Бұл сауал көп қаламгерді толғандырғаны анық. Сағыныштан, ғашықтықтан, мұңнан, әсерден, ойдан, қиялдан туды десек те, түпкі бір себептің бары анық қой. Оқырманға қызығы да сол болса керек. Шығармашылық адамдардың ішкі әлеміне енуге құштар. Бәлкім, өлеңнің қалай туғанын білгісі келер. Сол сұрақтарға жауап іздеп қаламгерлерден сыр тартқан едік.
Тосын қойылған сауалға тосырқамай алғашқы жауап бергендердің бірі көрнекті ақын, халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері Абзал БӨКЕН ағамыз болды.
Бұдан қырық жыл бұрынғы уақыт екен. Жастау кезі. Қасында келіншегі бар. Алдынан көрген жанның көзін суырғандай бір сұлу қыз өте шығыпты. Тал бойына жарасқан тамаша көйлегімен жарқ-жұрқ етіп кетіп бара жатады.
Тұла бойын шарпып өткен сезімді іркіп қалу мүмкін бе? Бірақ "мен сендікпін",— деп жүрген қосағына да мынау не деген керемет қыз еді, - деп айта алмайды ғой. Содан әлгі сұлудың киген көлегінің қонымды, матасының да тәуір екенін айтып, іштегі көңіл құйынын басқандай болады.
Бірақ үйге келген соң да әлгі әсерден арыла алмай, өлең жазуға отырады.
- Сылқым сұлудың қымбат көйлегін шыт көйлекпен айырбастауға тура келді. Контрастың қисынына сәйкес арзан матадан тігілген киім ішінде әлгіндей супер сұлудың тұрғанын меңзеу мейлінше әсерлі болмақ. Көйлектің жағасы арқылы аққу мойнын, жеңі арқылы жұмыр білегін, белбеуі арқылы қыпша белін, етегі арқылы аппақ балтырын бейнелей келіп:
"Қарсы келсем өрлемесін қалай дау,
Көнген болдым, ол да соны қалайды-ау.
О, сұлулық, сені кейде жырлауға,
Сәндеп тіккен шыт көйлек те жарайды-ау", - деп аяқтадым. Бұл 1980-жылдың 17-тамызы болатын. Бірақ күні кеше жазылғандай... Оқып көріңіз:
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Шыт көйлек
Ал, ақын Мұрат ШАЙМАРАН ағамыз үшін өлең әсерден, сезінуден туады екен. Әсер еткен дүние көпке дейін санасында сақталып қалады. Тіпті бір талай уақытқа ұмыт қалуы да мүмкін. Күні жеткенде ойына сап етіп өлең боп қайта оралады. Мысалы "Бота" деген балладасы бар. Негізгі жүгі - арғы беттегі қазақтың тағдыры, мұңы. Бұл шығарманың сипаты хақында Асылбек Байтан жазған болатын. "Ботаның" тууына себеп болған оқиға шығарма жазылудан екі жылдай бұрын болыпты. Үрімжі қаласында іссапармен жүріп, бір күні үлкен бақтан арқандаулы тұрған ботаны көреді. Түйе баласын көрмеген өзге ұлт өкілдері қасында қаптап тұрады. «Енді, ботаның көзін-ай» - дейді, сондағы. Үлкен, жәудіреген көзінің шанағына жас толып кеткен. Жан-жағына жапақ-жарақ қарайды екен. Есіне бірден бала кезі оралады.
- Атамыздың ауылына барғанда көктеуліктен жайлауға түйелі көшпен жететінбіз. Екі өркештің ортасында немесе артқан кебеженің ішінде қалғып-шұлғып, изек қағып талай кетіп бара жатқанбыз. Көшпелі өмір салтын көрген адамға түйе ыстық, тым жақын сезіледі екен. Бұл оқиға маған қатты әсер етті. Көпке дейін екі тірсегі дірілдеп, енесін, даласын аңсап тұрған бота көз алдымнан кетпей қойды. Бірақ мен ол кезде бота туралы жыр жазам деп ойлаған жоқпын. Арада екі жылдай өткен соң, әлгі әсер ұмтыла бастағанда барып, кенеттен "Бота" дүниеге келді. Сол кездегі ботаның тағдырына арналған аяушылық сезім ұлттың болашағына деген алаңдаушылыққа, ұрпақтың бодандыққа батқан болашағынан туған мұңға ұласты.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Бота
Ал, ақын Серікзат ағамыздың атасы Дүйсенғазының әкесіне еншіге қалдырған үлкен көк биесі болыпты. Сол биеден туған құлындарды әкесі ұрпағына жыл сайын бәсіреге атап отыратын дәстүрі болыпты. Атаған құлындарды өздері баптап, ауылдағы тай жарысқа қосады екен. Ол енді өз алдына бір ғажап әңгіме. Төртінші сынып оқып жүргенде әкесі ақынға бір көк құлынды атайды. Соны ауылдың орталығына әкеліп тай жарысқа қосып жүреді. Көк тайы керемет жүйрік болады. Әр жексенбіде тай жарыс өтеді. Бір топ бала тайларына мініп, ауылдың сыртында бес шақырымдай жерден көрінетін биік ақ бағаналардың тұсынан тізгінді жібереді. Ауылдың үлкен-кішісі ашық алаңқайда шулап күтіп тұрады. Мәре сол жерде. Сол мәреге талай мәрте оқ бойы озып жетіпті. Тайым топтан озған сайын мәртебесі өсіп, мерейі тасиды.
Жазда жайлауда той болған үйлер көкпар береді. Есейе келе көкдөненімен сол көкпарға да қатысады. Әкесінің бригадасында жұмыс істейтін Бейімбет, Көшкінбай деген ағалары болады. Бейімбет марқұм өте қарулы жігіт. Ақынды дөненіммен көкпарға ертіп барып, өзі тақымнан суырған серкені алдына өңгеріп береді. Көкдөнен топтан сытылып шығуға епті жануар екен. Соның арқасында талай тойда олжа салған. Кейін өзі оқуға аттанғанда бір қимас жануары сол дөнені болыпты. Дөненді әкесі өзі үйленгенше ешкімге бермеген. Үйленген жылы сол кәрі жылқыны ырымдап тойына сойыпты. Оны өзі кейін білген. Құдайдың құдіреті, кейін сол дөненім үнемі түсіне енеді. Оны жақсылыққа жорып жүреді. Бір күні түсіне кісінеген дөнені кіреді. Таңертең ояна сала осы өлеңді жазған екен.
2008 жылы көктемде Жүрсін Ерман аға хабарласып, «Бір өлең – бір әлем» деген республикалық мүшәйрадан осы өлеңі бас жүлде алғанын хабарлайды. Өлеңді сайысқа радиода істеп жүрген шәкірті Иранғайып Күзембаев қосып жіберіпті. Бас жүлдеге тігілген «Волга» автокөлігін М.Әуезов атындағы академиялық театрда өтетін салтанатты жиынға барып, қазылар мен демеушілердің қолынан алуы керек екен. Оны «Қазақстан» ұлттық арнасы түсіріп, арнайы көрсетпек.
- Бірақ мен сол күнге университетте ректордың тапсырмасымен «МузАРТ» тобының студенттермен кездесуін белгілеп қойып едім. Оның ұйымдастырушысы да, жүргізушісі де, сценаристі де өзім едім. Билеттер таратылып, мың орындық залға халық шақырылып қойған болатын. Сол жауапты жиынды тастап кете алмадым. Кейін қазылар шешімді қайта қарап, бас жүлдені басқа адамға берді. Менің өлеңімді мүшәйраның кейінгі кезеңіне қосып, ол кезеңде екінші орын бұйырды. Солайша, көкдөненім маған өлең арқылы да жүлде алып берген жүйрік еді ғой.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Көкдөнен
Ауылын сағынып жеткен адамның арқалап қайтатын екі күйі болады. Ол сағыныш пен мұң. Сағыныш балалығыңды аңсаудан, өткенді іздеуден, ата-анаңды, көнекөз қарияларды жоқтаған көңілдің еншісі. Орнын ешкім толтыра алмас сол жандардың оралмасын білгенде еріксіз мұңға батасың. Ауылдан арман қуып аттанған адамның көңілінде әлі күнге бәрі сол қаз-қалпында тұрғандай көрінетіні бар. Барсаң мүлдем басқа ауылға келгендей күй кешесің. Өйткені сенің бала күнгі көргендерің, тұрған үйің енді жоқ. Қаңырап орны ғана қалған. Дәл осы күйді басынан кешкен ақын Қалқаман САРИН ағамыз қатты толқиды.
- Архаттағы өзім өскен ескі үйдің орнына барғанда әкем еккен қос қарағашқа көзім түсті. Жарықтық әкемнің көзіндей өзіме ыстық көрінді. Қос алыбым қарсы алдымнан күтіп алуға шыққандай елестеді. Жүрегімді өртеген осы күй кейін өлең болып құйылып түсті.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Елге барсам...
Ақын Гүлманат ӘУЕЛХАН: Өлеңге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Өлең деген, жалпы жазу деген дүние өте киелі болады. ҚАЗАҚ маңдайдағы жазудан деп текке айтпаған ғой. Өлең де солай, туғанда маңдайымызға жазылып, таңдайымызға ұя салған құдірет. Кейде неше айлап, жылдап бір өлең жаза алмайсың. Шабытың келгенде бір күннің өзінде бірнеше өлең жазып тастайтын кездер болады. Күйбең тіршіліктің көлеңкесінде жүріп, өлең тұрмақ, өзіңді де ұмытып кететін кездер болады. Ақын жүрегінен шыққан жырлар әрқашан сезімнің шынайлығымен, жанның тазалығымен құнды болмақ деп ойлаймын. Мен үшін поэзия жаңбырдың сіркіреп өте шыққанындай нәзік әрі ғажайып құбылыс.
Менің өлеңге деген құштарлығымды оятқан алғашқы ұстазым - ол әкем болды. Ол кісі Қазақ тілі мен әдебиеті пәннің мұғалімі, өзі де өлеңге өгей емес. Көптеген мақалалармен өлеңдердің авторы. 2000жылдардың басында өлең мен өмірдегі асыл Ағаларым Мұрат Шаймыранның «Түнгі сарын» кітабын, Мұратхан Шоқанның «Жирманың жалыны» атты кітабын оқып өлең өлкесіне кіріп кеттім. Әкемнің тапсырысмен Алғаш «Қары тауда қасқыр ұлып» деген тақырыпта өлең жазуым керек болды. Қарлы тауды көрсемде дәл сол кезге дейін қасқырды телевизордан ғана көріппін. Түнімен отырып үш шумақ өлең жазып ертесі әкеме көрсеттім. 2004жылы елге оралғасын және бір шумақ қосып тәп-тәуір бір өлең жазғандай мәз болдым. Кейін бұл өлең Қазақ Әдебиеті газетінің жасқалам бетінде жарық көрді.
Өлеңнің де өзінің бір толғағы келіп, пісіп-жетіліп, көсілетін кезі болады. Сондықтан өлең жаныңнан жүрегіңнен шыққан кезде ғана "Мен ақынмын, мен өлең жаздым "- деп тақпақ жазып өзіңді және өзгені алдамайтын боласың..
Өлең жазайық, өмірді жазайық .....
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Көк бөріні сүйемін...
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ: Н. Гоголдің "Ревизорында" сынайтын шенеуніктерін қоғамда күнде көріп жүрміз. Беті жылтыр, сөзі тайғақ, көзі тоқтамайтын екіжүзді осындай шенеуніктің бірімен мен де жолдас болып көрдім. Өте жақсы араластық. «Бет бергенде шырайы сондай жақсы» еді шіркіннің... Сол қолымен қанжар сұғып, оң қолымен жем шашып отыратын. Ішім бір дүниені сезсе де өзімді бекер күдіктен аулақ болуға шақырғам. Ит иттігін дәлелдейді ғой. Ақыры көзім жетті. Ол кезде облыста жүр еді. Сол шенеунік жақында республикалық деңгейге көтерілді деп естідім. Әлгінің салған әуресі ақыры мынандай өлеңге айналды.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Шенеунік
Олжас ҚАСЫМ: Француз жазушысы Экзюперидің «біздің шыққан тегіміз балалық шақ» деген керемет сөзін еске түсірдіңіз. Расымен де аталған кейіпкерлерді мен аяулы балалық шақты кешіп жүрген кезімде тауып алғанмын. Яғни туған ауылымның тұрғындары. Шәку апа ауылымыздағы нағыз еңбекқор жанның бірі еді. Таңның атысынан күннің батысына дейін бел жазбай жұмыс істейтін. Бел-белесті, адыр-қыратты кезіп тезек теретін. Егде тартып қалса да бір тынбай еңбектенуші еді. Қылышын сүйретіп қыс келгенде ол кісінің қорасы қи мен тезекке толып тұратын. Шәку апа қазір Семей қаласында тұрады. Әжеміздің таудай бейнесі менің көзқарасымдағы нағыз еңбекқор жандардың жиынтық образы іспетті. Ал Бықия ақсақал туралы да көп айтуға болады. Қария біздің көршіміз болатын. Өле өлгенше үйінде жалғыз ғұмыр кешті, жарықтық. Соғыс кезінде тылда еңбек еткенін ерекше еске алып сыр шертетін. Өлеңде жазылғандай сұр атына арнап арқан есіп, қою күрең шайын сораптап ішіп отыратын асыл адам еді. Мені баласындай көріп, тіпті зейнетақысын да маған санататын. Балалық шағыма ойша сапар шеккенде Бықия ақсақалдың дегдар бейнесі көз алдымнан кетпейді. Жалғыздық туралы ойласам Бықия қарт елестейді. «Глобус туралы баллададағы» Дастан да он бір жыл бірге оқыған досым, сыныптасым. Ақкөңіл, жайдары жігіттердің бірі. Ол глобусты ұрлап шықпаса бәлкім мұндай өлең де тумас та еді. Сондықтан кейіпкерлеріме рахмет айтамын. Көңілімді қозғаған бұл жандар ойдан шықпағанын енді аңдаған боларсыз. «Мені жаз, мені жаз» деп жүрегімнің қақпасын қағып тұрған кейіпкерлер аз емес. Уақыт болса олар туралы да жазыла жатар.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Глобус туралы баллада
***
7 жылдан соң жазылған өлең
Шығарма түрлі жағдайда, ерекше әсерден туады. Кейбір туынды бір мезетте жазылса, енді бірі ұзақ уақыт санада жатталып, мида пісетіні бар. Менің өлеңдерімнің жазылу тарихы әр қилы. Мәселен, «Қар еріген» деген өлеңімнің алғашқы шумағы ойыма 2009 жылы түсті. Жалғастырып жазайын деп қанша мәрте оқталғаныммен қағазға түсіре алмадым. Әр көктем сайын әлгі бір шумақ ойға оралады да тұрады. Қар еріген кезде сол шумақ шулап қоя беретін болды. Бірақ оңтайлы сәтті күтіп, жазуға асықпадым. Ақыры Алматыда туындаған жыр 2016 жылы 7 жылдан кейін Астанада толықтай жазылып бітті. Бұл жыр студенттік кездегі әлдебір сезімнің, әлдебір әсердің, әлдебір көңіл-күйдің қағаздағы сұлбасы десем болады.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Қар еріген
Мирас АСАН: Бір өлеңнің тарихы деген өте қызықты тақырып екені рас. Бірақ көбіне бұл сұраққа жауап бергіміз келмей жатады. Себебі жан сырыңның барлығын жалпақ жұртқа жайып салғанды өз басым ұнатпайды екенмін. Кейде, өлеңнің тарихы деген өлеңнің өзі емес пе деп те ойлаймын. Өлең – өміріміздің үзік-үзік сәттері, қалтарыс, бұлтарыстары, қамыққан, қуанған, түсінген, жаза басқан жерлерің емес пе?
Қайбір жылы Қарағандыға ақын Мұхтар Шаханов кеш бермекші болды. Зал лық толы адам. Кеш басталар алдында ақынға сәлем беріп шығайық деп Серік Ақсұңқарұлы ағамыз бізді, бір топ жас ақынды ертіп сахнаның сыртындағы демалыс бөлмесіне қарай шықты. Барсақ Мұқаң шайын ішіп отыр, сахнаға сақадай сай екен. Тура сол кезде Мұхтар ақынның жалынды жырлары мұқтарам жамағатқа жаққанымен, биіктегі билікке қатты ұнай қоймайтын. Әкім-қараларда зәре жоқ. Секең ақын ағасына бір жағы жаны ашып: – Мұқа, мен сізге бір ақыл айтайын! Бүгін сахнада ешқандай саяси өлең оқымай қойыңыз. Мына жақтағыларды солай жынды қылу керек, – деді қарқылдап. Мұқаң жарайды дегендей қылған, алайда арқаланған ақын саясатқа бәрібір соқпай өтпеді.
Ақынның саяси өлеңдерінде неміз бар, «Танагөз» деген кітабын жаттап өскен біз ақынға біраз сұрақтар қойдық. Әңгіме Шыңғыс Айтматовқа қарай ойысты. «Ақын жүргі бәрін сезеді» деді Мұқаң. «Шыңғыстың, рухани ағам, сырлас досым, серіктесім болған классик жазушының бақиға аттанғанын ел-жұрттан естімей жатып, өзім қалай сезіп қойғанымды айтып берейін. Үйімнің шай ішетін бөлмесінде оңашалау тұратын ескілеу төсек болды. Кішкентай кезімнен сол төсекке жата кетемін, жұмыстан шаршап келсем де қисая саламын, сол төсек өзіме қатты ұнайтын. Бір күні кешке қарай әлгі төсекке жантая бергенім сол еді, төсек морт сынды. Былай қарасаң жай мүлік қой, бірақ көңіліме алып қалдым. Сөйткенше болған жоқ, Шыңғыс көкем қатпас сапарға аттанды деген хабар келді» деп тоқтады.
Біз де албырт жас ақын әлгі оқиғаға қатты әсерленіп, үйге жетер-жетпестен «Төсек» деген өлеңді жазып тастадық. Ел өлеңді өте жылы қабылдады. Кез келген ортада сұрайтын болды. Басында «Төсек» деген атауын естігенде ел ду күледі. Себебі, төсекті басқа жағынан жырлайды деп ойлайды. Оның ар жағындағы үлкен тақырыпты, адам жанының біз білмейтін байланыстарын сезгендей болғанда еріксіз ойланып қалады.
Кейіннен кітапқа «Төсек» деген атауын ауыстырып, «Кереует» деп қойдық. Мархабат.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Кереует
***
Әр өлеңнің тарихы – жеке әлем ғой. Менің бір өлеңім бар, ол өлең ақын досым Жанат Жаңқашұлының енді шығатын кітабында жүр. Кезінде қызық болсын, ертең айта жүрер тарихқа тұздық деп екеуіміз бір-бір өлеңнен ауысқан едік. Мен «Сүйесің, жүрек, сүйесің» деген кітабыма Жанаттың бір өлеңін қостым. Сол өлеңді кім табады екен деп бәйге де жарияладық, алайда ешкім әлі тапқан жоқ. Ол өлеңдерді бір-біріміздің жазу мәнерімізге ұқсатып жазғандығымыздан да шығар, әлі күнге дейін менің кітабымдағы Жанаттың өлеңін ешкім тап баса алмады. Тағы да айтайын, менің өлеңім Жанаттың енді шығатын кітабында қатталып жатыр, кітап жарыққа шығып, әлгі өлеңді тапқан адамға тамаша сый-кәдем бар.
Ең қызығы ол қандай өлең екенін өзім де ұмыта бастадым. Себебі, ол ешқайда жарияланбады, жаздым да Жанатқа жолдадым. Жанат та өз өлеңін кітабымнан зорға тапты.
Мерей ҚАРТ: Әр өлең - әр түрлі сезімнен туады. Жабырқау сәтіңде мұңлы, жадырап отырсаң көңілді жырлар дүниеге келіп жатады. Ең бастысы көңіл-күйге байланысты екенін жасыра алмайсың. Кейде Ертіс жағалап немесе тау-тас аралап жүріп те санаңа жаза бересің, кейін қаз-қалпында қағазға төгіле салады.
Бірде, қызым Әдемі бояу-қарындаштарын сайлап, ақ параққа сурет сала бастады. Қызықтап, біз отырмыз. Біресе өшіреді, қайта шимайлайды. Жандүниесінде астан-кестең сезімдер арпалысып жатқанын іштей сезесің. Түйсінген табиғат пен таныған ортасын талмай бояйды. Арасында,
- Әке, Айдың түсі ақ па, сұр ма, аспанда қанша жұлдыз бар?! - деген сияқты сұрақтарын жаудыртып қояды. Мен де баланың қиялын ұштап, ертегі әлеміндегідей әңгімелеп отырмын. Салып жатқан суретіне байқамай кірісіп кетіппін. Енді шегінерге жол жоқ. Әдемі, қиялынан туған шығармасын аяқтайын деп қалғанда, дәл ортасына жарқыратып Күн салды. Әдемі суретін әрлеп, өз әуресін өзінде. Бағанадан қызықтап қарап отырғаным өлең болып оралды. Әп-сәтте ақ қағазға түсірдім. Сурет - поэзия, поэзия - суреттей болу керек екенін, тағы бір түсіндім.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Қызымның қылқаламы
Мұқият ҚОЙШЫБАЙ: Анашым Қытайда тұрады. Көріспегенімізге тоғыз жылдай уақыт өтті. Баруға қаншалықты оқталғаныммен бара алмадым. Шауып жететін көрші ауыл немесе ел іші емес. Белгілі бір қиындықтары бар. Ол кісілердің де бері өтуіне тосқауылдар көп. Болмаса тоғыз жыл анасын көрмейтін тасжүрек, тасбауыр емеспін ғой. Ал анашым баласын көргісі, отауына, Отанына келгісі келмейді дейсің бе?..
Бұл менің ғана басымдағы жағдай емес, мен сияқты қаншама тағдырлар бар...
Ал, мен анашыммен оқта-текте ғана сөйлесемін. Жиі сөйлесе алмаймыз. Оның да өз себебі бар. Әр сөйлескен сайын сай-сүйегім сырқырап, ішім қанжылап тұрады. Көнбеске қайран жоқ. Бұрын сөйлескенде анашым мені жігерлендіріп тұрушы еді. Жақында өйтпеді. Көңілі жасып, көп жылады. Жұбата алмадым. Не деп жұбатам, не айта аламын?
Жан азабы көз жасымен кетсін дедім.
"Анашым жыламашы" деген өлең сонда туды.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Анашым, жыламашы...
Бауыржан ИГІЛІК: Өлең жазу үшін құдды бір догмаға батқан аскеттер сияқты өз жанымды өзім қинауға құмармын... Өртеніп сүйемін, өлердей шашыламын, қалтқысыз сенемін, қаперсіз араласамын... Аяғында ауызым күйеді, жүрегім сыздайды, өлең туады! Әннің мұңлысын тыңдаймын, киноның аяныштысын көремін. Өлім жайлы көп ойлаймын. Көп қаңғырамын... Қайсыбір құбылысқа кезіксем, бүкіл болмысыммен сезінуге тырысамын, өзімді аңдимын... Өлеңнің кілті мен үшін сол. Бірақ, біздің елде, бүгінгі күнде жүрегі бар адам үшін қинамайтын нәрсе аз... Ашылсақ болғаны...
Өлеңім өте аз... Алайда әрқайсысы менің басымнан өткен тағдыр жайында,көргенім білгенім турасында сыр шертеді. Оймен жазған бірде біреуі жоқ!
2014-жылы студенттік шақты аяқтап, арман қуып астанаға барғанымда заманауи жастардың келбетін көріп, күрсіністен туған өлең еді бұл.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Қарындастан шылым сұрап шектім де...
Жәнібек ӘЛИМАН: Әзіліміз жарасып жүретін ажарлы бала болатын. Ол әзіл айтып, мен үнсіз жымиып. Анда-санда бір көз түйісіп қалғаны болмаса, арамызда бәлендей түк те жоқ-ты. Онда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінде ІІ курс тсудентімін. Наурыз айының басы, күн бір жылып, қар ерігендей боп, қайта қар жауғанымен, күн маужырап тұрған. (Мүмкін сол күнгі кеш мен үшін солай сезілген шығар, кім білсін?!) Әлгі қыз телефон шалып, төменге түсуімді өтінген соң, шықсам... Университетте күнде көріп жүрген құрбы қыз су жаңа қызыл пальто киіп, өзгеше құлпыра қалыпты. Мен де сол, өзгеше күй кешсем керек. Оның үстіне қар жауып өткен даланың пәктігі мен үнсіздігі бар. Алған киіміне көрімдік сұрайды жарықтық танысым. Жатақханасының алдынан үндемей әрі-сәрі күйде қайтып, пәтерге кіре сала түсірген бір ауыз өлең-ді сонда.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Көрімдік
Біржан АХМЕР: 2015 жылдың қоңыр күзінде Көкшетау қаласында Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына байланысты Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледж ұжымы республикалық онлайн-мүшәйра ұйымдастырды. Әлі есімде, бұл жыр додасына қатысушы ақындардың өлеңдері «Әдебиет порталында» жарияланған болатын. Бабымыз келді ме, әлде бағымыз жанды ма екен, әйтеуір, осы байқаудан орын алып, Көкшетауға бардым. Әрине, шығармашылықты жанына медет тұтқан адам үшін сапарға шығу, ел мен жерді көру, ақындармен тілдесіп, ағынан жарылып өлең оқу – ауадай қажет. Онсыз әсер ала алмай, тоқырап қалатындай көрінемін. Бір жағынан еркін ойдың өзі – еркін жүргенде, жалғыз қалғанда ашылатын сыңайлы.
