Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Нұрбек Нұржанұлы. Әуе шарындағы үй (әңгіме)...

29.12.2022 1496

Нұрбек Нұржанұлы. Әуе шарындағы үй (әңгіме) 14+

Нұрбек Нұржанұлы. Әуе шарындағы үй (әңгіме) - adebiportal.kz

Кейінгі кезде: «Аспанда үй сатылады, аспанда жер сатылады...» деген жарнамадан аяқ алып жүргісіз. Теледидар, радионы қосып қалсаң – осы. Сайт, газет бетін ашып қалсаң да – сол.  Үй деп отырғаны кәдімгі бір-екі бөлмелі 30 одан да көп кв/м-лік тұрғын үйлер. Ерекшелігі әуе шарына ілініп тұрады. 

–Әй, мына адамдарға не болған өзі? – деді теледидар алдында отырған қара шал, – Жер қалып аспан да сатыла бастаған ба? Аспан мен жер бәрімізге ортақ емес пе! Енді мына бай-манаптарға не жетпейді-ей? Әйтеуір, тоят таппаған қу арын, – дегені сол экран бетінде аспанда сатылып жатқан жер мен үйлердің сықпыты көрініс тауып жатты. Сатылып жатқан үйлер кәдімгі әуе шарына байланған. Бағасы – удай қымбат. Ол аздай «Жастар бағдарламасы», «жас отбасы», «әуе қоржыны» іспетті түр-түрлі бағдарламалар арқылы жастар мен өкімет қызметкерлеріне сол әуедегі шарға ілінген тұрғын үйлерді пәленбай жылға бөліп төлеуге жалға беріп жатқан көрінеді.

–Мына заман қайда барады, о, құданың құдіреті, – деп әлгі қария тағы да бір аһ ұрды. Оның бұл зарын естіп жатқан кім бар дерсің. Терезенің ар жағында тіршілік үшін жанталас, өмір үшін күрес жалғасып жатты. Кім мықты, соның дәурені жүріп, кім әлсіз – мардымсыз пұлға бола уақыты мен денсаулығын сарп етуде. Жер бетін байлар жайлап алғаны соншалық, мал жайылымы түгілі, адам тұратын жер қалмаған. Саяси биліктегілер мен кіл байлар гектар-гектар жерлерді бөліп алып, кедейлерді аспанға қарай қуып жатты. Ал қу кедейлер, кредитке пайызбен өкіметтен үй алады да өмір бақи өкімет бұйрығына тәуелді боп қалады. Енді ше, оларда басқа амал жоқ. Жер жүзінде тұратын орын қалмапты-мыс. Ал арзан деген аспаннан қағылса онда қайтпек?! Ауада қалықтап тұр дейсің бе! Осынау күрделі шырмауыққа қамалған жастардың бірі әлгі теледидар қарап отырған қара шалдың оқуды жаңа бітіріп, өкіметтің жұмысына енді орналасқан Тұрсын  немересі-тін. Ол әлгі атасы бақыртып қойған теледидар сесін естіместен, асүйде екі жағына тұрып алып кеңесін беріп жатқан ата-анасына бас шұлғудан қолы босаған жоқ. 

–Иә, жарайды. Уайымдамаңыздар, мен бастыққа қарсы келмеймін. Ол өз қызметін әсіре пайдаланып жатса да ләм-мим деместен, әміріне құлдық ұрып жүре берем. Өйткені ол – басшы. Оның қолында билік бар. Ол не істеймін десе де өз еркі. Себебі, оның жұмыс тәжірибесі, көкесі, ақшасы, жер бетінде бірнеше үйі бар. 

–Дәл солай, – деп әкесі баласының аузынан сөзді жұлып алды, – егер оған қарсы келгенің – анау әуедегі өкіметтің беріп жатқан үйінен қағылғаның. Сосын қайда тұрмақсың? Мына біз тұрып жатқан жаппада ма? – деді қызбаланған әкесі. Тұрсын әкесінің дауыс ритмімен онсызда әр бұрышын жатқа білетін пәтерге тағы бір көз салды. Қуықтай ғана асүйді қоспағанда, бір ғана бөлме. Өзінің соңынан өсіп келе жатқан үш қарындасы, інісі және шау тартқан атасы бар. Өзінің ержетіп, ендіге отбасын қамтамасыз ететін кезі келгенін іштей сезеді. Мойнында үлкен жауапкершілік тұрғанын және біледі. Алда-жалда әйел алып, отбасын құрып жатса, онда мына үй бұны жатырқай бастайтынын, сол үшін басқа үй алып, тіпті іні-қарындастарының жартысын сонда көшіріп әкетуі керектігін әке-шешесі меңзеп тұрғанын Тұрсын біліп тұр. Бірақ, қырсық үстіне қырсық орнап, жер бетінде үй қалмаған болып тұр ғой. Ол аздай көктегі әуе шарындағы үйге жету үшін де қазіргі жұмысын өмір бақи адал атқару керек. Өйтпеске амал жоқ. Тек кедергі, осының бәрін біліп, зәуімен қызметкерлерін шықпыртып жүрген Рабиға басшыға қалай шыдап бағарын білмей дал. Тұрсынның көз алдына басшысы темірден сауыт киіп алып, аузынан от шашырай, көзі алаулап жанып, қызметкерлерін арбаға жегіп, қамшымен осып офис ішінде олай да, бұлай айдап жүргені көлбеңдеп елестей қалды. Шын мәнінде Рабиға қолына пәпкі ұстап алады да, қызметкерлерін күндіз-түні өлдім-талдым дегенше жұмысқа тән іс былай тұрсын, өкіметке, жеке басына қатысты шаруаларға жегеді-ай кеп. 

–Жарайды, – деді Тұрсын тағы да терезеден өз ішіне үңілгендей қарап, – мен бастыққа қарсы келместен, сіздер айтқандай әуе шарындағы үйді алуға әрекеттенем. 

–Дұрыс, балам. Бастысы өтінім жіберіп, құжаттарыңды беріп қойдың. Енді үй берілгенше жұмысыңды дұрыстап атқар, – деді анасы ұлы шашын сипағанын ұнатпайтынына қарамастан, басын сипап. 

–Сен біздің үмітімізсің, – деді әкесі оның салбыраңқы иығын көтергендей. 

 

***

Әуе шар-үйлерінің ара-арасына ұшқыш-көліктер қатынайды. Олар жолаушыларды жерден де тасымалдайды. Саят ұшатын көліктен түсіп 9-шы шағын ауданға, әуедегі тақтай жолдармен баққа қарай жүріп бара жатты. Қолында бір шоқ гүл. Отырғышта отырған Жанеркені көргенде, кімді іздеп жүргенін енді түсінгендей адымын ширақ баса бастады.

– Маған бола сонша жол жүріп келудің қажеті жоқ-ты?

– Енді мен әуеге кімге бола көтерілем, Жанерке? Мына кеңістікте менде сізден өзге жақын жан қалды ма өзі?

– Керек емес. Сіз мені бір рет Жердегі жолда қалдырып кеткенсіз... Енді көкте қайта қалдырып кеткеніңізді қаламаймын... –деді ол әлі де оған деген өкпесі тарқамағанын аңғартқысы келгендей бетіне қарамастан. 

– Енді өзіңіз емес пе, көліктен түсем де түсем деп қылқылдап қоймай қойған?

– Мен еркеледім, наздандым... Жауын жауып тұрғанына қарамастан мені қалдырып кеттіңіз...

– Кешіріңіз, – деді Саят оның иығына қол соза беріп. Қыз оның қолын тартып жіберді. 

– Мен сізге сенбеймін... – деді әуе бақшасындағы ағаш жапырақтарына қарап тұрып, – Сіз кейде бала сияқты аңқаусыз. Сол аңқаулық түбі менің көңілімді қалдыра ма деп қорқам. 

– Олай демеңіз...

– Мені сүйесіз бе? 

– Енді... қалай айтса болады... – деді ол күмілжіп. Көкірекшесінің түймесін қайта-қайта бұрап.

– Міне, тіпті, сіз мені сүймейсіз де, – деді Жанерке бұл жолы шындап теріс айналып. 

– Олай айтуға әлі ерте шығар. Ұнатамын дегенім дұрыс болатын шығар, – деді жігіт орнында қатып тұрған қалпы. Ал қыз екі қолын айқастырып алып, жапырақтан көз аудармай, міз бақпай тұр. Саяттың тұрғанын тіпті елейтін емес. Бар-жоғын білгісі келмейтіндей. Осы кезде Саяттың намысы оянды ма екен, әлде расымен де қыз айтпақшы баладай аңқаулығы ұстап қалды ма, теріс бұрылып Жерге жолаушыларды тасымалдайтын аялдамаға қарай аяңдай түсті. Осы сәтте Жанеркенің жүрегі сыздап қоя бергендей болды. Кеудесінен әлдене үзіліп бара жатқандай. Жақында ипотекамен алған әуе шар-үйіне көз тастады. Үйі – суық, жансыз, бөтен болып көрінді. Ол қазір қайтадан жалғыздыққа оранып алып жер бетіндегі жалт-жұлт еткен сан мың шыраққа қарап қаламын деп үрейленді. 

– Міне, көрдіңіз бе! Сіз сүйсеңіз күресетін едіңіз... Шыдап бағатын едіңіз... Ал сіз кетіп барасыз... Әлсіз... – деді ызаланып. Артынан жіпсіп, - Тоқтаңызшы, – деді өзін сол бір жалғыздық құрсауында қалудан шошып, яки шынымен сүйгенін қимай.

– Сіз бәлкім сенерсіз-сенбессіз бірақ мен сізді құрметтеймін әрі жақсы көремін, – деді өзіне кері бұрылып, жақындап келе жатқан Саятқа. Саят оны жүре тыңдап келді де көзі ішіне «шын айтасың ба» дегендей үңіліп қарады. Сенбесең көр дегендей бұл да жасаураған жанарын қадай түсті. 

– Мен мүмкін еркелеймін деп, қатқыл мінез танытып қойған шығармын. Солай сізді өзімнен суындырып алған болармын. Мүмкін асығатын шығармын. Сіз танысайық, білісейік дейтін шығарсыз... Мен сізді қимаймын, кетпеңізші... – деді Жанерке оған жалынғандай жанарын аудармай қарап. Саят бағанадан бері кеудесінде елегізуден басқа ештеме сезбей тұрған. Тіпті не үшін келгенін де өзі ұқпаған болатын. «Бейсаналы ақымақпын» деп жаңа ғана өз-өзін жазғырып үлгерген-ді. Осы сәтте өзінің жүрегінде жақсы көру емес, тіпті ұнату да емес, аяушылық сезімі оянып кетті. Оның көңілі үшін «жақсы көрем» деп айта салсам қайтеді» деп те ойлады. Бірақ күрмелген тілі шешілер емес. Жанын жегідей жеген жалғыздық қана бұны қоярға жер таптырмай жүр. Жанын ұғатын сыңарын іздейді, алайда, таппай шарқ ұрады. Осылай теңім болар деген қызбен сөйлессе болды қызды өзіне бауыр бастырып алады да, ақыры қимай қоштасуға тура келеді.  Бұл жолы да сөйтіп жатыр...

– Жанерке, мені кешіңіз... Сізді ренжіткім келмейді. Десе де айтпасқа шара жоқ. Сіз мен іздеген жан емессіз. Мені жіберіңіз... Жерге қайтайын... – деді әр сөзі қорғасыннан да ауыр тартып, аузынан әзер шығып... Ал арудың көз жасы бәрінен ауыр еді, тіпті, мына әуе шарынан да... Тамағына тығылған өксігін тырнап жұтынды да, қатқыл үнмен:

– Мен сізді ұстамаймын, – деді Жанерке. Ол осы сөзді айтар-айтпас үйіне қарай жүгіріп кетті.  Саят ұшатын таксимен жерге кеп қонған соң, аспанға, әуе шар-үйлеріне тағы бір көз тастады. Жан-дүниесі астаң-кестең. Алыстан қараса жанына керегі сол жақта секілді, ал жуықтап қалса – бәрі сүреңсіз күйге түседі. Өз-өзін түсінбеген күйі жалғыздық оранған үйіне кірді. Жанерке тұратын шар-үйіне көз салды. Ол аспаннан бұған, бұл Жерден оған көз тастап тұр. Бір-бірін қайта сағынғандай. Қос ғашыққа кедергі кеңістік қана ма дерсің... 

 

***

 

Әуе шар-ғимаратының бірінде тұратын Есен жұмыстан оралған соң ұшатын көлік тұрағын іздеп біраз әуре сарсаңға түсті. Бірі үстіне бірі мінген аспандағы шар-үйлер мен жолдарынан басың айналады. Жұмысы – жерде, үйі – аспанда. Көшіп келгеніне де міне бір жылдың жүзі боп қалды. Әлі де үйренісе алатын емес. Ауладағы «Бір шоқ гүл» дүкеніне кірді. Әдеттегідей оны күлегеш қыз қарсы алды.

– Сәлеметсіз бе, ағай? 

– Сәлеметсің бе!

– Тағы да темекі ме? – деп бикеш әдеттегіше қолын темекі сөресіне көтеріп жатты.

– Жо-жоқ, бүгін шекпеймін деп шешім қабылдадым. Дұрысы, тастамақпын... 

– А, жарайды, – деді қыз алдындағы калькуляторды түзеп. 

– Мейлі, бір-ақ дана берші. Бүгінше біреу шегейін, ертеңнен бастап тастаймын... – деді Есен екіұшты оймен.

– Сіздің осылай айтқаныңызға бір жыл болды... 

Есен темекіні алып, құлағына қыстырып қойды. Не үшін келгенін ұмытыңқырап тұр. Темекі үшін дүкенге кірмегені анық. 

– А, иә... – деді өз даусына өзі шоши қарап. Сатушы қыз да тіксініп қалды, - кешіріңіз, үйде сабын, тіс пастасы дегендей таусылып қап еді, – деді де арғы бөлмеге қарай жылжыды. Телефонына қарады. Экрандағы хабарламалар толассыз келіп жатыр. Бірі спорт клубынан, енді бірі жұмыстан, тағы бірі сыныптастар, группаластар тобынан. Ысырып тастап, «заметки» папкасын ашып қарады;

  1. Нан
  2. Сүт 
  3. Айран
  4. Кір сабын       
  5. Дәретхана қағазы
  6. Тіс пастасы
  7. «Вечерь» ирисі, – деген тізімдер тізіліп тұр. Рет-ретімен тізімдегі заттарды жинастыра бастады. Бірақ көзі басқа сөрелерге түсіп, тізімнен тыс: шұжық, шокалад майын іле кетті. Сатушы қыз заттарды есептеп жатыр. 

– Ыстық суды қашан береміз дейді? – деді Есен құры тұрмайын дегендей көкейдегі сұрағын қойып. Қыз бұндайға еті үйреніп қалған сияқты. Бір саусағымен калькуляторды тақылдатып жатып, екінші бір қолымен заттарды баға-машинасына қойып отырып:

– Білмеймін, әлі бір апта құбыр жөндейтін көрінеді, – деді көзін калькулятордан алмастан, – 6847 теңге, – деді каспи QR-ын ашып. 

– Мен жерге қайта көшем-ау. Бала күнімде аспанда ұшқан ұшақтарға қызығып «ұша-а-ақ» деп жүгіруші-ем. Сондағысы олар аспанда ұшады, зеңгір көктен жерді көреді, дайым биікте дейтінмін. Құс болғым келетін. Соның бәрі аспанда қалықтап жерге биіктен қарау үшін еді. Биік болу үшін еді. Ал қазір ше? Биіктемін, алайда биікпін бе? Аспанда қалықтап, Жерге жете алмай қалдық қой, құрысын! 

– Ну, мечты сбываются, – деді сатушы бикеш мысқылдап. 

– Ары тұрасыз ба? – деді Есенді еңселі бір келіншек шынтағымен әнтек итеріп. Қолы тола дорба. 

– Мақұл, – деді Есен шетке ығысып. Сатушыға тағы бір үздігіп қарады. Құлағындағы темекісін қолына алып жатып, – бүгін бір рет шегемін, ертеңнен бастап тастаймын, – деді зорға күлімсіреп. 

– Иә, сеніп қалдым, – деді сатушы қыз иығын қиқаң еткізіп, миығынан күліп. 

Есен аулаға шыққанда жартыкеш Ай базардағы саудагер кемпірдің көзіндей мұңдана төніп тұр. 

– Шемішкеден алсаңшы, балам, – дейтіндей шашылған шекілдеуіктей жұлдыздарды ұсынып тұрып. Иә, жұлдыздар оның аңсарын оятып, қай-қайдағы сезімдерін түрткілеп жыпылықтайды. Ол темекісін шекпестен үйіне кірді. 

 

***

 

Есен әуе шар-пәтеріне енген соң әлгі шылымын шыдамай балконда тұрып шегуді ұйғарды. Бұған қарама-қарсы пәтер бос болатын. Осы күнге шейін ешкім қоныстанбаған еді, бүгін қараса шам жанып, үй ішінде ығы-жығы тіршілік бары білінеді. Қоныстарын тойлап жатса керек. Кенет балконға егделеу қарт пен жас бала шықты. 

– Мінеки, ата, мен жұмысымда табандылық танытып, ипотекамен үй алдым. Қалай, мені мақтан тұтасыз ба? – деді Тұрсын кеудесін мақтаныш кернеп. 

– Оһ, таза ауаның рахатын-ай! Құрысын тар үйден өкпем қысылып кетті ғой. Зау биіктен жүрегің айнып, басың айналады екен. Қан қысымым да көтеріліп кетті. О, Құданың құдіреті, Жерде жер қалмайды дегенді о заманда, бұ заман кім ойлаған. «Жүрсең – көре бересің» деген де осы екен-ау, – деді де қабағын шытып үй ішіне қарады. – Әй, бала шешелерің қашан қайтамыз дейді, – деді қарт балконнан асүйге кіріп бара жатып. 

– Қоныс құтты болсын, – деді Есен олардың әңгімесін құлағы шалып қалып. 

– Рақмет ағасы, – деді Тұрсынның дауысы жарқын-жарқын шығып. Қуанышында шек жоқ болса керек. 

– Енді үйге бір ханым керек десеңші. Неғыса біздің аулада бойдақ қыздар өте көп, – деді Есен көзін қысып, темекісін түтіндетіп.

– Жоқ-ә, аға, оған әлі ерте! Көп жұмыс істеп, ақша жинау керек. Мына үйдің ипотекасының өзі бір айлығымнан асып түседі. Енді күнкөрісіме тағы ақша табу керек, – дей бере дауысы бәсеңдей бастады, – Бастысы өз үйім, – деп қайта үні жаңғыра қалды. 

– Айтқандай, – деді Тұрсын балконнан басын шығарып, – ыстық су көптен бері жоқ па?

– Несін айтасың? Бұл жақта сол: жолы бар, су-газы бар әлі толық орнығып болмаған. Бірде бар, бірде жоқ. Үйреніп кетесің, – дегені сол балконға шығып келе жатқан көрші қыз Жанеркенің сыңғырлаған күлкісін естіді. Жалғыз емес көрінеді. Жақында тұрмысқа шыққан, соған қарағанда ері болса керек.

– Қырсықпаңыз, Жерге менің үйіме көшеміз. Мұнда қалай тұрмақпыз, – деді Саят өзінің қыңырлығы ұстап.  

– Мен аспанға үйреніп қалдым. Жерге түссем болды басым айналады. 

– Мына шар қашанғы үйді көтеріп тұра береді дейсің?

– Онсызда жер бетіндегі барлық адам кеңістіктегі Жер-шарында өмір сүріп жатқан жоқ па?! Жердің өзі бір шар сықпытты қаншама миллиард адамды көтеріп тұрғанда, біздің кішкене  шарымыз қуықтай үйді көтере алмайды деп ойлайсыз ба?                       

– Той құтты болсын, Жанерке! – деді осы кезде Есен сөзге араласып. Жас  жұбайлар әңгімелерін күрт тыя қап, бұған жалт қарады да, бірге:

– Рақмет, – деді. 

Жанерке күйеуіне қайта қарап әлдене дей бермекші еді есіне бірдеңе түсіп кетіп, көршісіне:

– Жаңа ғана ыстық су келді, білесіз бе? – деді сүйінші сұрағандай қуанып. 

– Рас па? Жақсы болды ғой, жұмыстан шаршап келгенде душ қабылдамасаң тағы болмайды... – деді темекісінің тұқылын күлсауытқа сөндіріп жатып. Іштей өз-өзіне «енді шекпеймін» дейді тағы.

– Аспаннан жер қандай әдемі көрінеді, – деді Тұрсын балконнан төменге қарап тұрып. 

– Аспаннан аспанға қараған тіпті әдемі, – дейді Жанерке көзін көктегі сан мың жұлдыздарға аударып.

– Ал маған Жерден аспанға қараған қаттырақ ұнайды, – дейді Саят өздерінің жарты жолда қап кеткен мәселесін ишарат етіп. Үшеуі «ал саған ше» дегендей Есенге қарап қояды. Бұл да сезгендей:

– Маған ештеме ұнамайды... Бұл мемлекет те, десе де отанымды сүйемін. Заң-тәртібі, мына тұрмыс, одан қалды мына бір шар-үйлері де ұнамайды, – деді айналасы тола шар-ғимараттарға көз тастап. – Жер бетінде адам сыймай жатыр деп, біздерді – жастарды аспанға шығарып жіберді. Жерде құлдай жұмсайды. Ал байлар болса бір қаланың орнын жекеменшік қып алды да, не өзі тұрмай, не өзгені тұрғызбай отырғаны анау. Менен ештеме сұрамаңдар, айтпаймын, – деді бос қалтасын қарманып. Бір ғана темекі алғаны енді есіне түссе керек, терең тыныс алды да:          

– Жақсы демалыңдар, көршілер! Қуаныштарың тағы да құтты болсын, – деп үйіне еніп кетті. 

«Қайырлы түн! Жақсы демал!» – деген дауыс әлсін-әлсін естіліп, сыртта қалып қойды.       

Өстіп жердегілер аспандағы әуе шар-үйлерінде жанған шамға, ал әуедегілер жердегі сан мың жарыққа – жұлдыздарға қарағандай ұза-а-ақ зер салады.     


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар