(психологиялық этюд)
«Өмірі өзінің туындыларымен сәйкес келмейтін,
үндес шықпайтын жандарды ерекше жек көремін» .
(Роберт Шуман)
«Еркек деген ел жайын ойлаушы еді...»
(Тыныштықбек Әбдікәкімұлы)
Лев Толстой өзінің «Тәубе» («Исповедь») деп аталатын еңбегінде «Біз адамзаттың игілігі үшін мейлінше жиі-жиі айтуға, тез-тез жазуға, толассыз басып тарата беруге тиіспіз деген сенімде болдық. Бірақ өзіміздің ештеңені білмейтінімізді аңғара алмадық. Қарапайым ғана жақсылық пен жамандықтың айырмасын ұқпасақ та, басқаларды ұдайы үйретумен болдық...» деген тосын бір ой айтады.
Толстойдың осы тәубе түсінігінен шығады ғой. Бұл аз ғана арзу сөздің жазылуына өзім ерекше қадірлейтін ағам, әдебиеттанушы-ғалым, интеллектуал, эссеист Мақсат Тәж-Мұраттың ілгеріде фейсбук желісіне жариялаған «Арылу күні» деген шағын жазбасы себепкер болды. Жанымның ұдайы түкпірінде жүріп, жиі-жиі бас көтеретін мұндай мазалы сұрақтар менің де ақ қағаз алдында арылуыма қадам жасаған аз-кем талпынысым еді.
Адамның ар алдында арылуы дегенде 1980 жылдары жарыққа шыққан грузин режиссері Тенгиз Абуладзенің «Покаяние» (Арылу) фильмі есіме түседі. Фильмнің қысқаша ғана оқиға желісі былайша өрбиді. Грузиннің үлкен бір шаһарының әкімі Варлам Аравидзе кенеттен қайтыс болып, оның денесі жер қойынына табысталады. Жерлеген күннің ертесінде оның табытқа салынған денесі перзенті Авельдің үйінің есігінің алдында тұрады. Жанұшыра қорыққан Авель әкесінің тәнін қайтадан жер қойнына тапсырады. Ең сұмдығы сол, бұл оқиға бірнеше мәрте осылайша қайталана береді. Фильм осы арқылы адам жасаған қиянат пен қателікке іштей жауап іздейді. Міне, режиссер шешімінің айтпақ ойы да осы-тұғын.

Ер мен елдің есімі қашанда пар айтылады ғой. Бұлай болуының өзіндік себептері де болса керек. Кешегі 1986 жылы қанды алаңда «ақырып теңдік сұраған» қазақ жастарының ар жағында өзге де ерлік жорықтарын жіпке тізбегенде І. Есенберлиннің «Қаһары» мен М.Мағауиннің «Аласапыран» шығармалары әлгі өрімдей жастарға өз әсерін тигізбеді деп айтуға кімнің жүрегі дауалар дейсіз. Ал Есенғалидың «Еркек» деген өлеңін оқығанда еңсең тіктеліп, ерекше бір серпіліп қаласың.
«Тасырқағанда тас жауған,
Тау болды ұйықтар айлағым.
Қасқырдан анау,
Қас жаудан
Тартып ап апан жайладым.
...Батырша күліп түрегеп,
Отырдым жылап ақынша.
Жанымды тостым «міне» деп,
Жолбарыс-тағдыр атылса.
Қасқайып өстім шыңымда
Қара да беріш қайың боп.
Ендігі қалған ғұмырда,
Езілетұғын жайым жоқ.
Ақыры барып жатам бір,
Сен айтпа маған тамұқты.
Тапқан екенсің, а, тағдыр,
Талқыңа көнер ғаріпті...».
Хош... Әдебиет пен өнердегі ерлік пен рух мәселесі дегенде, мына бір жай еріксіз есіме оралады. Басқаны қайдам, дәл өз басыма тоқсаныншы жылдардың аяғы мен екі мыңыншы жылдардың басындағы рухани деградациядан үгіліп кетпеуге Бекболат Тілеуханың қобыздың қос қылына қосып аңыратқан жыраулар поэзиясындағы рухтың көп көмегі болды. Адам басында алуан түрлі жағдайлар болып жатады ғой. Әсіресе тоқсаныншы жылдардың тоқырауы кімге де болсын еш оңай соққан жоқ. Рас, не қиындықтан болсын еш еңкеймедік, езіліп кетпедік. Керісінше сол кезеңдерде көрген құқай мен шеккен қиындықтардың бәрі әлгі ән арқылы қайралған пышақтай жарқылдап қаныма жігер мен рух болып құйылды десем артық айтпаған болар едім. Әрине, айта берсек әңгіме көп. Осы орайда ер азаматтың намысы мен рухы дегенде мақаланың тұздығы үшін мына бір мысалға сәл ғана тарихи шегініс жасай кетсем деймін.
...Әлхисса, сонау қиырдағы Қоқан хандығы дегенде бұл деректің оқиға сорабы бәріңізге мәлім болар. 1810 жылы Әлім ханның орнына келген Омар хан 1818 жылы өзін Әмір ул-мүсілім (мұсылмандардың билеушісімін) деп жариялаған еді. Қысқасы, қазақты қан қақсатқан қоқандықтар лаңы осы Омар ханның есімімен етене байланысып жатыр. Омардың кезеңінде Қоқан хандығының территориясы біршама ұлғайып, біздің Шымкент, Сайрам, Әулиеата қалалары да осы Қоқан хандығының құрамына енеді. Бір ғана Омар емес, одан кейін де қоқан билеушілерінің қазаққа көрсеткен құқайында еш қисап болмады. Бұдан кейін 1858 жылы Құдияр хан қиянатынан әбден зәрезап болған халықтың бұрқ етіп көтерілісі басталды. Көтерілістің негізгі мотиві алым-салықтың шектен тыс күшеюі еді. Мысалы, қоқан билеушілері әрбір жүз қойдан – 7 сом, ал әр бас ірі қара малдан – 2 сом, бұзаудан – 1 сом, түйеден – 3 сом, ботадан – 2 сом, тіпті тұрмысқа шықпаған қыз бен жесір әйелдің қара басына 20 сомнан салық салып отырды.

Енді бұдан да сорақысын айтайын. Қоқан билеушілерінің әбден шектен шыққандығы сондай, ол салықты төлемеген жағдайда олардың өрімдей жас балаларын күштеп тартып алуға дейін барды. Осы аталған оқиғаны ауыз әдебиетінің алыбы Мәшһүр-Жүсіп Көпеев былай деп қағазға түсіреді (Енді сол жазбаны барынша қысқартпай беруге тырысайын).

«Ақжалау барда малым бар деме, Ғазірейіл барда жаным бар деме» деп мақал болған осы айтылған Бұхара, Қоқан хандарының заманы еді. Бұлардың өзіне қараған көшпелі жұртқа қылатұғын ісі зекетші шығарып, зекет алдырушы еді. Сонда қазақтың қызынан да зекет алды.
Бұлар «Мал есебінде күйеуге беріп, қанша мал алады» деп, жолын тосып тұрып, малын құрттай санап, қалың малы «қырық жеті мал» деп, сол есеппен қыздан зекет ала бастаған соң, қазақ бойжеткен қызға қатын киімін кигізіп, мұны сарттың зекетшілері біліп: «Қатын екенін, қыз екенін емшегінен танимыз!» деп, жаулықты әйел көрінсе, емшегін ұстап, байқап өткізетұғын болды.
Кеше Қоңырат деген елде «Көктіңұлы Сапақ» атанған кісі болды. Соның інісі Мұсабек датқаның ат арқасына мінген күнінде Қоңырат деген елдің көшін шұбыртып санап, әлгі айтылған істі зекетшілер қылып тұрғанда, түйе жетектеген бір бәйбіше қатын Мұсабекке ұрысты:
– Ай, сен, жаман Мұсабек би, сен бері кел! – дейді.
– Бастапқы ханның тұсында арғымақ міндік ноқталап, соңғы ханның тұсында шәрке бір кидік соқталап! – деген осы екен-ау! Кеше сенің ағаң Сапақ үйінде отырып, Бұхара мен Қоқанның хандарына айтқанын қылдырушы еді. Соның шыққан жерінен сен де шықтың ғой! Сенің тұсыңда көрген күніміз мынау болса, қартайған күнімізде қыз-келіншек орнында болып, құрып, суалып қалған емшегімізді әр сартқа бір уқалатып қойғаның! Сені тапқан қатын ит те: «Ұл таптым!» деп қуанды-ау! Бүйтіп ауыртып тапқан артымның садағасы кетсін!» деп бәйбіше атын санға бір ұрып, жөнеле бергенде, Мұсабекте ес қалмады, ажар, түр қалмады.
Есі шығып кетті, үстіндегі киімін дал-дал қылып, жұлып-жұлып тастады да: – Ал, бозбала, бір күн туыппыз, бір күн өліппіз! Өлген өлген жерде, қалған қалған жерде! – деп сартқа қол қоя бастады. Сол-ақ екен, қазақ басына бір сарт қайдан табылсын?! Көбі жерді сабады. Түркістан, Ташкент, Шымкент, Сайрам – бір күннің ішінде тас-талқанын шығарып, сонда қашқан сарттар: «Алаш, Алаш деймін-ау!» деп қашады дейді. Сонан соң қайтіп қазақ ішіне зекетші шығуын қойды. Пәлі, бәйбішеге де рахмет, Мұсабекке де рахмет! Бәйбішеге қалай рахмет айтса да, айтуға тұрарлық, Мұсабектің қолынан ашуланса, осындай іс келерлігін біліп ұрысқандығында...» дейді.
Шынымды айтайын, Мәшһүрдың осы мысалы көңілімді қатты қозғап жіберді. Дүниеде сөзден ащы, сөзден қатты не болуы мүмкін.
«...Сені тапқан қатын... ұл таптым деп қуанды-ау! Бүйтіп ауыртып тапқан артымның садағасы!» сөзі жағымнан біртүрлі жанып жібергендей болды... Көпке дейін әсері еш есімнен шықпай жүрді...
***
«...Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық» дейді хакім Абай.
Міне, біз де ат жалын тартып мінген азамат шақтан өтіп, қырықтың қырқасынан асқан ел ағасына айналдық. Балалығымыздан бөлек осы отыз жылда «ер сынарлық» көп дүниелер де көз алдымызда өтті. Рас, дүниенің күнгейі мен көлеңкесі пар жүреді десек, жастық ғұмырдың ең жарқын, ең жайдарлы мезеттерін де көрдік. Жар сүйдік, одан туған сәбидің жұпар иісін жұттық. Мұны енді сүйінші сұрағандай етіп жар салып жария етпегеніміз дұрыс шығар. Өйткені бұл жеке адамның жан баласына тіс жарып айтпас өз құпиясы ғана емес пе? Ал қараша халық, ол көрген қиянат пен құқай жайына келсек, бұл енді айтылуға, талқылануға тиіс тақырып дейміз.
Ілгеріде жазғанбыз, осы орайда тағы бір мәрте қаперлеріңізге сала кетейін.
Айталық, М.Әуезов XX ғасыр басындағы қазақтың көрген құқайы мен шеккен қайғысын кейіпкері Ғазизаның басымен шендестіріп «Қорғансыздың күні» десе, мен осы бір отыз жылдық өмірімізге «Көргенсіздің күні» деп ат қойып, айдар таққан болар едім. Ең қызығы, сол көргенсіздіктің көбін біз құдайдай сенген әлгі «көсемдеріміз» жасады. Қазақты желкелеу мен тұқыртудың сан түрлі саясатын айтпағанда, егемендіктің осы отыз жылдық жылнамасында екі оқиға еліміздің ең қасіретті кезеңі ретінде тарих парағында қалды. Оның бірі «Жаңөзен» болса, екіншісі, әрине, «Қаңтар» оқиғасы еді.
Мен әлгі молдалар жиі айтатын «қылкөпірдің» о дүниеде болады деген ұғымына ешқашан иланған емеспін. Керісінше, адам баласының талапайға түскен ар мен ұжданының соты осы дүниеде өтеді дегенге риясыз сенемін.
Мұны арнайы айтып отырғаным, бір басы «Жаңазөн» екінші ұшы «Қаңтар» қиянатына байланған бұл қанды қасірет менің де ар мен ұжданымның арасына тартылған қылкөпір-тұғын.
Бөгдеге кінә артудан, «қазағым, халқым» деп ұрандатып сөйлеуден қашанда аулақпын. Қайталап айтайын, бұл менің де қиянатымның «қылкөпірі» еді.
Әрине, бұл сынақтан адам баласы аяғымен емес, арының тазалығымен ғана өтетіні белгілі. Басқаны қайдам, ат жалын тартып мінген азамат ретінде бұл сынақтан оңбай, омақаса құлағанымды мен кейін ғана түсінгендей едім.
Маған ішкі дауысым үнемі былай дейді: «Неге өзге біреулер әділет жолында жанұшыра шырылдап жатса, ал сен болсаң олардың аңдысын бағып қана бұқпантайлап отыруың керек? Неге қорқақтығың мен алаяқтығыңды ақ қағаз бетіне ақылдылық ретінде көрсетуге шеберсің? Кейін бәрі де өткеннен кейін «Ел қамын жеген Едіге» болып күңіреніп, өп-өтірік өлең жазуыңның мәнісі не? Бұл барып тұрған бетсіздік, жаннан асқан екіжүзділік емес пе?!» – дейді ұжданымның ішкі дауысы... Міне, жанымды жегідей жейтін осы бір сауалдар менің де өз жүрек ішіндегі өрті мол «тозағым» еді.
Бұрын ақсақалдар ашуланғанда «Әттең, бізді де ұрып өлтірер адам жоқ» деп қатты кейіп отыратын. Сірә, жаһаннам оты адам ұяты мен зиятының жан шыжғырған азабынан еш ауыр болмаса керек. Енді ептеп соның жайына келейін...
2011 жылдың 16 желтоқсаны. Бұл бәрімізге мәлім ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығы еді. Жиыны отызға жуық азамат осы күн үшін шейіт болған ата-бабалар рухына құран бағыштап, бір малымызды құрбандыққа шалып біздің шаңырақта атап өтіп жатқан болатынбыз. Екінті ауа бере осы берекелі отырысымызың шырқы бұзылды. Жаңаөзен жақтан жеткен жағымсыз хабар бәріміздің ұнжарғымызды түсірді де жіберді. Састық, сабырдан тайдық.
Кейін есімізді жиып ел ағаларының ұзын-сонар тізімін жасадық.
Сөйтіп жанұшыра сол кездегі жұрт алдында жүрген «сүт қаймақтарының» көбіне телефон шалдық. Сіз сұрамаңыз, мен мұны айтпай-ақ қояйын. Сондағы естіген жауабымды, сол күнгі сүркей естелігімді дәл бүгін еш есіме де алғым келмейді. Ең бастысы, өз аңғалдығымнан өзім қатты жерідім. Кімге сенгенімді, кім болғанымды сонда ғана шын түсінгендей едім...
Ағылшын ақыны Уолт Уитменнің:
«...Жазалылар кісенделген темірмен,
неге мені соттамайды,
артық еді менің нем?!
Мен де қатал,
кәрлі, малғұн түс-өңсіз,
менің неге аяқ қолым кісенсіз...?!».
Өз-өзіне осылай сұрақ қойған Уолт Уитменнің «Ей, қылмыстылар» деген Мұқағали Мақатаев тәржімалаған бұл өлеңін оқығанда менің де көкірегіме көтеріліп бір кермек келген еді.
...Бұл не деген қасірет
Ішіңді езіп көп күйік
Шымырлайды қан жүрек
Ыстық жасқа бет күйіп.
Қаза көрген қос жанар
Беріштенді қайғы алып...
...енді неге кетпедім
Топыраққа айналып!?
Әйгілі польша жазушысы Бруно Ясенский «Дүниеде дұшпаныңнан қорықпа – көп болса атып кетер. Сатқындардан қорықпа – көп болса сатып кетер. Ең бастысы, немқұрайлығыңнан қорық – олар атпайды да, сатпайды да, бірақ жер бетіндегі бүткіл зұлымдық атаулы солардың үнсіз келісімімен жасалады» деген екен ғой. Бір міні жоқ ғажайып сөз. Сол міні жоқ сөзді мен пақыр енді ғана шын бағамдап отырмын. Рас, немқұрайлығымнан еш сабақ алмаған екенмін. Бақсам, адам немқұрайлығы мен үрейі оба індетінен де жұқпалы екен. Міне, араға он бір жыл салып аталған қателік тағы да қайталанды. Төгілген қан... Денеге басылған үтік... Қорланған дауыс... Сотталған ару... Бұл шарасыздық суретші Эжен Делакураның «Барикададағы еркіндік» щедеврін еріксіз есіме түсіреді.

Иә, бұл менің де қателігім еді... Осы сүрінген жер, жіберген қателігім жайлы көп ойландым... Ойланғанда дәл осы оқиғаның жоғарыдағы Мәшһүр-Жүсіп жазған қоқан қиянатынан қандай да бір айырмашылығы бар ма деп ойладым…
Ең өкініштісі сол, көп айырмашылық таппадым. Қиянат әлімсақтан бері жалғасып келе жатқан адам табиғаты ғой. Бұл енді түсінікті. Бірақ, бір ғана айнымаған, еш бұлжымаған ұлы ерекшелікті көрдім.
Ол – ер азаматтың қашанда ел қорғаны екендігі. Ар мен ұждан тапталған жерде азаматтың алапатына мініп ақырып теңдік сұрай алатыны. Бұл Мұсабектің аспанға шапшыған асау мінезі екен.
...Ал менің мінезім ше? Иә, менің де анам ұл таптым деп қалжа жеді ғой.
Міне, мұны ойлап кетсем болғаны бір түрлі сүйегім жасып кетеді...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.