Лев Толстой мен Владимир Чертковтың достығы туралы

Лев Толстой мен Владимир Чертковтың арасындағы қатынастар мен олардың достығы туралы бірнеше негізгі монографиялар мен іргелі жинақтар шықты, олар толығымен кемеңгер жазушы мен оның басты пікірлесінің қарым-қатынастарына арналған. Лев Толстой мен Владимир Чертковтың хат алмасулары және Толстойдың әдеби мұрасы төңірегіндегі дауларды зерттеген итальяндық зерттеуші Роберто де Джорджи 2012 жылы жарық көрген «Бір құштарлық тарихы» кітабында: «Егер Чертковтың құштарлығы болмаса, Лев Толстойдың толық шығармалары жинағының (1928-1958) болмауы да мүмкін еді», - дейді. 

37

Лев Толстой мен  Владимир Чертковтың достығы туралы - adebiportal.kz

Лев Толстойдың өмірінің соңғы отыз жылында досы, пікірлесі және көмекшісі болған Владимир Григорьевич Чертков туралы орыс баспасөзінің бетінде осы күнге дейін әртүрлі пікірталастар тоқтаған емес. 

В. Чертковты қолдаушылар: Владимир Чертков Лев Толстой мұрасының адал қамқоршысы болды, мұрасының сақталуына, жүйеленуіне және Лев Толстойдың шығармаларының толық жинағының шығуына зор еңбек сіңірді, ол өзіне пайда іздемеді десе; В.Чертковқа қарсылар: Владимир Чертков Лев Толстойдың мұрасына жалғыз өзі иелік етті, жазушы отбасында алауыздық туғызды және Лев Толстойды жұбайы Софья Андреевнаға қарсы қойды, ал кемеңгер жазушының замандастары мен туыстары Владимир Чертков Лев Толстойдың еркін өзіне бағындырды деп айыптайды.

Лев Толстой мен Владимир Чертковтың арасындағы қатынастар мен олардың достығы туралы бірнеше негізгі монографиялар мен іргелі жинақтар шықты, олар толығымен кемеңгер жазушы мен оның басты пікірлесінің қарым-қатынастарына арналған. Лев Толстой мен Владимир Чертковтың хат алмасулары және Толстойдың әдеби мұрасы төңірегіндегі дауларды зерттеген итальяндық зерттеуші Роберто де Джорджи 2012 жылы жарық көрген «Бір құштарлық тарихы» кітабында: «Егер Чертковтың құштарлығы болмаса, Лев Толстойдың толық шығармалары жинағының (1928-1958) болмауы да мүмкін еді», - дейді. 

Осы ғасырдың басында Лев Толстой туралы бірнеше кітап жазып үлгерген орыс жазушысы Павел Басинский: «Лев Толстой: Жұмақтан қашу» кітабында: «Софья Андреевнаның күнделігіндегі «Не болғаны түсініксіз және ешқашанда түсініксіз болып қалады» деген сөз тіркестерімен аяқтаймын. Осылайша, мен кім кінәлі деген сұрақты ашық қалдырамын.

Уақыт өте келе, кітап шыққаннан кейін бұл жағдайды зерттей отырып, мен оның кейіпкерлеріне, мысалы, Владимир Григорьевич Чертковтың тұлғасына басқаша көзқараспен қараймын. Ол, әрине, отбасы арасында алауыздық туғызды, Толстойдың кетуінің себептерінің бірі болды, сол кезде оған берілген Толстойдың кіші қызы Саша арқылы сыпайы әрекет етіп, жазушының жасырын өсиетін дайындады. Бірақ оның да өз ақиқаты бар еді» -дейді.

 Лев Толстой: «Құдай маған ең жоғары бақыт сыйлады, ол маған Чертков секілді дос берді» 

Лев Толстойдың толық шығармалар жинағының 90 - томының соңғы 85-89 – томдары, яғни 6 томы тек қана Лев Толстой мен Владимир Чертков арасындағы 27 жылдары өзара жазған хаттарға арналған, Лев Толстой алғашқы жазған хатынан «Қымбатты достым» деп бастап соңғы хатына дейін досына деген адалдығын көресіз (Толстой сайтынан оқуға болады, автор), Лев Толстой Чертковқа 900-ге жуық хат жазған, В.Чертков Лев Толстойға 1000-нан астам хат жазған.

Лев Толстой мен Г.Чертков арасындағы хаттар олардың идеялары көзқарастары мен іскерлік қатынастарын баяндайды, Толстой Чертковқа іштей сүйсінеді, енді бірде «құдайға құлшылық қылып, адал болғанда ғана жолды табасың» деп ақыл кеңес берсе, бірде Чертковқа үйлену керегін жазады, енді бірде оның істеген істеріне ризашылығын білдіреді, енді бір хатында «Сіздің өміріңізге көңіліңіздің толмауы өмірдің жүрегіңіз талаптарына сәйкес келмеуінен, мұны мен өз басымнан өткердім, сіз бұл туралы ойлай бермеңіз, өзіңізге бұл туралы айта бермеңіз» деп жұбатады. 

Толстойтанушы зерттеушілер «Толстой мен Чертков арасындағы достық бір идеалға ұмтылған, бір-бірін терең түсінген, бірін - бірі тыңдайтын және өзара құрметтейтін адамдардың достығы болды» - дейді. 

Лев Толстойға В. Чертков ең жақын адам болған, жазушы оған кез-келген уақытта және шақырусыз келуге рұқсат берген.

Владимир Чертков 1883 жылдың қазан айының соңында Лев Толстоймен Мәскеуде танысқан. Владимир Чертков естелігінде: «Мен Толстойдың жүзінен менің жаңа көзқарастарымды шынайы бөліскен алғашқы адамды кездестірдім», - деп еске алады. 

В.Чертков Лев Толстоймен танысқан кезде жазушы мұрағатын қалыптастыруға көмектесуге ниетін білдіреді. Содан кейін ол жүйелі түрде жазушы қолжазбаларын, оның ішінде хаттарын көшіріп, бір данасын өзіне жинай бастайды, кейін жазушының күнделіктерін сақтауды да өзінің мойнына алады.

Владимир Григорьевич Чертков 1854 жылы 22 қазан Санкт-Петербург қаласында туған, 1936 жылғы 9 қарашада Москва қаласында қайтыс болған. 

В. Чертковтың әкесі Григорий Иванович (1828-1884 жылдары өмір сүрген) Николай I патша кезінде адъютант және Александр II мен Александр III кезінде генерал-адъютант, дивизия командиріне дейін өскен. Анасы Елизавета Ивановна (тумасынан графиня Чернышева-Кругликова, 1832-1922 жылдары өмір сүрген) патшайым Мария Федоровнаның ерекше ықыласына бөленген, Чертковтың әке шешесі патша әулетіне жақын адамдар болған, сондай-ақ Чертковтар әулеті бай дәулетті Строгановтар мен Шуваловтармен тығыз араласқан.

Лев Толстойдың бағыттауымен Владимир Чертков жазушының әдеби көркем және адамгершілік идеяларын насихаттауға бағытталған шығармаларын қарапайым халыққа қол жетімді болу мақсатында 1885 жылы «Посредник» баспасын құрады. 

В.Чертков Лев Толстойдың ықпалымен 1890 жылы әскери қызметтен бас тартқан духоборларды қудалауға қарсы материалдарды жинайды және қоғамның назарын аталған топқа аударады, Билік В. Чертковтың бұл әрекетіне наразы болған, Владимир Чертковты Англияға жер аударады.

Владимир Чертковтың отбасы және анасымен Англияда 10 жылдан астам уақыт өмір сүреді, Лев Толстой В.Чертковтың анасының алдында кінәлі сезінеді, бірнеше рет анасымен сөйлеседі, В.Черковтың отбасына қамқорлық жасайды. Владимир Чертков Лондонда «Свободное слово» баспасын және «The Free Age Press» баспа фирмасын құрады. Осы кезде Лев Толстой Ресейде тыйым салған шығармаларының қолжазбаларын В.Чертковқа жіберіп тұрған және В.Чертковқа өзінің қалауы бойынша оларды тәржімелеген, иелік етуге рұқсат берген. В. Чертковтың ағылшын тілін жетікбілген және Англия жоғары ақсүйектері арасындағы байланыстары Толстой еңбектерінің жариялануына және танылуына көп ықпалын тигізеді.

В.Чертков Лев Толстойдың шіркеуді сынайтын, патшалық автократия туралы, әлеуметтік-саяси ахуалға қарсы, адамгершілік пен моральдық мәселелерге қатысты Лев Толстойдың тыйым салынған шығармаларын жариялайды: «Ойланыңыздар» (1904), «Ресейдегі қоғамдық қозғалыс туралы» (1905), «Еңбекші халыққа не керек?» (1905) басылып халыққа таратылды. «Өлім жазасы және христианство» (1909), «Зорлық заңы және сүйіспеншілік заңы» (1909), «Бір ғана құрал» (1901) атты еңбектері Берлин қаласында жарияланды, Лев Толстойдың «Арылу» («Исповедь») туындысы да алғаш рет Женева қаласында М.К.Элпидин баспасында 1900 жылы жарық көрді. 

Протоиерей, теолог және тарихшы, Лев Толстойды діни ойшыл ретінде қарастырған Георгий Орехановтың айтуынша: «Лев Толстойдың Ресей мен Еуропаның қоғамдық пікірін білдіруші ретіндегі имиджін қалыптастыруда Владимир Чертковтың ролі «ерекше» еді, «Толстойдың мемлекеттік және шіркеу билігіне қарсы күрестегі рөлін, оның идеяларын, әрдайым құбылып тұратын, бұрқыраған әрі тұрақсыз ізденістегі, ештеңеге қанағаттанбайтын жазушының көзқарастарына» В.Чертков ілімдік сипат берді және жеткілікті дәрежеде саясаттандырды» дейді.

В. Чертков 1900-1906 жылдары Англиядағы Кристчерч маңындағы Tuckton House вилласында Лев Толстойдың қолжазбаларын сақтау үшін жабдықталған қойма мұрағат салады, онда көптеген құнды материалдарды жинады, В. Чертков революциядан кейін өзінің жинаған мұрағатын Ресейге қайтарады. 

Лев Толстой өзінің туындыларын қоғамның игілігіне айналдыруды көздеді, алайда Ресей заңдары бойынша мұрагерлерсіз өсиет заңды күшіне ие болмайтын, сондықтанда жазушының соңғы еркіне және өсиетіне сәйкес оның барлық жазғандары Толстойдың кіші қызы Александраға (Сашаға) толық иелік етуге ресми өсиет етілді, Лев Толстой ресми өсиетінің түсіндірме жазбасында В. Чертковқа ол қайтыс болғаннан кейін «Жазған шығармаларын қайта қарауға және қажетті нәрселерді жариялауға» өсиет етеді. Жазушының кенже қызы Александра Львовна мұрагерлік құқығын пайдаланып, 1911-1912 жылдары «Лев Николаевич Толстойдың қайтыс болғаннан кейінгі көркем шығармаларын» шығарды, оған әкесінің бұрын жарияланбаған шығармалары кірді, бұл басылымның редакторы В. Чертков болды.

Л.Толстой мен В. Чертков. Фотосурет ашық ғаламтор көзінен алынды.

1918-1919 жылдары Лев Толстойдың толық шығармалар жинағының мемлекеттік басылымы туралы мәселе көтерілгенде Оқу-ағарту халық комиссары Анатолий Луначарскийдің басшылығымен Владимир Чертков тікелей басылым құрылымын әзірлеуді бастайды. 1928 жылы жарық көрген Лев Толстой шығармалар жинағының бірінші томына қол қояды, алғы сөзін жазады, өмірінің соңына дейін академиялық жинақтың бас редакторы қызметін атқарды, В. Чертков қайтыс болғаннан кейін 1958 жылы Толстой жинағының тоқсаныншы томы жарық көрді.

Владимир Чертков революцияға дейін де және одан кейін де Ресейде жоғары билік өкілдерімен және революционер большевиктер: В.Д.Бонч-Бруевич, А.Луначарскийлермен жақын қарым-қатынастары Лев Толстойдың шығармаларының үздіксіз басылуына және таралуына мүмкіндік берді. В.Чертковтың революциядан кейін В.Ленинмен кездесуі, Толстойдың қызы Александраның түрмеден шығарылуы, Ясная Поляна мүлкін Толстой мұражайына беру туралы декреттің шығуы В.Чертковтың қатысуынсыз болмаса керек, И. Сталинге «толстойшылдарды» қудалау жылдарында В.Чертковтың жазған хатына қарап, зерттеушілер оның «ар-ұяты бар адам екенін және оның батылдығының дәлелі», - дейді. 

Жоғары да айтылғандар В. Чертковтың Лев Толстой мұрасына ие болып қалғанын және жеке өзінің жеке дара иелік еткенін анық көрсетеді. В.Чертков Лев Толстойдың ресми өсиетіндегі түсіндірме жазбасындағы соңғы өсиетін орындады, кемеңгер жазушының барлық басылған және басылмаған жазбаларын өз қолына біріктіріп, барлық қолжазба материалдарды ретке келтірді және оны бүкіл әлемнің ортақ игілігіне айналдырды.

Лев Толстой көзі тірісінде Владимир Чертков туралы: «Құдай маған ең жоғары бақыт сыйлады, ол маған Чертков секілді дос берді» деп ризашылығын білдірді. 

Лев Толстой мұрасы үшін күрес. Владимир Чертковтың «Толстойдың кетуі» естелігі

Лев Толстойдың 1910 жылғы 10 шілде айындағы жасырын өсиеті Лев Толстой мен Софья Андреевна арасындағы жанжалдардың соңғы нүктесі болды.

Софья Андреевна Лев Толстойдың қоғамның пайдасына авторлық құқықтан бас тартуына үзілді-кесілді қарсы шықты. Ол авторлық құқықтың балалары мен немерелерінің өмірін қамтамасыз ету үшін сақтауға тырысты, отбасының материалдық мүдделерін қорғады, Лев Толстойдың әдеби қызметінің бірінші және ішінара екінші жартысындағы барлық қолжазбаларды өзінің жеке меншігін құрайтынын дәлелдеді. Бұл жанжал Сенатқа, ал Софья Андреевна мен оның жақтастары тарапынан тіпті Николай II-ге дейін жетті. 

Софья Андреевна В.Г. Чертковқа жеккөрінішін жасырмады, отбасының өміріне араласты деп айыптады, алайда Лев Толстой мен Владимир Чертковтың қарым-қатынастарына кедергі бола алмады.

Лев Толстой сол күндері: «Мен мұны көтере алмаймын!», «Олар мені тіліп жатыр», «Мен Софья Андреевнаны жек көремін», - деп күнделігіне жазады. Лев Толстой отбасында қалыптасқан мұндай ауыр жағдайға төтеп бере алмады, әйелінің тарапынан туған жанжалдар мен шабуылдарға қарсы тұра алмады, үйінен кетуге шешім қабылдайды. 

Владимир Чертков 1922 жылы «Толстойдың кетуі» естелігін жариялады, жазушының жұбайы Софья Андреевна қайтыс болғаннан үш жылдан соң жарық көрген бұл естелік Толстойдың Ясная Полянадағы отбасылық үйінен біржола кетіп, көп ұзамай Астапово теміржол станциясында қайтыс болуының себептерін жазды. 

В. Чертков Лев Толстойдың Ясная Полянадан кетуі ойланбаған немесе ақылсыз қабылданған шешім емес екенін, көптеген жылдар бойы рухани қажеттілік ретінде жетіліп піскен шешім екендігін дәлелдеп жазады. Лев Толстойдың өсиетіне және авторлық құқық мәселелерден туындаған жанжалдар мен келіспеушіліктерді жазды, ерлі-зайыптылардың жеке күнделіктерінің жазбаларынан, Толстойдың жеке хаттарынан, жақындарының жазбаларынан үзінділер жариялады.

1910 жылы Толстойдың үйден қашуы және тез қайтыс болуы Софья Андреевнаның денсаулығын нашарлатып жіберді. Осы уақыттан бастап Л.Толстойдың шығармалары басып шығару тоқтап қалды. Біраздан соң Софья Андреевна Лев Толстойдың басылымдарын қайта қолға алып, жаңа туындылармен қамтып және күнделіктері мен хаттарынан үзінділерді қосып шығара бастайды. Басылымдардың көлемі біртіндеп өседі, Софья Андреевна шығарған шығармалар жинағы 20 томды құрады. 

«Владимир Чертков пен Софья Андреевна өздерінше Лев Николаевичті жақсы көрді, екеуі де Толстойға өздерінің саналы өмірлерін арнады, екеуінің де Толстойдан басқа өмірлері болған емес. Бұған Толстой кінәлі ме еді? Олар үшін тым үлкен болғанына кінәлі ме?» - дейді Павел Басинский. 

Софья Андреевна өмірінің соңғы жылдарында: «Бүкіл әлем Толстойдың ұлылығына тағзым етеді, оны құрметтейді, оқиды. Бірақ Толстойды тамақтандыру керек емес пе еді, оған көйлек, шалбар тігу керек емес пе, ал Толстой ауырған кезде, біреу оны қарауы керек емес пе ...», - деп келеді де «Мен бар жанымен Лев Николаевичтің ізгі ниеттерін түсінсем де, отбасы мүддесі, оның тірлігінің қамы басты еді....», - деп мойындады. 

Софья Андреевна 1919 жылы 4 қарашада қайтыс болды, Ясная Поляна оңтүстігінен екі шақырым жердегі Николо-Кочаков шіркеуінің жанындағы Толстойлар отбасылық зиратында жерленді, қызы Татьяна естеліктерінде: «Менің анам әкемнен кейін тоғыз жыл өмір сүрді, балалары мен немерелері ортасында қайтыс болды. Ол қайтыс боларын сезді, тағдырдың жазғанына көніп, тыныш қайтыс болды» деп еске алады.

«Менің өмірім» өмірбаяндық кітабында Софья Андреевна: «Лев Николаевич Чертковты қатты ұнатты, сондықтан ол оны өмірінің соңына дейін жақсы көрді, Лев Николаевич Чертков жазған және ойлаған барлық нәрсеге шын жүректен, терең құрметпен қарады», - деп еске алды, бұл Софья Андреевнаның Лев Толстойдың адал досына және сүйікті шәкіртіне берген объективті бағасы еді.

 Салауат Кәрім

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan