(әңгіме)
Ойлап көрсе өмірінің үштен бірі өтіпті. Енді оған модель болу керек, қаладағы әйгілі Модель жасаушы сұлу әйелге барды. Солайша оның ендігі Модельдік ғұмыры басталды. Кейде даңғаза супермаркеттің көшеге қараған жақ дауалындағы әйнек шкафта тұрады, кейде ағаш сияқты икемсіз аяқтарын кезектестіріп қинала басып әлдеқайда кетіп бара жатады, ал кейде әлде кімдердің қолтығында көлденеңнен қысылып кетіп бар жатқаны. Өзін жеп-жеңіл сезінеді.
Өмірінің ендігі кезеңдерін осылай өткізді. Міне ақыры Модельге жарамайтын күн де келді. Ол баяғысындай сірескен аяқтарын жамбасының күшімен қоқырайтып басып қаланың сыртына шықты. Қаланың сырты жап-жасыл төбешіктер болатын. Екі төбешіктің арасынан кәдімгідей өзенше жылтырап ағып жатыр екен, сол өзенше бастау алған төбешіктің ортаң беліндегі жарлауытқа келіп жайғасты. Бетін әдейі қалаға қаратып отырды, мұнда да сырласа қояр ешкім жоқ, сөйлеуінің де қажеті жоқ. Сол мелшиген қалпы қалаға қарап отырды да қойды. Бастапқыда оның күнге шағылысып жатқан сарғылт реңді полиэстер аяқтарына шыбындар келіп қонып жыбырлататын, бірақ оларды ешқашан үркітіп аяғын қозғалтып көрмеді. Арада шамасы ғасырлар өтті-ау деймін, бұл жағы оған беймәлім, білетіні, жасыл төбешіктер күнге күйіп жаппай қоңырқай түске енді. Өзенше суалды. Оның аяқтары да тұтас сирағымен қоңырқай түске енді. Ол сол мелшиген қалпы қалаға қарап отыра берді.
Бұл күні бір ұл бала өзеншенің оған таяу құрып қалған арнасына келіп балшық илеп ойнады. Иә, бұл оның да балалық шағындағы ұнататын ойыны болатын. Бала жанына келіп қонған торғайдың үстіне балшық жаға бастады. Бұл қылыққа төзбеді, ақыры неше ғасыр үнсіздікті бұзып балаға тоқтат! деп айғайлап жіберді. Бала селк етіп бері қарап оны көрді, қадала бір сәт қарады. Тамақтың ар жағынан құмығыңқырап шыққан бөгде дауыстың қалайда онан шыққанын тұспалдады. Сосын жағалап жанына келіп, сен кімсің деп сұрады. Ол үнсіз. Бала қалтасынан телефонын алып шығып интернеттен оны кім жасағанын тексеріп тауып шықты да, әлдекімге телефон шалды. Ет пісірімнен кейін олардың жанында баяғы Модель жасаушы сұлу әйел пайда болды. Қартайған, езуі мен көзінің жиектерін әжім торлаған, десе де сыны қашпаған, сол сындарлы қалпы, безенуі мен киінісі кезіндегі салтанатын аңдатып тұр. Баяғысындай тәкаппар, бірақ жылы күліп қарайды. Сол жылы күлген күйі, тіпті, елжіреген жақындықпен оған қарай түседі. Бұл қоңырайып отырған қалпы, бағанағы құмығыңқы үнмен «Мақсатың не?» деп сұрап қалды.
Оралхан М.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.