Хош, сонымен Көкшетауға барып, өлеңді оқыдым, Алмас Темірбай, Қуаныш Оспан, Мерген Тоқсанбай секілді белгілі ақындармен жақынырақ танысып, қауқылдасып, поэзия, әдебиет жайында әңгімелестік. Ой бөлістік. Сондай-ақ Бауыржан Қарағызұлының толымды пікірлерін тыңдап, қазіргі әдеби үдерістегі тың мәселелер төңірегінде де біраз мәлімет алғаным бар.
Жоғарыда айтқанымдай, ақынға – поэтикалық атмосфера керек. Мен сол күйді сезіндім. Әсерлендім. Менің жаныма поэзияның ерекше музыкасы құйылғандай болды.
Жыр байқауы аяқталып, күрең күздің салқын таңында Семей вокзалынан поэздан түсіп, үйіме қайту үшін 38 автобусқа отырдым. Таңғы сағат 6 шамасы болғандықтан, көше тым-тырыс. Тірі жан көрінбейді. Бір мезетте терезеге қарасам, сырттағы аялдамада бір ер адам бүкірейіп, ұйқылы-ояу күйде жатыр екен. Неге екенін қайдам, әлгі адамның қорғансыз күйі, жанарындағы үмітсіздік, ішін өртеген құса, қайыршылығы – жаныма тастай батты. Осы тірі бейнені көре сала көкірегімнен әлдеқандай сөздер санама түсе бастады. Бірінен соң, бірі. Лезде төгіліп, көп уақыт өтпей, өлеңнің төрт шумағы да ойымда жазылды. Меніңше, осындай тосын әрекеттен туған өлеңдер – табиғи әрі өзің үшін өмірлік болып қала береді. Әрине, соған байланысты оқырманның да үдесінен шығуы мүмкін. Сонымен, өлеңге көшейік.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Қайыршы
Айдын БАЙЫС: ...Мен бала күнімде сурет үйірмесіне қатыстым. Әуелі, Балқаш қаласындағы Өнер мектебіне бардым. Ол жер кәдімгі мектеп. Үй тапсырмасы беріледі, баға қойылады. Сурет өнерінің теориясын оқытады. Маған бұл тәртіп қиындау болды. Мен бар болғаны қиялымдағыны қағаз бетіне түсіріп, сурет салғым келетін. Көп ұзамай ол мектептен шығып кеттім.
Бір күні анам өзінің ұстазы болған бір суретшінің қаладағы мәдениет сарайында шеберханасы ашылып, сонда шәкірт қабылдайтынын естіп, ертіп барды. Барсам, Третьяков галереясы секілді, қабырғалары өзі салған суреттерге сыңсып тұрған үлкен кабинет. Суретшіміз сексеннің шамасындағы ақсақал екен, қияқтай аппақ мұрты өзгеше рең беріп, өнер иесі екенін айқындап тұрды. Келе-келе танысам, ол кісі қарапайым ауылдың шалы сияқты болғанмен, әйгілі археолог Әлкей Марғұланмен 30 жылдай қатар жүріп, Қарағанды облысы аумағындағы, әсіресе Ақтоғай ауданындағы тарихи ескерткіштер мен орындарды бірге зерттеген, атақты қола дәуірі мәдениетіне жататын Беғазы-Дәндібай ескерткішін ашқан, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы, шежіреші, суретші Аманқұл Мұсатайұлы боп шықты. Өзін Әлкей Марғұлан барған жерінде, жиындарда «Халық суретшісі» деп таныстырады екен. Сөйтіп сол кісіге шәкірт болдым. Аңызға бергісіз әңгімелерін тыңдап, сурет өнерінің қыр-сырын үйреніп, көңілімнің көкжиегін кеңейттім. Жиған-терген тарихи жәдігерлерін көзбен көріп, қолмен ұстап, тастағы таңбалар тілі жайлы көп тыңдадым.
Сөйтіп, біраз уақыт өткен соң, бозбала шағымда спортқа көңілім ауып, сол бағытқа кеттім. Мектеп бітірдім. Университет тәмамдадым. Үлкен өмір басталды.
Кейін, ақыл кіре бастаған соң бір кездері аңыз адамның тәрбиесін көргенімді түсіндім. Балқашқа жол түсіп, үйіне іздеп бардым ұстазымды. Тоқсаннан асып қалған суретшінің қолынан қылқаламы түспепті! Сүйегі асыл ғой, шіркін! Сурет салып отыр екен. Таныды. Екі сағаттай әңгімелесіп, өлкеміздің екі ғасырға жуық тарихын бір қайырды. «Ғұмырыңызда қанша сурет салдыңыз?» дедім сонда. «Миллиард» деді. Көп уақыт өтпей, ұстазым дүниеден өтті. Қарапайым қалпында, тып-тыныш қана момақан қоңыр тірлігін кешіп, ұлы адам өтті өмірден.
Биыл жазда, астанамыздағы бір кітап дүкенін аралап жүргенде Аманқұл Мұсатайұлының «Тағылым» атты Әлкей Марғұланға арнаған естелік кітабы көзіме оттай басылды. Баяғы он жасар бала Айдын алғаш рет Третьяков галереясына ұқсаған үлкен кабинетке келіп тұрғандай. Сатып алып, оқып, мауқымды бастым. Ұстазымды сағынған екенмін. Мына өлең сол сағыныштан туып еді...
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Сұлу мен суретші
Ерік НАРЫН: Туған ауылым Қасым Аманжоловқа барғанымда нағашымның үйінде қонақ болған едім. Балалығым сол үйде өткен. Болат деген нағашым иығына өңі қашқан, тозыңқыраған бір қара шапанды жамылып отырып шәй құйды. Бұрындары біздің үйде де дәл сондайы болатын-ды. Қойшы әкем киген сол шапанның ішінде талай қозы көзін ашып, аяғынан нық тұрған. Мен де бір қозы едім-ау! Соған оранып өстім. Одан мейірімнің жұпары аңқыйтын еді, жарықтық! Дәл сол нағашым жамылған қара шапанды көріп, «Қара шапан» өлеңі жазылды. Бала Ерікті ызғарлы таңда, салқын кеште жылытқан сағыныш тұмарын іздеп тапсам деп қиялдаймын кейде. Таппасымды білемін. Мені қинайтын да сол ой.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Қара шапан
Ділда УӘЛИБЕК: Менің ойымша, өлең осылай жазылады деп қадап айтып, ереже шығара алмаймыз. Өлең өмірдің өзі сияқты құбылмалы, ешқандай шекараға сыймайды. Кейде жылт еткен бір сәткі сезім не құбылыс алапат жыр-жалынын тұтандырады. Ал бірде ішкі арпалыстарың мен толғаныстарыңның барлығы жиналып, қордалана келе шегіне жетеді де, өлеңге айналады. Мен өлеңді сирек жазамын. Көбінесе ұзақ уақыт жазбай жүремін де, кейін бір-ақ сәтте бәрін қағазға түсіремін. Жоғарыдағы өлең де солай жазылған. Ұзақ уақыт бойы байқаған түрлі құбылыстар мен кешкен сезім шарпылысының, күйініш пен үміттің диффузиясы.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Үміт
Еділбек ДҮЙСЕН: Мендегі өлеңдер тарихы - айналадағы болып жатқан, я мен болуы бек мүмкін деп болжаған, я болмаса (қарапайым ғана) бұрын болып кеткен оқиғалар тарихы һәм менің ол туралы сезімдерім мен ойларымның, оларды жаншып жатқан тағы да сезімдерім мен ойларымның тарихы. Иә, осылай деуге болатын шығар. Көбінесе, менің өзіме сәтті көрінген өлеңдерімнің оқырмандар тарапынан назарға ілінбеуі, керісінше, "бір қайнауы ішінде кетті-ау" деп бармақ тістеген өлеңдерімнің мақтауға көбірек ілігіп жатуы жиі кездеседі. Мен үшін дәл сондай (мен үшін ғана) сәтті өлеңнің бірі - "1782 км". Тақырып әу баста "1782" болған. "Км" сөзін, шамасы, Ұмтыл аға Зарыққан қосты. Қателесуім де мүмкін. Бұл - кәдімгі, ҚХР мен ҚР шекарасының ұзындығы. Өлең Қытайдағы бауырларымыздың саясат құрбанына айналып, Сайрагүл Сауытбайдың Қазақстанға келіп, біздің Фб-да түкке тұрмайтын қарсылығымызды білдіріп жатқан кезімізде жазылды. Өлеңді жазуға әсер еткен көкейімде көптен бері жүрген Берлин қабырғасының тарихы. Өлең ондағы адамдардың кейпі менің ішімде Қытай қазақтарының бейнесімен тұтасып кеткендіктен жазылды.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: 1782 км.
Дәурен ТІЛЕУХАН: Бірінші курста оқитын кезім. Сабаққа құлықсыз болғаныммен, батыс философтарының еңбектерін өздігіммен оқып, қызыға бастадым. Әсіресе, жаңа заман философиясы мен жиырмасыншы ғасырдағы экзистенциализм ұнайтын. Сондай күндердің бірінде Иммануил Канттың «Критика чистого разума»(«Анық ақыл-ой сыны») кітабындағы «АНТИНОМИЯЛАРЫН» көзім шалып қалды. Антиномия - дәлелдеуге болатын өзара қарама-қайшы үкімдер. Былайынша, ақ пен қараның айқасы секілді ғой, бірақ екеуінің де дұрыстығын айғақтауға болады. Канттың төрт антиномиясы мені біраз ойға қалдырғаны әлі есімде. Ақырында, жастық шақтың ең нұрлы, ең мұңды сәттері менің өмірімде де неше түрлі антиномиялар(қайшылықтар) бар екеніне көзімді жеткізді. Сөйтіп, көңілдің елегізген, жүректің жалғыздыққа жұтылған шағында жазылған өлең - «Антиномия» менің әдеби ортаға, ойлы оқырманға танылуыма себепкер болды. Қазір де есімім естілсе көбі осы өлеңді еске алатынын, мені осы өлеңмен танитынын байқап жүрмін.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Антиномия
Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ: Біздің ауылда, сонау Бейнеудің бір түкпірінде Нұрбол Әбекен деген ақын ағам елеусіз ғұмыр кешті, байқаусыз өмірден өтті. Сонда 2015 жылы небәрі 34 жаста еді. Қыршын кетті. Сол ақынның кітабы да шықпаған еді. Қайтқан соң өлеңдерін жинақтап, зая болмасын деп жыр жинағын шығаруды қолға алдым. Артында қалған жазбаларын қарап, шетінен оқып отырсам, өлеңдерінде нүкте қолданбапы. Тек үтір мен леп белгілерін қоя беріпті. Бұл жағдай маған ерекше әсер етті. Сосын "Нүктесіз өлең" деген өлең жаздым. Дұрысы - туды. Өзінен-өзі төгіліп түсті. Сол төрт шумақ туынды: "Жазамын өлең нүктесіз қылып, қоямын кілең леп белгісін!" деп басталып, "Өмірге нүкте қойылғанменен, өлеңге нүкте қойылмау керек!" деп аяқталады. Кейін Нұрбол ақынның кітабы жарық көргенде алғысөзді өзім жазып, осы өлеңді келтірдім. "Әрбір тамшы жастың ішінде үлкен тағдыр болады" деп ақын ағамның өзі айтқандай, әрбір өлеңнің ішінде де үлкен тағдыр болады. Тек соны сезе білу керек. Бұл өлең өзіме де ұнайды. Жұрт оқуымды қалап, сұрай берген соң, жаттап алған жалғыз өлеңім. Мен жазған бір өлеңнің қысқаша тарихы осындай!
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Нүктесіз өлең
Қуаныш ОСПАН: «Барнохон» деген өлеңім бар еді. Өзбек есімі екен. Бірде досыммен үй жаққа бару үшін аялдамада автобус тосып тұрғанбыз. Байқаймын шеткеректе ай десе аузы, күн десе көзі бар бір қыз тұр екен. Сұлу дегенде де сұлу енді. Әскери киім киген. Әскери киім әйел затын тіпті сұлуландырып жібереді емес пе! Біздің Көкшетауда Қорғаныс колледжі деген арнайы колледж бар, иығындағы шевроннан сонда оқитынын біліп тұрмын. Кібіртіктеп біраз тұрдым да, қарындас танысайық деп қолымды ұсындым. Жымиып, «Барнохон» деді. Түсінбей, екі-үш мәрте сұраған шығармын, ақыры буын-буынға бөліп айтқан соң бір-ақ түсіндім ғой. Біраз әңгімелестік, сөйтсем әкесі өзбек –те, шешесі – қазақ екен. Қызық болғанда сол қызды келесі жолы автобустың ішінде жолықтырадым, нөмір алмастық дегендей. Өлең жазып алдымен өзіне жібердім. Ортасы орысшалау болса керек, «орыс тілінде жазбайсыз ба?» деп сұрады. Бір өкініш тіл ұшына байланып қалатыны-ай. Орысша жазбағаным үшін емес әрине.
Кейін, осы өлеңді оқысам досым күледі:
– Әуелде, танысып жатқан уақытта, ол қыз танысқысы келмей «Бар, на х...» деп айтқан шығар деп ойлап қалдым деп.
Бір қарапайым ғана өлеңнің тарихы осы, кейде бір іс шараларда көріп тұрам Барнохонды.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Барнохон
Жадыра БАЙБҰЛАНОВА: Бірде Мирас екеуіміз Қарағандыдағы Сәкен театрына "Ромео мен Джульетта" қойылымын көруге бардық. Орнымызға жайғасқан бетте, есіктен (жігітімен бірге) кіріп келген қызды жазбай таныдым. Мирастың студент кезінде ұнатқан қызы еді ол.
Шымылдық ашылып, спектакль басталды. Тура бір қатар алға, бірақ сәл қиғаштау отырған қыз бен жанымда отырған Мирастың бір-біріне қараған көзқарастарын көрмей-ақ сезуге болатын еді.
Спектакль аяқталды. Шапалақ соғылды.
Ал мен үйге жеткенше телефонға осы өлеңді теріп, шай үстінде оқып бердім
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: «Ромео мен Джульетта» қойылымы
Бауыржан ӘЛІҚОЖА: 7-қараша, 2009-жылы ҚазҰУ-дың 3-курсында оқып жүрген кезім. Жапырақ жауып тұрған күздің күні болатын. Таңертең сабаққа бара жатсам сәкіде(орындықта) бір қыз жалғыз жылап отыр екен. Түске таман сабақтан қайтып келе жатсам әлі жылап отыр екен. Сол қыздың мұңлы күйі жатаханама кірген бетте мынандай өлең болып төгіле кеткені.
ӨЛЕҢ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ: Күз бен қыз
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.