Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Көк тудың желбірегені ...

04.06.2015 13202

Көк тудың желбірегені

Көк тудың желбірегені  - adebiportal.kz

                                                        


                                             CjhgW0H_e-w.jpg 



Бүгін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні. 1992 жылы 4 маусым күні тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Мемлекеттік рәміздер  мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран – мемлекеттің негізгі рәміздері саналады. «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын  білдіреді» деген елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының керемет сөзі бар. «Әдебиет порталы» Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, назарларыңызға рәміздер күніне арналған ақындар жырын ұсынады.



491399_1573923164_1006_Tajibaev_Bakir.jpg





















Бәкір Тәжібаев


Туған  елім
 

Менде сөйлер сөз болса –
Өзің берген сөзің ғой!
Менде көрер көз болса –
Өзің берген көзің ғой!
 
Шаттық құшқан шеруде,
Күйді өтерген өзің ғой!
Қиындықты жеңуге
Үйреткен де өзің ғой!
 
Толқығанда сезім –ой,
Әппақ арым, тілегім.
Туған елім өзің ғой –
Арқа сүйер тірегім!
 
Туған елім, өзіңнің,
Жазираңды кездірдің.
Жайма –шуақ кезімнің,
Рахатын сездірдің!
 
Туған елім – гүл елім,
Қасиетіңді білемін.
Өзіңе деп жүремін –
Лүпілдеген жүрегім!
           

                         

711261_770351508_089_Axmetova_Kyliash.jpg





















Күләш Ахметова


Жан  дала  – жәннат  дала
 

Өзіңсің , Қазақстан, ән, арманым да,
Аяулым, алтын бесік, қара орманым да.
Бір нәрсе жетпейді деу қате болар
Өзіңдей ұлан байтақ далам барында.
Гүл дала – Қазақстаным.
 
Сен үшін бар сөздіктен сөз таңдайын көп,
Сен барда басылмайды жез таңдайымда от.
Мен сенен кете алмаспын, амалсыздан
Бір кетсем, оралармын бозторғайың боп.
Ән дала – Қазақстаным.
 
Сен барда ғажап шебер, ғажап ұстамын,
Түсінем өзендердің саз ағыстарын.
Қалай ақын болмайын, мен түгілі
Ұшады көгіңе жыр жаза құстарың.
Қырандар қанатында даңқы кеткен,
Дән дала – Қазақстаным.
 
Сен менің шұғылаға толған даламсың,
Жасампазым, сан  асу жолдарды аларсың.
Бабамның көздерінің қарашығы ең,
Баламның бақытына да қорған боларсың.
Жан дала – Қазақстаным.
 
Керемет өріледі гүл өңірде өлең,
Кезің қандай өрік пен шие гүлдеген.
Жүрегіме сыйғызып бар бейнеңді,
Қалсам деп ем өзіңнің жүрегіңде мен.
Кең дала – Қазақстаным.
 
Керегі жоқ даңқ дейтін маған сөренің,
Жетер біраз есіңде қала алса өлеңім.
Халқым маған сенеді әлсіз демей,
Үйткені мен, туған жер, саған сенемін.
Жасай бер , Қазақстаным.


                                                 

878418_874830205_145ac_Aldibekyli___.jpg





















Шаймерген Әлдибекұлы


Ту


Күнді құшқан қас қыран,
Аясында қалқыған
Аспан түсті туым бар
Көк теңіздей шалқыған.
Көкірек жауар шымқай өң,
Көрген жерден елітер,
Көркем өрнек, кең көңіл
Көл пейілге кенелтер.
Тәжім етіп бас иер,
Туы елімнің егемен.
Тұтастығым куәсі
Туғандай бір енеден.
Елдігімді әлемге
Паш ететін байрағым,
Тұнық менің көгімдей
Әуемде мәңгі жайнаған! 
Бақытбек Бәмішұлы
 


Елтаңба


Дүние әлем көзіндей,
Дөңгеленген жамалы.
Еге елімнің қорғаны-
Кереге қанат қамалы.
Көгілдір көктің жүзінде
Шаңырақ-күн, уық-нұр.
Мәңгі сенбес күйінде,
Маңдайдан жұлдыз туып тұр.
Қуат отын қоздырған
Қос қанатты пыпағым.
Хас тұғырға қондырған
«Қазақстан» -Ұраным.
Тұлғасында түзілген
Ыстық қаным, діл, арым.
Төріме іліп,
Төсіме
Тағып жүрер Тұмарым!



Әнұран



Қаһарман қажыр, қайратым,
Шайлықпас текті айбатым.
Арман, абырой, толғаныс-
Айтылатын ар, затым.
Жұртымның мұң, мұратын
Құлқыма құйып тұратын
Сіңірген тұла бойыма,
Тәңірлік күштің қуатын.
Жан дауысы халқымның
Шабыттана шырқалар.
Киелі сөз, сазды әуен
Шырқағанда, нұр тамар.
Беріле тыңдап,
Егіле
Жанып тұрар мың жанар.
     

                                    

17718A6B-DF9B-4FB1-BF9A-915FB1351E92_cx4_cy27_cw96_mw1024_s_n.jpg
























Дүкен Мәсімханұлы


Көк өлең


Тәнім де көк, жаным көк, 
Көк Тәңірдің құлы едім. 
Көк сәуледен жаралған, 
Көк Түріктің ұлы едім. 
Көк пен жерде көлкіген, 
Көк Аспанның нұры едім. 
Көкжалдардың арланы, 
Көк бөрінің бірі едім. 
Бөрілі көк ту қолымда, 
Дүнием түгел дүр едім. 
Көк темірге қол созсам, 
Жауымның алдым жүрегін. 
Көк бөрі боп ұлысам, 
Тоныкөктің үні едім... 
Көк семсерім барында, 
Азуды айға біледім. 
Ғаламды тұрған көтеріп, 
Нән көк өгіздің мұқалмас, 
Мүйізінің бірі едім. 

               ...


Ай түгіл, жылдар өтті мың, 
Көйлегім ғана көк бүгін. 
Ұмытқан тегін, көктігін... 
Қам көңіл жанмын, көп мұңым. 
Көк түрік болса шын тегің 
Беліңді «ӘРУАҚ!» деп буын. 
Самарқаннан көк тас бермеспін, 
Желбіреп тұрса көк туым.




3b7b58dac784b576cc0c8f4bb28e4b8d.JPG
























Маралтай Райымбекұлы


Елтаңба


Елордам қазағымның төрі емес пе,
Әлемнің бар елімен тең емес пе!
Өзгеге өзімізді танытатын,
Елтаңба Елбасының мөрі емес пе!
Қазақтың бүгінгі мен бұрынғысын,
Тарихын терең танып ұғу үшін.
Қарасаң Елтаңбама көз тояды,
Көргендей шын өнердің туындысын.
Әріден сыр тартады қоюланған,
Қос жерден қошқармүйіз оюланған.
Тылсым бір әлемге бой ұрасың,
Шыға алмай шежіреден ойыңды алған.
Шаңырақ ортада тұр тірегімдей,
Өлмейтін рухымның реңіндей.
Барлық ұлт тату-тәтті болса деген,
Мейірімді Елбасының жүрегіндей.
Көркейіп көгерсін деп құрақтарым,
Әуеге қанат жайған пырақтарым.
Қорғап тұр мүйізімен көкті тіреп,
Келешек ұрпағымның мұраттарын.
Ой-арман үйлесіммен өрнек өріп,
Байланған о, осынау Жерге берік.
Тәуелсіз егемен ел – Елтаңбамда,
Барады көкті кезіп дөңгеленіп.
Басса да бар ғаламды қара тұман,
Қозғалмас мынау жұлдыз дара тұрған.
Сияқты Нұрағамның ұстанымы,
Сөйлейтін маңдайға алып Ар атынан.
Ол жұлдыз – Темірқазық маңдайдағы,
Жұлдызға талай қазақ самғайды әлі.
Елтаңбам өзгермейді ел аманда,
Сөзім де өзгермейді таңдайдағы.
Көк аспан тұрсын солай зеңгірленіп,
Дәуірлеп ел түрленіп, жер гүлденіп.
Алдымен Елтаңбама тәу еткейсің,
Ынтықсаң біздің елді көргің келіп.
Шаңырақ ортада тұр тірегімдей,
Өлмейтін рухымның реңіндей.
Барлық ұлт тату-тәтті болса деген,
Мейірімді Елбасының жүрегіндей.



Байрақ



Ұлдарым төрге шықса байрақпенен,
Басталар Әнұраным айбатпенен.
Рухтың ұлағатты көзі емес пе,
Әнұран – әр қазаққа қайрат берген.
Әнұран – менің оттай Ар-намысым,
Намысым зау биіктен аңғарылсын.
Әнұран айтылғанда кеудемдегі,
Жүрегім дайын тұрар самғау үшін.
Осынау Жер мен Көктің арасында,
Алаштың қамқор болған баласына.
Әнұран – қазағымның Тағдыры еді,
Тапсырған Нұрсұлтандай данасына.
Ерліктің басы бар да, жоқ аяғы,
Көңілім ұрандасам тоғаяды.
Көтерсе қозып кетер қай-қайдағың,
Бөрілі байрағымдай о, баяғы!
Ұрандап жауға шапқан ата-бабам,
Ұрандап ел-жұртына бата қылған.
Әнұран бірге барып, бірге қайтар,
Елбасы әр аттанған сапарынан.
Әр сөзі, әрбір жолы ой ұқтырып,
Кеудеден орын алған ойып тұрып.
Тербелем Әнұранға, жаным балқып,
Қолымды жүрегіме қойып тұрып.
Еріксіз бас иесің дана тілге,
Ұмтылған жаңа дәуір, жаңа күнге.
Елімді мекендеген барша халық,
Шырқаса Әнұранды Ана тілде.
Шайқалмай нық тұрсын деп шаңырағым,
Өткізген ой-електен бәрі, бәрін.
Елбасы қаламының ұшы тиген,
Ұлтымның мақтанышы – Әнұраным!
Ұлы Отан – нұрлы Отаным – табынарым,
Болашақ мақсатынан мән ұғамын.
Шырқалып жатса, шіркін, салтанатпен,
Күні-түн күллі әлемде Әнұраным.
Әнұран – менің оттай Ар-намысым,
Намысым зау биіктен аңғарылсын.
Әнұран айтылғанда кеудемдегі,
Жүрегім дайын тұрар самғау үшін.



Көк байрақ



Мен осынау жердемін, жердегі
Қаламымда тағдырымның кермегі.
Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп,
Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегі.
Кермегімде – кешегімнің зәрі бар,
Өрнегімде – өмірімнің зары бар.
Боздар болса мен боздайын ботадай,
Жүрегімде аруана елдің қаны бар.
Сол қайғыны жою үшін, ғасырлық –
Арманымды алмау үшін ғасыл ғып.
Оу, кер далам сөйлесін деп биіктен,
Батыр тудың күркіреген күйіктен.
Ақын тудың ұлан-ғайыр Тұранға,
Бөрінің де көкірегін иіткен.
Олар сенің бүлдірген жоқ тіліңді,
Олар сенің солдырған жоқ гүліңді.
Содан бері жазылып сан ғазалдар,
Қирамады дейсің не дүр мазарлар.
О, туған ел – мен сен үшін шаттанып,
Һәм күйредім саған төнген ажалға әр.
Басыбайлы бөтен тұтып баламды,
Сыйлаудан да қалып мүлдем анамды.
Игере алмай иірімге кетем бе,
Деп ойлаушы ем жат билеген санамды.
Тілім, ділім – ғұрыптарым – күш, қаным,
Қайта айналып қонса рас ұшқаным.
Босағамда сүйек мүжіп төбеті,
Енді қайтып төрге озбасын дұшпаным!
Бірлігімді тапсам-дағы жоғалған,
Қайдан табам тарихымды тоналған.
Тар жатырын жарып шыққан құлдықтың,
Сәби елге сәулеңді құй о, жалған.
Кәрін қайта төкпесін деп жат әмір,
О, бабалар ұрпағыңа бата қыл.
Үмбеттерің үмітіне ер салды,
Қолың бос па, демеп жібер а, Тәңір!
Тамырынан таратылып текті сөз,
Ал, арманшыл асыл халқым көкті кез.
Көк байрақты, қыран текті қазаққа,
Күн астында қанат жаяр жетті кез!




1319180045-720.jpg
























Алмас Ахметбекұлы


Көк тудың желбірегені


Көк тудың желбірегені 
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені.

Көк тудың желбірегені 
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес,
Маған керегі 
Көк тудың желбірегені.

Көк тудың желбірегені 
Елдіктің асқақ өлеңі,
Әр жаққа тартпай, қазағым,
Бір сөзге жинал дегені.

Көк тудың желбірегені 
Бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған қазақтың
Азат отанға жете алмай
Көзінің мөлдірегені.



5_Ularbek.jpg





















Ұларбек Нұрғалымұлы


Қазақ. Ту. Сәлемдеме.


Ағамның содыр ұлы бар еді,
Алтайда қалған ауылда.
«Ерлігін» естіп отырам әлі,
Тілдессем аға-бауырға.
Мектептен қайтқан «батырлар» жолда,
Тентектігіне басатын.
Қытай балалар,
қырғиқабақ боп,
Қырылысып кеп жататын.
Қырда өскен мығым біртоға бала,
Төбелес десе түрленер.
Сол «жігіт» екен Оспан батырдың,
Рөлін сомдап жүрген ер.
Өткенде соның бір сөзін естіп,
Тоқ жүріп өтті денемде.
«Қазақстанның туы бар шәпкі,
ап келсін" -депті келерде.
Төртінші сынып оқитын бала,
Мың тәтті қиял ойында…
Келген-кеткеннен естіп жүрген ғой,
Қазақтың елі жайында.
Қилы да қилы ойларға батам,
Оңаша жерде отырып.
Мектепте өткен балалық кезді,
Қайта бір бастан кешіріп…
Қаптаған қытай балаларымен,
Тең тұрып өмір сүрмекке,
Көк туды қойып маңдай тұсына,
Айбар ғып соны жүрмек пе?!.
Илеуге түскен инелік сынды,
Тағдыры көңіл жасытар.
Көк туға қарап ұлыған рухы,
Кеңсірікті удай ашытар…
Өткеніндегі өрлігін айтсам,
Іштегі шерді қозғай ма!
Ұлы бабалар, «ұлықорғанды»,
Уыстап тұрған кез қайда?!
Алдында оның алты басы бар,
Айдаһар сұлап жатса да,
Жұмыр жүрегі құл болмай өткен,
Құдайыңыздан басқаға.
Алаң да алаң күй кешем қазір,
Не болар екен ғұмырың.
Қазақстанның туы бар шәпкі,
Сұратып жүрген құлыным!

              


                                      
4da4679343b20161c43e2096757472ba.jpg





















Қалмаханбет Мұқаметқали


Диалог


– Көңіл пердесін аштым ба түріп,
Көкжиек көрінді нұрлы?..
– Көгілдір аспанның астында тұрып,
Көтердім көгілдір Туды!

– Кезген бір тылсым Даланы мәңгі,
Кие боп кеудеме енді ме?
– Көгілдір туға оранып алды,
Күн күліп сәулеленді де!

– Керуен жолдан мың адасыпты,
Көнерген жылдар аңсар боп...
– Көзұшындағы Қыран да асықты,
Көгілдір туға қонсам деп!

– Көңіл пердесін аштым ба түріп,
Көкжиек көрінді нұрлы?..
– Көгілдір аспанның астында тұрып,
Көтердім көгілдір Туды!

(Көркем бір бейне кетер деп үнсіз,
Көкіректе әуен үздікті...)
– Көгілдір туды көтерген... кімсіз?
– Тәуелсіздікпін!!!


 


10473407_608287829286414_1473722308580580143_n.jpg                                    


Олжас Қасым



Ту деген не?


 

Бала болдым мән іздеген өмірден,

Қайран жүрек ол кездері не білген?

«Ту деген не?» деп сұрадым әкемнен,

Дәл сол жылы тоғыз жаста едім мен.

 

Жанарынан сырғытқандай сәл мұңды,

Көңілінде өткен уақыт жаңғырды.

«Көбі туды шүберек деп ойлайды,

Ту дегенің тарих»,- деді тағдырлы.

 

Жүрегімде жүйткігендей бір ағын,

Әзір тұрды тағы менің сұрағым.

Қиялыма ерік беріп бірауық,

«Туды кімдер жасайды?» деп сұрадым.

 

Әкем сонда бала сынды шаттанып,

Айтқан еді құпиясын ақтарып,

«Ар мен төрден табылатын бұл туды,

Қан мен терден жасадық»,- деп шаттанып.

 

Мына жауап жігер беріп жаныма,

Тәубе етумен өз елімнің барына.

«Туды кімдер ұстайды?» деп тосыннан,

Әкешіме сауал қойдым тағы да.

 

«Балам менің деді әкешім бері қара,

Алдыңда бар айналайын жол дара,

Ұстамайды кез-келгені бұл туды,

Туды ұстайды рухы биік ел ғана».

 

Қарсы алдымнан шақырғандай бір міндет,

Байрағыма көз тоқтатып тұрдым көп.

Сәлден кейін мазалады әкемді,

Неге тудың көк болғанын білгім кеп.

 

Ардақты әкем сөзін толғап дастандай,

Еңсе тіктеп, тұрды алдымда асқардай.

«Көк ту сенің көк аспаның емес пе?

Сен де биік болғын!»,- деді аспандай.

 

Осы сөзбен келешекке талпындым,

Шақырады арманыма жарқын күн.

Жоғалмайтын жыры болам ұлтымның,

Ту көтерер ұлы болам халқымның!!!



adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар