Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЗЕРТТЕУ
/
«Насихат Қазақиядағы» Абай өлеңдерінің қандай өзге...

06.08.2025 2056

«Насихат Қазақиядағы» Абай өлеңдерінің қандай өзгешеліктері бар? 12+

«Насихат Қазақиядағы» Абай өлеңдерінің қандай өзгешеліктері бар? - adebiportal.kz

Абайтанудың алғашқы кезеңі туралы қарастырғанда есімі аталатын тұлғалардың бірі – Зейнелғабиден Әміреұлы (Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи). 

Өз дәуірінің ірі діни ағартушысы, жаңашыл ұстаз, публицист қаламгер Зейнелғабиден Әміреұлы 1881 жылы қазіргі Ресей Федерациясының Омбы облысы, Москален ауданындағы Саға ауылында өмірге келіп, 1920 жылы қазіргі Қазақстанның Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы, Дәуіт станциясы маңындағы Сиыршы ауылында мәңгілік тыныс тапқан. Омбы айналасынан осы өңірге дейінгі ұланғайыр өлкені ежелден мекендеген төменгі төрт қарауылдың бірі жауардың жуан сіңірлі әулетінен тарайды. Әкесі Әміре қажы – ел-жұртына беделді, дәнді-дәулетті, ел билігіне араласқан адам болыпты. Батыс Сібір теміржолын салуға мал-дәулетінен үлкен үлес қосып көмектескені себепті Ресей патшасынан арнайы сыйланған Әміре қажы Мекке-Мединеге екінші сапарында дүниеден өтеді. 

Қазақтың көптеген белгілі тұлғалары оқыған Уфадағы әйгілі «Ғалия» медресесін бітірген Зейнелғабиден Әміреұлы ата қонысы Сиыршы ауылында өз қаржысына сол замандағы заманауи мектеп ашады. Оқу қазақ және орыс тілдерінде жүргізілгендіктен орыс-қазақ мектебі деп аталған. Зейнелғабиден Әміреұлының мезгілсіз өмірден өтуіне байланысты төрт-ақ жыл жұмыс істеген осы мектептен есімі елге танымал көптеген талантты шәкірттер қанат қағып шыққан екен.

Зейнелғабиден Әміреұлы – Абайдың ақындық мұрасын алғашқылардың бірі болып баспа бетіне берген, әрі оған «жаһұт қазақ әдебиеті» деп баға беріп, жалпақ түркі әлеміне тұңғыш таныстырушылардың бірі болды.

«Насихат Қазақиялар» қандай мақсатпен жазылды?

ХХ ғасырдың басында жалпы дүние жүзінде, соның ішінде Ресей патшалығында да білім-ғылым саласында үлкен өзгерістер, жаңғырулар жүріліп жатты. Бұдан қазақтан шыққан көзі ашық, көкірегі ояу зиялылар да шет қалмай талпыныс жасап жатты. Осы кезеңде қазақ тіліндегі алғашқы басылымдар дүниеге келді. Кітаптар шығарылды. 

Дегенмен «дүниеге келді», «шығарылды» деп айту оңай болғанымен, оның артында үлкен кедергілер мен қиындықтар жатты. Бұл кезеңдегі ресейлік түркі-мұсылман жұрты үшін татар мәдениеті мен әдебиеті авангард болатын. Түркі халықтарына ортақ түсінікті жазу мен тіл, газет-журналдар, кітаптар басатын өндірістер де өз өнімдерін түрки-татарша шығарып таратты. Ғабдолла Тоқай бастаған татар ақын-жазушылары да бауырлас халықтардан шыққан қаламгерлерге үлгі болды. Мәдени, рухани, саяси-экономикалық тұрғыдағы бұл авангардтықтан татар буржуазиясы да айырылғысы келмесе керек. Зейнелғабиден Әміреұлы оқыған «Ғалия» медресесінің қазақ, татар шәкірттері арасында шығып қалып жатқан төбелестер де осы ауанда болса керек. Дегенмен «ортақ өгізден оңаша бұзау» дегенді қолай көрген бауырлас халықтар зиялылары өз тілдік ерекшелігіне сәйкес әліпбиін, әдеби тілін қалыптастыруға кірісіп жатты. Бұл тұрғыда қазақтың филолог ғалымы Ахмет Байтұрсынұлы ілгері жетістікке жеткені анық. Ахаң түзген төте жазу мен осы негізде шыққан «Қазақ» газеті – сол жетістіктің жемісі әрі заманауи қазақ тіл білімінің, әдеби тілінің  қалыптасуына негіз болды.

Өзіндік ерекшеліктеріне негізделген дербес орфографиясы, әліпбиі жоқ, түрки-татардың ортақ қазанында жүрген кезде, татар және өзге халықтар арасында: «Қазақ тілі деген – қандай тіл өзі? Әдебиеті бар ма? Бар болса кімдердің қандай дүниелері бар? Жалпы түркі тілдеріне оңашаланудың қажеті бар ма?» деген сияқты сауалдар туындағаны сөзсіз еді. Қазақ зиялылары да қарап жатпай, өз ұлты жөніндегі мәліметтерді қатыстыра отырып, қазақ тілінде кітаптар шығара бастаған. Оқырмандардың назарын аудару үшін болса керек, осы бағыттағы бірнеше кітап «Насихат Қазақия» деп аталыпты. Солардың арасында 1908 жылы Қазан қаласында «Ағайынды Кәрімовтер» баспасынан жарық көрген көкшетаулық Мұхамедсәлім Кәшімовтің «Насихат Қазақиясы» және 1909 жылы Уфадағы «Шарх» баспасынан жарық көрген Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақиясы» атты трактаттар жинағы. Екі автордың туындылары да шағын көлемді. Екі кітап та қазақтың ұлттық мәдени, рухани дербестігі бастауында тұрған, өз дәуірінің құнды еңбектері. 

Атап айтқанда Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақия» трактаттар жинағында ортақ түркілік және қазақ тілі, әдебиеті, қазақтардағы дін ахуалы, тіл тазалығы, заманауи шаруашылық жүргізу мен жергілікті басқару, жаңаша білім беруді ұйымдастыру, т.б. өзекті мәселелерді көтере отырып, олардың шешімін табу жолдары көрсетілген. Зейнелғабиден Әміреұлы өзінің алғысөзінде былай деп жазады: «Әр халықтың ілгері жүріп алға басуына себеп болған нәрсе – ғылым, өнер, мығарыф болып, соларды халыққа таратушы, білмегенін білдіріп, алысты жақын, қиынды оңайлатқан нәрсе де бұл күнгі жаңа шыққан кітап, рисалалер бүтін ғаламнан хабар беріп, миллет пайдасын күзеткен жерде уағыз етілер еді. Бұлардан әрбір халық пайдаланғанда біздің қазақ шетірек қалып тұрған секілді көрініп, сыбағамыздан әр уақыт кенже қалуымызға өкініп, неше миллион халық атынан шығарған бір газеті болмағанына қайғырып, мұнан кейін халқымыз бұл жұмысты ескеріп, әрбір адам оқып фаһымларлықтай нағыз қазақша кітаптар басылып шығара бастаса екен деп, қазақ ұранындай қазақ атына бір кішкене ғана рисале (өсиет) жазып қолдан келгенше қызмет етуді мойынға алмақшы болған едім. 

Рисалем (Өсиет) қазақ атына жазылған соң көбірек орында қазақ шеуесінде алып, бәлки нағыз қазақ тілін естімеген татар ағайындарымызға да қазақ әдебиетінен фи алжәмлә нәмуна өрнек көрсету ниетімен қасіретімді білдіріп майдан етісерге қойдым.»

Осы арада атап өтерлігі – өткен ғасырдың басында қазақ арасында біршама танымал болған бұл кітапқа да сталиндік қуғын-сүргін жылдары тыйым салынады. 1971 жылы абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы кирилл қарпіне түсіріп жариялатады. 2005 жылы ғалымның бастамасымен қайта жарық көрген. 

2014 жылы Зейнелғабиден Әміреұлының жерлес туысы, әрі төл шәкірті Сабыр Мәлікұлының баласы Тұрсынбек Мәліков ақсақал ұсынған кітапты Мекемтас Мырзахметұлының және өзге басқа кириллшеге түсірген адамдардың мәтіндерімен салыстыра отырып толықтырып түсірген болатынбыз. Және осы нұсқада Тұрсынбек Сабырұлы 2014 жылы Көкшетауда кітап құрастырып шығарған еді.

Зейнелғабиден Әміреұлы өз кітабына «жауһар қазақ жыры» деп атай отырып Асанқайғы, Төле би толғамдарының сұлбасы бар толғауды, Абайдың өлеңдері мен Сәдуақас Шорманұлының бір өлеңін енгізген. Сондықтан да  Зейнелғабиден Әміреұлы – Абай шығармашылығын түркі жұртына алғаш насихаттаушылардың бірі болып саналады. Және де «Насихат Қазақия» кітабына енген Абай өлеңдері әдеттегі академиялық жинақтарға енген мәтіндегіден біршама өзгешелікке ие екендігі де назар аударарлық дүние. Әрине бұл жөнінде бұған дейін Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов, Зарқын Тайшыбай, Досым Омаров және басқа да зерттеуші ғалымдар талдаулар жасап, өз пікір-тұжырымдарын жасағанын білеміз. 

«Әдебиет қазақия, яки, қазақтардың тіл мәнері» немесе Зейнелғабиден Әміреұлының әдебиет жайлы ой-пікірі

Тұрсынбек Сабырұлы Мәліков ақсақал кириллшеге түсіруге ұсынған «Насихат Қазақия» кітабы бір ғасырдан көп асқандықтан, кейбір беттеріндегі жазулар көмескіленгендіктен, ондағы жазуларды нақты дұрыстап оқуда біршама қиындықтар болды. Араб жазуында бір нүктенің өзі үлкен маңызға болғандықтан, қате-қағыс оқылған болуы әбден мүмкін екенін ескерген дұрыс. Автор қазақ тілі мен әдебиеті жайында былай деп жазады: «Басқа тіл араласып көп өзгерілмеген асыл түрік тілі, бір сөзден неше сөз таратуға келетін әр нәрсеге есім қойылған кеңірек лұғатты қазақ тілі деп айтуға жарайды. Әһмде сөзуарлық, астарлы, қинаялы сөздер біздің қазақта екінің бірі, егіздің сыңарынан табылды. Көз алдыңда қарасын үзетін шаһбазлары болғаны сықылды, кетпен тұяқ кемеңгерлері де болады. (Табиғи) сүйегіне біткен, самсаған сары қолда қағылмай, сөз асылын тербеп, тілінің майын ағызатын өлеңшілері де болады. Айтылмыш сөзге ұсталық әр халықта мақтаулы болғаны сықылды, өлеңшілік те құрметсіз, қадырсыз емес еді. Ғараптардың Лабидиі, орыстардың Пушкині қияметке шейін халық тілінде сөйлеп, тарихқа жазылды. 

Пайғамбарымыз да (ан ммин ал шағир хакимун уа ан мин аләбиан ласхара) деп сөз сөйлей білу мен өлең хақында керексіз, пайдасы жоқ демей, бәлки ілтифат көзімен қараған, ғибратты орында құлақ салып, өзі де тыңдап отыратын болған.

Әлхасыл бұл екі өнер басқа халықта болғаны сықылды қазақтарда да бар. Ләкин сол асылдың қадырын танып, орынымен ұстай алмай, ғылым, мағарып майымен майланбаған себепті, ілгері аттай алмай, сүрініп келе жатқандай көрінеді. Болса да болатты борға суарып, шешендеріміз сөйлер орнын біле алмай, қырымға көзін сала алмай жырымға айналып, өлеңшілеріміз де «бүркіт қартайса тышқаншыл болады» деген сықылды ән салып, аузын ашып, қайда жәрмеңке болса, сонда ойын-күлкі мәжілісінде жүріп, өз берекесін өзі алады. 

Енді милләт бақшасын ғылым, мығарыппен зияттап, ғаділетліктің сарабында шешендерімізді сөйлестіріп, өлеңшілерімізді озыстырсақ мәжілісіміз гүлді, сөзіміз бұлды болар еді.

Жалғыз-ақ сол шешендік байлаусыз, дәмсіз, көпке пайдасыз құрғақ ағымнан болмағаны сықылды, мақтаулы өлеңшілік те біреуді мақтап-қақтаумен біреуді сақтап-жақтаумен болмайды. Бәлки, шешеннің тілі, шебердің қолы ортақ болсын. Өлеңнің іші алтын, сырты күміс болып үлгі, өрнегіменен сұлу болсын.....

Мұнан кейін ортаға алып сөйлеуге, үлгі-өрнек ұрығын өрбітіп өсіруге біраз өлең жазып кәрілердің қайғысын, жастардың дертін қозғап, бұ қысқа ғана рисаледе әр жайдан бір ауыз сөз сөйлеп, сол із бойынша таратып тармақтандыруына үмітлі жандарымызға тапсырып, сөйленбеген сөздерді иншалла келешек бір уақытында өсиет сөзлерді соңына тіркей бермекші боламын. Алла-Тағала қалам иесіне жәрдем бергей еді!»

Міне әдебиет жайлы осы трактаттан кейін автор кітаптың соңында Өлең» атты тарауша бойынша «Жақұт қазақ әдебиеті» деген тақырыппен Абайдың мына өлеңін береді.

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырған ер данасы.

Тілге – жұмсақ, көңілге жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыс келсін айналасы.

Бұл шумақтағы айырмашылық – акдемиялық жинақтардағы «қиыстырардың», орнына «қиыстырған» – өткен шақтық қолданыс. 

Бөтен сөзбен былғанса, сөз арасы,

Ол – ақынның білімсіз бишарасы.

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.

Екінші шумақта  жалпы жинақтардағы мәтіннен еш айырмашылық жоқ. Ал үшінші шумақта біршама айырмашылық бар. Мұнда академиялық жинақтардағы, мектеп оқулықтарындағы мәтіннің бірнеше жолы жоқ:

Әуелі, аят-хадис – сөздің басы,

Мінәжат уәлилердің зарланасы.

Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар,

Әрбірі келгенінше өз шамасы.

Ал үшінші шумақтағы аз-кем өзгеше қолданысқа мән бергеніміз дұрыс болмақ. Мұндағы басты назар аударатын қолданыс – «тайталас» сөзі. Бізге белгілі мәтіндерде бұл сөз «таңдамасы» түрінде беріліп келеді. «Тайталас» сөзіне қатысты тілімізде «тайталасты» (дауласты), тайталасқа түсті (өзара бәсекелесті), тайталаса шапты (қатарласа, бәсекелесе шапты), т.б. қолданыстар бар. Ежелгі, кешегі шешендер, философтар да белгілі бір тақырып, мәселе бойынша өзара білім салыстырып, тайталасқа түсетіні белгілі. 

Демек Зейнелғабиден Әміреұлы кітабындағы «тайталас» қолданысын да ескерген дұрыс болар. Себебі «талас» пен «тайталастың» реңктік тұрғыда біршама өзгеше мәні бар. Осы тайталастан кейін ғана таңдама шығып тұрғанын көреміз: 

Өлеңге әркімнің бар тайталасы,

Сонда да олардың бар таңдамасы.

Іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысын,

Келістірер қазақтың қай баласы?!

Көз жұмып дүниеден өткенінше,

Адамның таусылмайды қамтамасы.

«Өлең – сөздің патшасы» өлеңінің «Насихат Қазақия» кітабына Зейнелғабиден Әміреұлы енгізген шумақ – төртеу ғана. Және «Көз жұмып дүниеден өткенінше, Адамның таусылмайды» дейтін  соңғы екі жол өзге басылымдарда кездеспейді. Сонау Қараой мен Уфаның арасында оқу-білім игеріп, өмір сүрген Зейнелғабиден мен Абайдың кездескені туралы мәлімет жоқ. Абай өлеңдері Зейнелғабиденнің қолына «Дала уәлаятының газеті» сияқты басылымдардағы жарияланым немесе қолжазба түрінде, яки ауыздан ауызға тараған нұсқасы арқылы жетті деп бағамдаймыз. Сондықтан да мәтіндік, мағыналық өзгешеліктердің болуы заңдылық. Кітаптың бас жағына таман автор «Сағи ғайрат етіп ғылым-өнер іздеу хақында мәшһүр Ыбырайым Құнанбаевтың бір сөзі» деп Абайдан мына бір шумақты береді. Мұны кирилл қарпіне мынадай түрде түсірдік:

«Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек, 

Бой жеңбек, ер жігітке ақыл таппақ. 

Тағдырын қыр уа шәрнің Хақтан біліп,

Көшелі өнер иесін жүрсе жақтап. 

Ниетің түзу болса – ісің аппақ, 

Екі елі аузыңа қойсаң қақпақ.

Сыбыр, өсек дегенді сырттай жүріп, 

Ғылым, өнер мал таппақ, жұртқа жақпақ»

Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов Абайдың 2005 жылы жарық көрген ІІ томдық толық жинағына алғаш енген «Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек» өлеңіне ғылыми түсінік бере отырып, былай деп атап көрсетеді: «...Өлең тексі алғаш Зейнелғабиден ибн Һәмре әл-Жауһар әл-Омскауидің (1881-1920) 1909 жылы Уфа қаласында басылған «Насихат қазахия» рисаласында (трактат) жарияланған. Онда: «Ғибрат айтып, ғылым, өнер іздеу хақында мәшһүр Ибраһим Құнанбаевтың бір сөзі (7-бет) деген ескертумен берілген. «Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек» өлеңінің ой сарыны мен өлең өрнегі жағынан алғанда Абайдың 1886 жылғы «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңіне жақын келеді. Тіпті осы аталмыш өлеңнің бесінші шумағының екінші жолы:

Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек, -

деп берілсе, «Насихат Қазақиядағы» екінші шумақтың соңғы жолы:

Ғылым, өнер, мал таппақ, жұртқа жақпақ, -

деген жолмен ой жағынан да, сөз жағынан да үйлес шығып жатады. «Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек» өлеңінің алғашқы шумағының үшінші жолындағы бір сөз толық анықталмағандықтан, оның орны нүктемен берілді (429-бет)», - деп атап көрсетеді.

Ал абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы бұл сөзді «қайғы-шер» деп оқығанын көреміз. Осы ретте профессор Мекемтас Мырзахметұлының басқаруымен әзірлеген жинақтағы шумақтың мәтінін де бере кетелік: 

Жол көрмек, жоба білмек, жаһан кезбек,

Бой жеңбек, ер жігітке ғақыл таппақ.

Тағдырын қайғы-шердің хақтан біліп,

Көшелі өнер иесін жүрсе жақтап.

Ниетің түзу болса сенің аппақ,

Екі елі аузыңа қойсаң қақпақ.

Сыбыр, өсек дегенді сырттай жүріп,

Ғылым, өнер мал таппақ, жұртқа жақпақ.

Біз өзіміздің кириллше нұсқамыз толықтай мінсіз деуден аулақпыз. Кітаптың анық оқылатын парақтарын лупамен анықтай отырып нақты шешімге қол жеткізуге болады деп білеміз. Қалай болғанда да «қайғы-шердің» немесе «көрушінің» деп оқылып беріліп жүрген қолданыстарда жаңсақтық бар сияқты сезіледі. Себебі, Ссңғы кейбір жинақтарда бұл жолдағы сөз «көруші» деп аударылғанын да көруге болады. Абайтанушы ғалым Досым Омаров өз еңбегінде бұл сөзді құдайлық сипатқа меңзейтін «көруші» ретінде қарастыра отырып, түсініктеме береді. Біз кітап түпнұсқасына мұқият үңіле отырып, бұл сөзді «көруші» де немесе «қайғы-шер» де емес, «қыр уә шәрнің» деген тіркес түрінде оқыған дұрыс деп білеміз.

Абайдың бұл жерде айтпағы «ақылды азамат өз бойындағы жағымсыз қасиеттерді жеңіп, сана-сезімін билей білетіндей ақыл иесі болумен қатар, қала (шәрі) мен даланың (қыр) тынысын бірдей аңдарлықтай көзі ашық, көкірегі ояу жан болғаны дұрыс» екендігінің қисыны бар. Мұндағы «уә» – ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі шығармаларында жиі кездесетін жалғаулық шылау, ал «қыр» – географиялық бедерден өзге, шығыс қазақтары тілінде «дала» мағынасында да қолданылатыны белгілі. Шәр (шаһар) – кәдімгі батырлар жырындағы қолданыс дейтін болсақ, біршама түсінікті келер деп білеміз.

Сондай-ақ осы өлеңдегі екінші шумақтың бірінші жолындағы бұрын «сенің» сөзі «ісің» болып оқылғанда, , «ниетің түзу болса сенің аппақ», - деп анайы меншіктегеннен гөрі «ісің» сөзі тұруы анағұрлым қонымды деп ойлаймыз. 

«Насихат Қазақия» кітабындағы Абай өлеңдерінің берілу ерекшеліктері

Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінің қазіргі жинақтарда бас-аяғы 15 шумақ. Бұл шумақтардың цикльді бірнеше өлеңнің қосындысы сияқты сезілетіндігін ескерсек, «Насихат Қазақиядағы» көлемі бес шумақ болып берілуі қисынды сияқты. Себебі, «Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап» деп басталып, осы бес шумаққа қосылатын өзге он шумақ ұйқас, иірімі тұрғысынан алғанда сәл өзгешелеу екенін айқын аңғара аласыз. Өлеңдегі алғашқы бес шумақ тәуелдік жалғауының үшінші жағы арқылы өріліп отырса, кейінгі он шумақ Абай өлеңдерінде аса жиі ұшырасатын –п, -ып, -іп көсемше арқылы жазылғандығының өзі бұл өлеңдердің әу баста жеке шығарылғанын меңзеп тұрғандай.

Оқырмандарға түсінікті әрі салғастырып оқу үшін «Насихат Қазақия» кітабындағы Абай өлеңдерінің мәтінін өзіміздің кириллшеге түсіруіміз бойынша толық ұсынып отырмыз.

Тобықты Ыбырай марқұмның сөздерінен:

І

Қартайсаң, қайғы ойлайсың, ұйқың сергек,

Ашуың – ащыдай у, ойың – кермек.

Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарға, 

Кім көңілді көтеріп, болады ермек?!

 

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

Ер ісі – ақылға ерер, бойды жеңбек,

Өнерсіздің қылығы – өле көрмек.

Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,

Еріншек ездігімен көпке көнбек.

 

Надандар қыла алмай жүр халал еңбек,

Ұрлық, қулық қылам деп қағар көлбек.

Харамдықтың асқаны бір күн тосар,

Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.

 

Сырттан сықақ туысқан өршеленбек,

Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.

Өз ғайыбын аңдамай сөзін жөн деп,

Еліріп шайтан жағына болар кірмек.

 

Біреуге малы бар деп бектік бермек,

Үш жыл өтсе тағы да сайлау келмек.

Өнерлі би, үлгілі хандар қайда,

Тағы да тартып біреуге алып бермек?!

 

Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,

Харам мен халал арасын кім теңгермек?!

Мақтан үшін мал шашып болыс болып, 

Өзіне иттей қорлық сөз келтірмек.

ІІ

Бай алады кезінде көп берем деп,

Жетпей тұрған жеріңде тек берем деп.

Би мен болыс алады бектік сатып,

Мен дұшпаннан кегіңді ап берем деп.

Дос алады бермесең бұлт берем деп,

Жауыңа қосылуға сырт берем деп.

Бір кетсем, енді қайтып қайырылмаспын,

Мен саған сірә нағып ырық берем деп.

Тағы бір сайлау болса ет берем деп,

Кезінде сен мендік бол деп берем деп.

Мың теңге алып уағда қылып кетсе,

Қайта айналып ойламас бет көрем деп.

Жалаңқая жат мінезді қу алады,

Бермесең бір жеріңді бөксерем деп.

Ел жүр ғой бұл қылықты еп көрем деп,

Тоқтау айтқан кісіні шет көрем деп.

Бай шашылар орынсызға бектенем деп,

Ысырап малдан ойламас сескенем деп.

Хайыр, зекет, садақа, хаж, сахауат,

Шариғат турасымен тексерем деп.

Жақсы орынға бір фара жан шыққандай,

Санатсызға бай құмар көп берем деп.

Бір қараға екі жүз аларман бар,

Ми қатар бас аяғын тексерем деп.

ІІІ

Ал, енді жақсы дейміз кімді қалап?! 

Ар-намыс, ақыл-білім, сабыр, талап.

Асанқайғы сықылды адам болса,

Бір сөзін тыңдар едік мыңға балап.

Ақыл-ұят, ар-намыс, сабыр-талап,

Бұларды керек қылмас ешкім қалап.

Ғадалат, туралықты іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап.

Жұртты алдап, қарағайды талға жалғап,

Әркім жүр алар жердің ебін қармап.

Қақса-соқса бір пайда түсе ме деп?

Елдің байын еліртіп жау мұндалап.

Мансап-атақ ақылды бекке бірдей,

Жұрт кісісі болады көпке бірдей.

Тура сөзін айтар жайқарсымай,

Халалдықты айбаттар ерікке жүрмей.

Жоғарыдағы мәтінге көз салғанда бірден аңғарылатын өзгешелік «Қартайдық» емес, «қартайсаң» деп келетін, шартты райлы, келер шақтық қолданыс. Абайдың 1886 жылы жазылған «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» атты өлеңі бірінші шумағындағы:

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ашуың – ащыған у, ойың – кермек.

Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,

Кім көңілді көтеріп, болады ермек?! – 

деп келетін жолдар Зейнелғабиден Әміреұлының жинағында осылайша елеулі өзгешелікпен берілген. Біздіңше «ашыған у» мен «ащыдай у» арасында елеулі мағыналық айырмашылық бар.

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,

Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.

Харамдықтың асқаны бір күн тосар,

Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.

«Насихат Қазақияда» «жаманның» орнына «надан» тұр. Ал «қулық қылдым деп» тіркесі «қылам деп» деп берілген. «Ұрлық қылдым, «қулық қылдым», - деп емес, соның іске асыру жолын аңдып, әр жерде көлбек қағып жүруі барынша сенімді, бейнелі сияқты.

Осы шумақтың кейінгі екі жолы да «Насихат Қазақияда» елеулі айырмашылықпен. Қазіргі жинақтардағы мәтіннен оның өзгешелігі мынау:

Сырттан сықақ туысқан өршеленбек,

Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек. 

(М.Мырзахметұлы нұсқасында «сыбырман»).

Кейінгі нұсқаларда бұл жолдар былайша беріліп жүр:

Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,

Сыбырменен топ жасап, бөлек-бөлек.

Арамдықпен бар ма екен, жаннан аспақ,

Өзімен-өзі бір күн болмай ма әлек?

Авторлық туындының өзі де біраз уақыт өткенде көп нұсқалылыққа ойысатынын ескерсек, бұл өзгешелікті Шыңғыстаудан Қараой, Көкшетауға жеткенге дейін үстемеленген нұсқалық қосынды деуге болатын шығар. Бірақ Зейнелғабиден Әміреұлының кітабындағы қолданыстардың анағұрлым ұтымды, мағынасы айқын түсіп жататынын елемеу мүмкін емес. Мысал үшін мына жолдарды қарастырайық:

Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,

Періште төменшіктеп, қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек...

...Қолдан келе бере ме, жұрт меңгермек,

Адалдық, арамдықты кім теңгермек?

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,

Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек.

Бұл – баршаға бірдей белгілі, академиялық жинақтарда беріліп жүрген шумақтар. Ал «Насихат-Қазақияда» бұл шумақтағы айтылар ой біршама күрделі де ауқымдырақ болып шыққанын көреміз:

Өз ғайыбын аңдамай сөзін жөн деп,

Еліріп шайтан жағына болар кірмек.

Біреуге малы бар деп бектік бермек,

Үш жыл өтсе тағы да сайлау келмек.

Өнерлі би, үлгілі хандар қайда,

Тағы да тартып біреуге алып бермек?!

Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,

Харам мен халал арасын кім теңгермек?!

Мақтан үшін мал шашып болыс болып,

Өзіне иттей қорлық сөз келтірмек.

Осы молығым, толыққан шумақтағы айтылар ойға қоса, тағы бір мән берерлік қолданыс – Абайдың бізге белгілі өлеңдерінде ұшыраса бермейтін «өнерлі билер», «үлгілі хандар» деген тіркестер.

Қазіргі күнге дейін Абай өлеңдерінің толық жинағына енгізілмей жүрген, «Насихат Қазақиядағы» топтаманың «Ал, енді жақсы дейміз кімді қалап?!» деп басталатын үшінші бөлігінде де Абайдай ұлы ақынның қолтаңбасы, өзінің қарасөздері мен өлеңдерінде жиі ұшырасатын идеал тұтарлық «толық адамды» іздеу сарыны жатқан жоқ па?

Ал, енді жақсы дейміз кімді қалап?!

Ар-намыс, ақыл-білім, сабыр, талап.

Асанқайғы сықылды адам болса,

Бір сөзін тыңдар едік мыңға балап, - 

деген жолдағы қолданысқа ерекше мән береміз. Жалпы Абай шығармаларында өзінен дейінгілер туралы не деді деген сұрақ төңірегінде ойланғанда Шортанбай, Бұқар, Дулат шығармашылығына сын айтылатын тұсы еске түсері сөзсіз. Абайдың «Асанқайғы сықылды адам болса» деуінде де сыр жатыр. «Насихат Қазақия» мен ондағы көтерілген мәселелер, кітапқа енгізілген Абай өлеңдерінің мәтіні, ондағы соны қолданыстар туралы алдағы кезеңде зерттеулер жасалары сөзсіз деп білеміз.

Осы ретте Зейнелғабиден Әміреұлының қолына Абай өлеңдерінің тиюі туралы пікірлерді қарастыра кетелік. Әдебиеттанушы ғалым Әбіш Жиреншин (1913-1975) кезінде өз зерттеу еңбегінде былай деп пікір білдірген екен: «Абай туралы Зейнелғабиден әл-Жауһари деген зерттеуші «Тобықты Ыбырай марқұмның өлеңдерінен» деп Абайдың бірнеше өлеңдерін үлгі қылып өзінің Қазан қаласында шығатын «Насихат-Қазақия» деген жинағында 1909 жылы басып шығарды. Бұған да материал беріп, Абайды танытқан Кәкітай. Өйткені ол 1907 жылы Қазанға барып, бір жыл жатып қайтқан.» Ал абайтанушы ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметұлы мынадай пікір айтады: «Зейнелғабиденнің Абай өлеңдерін жариялауына себеп, оған материалды Кәкітай  берген  деген Ә.Жиреншиннің пікірі шындыққа үйлесе бермейді. Абай өлеңдері «Кнәз блан Зағифа», «Сұлу қыз», «Насихат-Қазақияда» жарияланып, яғни революцияға дейін-ақ түрлі жолдармен таралу жағдайлары оның шын мәніндегі халық ақыны ретінде кең тұрғыдан таныла бастағанын дәлелдей түсетін деректер деп білеміз. ...Бұл – Абай өлеңінің Зейнелғабиден қолына Кәкітай арқылы емес, керісінше ел ішінде ауыздан-ауызға тарау арқылы ауызша немесе ауызша айтылуынан қолжазба түрінде ауысқан күйде жеткенін дәлелдейді». Бұл біздің жоғарыдағы болжамымызбен үндесетін тұжырым. Яғни Зейнелғабиден Әміреұлына Абай өлеңдері ауызша да, қолжазба түрінде де жеткен. Абайтану – отандық әдебиеттанудың алдағы кезеңде де зерттеу ауқымын молайтып, дами беретін өміршең саласы екендігін ескерсек, болашақта Зейнелғабиден Әміреұлы алғашқылардың бірі болып бастырған Абай өлеңдеріне қатысты небір өрелі ойлар айтылары сөзсіз.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар