Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
"Өлең, кейін дәуірлетер даңқымды..."...

04.05.2015 2814

"Өлең, кейін дәуірлетер даңқымды..."

"Өлең, кейін дәуірлетер даңқымды..." - adebiportal.kz
434_9c6f85edb77ca87ed29b08ba89515bd9.jpg
Бүгін ақын, сатирик, журналист Еркеғали Бейсеновтің туған күні. «Шабыт-2006» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалiнiң «Журналистика» номинациясы бойынша I орын иегерi. «Қайран, құндылық!..» атты жыр жинағының авторы. 
Жас қаламгерді туған күнімен құттықтай отырып, назарларыңызға өлеңдерін ұсынамыз.

















Серт

Өлең, сенің кір келтірмес атыңа,
Сирек ақын қатарына қосылдым!
Жарамсақтың жармаспауын бақыла,
Шаужайына Шабыт атты досымның!

Сенің жауың ажалдан да қауіпті,
Мені құртса, тағы сирер ғұмырың!
Талай ізді жасыруға шаңытты,
Шығарып жүр ұлы көштің ығырын.

Лас қолымен сығып аққу мойныңнан,
Сілкіп-сілкіп, сілікпеңді шығарды.
Бола қоймас ол көздеген ой құрбан,
Сындарынан әлдеқайда құнарлы!

Биіксің ғой!
Том-том жинақ – сілемің.
Етегіңнен мін іздеуде білгіштер.
Ұстанымын білемін де, күлемін,
«Мықтыларды мұқалтуға тырмыс!» дер.

Өлең, кейін дәуірлетер даңқымды,
Бойға таза киең қону – саған серт!
Бұзбай ұстар мына көркем қалпыңды,
Сенің сирек иең болу – маған серт!


Талант тағдыры

Кеңседегі кербездер, сенсің күйлі,
Биік, терең, қалыңсың, кеңсің мейлі!..
Құр тарбиған бұтақтар гүлдеп алып,
Тасадағы тамырын менсінбейді.

Таң мен кештің сапында қаздидыңдар,
Тиын-тірлік әнімен азды милар...
Бабы келген тұлпардың шапқанындай,
Көп ізденген шын талант аз қимылдар!

Ақын айтса, естиді жырды керең,
Дауламас ел ешқандай құнды менен.
Жаңсақ ұғым, жалаң ой, жасанды сөз,
«Шығармашыл тұлғалар – жынды» деген.

Болмысымыз – мөлдіреп тұну ғана,
Таласпадық еш биік тұғырға да.
Бұқараның аузымен айтқан сырлар –
Өзіміздің бір мысқал ғұмырнама.

Көрсеткенмен шамалап түсін игі,
Жанымызды жалпы жұрт түсінбейді.
Өрендерін өздері өкпелетіп,
«Өнерлінің міндеті – ішу» дейді.

Тұрар ылғи шығатын төрі суып,
Таланттардың қашанда өңі сынық.
Туыс, жолдас, отбасы бар болғанмен,
Жалғыздықпен келеміз өмір сүріп.

Ұмытылар мәрелер шаппай жеткен,
Жүйріктерді шабандар сатпай, неткен?!.
Ұлын халық іздейді өлгеннен соң,
Тірісінде өз-өзін таппай кеткен.


Сұлулыққа сұқтану

О, неткен әдемісің?!.
Бұралып, әне, мүсін,
Жүргендейсің өлеңдік дәлел үшін!

Жер басқан нық табаның –
Керемет құнттағаның.
Тық-тық етіп, елітті тік қадамың!

Бойдағы ырықты алдың,
Сілейіп тұрып қалдым.
Телмірттің-ау, теңеуі шыбық-талдың!

Ұйыған нұр-иманың
Жүзіңде тұр, ибалым.
Шуақ шашты сызыла жымиғаның!

Періште күйіңде сен,
Пендеге иілмес ең...
Тіл күрмеулі, бірдеңе дейін десем!


Туған жерім

Ұстаз еттің өзің шыңды,
Аласармас шын биікпін.
Бойлатпайтын өзімшілді,
Өзеніңдей тұңғиықпын.

Жазығыңнан кеңдік алған,
Тарылмайды пейілім де.
Нуларыңдай мендік арман,
Сағымыңдай күйім мүлде.

Сарғайған көп сағынышым,
Селеуіңдей нөкер кілең.
Мөлдір шықтай арым үшін,
Дауылыңдай көтерілем.

Күнді тартқан терістікке,
Ақ таңыңдай түрім міне!
Қиял шәкірт кеңістікке,
Ғұмыр шәкірт іңіріңе.

Табиғатың сондай еді,
Сондай еді, туған жерім.
Жат бауырдай болмай енді,
Жетуге серт, буған белім!


Түнгі Астана

Сақталған шама қандай,
Әсемдік ережелер!..
Шыңдардан қарағандай
Үкікөз терезелер.

Арқалап сағынышты,
Ай сүйген қалаға бар!
Жүзіне шағылысты,
Меруерт самалалар.

Есілім – толқымалы
көк көйлек алтын зерлі.
Жел желпіп ол тұрады,
Баса бер, мауқыңды енді!

Алмастай қорытылған,
Ағылған көліктері –
Түнекке тоғытылған
Сәулелі бөліктері.

Осындай түнгі Астана,
Аңғарсаң егер дұрыс!
Менімен сырлас жаға –
Тылсым да, елеулі күш!


Жадымдағы жағалау

Киесі тұнып ағып,
Толқып тұр суым анық.
Тістелеп, ойға баттым,
Көдені жұлып алып.

Айналам – сырлас тола,
Көбіне тынбас сона.
Балтырын балық сипап,
Селк етті бір жас қоға.

Қобызы сыбағалы,
Қызына сыналады.
Тына қап, шөп артынан
Шегіртке сығалады.

Қасына шылау іркіп,
Тығылды жылан үркіп.
Кесіртке бас қисайтты,
Таңдана шырамытып.

Ырғалмай тағы шыбық,
Тұрғандай сағы сынып.
Инелік тыныққанда,
Иілді ауырсынып.

Игеріп жүгін ебі,
Құмырсқа жүгіреді... 
Шашымды жел сипады,
Бет шарпып жылы демі.

Жүретін халық танып,
Жайына сауық қалып,
Жап-жасыл жағалауда 
Отырдым шабыттанып,
Отырдым шабыттанып!


Жаңбырдан кейін

Жер тәнін мамық бұлт басып,
Тәңір нұрымен жебесе,
Жаңбырдан кейін сыртқа шық,
Аш терезеңді немесе!

Керемет сәті жаздың ең,
Тұратын мөлтек тамызып!
Жаңбырдан кейін азды-кем,
Тұнық ауаны тағы жұт!

Серуен құрып қайтсаңшы,
Жаңбырдан кейін, қарағым!
Бір себілгенін айтсаңшы...
Иіссуы ғой, даланың!


Сағым

Елестейді тосыннан,
Жоқ бұрынғы іздері...
Көкжиекте жосылған,
Киіктердің тізбегі!

Кей-кейде бұл бір «елес»,
Болды мұхит толқыны.
Толқығаны түк емес,
Топан судай сол құны!

Тұрды сосын кезекте,
Көк орамал желбіреп.
Жақындаған мезетте,
Сөгітілді селдіреп.

Құбылтқан көк түсін мың,
Жер жиегі – бедерлі.
...Есейгенде түсіндім,
«Сағым қуу» дегенді.

Асығыс адамдар

Жүрмесе бүйтіп кәрленбей түге,
Өмірлеріне сән келмейді ме?!
Есендесерлік уақыттары жоқ,
Біреуге біреу мән бермейді де.

Көп қимылдатпай ұртын да тәбет,
«Жұмыс, жұмыс» деп тырпыңдап әлек.
Шамалы сонда тындырғандары,
Байқалмаса да бір тынбақ әдет.

Қатырып қатты басын іс қамы,
Біреу мен біреу рас ұғыспады.
Тірелер жерін білмесе де сол, 
Мақсатсыздардың асығыс бәрі!

Далаң да далаң, далаң етегі,
Далақтап тегі, қаға кетеді.
Ауаны ессе, еленер дей ме, 
Бұйрық, өкімге адал екені?!

Болғандай бүгін шама жетпейтін,
Тосылды ақыл адам ептейтін...
Сарсаң сабылыс саябыр тапсын, 
Қиямет жаққа ғана беттейтін!


Тағылым

Ұнатқаным – шайпау екен, ұстамсыз,
Тәрбиелі сияқты-тын фотода.
Тағдырларға тіл сұғады тұспалсыз.
О, тоба!

Дос дегенім – долбар екен, жөн емес,
Таппағандай талғамыма сай киім.
Тышталаңдап, тіленері – төбелес.
Қайтейін...

Бастығымыз – қи қоңызы бейне бір,
Теңгемізден май түзілді қасқаға.
Жүйкемізге жүгіртеді ши жеңіл.
Масқара!

Өңшең менмен, шын Құдірет барын біл,
Жұмыр жерге жанды бірдей таратқан!
Бір тамшыны тәнің еткен таным бұл –
Жаратқан!

Әмірі мен құлдық реті – леп белгі,
Нүкте-ғұмыр, асқақтап көр, ал, қане!..
Үтір-жасты иіп келсе шек бергі,
Тәубә де!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар