Шәйнектегі қайнап жатқан суды көргенде ойыңызға не келуі мүмкін..? Тым асыра сілтеп жауап берген күннің өзінде шәй ішетініміз дей аламыз. Сарқ-сарқ етіп қайнаған судың жаны өртеніп жатқаны немесе өзін өртеп барып діттеген мақсатын іске асырып, сізге шай қылып “өзін” ұсынатын жанкештілігі ше?!… сонда “қайнап жатқан су” - діттеген мақсатына жеткен “бақытты” су бола ма… осы секілді ойларға шомып кететін адамды - бәлкім, есінен адасқан, бәлкім қалыптан тыс сезіну қабілетіне ие адам деуіңіз ықтимал. Ал менің есіме сол қайнап жатқан судың күйі - біздің отанның бақытының күйін түсірді…
Әрі қарай қабырғаға жапсырылған ескі суреттердің қиындылары секілді “метаморфизмдік” (өзім солай атаған) өлең өлшемі жалғасын табады…
Метаморфизм - бір-біріне мүлдем қатысы жоқ қиынды ойлардың бірінен кейін бірі келуі арқылы бастапқы күйден ауысып, жаңаша таным, жаңаша сезім қалыптастыруы.
Геологияда метаморфоз (немесе қайта өзгеру) – магмалық және шөгінді жыныстардың жоғары температура, қысым немесе химиялық реакциялар сияқты факторлардың әсерінен қатты күйде минералогиялық және құрылымдық өзгеріске ұшырауы. Осы процестің нәтижесінде метаморфтық жыныстар түзіледі. Көптеген кристалдар осы жолмен пайда болып отырады…
Әдебиет пен тілдің өзгерісі – тек формалық жаңалану емес, тұтас ойдың, тіпті бір сөзге жүктелген мағынаның толықтай трансформациялануы екенін қабылдайтын кез келген секілді. Өйткені жаңармаған кез келген дүние түбі өзінің тіршілігін тоқтатады. Яғни өледі... Ал біздің басты мақсатымыз - “Тілдің бірқалыпты күйде, жеті септік пен тоғыз сөз табынның шекарасында қамалған күйі қалып қоюы емес, өз тіршілігін тоқтатпай, жаңа буынмен, жаңа ұрпақпен бірге туып, өмір сүріп, өліп, сонсоң қайта «жаңаша» пайда болып отыруы”. Бұл процестің сыртында қалу - ең қауіптісі...
Ал енді метаморфизмдік стильде жазылған бірінші өлеңге келетін болсақ, оны мен “Ол жайлы” деп атадым…
Өлеңде қайнап, жаны өртеніп жатса да, бақытты көрініп діттеген «мақсатына» жетіп барып өлетін сарқ-сарқ еткен судай немесе сабағынан кесіліп, буылып, түйіліп тұрса да, әсемдігімен тұтас әлемге “мен еркінмін” деп шыңғырғысы келетін әдепкі бір букет гүлге ұқсас отан бейнесі сипатталады… Иә... бұл - біздің отанымыз жайлы болатын…
Ал бұл отанның ұлан-ғайыр жерде атам заманнан бері тірі келуі – құдды бидайдың – нанға, ал нанның – сенімге айналғанындай ғайыптан болған дүние секілді көрінетін маған… мүмкін емес дейтін шығарсыз, бәлкім… Екеуі де - менің танымымда қиял-ғажайып ертегі іспеттес «мүмкін емес» құбылыс.
Ал сол отанның “галстук секілді мәмлешілдігі” тағы бар дерсіз…
“Қазақтарды бір галстук, бір портфель беріп жолға салсаң, сол да жетеді”,-деген сөз қалыпты Кеңес заманынан. Шетте жүріп естіп, біраз таңырқағанымызды жасырмаймыз. “Костюм кисе, өзін құдыретті сезініп кету” деген жағымсыз сипаттамаға сайып келетін мағынасы бар. Он жетінші ғасырда Француздардың Хорватиядан жалға алған әскерлері соғысып жүргенде жағасы жайылып кетпесін деп, мойнына орамал байлайтын болыпты. Осылайша уақыт өте келе бұл сәнге айналып, дамып, тіпті өнер мен өнім күйіне енген екен. Ал сол галстук менің есіме тек «мәмлешілдікті» түсіреді… мәмлешілдік болғанда да, бәріне бас шұлғи беретін мәмілешілдік…
Өлеңнің одан кейін келетін “түнгі бөлмемізде түнеп шыққан түстеріміздей қонақ болатын” деген жолы – ең тәтті тағдырымыз бен ел басындағы ең сұлу күндердің тұрақсыздығын көрсетіп, таңдайымызда ащы бір дәм қалдыруы тиіс. Тіпті санамалай берсеңіз, мекенсіздік пен мақсатсыздықтың, мінезсіздіктің дәмі – бір көрген түстей ұмыт болатын дәм.
Өлеңнің келесі шумағында “ал осы алдамшы “қонақ” (өткінші, тұрақсыз, көшпенді) мінезді отан - “мұңмен” бетпе бет келсе, өзінің жеке жалғыздығына қауышар еді ғой” деген ой келді. Сонсоң мұны бейнелеу үшін “жапырақтар қағазға, қағаздар мұңға айналғанын көрген емес” деген жолдар жазыла қойды. Бірақ дегенмен басынан қанша қиындықты, зұлымдықты өткерген отанның ішінде “бір үміт, бір “күту” сезімі болатын шығар деген ой келіп, өз пікіріме өзім былай қарсы шықтым:
“…бірақ ол-
жылдар бойы есік қоңырауына үңілген сайын
алыс-алыс жолдарға қарап отырғандай күй кешетін ылғи..”
...Сонсоң өлеңнің соңында бәрібір осы ойым басым түсті:
“Ол -
үмітімен суарған шөлді,
үмітін шөлге еккен
Менің ғазиз Отаным….”
Өлеңнің басынан бері соңғы нүктеге жеткенше ешкім де оның Отан жайлы екенін білмегенін әдейі қадағалап отырдым. Не дегенмен бір Отанға жазылған өлең – бір сүйіктіге жазылған өлеңмен тең деңгейде махаббат пен қимастық аңқуы тиіс деген пікірде едім… Метаморфизм стиліндегі өлеңнің әр тармағы қиынды ойлардан (әсіресе қиынды теңеулердер) тұратынын жазба басында ескертіп өткен едім. Әр тармақты жеке ой ретінде бағалап, “До диез минор” - яғни бүтіннің бөлшектелген кішкентай дақылдары ретінде қабылдасаңыз да, барлық қоқымдарды теріп алып, біртұтас күйде сезіне алу қабілетіне ие бола жүріп, торғайларға шашып жатырмын деп қиялдап, кеңістікке жолдасаңыз да өз еркіңіз… біз тек Құдайдан “әр адамның оқыған немесе оқып жатқан дүниесі құдды қанттың суды құшырлана жұтқандығына ұқсап рухын кемірсін” деп тілейміз және өз санамызды метаморфизмдік түйсікке негіздей отырып жазылған төмендегі өлеңмен тәмамдағым келеді.
А Dieu…!
«Ол жайлы»
Ол..
қайнап жатқан су сынды бақытты, әсемделген букет сынды бейбіт,
бидай нанға, нан сенімге айналғанындай ғайып,
галстук секілді мәмлешіл
және..
түнгі бөлмемізге түнеп шыққан түстердей қонақ болатын..
жапырақтар қағазға, қағаздар мұңға айналғанын көрген емес
Бірақ, ол..
жылдар бойы есік қоңырауына үңілген сайын
алыс алыс жолдарға қарап отырғандай күй кешетін ылғи.
Ол -
Үмітімен суарған шөлді,
Үмітін шөлге еккен,
Менің ғазиз Отаным!
Қаратеңіз, 11 маусым 2025 жыл
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.