Нұрым Сырғабаев. Жазушылық - ұлы өнер, журналистика - кәсіп

27

Нұрым Сырғабаев. Жазушылық - ұлы өнер, журналистика - кәсіп - adebiportal.kz

Қазіргі заман ағымына, уақыт безбеніне қарап, базбіреулер журналистиканы кез келген адам жалына жармаса кететін жабы секілді көруі мүмкін. Алайда қасына жуыған адам оның қарайғанға құлағын қайшылап, елең қағатын, сағағына қол созған адамнан секемденіп, таралғыға аяқ артқанда тулап ала жөнелетін тарпаң мінезді қазанат екеніне көз жеткізе түседі. Кейде «Мен осы салаға қалай келдім?» - деген ой мазалайды. Сөйтсем, бәрі де бала күнімізде басталған екен. Әуелі үйдегілер отбасындағы балалардың жасына қарай әрқайсысын бір бір «Балдырған», «Ақжелкен» секілді балалар журналына жаздыратын. Егер мұндай журнал үйіңе келмейтін болса немесе келіп тұрған газет-журналдың бетін ашпасаң, өзіңнің бетің түбі бір ашылатын. Себебі бастауыш сыныптың өзінде мұғалім сондай бір журналда жарияланған қызықты оқиғаны оқушылармен бірге талқылайтын. Біреу «мына журналға жазыл» демесе де сыныптастарыңның арасында әлгі талқыланған тақырыптан мақұрым қалып, мыңқиып отырғаныңа намыстанасың, өзіңді қорсынасың. Содан кейін үйде қиғылық саласың. Әлі есімде, сондай бір балалар журналында «Крышка – қақпақ, спичка – шақпақ» деген сияқты орысша тіл сындыруға арналған тақпақтар жиі жарияланып тұратын. Соны оқи жүріп, өзіміз де сондай тақпақ құрауға талпынып көрдік. Мұндай жайт бойында ақындық қабілеті бар балаға әсер етпей қоймайтын. Сол кездерде түрлі ертегі кітаптар болатын. Ол уақытта ертегі оқымаған бала жоқ шығар, қазір ертегі тыңдаудың өзі ерлікпен барабар болып барады. 

Бастауыш сыныптардан кейін аздап газет оқуға көштік, бірақ біздің үйге бірде-бір газет келмейтін. Өйткені бала күнімізде әке-шешем кеңшардың малын бақты. Негізі үлкендерге арналған «Жалын», «Жұлдыз» секілді журналдарды тек сол қой ауылға барғанда ғана парақтайтынбыз. Айлап-апталап әрең жететін, бопыраған бума-бума газеттерді де сол кездері ел шопан ауылынан кезіктіретін. Жылдың әр мезгіліндегі оқушылар демалысында сол бізге талғажау еді. Орталықтағы бізге бас-көз болған әжем газет алмаса да, газет оқу біз үшін қиын мәселе емес еді. Өзімнен екі жас үлкен, әкемнің інісі, марқұм Сырым ағам екеуміз пошташы газет таратқан сайын кешкі жорыққа көшеге шығатынбыз. Кімнің шарбағына қыстырып кеткен газет-журналы сол күйі тұрса, сыпырып кететінбіз. Бірақ ағамның ақылымен «программасын», яғни телебағдарламасы жарияланатын бетін тастап кететінбіз. Ақыл кіре бастағанда бұл әдетті қойып, мектеп кітапханасынан әдеби кітаптар әкеліп оқитын болдық. 

Есейдік, бала мұртымыз тебіндеп, жігіт бола бастадық. 1993 жылы жазғы салымда әке-шешем малдан шықты. Бұл уақытта ағам ауыл кітапханасындағы кітаптарды оқып, тауысуға шақ қалған еді. Мен оның жаздырып әкелген кітаптарының кейбірін жағаласып оқығаным болмаса, ол секілді тереңдей алмадым. Жылдар өте елімізде қаржылық дағдарыс басталып, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен» заманды көрдік. Кейін білдім, бізбен бір көшеде тұрған Аманбек, Досбол деген жасы үлкен жігіттердің ауыл кітапханасында оқымаған кітабы қалмаған екен. Солардың қатарында 7-8 жас кіші болса да ағамның болғаны – мақтаныш. 

Мектеп бітіретін жылдары анам акционерлік қоғам болып қайта құрылған бұрынғы кеңшар кеңсесінің еденін жуды. Сол ұжымға бір күні жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының «Шеткері үйдің жарығы», «Елгезек Бағдаршам, Тоқ-Қуат және басқалар» деген балаларға арналған әңгімелері енген шағын бір топ кітап таратылған екен. Көсекеңнің балалар туралы әңгіме жазатынын сол кезде білдік. Әйтпесе ол кісінің есім-сойына журналист ретінде ғана сырттай қанық едік. 

Шешем ұжымдастарынан сұрап алып, маған жұмысынан газет-журналды да тасыды. «Жас Алашты» жастанып оқыдық. Онда «Ырғақ», «Студент» секілді арнайы беттер болатын. Студент демекші, бір жолы ел газеті – «Еgemen Qazaqstan» да жарияланған «Бүгінгі студенттер – ертеңгі жұмыссыздар» деген мақаланы оқығаным бар еді. Ол кезде жұмыс тапшы заман ғой, студент болудан қорыққан жоқпын, жағдай мұрша бермеді. Мұндай бақыт маған тағдырдың жазуымен сегіз жыл өткеннен кейін бұйырды. Халық сол кезде қатты қиналды. Ішерге ас таппай қалған күндер де болды. Қатты айтсақ, қарынның қамы алқымнан алған алмағайып заманның өзінде халық кітап пен газет-журналдан қол үзбеп еді. 

Ал бүгінгідей жұрттың жағдайы түзелген мына заманда оқырман неге сиреп кетті? Міне, бүгінгі қоғамдағы басты сұрақ осы болуы тиіс. Бір білетінім, біздің бала кезіміздегі кітап оқу мәдениетінің ар жағында үлкен тәрбие, терең мақсат жатқан екен. Мұғалім де, ата-ана да баланың қарны тоқ, көйлегі көк болғанын ғана ойламапты. Олар баладан дана, пендеден парасат-пайымы биік тұлға жасағысы келген екен-ау. Мектептің жоғары сыныптарына жеткенде біздің де бағытымыз біртіндеп айқындала бастады. Ауданаралық, облыстық айтыстарға қатысып, сөз өнеріне жаны жақын жаңа орта таптық. Кейін ойласам, сол орта мені журналистикаға қарай жетелеген екен. Әуелгі кезде жазу мәнеріміз жанары түскен жанды бірден жетектеп ала жөнелетін деңгейде болған жоқ. Талай қағазды шимайлап, талай қағазды умаждап қоқысқа лақтырдық. Қателестік, жазған-сызғанды қайта түзедік. Түрлі мектептен өттік. Қаламы қарымды журналистердің қасында жүріп тәлім алдық. Алғашында ұрыс естісек, уақыт өте келе мақтауға іліктік. Бірақ соның бәрі қалам ұстаған адамның маңдайына күні бұрын жазылып қоятын машақат па деймін. 

Қазір қарап отырсам, жастардың кейбірі ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргісі келеді. Бірден басшы болуға немесе тез арада танымал болуға бейіл тұрады. Редакциядан тәжірибеден өтуге келген болашақ журналистердің кейбірі мұны өздері-ақ байқатып қояды. Оған өкпе артудан аулақпыз. Әркімнің өз таңдауы, өз жолы бар. Бірақ кім қай жерде жүрсе де журналистиканың азабын тартпаған адам оның абызына айнала алмайды. Расында да бұл кәсіп, сөз жоқ, адамды атақ-даңққа жетелейді, ал оған дейін адам азаппен шыңдалатынын ұмытпауы керек. Кейбіреулер журналистика мен жазушылықты әділетсіздікке қарсы шүйіре сілтейтін, керек жерінде сабайтын көкшыбық секілді көреді. Негізінде ол қазақтың бақаны секілді. Кәдімгі бақан болады ғой, бұл соның екеуі екі жаққа айырылған басы. Бақан киіз үй тіккенде шаңырақты тіреу үшін қажет болса, журналистика мен жазушылық қоғамды тіреп тұру үшін қажет. Бұл жерде жазушылықты журналистиканың жетілген түрі десек те қателеспейміз. Негізінде жазушылық адамның талантына байланысты жұртты мойындататын ұлы өнер. Ал журналистика – кәсіп. Жазушылық еркіндікті қажет етсе, журналистика белгілі бір шеңберден шықпауды талап етіп, соған тән қалыпқа салып қояды. Сондықтан бойында жазушылық, ақындық дарыны бар адам журналистика саласында міндетті түрде жазушылық дарынын іске қосады. Ондай журналистердің жазуы өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Мұндай қабілет дәл қазір өмірімізге дендеп енген жасанды интеллект дәуірінде ауадай қажет деп ойлаймын. Жазушылық, ақындық қабілетінің арқасында жазуы жаныңды жай таптыратын замандастарым арамызда жетеді. Олардың әрқайсысы осы салаға өз қолтаңбасымен келген дарындар. Одан бөлек әр журналист әр салаға бейім келеді. Бірі спортқа, бірі руханиятқа, енді бірі сынға жақын дегендей. Солардың ішінде оқырманды ұстап тұратыны – тілі жатық, сөз байлығы мол, сауатты, зерделі журналистер. 

Қазір газеттің айналасында жүрген тілшілердің қатары сиреп бара жатқанын мойындауымыз керек. Бір кездері аудандық газеттер журналист даярлайтын үлкен ұстахана еді. Қаламы ұшталып, қарымы байқалғандарын облыстық басылымдар жұлып әкететін. Қазір жағдай мүлде өзгерді. Бүгінде аудандық газеттердің өзі кадр таппай отыр. Оның басты себептерінің бірі – тілшілер еңбегінің лайықты бағаланбауы, жалақының мардымсыздығы. Соның салдарынан салада кадр тапшылығы барған сайын айқын сезіле бастады. Бірақ осыған қарамастан сапалы газет шығару ісі тоқырауға ұшыраған жоқ. Журналистер арасында соңғы оқырман қалғанша қызмет ете беруге бейіл өз мамандығын сүйетіндер баршылық. Олар барда газет шығару ісі тоқырауға ұшырамайды. Кезінде қазақтың көзін ашқан, көкірегіне сәуле құйған, жұртты білім мен мәдениетке үндеген, уақытында ағартушылықтың ауыр жүгін арқалаған осы мерзімді басылымдар еді. Бүгінде жұрт осыны ұмытып бара жатқандай. Газет-журнал талай адамның тағдырына ықпал етті, талай жасты бақытқа жетеледі, бағын ашты. Кезінде пошташы арқалап апарған бір ғана газет бүтін бір әулеттің ортақ дүниесі іспетті болатын. Кейбір газет бір ауылда қолдан-қолға көшіп жүретін. Сол кездегі көзқараспен айтсақ, ол кезде газет оқырман іздеген жоқ, оқырман газетті іздеді. Қазір қарап отырсам, заман ағымы жұрттың денін телефонға телміртіп қойды. Кейбіреулер «ақпаратты түрлі интернет-сайттан оқи саламыз» деген оймен күн кешуде. Оларға танымдық, талдамалық, сараптамалық мақалалар мен сүбелі сұхбаттар керек емес секілді. 

Естуімше, алғаш теледидар пайда болған заманда енді театрдың оты сөнеді деп болжам айтқандар болған екен. Бірақ арада қаншама жылдар өтсе де театр әлі көрерменін жоғалтқан жоқ. Өйткені адам баласы қанша жерден жылтыраққа қызыққанымен, жасандылықтан тез жалығады. Бұл да сондай мәселе. Заман қанша құбылса да мерзімді басылым ақылдың азығы саналатын күн алда деп білемін. Кітап оқымаған адамды білімсіз, газет оқымағанды көкірек көзі соқыр демесек те, уақыт ненің не екенін әлден саралап беріп жатыр. Мерзімді басылымдардың қадірін қарапайым оқырман ғана емес, Мемлекет басшысы да бірнеше мәрте айтқан. Тіпті биыл Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі министрлер мен жоғары лауазымды шенеуніктерге қарата: «Бұл жөнінде жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады. Интернет ұзақ мәтінді оқудан алыстатты. Оның үстіне кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе зейнет жасына жеткен кезде ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар», - деген еді. Әңгіме лауазымды адамдардың газет оқыған оқымағанында емес. Мәселе адамның ойлау жүйесін дамыту машығында жатыр. Көлемді мәтінді оқуға шыдамы жетпеген адам күрделі мәселені де терең түсіне алмайды. Газет пен кітаптан алыстаған қоғам бірте-бірте сараптау қабілетінен айырылып, дайын пікірдің жетегінде кетуі әбден мүмкін. Қоғамда «газет-журнал бағасының қымбаттығынан ел жаздырып оқығысы келмейді» деген де пікір бар. Мерзімді басылымның қадірін оның бағасымен немесе таралымымен өлшеу ағаттық. 

Газет бағасының қымбаттауын жалпы оқырман редакциялармен байланыстыруы мүмкін. Газетті беттеп, баспаға жіберетіндер қалтасын қампайтудың қамымен жүрген жоқ. Шынтуайтында, мәселенің мәнісі мүлде басқада. Расы сол, газетті баспаға дайындау, оны басып шығару ісі ешқашан оңай болмаған. Дегенмен бүгінде мерзімді басылымдардың мойнын қажаған қыларқанның газетті әр оқырманның қолына ұстату үшін жетегіне алған жеткізу құны болып тұрғанын ескеруіміз керек. Біздің де жанымызды газетті шығару ісінен бөлек, әр газетті әр ауылдағы оқырманның қолына тигізу ісі жай тапқызбайды. Бірақ амал қанша? Бүгінде ел мен елдің, ауыл мен ауылдың арасында хат-хабар таситын пошта қызметінің түкірігі жерге түспей тұр. Атқарған қызметінің салмағын алтынмен өлшейтін алпауыт компания ұсынатын қызметтің құнын қазіргі кезде қымбаттатып тастаған. Осының салдарынан кейбір оқырман газетке жазылуды кейінге ысыруы да мүмкін. Бірақ газетке жарты жылға жазылу үшін қалтасындағы 5-6 мың теңгесін қимай, есесіне болмайтын сауық-сайранға жүз мыңдап ақша шашатын таныстарды талай көргенбіз. Соған қарағанда, мәселе газеттің ақысында емес, әр адамның рухани құндылықтарды өлшейтін безбенінде жатқандай. Қалай десек те мерзімді басылымның тағдыры, оның ғұмырының ұзақтығы оқырманның қолдауына байланысты. Бүгінде оқырман саны біршама азайды демесек, редакциямызға мәселе көтере келетін тұрғындар да, жазған дүниесін қолтығына қыстырып табалдырық аттайтын тұрақты авторлар да, қандай да бір мақалаға қатысты пікірін білдіріп жататын тұрақты оқырман да жетерлік. Ел ішінде сөздің қадірін білетін, сөз зергерлерінің еңбегін бағалайтын, талқыға түскен мәселені таразылауға сауаты жететін ойлы оқырман барда мерзімді басылымдардың бағы сөнбейді. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan