Нобель: Қазақ оқырманы үшін мәні қандай?
«Қазақ оқырманы үшін Нобельдің мәні қандай?» дейтін болсақ. Бұл шығармалар қазақ оқырманы үшін маңызды сұрақтар туындатуы мүмкін. Тарихи жадымызды әдебиетте қалай бейнелейміз? Ұлттық тәжірибені әлемдік оқырманға қалай дұрыс жеткізуге болады? Қазақ әдебиеті тағы қандай тақырыптар арқылы жаһандық әдеби кеңістікке жарқырап шыға алады?
Әлемнің әдеби қауымы жыл сайын бір есімге елең ететіні рас. Бар ғаламның назарын аудартатын ол қандай есім десеңіз, Нобель сыйлығын алған қаламгердің есімі дер едім. Әр күзде Нобель сыйлығына қол жеткізген лауреаттардың тізімі жарияланып отырады.Әдебиет саласында да сол жандардың есімі бірден танымал болады. Швеция шаһарында әдеби әлемдегі Нобель сыйлығының иегерлерін жариялаған сәттен бастап, ол жазушы жайлы әлемдік ақпарат кеңістігінде жарыса айтыла жөнеледі. Кітап дүкендеріндегі сөрелерде оның шығармалары көбейе түседі, аудармаларына да сұраныс артады. Әлеуметтік желіде еңбектерінен небір үзінділер тарай бастайды. Бұл көп ұмтылған Нобельдің жазушыға танымалдылық сыйлайтын тұсы. Ал сол сыйды қанжығасына іліп, халықаралық дәрежеде танымалдыққа жеткен жазушылардың шығармаларын қазақ оқырманы қаншалықты оқып жүр? Әлде тек атын ғана естідік пе? Жалпы қазақ оқырманы үшін Нобельдің мәні қандай? Көңілдегі сұрақтар осы.
Тарихына үңілсек. 1901 жылдан бері беріліп келе жатқан бұл сыйлық 2025 жылға дейін 122 қаламгерге бұйырған екен. Олардың қатарында адамзаттың ортақ мәселелерін өз шығармашылығының өзегіне айналдырған ірі суреткерлер де бар. Біле білсек, әдебиеттегі Нобель сыйлығы – жәй ғана марапат емес. Әлем әдебиетінің қай бағытқа бет алғанын аңғартатын рухани әлемнің барометрі іспеттес өлшемдердің бірі. Айталық, 2025 жылы бұл марапат 1954 жылы дүниеге келген венгр жазушысы Ласло Краснахоркаиға табысталыныпты. NobelPrize.org деп аталатын Нобель сыйлығының ресми сайты ұсынған мәліметтерге сүйенсек, Швед академиясы қаламгерге «апокалиптикалық үрей жағдайында өнердің күшін қайта бекітетін әсерлі әрі көреген шығармашылық мұрасы» үшін халықаралық сыйды табыстағанын атап өткен екен. Оның прозасы Орталық Еуропаның абсурд пен гротескке жақын дәстүрімен сабақтасып, пессимизм, апокалипсис, күтпегендік және ұзақ әрі күрделі сабақтасып жатқан сөйлемдерге құрылған өзіндік тілдік мәнерімен ерекшеленеді-мыс. Ал оның алдындағы 2024 жылы Нобель сыйлығы 54 жастағы оңтүстік кореялық жазушы Хан Ганға бұйырған екен. Тағы сол ресми сайттағы ақпараттарға жүгінсек, академия оның «тарихи жарақаттарды» қозғайтын және адам болмысына тән осал тұстарын ашатын поэтикалық прозасын ерекше бағалаған. Бұдан байқайтынымыз мынау. Соңғы жылдардағы Нобель таңдауларына көз салсақ, әдебиеттің бір ғана қалыпқа сыймайтынын көрсеткісі келгендей. Бірде жеке адамның жадынан тұтас қоғамның тарихын аңғарса, енді бірде адамзат күйзелісі мен өркениеттің дағдарысын көркем мәтіннің өзегіне айналдырған жазушыларды таңдаған екен. Осыдан кейін, «Нобель дегеніміз не?» «Әдеби сапаның белгісі ме?» деген сияқты көкейде орынды сұрақтар тууы ықтимал. Туындауы да керек-ау. Жоқ. Нобель көркем шығармаға сапалық бағасын бермейді. Ол жалпы жазушының бір ғана көркем шығармасы үшін де берілмейді. Тіпті Нобель сыйлығы әдеби шығарманың «ең үздігі» деген абсолютті өлшем де емес.
Бұл сыйлықтың атасы Альфред Нобельдің өсиетіне сүйенсек, басында әдебиет саласындағы аталмыш сыйлық «идеал бағытта ең көрнекті шығарма» жазған адамға берілуі керектігі айтылған. Дегенмен, заман да заң да өзгерді. Ресми сайттағы ақпарларға сенсек, кейінгі ережелерде әдебиет ұғымы тек көркем әдебиетпен ғана шектелмей, формасы мен стилі арқылы әдеби құндылыққа ие басқа да жазбаларды қамтитындай кеңейтілген екен. Сол себепті бүгін Нобельді тек «ең жақсы кітапқа берілетін марапат» деп қабылдау жеткіліксіз. Оны белгілі бір кезеңдегі әлемдік әдебиеттің қандай мәселелерге назар аударғанын аңғартатын мәдени құбылыс деуге болар.
Соңғы жылдардағы лауреат атанған авторлардың шығармашылығына үңілетін болсақ, адам жады, тарихи жарақат, отаршылдық, босқындық, айтылмай қалған сөз, адамның ішкі жалғыздығы сияқты тақырыптардың алдыңғы қатарға шыққанын байқаймыз. Мысалы, 2020-2025 жылдар аралығында марапатқа қол жеткізген әр автор стандартты қалыптан тыс, шығармашылығы әр түрлі десек те, олар өз ұлтының, тіпті жеке басының мәселелерін жалпықоғамдық, жалпыадамзаттық деңгейге әдемі көтере білген. Олар: Луиза Глюк, Абдулразак Гурна, Анни Эрно, Йон Фоссе, Хан Ган және былтыр марапатталған Краснахоркаи.
Қазіргі Нобель лауреаттарының шығармашылығында қазақ оқырманына жақын тақырыптар да жоқ емес. Мысалы, 2006 жылы Нобель сыйлығын алған түркиялық Орхан Памук шығармаларында Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени байланыс, тарихи жады, қала тақырыптары жақсы көрініс табады. Ал 2012 жылы аталмыш сыйлықпен марапатталған Қытай жазушысы Мо Ян халықтық аңыздарды, тарих пен заманауи өмірді қатар ұштастыра білген. Швед ақыны Томас Транстрёмер қысқа әрі терең поэтикалық образдар арқылы адам мен әлем арасындағы байланысты зерттейді. Ал колумбиялық Габриэль Гарсиа Маркес тарихи шындық пен қиялды тоғыстырып,өз шығармаларында тұтас бір әдеби әлем қалыптастыра алған. Қарап отырсақ, біздегі тарихи жады, ұлттық болмыс, тіл, жалғыздық, қоғам мен тұлға арақатынасы, ауыл мен қала арасындағы өзгеріс сынды тақырыптар әлем әдебиетінде де әртүрлі формада көрініс тапқан.
Енді «Қазақ оқырманы үшін Нобельдің мәні қандай?» дейтін болсақ. Бұл шығармалар қазақ оқырманы үшін маңызды сұрақтар туындатуы мүмкін. Тарихи жадымызды әдебиетте қалай бейнелейміз? Ұлттық тәжірибені әлемдік оқырманға қалай дұрыс жеткізуге болады? Қазақ әдебиеті тағы қандай тақырыптар арқылы жаһандық әдеби кеңістікке жарқырап шыға алады? Сондай-ақ, әдеби әлемге танылған шығармаларды оқу арқылы оқырманның әдеби талғамы өзгеретіні де ақиқат. Тіпті төл әдебиетімізге сырт көзбен, сын көзбен қарауға мүмкіндік беретіні тағы бар. Бүгін біз қай тұстамыз? Әлем мойындаған шығармаларды оқи отырып, қазақ әдебиетінің қазіргі әлеуетін бағдарлап-бағамдай аламыз. Бірақ бұл жерде мәселе тек оқырманның қызығушылығына ғана келіп тірелмейтінін де айта кеткен жөн. Сауатты аударма да үлкен рөл атқарады. Себебі, әлем әдебиетінің үздік туындылары қазақ оқырманына сапалы аударма арқылы жетпесе, тіпті Нобель сыйлығының өзі олардың қазақ мәдени кеңістігіне толық енуіне кепіл бола алмайтыны рас. Сапалы аударма дегенге көп дүние сияды ғой. Кітаптың түпнұсқадағы ырғағы, авторлық интонациясы, шығарманың мәдени астары, сөздің ішкі қуаты аударма барысында жұтаңданып, жоғалмауы керек. Бұл – сапалы аударманың ең басты қағидасы. Әсіресе поэтикалық проза, ішкі монолог, күрделі сөйлемдер мен метафора, ұлттық контекстке құрылған шығармалар үшін аса маңызды тұсы осы. Сондықтан «Нобель алған жазушының шығармалары қазақшаға аударылды ма?» деген сұрақпен бірге «қалай аударылды?» деген сауалды да қатар қойғанымыз дұрыс болар.
Роботтар мен жасанды интеллект дамыған заманда «Қазақ қаламгерлерінің есімі Нобель лауреаттарының қатарынан қашан көрінеді?» деген сұрақтар пайда болады. Орынды-ақ. Бұл сауал әдеби ортада биыл күн тәртібіне қайта шыққаны белгілі. Оған жақсы бір себеп - елімізге қытайлық Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янның қонақ боп келуі еді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Мо Янмен осы төңірегінде хат алысқанын да қазақ әдеби әлемі біліп отыр. Өткенде төл әдебиетімізден классик жазушы Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» еңбегін Нобельге ұсына аламыз деген Мо Янмен Мереке Әбдешұлы арасында әңгіме болған еді. Қытайлық жазушы «Парасат майданы» шығармасын жоғары бағалап, туындыда жалпыадамзатқа ортақ өлім мен өмір, зұлымдық пен ізгілік жайлы тақырыптар көтерілгенін де назарға алған. Алайда осы жағдай бізге тағы бір маңызды шындықты алдымыздан шығарды. Әлемдік әдебиет аренасына шығу үшін тек таланттың өзі жеткіліксіз екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Елде төл әдебиетімізді әлемге насихаттайтын жүйелі механизм жоқ. Әлі қалыптаспаған. Ол жүйенің басында жоғарыда жазған сапалы аударма тұр. Әрі қарай халықаралық дәрежеде бәсекеге түсе алатын әдеби агенттер, баспа ісі деген сынды тізім көбейіп кете береді. Сондай-ақ, қазір қазақ қаламгерлерінің шығармалары аударылып, қаншалықты кең көлемде шетелдік оқырманға жол тартып жатыр?
Бұл шығармалар қазақ оқырманы үшін де маңызды сұрақтар туындатуы мүмкін. Тарихи жадымызды әдебиетте қалай бейнелейміз? Ұлттық тәжірибе әлемдік оқырманға қалай түсіндіріледі? Қазақ әдебиеті қандай тақырыптар арқылы жаһандық әдеби кеңістікке шыға алады?
Сонымен, біз сұрақты «Қазақ жазушысы Нобельді қашан алады?» деп емес, «Қазақ әдебиеті әлемге қашан танылады?» деген сауалға аударып, ауқымын кеңейте түсетін уақыт жеткен сияқты. Бәлкім, Нобель – әдебиетте жеткен жазушының мәресі емес шығар, бірақ Нобель – әлемдік әдеби кеңістікте өзіңді, ұлтыңды танытудың беделді бір белесі.
