Бүгін Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуына орай «Көркем шығармадағы тарихи шындық» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл басқосу Елбасының тапсырмасымен биыл кең көлемде аталып өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналды.
Алқалы жиынға Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері – Қ.Мұхамедқалиев, Н.Айтұлы, ғалымдар С.Қасқабасов, Қ.Салғараұлы, сондай-ақ, ҚР Парламентінің депутаттары, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері және жазушының немересі Мағжан Есенберлин қатысты. І Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы – қазақ халқының мүмкіндіктеріне шек келтірушілерге қарсылықтан туған реакция нәтижесі. Дөңгелек үстелге қатысушы қонақтар шығармадағы тарихи шындық жайын сөз етті.
Мағжан Есенберлин: – Менің атам тарихи романдар жазып, атын әлемге қалдырған қаламгер. Алғашында атам әдебиетке келер алдындағы шығармашылық ізденісін ақындықтан бастаған. Сол үшін де мен атамды құрмет тұтамын. Кезінде Кеңес үкіметі кезінде барлық әдебиетшілер қорқып жаза алмай жатқанда тарих жайлы, қазақ халқының тарихы жайлы тебірене, толғанып жазған қаламгер. Атамның шығармашылығының ішінде маған қатты ұнайтыны – «Көшпенділері» мен «Алтын Ордасы». Қазіргі таңда артында қалған мұрасымен жастарды кеңінен таныстырып, кеңінен насихаттау үшін аз таралыммен шыққан еңбектерінің таралымын көбейтіп басып, басқа да шығармаларын кітап етіп шығарып, көркемфильмдер түсіріп насихаттау керек деп ойлаймын. Мен дүниеге келгеннен кейін 1 жылдан соң яғни 1983 жылы атам мірден өтті. Ол кезде мен тіпті есімді де білмеймін. Ата-анамның айтуынша атам мені үнемі құндақталған күйімде көтеріп жүреді екен. Кезінде атамның қызметтік көлігі болса да Алматы көшелерін жаяу жүріп аралағанды ұнатады екен.
Құпыпия Алпысбаев: – Қазақ хандығының тарихы Ілияс Есенберлин есімімен тығыз байланысты. Бұрын қазақ тарихының шынайы келбетін жазудың мүмкіндіктері болған жоқ. Сол жағдайда ұлттық рухты, ұлттық болмысты халық санасына сіңірген ол Ілияс Есенберлин. Сол кезеңнен бергі жағдайдың бәрі қаламгер шығармашылығы арқылы беріліп отырды. Есенберлин қажырлы қайратыменен, терең біліміменен тарихты терең зерттегенінің нәтижесінде бүкіл қазақ халқының рухын көтерді. Алғаш рет қаламгердің «Қаһар» романы шыққан кезде жатақханада жарыса оқушы едік. Кітап қанша таралыммен шықса да дүкенддерде бірден сатылып кететін.
Сол сәттерде «Қаһардың» ауылдағы қойшының қонышында, қалада студенттердің қолында жүретін таптырмас еңбек екеніне көзіміз жетті. Сол кезден бастап біздің тарихқа деген көзқарасымыз өзгерді. Әдеби ортада да әдеби көзқарас өзгере бастады. Ілияс Есенберлин жазған «Көшпенділер» трилогиясының басы осы Қазақ хандығының тарихы болатын. Халық санасында ұлттық рухты орнықтыруға үлкен ықпалын тигізген шығарма деп айтар едім.
Сейіт Қасқабасов: – Биыл аталып өтілетін мерекелер өте көп. Соның ішінде ең маңыздылары, ең қымбаты – ол Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы және заңғар жазушымыз Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойы. Тарихи шығармаларға қалам тербеген Ілияс Есенберлин әдебиетімізде қазақ романдарын, қазақ прозасын биікке көтерген тұлға. 14 ғасыр мен 19 ғасыр аралығын 5 ғасырды түгел қамтыған трилогия бұл қазақ халқының қалай дүниеге келіп, қалай өсіп, дамығанын қамтыған. Керей мен Жәнібектен бастап кешегі Кенесарыға дейінгі тарихты сөйлеткен үлкен эпопея. Біздің ұлттың, әсіресе Кеңес кезінде ұлттық санамыздың оянуына тікелей қатысын, әсерін тигізген шығарма. Біздің Желтоқсан оқиғасы тарихта тегіннен тегін болған жоқ. 1960 жылдардан бері тарихи романдар көріне бастады. М.Мағауиннің «Аласапыраны», Ә.Кекілбаевтың «Елең-алаңы», Ә.Нұршайықовтың «Қан мен тері» қазақ санасын оятты. Шындап келгенде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі осы шығармалардың әсерінен пайда болған деп айтар едім. Міне, сол шығармалардың әсерінен, түрлі жеңілістерден кейінгі жеңістердің ықпалымен біздер бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткізіп отырмыз. Халықтың өткені көптеген тарихи романға таусылмас деректеме береді. Ол - бүгінгі тұстастарымыздың түсінігі мен танымының тарихи қалыптасу сипатын көрсететін жәй. Кеңестік дәуірде дүниеге келген тарихи роман бүгінгі таңда өзгеше және байсалды, тереңірек үңілуді талап етеді. Ол бабалар тұлғасын пайымдап, ұмытылмас бейнесін, лайықты ерлік істерін -салыстыруға мүмкіндік береді, қазіргі және болашақ ұрпақтарды '' тәрбиелеу үшін қызмет етіп өмір сүреді. Тарихи тақырыпты игерудегі көркемдік сипаттың бірі де осы.
аdebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін
редакцияның
немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме
берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас
құқықтар
туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның
көзқарасын білдірмейді.