қайғырып, көз жастарын сығып аһылап-уһілеседі. Бірақ Қайыңды аулы қандай қиын күндерде де қырсыздығымен көзге түспеді, қайта шар болатша ширай түсті.

Атпал азаматтардың орнына аяқтарын тең басып Тоқандар жүрді. Әйелдер мен ақсақалдар әр істі ұйымдастыра білді, жымдастыра білді. Қайыңды аулы белі қайысса да үзілмейтін ерлердің ерен ерлігін танытты.

Жылжып күндер өтті. Қылышын сүйретіп қырық бестің қаһарлы қысы келді. Ел ішінде жағдай жетісіп тұрмаса да, кірпіктегі жас құрғамаса да соғыс басталған алғашқы жылдарға қарағанда көңіл көтеріңкі, еңсе биік, жүрек қуанышты еді. Әрине, қабақта кірбің бар, ол тас түйінтін. «Совет жауынгерлері бүгін мына қаланы жаудан азат етіп, фашистерге өлтіре соққы берді», — деген информбюро хабарын естіген сайын «Ой, алла-ай!» дейтін кемпір-шалдар. «Алақай, көкем келеді жауды жеңіп!» — балалар отырған орындарынан ұшып тұрып, шу ете түсетін. Бірақ сол балалардың көпшілігінің-ақ әкелерінен «қара қағаз» келгендер, көз көрмеген соң жүрек шіркін сонда да өлдіге қимайды. Өздерін-өздері жұбатып жүргендері. 

«Қара қағазға» әбден тойып, енді ол келетін үй саусақпен санарлық болған кезде ауылға қос балдағы бар жалғыз солдат келді. Ол — Тоқанның әкесі — Қасым еді. Сол күнгі ауылдың қуанышында шек болды ма екен, сірә? Болмаған-ақ шығар.

Қасымның елге оралғанын бүкіл ауыл тойлады. Бұл араға төрт жыл салып — Әлменбеттен кейін тірі қайтқан екінші солдат еді. Әлменбет қолын берсе, Қасым оң жақ аяғын тізеден жоғары кестірген, баяғы нар қасқа келбеттің ұшқыны да байқалмайды. Екі жағы қуарған, сол жақ азуы омырылып ішіне қарай түсіп кеткен. Бет аузы быж-тыж, әбден қартайған. Жүргенде қиралаң-қиралаң етеді. Басқа түгіл әкесін Тоқанның өзі әзер таныды.

Қасым үш жылдың ішінде қауырсын қанаты қатып, бозаң жүзі қоңырқай тартып, ыстық-суыққа бірдей төселген баласын көріп қуанды. Қайран қалды. Аз уақыт қалай ғана шынықтырған, өсірген. Кешегі балауса балғын ойын баласы Тоқан он бесінде ер азамат болыпты. Өсіп кетіпті. Қандай іске де қабырғасы қайыспай қарсы тұра алатын атпал азамат. Ширақ та шымыр, қайрауы жеткен алмастай.

— Ұлым-ау, — деді әкесі. Өсіп кетіпсің ғой. Үлкен жігіт болыпсың ғой.

— Көке, — деді баласы. — Көке...

Әкесінің денесін кеудесімен сүйеп, бүкіл жаурынын құшақтаған қалпы тұншығып ұзақ жылады. Кешегі ер азаматтың қу сүлдесі қалғанына өксіді. Денесіне ие бола алмай тұрған мына қарт солдат өз әкесі Қасым — соғыстың не екенінен толық түсінік бергендей еді. Жалғыз Тоқан емес, бүкіл ауыл ауыр күрсінді.

Күні кеше ернінен күлкі кетпейтін ойын баласының күрсіне білетінін көріп Қасым басын шайқады.

Сол күні жылай-жылай көз жасы құрғаған, ауырлықты көтере-көтере белі бүгілген, қатқан қара қабырғасы қайысқан қаралы ауылда төрт жылдан кейін бірінші рет ән шырқалып еді, майданда жүргендердің өлең-жыры айтылып еді. Күйреп қалған ауыл сол кеште бойын бір жазған.

Бірақ майданға осы ауылдан аттанған тоқсан жеті адамнан аман-есен оралған ең соңғы жан Қасым екенін ешкім де білген жоқ.

Қайыңдының тоқсан бес азаматының сүйегі әр төбенің басында бір-бір төмпешік болып қалған. Кейін жерлестері, туыс-туғандары іздеп тауып, басына белгі қойып қайтты.

Елге кеудесін сүйреп келген Қасым да көп ұзаған жоқ. Қырық алтының қытымыр қысында көз жұмды. Соғыс салған ауыр жарақат ұзатпады. Сол күні Қайыңдының қаралы күнінің куәсі болған әр жанның осы күнге дейін құйқа тамыры шымырлайды. Әлменбеттің етегін толтыра төгілген көз жасын көргенде бүкіл ауыл қан жылады. Соғыстың бұл ең соңғы ауыр бір сыны еді. Ауыл оны да иығымен көтеріп алып, құламай қалды.

Тоқандар он жасқа есейді.

Ақсақалдар пеш түбінде шөгіп қалды.

Әкесін енді қайтып оралмас ұзақ сапарға шығарып салған күні Тоқан ойлаған: «Бітті. Осымен бәрі тынды. Біздің үйдің шаңырағы енді ортасына түсті. Оны тіреп қалу менің қолымнан келмейді», — деп. Ұнжырғасы түсіп, еңсесіне ие бола алмаған. Көз жасы бұршақтай саулап, қайта-қайта төгіліп, жанарын құрғатпапты. Басы мең-зең, жан-дүниесі алау-жалау, ойы сан тарау... Ойланады, бірақ мөлтек қана ойдың шегіне жете алмай басы қатады. Ойланады, бірақ айналасының бәрі қу жетім сияқты: ең асылын жоғалтқан, белі бүгіліп, қиралаңдап жатыр. Мынау кең дала: оның өзі жетім қалып, болмаса ессіз күйді еңіреп тұрғандай. Оның ойынша: «Бұл ауыл Қасымсыз енді қалай күн көреді: егін егеді, мал бағады? Бұл үй енді Қасымсыз қалай жүздеріне шаттық жинап, ақтарыла күледі, дастарқанға барын қойып, қонақ шақырады? Мүмкін емес, мүмкін емес.»

Бір аяғы жоқ болса да төрдің төбесінде астына төрт қабат көрпе салдырып алып, «Әй, Тоқан, мынауың қалай, дұрыс емес қой, ол былай болса керек, балам, сенің шешең Ақлима да қызық, айтпай ма, оның жөні мынау деп». Бір кіжініп алып, жалғыз аяғын созып жіберіп, айқайлап қойғанының өзі неге тұратын еді! Зекісе де, боқтаса да, шалыс басқан кездерінде үйден қуып шықса да, шөптің басын сындыруға жарамаса да, өзінің бар табысын ішіп-жесе де: «Әй, Әлменбет, мынау біздің баланың тапқаны, бір айғы еңбек күні», — деп бәрін-бәрін ортаға салып, қалғанын далаға шашып жіберсе де, сөйтіп отырып, анасы мен екеуіне ала көзімен қарап; «Менің қаным бұзылған, бір емес алпыс немісті өлтірдім, сол үшін мына үш орденді алдым, бір аяқты, бүкіл бір жақты бердім: сендердің болашақтарың үшін отқа түсіп, оққа кеудемді тостым», — деп күніне жүз рет бажылдаса да, басы қалт-құлт қозғалып, денесі ерсілі-қарсылы ырғалып, көзі алақ-жұлақ етсе де... оның төрдің төбесінде шалқиып отырғаны — қандай күш еді! Ауылдың үлкен-кішісінің: «Әкеңнің халы қалай, Тоқан?» деген сөзін естудің өзі неге тұрады. Енді бұл сөзді ол естімейді. Және ешкім де айтпайды. Төрдің алды да аңырайып бос тұр. «Тоқан-жанның көкесі-ау, шайыңды ысытып берейін бе, нан салма жасайын ба?» — Күйеуінің қасы мен қабағына назар салып, ауру адамның мазасын алармын деп аяғын санап басып жүретін анасы төр жаққа сақтана қарап, Қасымнан жауап күтпейді. Әкесінің денсаулығын сұрап хал-жағдайын білу үшін бұл үйге тірі пенде енбейді. «Әй, қайдасыңдар, жақсаңдаршы, шамды... Әлменбеттің халі қалай екен? Білдіңдер ме, бүгін? Жоспар орындалып па?» - деп айқайлаған даусын естімейді. Бітті бәрі, аяқталды. 

Он жетіге жаңа толған Тоқанның басындағы бар ойы осы ғана еді. Басқа түк жоқ. Ештеңе, ештеңе кіріп шықпаған. Ертеңгі күн, өмір туралы дәл осы сәтте санасында түйсік жоқ. Әке шаңырағының қашан құлайтынын күткендей еді. Әкесі соғысқа кеткенде денесі қатып, ой-өрісі алысқа бой ұрып еді. Оның бәрінен қазір айрылған. Жұрдай. Оның ойынша әкесіз күн кешу, мүмкін емес. Оған мынау үш бөлмелі тоқал үйдің қабырғасы біртіндеп-біртіндеп өз-өзінен сөгіліп, бет-бетіне тым-тырақай шашылатындай көрінген. Және жаңбыр өтпесін деп анасы екеуі жылына бір рет бәлен қапшық күл мен саз төгетін, қалыңдығы бір метр төбесінің астында бытшыттары шыға жаншылып қалатындайтын. Солай болуға тиіс сияқты.

Соғыс жылдары болса бір жорық, жаумен алысып жүріп, пулемет оғы жарақаттап, кең даласына қаны суша шашылып, елін, жерін қорғау жолында өлсе әңгіме бір басқа. Ал бейбіт күнде от басы, ошағының қасында отырып, о дүниелік болып кету... бұл Тоқанның басына кірмейді. Тіптен кіруі де мүмкін емес.

Ол әкесінің жетісі өткеннен кейін ғана есін жиып, өзіне-өзі келген. Әке артынан өлмек жоғын сезінген. Әлменбеттің сөзі оны дүр сілкіндіріп, бойын зілдей басқан қалың ой мен қазадан еңсесін көтерткен.

— Тоқанжан, - деген Қасымның жетісі беріліп, жұрттың бәрі үйді-үйіне тарқап кеткеннен кейін Әлменбет. — Тоқанжан, басыңды көтер, есіңді жи. Сенің әкеңнің қазасы кімнің қабырғасын қайыстырып, жанын жаншымай отыр дейсің. Білесің бе, осыдан бес жыл бұрын Қайыңдыда бас көтерер 97 азамат болған екен. Отанын қорғау үшін соғысқа бәрі барды. Елге аман-есен оралған, аман-есен деймін-ау, шыбын жанын сүйреп келген Қасым екеуміз ғана. Қайыңдының қаншама азаматының беті жасырылмастан, төгілген қаны жуылмастан қалғанын сен білесің бе? Шыр еткенде қасық қаны тамған туған жерге келіп өлген адамның не арманы бар? Қасым екеуміз сол үшін бақыттымыз. Жарты жанымызды сүйреп, күніне нервімізді жеп жүрсек те. Өйткені, біздің сүйегіміз туған жерімізде қалады. Ауылдастарымыз, жарымыз, балаларымыз арулап қояды бізді. Ал ер азаматтарының ұрыс үстінде қаза болғанын хабарлаған қағазға сенбей әре-сәре болып жүрген жұрттың тірлігін көргенде жүрегім езіліп, құйқа тамырым шымырлайды. Керек десең, қаншама бала, кейінгі ұрпақ әкесінің жүзін бір көрместен, (және еш уақытта да көрмейді, әкенің мейірімін, аялы алақанын сезбейді) бір айлығында, үш айлығында, алты айлығында, сегіз айлығында анасының құрсағында қалғанын, күні ертең олардың әкесін іздейтінін сезінесің бе, сен?! Он сегізінде қара жамылып отырған аруларды, отызында шашын ақ қырау шалған аналарды сезінесің бе, сен! Он екісінде бір гүлі ашылмай, қыршын қиылған, артында атын атар тұяғы қалмаған жандарды сезінесің бе, сен!..

Ағыны қатты суша лықси төгіліп, даусы жарқыншақтана шықса да, анық та, ашық сауал-сұрақтар ауада шың-шың етіп, ортада тұрып алды. Айтып жатқандарының бірі басына кіріп, санасына жетсе, екіншісі еміс-еміс барады. Көсіле шауып келе жатқан жүйрік алдынан ор көріп, не істерін білмей кілт тоқтап қалғандай — Әлменбет те сөйлеп-сөйлеп кеп, ойын шорт үзіп, Тоқанның бетіне қарады. Назарын өзіне аударып алып, сауалына жауап күтпестен, тағы сөйлеп кетті. Болмысы тас-түйін. Денесінің шөгіп, еңкіш тартқаны болмаса, нық, қара тастай қалып танытады. Қасымның денесі мұздап сала бергенде, «Ой, баурымдап!», бүкіл даланы күңіренте дауыс қылып, басын тауға-тасқа ұрғылаған басқарма еңсесін көтерген. Тек жанарлары қып-қызыл болып ісініп кеткен.

— Өлген артынан өлмек жоқ. Белді бекем бу, анаң Ақлиманың қолтығынан деме. Адам артында ұрпағым қалсын деп армандағанда: «Жаманымды жасырып, жаксымды асырса екен», — дейді. Мынау шаңырақтың иесі енді сен. Соны ұқ. Екіншіден, Қасым айтушы еді ғой, тіпті көзі жұмылғанша қайта-қайта айтқан сөзі болды ғой: «Еңбексіз отырғаннан басқаның бәріне көнуге болады», — деп. Әкеңнің сол сөзіне ісіңмен жауап бер. Айтарым осы. Ертең кеңсеге кел, ақылдасатын жұмыс бар.

Әлменбет мұны жылы қарсы алды. Есіктен жасқана ене бергені сол еді, орнынан ұшып тұрып, қолын ұсынып, арқасынан қағып, қарсы алдына әкеліп отырғызды. Жас жігіттің бас-аяғын түгелдей сүзіп шықты.

— Ақлиманың... шешеңнің халы қалай? — Басқарманың «Амансың ба, қалқамнан» кейінгі сауалы осы болды. «Жақсы, жақсыдан» әрі аспады Тоқанның жауабы. Ауыр күрсініп қойды. Жанарын төмен салып, бүкшиіп отыр.

— Қалқам, - деді Әлменбет, жігіттің назарын өзіне аударып алайын деген адамша үнін қатқылдау шығарып. — Менің сені кеңсеге шақырғаным Қостанай қаласында тракторшылар дайындайтын оқу ашылады екен жақында, соған біздің ауылдан бір адам сұрайды. Бұған қалай қарайсың?

— Білмеймін. Оқуы қиын шығар. Оның үстіне әкем қайтыс болып жатқанда менің оқу іздегенім. Анам көнбейтін болар.

— Мен айтсам, Ақлима көніп жатыр. Тек өзіңнің ынтаң қалай?

— Кім біледі... — Тоқан төмен қараған қалпы отыра берді. 

Әлменбет тағы да ұзақ сөйлеген. Соғыс есейтіп кетсе де, ауыл адамына тән инабаттылық пен ұяңдығы әр қадамынан мен мұндалап тұрған жас жігітке ертеңгі күн туралы, туған жердің болашағы хақында ұзақ сыр шерткен.

— Соғыс бітті. Ел бейбіт еңбекке кірісті. Енді дала гүлденеді. Сен білесің бе, біздің ауылға қандай тракторлар келетінін, әрқайсысының бәлен аттық күші бар. Соған иелік ететін, басқарып жұмыс істейтін мамандар керек өзің сияқты жастар керек... Трактордың оқуына сені жібердім, — деп ойын кесіп айтқан ақырында. Үш күннен кейін жол жүресің, дайындал.

Туғалы Қайыңдыдан шығып көрмеген Тоқан Қостанайды көргенде аузын ашып, таңырқай қарады. Үлкен жатақхананың бір бұрышынан орын алды. Жиналғандардың көпшілігі-ақ өзі сияқты жастар. Он алты мен он сегіздің арасындағы — соғысқа жасы жетпей қалғандар. Ауылдың бұйығы баласы Тоқан — Әлменбеттің қайрап жібергендігінен бе, лезде ширады, қалаға тез көндікті. Бір жылдың ішінде оқуын да бітірді, өзіне өмірлік серік те тапты. Жамалтаймен кездесті.

Ортадан жоғары бойы бар, қара торының сүйкімдісі, қалың қолаң шашы тізесіне түскен Жамалтай Тоқанға қатты ұнаған.

Тоқан қаланың шет жағындағы шағын ғана асханадан ас ішіп жүретін. Орталықтан қашықтау болғандықтан ба, әлде тамағы арзан қолдау ма, мұнда адам онша көп келмейтін. Қашан барса да бес-он минутта қарнына ел қондырып, шұбатылып жатқан кезектің соңында тұрып сарылмай, тез шыға қоятын. Әрі аспазшы қыз да қолы-қолына жұқпай, елпілдей қимылдап, жұртқа қызмет көрсетуге сондай құштар.

Тоқан тамаққа келген сайын жанарының астынан сүзе қарап: қол-аяғынан бастап, бүкіл болмысына көз жүгіртіп өтеді. Мұнысын қыз байқап; өз-өзінен қызарып, әбігерге түсіп қалатын кезі де бар. Тоқанда үн жоқ. Тіл қата алмайды. Тек қарап өтеді. Тамақ ішіп отырып та сол жаққа көз салып қояды. Әңгімелескісі-ақ келеді, бірақ соның ретін білмейді. Сөзді неден бастап, қалай тиісерін, әңгімеге тартарын ойлап-ойлап басы қатты. Өзінен сұрамаса да жұрт арқылы қыздың атын да біліп алды. Жамалтай! Қостанай төңірегіндегі «Қызыл партизан» колхозының қызы екенінен де хабардар.

Бұл кездері оқуына біраз көндігіп, қаланың тірлігіне бойы үйреніп, әке қайғысы да жеңілдене бастағанды. Қазір есіл-дерті аспазшы қыз. Сонымен сөйлессе, үйіне келін етіп түсірсе, анасының қолын үй жұмысынан босатса. Бірақ өзі тіл қата алмайды. Сөйтіп жүргенде Ермектің келе қалғаны бар емес пе? Тумасынан еті тірі, сөйлесе сөзге шешен, қалжыңбас Ермек, екі иығына екі кісі мінгендей алып. Бір жылдың ішінде өсіп кеткен. «Москвадан келе жатырмын», — деп танауының желбезегі жели-желп етеді. «Оқуға келгенің дұрыс болған. Әлменбет ағадан естідім. Хат жазып, амандық білдіргенді де білмейсің», — деп өрекпиді.

— Мекен-жайыңды ауылдағы хат салып тұратын балалар жазып жіберіпті. Самолеттен түсісімен саған тарттым. Солдаттық өмірдің бір жылы бітіп қалды. Ауылда жүріп шөп шапқаннан, қой баққаннан қиын тірлік емес. Біраз нәрсені үйретті, — деп желпінді.

Екеуі де мәре-сәре. Ауылдың, қаланың, солдаттық өмірдің жаңалығын айтып, шұрқырасып жатыр. Ермекке әскери борышын өтеудегі өнегелі ісі үшін он күнге демалыс беріпті. Елге барып, шешесіп қуантып қайтпақ.

Тоқан досын ертіп, үйреншікті асханаға тартты. Жолда келе жатқанда жүрегінің түбінде жатқан сырын да жасырған жоқ.

— Сұлу ма? - деді Ермек досының бетіне қадала қарап. Жасы қаншада? Қашан үйленесің. Мүмкін, жақын күндері той жасарсың?

Сұрақтарды төпелеп жатыр. Қой көздері жымың-жымың етіп, ерекше бір жылылық шашады. Бар жан-тәнімен елти сұрап келеді.

— Жаман емес. Жасы 17-18-дерде... Білмеймін... Той жасайық дейсің бе? Ол жағын сен ұйымдастырсай. Мен ұяламын. Бір түрлі бірдеңе деуге батылым жетпейді. Жанары жалт етіп қарағанда есім шығады. Сөйлесуге қорқамын.

Тоқан бар шынын айтты.

— Ой, жынды шығарсың сен. Тек сыртынан көз салып мәз болып жүргеннен саумысың. Сүйемін, үйленемін саған деп айттың ба?

— Жоқ.

— Сүйістіңдер ме?

— Жоқ.

— Қыдырдыңдар ма?

— Жоқ.

— Сөйлестіңдер ме?

— Жоқ.

— Әй, енді ол қызды сүйемің қалай? Атын кім дедің?

— Жамалтай.

— Қыздың атын білген адам оның затын да білмей ме? Былай сөзге тартып, киноға шақырып дегендей. Жігіті жоқ па екен өзінің, соны білдің бе?

— Жоқ шығар.

Тоқанның мына тірлігіне Ермек біраз күліп алды.

— Сүйген қызым бар дегенге біраз нәрсені тындырып қойып, айтып келе жатыр екен десем, сыртынан мәз болып жүр екенсің ғой. Жүр, қазір көрсет маған. Сұлу қыз болса бүгін кешке киноға шақырайық. Ақылды қыз болса сен сияқты жігіттен қаша қоймас.

Ермек ойын да, шешімін де бір-ақ айтты.

— Ұят шығар киноға шақырғанымыз. Ренжіп калса қайтеміз. Тоқан қипақтап қалды.

— Сүйемін, қызым бар деп келе жатқан өзің. Немене, сонда сыртынан ғашық болып жүрмексің бе? «Қымызды кім ішпейді, қызға сөзді кім айтпайды». Басайық бүгін кешке қамшыны. Қыз дегенде менің жыным барын білесің. Мысым басар ма, басар. Тек маған ауып кетіп жүрсе өкпелеме. Сен үйлендің не, мен үйлендім не, бәрібір емес пе, бір ауылға барған соң. Ең бастысы жақсы қыздан айрылмау керек. Біз деген сен сияқты ашық ауыз емеспіз. Москваның да қыздарын бір-біріне қағыстырып, шертіп жүрген қазақпыз. 

Ойын-шынын араластырып, біраз жерге барып алды Ермек. Жамалтай оған да ұнады. «Қызықсаң, кісі қызыққандай екен. Адам саябырлансын сосын сөйлесеміз», - деп қойды.

Бала кезінен еті пысық, сөзге жүйрік, ойындағысын еркін айтып өскен қу тілді Ермек Жамалтайды бірден-ақ өз дегеніне көндірді. Үшеуі қаз-қатар қалқып отырып, театрға барды. Мәз болып отырып кино көрді. Қостанайдың мақпал түнінде ұзақ жүріп әңгімелесті де. Сөз бастайтын да, қайдағы жоқты тауып айтып, күлдіретін де Ермек. Білмейтіні жоқ. Тоқанда ондай қауқар қайда! Тек ыржиып күле бергенді біледі. Қайта-қайта Жамалтайға ұрлана қарап қояды. Әңгімені бастайтын да, аяқтайтын да Ермектің өзі. Әр нәрсенің басын бір шатады.

— Жамалжан, - деді кенет ұстамды бола қалып. Саған (сіз деген сөз оның сөздік қорында ол кезде жоқ-тын) көптен-көп рақмет. Бетімізді қайырып тастамай тілегімізді қабыл алып, киноға келдің. Жақсы кино көрдік. Ертең жүремін ауылға, мүмкін, шығарып салуға келерсің. Әлі талай-талай кездесеміз деп ойлаймын, мынау Тоқан аман болса.

Сәл тыныс жасады. Тоқанда ес жоқ. Енді бірдеңені бүлдіреді-ау деп, қипақтап келеді. Ермектің онымен жұмысы жоқ. — Ұлы сөзде ұяттық жоқ деген, Жамалжан, - сөзін одан әрі жалғады. — Тоқан екеуміз бір ауылда өскен жандармыз. Мен осыдан бір жыл бұрын әскерге алындым, ал бұған дәм-тұз осы қаладан бұйырды. Өзің жұмыс істейтін асханадан күніне үш мезгіл келіп тамақ ішіп тұратын көрінеді. Ұлы сөзде ұяттық жоқ, Жамалжан, — осы жерде тамағын бір кенеп алды. — Біздің достың өзіңде ойы бар көрінеді. Көңілін қалдырмассың деп ойлаймын.

Арғы жағын Тоқан естіген де жоқ, ұғынған да жоқ. Қос жұдырығын барынша қатты қысып, сіресті де қалды. Бір ысыды, бір суыды. Маңдайынан мұздай тер шып-шып шықты. Жамалтайда үн жоқ. Тоқан ойлаған; қазір алды-артына қарамай тұра жүгіретін шығар деп. Жоқ, жоқ, олай болған жоқ. Басын төмен салып, сабырлы қалпында тыңдай берді, тыңдай берді. Ешқандай артық қимыл, болмаса жылылық танытпады. Тек тұратын үйінің алдына келген кезде ғана:

— Рақмет сіздерге! Тағы да кездесеміз ғой, - деді де ішке еніп кетті.

— Болды, бәрі де реттелді. Алып қашу керек енді.

Үйді айнала беріп, Тоқанды бүйірден бір нұқи қалып Ермектің айтқаны осы болды.

Сол түн бұлардың тағдырын шешіп еді. Ұзақ уақыт жанарларымен жанасып, іштей арбасып жүрген екі жас бір-бірімен тура тең екенін мойындаған. Көп ұзамай тойлары өтті.

— Сенің қой аузынан шөп алмайтын момындығың-ай! Аузыңнан сөзің түсіп тұрады, сөзің, - дейді Жамалтай кейде күйеуіне.

— Балта сабынан озбайды. Табиғатымыз солай болса қайтейік.

— Пысық болмасақ та сен сияқты аппақ келіншекке күйеу болып жүрміз ғой.

— Әй қайдам, Ермек араласпағанда маған сөз айту қолыңнан келер ме еді, келмес пе еді, білмеймін.

Жамалтай рақаттана күліп алады.

— Сол күні сен неғып момақан бола қалдың? - деп сұрады Тоқан келіншегінің бетіне таңдана қарап.

— Өзім де іштей жақсы көріп жүрсем қайтейін.

— Оны мен қайдан білейін. Бірдеңе десем бетіме бір ожау борщты шашып жібере ме деп қорқатынмын. Оңай көне кететініңді білгенде араға Ермекті салып қайтетін ем. Екі көйлекті менен бұрын тоздырған неме ғой, батыл кірісті іске.

— Қайдан білесің, маған мүмкін, сенің жанарыңмен аймалап, жасқана қарап жүргенің ұнаған шығар. Басқа жігіттер сияқты тақылдап тұрсаң қарамай кетуім де мүмкін еді.

— Ойдойт дерсің! Момындығымнан еш зиян шекпеппін ғой.

Әзіл-қалжыңдары жарасқан, өмірден бақыттарын таба білген ерлі-зайыпты Қасымовтар күнделікті тірліктерін теке тірес пен итырғылжыңнан аулақ салып, алға асқақ қарайды. Күміс күлкі мен жанға жайлы жымиыс, бір-бірін қолтығынан демеп, ізгілік пен жақсылық атаулыға жол сілтеу бұл семьяның босағасына жазылған. Оның ұйтқысы Қасым мен Ақлимадан басталып, Тоқан мен Жамалтай жанын сала жалғастырып әкеткелі қашан. Одан бері де отыз жыл артта қалыпты. Отыз жыл! Онша көп уақыт емес сияқты. Бірақ отыз жыл Тоқан мен Жамалтайды ата-ана атандырыпты. Бірінің көкірегіне анаға тән сағыныш пен сүйіспеншілік ұялатса, екіншісіне ер адамға қажетті игі қасиеттердің бәрін қоңсы қондырыпты.

Тоқан қазір шын өкініп отыр: «Журналист жігітті ренжітіп жібердім, ол мені биік мақсатты адам, өмірден көргені, көңілге түйгені бар деп келді. Болашақ жазатын бір шығармама алтын арқау етіп, келісті желі тартып береді деп келді-ау. Мынау «Қайыңды» топырағының бүкіл бітім-болмысынан сыр шертіп, адамдары жайлы әңгімелейді деп ойлады-ау. Сол үшін соншама жерден ат сабылтып, арнайы іздеп келгенде «Мен не айтам, не айтам» дей бергенім сыпайылық па, болмаса тілі мен жағы жоқ, көкірегіне түйген бір түйір дән түйсігі жоқ жанның қаракеті ме?! Қандай сыпайыгершілік екен осы, білгенді сыртқа шығармай, іште бүгіп, іште бүгіп, томаға-тұйық бұға берген, жұртқа менің ішімдегіні тап деген. Ойпырым-ау, кейбіреулер жоқтан бар жасап, аспандағыны жерге түсіріп, жердегіні көкке ұшыра толғап жатады. Тыңдаушысының көңілін табады. Ал мен деген білгенімді, көргенімді, істегенімді сыртқа шығарудан именем...

Ойлап отырсам, кешегі айналайын баланың маған қойған сұрағының бәріне жауап бере алады екенмін. Ең бастысы, оны қуанышқа кенелтетіндей қауқарым мен қадірім бар еді. Жазатын адам таппағандықтан келмеген шығар. Адам көмбесінің тереңінде жатқанынан керегін табатын, айналайын, менен де бірдеңе ілемін, жұртқа ұсынам деп келді-ау. Менің жұрттың жүйрігі бәйгеден келген соң ат жарататынымды ол қайдан білсін. Жүзі майырылған пышақпен кесілген нанша қиқаланып, тіл-аузы жоқ пенденің әрекетін таныттым. Жани-жани ол да шаршаған шығар. Алға сүйресе кері қашып, өзім де болдырдым. Енді ме, өнді кездесетін күн болса, қопарар ем талай көмбені.

Апырым-ау, осы ауылдың ыстық-суығына күйіп, жиырма бес жыл жалғыз қолымен ел басқарған Әлменбет, қатардағы жүргізушіліктен аудандық партия комитетінің бірінші секретарлығына дейін өскен Ермек, бірі Украинадан, екіншісі Балтық бойынан, үшіншісі Кавказдан, төртіншісі Россиядан келіп қазақ жерін жыртып, егін еккен, алтын дән өсірген механизатор достарым жайлы айтуым керек еді. Өгіз орақ пен ат тырманы ұмытып, «К-700»-ді ұршықша үйіріп, күнделікті керегіне кеңінен пайдаланып жатқан аулымның кешегісі мен бүгіні туралы ой толғағанда... Әй, әй, не керек. Жасы жетпіске аяқ басса да ауылдың әр ісінің бел ортасында жүретін Әлменбет ақсақал туралы мен айтпағанда кім айтады?! Әй, әй, әй...

Күндіз-түні май мен түтінге бөгіп, жұмыс істегеннен басқа ештеме білмейтін біреу екен демесе жарар еді. Бәрін айтып хат жазып жіберсем бе екен. «Жақсы адамдарды баршаға жарқырата баяндау борышым, ұстаған ұраным», — деді-ау. Айтқыр-ау, шіркін, айтқыр-ау. Жап-жас болып бәрін қалай біле береді. Оқығанның аты оқыған ғой, шіркін...»

Тоқанның ойы тым алыста жүр. Аңға түсерде кең аспан төсіне құлашын жазып жіберіп, бір шырқап алатын қыранның қылығы бар дәл қазіргі өзін-өзі қамшылауында. Реті келсе томағасын сыпырып, дүр сілкініп, болмысында жоқ бір әрекет танытпақ. Журналист жігіт жүрегіне маздатып от жағып кеткендей. Оның ұшқындары қазір найзағайша шатырлай көтеріліп, әр талы білеу-білеу болып шоқтанып, лаулап жатыр. Намыс отына тиген ұшқын маздамай қоймас болар.

— Әже, Әте, жанбыл, жанбыл!

Даладан екі жасар Қайнар айқайлай кірді. Біреу қуып келе жатқандай апыл-құпыл қозғалып, аяғының екпініне қарай теңселе басып, шай құйып отырған Жамалтайдың жанына келіп бір-ақ тоқтады. Мәз. Тәмпіш мұрны бетімен бет болып кеткен.

— Әже, жанбыл келеді, жанбыл... дала су-су... көп жанбыл... — Аузы-мұрнынан бірдей дем алып, асығып-аптығып айтады.

— Жаңбыр жауып келе ме, балам? Тоқан немересіне қолын соза берді. Ғайшадан айнымайтын қара домалақ ұл бір қолымен әкесінің алдындағы конфетті қармаған қалпы атасының алдынан қоныс тепті.

— Иә, жанбыл, жанбыл... — Қайнар бір конфетті аузына тығып та үлгерді.

— Жаусын, жаусын жаңбыр! Нұр ғой ол, нұр. Биыл да егін мол болады, балам, жаңбыр жауса. Нан мол болады. Осы жазғы жаңбыр ғой, баршамыздың көсегемізді көгертіп, мәртебемізді биіктетіп жүрген. Жаңбырлы жаздар. Оған маңдай тер қосылса...

— Айттым ғой, айттым.

— Жамалтай күйеуіне қарап мырс етті. Ойы: «Бүгін қаншама шешеншісең де дастарқан басынан әріге бармассың. Сенің не айтқаныңды Қайнаржан түсіне қоймас».

Ал Тоқанның ішінде не қайнап жатқанын Жамалтай қайдан білсін!

Әр адам өзінше жұмбақ. Бітпес тарих. Оны ұғуды әу бастан сараң табиғат екінің бірінің маңдайына жазбаған.

Дінәш Нұрмұхамбетов

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan